Стандартты жасауда қолданылатын принциптер Жүйелілік принципі
Алға қойылған мақсат максималды тиімділікпен орындалатын, өзара байланыста жұмыс жасайтын элементтер жиынтығын жүйе деп түсінеміз. Жүйеге кіретін өзара байланыстағы элементтер жиынтығы түрлі деңгейде иерархиялық тәуелділікті құруға мүмкіндік беретін құрылымды құрайды. Жоғар сапалы өнім алуға жағдай жасауға, сапаны қалыптастыратын барлық кезеңді қамтитын (жобалау, өндіру және дайын бұйымды пайдалану) рационалды стандарттар жүйесі керек.
Кәсіпорындардың кеңінен тараған сала аралық байланысында стандарттар жүйесі шикізат, материалдар, дайындама және дайын бұйым мен орам стандарттарын қамтуға тиіс. Бұл принципті машиналарды, жабдықтарды, аспаптарды және т.б. кешенді және озық стандарттауда, сапаны кешендік басқару жүйесін енгізу кезінде кеңінен қолданады. Стандарттар өнімді шығару процесін түгел, шикізат алудан орауға дейін және тұтынушыға жіберуді қамтуы тиіс. Сонда ғана өнімнің жоғары сапасы және оның тұтынушыға қауіпсіздігі нәтижесіне қол жеткізуге болады.
Кешендік стандарттау – нақты мәселенің оңтайлы шешімін қамтамасыз ету мақсатымен, объектіге әсер етуші басқада материалдық және материалдық емес факторларға, стандарттау объектісінің өзіне және оның негізгі бөлшектеріне бағытты және жоспарлы түрде өзара байланысты талаптар жүйесін тағайындау мен қолдануды жүзеге асыратын стандарттау.
Стандарттың озықтық және оңтайлы принциптері
Стандартпен тағайындалған көрсеткіштер, нормалар, сипаттамалар, талаптар ғылым, техника және өндірістің әлемдік деңгейіне сәйкес болуы керек. Олар даму тенденциясын ескеруі, өнімнің жаңа сапасының тиімділігін жасауы, материал және пайдалану шығындарын ескеретін сапаның экономикалық оңтайлы көрсеткіштерін тағайындауы тиіс. Аз шығынмен жоғары тиімділікке қол жеткізу керек.
Уақыт өте стандарт талаптарын қатайту жағына қарай қайта қарау қажет, өйткені бүгін оңтайлы экономикалық шығынмен қол жеткізген параметрлер, ертең күнделікті болып қалады. Мысалы, азаматтық ұшақтар мен автомобильдердің шу деңгейі немесе теледидар мен компьютер мониторларының сәулелену деңгейі стандарттары. Стандарттарды қайта қарастыру өнім өндірушілерді өз өнімдері мен олардың сапасын әрдайым жақсартып отыруға мәжбүр етеді. Бұл принцип озық стандарттауда қолданылады.
Озық стандарттау дегеніміз – болжауға сәйкес, жақын болашақта оңтайлы болатын, стандарттау объектілеріне тәжірибе жүзінде қол жеткізген жоғары деңгейдегі нормалар мен талаптарды тағайындайтын стандарттау.