Арба - көлікке жегілетін тасымал құралы.
Бөз - мақта матадан тоқылған кездеме.
Елтірі - туғаннан кейін 2-3 күн ішінде сойылған қозы терісі.
В. Ботов - орыстың белгілі көпесі. Ол 1848 жылы Қарқаралы маңында Ботов (Қоянды) жәрмеңкесінің негізін қалады.
«Батыс Сібірдегі далалық жәрмеңкелер. Семей және Ақмола облыстарындағы барлық жәрмеңкелерді оларда жасалатын сауданың сипатына және сауда айналымының мөлшеріне қарай екі топқа бөлуге болады. Жәрмеңкелердің басым көпшілігі әдетте күз бен қыста қалаларда және казак станицаларында өткізілді. Оларда жергілікті ауыл шаруашылық өнімдері, сондай-ақ жақын мандағы көшпелі қырғыздардың (қазақтардың. - авт.) малы мен мал өнімдері, сырттан әкелінетін зауыт-фабрикаларда жасалған тауарлар өзара айырбас арқылы сатылды. Өзге ірі жәрмеңкелер жаздыгүні ашық дала тәсінде өткізілді. Мәселен, олардың қатарына Ботов, Тайыншакөл сияқты басқа да жәрмеңкелерді қосуға болады. Үлкен жәрмеңкелерде аса ірі көлемде сауда- саттық жасалды. Қырғыздар өздерінің малдарын, негізінен сансыз көп қойларын Семей мен Ақмола облыстарынан айдап әкеліп сатып жүрді». Тобыл губерниясының 1885 жылғы ведомостары. Тобыл, 1885, 3-бет.
& 42. Қазақстанда өнеркәсіптің дамуы
Ресей империясының экономикасы шапшаң қарқынмен дамып келе жатты. Оған шикізат көздері, арзан жұмыс қолы және өндірілген өнім түрлерін өткізетін рынок қажет болды. Патша үкіметі Қазақстанда да зауыттар мен фабрикалар сала бастады. Табиғи шикізатты Қазақстан аумағынан көптеп тасып әкету үшін барлық жағдай жасалды. Қазба байлығы мен ауыл шаруашылық шикізаты өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар қатары көбейді. XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы шахталар мен кеніштер орыс көпестері мен кәсіпкерлерінің қолында болып еді. Бірақ XX ғасырдың бас кезіне қарай олардың басым көпшілігі шетелдіктерге болмашы арзан бағаға сатылып кетті.