Нуржігіт Алтынбеков 567
ғылым мен философия дүниеге келіп, адам айнала қоршаған ортаны өзінің
шығармашылық іс-әрекеттері арқылы өз өміріне лайықты қылып қайта өзгертеді.
Маркстік философия сана мен рухты материалдық болмыстан шығарғанмен, олардың
салыстырмалы дербестігін, тәуелсіздігін, өзі туғызған материалдық дүниеге қайта
әсерін тигізетінін мойындайды.
Қорыта келе айтайын дегеніміз, материализм мен идеализмнің екеуі де өз
дамыған формаларында реализм бағытына толығынан қосылмағанмен, жақындай
түседі.
Енді реализмге келер болсақ, бұл бағыт Шындықтың екі жағын да толығынан
мойындап, я болмаса оларды Болмыстың құндылығы жағынан тең екі жағы ретінде
түсінеді. Олай болса, бұл бағыт материализм мен идеализмнің біржақтылығын
мойындамайды.
Философия тарихында алғашқы реалистік жүйе жасаған «бірінші мұғалім»
Аристотель болған-ды. Ол грек философиясының натурфилософиясындағы негізгі
жетістіктерді Платонның идеалистік идеяларымен ұштастырып, «материя» мен
«форманың» екеуінің де тең құндылықтығын айтады. Оның формуласы «материясыз
форма, формасыз материя жоқ». Бұл формуланы нақтылай келе, материяны
«мүмкіндік» (dinamis), форманы «шындық» (energeia), іске асушылық ретінде түсінеді.
Форма мақсатқа лайықтылық арқылы өмірге енеді. Оны ол энтелехия, яғни рухани
күш ретінде қарайды, бұл жағынан ол Платонның «эйдостарына» жақын. Бірақ
Платонның идеялары ерекше Әлемді құрайтын болса, Аристотельдің рухани күштері
материямен бірге берілген. Өйткені Шындық материя мен форманың бірлігінен туады,
соның негізінде жеке заттар мен құбылыстар өмір сүреді.
Жоғарыдағы көзқарас «жан-дүние» категориясын талдауға да үлкен жаңалық
енгізеді. Ол Платонның философиясына сәйкес «сезімдік» өтпелі Дүние мен
«Эйдос әлемі» екі ортасындағы дәнекер емес, ол - белсенді рухани өмірлік күш-
куат.