Екінші кезең
(ХІХ ғ. ортасынан – ХХ ғасырдың 30-жылдары)
– Еуразя
археологиясының дамуындағы демократиялық кезең. Бұл уақыт археологиялық
қоғамдардың, жергілікті басылымдардың және музейлердің ашылу, сол кездегі
деңгеймен үлкен қазбалардың басталуы, көне тас, жаңа тас және қола дәуірлері
ескерткіштерінің ашылуымен сипатталады. Археологияның ғылым ретінде
қалыптасып, оның негізгі бағыттарының (скифтік, славяндық, антикалық)
қалыптасуы да осы кезеңде жүзеге асты. Археологияның Кавказдағы, Орта
Азиядағы және Сібірдегі аймақтық орталықтары қалыптасты. Бұл кезең Шығыс
Еуразия (В.В. Городцов) мен Сібірдің (С.А. Теплоухов) археологиялық
кезеңденуінің эволциялық жүйесінің жасалуымен аяқталды.
ХІХ ғ. орта тұсында граф А.С. Уваров Владимир-Суздаль жеріндегі жерлеу
ескерткіштерін жаппай қаза бастады. Төрт жыл ішінде ол 7729 обаны қазып
тастады. Өкінішке орай, бұл қазбаның пайдасынан зиянды жағы басым болды.
А.С. Уваров 1864 жылы Петербургте «археолого-нумизматикалық» қоғам мен
Мәскеудегі археологиялық қоғамдардың құрылуына ұйтқы болды. Негізінен
орыс археологиясын зерттеумен айналысқан бұл қоғамдар Ресейде
археологиялық ілімнің таралуына басты назар аударды. Сол кездегі өлшеммен
кең көлемдегі қазбаларды жүзеге асырған археологиялық қоғам Бүкілресейлік
15 археологиялық съезд өткізген.
ХІХ ғ. осындай археологиялық қоғамдар мен үйірмелер Казанда, Тибилисте
және Ташкентте құрылды. Ресейдің оңтүстігінде алғашқы музей 1806 жылы
Николаев қаласында, кейіннен Феодоси, Одесса, Керч қалаларында ашылды.
Бұл музейлердегі негізгі көрме заттарын археологиялық материалдар құрады.
Иркутскіде алғашқы палеолиттік тұрақты алғаш 1871 жылы тауып зерттеген
И.Д. Черский мен А.П. Чекановский болды. 1879 ж. К.С. Мережковский
Қырымда тас ғасырының үңгірдегі ескерткіштерін зерттеді. Костенкодағы
палеолиттік тұрақ сол кезде ашылды. 1883 жылы Мәскеуде тарихи музейдің
ашылуы тарих пен археологиялық зерттеулердің жандануына жол ашты.
ХІХ ғасырдағы Ресей археологиясының дамыуында негізгі екі бағыт қатар
қанат жайды. Олардың алғашқысы – ресми мемлекеттік, екіншісі – құрамына
Император археологиялық комиссиясы, музейлердің археологиялық қоғамдары,
археологиялық съездер кірген қоғамдық ұйымдар.
Г. Шлиманның ХІХ ғасырдың екінші жартысында Жерорта теңізі алабында
ежелгі өркениеттің ескерткіштерін ашып, зерттеуі әлемді дүр сілкінтті. Бұл
оқиға әлемдік археологияның дамуына айтарлықтай серпіліс берді. Әлемдік
археологиядағы екінші елеулі оқиға ағылшын археологі А. Эванстің Крит
аралындағы ашылулары болды. Эванс қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан
қалалар, патша сарайлары, шеберханалар мен храмдардың орындарын ашты. Ол
жүргізген зерттеулер Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі көне тарихты тануға
тамаша жол ашты.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында археологиялық материалдарды тарихи
тұжырым жасауда пайдалануға деген құштарлықтың артқандығы айқын байқала
бастады. Мәскеудің маңындағы обалар мен скифтің атақты обасы Чертомлыкты
қазған И.Е. Забелин – осындай үстанған зерттеушілердің бірі. Ол қорғандарды
қазу әдістемесін жасап, археологиялық материалдар негізінде тұрмыстық
тарихты зерттеу тәсілін ұсынды. Д.Н. Анучин Ресейде С. Нилсонның тәсілін
қайталап, археология мен этнографиялық материалдарды сәйкестендірумен
айналысты. Осы арқылы әртүрлі халықтардың тарихи даму жолдарының
ұқсастығын түсіндірді. Тіл танушы ғалым кәсібін археология және
этнографиямен ұштастырған В.В. Радлов Сібірде қазба жұмыстарын жүргізді.
Абакан өзенінің бойында ерте темір ғасыры мен түркі дәуірінің обаларын
қазды. В.В. Радловтың Орхон-Енисейдегі көне түркі руналық жазуын оқуы
әлемдік деңгейдегі ашылулар қатарына кірді. Ол дайындаған «Сибирские
древности» аталған археологиялық материалдар альбомы үлкен маңызға ие
болды. Ұзақ жылдар жүргізген зерттеулердің нәтижелерін түйіндей келе, ол
Енисей маңындағы өлкеде аса жоғары дәрежедегі қола дәуірі мәдениеті дербес
қалыптасып, дамыған деген болжам айтты. Радлов 1862 – 1869 жылдары
аралығында Қазақстанның солтүстік, шығыс аймағы мен Жетісудың Түрген
ауылы маңында қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде солтүстік-шығыс
Қазақстан мен Сібірдің ежелгі ескерткіштерін кезеңдеу және мерзімдеу жүйесін
ұсынды. 1867 жылы Археологиялық комиссия мүшесі, шығыстанушы П.И.
Лерх Сырдарияның бойындағы Сауран, Сығанақ және Жанкент қалашықтарына
қазба салды. Ол өзі зерттеген ескерткіштерді жазба деректерде аты аталатын
тарихи қалалармен баламалады. Археологиялық комиссияның тапсыруымен
ХІХ ғ. соңында Қазақстан жерінде Ф.Д. Нефедов, Э.Ю. Петри, С.Н. Назаров,
А.Н. Харузин, Н.Н. Пантусов Е.Ф.Каль секілді ғалымдар зерттеу
жұмыстарын жүргізді.
ХІХ ғ. соңында Қаратеңіздің жағалауларындағы ежелгі грек колония-қалаларын
зерттеу едәуір нәтижелерге жетті. Өзінің бүкіл ғылыми өмірін Қаратеңіздің
жағалауларындағы антикалық ескерткіштерді зерттеуге арнаған археолог Б.В.
Фармозов орыс археологиясын дамытуға көп үлес қосты. Орыс археологиясы
ғылым ретінде қалыптасып, салалық өзгерістерге ұшырады. Украина, Кавказда,
Сібірдің қалаларында Орта Азияда жергілікті археологияға қызығушылар
көбейді. Олардың көпшілігі сол кездегі деңгеймен алғанда жоғары кәсіби
деңгейде жұмыс істеді. 1895 жылы Ташкентте Түркістанның археологияға
қызығушылар үйірмесі құрылды. К.А. Кларе, А.А. Черкасов, П.П. Иванов
секілді көптеген үйірме мүшелері Қазақстанның археологиялық ескерткіштерін
тауып, зерттеуге алғашқы үлес қосушылар болды. 1904 жылы Отырар
қаласының орнында алғашқы кәсіби қазба жүргізілді. Үйірменің ашылуы мен
белсенді зерттеулер жүргізуіне негізгі ұйытқы болған В.В. Бартольд
Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды зерттеудің дәстүрін жасап берді. 1847
жылы Енисей мен Саянда болып, Уйбат даласының ескерткіштерін зерттеген
ғалым М.А. Кастрен өзі жинақтаған археологиялық, этнографиялық және
топонимикалық материалдары негізінде Оңтүстік Сібір жерінде финдердің арғы
бабалары болған деген болжам айтты. Бірақ бұл болжам ғылыми жан-жақты
дәлелденбеген жеке көзқарас күйінде қалды.
ХІХ ғ. соңында археология өзіндік ұстанған мақсаты мен міндеті анықталған,
зерттеу нысандары белгілі ғылым ретінде түпкілікті қалыптасып болды.
Мәскеуде, Петербург, Киев, Тифилис, Томск, Минусинск, Красноярск, Иркутск
секілді қалаларда ғылыми орталықтар құрылды. Қаратеңіздің жағалаулары
мен Кавказдағы антикалық ескерткіштер зерттеліп, Орта Азияда Анау
мәдениеті ашылды, Батыс Сібір мен Алтайдың қорымдарында қазбалар
жүргізілді. Түрлі дәуірдің ескерткіштерін зерттеген ғалымдар археологиялық
материалдарды талдауға байланысты түрлі идеялар айтты. Осының бәрі
археологиялық материалдардың маңызды тарихи дерек екендігін түсінудің басы
болатын. Археологиялық материалдарды талдаудың негізгі үш бағытын атап
айтуға болады. Олар: 1) ежелгі мәдениеттердің даму деңгейін анықтау; 2) оларға
мерзімдік байланыс беріп, археологиялық ескерткіштердің мерзімделуі мен
кезеңделуін анықтау; 3) қайсыбір археологиялық ескерткіштердің қандай
этносқа тиістілігін анықауға деген әрекет.
ХІХ соңында патшалық Ресей археологиясы еуропалық ғылыми дамудың
құрамдас бөлігі түрінде дамыды. Үдере дамыған капитализм тұсында
еуропалық археологияда мәдениеттер мен халықтардың пайда болуы жайлы
түрлі теориялар қалыптасып жатты. Қоныс аудару (мигация), диффузионизм,
географиялық детерминизм, экологиялық мектептер қалыптасты. Осы айтылған
мектептердің жақтаушылары қайсыбір тарихи құбылысты түсіндіруде
жекелеген факторлардың рөлін өсіріп көрсетуге тырысты. Сатылық теориясы
едәуір қолдауға ие болды. Археологияда осы теорияны жақтаушылар тарихи
үдерісті эволюциялық-кезектілік ретінде қарастырды. ХІХ ғасырдың екінші
жартысында әйгілі болған эволюционизм теориясының көне қоғамдар мен
мәдениеттер дамуын марксистік тұрғыдан түсіну тәжірибесі кеңестік
археологияға да ықпалын тигізді.
Кеңестік археологияға едәуір әсер еткен веналық мәдени-тарихи мектеп
(В.Шмидт, Ф. Гребнер, Б. Анкерман т.б.) болды. Олар әртүрлі халықтардың
мәдениеттердегі ұқсастық құбылысы олардың бір орталықтан таралуынан деп
түсіндірді. Ал, жаңа мәдениеттердің пайда болуын мәдени құбылыстардың
қоныс аудару және механикалық орын ауыстыру нәтижесі деп қарастырды. Бір-
біріне жақын және өте алыс орналасқан мәдениеттер үлкен тұтастықты –
«мәдени шеңберді» құрады. Адамзат дамуында халықтардың қоныс
аударуының әсері болғандығына едәуір көңіл аударылды. ХХ ғ. басында
еуразиялық археологияда Оңтүстік Сібір мен скифтік материалдардың өзара
ұқсастығына назар аударыла бастады. Осыған байланысты скиф мәдениеті мен
скиф-сібір қауымдастығының тегі бір деген теория (Ядринцев, Минц)
қалыптасты. Дегенмен, скиф мәдениеті шығысқа қарай дамыған деген теорияда
(Фармаковский) болды. Бірақ соңғы теорияның қателігін археологиялық
зерттеулердің нәтижелері толығымен растайды.
Тарихи дамуға географиялық ортаның әсерін бағалау археологияда қарама-
қайшы көзқарастар пайда болды. Кейбір ғалымдар географиялық ортаның
әсерін толығымен жоққа шығарса, басқалары керісінше, географиялық
детерминизм концепциясын қолдап, табиғи орта адамдардың қоғамдық өмірі
мен мәдениетінің дамуына жол ашты деп есептеді. Олардың пікірінше,
халықтардың тарихы олар мекен еткен ортаға тікелей байланысты болған.
Сонымен қатар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында теорялық
археология жаңа археологиялық мәдениеттердің ашылуы, мәдени кешендердің
зерттеуінің басталуы және салыстырмалы анализ әдісін жемісті қолдану,
халықтардың қоныс аударуының тарихтағы рөлі, мәдениеттердің уақыт пен
кеңістік аралығында таралуын бақылау, оның себептерін анықтау әрекеті
секілді бірқатар жетістіктерге жетті. Осы жетістіктер ХХ ғасырдың бірінші
жартысында әлемдік археологияға үлкен үлес қосқан еуропалық атақты
археолог Г.Чайлдің еңбектерінде көрініс тапты.
Ресейде археологиялық ескерткіштерді түрлерге бөлудің негізінде олардың
мерзімделуіне көңіл аудару байқала бастады. В.В. Радлов осындай тәсілмен
Оңтүстік Сібірдің төрт тарихи кезеңге (мыс және қола, ежелгі темір, жаңа темір
және кейінгі темір) жататын обаларын бірнеше түрлерге бөлді. ХІХ ғ. соңында
обаларға жасаған өзінің класификациясын Д.А. Клеменц ұсынды. Ол обасыз
жерлеулердің алты, обалы жерлеулердің жеті түрін көрсетті. Өзінің пікірінше,
Оңтүстік Сібірдегі қола ғасыры дамуындағы белгілі бір кезеңдерге сәйкес
келетін обаларды И.Т. Савенков бес түрге бөлді. Және олар бөлек бес
тайпаларға тиесілі деген ой тастады. Сонымен қатар ол полеометалды – мыс
және қола кезеңдеріне бөліп, соңғысы уақыты жағынан ұзақ мерзімге созылған
деді.
Сібір тарихының кезеңделуін жасауға А.М. Тальгрен әрекет жасады. Сөйте
тұра Сібірде қола дәуірі мәдениеті батысқа қарағанда кеш дамыды деген қате
болжам жасады. Ол қола ғасырын: ежелгі – б.з.д. 2500 – 1500 жылдар; орта –
б.з.д. 1500 – 1000 жылдар; кейінгі – б.з.д. 1000 – 500 жылдар деп үлкен үш
кезеңге бөлді; б.з.д. 500 ж. темір құралдар пайда болды. Тальгрен минусиндік
мәдениеттің пайда болуын б.з.д. 2000 – 1000 жылдары аралығында жүрген деп
есептеді. Оның дамуының екінші кезеңі б.з.д. 1000 – 500 жылдары, яғни екі
құлақты келттер, қайқы пышақтар, қанжарлар, геометриялық өрнектер пайда
болған кез. Үшінші – б.з.д. 500 жылдары және скифтік әсердің басым болған
кезеңі.
В.М. Флоринский Еуразия даласының қола ғасырын б.з.д. ІІ – І
мыңжылдықпен мерзімдеп, Ресейдің далалық аймағындағы көпшілік обаларды
б.з.д. бірінші мыңжылдыққа жатқызды. Ол темір дәуірінің мәдениеті өзіне
дейінгі қола ғасыры мәдениеттерімен сабақтастықта болған деп есептеді. Оның
пікірінше, б.з.д. V ғасырда тұрғындардың ауысуы болып, Сібірге моңғол тектес
нәсілдер келді, көшпелі тіршілік таралды. В.М. Флоринский «обалы мәдениеті»,
«обалы тайпалары» деген ұғымдарды енгізді және Оңтүстік Сібірдің барлық
обаларын ежелгі бір ғана халық қалдырған деп есептеді. Оларды тек
славяндарға таңып, олардың моңголдық, татарлық және финдік тамырын жоққа
шығарды. ХІХ ғасырдың 80-жылдарында Оңтүстік Сібір финно-угорлықтардың
түпкі отаны болғандығы жайлы теория ғылыми беки бастады. 1887 – 1889
жылдары Сібірді зерттеген финдік экспедиция ғылымға үлкен үлес қосты.
Экспедицияның құрамында болған И.Р. Аспелин, Я. Апельгрен, А.О. Гейкель,
А.Х. Снеотман-Виркунен секілді ғалымдар ұлтшылдық бағытты ұстанып, Батыс
Сібір тұтастай фин халқының түп отаны болған деп есептеді. Ғылыми негізі жоқ
жаңсақ пікірді В.М. Флоринский өзінің «Первобытные славяне по памятникам
их доисторической жизни» атты еңбегінде келтірді. Ол Оңтүстік Сібір, Урал
және Орта Азияның археологиялық материалдарын Еуразия даласын ежелгі
заманда мекендеп, кейіннен батысқа қоныс аударған славяндардан қалған деп
дәлелдеп баққан.
Қазақстанның археологиялық ескерткіштерін зерттеудегі елеулі бетбұрыс
В.В. Бартольдтің есімімен байланысты болды. Ол 1893 – 1894 жылдары Шу
және Талас өңірі, Ыстықкөл қазаншұңқыры мен Іле өзенінің алқабында болып,
ондағы археологиялық ескерткіштерді бақылады. В.В. Бартольд өзінің «Отчет о
поездке Среднюю Азию с научной целью» атты еңбегінде ортағасырлық
қалашықтарды жазба деректердегі тарихи қалалармен баламалау нәтижелерін
жариялады. Қазақстан мен Орта Азияның ескерткіштері оның кейінгі бірқатар
еңбектерінде қарастырылған. Ғалымның тарихи топография, баламалау
мәселесі, тарихи оқиғалардағы ежелгі және ортағасырдың орны, қалалардың
қалыптасуы мен дамуы саласындағы ғылыми ізденістері кейінгі көптеген
зерттеулерге арқау болды. 1895 жылы Ташкентте құрылған Түркістанның
археологияға әуестенушілер үйірмесі В.В. Бартольдтің есімімен байланысты.
Осы үйірменің мүшелері А. Кларе, А. Черкасов, В.А. Каллаур, Н.Н. Пантусов,
Н.П. Остроумов, А.А. Диваев, И.В. Аничков, А.А. Семеновтар өмірінің бір
бөлігін Қазақстанның көне мұраларын зерттеуге арнаған.
Олардың Отырарда, Шу мен Талас өңірінде Іле өзенінің алабында әр
жылдары жүргізген зерттеулерінің материалдары «Протоколы Туркестанского
кружка любителей археологии» деген атпен жинақ ретінде басылып отырған.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы Еуразия археологиясының
дамуындағы аса маңызды кезең болды. Тас, қола, ерте темір және орта ғасыр
ескерткіштерінің көпшілігі осы кезде ашылып зерттелді. Археологиялық
мектептер ашылып, археологиялық материалдарды тарихи зерттеуде пайдалану
концепциясы қалыптасты. Археология өзінің кәсіби маманы, зерттеу әдісі мен
тұрақты тұжырымы бар ғылым ретінде қалыптасты. Археологияның негізгі
зерттеу бағыттары: славян-орыс, антика, скиф археологияларымен қатар Кавказ,
Орта Азия мен Қазақстан, Сібір, Қиыр Шығыс археологиялары құрылды.
ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейінгі аралық Еуразия археологиясындағы
ерекше кезең болды. Большевиктік партияның жаңа қабылдаған қаулысы
ғыламдағы әртүрлі бағыттары мен археологияның еркін дамуының жолын
қиды. Кеңестік тарих ғылымы археологиямен қоса бірыңғайланып, марксистік-
лениндік аталған аталған ресми сипатқа көшіп, мемлекеттік ғылымға айналды.
Қазан төңкерісі алғашқыда ғылымға ешқандай өзгеріс әкелмеді. Отызыншы
жылдарға дейін археология саласының мамандары бұрынғысынша қалды. Тек
патшалық археологиялық комиссияның орнына Ресейлік материалдық мәдениет
тарихы академиясы (РММТА) құрылды. Көп ұзамай ол бірнеше ғылыми-
зерттеу институтары біріккен «материалдық мәдениет тарихының мемлекеттік
академиясы» (ММТМА) деп өзгертілді.
Теориялық мәселелермен әуестену мен ғылымға марксистік әдістемені енгізу
кестелену мен социологизмге алып келді. Тарих пен археологияның мәселелерін
қарастырған кезде таптық көзқарас анықтаушы рөл атқарды. Марксистік
философиялық концепцияны тарихқа енгізу археологиялық материалдарды
жасанды жандандыруға итермеледі. Нақты археологиялық материалдарды
алғашқы қауымдық қоғамның даму кезеңіне эвалюциялық кестеге сәйкестен
діруге әрекет жасалды.
Сонымен қатар археологиялық ескерткіштерге деген өлкетанушылық
қызығушылықтың артып, музейлердің қызметі жанданып, ғылыми қоғамдардың
құрылғанын айтпауға болмайды. Жекелеген аймақтардың өткен тарихы
зерттеле бастады. Жергілікті археологтар мен өлкетанушылардың мектептері
жемісті жұмыстар жүргізді. Еуразияның металды игерген дәуірін
археологиялық мәдениеттерге бөлу осы кезеңнің басты жетістігі болды.
1918 – 1920 жылдары тұтқынға түскен австриялық археологтар Г.Мергерт,
С.И. Руденко және С.А. Теплоуховтар Енесайдың (Енисей) бойындағы
қоныстар мен қорымдарды зерттеді. Қола дәуірдің бұрын зертелген және жаңа
алынған мәліметтерін қорытындылаған монографиясын Г. Мергерт Венада
бастырып шығарды. Бұл еңбек кеңестік тарихнамада тиесілі бағасын алмады.
Дегенмен, осы еңбекте негізгі археологиялық негізгі мүліктер жүйеленіп, өзінің
даму жолында бірнеше сатылардан өткен минусиндік ерекше қола мәдениеті
өмір кешкені жайлы тұжырым жасалды. Мергерт археологиялық мәдениеттерді
нақты бір физика-географиялық аймаққа байланыстыра отырып, жеке өңірлік
құбылыс ретінде қарастырды.
ХХ ғ. басында Еуразия археологиясын кезеңдеудің негізі қалыптасты. В.А.
Городцов өзі қазған обалардың материалдары негізінде қола дәуірінің ежелгі
шұңқыр, катакомба, қима мәдениеттерін бөлді. Сібірде С.А. Теплоухов
жетпістен астам молаларды қазып, оларды жерлеу құрылысына, жерлеу
ғұрпына және жерленген заттарына қарай отырып түрлерге бөлді. Өзі зерттеген
кешендерді уақыты жағынан кезектесіп келетін афанасев, андрон, қарасұрық
және таштық мәдениеттеріне топтастырды. Осы кезеңдеулер кеңестік
археологияның кейінгі дамуына негіз болды.
В.А. Городцов пен С.А. Теплоуховтың осы кезеңдеулері ежелгі тарихты
археологиялық материалдар көмегімен қарастырудағы сапалық жаңа қадам
болды. Олардың негізінде археологиялық мәдениеттердің бірінен екіншісіне
өтетін тарихи дамуға деген үдемелі эвалюциялық көзқарас жатты.
Достарыңызбен бөлісу: |