Оқулық Шымкент 2012 жыл удк


Ауыл тұрғындарына медициналық көмекті ұйымдастыру ерекшеліктері



бет57/95
Дата07.01.2022
өлшемі1,99 Mb.
#18029
түріОқулық
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   95
4.3. Ауыл тұрғындарына медициналық көмекті ұйымдастыру ерекшеліктері.

Республика тұрғындарының саны жылдан жылға өсу үстінде. 2012 жылдың бірінші жартысында оның саны 16 800 000 адамға жетті. Тұрғындардың 45,2 % ауылдық жерлерде өмір сүріп жатыр. Ауылдық жердегі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Ауыл тұрғындары мен қала тұрғындары арасында медициналық көмекті ұйымдастыруда аса үлкен айырмашылықтар жоқ. Алайда ауылдық жердегі денсаулық сақтау жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Ауылдық жердегі еңбек ету және тұрмыстық ерекшеліктер медициналық көмекті ұйымдастыруға әсерін тигізеді. Бұл бірінші кезекте ауылды жердегі тұрғындардың қала тұрғындарына қарағанда өте сирек қоныстануы, елді мекендердің бір-бірінен және ірі аудан орталықтары мен өндірістік қалалардан алыс орналасуы, ауыл шаруашылығы өндірісінің маусымдық сипаты, жолдың нашарлығы және тағы басқа себептермен байланысты.

Ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек 2003 жылдың 12 қыркүйегінде жарық көрген денсаулық сақтау министірінің № 677 бұйрығына сәйкес ұйымдастырылады. Бұл бұйрықта ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті одан ары жетілдіруге және Қазақстан Республикасының «Денсаулық сақтау жүйесі» туралы заңын жүзеге асыруға бағытталған шаралар қарастырылған. Бұйрықта ауылдық жердегі медицина ұйымдарының түрлері мен жұмысын ұйымдастыру, оларды медициналық құралдар мен аппараттармен жабдықтау шамалары, ауылдық жерге қажетті мамандарды даярлау, оның ішінде жалпы тәжірибелік дәрігерлерді немесе отбасылық дәрігерлерді даярлап, оларды ауылдық жердегі медициналық көмекті ұйымдастыруға белсенді тарту мәселелерін шешу жолдары нақты етіп көрсетілген.

Ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек бірнеше кезеңде жүзеге асырылады. Ауылды жерлерде арнайы медицина мекемелері тұрғындарға қызмет жасайды, ал ауылдық денсаулық сақтау жүйесінде арнайы ұйымдастырушылық және әдістемелік жұмыстар қолданылады. Оның бірінші кезеңін ауылдық дәрігерлік учаске мен оның медициналық мекемелері құрайды. Екінші кезеңді аудандық медицина мекемелері түзеиді. Үшінші кезеңде облыстық және республикалық медицина мекемелері ауыл тұрғындарына арнайы мамандандырылған дәрігерлік көмек ұйымдастырады.

Бірінші кезеңде тұрғындарға медициналық көмекті учаскелік аурухана немесе дербес дәрігерлік амбулатория ұйымдастырады. Екінші кезеңде медициналық көмекті аудандық және орталық аудандық емхана мен аурухана көрсетеді. Ауыл тұрғындарына үшінші кезектегі медициналық көмекті облыстық, республикалық медицина мекемелері ұйымдастырады. Керекті жағдайда ауыл тұрғындарына медициналық көмекті қалалық мекемелер де бере алады.

Учаскелік аурухана мен дәрігерлік амбулаториидің негізгі қызметі – алғашқы білікті дәрігерлік көмек беру, санитарлық және эпидемияға қарсы шараларды жүзеге асыру болып табылады. Орталық аудандық аурухананың қызметі – арнайы мамандандырылған медициналық көмектің негізгі түрлері бойынша тұрғындарға көмек беру болса, облыстық және республикалық ауруханаларда жоғары білікті мамандандырылған медициналық көмектің барлық түрінен қызмет көрсетіледі.

Ауылдық дәрігерлік учаске – ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің бірінші кезеңі. Ауылдық дәрігерлік учаскенің құрамына ауылдық учаскелік аурухана немесе ауылдық дәрігерлік амбулатории, фельдшерлік-акушерлік бекет, перзентханалық бөлме,маусымдық немесе тұрақты бөбекжай, өндірістік мекемелердің фельдшерлік бекеттері кіреді. Бұл мекемелер ауылдық елді мекендердің орналасқан жеріне, елді мекеннің тұрғындар санына, қызмет көрсету радиусына, жолдың сапасы мен ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалына байланысты ұйымдастырылады. Аудандағы ауылдық дәрігерлік учаскенің саны тұрғындардың санына және орталық аудандық ауруханаға дейінгі қашықтыққа қарай анықталады. Дәрігерлік учаскенің қызмет көрсету аумағының радиусы 7-10 километрге дейін жететін болса, онда оның тұрғындарының орташа саны 5000-7000 адам болуы тиіс. Қызмет көрсету радиусы ауылдық дәрігерлік учаске орналасқан елді мекеннен ең алыста орналасқан қызмет көрсету бекетіне дейінгі арақашықтық болып табылады. Алайда, медициналық көмектің қол жетімділігіне тікелей әсерін тигізетін табиғи және экономикалық-географиялық себептерді есепке ала отырып, ауылдық дәрігерлік учаскенің аумағын және тұрғындардың санын әртүрлі етіп қалыптастыруға болады.

Ауылдық дәрігерлік учаскенің құрамына енетін медицина мекемелері ұйымдастырушылық тұрғыда біріктірілген. Олар учаскелік аурухананың немесе ауылдық дәрігерлік амбулаториидің бас дәрігерінің басқаруымен және біріңғай жоспар бойынша жұмыс атқарады. Ауыл тұрғындарының ең алғаш рет қаралатын медицина мекемесі – фельдшерлік-акушерлік бекет немесе медицина бекеті болып табылады. Осы медицина бекеттерінің көмегімен ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қол жетімділігі қамтамасыз етілді. Ауыл тұрғындарының өте сирек қоныстануына және ауылдық аурухананың қызмет көрсету аумағының үлкен болуына байланысты фельдшерлік-акушерлік (медицина) бекеттері ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмекті олардың тұратын жеріне барынша жақындатады. Ауылдық жердегі медициналық көмекті осылайша ұйымдастыру, оның қалалық денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастырудан айырмашылығын анықтайды.

Фельдшерлік-акушерлік бекеттерді ұйымдастыру үшін – ең жақын медицина мекемесіне дейінгі қашықтықтың 5 километрден асық және елді мекендегі тұрғындардың саны 700 адамнан артық болуы тиіс. Егер ең жақын орналасқан медицина мекемесіне дейінгі қашықтық 7 километрден артық болса, онда тұрғындардың саны 300-500 болатын елді мекендерде де фельдшерлік-акушерлік бекетті ашуға болады. Фельдшерлік-акушерлік бекеттердің негізгі міндеттеріне жататындар:

1) Ауыл тұрғындарына дәрігерге дейінгі медициналық көмекті беру;

2) Дәрігердің тағайындаған емдік шараларын дер кезінде және толық көлемде орындау;

3) Балалар мен жүкті әйелдер арасында патронаж ұйымдастыру. Бекітіліп берілген тұрғындардың денсаулығын жүйелі түрде қадағалау;

4) Дәрігердің басқаруымен тұрғындардың сырқаттылығын, оның ішінде инфекциялық, паразитарлық аурулармен, ауыл шаруашылық және тұрмыстық жарақаттармен сырқаттылығын төмендетуге бағытталған кешенді профилактикалық, санитарлық және эпидемияға қарсы шараларды жүзеге асыру;

5) Профилактикалық шараларды іске асыру, оның ішінде тұрғындар арасында иммунизацияны жүргізу;

6) Балалар мен аналардың өлімін төмендетуге бағытталған шараларды жүзеге асыру жұмыстары болып табылады;

Профилактикалық шараларды жүзеге асыру барысында фельдшерлік-акушерлік бекеттің қызметкерлері балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мекемелерін, коммуналдық, тағамдану, өндірістік және өзге нысандарды ағымды санитарлық қадағалау жұмысына тікелей араласады. Елді мекендердің сумен қамтамасыз етілуін, аумақтың санитарлық тазалығын бақылап, инфекциялық ауруларды кезінде анықтау мақсатында үйлерді аралайды, жұқпалы аурулармен арақатынаста болған тұлғаларды медициналық бақылауға алады. Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станцияның эпидемиология бөліміне белгілі болған инфекциялық, паразитарлық және кәсіби аурулар, санитарлық-гигиеналық талаптарды бұзушылық оқиғалары туралы шұғыл хабарнама түсіреді.

Ауылдық дәрігерлік учаскенің негізгі медицина мекемесіне учаскелік аурухана немесе дербес дәрігерлік амбулатории жатады. Учаскелік ауруханада көрсетілетін медициналық көмектің сипаты мен көлемі оның қуатына, жабдықталу дәрежесіне және мамандарының құрамына байланысты. Алайда учаскелік аурухананың қуатына қарамай тұрғындарға міндетті түрде терапевтік және инфекциялық ауруларға емханалық және стационарлық көмек берілуі тиіс. Сонымен қатар, жүктілердің босануына жәрдем ету, балаларға емдік-профилактикалық, неонаталдық, хирургиялық, травматологиялық және стоматологиялық көмек қамтамасыз етілуі қажет.

Учаскелік аурухананың қуаты қызмет көрсету аумағының радиусына, тұрғындардың саны мен орналасу тығыздығына, аудандық орталық ауруханаға дейінгі қашықтығына, өндіріс ошақтарының бар немесе жоқ болуына, жергілікті әлеуметтік-экономикалық және географиялық-климаттық жағдайға, жолдың ахуалына байланысты қалыптастырылады. Ауылдық учаскелік аурухананың 4 категориясы бар. Бірінші категориялық ауруханада 75-100 төсек-орын, екінші категориялық ауруханада 50-75 төсек-орын, ІІІ категориялық ауруханада 35-50 төсек-орын, ІV категориялық ауруханада 25-35 төсек-орын болады.Учаскелік аурухананың орташа қуаты 35 төсек-орын болуы тиіс.

І категориялық ауруханада терапиядан, хирургиядан, акушериядан, педиатриядан, инфекциялық аурулардан, туберкулезден төсек-орын қарастырылады. Бұл аурухана клиникалық-диагностикалық қондырғылармен қамтамасыз етіледі.

ІІ категориялық аурухананың терапевтік, хирургиялық, педиатриялық, акушерлік, инфекциялық ауруларға арналған төсек-орындары болады.

ІІІ категориялық аурухананың ересектерге және жас балаларға арналған төсек-орындары, хирургиялық, акушерлік және инфекциялық аурулар төсек-орындары болуы қарастырылған.

ІV категориялық аурухананың терапиялық, хирургиялық және акушерлік төсек-орындары бар.

Учаскелік аурухананың құрамында емханалық бөлімше де ұйымдастырылады. Ауылдық дәрігерлік учаскенің негізгі қызметі тұрғындарға емдік-профилактикалық көмек, санитарлық және эпидемияға қарсы шараларды жүзеге асыру болып табылады. Медициналық көмектің ең кеңінен таралған түрі – амбулаторлық көмек болып есептеледі. Ауылдық дәрігерлік учаскедегі тұрғындарға амбулаторлық көмек учаскелік ауруханада немесе дербес дәрігерлік амбулаторииде және фельдшерлік-акушерлік бекеттерде беріледі.

Учаскелік аурухананың дәрігері балалар мен ересек тұрғындардың арасында амбулаторлық қабылдау жүргізеді. Науқастарға үйінде медициналық көмек және жедел жәрдем береді. Ауылдық дәрігер жалпы тәжірибелік дәрігер болуы тиіс. Ауылдық жердегі амбулаторлық және стационарлық көмекті ұйымдастырудың мынандай ерекшеліктері байқалады.

Ауылдық дәрігердің амбулаторлық қабылдау уақтысы нақты белгіленбейді. Себебі, ауыл тұрғындарының маусымдық еңбек ету ерекшеліктері олардың дәрігерге келіп қаралу уақтысына өзгерістер енгізеді. Ауылдық дәрігердің міндеті ауыл еңбеккерлерінің мүддесін және денсаулығын сақтау саласындағы құқығын есепке ала отырып, медициналық көмекті барынша тиімді етіп ұйымдастыру. Дәрігердің жоқ кездерінде амбулаторлық қабылдауды фельдшер жүргізуі мүмкін. Науқастардың шақыруы бойынша учаскелік дәрігер, тек аурухана мен дербес дәрігерлік амбулатории орналасқан елді мекен тұрғындарына үй жағдайында медициналық көмек көрсетеді, ал өзге де елді мекендердің науқастарына фельдшерлік-акушерлік бекеттің фельдшерлері мен акушерлері қызмет жасайды. Ауылдық дәрігерлердің 1 жұмыс күні профилактикалық жұмыстарды жүргізуге арналады.

Дәрігерлердің стационарлық кезекшілігін атқаруына, үйінде отырып жүзеге асырылу құқығы беріледі. Алайда оның мекен-жайы мен телефоны кезекші медбикелердің алдында ілініп тұруы қажет. Егер науқасқа жедел медициналық көмек қажеттілігі туындаса, кезекші дәрігер түннің кез келген уақтысында жұмысқа шақырылады. Ауылдық (отбасылық) дәрігерлік амбулатория емдеу-профилактикалық ұйым болып табылады. Бұл ұйым қызмет көрсету аумағында сырқаттылықтың, мүгедектіктің алдын алуға және деңгейін төмендетуге, ауруды ерте кезеңнен анықтауға, дені сау және науқас адамдарды диспансеризация жасауға бағытталған кең ауқымды профилактикалық шараларды жүзеге асырады, тұрғындарға білікті медициналық көмекті берумен айналысады. Ауылдық дәрігерлік амбулатории дербес медициналық мекеме түрінде немесе ауылдық дәрігерлік аурухананың құрамында ұйымдастырылуы мүмкін. Бұл мекеменің негізгі атқаратын міндеттеріне жататындар:

1) Бекітілген тұрғындарға амбулаторлық немесе үй жағдайында

ауруханадан тыс дәрігерлік көмек көрсету;

2) Сырқаттылық пен жарақаттанудың, паразитарлық

және кәсіби аурулардың алдын алуға және деңгейлерін төмендетуге

бағытталған шараларды жүргізу және іске асыру;

3) Ана мен баланың денсаулығын қорғауға бағытталған емдеу-

профилактикалық шараларды жүргізу және іске асыру;

4) Ауылдық дәрігерлік амбулаториидің тәжірибесіне заманауи

профилактика, емдеу, диагностика әдістерін, озық амбулаториялық-

емханалық ұйымдардың алдыңғы қатарлы тәжірибесін қолданысқа

енгізу;


5) Қол астына қарайтын фельдшерлік-акушерлік бекеттерді

ұйымдастырушылық-әдістемелік тұрғыда басқару.

Амбулатории алдына қойылған міндеттеріне сай мынандай жұмыстарды жүзеге асырады:

1) Науқастарды амбулаторииде қабылдау және науқастарға үй жағдайында

көмектесу;

2) Қауырт ауруларға және кездейсоқ жағдайда туындаған оқиғаларға

байланысты алғашқы медициналық көмек беру, медициналық

көрсетілімге байланысты науқасты өзге емдеу-профилактика

ұйымдарына жіберу;

3) Аурудың ерте кезеңінде анықтау, уақтылы амбулаторлық тексеру,

емдеу және госпитализацияға даярлау;

4) Науқастарды тексеруді және емдеуді стационарлық мекеме мен

жедел және күттірмейтін медициналық көмек бөлімшесімен тығыз

байланыста жүзеге асыру;

5) Уақытша еңбекке жарамсыздықты сараптау, еңбекке жарамсыздық

парағын немесе анықтамасын беру;

6) Еңбекке тұрақты жарамсыздыққа ұшыраған тұлғаларды белгіленген

тәртіпке сәйкес еңбек және әлеуметтік тұрғыда қорғау

Министірлігінің органдарына бағытнама беріп, мүгедектік туралы

мәселені шешуге ықпал ету;

7) Диспансеризацияға жататын тұлғалардың арасында

профилактикалық медициналық тексеру жүргізу, оларды тоқтаусыз

бақылауға алу, денсаулығын жақсартуға бағытталған емдеу-

профилактикалық шараларды жүзеге асыру;

8) Ауыл шаруашылығы өндірісінің жұмысшыларын жаппай

маусымдық дала жұмыстары кезеңінде басым медициналық

көмекпен қамтамасыз ету;

9) Ана мен баланың денсаулығын қорғау;

10) Санитарлық және эпидемияға қарсы шараларды жүзеге асыру;

11) Белгіленген тәртіп бойынша, қызмет көрсету аумағында анықталған

инфекциялық, паразитарлық және кәсіби аурулар туралы

мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық станцияның

эпидемиологиялық бөліміне жедел хабарнама түсіру;

12) Фельдшерлік-акушерлік бекеттің жұмысын қадағалау және

тәжірибелік көмек беру үшін дәрігерлердің фельдшерлік-акушерлік

бекетке жоспарлы шығып тұруын қамтамасыз ету.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет