Оқулық Шымкент 2012 жыл удк


Қоғамдық денсаулық пен денсаулық сақтаудың теориялық негізі. Жүйелі жағдай. Қазақстан Республикасы тұрғындарының денсаулығын қорғау саласындағы саясат



бет14/95
Дата07.01.2022
өлшемі1,99 Mb.
#18029
түріОқулық
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   95
1.2 Қоғамдық денсаулық пен денсаулық сақтаудың теориялық негізі. Жүйелі жағдай. Қазақстан Республикасы тұрғындарының денсаулығын қорғау саласындағы саясат.
Медицина ғылымының пайда болуынан бастап оның негізі ретінде мыңдаған қағидалар мен теоретикалық топтамалар қолданылып келеді. Оның үлкен бөлігі медицина мен қоғамдық денсаулық мәселелеріне арналған. Оның ішінде, этиология, патогенез, диагностика шарттары, емдеу, профилактика мен реабилитация, медицина демографиясы, медициналық көмекті ұйымдастыру, денсаулық сақтау ісін басқару мәселелері бар. Бұл сұрақтардың көпшілігі медицина саласы мен пәннің қарастыратын мәселелеріне жатады.

Қоғамдық денсаулық сақтау саласының үлесіне денсаулық пен аурулар, олардың жалпы қалыптасу заңдылықтары, ауруларды жеңу мен денсаулықты күшейту, қалыпқа келтіру сияқты категориялардың маңызын түсіндіретін жалпы теориялар жатады. Басқаша айтқанда бұл бағытты патология мен санология немесе денсаулық пен аурушаңдық туралы ғылым деп те қарастыруға болады.

Осы тұрғыдан алғанда медицина мен денсаулық сақтаудың жалпы теорияларын бірнеше топқа жіктеу қажет.

Қазіргі таңда денсаулықтың тәуелділік теориясы немесе санология, медициналық-биологиялық табиғаттылықтар теориясы, патология мен медицинаның қызметтілік теориясы, тұрғын халықтар мен денсаулық сақтаудың табиғаттылық теориясы, синтетикалық, әмбебап теориялар қоғамдық денсаулық саласында жиі қолданылады. Алайда бұл теориялар денсаулықтың, аурулар мен медициналық, әлеуметтік-гигиеналық көріністердің барлық қырларын ашып көрсете алды деу дұрыс емес. Аталған жалпы теориялар адамзат тарихында және медицина саласында ертеден қалыптасқан гуморализм мен солидаризмге және табиғи философиялық түсініктерге негізделген ғылыми концепциялар болып табылады. Олар жаңа медицинаның теоретикалық базисін қалыптастыруда да қолданысқа ие болып отыр.

Денсаулықтың тәуелділік теориясы денсаулық жағдайы мен денсаулық сақтау саласының дамуында әлеуметтік, эканомикалық, биологиялық, медициналық, тұрғындардың өмір сүру салты себептерінің атқаратын ерекше ролін мойындауға негізделген. Сонымен қатар осы себептердің барлығы денсаулыққа бір-бірімен тығыз байланыста және әртүрлі бағытта әсер ететіндігін есепке алу қажеттілігін көрсетеді.

Әлеуметтік-экономикалық, психологиялық және саяси себептердің денсаулыққа тигізетін керіағар әсерінің нақты көрінісі ретінде кедейшілік пен жоқшылықты қарастыруға болады. Осы теорияны ұстанушылар аурулар мен мүгедектік өз кезегінде кедейлену мен жоқшылық оқиғаларын арттырады деп түсіндіреді. Шындығында бұл теорияның дұрыстығына ешкім де шәк келтіре қоймайды. Алайда, денсаулықтың және аурулардың қалыптасуында әртүрлі әлеуметтік-экономикалық себептердің атқаратын ролін көрсету аздық етеді. Бұл жерде қоғамдық жүйенің денсаулыққа әсер ететін негізгі себептерін нақты көрсету қажет. Тек осы жағдайда денсаулық сақтау жүйесі тиімді әлеуметтік-медициналық шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Диалектикалық сараптамасыз қолданылған «Себептер» теориясы, әдістемелік тұрғыда жарамсыз болып қала береді.

Денсаулықтың тәуелділігі туралы теория өмір сүру салтына жататын зиянды себептердің сырқаттылықтың қалыптасуында атқаратын ролін бағалауда да өз дәлелін табуда.

Қазіргі таңдағы өкпе рагының қалыптасуына темекі шегудің қосатын үлесі 80% асатындығы, өмір сүру салты себептерінің денсаулыққа нақты әсер ететіндігі туралы теорияны бұлжытпай дәлелдейді.

Дамыған елдерде қолға алынып отырған салауатты өмір сүру салтын қалыптастыру шаралары, оның ішінде «Салауатты Университеттер», «Салауатты қалалар», «Салауатты ауылдар», «Денсаулықты күшейтуге ықпал ететін мектептер» атты бағдарламалар әртүрлі әлеуметтік топтардың арасында наркотиктерді қолдану, темекі тарту, алькогольдік ішімдіктерге салыну оқиғаларын барынша азайтып, тұрғындардың денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға нақты ықпалын тигізуде. Осы жағдай салауатты өмір сүру салтын қалыптастыру теориясының дұрыстығы мен денсаулықты сақтаудағы маңыздылығын көрсетіп берді. Жер беті тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық топтарға жіктелуі олардың арасында бірыңғай патологиялардың қалыптасуына алып келуде. Осы мәселелерді кешенді түрде зерттеуге, денсаулық пен патологиялардың жалпы бірыңғай түрлерінің қалыптасу теориясының туындауына алып келеді.

«Цивилизацияның аурулары» мен әлеуметтік дезадаптация теориясы медицинаның және денсаулық сақтаудың ең кеңінен таралған теориясы болып табылады. Бұл теория қоғамдық денсаулықтың күрт өзгерісін, жаппай кездесетін аурулардың пайда болуын түсіндіруге бағытталған. Осы сұрақтарға аталған теорияның беретін жауабы-қазіргі цивилизацияның қарқынды дамуы және оның қатерлі көріністерінің тұрғындар денсаулығына тигізетін кері әсері деп есептейді. Оның ішінде, урбанизация, индустриализация, технизация, психоэмоционалдық қысым, қоршаған өмір сүру ортасының химиялық поллютанттармен жоғары дәрежеде ластануы адам организміне қуатты кері әсерін тигізе отырып, олардың өмір сүру салтын және жағдайын күрт өзгеріске ұшыратты. Адамның қоршаған өмір сүру ортасының өзгерісіне тез арада бейімделуі көбнесе организмнің жеке қызметтерінің шамадан тыс жұмыс істеуі және олардың қалыпты шамадан ауытқуы арқылы жүзеге асады. Организмнің бейімделгіштік қасиеті шексіз емес және белгілі бір деңгейдегі қысымда дезаптациялық жағдай көрініс береді. Осыдан тұрғындардың арасында әлеуметтік дезадаптация туындайды, денсаулықтың қуаты азаяды, жаппай невротизация үрдісі қалыптасады.

Француз ғалымдары Э.Гюан мен А.Дюссердің 20 ғасырдың 50 жылдары жарық көрген «Біздің қоғамның аурулары» атты кітабында цивилизацияның адамдарды үйреншікті табиғи ортасынан жаңа антропотехногендік өмір сүру салтына қарай бейімдейтіндігін нақты дәлелдермен көрсеткен. Адамдардың табиғи өмір сүру ритмі дисгармонияға ұшырап, дезадаптациялық немесе әлеуметтік инадаптациялық жағдай қалыптасады.

Дезадаптацияға табиғи тұрғыда қуатты тұлғалар ғана қарсы тұра алады. Ал осындай тұлғаларды тәрбиелеу үшін ғылыми тұрғыда негізделген арнайы профилактикалық бағдарламаларды құрастырып, олардың тиімділігін іс жүзінде дәлелдеу және кеңінен қолданысқа енгізу керек деп есептейді Америка Құрама Штаттарының ғалымдары Р.Дюбо мен О.Тоффлер.

Денсаулық сақтаудың және медицинаның әлеуметтік мәселелерін биологиялық концепциялардың көмегімен дәлелдеу, әсіресе дарвинизмнің көмегіне жүгіне отырып түсіндіру талпыныстары ХІХ ғасырдан басталады. Осы бағытты ұстанған ағылшын ғалымы, философ және социолог Г.Спенсер әлеуметтік үрдістер мен көріністердің физиологиялық және морфологиялық түсініктемесін берді. Жануарлар организмінің құрлымы мен қызметіндегі ерекшеліктерге сүйене отырып, қоғамдағы әлеуметтік топтар мен класстардың қажеттілігі мен қызметтерін жіктеді. Қоғамның бетке ұстар, басқарушы тобын адамның миына теңеп, олар қоғамды басқаруы тиіс деп есептейді.

Жұмысшылар мен шаруаларды бұлшық еттер сияқты физикалық жұмыспен айналысуы тиіс деп есептесе, банкирлерді қан-тамырын қозғайтын нервтерге, байларды май тініне теңеп, оларды қоғамның ең пайдалы органы деп қарастырды.

Осы теория бойынша туылу биологиялық үрдіске жатқызылды және адамзаттың сақталуының негізі деп қарастырылды. Неғұрлым туылу көрсеткіші жоғарылаған сайын, оның генетикалық қасиеті төмендейді деп есептелді. Ал, туылу үрдісі төмендеген сайын генетикалық материалдардың сапасы арта түседі деген концепция алға тартылды. Осыдан адамның жекелей қасиеттері жоғарылайды, тұрғындардың денсаулығы жақсарады, өлім азайып, тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы жоғарылайды деген қағида дүниеге келді.

Г.Спенсердің осы теориясы әлеуметтік үрдісті биологиялық қасиеттермен ауыстыра отырып, қоғамдық өзгерістерге түсініктеме жасауға талпынады. Алайда бұл теория қоғамдық өзгерістердің дәлелі бола алмайтындығы айдан анық.

Қазіргі таңда осы теорияны одан ары тереңдетуге және жаңаша түсініктеме беруге бағытталған талпыныстар аз емес. Олардың қатарына америка энтомологы Э.О.Уильсонның «Әлеуметтік биология: жаңа синтез» (1975 жыл), «Адам табиғаты туралы» (1978 жыл) және К.Ламзденмен бірге жазған «Гендер, сана және мәдениет, Коэволюция үрдісі» (1981 жыл), «Прометей оты. Саналы өмірдің пайда болуы туралы ойлар» (1983 жыл) атты еңбектері жатады.

«Гендік-мәдени коэволюция» деген атпен аталатын жаңа концепцияда биологиялық үрдістерді негіз ете отырып генотиптің, қоршаған өмір сүру ортасы мен цивилизацияның бір-біріне әсер етуі механизмін, қоғамның және жаңа цивилизацияның қоятын талаптарына адаптациясын түсіндіруге күш салады.

Натуралистік медициналық-биологиялық теориялардың қатарына жататын этологиялық концепция жануарлардың инстинктивтік әдеттеріндегі заңдылықтарды негіз ете адамның әдеттері мен денсаулығының қалыптасуын түсіндіруге күш салған. Оның нақты көрінісі ретінде К.Лоренц, Н.Тинберген және К.Фриш атты зоологтардың бал араларының, құстардың және жануарлардың инстинктивті әдеттерін зерттеуге арналған еңбектерін алуға болады. Осы зерттеулердің нәтижесінде «Дезадаптация мен аурудың профилактикасы ретінде адамның биологиялық қасиетін бейімдеу мүмкіндіктері» атты ұсыныстар дүниеге келді. Бұл ғылыми жетістік еңбектің авторларын 1973 жылы медицина мен физиология саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атағына иегер етті. Этологиялық концепция бойынша адамға әсерін тигізетін қоздырғыштардан организмнің арнайы моторлы реакцияларының кешендері немесе сигналды, кілтті реакциялары автоматты түрде қозғалысқа келеді. Этиологиялық концепцияның жақтастары, дамуы барысында адам организмі жануарлардан берілетін инстинктивтік әдеттердің жеке қасиеттерін сақтап қалған – деп есептейді. Осы қасиеттерді анықтап, олардың адамның өмір сүру салтында және әдеттерінде атқаратын ролін бағалаудың денсаулықты қорғаудағы маңызы өте үлкен деп есептейді.

Этологтар мен Френдтік көзқарасты қолдаушылар қоршаған ортаның агрессивті қоздырғыштары адамның инстинктивтік қасиеттерін басып тастайды, осыдан организмнің қызметтік жүйелері істен шығып, ауру туындайды деп тұжырымдайды. Этологиялық концепцияның маңызды бағыттарының бірі адамның агрессивтік инстинктеріне арналған. Агрессия адамның ең қауіпті инстинктерінің қатарына жатады. Осыдан жер бетінде әртүрлі қақтығыстар мен соғыс қимылдары адамдардың қырылуына, ал болашақта жер бетінен мүлдем жойылуына алып келуі мүмкін. Осындай қағиданы ұстанушы жеке этологиялық бағыттағы ғалымдар жер бетіндегі қуатты мемлекеттердің соғыс қимылдарын ақтайды. Адамдар (әлеуметтік) экологиясы атты теория натуралистік медициналық-биологиялық теориялардың қатарына жатады. Бұл концепция бойынша қоғам суперорганизм деп есептеледі. Ол белгілі бір тұрғын аумақта және белгілі уақыт аралығында өмір сүреді. Ал суперорганизм қоғамдық категория болғандықтан, оның адамдармен қарым-қатынасы бәсекелестік заңдылықтарымен реттеледі және қатынасы биотикалық және мәдени деңгейде жүзеге асырылады. Бәсекелестік арақатынас мызғымас тепе-теңдікке және гармонияға негізделген. Осы заңдылықтардың бұзылуы міндетті түрде саяси, әлеуметтік, экономикалық қақтығыстарға алып келеді және адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізеді.

Г.Сельенің стресс және жалпы адаптациялық синдром атты теориясы жер беті тұрғындарының денсаулық жағдайының күрт өзгеруі, «созылмалы аурулардың» артуы, олардың бейэпидемиялық патология түрінде қалыптасуы тек жеке патогендік себептің кері әсерінен емес, патогендік ахуалдың немесе патогендік себептердің кешенді әсерінен туындап отыр деп түсіндіреді.

Бұл теория денсаулық жағдайы көптеген және әртүрлі қоздырғыштардың әсерінен туындаған дей келе, оларды стрессорлар деген атпен айқындаған. Стрессорлар организмдегі барлық жүйелердің қызметін қауырт жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Стресс қалыпты жағдайда адамның жақсы денсаулығын («Эустресс») қамтамасыз етсе, өмір сүруге қолайсыз жағдайда патологиялық реакция туындатады («Дистресс»). Патологиялық үрдіс (дистресс) бірнеше кезеңдерден тұрады. Оның ішінде алаңдаушылық, резистенттік, қуатсыздану кезеңдері бар. Сондықтан стресс дегеніміз тек ауыру емес, ол сонымен қатар организмнің патологияға қарсы күресі, дистресстік жағдайды жеңу және эустресстің қалыптасуы деп қарастыру қажет. Бұл теорияның ажырамас бөлігіне жалпы адаптациялық синдром атты концепция жатады. Бұл концепция стресстің жүзеге асу механизміне жауап береді. Сальенің концепциясы бойынша стресстік реакцияның жүзеге асуын «адаптивтік гармондар» қамтамасыз етеді. Адаптивтік гормондар бүйрек үсті безінің, гипофиздің алдыңғы бөлігінің және тимустың қатысуынан тұратын күрделі эндокриндік басқару және реттеу жүйесі. Адаптивті гормондардың жұмысы жүйке жүйесінен түсетін импульстің көмегімен реттеліп отырады. Сондықтан, қоршаған өмір сүру ортасының стрессогендік әсеріне бейімделу нервтік және гуморалдық жолдармен реттеледі деп айтуға болады. Фрейдизм Неофрейдизм және психосоматикалық психоаналитика теориясы натуралистік медициналық-биологиялық теориялар ішінде ерекше орын алады. Осы теорияның көмегімен Зигмунд Фрейд адам әдеттерінің психологиялық механизмі мен қозғаушы күштерін түсіндіруге күш салды. Оны үш деңгейге жіктеді. Бірінші деңгейді немесе ең басты қабатты – ессіз сфера немесе өмірдің түбірі (өмір фундусы) деп атады және оны «ОНО» деген грек терминологиясымен белгіледі. Екінші деңгейді адамның естілік немесе интеллектуалдық қызмет сферасы деп атады және оған «ЭГО» - «Мен» деген терминологиялық атау берді. Үшінші деңгейді психологиялық, эмотивтік және ессіз қимылдарды бақылау сферасы деп атады. Оған «СуперЭрго» деген терминологиялық атау берді.

Осы бағыттағы теориялардың қатарына неогиппократизм мен биотипология теориясы жатады. Бұл бағыттың туындауына медицинаның дегуманизациясы мен дәрігердің аурулардан алшақтауы себеп болды. Дәрігердің тәжірибесін лабораторлық зерттеудің, техникалық-диагностикалық және емдеу әдістерінің енуі оны пациенттен аластатты. Адам организмін бірегей психосоматикалық жүйе ретінде қарастырылуына, қоршаған ортамен байланысы мен өмір сүру салтын және өмір сүру жағдайын есепке алу қажеттігі нұқсан келтірді. Дәрігер жеке органды немесе организмнің бір бөлігін емдейтін техникке айналды. Медицина саласында қалыптасқан дегуманизация үрдісін тоқтату үшін бұл саланың классикалық шарттарын қайта қалпына келтіру қажет деген қозғалыс пайда болды. ХХ ғасырда бұл мәселеге арналған көптеген ғылыми мақалалар жарық көрді. Олардың қатарында орыстың белгілі хирургы С.П. Федоровтың «Хирургиядағы жолдан адасу» атты еңбегі де бар. Ежелгі классикалық медицина шарттарын қайта қалпына келтіруге бағытталған қозғалыстарды Италиялық медицина тарихшысы А. Кастильони «Неогиппократизм» деп атады. «Шынайы медицина адам организмінің барлық көріністері мен байланыстарын қамтыған, оның психоорганикалық көріністері мен қоршаған өмір сүру ортасын бірге қарастыратын адам организмінің медицинасы» – деп атаған П. Делор медициналық тәжірибеде бірегейлік шартты және әрбір адамның ерекшілігін есепке алу қажеттігін айқындап берді. Жаңа гиппократистік медицинаның I халықаралық конгресінде шамадан тыс мамандандырылуды дұрыс деп таппай, оған жалпы тәжірибелік-отбасылық дәрігердің еңбегін қарсы қойды. Конгреске қатысушылар: «Жалпы тәжірибелік дәрігер әрбір аурудың ерекшеліктерін есепке ала отырып, білікті медициналық көмекті береді, оның барысында аса қымбат ауруханалық емді, дәрі-дәрмектерді, лабораторлық-диагностикалық әдістерді мейлінше аз қолданады, аурудың өмір сүру салты мен әлеуметтік жағдайын жақсы біледі және оны науқасты емдеу барысында барынша тиімді пайдаланады» - деп көрсетті.

Неогиппократизм бағытын ұстағандардың көзқарастары соңғы кезде пайда болған холистикалық медицина жақтастарының ұстанымдарына сәйкес келеді. Олар әрбір ауруға жеке көзқараспен қарауды ұсынады және олардың психосоматикалық бірегейлігін мойындау қажеттігін талап етеді.

Неогиппократизмнің жаңа бағыты биотипология деп аталады. Бұл концепцияның жақтаушылары, оның ішінде Н.Пенде өзінің «Биотипологиялық медицина туралы трактатында» ауруды өзгелерден ерекше, психосоматикалық тұрғыда бірегей тұлға ретінде қарастыруды ұсынады. Әрбір жеке тұлғаның морфологиялық, физиологиялық және психологиялық ерекшелігі бар деп есептейді. Бұл бағытты қолдаушылар, адамдардың морфологиялық, эндокриндік, эмбриогенездік ерекшеліктерін есепке ала отырып адамдардың бірнеше биотипологиялық классификацияларын ұсынды. Мысалы, организмнің марфологиялық құрлысын гипостеникалық (дененің қысқа өлшемдерден тұруы), гиперстеникалық (дененің ұзарған өлшемдерден тұруы), нормастеникалық (қалыпты өлшемдерден тұруы) биотиптерге жіктеу орын алды. Эмбриогенез кезеңдерінде (М. Мартини) 4 негізгі биотиптер анықталды. Олардың қатарында энтобластикалық, мезобластикалық, эктобластикалық және хордобластикалық биотиптер бар. Ал эндокриндік бездердің қызметтік белсенділігін есепке ала отырып «Каноникалық» немесе «Стеникалық», (Эндокриндік бездер жұмысының толық тепе-теңдігі), «Фтизикус» (гипогонадизм белгілері бар) және «Апполектикус» (ас қортушы түрі) биотиптер анықталды. Осы классификациялар биотиптердің организмнің жеке жүйелері мен органдарына бейімделе жасалғандығын көрсетеді. Сондықтан адам организмінің бірегейлігін толық көрсете алмайды. Алайда, биотипология теориясы адам организмінің типологиясы туралы ғылым. Оның тәжірибелік маңызы, диагностиканы және емдеу шараларын әрбір жеке тұлғаның биологиялық типтік ерекшелігіне қарай ұйымдастыру керектігін дәлелдеуінде жатыр. Сонымен қатар әртүрлі биотипке жататындар арасында таралған патологиялар қатары да ерекше екендігін көрсеткен. Қызметтік патология мен медицина теорияларының қатарына целлюлярлық патология теориясы мен оның жаңа варианттары жатады. Бұл бағыт Р. Вирховтың классикалық целлюлярлық теориясынан бастау алады (1858 жыл). Бұл теория бойынша кез келген ауру клеткалардағы өзгерістерден туындайды. Алайда бұл концепция өзінің дәлелін таба алмай отыр. Қазіргі таңда медицинада анатомиялық-морфологиялық теория қолданысқа еніп отыр. Себебі көптеген нозологиялардың нақты туындау механизмі толыққанды анықтала қойған жоқ. Г. Сельенің көқарасы Р. Вирховтың клеткалық теориясына жақын келеді. Бұл жерде Г. Селье клеткаларды реактондармен ауыстырып, оларды өмір сүрудің алғашқы бірлігі деп белгілеген. Реактондарды өте майда тіршілік көздері және оларда минималды энергия бар деп есептейді. Молекулярлық биологияның жетістіктері организмдегі патологиялар клеткалардағы элементарлық өзгерістерден басталатындығын көрсетіп отыр. Бастапқыда клетканың микроқұрлымдары бұзылады, интоксикация және клетка ішінің ластану оқиғалары орын алады. Осыдан клеткада өз қызметін атқара алмайтын жағдай қалыптасады. Дәл осы механизм генетикалық аурулардың туындауына алып келеді.

Қызметтік патологиялар мен медицина теорияларының қатарында нервизм теориясы да бар. И.П. Павловтың И.М. Сеченовтың, С.П. Боткиннің, Н.Е. Введенскийдің, В.М. Бехтеревтің А.А. Ухтомскийдің және де өзге озық ойлы физиологтар мен клиницистердің ғылыми-зерттеу жұмыстары нерв жүйесінің организмдегі атқаратын басқарушылық ролін жан-жақты дәлелдеп берді. Нерв жүйесі әсіресе организм мен қоршаған өмір сүру ортасы арасындағы байланысты реттеуде ерекше үлес қосатындығы анықталды. Адам организмінің бірегей жүйе ретінде қызмет атқаруын, қоршаған орта өзгерістеріне тез бейімделуін, ауыр патологиялық өзгерістерден кейін органдар мен жүйелердің қайта қалыпқа келуін реттеуші орталық нерв жүйесі екендігі бүгінгі таңда ешқандай күмән тудырмайды. Сондықтан «Стресс» туралы концепцияның одан ары дамуына нерв жүйесінің ерекше ролін есепке алу дұрыс ықпалын тигізді деп есептеуге болады.

Тұрғын халықтар мен денсаулық сақтаудың натуралистік теориялары кейіңгі жылдары кеңінен танымал бола бастады. Олардың қатарына Мальтустің теориясын да жатқызуға болады. Жер беті тұрғындары арасында қалыптасқан демографиялық заңдылықтарды түсіндіруге бағытталған бұл теория Т. Мальтустың «Тұрғын халықтардың даму заңдылықтары туралы тәжірибе» (1798) атты еңбегінде жан-жақты талқыланған. Оның бұл теориясы ХХ ғасырдың екінші жартысында өз дәлелдерін таба бастады. Осы кезеңде жер беті тұрғындарының саны жылдам ұлғайып, 20-25 жылда екі есеге арта бастады. Сондықтан жер бетіндегі ашаршылық, жұмыссыздық, аурулардың кеңінен таралуы материалдық байлықтың кедейлер мен байлар арасында дұрыс бөлінбеуінен емес, халықтың тез көбеюінен туындап отыр деп көрсетеді. Мальтуистік теорияның жақтастары жер бетінде артық дүниеге келген адамдар өздерін қажетті тұрмыстық заттармен және азық-түлікпен қамтамасыз ете алмайды деп есептейді. Ал, дүниеге келген артық тұрғындардың денсаулығы үшін күресу, әлеуметтік тұрғыда қорғау табиғаттың заңдылықтарына қайшы келеді. Ол аморальдық сипаттағы қимылдар және адамзаттың дамуын тежейді деп көрсетеді.

Адамзаттың даму тарихы, тұрғындардың құрамы мен санының табиғаттың заңдылықтарына сай түзелмейтіндігін көрсетіп отыр. Демографиялық үрдістің бағыты бірінші кезекте әрбір елде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық, саяси, экологиялық және медициналық ақуалдарға байланысты. Осы үрдістерді дұрыс қалыптастыра отырып демографияға әсер етуге болады. Оның мысалы ретінде франциядағы соңғы 20-30 жылда қалыптасқан демографиялық ақуалды алуға болады. Дұрыс және белсенді ұйымдастырылған демографиялық саясаттың арқасында, Франция мемлекетінің тұрғындары 50 миллионнан асып отыр. Ал, Жапонияда қолға алынған осындай саясат тұрғындардың жылдам өсуін тоқтатты. Бұл шаралардың барлығы дерлік Мальтуистік заңдарды дәлелдемейді, керісінше дұрыс ұйымдастырылған әлеуметтік-экономикалық саясаттың нәтжелері болып табылады.

Жаңа Мальтуистік теориялар да демографиялық үрдістің түбірінде табиғи заңдылықтар жатыр деп есептейді. Жер бетіндегі демографиялық ақуалды дұрыс қалыптастыру үшін өлім оқиғаларын тежемей, туылу оқиғаларын азайту қажет. Керекті жағдайда, адам санын төмендету үшін соғыс қимылдарын пайдалану керек деп түйіндейді. Бұл бағыттың ең белсенді қолдаушысы У.С. Томсон «Популяция және даму» атты еңбегінде: «Тұрғындардың тоқтаусыз өсімінен туындайтын қысымды азайту үшін туылу үрдісін қатаң бақылауға алу керек. Осындай бақылаудың тиімді жолы ретінде ашаршылықтан және аурулардан адамдардың өлімін жоғарылату. Ал осы шаралардың тиімсіз тұстарында соғыс қимылдарын қолдануды қажет» деп жазады. Жаңа Мальтуистердің бірі В. Фогт: «Соғыс және экономикалық тоқырау-демографиялық үрдісті реттейтін ең тиімді құрал» - деп атап өтеді. Осы бағыттың жеке мүшелері «Тұрғындардың оптималдық саны» деген концепцияны ұсынады. Олардың есебінше жер беті тұрғындарының оптималды саны 1 миллиард адамнан аспауы тиіс және әрбір тұрғын өз еңбегіне сай қажетті тауарлармен және азық-түлікпен қамтамасыз етілуі қажет. Алайда осындай оптимумды қамтамасыз ету үшін олар контрацептивтерді кеңінен қолдану, туылу оқиғаларын барынша азайту, соғыс қимылдарын қолданып, өлім деңгейін арттыру сияқты антигумандық әдістерді ұсынады. Соңғы кездерде синтетикалық немесе әмбебап теориялар қоғамдық денсаулық саласында жиі қолданыс таба бастады. Олардың қатарына қоғамдық жүйелер мен денсаулық сақтаудың конвергенциялық теориясы жатады. Бұл теория әлеуметтік жүйеде жоспарлау, мемлекеттік реттеу, бағдарламалау, маркетинг, менеджмент, заманауи индустриалдық технология, саяси технология сияқты қоғамдық механизмдерді пайдалану қажеттігін ұсынады. Бұл механизмдер қоғамда әлеуметтік гармония қалыптастырып, ғылыми-техникалық дамуды жылдамдатады деп есептейді. Басқаша айтқанда, денсаулық сақтау саласында тұрғындардың сұранысы мен мемлекеттің экономикалық шамасына тура келетін медицина жүйесін қалыптастыру қажеттігін дәлелдейді.

Осы бағыттағы екінші концепция «Адамдар капиталы» деп аталады. Бұл теорияны ұстанушылар, оның ішінде дүниежүзілік денсаулық сақтау Ұйымы (ДДСҰ) адам денсаулығына және медицина саласына қаржыны аяуға болмайды деп есептейді. Денсаулыққа кеткен қаржылай шығын үлкен экономикалық тиімділікпен қайтады. Қоғамның одан ары дамуына алып келеді. Керісінше, алды алынбаған аурушаңдық, мүгедектік және ерте жастан өлім оқиғалары мемлекетке орасан зор шығын келтіреді.

Медицинаның детерминациялық теориясы патологиялық үрдістердің дамуына алып келетін механизмдерді, денсаулықты сақтауға және қалыптастыруға байланысты заңдылықтарды біріктіре қарайтын бағыт болып табылады. Бұл теория бойынша барлық стрессорлар бір-бірімен тығыз байланыста және реактивті детерминация заңы бойынша әсер етеді деп түсіндіреді. Детерминацияның негізгі әсер ету бағытына қарай гомеостатикалық, эволюциялық, экологиялық, психосоматикалық, реактивтік детерминизм деп жіктеледі. Аты аталған теориялар денсаулық сақтау саласындағы барлық теорияларды қамти қоймайды. Олар тек ең жиі қолданылатын теориялар болып табылады.




    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет