Оқулық Жалпы редакциясын басқарған профессор Т. М. Досаев Алматы



бет76/171
Дата18.05.2022
өлшемі0,53 Mb.
#34912
түріОқулық
1   ...   72   73   74   75   76   77   78   79   ...   171
Байланысты:
(KZ) АДАМ АНАТОМИЯСЫ ДОСАЕВ

Жапқыш өзек, canalis obturatorius:

  • жоғарғы қабырғасы: sulcus obturatorius ossis pubis;

  • төменгі қабырғасы: жапқыш бұлшықеттер мен жапқыш жарғақтың жоғарғы жиектері.

  • өзектен өтетін құрылымдар: a.iliaca interna-ның тармағы a.obturatoria; аттас веналар;

plexus lumbalis-тен п.obturatorius.
Санның топографиясы.

  1. Бұлшықеттік тесік, lacuna musculorum шектелген:

  • алдынан және жоғарынан: lig. inguinale;

  • латералді: os ilium;

  • медиалді: arcus iliopectineus;

  • тесіктен өтетін құрылымдар: т. iliopsoas; plexus lumbalis-тен n.femoralis et n. cutaneus femoris lateralis.

  1. Тамырлық тесік, lacuna vasorum шектелген:

  • алдынан және жоғарынан: lig. inguinale;

    • латералді: arcus iliopectineus;

    • медиалді: lig. lacunare (завернутые вниз волокна lig. inguinale);

    • артынан және төменінен: lig. pectineale (f.pectinea-ның ramus superior ossis pubis-ке бекитін жері);

    • тесіктен өтетін құрылымдар: a.femoralis; v.femoralis; plexus lumbalis-тен r. femoralis п.genitofemoralis et п. ilioinguinalis.

Сан өзегі, canalis femoralis сан жарығы кезінде ғана lacuna vasorum-ның медиалды бөлігінде түзіледің: үш қабырғасы және екі тесігі болады:
1. Терең сан сақинасы, anulus femoralis profundus
шектелген:



    • алдынан: lig. inguinale;

    • артынан: lig pectineale;

    • медиалді: lig. lacunare:

    • латералді: v. femoralis.

Сан үшбұрышы, trigonum femorale шектелген:

    • жоғарынан: lig. inguinale;

    • латералді: m.sartorius:

    • медиалді: m.adductor.



Бұлшықеттердің көмекші аппараты

  1. Шандырлар – тері асты шелмай қабатын шектеп, бұлшықеттерді және кейбір ішкі ағзаларды қаптап жататын дәнекер тінді қабық болып табылады.

Беткей шандыр теріасты шелмай қабатының астында орналасады. Ол дәнекер тінді тартпалар арқылы терімен мықты байланысады да, тері асты шелмай қабатын ұяшықтарға бөліп тұрады.
Меншікті шандыр дененің әртүрлі бөлімдеріндегі бұлшықеттерді жауып, жеке немесе бір топ бұлшықеттерге құндақтар түзеді. Олар орналасқан аймақтарына сәйкес аталады: арқаның, кеуденің, іштің, мойынның, бастың, иықтың, білектің, қол ұшының және т.б. меншікті шандырлары.
Меншікті шандыр фиброзды немесе сүйекті-фиброзды құндақтар түзеді. Фиброзды құндақтар барлық жағынан тек шандырлармен ғана шектелген. Сүйекті-фиброзды құндақтарды меншікті шандыр және жақын жатқан сүйектің сүйекқабы түзеді. Құндақтардың орын ауыстыру ерекшеліктері мен құрылысын біле отырып, жарақаттар мен іріңді үрдістер кезінде қан мен іріңнің таралу жолдарын болжап, сонымен қатар құндақтық анестезия жасауға болады.
Ішкі (қуысішілік) шандыр дене қуысын ішінен астарлайды. Қуыстар мойын, кеуде, іш аймақтарында бар, сондықтан да мойынішілік, кеудеішілік және іштік шандырлар деп бөлінеді.

  1. Синовиалдық қаптар шандырлық жапырақшалар арасындағы қуыс болып табылады, ол синовиалдық қапшықпен астарланған және ішінде синовиалдық сұйықтық болады. Олар сүйектердің шығыңқы жерлерінде орналасып, бұлшықет жиырылғанда үйкелісті азайтады.

  2. Фиброзды және сүйекті-фиброзды өзектер – бұлшықет сіңірлеріне арналған немесе кәрі жілік-білезік және сирақ-асық буындары, саусақтар мен бақайлар бунақтары аймақтарындағы орналасқан тамырлар мен нервтерге арналған орын. Осы өзектердің қабырғаларына қатысты сіңірлердің қозғалысы өте жеңіл болады, бұл өзектің қабырғасын астарлап жататын және бұлшықет сіңірін жан-жағынан жауып жататын арнайы құрылымдар – синовиалдық қынаптарға байланысты. Олар құрылымы бойынша қабырғасы қосарланған, сіңірді айнала орналасқан және өзектің қабырғаларына бекінген

цилиндрге ұқсайды. Сыртқы қабырғасы өзектің қабырғасымен бітіскен, париеталді жапырақшасы деп аталады; ішкі қабырғасы сіңірмен бітіскен, висцералді жапырақшасы деп аталады. Жапырақшалардың арасында болатын синовиалді сұйықтық үйкеліс күшін азайтады.

  1. Сүйектік шығыр дегеніміз шеміршекпен қапталған сүйектің шығыңқы жері болып табылады, оның астымен өзінің бағытын өзгерте алатын бұлшықеттің сіңірі өтеді. Сіңір мен шеміршектің арасында кішкене синовиалдық қап түзіледі.

  2. Дәнтәрізді сүйектер сіңірлердің ішінде, олардың бекінетін жеріне жақын дамиды. Олар сүйектік шығыр ролін атқарады, негізінен саусақтар мен бақайлар аймақтарында болады. Ең үлкен дәнтәрізді сүйек – тізе тобығы.

ІШКІ АҒЗАЛАР


Асқорыту жүйесі


Ауыз кіреберісі (vestibulum oris)-алдынан еріндер және ұрттар, ал артынан қызылиекпен тістер шектеген шағын кеңістік.


Еріндер (labia)-қабысқанда шеттері езулермен (rima oris) аяқталатын, көлденең орналасқан ауыз саңылауын (rima oris) шектейтін бұлшықеттік қатпар. Еріннің көрінетін бетін жапқан тері ауыз қуысында шырышты қабыққа айналады. Жоғарғы ерін ұрттан еріндік жүлгемен шектелсе, төменгі ерін иектен иек-еріндік жүлге арқылы бөлінген. Еріндердің ішкі бетін түзген шырышты қабық қызылиектің шырышты қабығына өтеді осы өтудің нәтижесінде екі бойлық қатпарлар пайда болады-жоғарғы және төменгі ерін жүгеншігі (frenulum labii superuoris et frenulum labii inferiorioris). Еріндердің шырышасты негізінде түтіктері шырышты қабыққа ашылатын көптеген майда бездер орналасқан.
Ұрттар (виссае), сыртынан терімен ішкі жағы шырышты қабықпен жабылған.Ұрт негізін ұрт бұлшықеті (m.buccinator) түзеді. Ұрттың майлы денесі сору актісі толыққанды болу үшін тек қана емшектегі балада жақсы жетілген, ұрттың шырышасты негізінде аздаған ұрттың бездер бар.
Үлкен азу тіс үстіндегі ұрттың шырышты қабығының, екі жағынан шықшыт безінің бүртігін (papilla parotidea) түзіп шықшыт безінің түтігі ашылады. Ұрттың шырышты қабығы қызылиектің (gingiva) шырышты қабығына жалғасады.
Қызылиек (gingiva)-қалың тығыз шырышты қабықпен қапталған төменгі және жоғарғы жақсүйектердің ұяшықтық өсінділері, қызылиектің шырышты қабығы тістер мойнын қаусырады.
АУЫЗ ҚУЫСЫ МЕН ТІСТЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ

Ауыз қуысы (cavitas oris) қабысқан жақсүйектерде тілмен толған . Оның сыртқы қабырғаларын тістік доғаларымен қызылиектердің тілдік беттері (жоғарғы және төменгі), жоғарғы қабырғасын таңдайлар, ал төменгі қабырғасын ауыздың көкетін құрайтын, тіласты сүйегінің астындағы бұлшықеттер түзеді. Тістер (dentes), қызылиектердің жоғарғы жиектерінің бойымен, жоғарғы және төменгі жақсүйектердің тістік ұяшықтарында орналасқан. Тістер ауыз қуысынан шырышты қабығының түрі өзгерген бүртіктері. Тістер үздіксіз қосылыстар-қағу (gomphosis)-арқылы түбірлерімен қозғалыссыз, ұяшықтарда бекіген. Тістердің қызметі: асты бөлу, шайнау, майдалау, сөйлеуді қалыптастыру және дыбыстардың дұрыс айтылуына мүмкіндік туғызу. Ересек адамдарда қалыпты тістер саны


32-ні құрайды. Алғашқы (сүт тістер) тістер 6-айда шығады, ал 5 жастан бастап түсе бастайды, олардың орынын тұрақты тістер алмастырады.
Әр тісте сауытын, мойнын және түбірін айырады.

Тіс сауыты (corona dentis) қызылиектің үстінде орналасқан көлемді бөлігі. Беттері: жоғарғы және оған сәйкес төменгі тістердің бір-бірімен жанасатын шайнау беті (оcclusalis), тілдік бет (lingualis), тілге қорған беті, кіреберістік бет (vestibularis), ауыз кіреберісіне қараған беті, жанасу беті (contactus), екі жағындағы көрші тістермен жанасқан беттері. Тіс түбірі (radix dentis)-тіс ұяшықтарында орналасқан. Түбір саны 1-ден 3-дейін. Әр түбір өзі аттас тесігі бар ұшымен (apex radicis dentis) аяқталады. Тіс ұшының тесігі (foramen apicis dentis) арқылы, тіс қуысын толтырған тіс ұлпасына (pulpa dentis) баратын артериялар, веналар және нервтер кіреді.


Тіс мойыны (cervix dentis)-тіс сауытымен түбірінің арасындағы қызылиекпен қапсырылған кішкентай бөлігі.
Тіс сауыты ішінде тіс қуысын (cavitas dentis) және тіс түбірінің өзегін (canalis radicis dentis) ажыратады. Тістің негізгі құрастырушы бөліктері - кіреуке (еnаmelum), дентин (dentinum) және цемент (cementum).Тістің басты бөлігін дентин құрайды, сауыты (corona) кіреукемен, ал түбірі (radix) цементпен қапталған. Адамдарда төрт түрлі тісті айырады: күрек тістер, ит тістер, кіші және үлкен азу тістер.Тістер ауыз қуысында жоғарғы және төменгі қатарлар түзіп, симметриялы орналасады. Әр қатарда 16 тістен орналасқан. Сагиттальды жазықтықта әр қатар тепе-тең оң және сол бөліктерге бөлінеді. Әр бөлік 8 тістен тұрады: 2 күрек тіс, 1 ит тіс,2 кіші азу тіс және 3 үлкен азу тіс.
Күрек тіс, кіші және үлкен азу тістер бір-бірінен пішіні мен түбір сандары арқылы ерекшеленеді. Күрек тістер (dentes incisivi), жіңішке жиекті, қашатәрізді сауыты бар, кесетін беті өткір, бір түбірлі. Төменгі күрек тістердің сауыты жоғарғыларға қарағанда қысыңқы келеді.
Ит тістер (dentes canini), сауыты үшкір ұшы бар конустәрізді, түбірі жалғыз, өте ұзын. Кейде екі түбірлі немесе ұштары екіге айырылған болуы мүмкін.
Кіші азу тістер (dentes premolaris)-сауыты сопақша пішінді. Шайнау беттерінде конустәрізді екі шайнау төмпешіктері бар. Түбірі біреуі не болмаса, ұшында екіге айырылуы мүмкін.
Үлкен азу тістер (dentes molares)-сауыты кубтәрізді. Үшінші үлкен азу тіс-ақыл тіс (dens serotinus) шығу мерзімімен (27 жасқа дейін) және шағын көлемімен ерекшеленеді. Үлкен азу тістердің шайнау төмпешіктері бар. Төменгі және жоғарғы жақсүйектер тістерінің қабысуын тістеу деп атайды. Қалыпты тістеуде жоғарғы жақсүйек тістері төменгілерді жауып тұратыны байқалады.
ТІЛ

Тіл (lingua)-асты араластыруға, жұту актісіне және дыбыс қалыптастыруға қатысатын бұлшықетті ағза. Тілдің алдыңғы бөлігі ұшы (apex lingua), артқы бөлігі түбірі (radix lingua), деп аталады ал екеуінің арасында денесі (corpus lingua ) орналасқан.


Жоғарғы, таңдай мен жұтқыншаққа қараған қабырғасы тіл арқашығы (dorsum lingua), төменгі беті (inferior lingua ) тілдің тек ұшы мен денесінің алдыңғы бөлігінде ғана көрінеді. Бүйір беттері тілдің жиектері (margo linguae) деп аталады. Тіл арқашығының бойымен артында тұйықталып соқыр тесікпен (foramen caecum lingua) бітетін ортаңғы жүлге (sulcus medianus) өтеді. Соқыр тесіктің екі жағында тілдің түбірімен денесін бөліп тұрған шекаралық жүлге (sulcus terminalis) орналасқан.
Тілдің шырышты қабығы (tunica mucosoe linguae) қызғылт түсті, бетінде қыруар майда өсінділер, тіл бүртіктері (papillae linguae) бар. Келесі бүртіктерді айырады:

  1. Конус тәрізді және жіп тәрізді (papillae conicae et papillae filiformis)-ең көбі және тіл арқашығында орналасқан.

  2. Саңырауқұлақтәрізді бүртіктер (papillae fungiformis)-тілдің ұшымен бүйір беттерінде жайғасқан. Саны жағынан конустәрізді және жіп тәрізді бүртіктерден кейін екінші орында тұр.

  3. Жапырақтәрізді бүртіктер (papillae foliatae)-тілдің бүйір беттерінде орын тепкен.




  1. Науашық тәрізді бүртіктер (papillae vallatae)-бүртіктер арасындағы ең азы және ең ірісі болып табылады, олар рим цифры V-тәрізді шекаралық жүлгенің алдында орналасқан. Тіл түбіршігінде тіл бадамшасын (tonsilla lingualis) құратын лимфа түйіншелерінің шоғырлары жатыр.

Тілдің төменгі бетінің шырышты қабығы тегіс, екі жүлгесі бар, олар ауыз қуысының түбіне өткенде тіл жүгеншігін (frenulum linguae) түзеді. Жүгеншіктердің жанында
симмитриялы орналасқан, тіласты және төменгі жақсүйекасты сілекей бездерінің түтіктері ашылатын тіласты бүртігі (caruncula sublingualis) жайғасқан.
Тіласты бүртігінің артында ұзына бойлы, өзіне сәйкес тіласты жүлгелері (plicae sublingualis) жатыр.
Тілдің келесі бұлшықеттерін ажыратады:



  1. Тілдің қаңқалық бұлшықеттері:

А) Тіласты-тіл бұлшықеті (m.hyoglossus)-тілді артқа және төмен тартады.


Б) Біз-тіласты бұлшықеті (styloglossus)-тілді артқа және жоғары тартады, ал біржақты жиырылғанда шет жаққа.


В) Иек-тіласты бұлшықеті (m.geniglossus)-тілді төмен және алға итереді.



  1. Тілдің меншікті бұлшықеттері:

А) Тілдің көлденең бұлшықеті (m.transversus linguae)-тіл арқашығын көтереді, көлемін азайтады.


Б) Тілдің вертикальді бұлшықеті (m.verticalis linguae)-тілді жалпайтады.

В) Тілдің жоғарғы бойлық бұлшықеті (m.longitudinalis superior)-тілдің ұшын көтереді және қысқартады.


Г) тілдің төменгі бойлық бұлшықеті (m.longitudinalis interior)-тілдің ұшын төмен түсіреді және қысқартады.
Тілді тіл артериясы қанмен қамтамасыз етеді.

Веналық ағым, ішкі мойындырық венаға құяды. Лимфа ағымы, иек төменгі жақсүйек және терең латералды мойын лимда түйіндеріне барады.


Нервтенуі: ХІІ-жұп ми нерві-қозғалтқыш,V, ІХ, Х-жұп ми нервтері-сезімтал, VІІ және ІХ- жұп ми нервтері-дәмсезу.
ҚАТТЫ ТАҢДАЙ ЖӘНЕ ЖҰМСАҚ ТАҢДАЙДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ

Таңдай (Palatum)-ауыз қуысының жоғарғы қабырғасын түзеді. Екі бөліктен , сүйек тінінен құралған қатты таңдай және жұмсақ таңдайдан тұрады. Шырышты қабығы барлық


таңдайды жауып, қатты таңдаймен тығыз бітісіп артынан жұмсақ таңдайға жалғасса, екі жағынан жоғарғы жақсүйектің ұяшықтарына өтіп қызылиек түзеді.
Қатты таңдай (Palatum durum)-жоғарғы жақсүйектердің таңдайлық өсінділерімен таңдай сүйектерінің горизонтальды табақшаларынан құралған. Ол таңдайдың алдынғы 2/3 бөлігін құрады. Қатты таңдайдың ортаңғы сызығы бойымен таңдай жігі (raphe palati) өтеді. Одан екі жаққа қарай, балаларда өте жақсы жетілген көлденең қатпарлар шығады.
Жұмсақ таңдай (Palatum molle)-таңдайдың артқы 1/3 бөлігін құрайды.

Жұмсақ таңдай, таңдайдың жалпақ сіңірі мен бұлшықеттерінен құралған, аңқаны түзуге қатынасады. Жұмсақ таңдайдың шырышты қабығы жұтқыншақтың мұрындық бөлігі шырышты қабығының жалғасы, ал алдында қатты таңдайдың шырышты қабығына өтеді. Жұмсақ таңдай, горизонтальді орналасқан алдыңғы бөлімінен және еркін салбырап тұрған таңдай пердесін (velum palatinum) түзетін артқы бөлімінен тұрады. Жұмсақ таңдайдың артқы бөлігінің ортасында шағын өсінді-тілшік бар. Жұмсақ таңдайдың бүйір жиектерінен екі доғашық шығады: алдыңғы, таңдай-тіл доғасы (arcus palatoglossus) және артқы, таңдай- жұтқыншақ доғасы (arcus palatopharyngeus). Доғалар ішінде таңдай бадамшасы (tonsilla palatina) жатқан бадамша шұңқыршасын (fosso tonsillaris) шектейді.


Бұл бадамшаның құрылысының ерекшелігі ағза тініне терең енетін крипталармен фиброзды қабықтың болуы. Осындай құрылым ағзада жиі қайталанатын қабыну үрдісіне тікелей байланысты.
Таңдай бадамшасының артынан 1см алшақтау ішкі ұйқы артериясы өтеді. Бадамша ең жоғарғы көлемге 17 жаста жетеді.
Жұмсақ таңдай бұлшықеттері:



  1. Таңдай-тіл бұлшықеті (m.palatoglossus)-таңдай пердесін төмен түсіреді, аңқа тесігін тарылтады.

  2. Таңдай-жұтқыншақ бұлшықеті (m. palatopharyngeus)-таңдай пердесін төмен түсіреді; аңқай тесігін тарылтады.

  3. Таңдай пердесін көтеретін бұлшықет (m.levator veli palatini)- жұмсақ таңдайды көтереді.




  1. Таңдай пердесін керетін бұлшықет (m.tensor veli palatini)-таңдай пердесін кереді, есту түтігінің саңылауын кенейтеді.

  2. Тілшік бұлшықеті (m.uvulae)-тілшікті қысқартады, аздап жоғары көтереді.

Ауыз бездері (glandulae oris)-сілекей өндіреді. Жұп үлкен ( шықшыт, тіласты, төменгі жақсүйекасты ) және кіші сілекей бездеріне бөлінеді. Үлкен сілекей бездері ауыз қуысынан шет орналасады.


Кіші сілекей бездері (glandulae salivariae minores)-ауыз қуысының шырышты және шырышасты негізінде орналасқан, олардың көлемі 5мм-ге дейін. Бұл сілекей бездері орналасқан аймақтарына сәйкес аталған:

  1. Ұрт бездері (glandulae buccales).




  1. Ерін бездері (glandulae labiales).




  1. таңдай бездері (glandulae palatinae).




  1. тіл бездері (glandulae linguales).




  1. үлкен азулық бездер (glandulae molares).

Бөліп шығаратын секреттің өзіндік ерекшелігіне байланысты: сірлі ( тіл ), шырышты ( тіл, таңдай ) және аралас ( ұрт, үлкен азулық, ерін және тіл ) бездерге бөлінеді.


Үлкен сілекей бездері (glandula salivaris majores): шықшыт безі (glandula parotidea), ең ірі сілекей безі; сірлі секрет бөліп шығаратын күрделі альвеолалық без. Ол тері астында төменгі жақсүйек тармағының сыртқы жиегі бойында орналасқан. Үстінде бетсүйектік доғаға дейін жетеді. Қапшықпен қапталған оның терең бөлігі (pars profunda) бізтәрізді өсінді және оның бұлшықеттерімен жанасып жатыр. Без арқылы бет және құлақ нервтері, ұйқы артериясы, төменгі жақсүйек венасы өтеді. Шығаратын түтігі (ductus parotideus) бедің алдыңғы жиегінен шығып ауыз кіреберісінің екінші жоғарғы үлкен азу тістің тұсына ашылады. Кейде шайнау бұлшықетінің бетінде қосалқы шықшыт безін (glandula parotis accessoria) байқауға болады.
Бездің қанмен қамтамасыздануы самай артериясымен жүзеге асырылады. Веналық ағым, төменгі жақсүйекарты венасына құяды. Лимфа ағымы беткей және терең шықшыт лимфа түйіндерімен іске асады.
Тіласты безі (glandulae sublingualis)-шырышты секрет бөліп шығаратын, альвеолалық- түтіктік без. Ол жақ-тіласты бұлшықеті үстінде, ауыз қуысы шырышты қабығының астында орналасқан.
Без алдыңғы жиегімен төменгі жақсүйек денесінің ішкі бетіне, ал артымен төменгі жақсүйек асты безіне жақындайды. Оның кіші тіласты түтіктері (ductus sublingualis minores) ауыз қуысына, тіласты жүлгесі шырышты қабығын бойлай ашылады. Кейде төменгі жақсүйек асты безінің шығаратын түтігімен бірігіп тіласты бүртігіне ашылатын үлкен тіласты түтігі (ductus sublingualis major) кездеседі. Қанмен қамтамасыздануы: тіл және беткей самай артериялармен.
Веналық ағым, артериялармен сәйкес веналар арқылы.

Лимфа ағымі, иекастылық және төменгі жақсүйек астылық лимфа түйіндеріне.Төменгі жақсүйекасты безі (glandula submandilaris)-төменгі жақсүйек асты үшбұрышында орналасқан, ол күрделі альвеолалық-түтіктік бездерге жатады. Сырты жұқа қапшықпен жабылған. Бездің жоғарғы бөлігі төменгі жақсүйектің ішкі бетімен жанасады, төменгі бөлігі төменгі жақсүйектің астынан шығып тұрады, медиальді бөлігі тіл бұлшықеттерімен түйіседі. Бездің алдыңғы бөлігінен тіласты бүртігіне ( тіл жүгеншігі жанында ) шағын тесікпен ашылатын төменгі жақсүйек асты түтігі шығады.


Қанмен қамтамасыз етіледі: бет артериясының тармақтары. Веналық ағымы, артерияларға сәйкес веналар арқылы.
Лимфа ағымы, төменгі жақсүйек асты лимфа түйініне.

ЖҰТҚЫНШАҚ ҚҰРЫЛЫСЫ


Жұтқыншақ (pharynx)-ауыз қуысын өңешпен қосады. Жұтқыншақ хоандар арқылы мұрын қуысымен және аңқа арқылы ауыз қуысымен қатынасады. Жұтқыншақ құрылысы бойынша алдынан артқа қарай қабысқан, орташа ұзындығы 13см-ге дейін, құйма тәрізді ағза. Жұтқыншақтың артқы қабырғасымен омыртқа бағанасының мойын бөлігі аралығында, іші жұтқыншақ арты лимфа түйіндері орналасқан борпылдақ дәнекер тінмен толған шағым жұтқыншақ арты кеңістік (spatium retrophayngeum) бар. Жұтқыншақ күрделі ұстап тұрушы аппараттардан тұрады. Үстінде бассүйек негізіне, бүйір жақтары- самай сүйектеріне, артынан-шүйде сүйекке бекиді. ІV-VІ мойын омыртқалары тұсында жұтқыншақ өңешке жалғасады. Жұтқыншақтың бүйір жақтарынан мойынның өте маңызды қантамырлары мен нервтері өтеді: ұйқы артериялары, ішкі мойындарын веналар, кезбе нервтер. Жұтқыншақтың төрт қабырғасын айырады: жоғарғы немесе жұтқыншақ күмбезі (fornix pharyngis)-бассүйек негізінің бір бөлігі, алдыңғы-шын мәнінде жоқ, себебі


бұнда жұтқыншақтың анатомиялық тесіктері орналасқан ( көмей кірісі, хоандар, аңқа ) тағы артқы және бүйір. Алдында орналасқан ағзаларға сәйкес жұтқыншақты үш бөлікке бөледі: Мұрындық (pars nasalis pharуngius ), ауыздық (pars oralis pharуngius) және көмейлік (pars laryngea pharуngius).
Мұрындық бөлік тек қана тыныс алу жолына, ауыздық бөлік тыныс алу және асқорыту жолдарына, ал көмейлік бөлік таза тыныс алу жолына жатады.
Жұту актісі кезінде жұтқыншақтың мұрындық бөлігі ауыздық бөліктен таңдай пердесімен бөлінеді, көмей қақпашығы көмей кірісін жабады, осының арқасында аc түйірі тек өңешке өтеді. Көмейлік бөлік үстінен көмей қақпашығымен, екі жанынан ожау-көмей қақпашығының қатпарларымен, төменінен ожау тәрізді шеміршектермен шектелген. Көмейлік бөлікте, алмұрт тәрізді қалта (recessus piliformis) түзетін жұтқыншаққа енген кішкентай томпақ бар. Жұтқыншақтың жоғарғы және артқы қабырғаларының шекарасында шағын томпақ түрінде – лимфа тәрізді түйіндерді немесе жұтқыншақ бадамшасын (аденоид) (tonsilla pharyngealis) байқауға болады. Ол ең жоғарғы даму деңгейіне балалық шақта жетеді. Жұтқыншақтың бүйір қабырғаларында жұтқыншақты ортаңғы құлақ қуысымен байланыстыратын құйма тәрізді, есту түтігінің жұтқыншақтық тесігі (ostium pharуngeum tubae auditivae) орналасқан. Жұтқыншақтық тесік, ішінде лимфа тәрізді тіннің шоғыры – түтік бадамшасы (tonsilla tubaria) бар түтік буылтығымен (torus tubarius) шектелген.
Асқорыту жолының жоғарғы бөлігіндегі шоғырланған бадамшалар қорғаныстық қызмет атқарады. Барлығы алты бадамша: тіл, жұтқыншақ және жұп түтік, таңдай бадамшалары. Бұл бадамшалар шеңбер құраб Пирогов-Вальдейер сақинасын түзеді.
ЖҰТҚЫНШАҚТЫҢ ҚАБЫРҒАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ

Шырышты қабық (tunica muсоsa) жұтқыншақтың төменгі бөлігінде, құрылысы бойынша шырышасты негізге ұқсас келеді, ал жоғарғы бөлігінде қатпарлар түземейді және өте тығыздығымен ерекшеленгендіктен, жұтқыншақ-базилярлық шандыр (fascia pharyngobasilaris) деп аталған.


Жұтқыншақтың мұрындық бөлігінің шырышты қабығы кірпікті, ал ауыздық және көмейлік бөліктері көпқабатты жазық эпителиимен көмкерілген. Жұтқыншақтың шырышты қабығында көп мөлшерде шырышты бездер орналасқан. Дәнекертіндік табақша сыртынан бұлшықеттік қабықпен (tunica muscularis) қапталса, ол үстінен адвентициялық қабықпен (adventitia) жабылған. Жұтқыншақ көлденең-жолақ бұлшықеттерден тұрады.
ЖҰТҚЫНШАҚТЫҢ БҰЛШЫҚЕТТІ АППАРАТЫ



    1. Констрикторлар: а) жұтқыншақтың жоғарғы қысқышы (m.constrictor pharyngeus superior); б) жұтқыншақтың ортаңғы қысқышы (m.constrictor pharyngeus medius ); в) жұтқыншақтың төменгі қысқышы (m.constrictor pharyngeus inferior)

    2. Жұтқыншақты көтеретіндер: а) түтік-жұтқыншақ бұлшықеті (m.salpingo pharyngeus) ; б) біз-жұтқыншақ бұлшықеті (m.stylopharyngeus).

Қанмен қамтамасыздануы, сыртқы ұйқы артериясы, бет және бұғанаасты артериялары тармақтарымен. Веналық ағым, жұтқыншақ веналық өріміне. Лимфа ағымы, ішкі мойындырық және жұтқыншақ арты лимфа түйіндеріне. Нервтенуі, жұтқыншақтың нервтік өрімінен.
ӨҢЕШ

Өңеш (оesophagus) – жұтқыншақты асқазанмен байланыстыратын ағза. Өңеш құрылысы бойынша алдынан артына қарай басылған түтікке (ұзындығы 30 см-ге дейін) ұқсайды. Ересек адамдарда жұтқыншақ өңешке VІ-мойын омыртқасы тұсында өтсе, ал өңеш асқазанға ХІ-кеуде омыртқасы деңгейінде ашылады. Өңеш кеуде қуысынан іш қуысына көкеттің өңештік тесігі арқылы өтеді.


Өңештің үш бөлігін ажыратады:

Мойындық бөлік (pars cervicalis) – VІ-мойын омыртқасы деңгейінде басталып ІІ-кеуде омыртқасы тұсында аяқталады. Ол кеңірдек пен омыртқа бағанасы арасында орналасқан.


Кеуделік бөлік (pars thoracica) – Х-кеуде омыртқасы тұсында аяқталады және ең ұзын бөлігі. Өңештің бұл бөлігі ІV-кеуде омыртқасына дейін жоғарғы көкірекаралықта орналасады, алдында кеңірдек, артында жүрекқап жатыр. ІV-кеуде омыртқа тұсында өңеш қолқамен қиылысса, ал V-кеуде омыртқа тұсында, сол басты бронхпен қиылысады. Өңештің төменгі бөлігі оң көкірекаралықтық өкпеқаппен шектелген.
Іштік бөлік (pars abdominalis) – ұзындығы кішкентай, оның артқы қабырғасына бауырдың сол үлесі іргелес жатыр. Өңеште үш физиологиялық тарылу бар: бірінші – жұтқыншақтың өңешке өтетін тұсында, екінші – сол басты бронхпен қиылысатын тұсында, үшінші – өңештің көкет арқылы өтетін жерінде.
Өңеш қабырғалары төрт негізгі қабықтардан құралған:
Шырышты қабық (tunica mucosa), шырышасты негізі (tela submucosa) бұлшықеттік қабық (tunica muscularis), сірлі қабық (tunica seposa)
Шырышты қабығы қалың және жақсы жетілген, бұлшықеттік негізі бар, ішінде және шырышасты негізінде дараланған лимфатәрізді түйіншелермен шырышты бездер бар.
Бұлшықеттік қабық ішкі дөңгелек және сыртқы бойлық қабаттардан тұрады. Өңештің жоғарғы бөлігі көлденең-жолақ бұлшықет түрінде болса, ортаңғы бөлігі біріңғай салалы бұлшықеттен тұрады. Бұлшықеттік қабық сыртынан дәнекертіндік қабықпен жабылған.
Қанмен қамтамасыздануы, төменгі қалқанша артериясының, қолқаның кеуделік бөлігінің тармақтарымен және сол асқазандық артериямен.
Веналық ағым, аттас веналарға құяды. Лимфа ағымы, мойындырық, артқы омыртқаалды, сол асқазандық және көкірекаралық лимфа түйіндеріне
Нервтенуі, өңештік нервтік өрімнен.

АСҚАЗАН



Асқазан (ventriculus) өңешпен он екі елі ішектің арасында, іш қуысының сол жоғарғы бөлігінде орналасқан қапшық тәрізді ағза. Асқазан, оның толтырылу шамасына және бұлшықетінің күйіне байланысты әртүрлі пішінде және көлемде болады. Асқазанның пішіні адамның ересектенуіне байланысты өне бойы өзгерісте болады. Асқазанның үш түрін ажыратады: мүйіз тәрізді, шұлық тәрізді және ілмек тәрізді. Соңғысы өте жиі кездеседі. Асқазанның сол бөлігі көкет астында, оң бөлігі бауыр астында орналасады, кішкентай бөлігі тікелей іш қуысының алдыңғы қабырғасымен жанасады. Асқазанның көп бөлігі сол жақ қабырға астында, аз бөлігі құрсақ үсті аймағында жайғасқан. Жүректік тесік (кардиалық) Х-кеуде омыртқасының сол жағында, ал қақпа тесігі ХІІ-кеуде немесе І- бел омыртқалары денесінің оң жағында орналасқан. Асқазанның шығатын және кіретін тесіктерінің аз қозғалуынан, ішастармен байламдар арқылы бекітілгендіктен көп қозғалмайтын ағза. Ішастарлық байламдар аппаратынан басқа, асқазанның бауырмен, көкбауырмен және жиекті ішекпен байланыстары бар. Асқазанда асқорыту ферменттеріне бай асқазан сөлін, тұз қышқылын және басқада физиологиялық белсенді заттар бөліп шығаратын бездер бар. Асқазанның шырышты қабығы В12-витаминді сіңіруге қажет Касла факторын өндіреді, ал В12-витамині өз ретінде қалыпты қан жасауға керек.
Асқазанда ажыратады: түбі (fundus ventriculi), денесі (corpus ventriculi), жүректік (кардиалық) (pars cardiaca) және қақпалық (pars pуlorica) бөліктері, алдыңғы (paries
anterior) және артқы (paries posterior) қабырғалары, үлкен иіні (curvatura ventriculi major) және кіші иіні (curvatura ventriculi minor). Өңеш асқазанға кадиальдық тесік арқылы ашылады. Асқазанның өңеш кіретін айналасының аймағын кардиальдық бөлік деп атайды. Оның сол жағында күмбез тәрізді шығыңқы асқазан түбі жатыр. Асқазанның кіші иінінде бұрыштық тілік (incisura angularis) бар. Қақпалық бөлік, асқазанның оң жағы тар түзіліс. Қақпалық бөлікте, қақпалық үңгірді (antrum pyloricum) және қақпа өзегін (canalis pyloricum) ажыратады. Қақпа өзегі он екі елі ішекке жалғасады, араларының шекарасы – дөңгелек жүлге. Түбі, кардиальдық және пилорикалық бөліктер асқазанның денесін түзеді. Асқазанның кіші иініне бауыр-асқазан байламы (lg.hepatogastricum) бекісе, үлкен иінінен асқазан-көкбауыр (lg.gastro-lienale) және асқазан-жиек байламдары (gastro-colicum) басталады.
Асқазан қабырғасының құрылысы

Асқазанның шырышты, бұлшықеттік және сірлі қабықтардан құралған төрт қабырғасы бар. Шырышты қабық (tunica mucosa) – қалыңдығы 0,5 мм-ге дейін жетеді, бір қабатты цилиндр тәрізді эпителиймен жабылған. Шырышты қабық ішімен артериялық, веналық тамырлар өтеді, аздап лимфатәрізді тіннің шоғырлары бар. Шырышасты негіздің және жақсы жетілген бұлшықеттік табақшаның болуы арқасында шырышты қабық сансыз көп қатпарлар түзеді. Асқазанның түбі мен денесінде қиғаш, көлденең және бойлық қатпарлар орналасса, кіші иіні аймағында тек қана бойлық қатпарлар. Асқазанның он екі елі ішекке өтетін жерінде, қақпа қысқышы жиырылғанда асқазан қуысын ащы (жіңішке) ішектің бастапқы бөлігінен толығымен оқшаулайтын қақпа қақпағы (valvula pylorica) бар. Асқазанның шырышты қабығының бетінде асқазан сөлін бөліп шығаратын тесігі бар шұңқыршалармен (foveolae gastricae) үстінде орналасқан асқазан алаңшалары (area gastricae) бар. Бұлшықеттік қабық (tunica muscularis) үш негізгі қабаттан құралған: ортаңғы дөңгелек, ішкі қиғаш талшықтар және сыртқы бойлық. Сыртқы бұлшықеттік қабаты өңештің бойлық бұлшықетінің (stratum longitudinale) жалғасы болып табылады, негізінде асқазанның кіші және үлкен иіндерінің айналасында орналасады. Қақпалық бөлікте дөңгелек бұлшықет қабаты (stratum circulare) бойлыққа қарағанда басымрақ жетілген және шығатын тесік айналасында қақпа қысқышын (spincter pylori) түзеді.


Бұлшықеттік қабықтың үшінші қабаты, қиғаш талшықтар – тек қана асқазанда болады, демеуші қызметін атқарады.
Сыртқы сірлі қабық (tunica seposa), сірлі асты негізінде орналасып асқазанды барлық жағынан жауып жатыр. Асқазанның ішастарға қатынасы – интраперитонеальді. Қанмен
қамтамасыздануы: оң және сол асқазандық артериялар, оң және сол асқазан-шарбылық артериялар.
Веналық ағым: аттас веналар арқылы.

Лимфа ағымы: оң және сол асқазандық оң және сол асқазан-шарбылық лимфа түйіндері, кардиалық лимфа сақинасы.


Нервтенуі: асқазан өрімі.

АЩЫ (ЖІҢІШКЕ) ІШЕК


Ащы (жіңішке) ішек (intestinum tenuе ) – асқазаннан соң келесі ағза; тоқ (жуан) ішекке өтер жеріндегі мықын-соқыр ішек тесігімен бітеді. Ащы ішек асқорыту жүйесінің ең ұзын бөлігі. Ол үш бөліктен тұрады: он екі елі ішек, ащы (жіңішке) ішек және мықын ішек.


Ащы және мықын ішектері іш қуысының төменгі бөлігінің бәрін дерлік алып жатыр. Ащы ішекте ас әуелі ішектің ұйқы безінің сөлдері, бауыр өтінің әсерәнен ыдырайды, әрі қарай астың негізгі құрамдарының сіңірілуі жүзеге асады.
Он екі елі ішек (duodenum) – ұзындығы 20 см-ге жететін ащы ішектің алғашқы бөлігі. Асқазанның қақпасынан басталып ұйқы безінің басын қоршайды. Он екі елі ішектің төрт бөлігін айырады: жоғарғы, төмендеген, горизонтальды және жоғарылаған.
Жоғарғы бөлік (pars superior) – ХІІ-кеуде немесе І-бел омыртқасы тұсында асқазанның қақпасынан басталып, жоғарғы иін (flexura duodeni superior) арқылы төмендеген бөлігіне өтеді. Осы аймақтың ұзындығы 4 см. шамасында.
Төмендеген бөлік (pars descendens) – І-бел омыртқасы тұсында басталып, омыртқа бағанасының оң жағымен төмен түсіп, ІІІ-бел омыртқасы тұсында солға бұрылады да төменгі иін (flexura duodeni inferior) түзеді. Төмендеген бөліктің артында оң бүйрек, алдында бауыр орналасқан, бүйректің сол жағынан жалпы өт түтігі өтеді.
Горизонтальды бөлік (pars horizontalis) – он екі елі ішектің төменгі иінінен басталып ІІІ- бел омыртқасы тұсында горизонтальді орналасады. Арты төменгі қуыс венамен жанасады. Жоғарылаған бөлік (pars ascendens) – ІІ-бел омыртқасы тұсында басталып он екі елі - аш ішек иінімен (flexura duodeno - jejunalis) аяқталады. Әрі қарай аш ішекке жалғасады. Он екі елі ішекті іліп тұратын бұлшықет (m.suspensoris duodeni) осы иінді көкетке бекітеді.
Жоғарылаған бөліктің артында қолқаның іштік бөлігі орналасқан және жанынан ащы ішектің шажырқайына кіретін шажырқайлық артериялар мен веналар өтеді.
Он екі елі ішектің тек кеңейген жерінен (ampulla) басқасы ішастар артында (экстра-ретро перитонеальды) орналасқан, ал ащы ішектің басқа бөліктері ішастармен барлық жағынан жабылған (интраперитонеальды).
Он екі елі ішектің қабырғасы үш қабаттан құралған: шырышты, бұлшықеттік және сірлі. Шырышты қабық (tunica mucosa) – бұлшықеттік табақшамен борпылдақ майлы тінде орналасқан. Жоғарғы бөлімінде бойлық (plica longitudinalis duodeni), төменінде тұрақты дөңгелек қатпарлар (plica circularis) түзеді. Он екі елі ішектің төменгі жартысындағы бойлық қатпар ішектің үлкен бүртігімен (papilla duodeni major) аяқталады, ал жоғарырақ ұйқы безінің қосымша жолдары ашылатын ішектің кіші бүртігі (papilla duodeni minor) орналасқан. Шырышты қабықта жапырақ тәрізді сансыз көп ішек бүрлері (villi intes tinales) бар, олардың ортасында лимфа капиллярлары орналасқан, ал бүрлерге енетін қантамырлар тамырлы тор түзеді.
Бүрлер түбі ішіне ішек бездерінің түтіктері ашылатын шағын ұңғылдармен (крипта) қоршалған. Шырышты қабықтың ішінде жекеленген лимфа тәрізді түйіндер бар.
Бұлшықетті қабық (tunica muscularis) – он екі елі ішектің бұлшықетті қабығы екі қабаттан тұрады:
сыртқы – бойлық, ішкі – дөңгелек.
Сірлі қабық (tunica serosa) – ішастар он екі елі ішектің бастапқы бөлігін және, кеңейген жерін ғана жабады.
Қанмен қамтасыздануы: жоғарғы және төменгі ұйқы без - он екі елі ішек артериялары. Веналық ағым: аттас веналар арқылы
Лимфа ағымы: бел, жоғарғы шажырқайлық, ұйқы без - он екі елі ішек және құрсақ лимфа түйіндеріне.
Нервтенуі: кезбе нервтердің (Х-жұп) тармақтары.
АШ (JEJUNUM) ЖӘНЕ МЫҚЫН (ILІUM) ІШЕКТЕР
Аш ішек (intestinum) - он екі елі ішектің жалғасы, оның ілмектері іш қуысының жоғарғы сол бөлігінде орналасқан. Аш ішектің ілмектері алдынан үлкен шарбымен жабылса, артында ішастардың париетальді жапырақшасына тақау жатыр.
Мықын ішек (intestinum ileum) – аш ішектің жалғасы, оның ілмектері іш қуысының оң төменгі бөлігінде орналасқан. Кіші жамбас қуысында ащы ішектің ең соңғы ілмектері жатыр, олар екі қабат түзеді. Алдынан несеп қуықпен іргелес жатса, ал артында – тік ішекке (еркектерде), жатырға (әйелдерде) тақау орналасқан. Ащы ішектің осы екі бөлігі
ішастармен барлық жағынан жабылып, интраперитонеальды орналасқан. Ащы ішектің шажырқайлық бөлігінің екі жиегін ажыратады: бос және шажырқаймен байланысқан жиегі-шажырқайлық.
Шырышты қабық (tunica mucosa) – бұлшықетті табақшамен шырышасты негізінен тұрады. Шажырқайлық бөліктің шырышты қабығының түзілістері он екі елі ішектегіден еш айырмашылығы жоқ. Басты ерекшеліктері дөңгелек қатпарлардың санында, олар шажырқайлық бөлікте көптеу. Аш және мықын ішектердің шажырқайға қарама-қарсы жиегінде, ұзындығы 10 см, ені 3 см болатын, шоғырланған лимфа түйіншелері (nodulаe lymphatici) орналасқан.
Ащы ішек соқыр ішекпен, дөңес жағымен соқыр ішекке қараған мықын-соқыр ішек қақпағымен (valva ileocecalis) жабылған, мықын-соқыр ішек тесігі (ostium ileocaecalis) арқылы қатысады.
Қақпақ, жоғарысынан және төменінен соқыр ішекке енген шырышты қабық қатпарларынан түзілген. Алдынан және артынан қақпақтар бір-бірімен үйлесіп мықын- соқыр ішек қақпағының жүгеншігін түзеді.
Бұлшықетті қабық (tunica muscularis ) – екі қабаттан тұрады: сыртқы бойлық (stratum longituginale) және ішкі дөңгелек (stratum cirсulare).
Сірлі қабық (tunica seposa) ащы ішектің шажырқайлық бөлігі ішастармен толығымен жабылған.
Қанмен қамтамасыздануы: ащы ішектік артериялар. Веналық ағым: аттас веналар арқылы қақпа венасына
Лимфа ағымы: мықын-жиектік және шажырқайлық лимфа түйіндеріне. Нервтенуі: кезбе нервтің (Х-жұп) тармақтары

ТОҚ (ЖУАН) ІШЕК. ҚҰРЫЛЫСЫ


Тоқ ішек (intestinum crаssum) – ащы ішектің жалғасы; асқорыту жолының соңғы бөлігі. Ол мықын-соқыр ішек қақпағынан басталып артқы өтіс тесігімен аяқталады. Бұнда су қалдықтары сіңіріліп, тік ішек арқылы шығарылатын нәжістік қоспа қалыптасады. Орташа ұзындығы 1,5 м.
Тоқ ішектің үш бөлігін айырады: құрттәрізді өсіндісімен соқыр ішек, жиек ішек және тік ішек.
Жиек ішек төрт бөліктен тұрады: жоғарылаған, көлденең, төмендеген және сигма тәрізді. Тоқ ішек іш және жамбас қуыстарында орналасқан. Тоқ ішектің ащы ішектен бірқатар маңызды ерекшеліктері бар:

  1. Диаметрі үлкенірек

  2. Таспалар болуы (taeniae coli) – жиек ішек таспалары; а) шажырқайлық таспа (taenia mesocolica) – шажырқай бекитін орынға сәйкес келеді, б) бос таспа (taenia libera), ішектің алдыңғы бетінде орналасқан, в) шарбылық таспа (taenia omentalis) – өн бойына майлы өсінділер бекіген.

Барлық таспалар соқыр ішектің құрттәрізді өсіндісінің түбінде түйісіп оны бұлшықетті қабатпен қоршайды.

  1. Тоқ ішектің бетінде, шарбылық және бос таспалардың өн бойында ішінде майлы тіні бар шарбылық өсінділер (appendices epiploicae)орналасқан.

Төмендеген жиек ішекте олар бірқатар, ал басқа бөліктерінде екі қатар орналасады, кейде көршілес жатқан майлы өсінділер бір-бірімен қосылып қатпарларға айналады.

СОҚЫР ІШЕК


Соқыр ішек (caecum) – бірден мықын-соқыр ішек қақпағынан басталатын, қапшықша кеңейген тоқ ішектің бір бөлігі. Оң мықын шұңқырында орналасқан, оның ұзындығы 8 см- ге дейін, ал ең жоғарғы диаметрі 7 см шамасында.
Төменгі қабырғасымен мықын және белдің үлкен бұлшықетінде жатса, алдыңғы қабырғасы іштің алдыңғы қабырғасымен іргелес. Тоқ ішектің бір бөлігі ішастармен барлық жағынан қамтылған. (интраперитонеальды), екінші бөлігінің артқы бетінде ішастар болмауынан, үш жағынан жабылған (мезоперитонеальды), сирек жағдайларда тоқ ішекте шажырқай болуы мүмкін. Соқыр ішектің таспалар түйіскен орнынан құрттәрізді өсінді (appendix vermiformis) шығады. Аппендикс - соқыр ішек қабырғасының өсіндісі. Оның көлемі тұрақсыз: ұзындығы 3-тен 20 см-ге дейін, диаметрі – 1 см-ге дейін. Аппендикстің ішастарға қатынасы – интраперитонеальды, шажырқайы бар. Аппендикс оң мықын шұңқырында орналасқан, кейде кіші жамбасқа түседі, ішастар артындада орналасуы мүмкін. Іс-тәжірибеде құрттәрізді өсіндінің іштің алдыңғы қабырғасындағы жобасын білу өте маңызды. Оның түбі кіндікпен мықын сүйегінің алдыңғы жоғарғы қылқанымен қосатын сызықтың сыртқы және ортаңғы үштен бір бөлігінің шекарасында орналасқан немесе Мак-Бурней нүктесі. Бірақ аппендикстің осылай орналасуы өте сирек кездеседі, жиірек ол оң және сол мықын қылқанын қосатын сызықтың сыртқы және ортаңғы үштен бір бөлігінің шекарасындағы Ланц нүктесінде жобаланады.
Соқыр ішек (caecum) – мықын ішектің жалғасы. Олар мықын-соқыр ішек қақпағымен (valva ileocaecalis) бөлінген. Қақпақ жапқышы мықын-соқыр ішек қақпағының жүгеншігін (frenulum valvae ileocaecalis) түзеді. Құйма тәрізді қақпақтардың тар бөлігі соқыр ішекке бағытталып астың ащы ішектен тоқ ішекке өтуіне жағдай жасайды. Тоқ ішектегі қысым көтерілгенде (газ алмасудың жоғарылауы, аса көп мөлшерде
тамақтанғанда) қақпақ жапқыштары нық жабылады, астың кері жүруі байқалмайды. Қақпақтан төмен құрттәрізді өсіндінің тесігі (ostium appendix vermiformis)орналасқан.

ЖИЕК ІШЕКТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ


Жиек ішек, іш қуысының ортаңғы қабатында жатқан ащы ішек ілмектерін айнала орналасқан, жоғарылаған жиек ішек оң жағында, төмендеген сол, көлденең жоғарысында, сигматәрізді сол және төменінде.

ЖОҒАРЫЛАҒАН ЖИЕК ІШЕК (colon ascendens)- соқыр ішектің жалғасы. Ол әуелі белдің шаршы бұлшықетінің, сосын оң бүйректің алдымен вертикальды жоғары көтеріліп, бауырдың оң үлесінің төменгі бетіне дейін жетеді. Осы тұста ол солға иіліп, жиек ішектің оң иілімін (flexura coli dextra) түзіп көлденең жиек ішекке өтеді. Тоқ ішектің бұл бөлігінің ұзындығы 20 см шамасында. Бос таспа ішектің алдыңғы шарбылық-артқы-бүйір, шажырқайлық –артқы медиалды беттерінде орналасқан.


КӨЛДЕНЕҢ ЖИЕК ІШЕК (colon transversum) – жиек ішектің оң иілімінен басталып, сол қабырға астында оң иілімнен жоғарылау орналасқан сол иіліммен (flexura coli sinistra) аяқталады. Тоқ ішектің ең ұзын бөлігі болып саналады, ұзындығы 50 см шамасында. Жиек ішек төмен салбыраған доға тәрізді жатыр. Көлденең жиек ішек интраперитонеальды орналасқан және париетальды ішастардан басталатын меншікті шажырқайы бар. Шарбылық таспаның өн бойына, асқазаннан басталатын асқазан-жиек байламы бекиді. Көлденең жиек ішектің топографиясы: оң және үстінде – бауыр, асқазан және көкбауыр, артында - он екі елі ішекпен көкбауыр, астында – ащы ішек ілмектері орналасқан.
Жиек ішектің сол иілімі төмендеген жиек ішекке (colon descendens) өтетін жер, ол төмен түсіп мықын қыры тұсында сигматәрізді ішекке жалғасады. Төмендеген жиек ішектің артқы беті ішастармен жабылмаған, сол бүйректің алдында , белдің сол шаршы және сол мықын бұлшықеттерінің үстінде жатыр. Ішектің орташа ұзындығы 17 см, төмендеген жиек ішек мезоперитонеальды орналасқан. Тоқ ішектің осы бөлігінен бастап жиек ішекте қампаймалар (haustra coli) саны мен тереңдігі азаяды.

СИГМА ТӘРІЗДІ ЖИЕК ІШЕК (colon sigmoideum), сол мықын шұңқырында жатыр, жалғасы тік ішек. Сигма тәрізді ішек екі ілмек түзеді: проксимальді ілмек мықын бұлшықетінде, ал дистальді белдің үлкен бұлшықетінде орналасқан. Сигма тәрізді ішек іштің артқы қабырғасына бекитін шажырқайының арқасында қозғалмалы және интраперитонеальді орналасқан. Ұзындығы тұрақсыз.


ЖИЕК ІШЕКПЕН СОҚЫР ІШЕКТІҢ ҚАБЫРҒАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ
Шырышты қабық (tunica mucosa) жиек ішекпен соқыр ішектің шырышты қабығы, негізгі жарғақта жатқан эпителиден, бұлшықеттік табақшасынан және шырышасты негізінен құралған. Оның эпителиі цилиндр тәрізді жане, көп мөлшерлі бокал тәрізді жасушалармен ішек бездерінен тұрады. Шырышты қабықтың ұзына бойында жекеленген лимфа түйіншелері жатыр, ал құрттәрізді өсіндіде көптеп шоғырланған лимфа түйіншелері орналасқан.
Шырышты қабық бұлшықеттік таспалар арасында жартыай тәрізді қатпарлар (plicae semilunares) түзеді. Мықын ішекпен тоқ ішек шекарасында, негізінен бұлшықетті қабаттан түзілген шырышты қабықтың тұрақты екі қатпары бар, олар мықын-соқыр ішек қақпағын құрайды.
Бұлшықетті қабық (tunica muscularis) – ұзына бойы екі қабаттан тұрады: ішкі дөңгелек, сыртқы бойлық. Бойлық қабат таспалар түзеді. Құрттәрізді өсінді тұтас бұлшықетпен жабылған. Тоқ ішектің келесі бөліктері ішастармен барлық жағынан жабылған: соқыр ішек, көлденең және сигматәрізді жиек ішектер, ал жоғарылаған және төмендеген жиек ішектердің артқы қабырғасында ені 3 см шамасында ішастармен жабылмаған аймақ бар. Сирек жағдайларда ішектің бұл бөліктері ішастармен барлық жағынан жабылуы, тіпті өзінің меншікті шажырқайы болуы мүмкін.
Қанмен қамтамасыздануы: жоғарғы шажырқайлық артерия тармақтары. Веналық ағым: жоғарғы және төменгі шажырқайлық веналарға
Лимфа ағымы: шажырқай-жиек ішек, мықын-жиек ішек, аппендикстік, алдыңғы және артқы соқыр ішектік лимфа түйіндері арқылы.
Нервтенуі: кезбе нерв (Х-жұп) тармақтары, жоғарғы және төменгі шажырқайлық өрімдер.
ТІК ІШЕК
Тік ішек (rectum) – жамбас түбі бұлшықеттерімен, сегізкөз және құйымшақпен құрылған, кіші жамбас қүысының артқы қабырғасында орналасқан, тоқ ішектің соңғы бөлігі. Тік ішекте нәжіс қоспасы жиналып сыртқа шығарылады, сонымен қатар су сіңіріледі. Тік ішектің ұзындығы 16 см-ді құрайды, диаметрі 4-5 см.шамасында. ерекетерде тік ішектің алдында қуықасты без (простата), шәует қуықшасы, несеп қуық орналасқан, ал әйелдерде жатыр мен қынап.
Тік ішектің екі иілімі бар: шат (flexura perinеalis) және сегізкөздік (flexura sacralis).Тік ішектің екі бөлігін айырады: жамбас көкеті үстіндегі жамбастық және артқы өтіспен (anus) ашылатын артқы өтіс өзегі (canalis analis) түрінде шат аймағында орналасқан – шат бөлімі.
Жамбастық бөлімде, тар, ампула үсті бөлігін және тік ішек кең жері (ampula recti) бөлігін ажыратады.
Жамбастық бөлімнің ұзындығы 14 см-ге дейін, шат бөлімінікі 4 см шамасында. Шырышты қабық (tunica mucosa) – шырышты және бокал тәрізді бездерге бай, бойлық және көлденең қатпарлар түзеді. Шырышты қабығы бүрлерден айырылған, жекеленген лимфа түйіншелері бар. Тік ішектің айналасының жартысын ғана қамтитын жиірек кездесетін үш көлденең қатпарлар бар, қалғаны тұрақсыз қатпарлар. Бойлық қатпарлар 10- ға жетеді, олар артқы өтіс бағаналары (columnae anales) деп аталады да, жоғарыдан төмен қарай кеңейеді. Бойлық қатпарлардың жоғарғы шекарасы тік ішек-артқы өтіс сызығы (linea anorectalis). Бойлық қатпарлардың шеттерінен төмендеу, шығыңқы бөліктері артқы өтіс бағаналары арасындағы ұңғылдарды төменінен тұйықтап артқы өтіс қойнауын (sinus anales) түзетін аралық аймақ орналасқан. Қойнауларды астынан тұйықтайтын көлденең қатпарларды (plicae transversae recti) артқы өтіс жапқыштары (valvulae anales) деп атайды, ал олардың жиынтығы артқы өтіс қырын (pectin analis) түзеді. Артқы өтіс бағаналарының шырышасты аймағының майлы негізінде тік ішектің веналық өрімі (plexus venosus rectalis) жатыр. Шырышты қабық бағаналар аймағында жалпақ, ал қойнауларда көпқабатты эпителиймен қапталған.
Бұлшықетті қабық (tunica muscularis) – өн бойы екі қабаттан тұрады. Сыртқы бойлық, ішкі дөңгелек, қабат жақсы жетілген. Бойлық бұлшықет талшықтары тоқ ішектің таспаларының жалғасы төмен қарай кеңейіп тік ішекті толығымен қамтиды: артқы және алдыңғы қабырғаларында жақсырақ жетілген. Бойлық бұлшықеттердің бір бөлігі артқы өтісті көтеретін бұлшықет (m.levator ani) құрамына кіреді. Бойлық бұлшықеттердің алдыңғы будасы, еркектерде тік ішек-несеп шығаратын өзек бұлшықетін түзіп, несеп шығаратын өзектің жарғақты бөлігінің өтетін жеріне бекиді.
Бұл бұлшықеттен басқа ересектерде тік ішекті несеп қуықпен байланыстыратын тік ішек- қуық бұлшықеті бар. Бұлшықетті қабықтың дөңгелек қабаты артқы өтісте қалыңдап артқы өтістің ішкі қысқышын (m.sphincter ani interni) түзеді. Бұл бұлшықеттің бір бөлігі, қынаптың бұлшықетімен несеп шығаратын өзектің жарғақты бөлігінің құрамына кіреді. Артқы өтіс айналасының тері астындағы май қабатында артқы өтістің сыртқы қысқышы (m.sphincter ani externi)орналасқан. Артқы өтістің сыртқы және ішкі қысқыштарының арасымен артқы өтісті көтеретін бұлшықет өтеді. Осы бұлшықеттің алдыңғы бөлігі қасаға- құйымшақ бұлшық еті деп аталады. Сыртқы сірлі қабық (tunica seposа) – ішастар атымен, тік ішектің жоғарғы бөлігін барлық жағынан, ортаңғы бөлігін үш жағынан жапса, төменгі бөлігі тіпті жабылмаған.
БАУЫР
Бауыр (hepar) – асқорыту жолының ең ірі безі, басым бөлігі көкет астында, іш қуысының жоғарғы оң бөлігінде орналасқан. Тармақталған күрделі түтікті бездерге жатады. Бауыр, зат алмасу және қан жасау үрдістеріне қатынасады. Бауырдың пішіні біркелкі емес, жоғарысы дөңес, ал төмені ойыс болып келеді. Ішастармен барлық жағынан қамтылған. (кішкене бөліктерін қоспағанда: байламдар бекитін орындармен өтқуықтың жатқан жері). Бауырдың екі бетін айырады: жоғарғы – көкеттік (facies diaphragmaticа), төменгі – висцеральдық (facies visceralis).
Көкеттік бет, пішінімен көкеттің күмбезіне сәйкес келеді. көкеттен және іш қуысының алдыңғы қабырғасынан осы бетке орақ тәрізді байлам (lg.falciformis) барады. Ол бауыр бетін оң және сол үлестерге (lobus hepatis dexter et lobus hepatis sinister) бөліп артынан ішастардың туындысы тәжді байламға (lg. coronarium) ұласады, ал тәжді байламдардың оң және сол шеттері оң және сол үшбұрышты байламдармен (lg.triangularis) аяқталады. Бауырдың үстіңгі бетінде бауырға көкет арқылы жүректен түскен із бар, ол жүректік батыңқы (impression cardiaca).
Висцеральді бетте, бауырды төрт бөлікке бөлетін үш жүлге өтеді. Оң және сол сагиттальды жүлгелер арасындағы ортаңғы бөлік көлденең жүлгемен екі бөлікке бөлінеді: алдыңғысы – шаршы үлес, (lobus guadratus), артқысы – құйрықты үлес (lobus caudatus). Сол сагиттальді жүлге, орақ тәрізді байламның тұсында орналасып, бауырды оң және сол үлестерге бөледі. Бауырдың өн бойында екі саңылау бар: алдында – жұмыр байлам саңылауы (fissura ligament teretis), артында – веналық байлам саңылауы (fissura ligamenti venosi).
Жұмыр байлам – бітелген қалған кіндік венасы, ал веналық байлам, бітеліп қалған веналық түтік. Оң сагиттальді жүлге солға қарағанда кеңдеу. Оның алдыңғы бөлігі – өтқуық шұңқырын (онда өтқуық жатыр), ал артқы бөлігі аттас вена өтетін, төменгі қуыс вена жүлгесін түзеді.
Оң және сол сагиттальді жүлгелер бір-бірімен терең көлденең жүлге, бауыр қақпасы (porta hepatis) арқылы байланысады.
Бауыр қақпасы арқылы кіреді: қақпа венасы, нервтер, бауыр артериясы. Шығады: жалпы бауыр түтігі, лимфа тамырлары. Бауырдың висцеральді бетінде төрт негізгі батыңқыларды ажыратады: бүйректік (impressio renalis), бүйрек үстілік (impressio suprarenalis), жиек ішектік (impressio colica), он екі елі ішектік (impressio duodenalis).
Шаршы үлесте он екі елі ішектік батыңқы (impressio duodenalis) бар.
Құйрықты үлес – алдыңғы бетінде шағым көтеріңкі – бүртіктік өсінді (processus papillaris) бар, ал оң жағында құйрықты өсінді (processus caudatus) орналасқан.
Бауырдың сол үлесі, висцеральді бетінде кіші шарбыға қараған, кішкентай дөңес – шарбылық төмпе бар. Артқы жиегінде, өңештік және асқазандық батыңқылар орналасқан. Бауыр паренхимасы тікелей фиброзды қабықпен (tunica fibrosa) қапталған, үсті сірліасты негізі бар сірлі қабықпен (tunica seposa) жабылған. Бауыр ұлпасын дәнекер тінді негіз түзеді. Оның ұяшықтарында бауырдың қызметтік-құрылымдық бірлігін түзетін бауыр үлесшелері (lobulus hepatis)
орналасқан.
Бауыр үлесшелері, гепатоциттерден құралған. Үлесше ортасынан орталық вена өтеді, ал шеткі аймақтары арқылы үлесшеаралық артериялар мен веналар жүреді, ал олардан қойнау тәрізді тамырларға жалғасатын үлесшеаралық капиллярлар шығады.
Қойнау тәрізді (синусоидты) веналар орталық венаға, олар өз ретінде бір-бірімен бірігіп бауыр венасын түзетін жинақтаушы венаға құяды.
Гепатоциттер арасымен өт өзекшелері (ductulis biliferi) өтеді, олар бір-бірімен қосылып үлесшеаралық өт түтікшелерін түзетін өт түтікшесіне құяды. Бауыр ұлпасында қантамырлардың орналасуына сәйкес ағзада айырады: екі үлес, бес сектор және сегіз сегмент. Сонымен бірге сол үлесте үш сектор және төрт сегмент, оң үлесте екі сектор мұнда да төрт сегмент.
Сектор – бауыр венасы мен бауыр артериясының екінші реттік тармақтары мен нервтер кіретін және секторлық өт түтікшелері шығатын бауырдың бір бөлігі.
Қанмен қамтамасыздануы: бауыр артериясымен. Веналық ағым: қақпа венасына.
Лимфа ағымы:бауырлық, оң белдік, төменгі көкеттік, төс жанындағы лимфа түйіндеріне. Нервтенуі: бауыр өрімі, кезбе нерв (Х-жұп) тармақтары.

Ұйқыбез
Ұйқыбез (pancreas), омыртқалылар эволюциясында біршама кеш дамыған ағза. Төменгі сатылаларда (балықтар, амфибиялар) ол шағын ұрық түрінде байқалады, ал ересектерде без сопақша пішінді, ұзындығы 16-20 см, ені 4 см және қалыңдығы 2-3 см шамасындағы дене, салмағы 70-80 г жетеді. Ұйқыбез ішастар артында 2-ші кейде 3-ші бел омыртқасы денесінің тұсында көлденең орналасқан. Безде ажыратады: 12-елі ішек тағасына жанасып жатқан басын (caput pancreatis), алдыңғы, төменгі және артқы беттерін бөліп тұрған үш қырлы денесін (corpus pancreatis) және көкбауырға тиісіп жатқан тарылған бөлігі ұйқыбез құйрығын (cauda pancreatis). Бездің қапшығы өте жұқа. Ұйқыбез күрделі альвеолалық без. Оның үлесшелерінің (қарапайым көзге көрінетін) шығаратын


түтіктері ұйқыбез түтігіне (ductus pancreaticus) тікелей ашылады. Түтік бездің ортасының өн бойына орналасқан және жалпы өт түтігімен бірігіп 12-елі ішектің үлкен бүртігіне ашылады. Панкреатикалық сөлмен өттің іш қуысына түсуін реттейтін екі түтіктің де шығатын тесіктері бұлшықеттік қысқышпен жабдықталған. Кейде ұйқыбезде бас түтіктен бөлініп шығатын қосалқы түтік кездеседі, ол 12 елі ішектің кіші бүртігіне ашылады. Ұйқыбез асқорыту және зат алмасу үрдісінде маңызды роль атқарады.

Ұйқыбездің эндокринді бөлігі


Жоғарыда айтылғандай, ұйқыбезде секреттік құрылымдардан бөлек ішкі секреттік сипаттамадағы жасушалық топтар орналасқан. Бұл топтар – аралшықтар (insulae), без паренхимасының өне бойына жайылған, шағын мөлшерлі жасушалардан (кейде үлкен көлемге жететін – 175 мкм) құралған. Бірақ жасушалар саны бездің құйрығында басымырақ. Аралшықтар көмірсу алмасуын реттеуге қатысатын инсулин гормонын өндіреді. Бездің бұл қызметі нерв жүйесінің қызметімен тығыз байланысты. Бұны аралшықтың мол нервтенуінен байқауға болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   72   73   74   75   76   77   78   79   ...   171




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет