(ЮНИСЕФ)
Алғы сөз
Соңғы 20 жылда Қазақстан республикасы өз тәуелсіздігін экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрғыда барынша нығайтып, іргелі елдердің қатарына қосылуға нық қадам жасап үлгерді. Осындай оңды өзгерістер денсаулық сақтау саласында да орын алып отыр. Еліміздің тұрғындары жарқын болашақтың негізін қалап, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін жоғарлатып, оның қолданыс аясын кеңейтуге күш салуда. Медициналық жоғары оқу орны студенттері өзінің төл тілінде білім ала бастады. Алайда осы бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыруға қазақ тіліндегі оқу құралдарының жоқтығы айтарлықтай кедергі болып отыр.
«Қоғамдық денсаулық және денсаулықты сақтау» жеке медициналық ғылыми бағыт және оқу пәні ретінде тұрғындардың жалпы және бірыңғай топтық (жастық-жыныстық, әлеуметтік, кәсіби-өндірістік ж.т.б.) негізгі денсаулық көрсеткіштерін, тұрғындардың денсаулығын қалыптастыратын жағдайлары мен қатерлі себептерін зерттеп, оларға медициналық көмекті ұйымдастырудың, денсаулық сақтау мекемелерінің жұмыс атқару шарттарын жасау, медицина саласының мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелерін шешу жолдарын қарастырады. Бұл ғылыми бағыт пен оқу пәнінің қалыптасқанына аса үлкен уақыт өте қойған жоқ. Соңғы жүз жылда пәннің аты көптеген өзгерістерге ұшырады. Оның ішінде «Әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру», «Әлеуметтік медицина», «Әлеуметтік медицина, қоғамдық денсаулық» деген атаулары бар. Осы уақытқа дейін бұл бағыттың «Қоғамдық денсаулық және денсаулықты сақтау» деген дефинициясы ешқандай да күмән тудырған емес.
Сондықтан білім мен ғылым саласындағы аттестацияны қадағалау комитетінің дәрігерлер мамандығы бойынша тізбесінде осы атау тіркелген.
«Қоғамдық денсаулық және денсаулықты сақтау» пәні мен ғылыми бағыты популяциялық деңгейде денсаулықты зерттейді. Оның құрамында кешенді денсаулық көрсеткіштерін сараптау жұмысы бар. Әсіресе аурушаңдық, мүгедектік, туылу, өлім көрсеткіштерінің деңгейін, құрамын, динамикалық өзгерістерін өмір сүру ортасының денсаулыққа әсерін тигізетін себептерімен байланыстыра отырып сараптау ерекше орын алады. Осының арқасында тұрғындар денсаулығындағы өзгерістерін, әрбір аумақтағы тұрғындардың денсаулық жағдайын, оған жергілікті экологиялық, гигиеналық, әлеуметтік, экономикалық, өмір сүру салты себептерінің тигізетін әсерін жан-жақты ашып көрсетуге мүмкіндік туады.
Бұл пәннің екі үлкен бөлімі бар. Оның бірінші бөлімі негізінен денсаулықты сақтау және жақсарту мәселелеріне арналса, екінші бөлімі – денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселелерін қамтиды.
Осы пәнді оқу барысында алған білім, дәрігерлердің өз мамандығы саласында тиімді еңбек етуінің кепілі болып табылады. Себебі олар өз мамандығының аясында пациенттердің денсаулығын бағалау, медициналық көмекті ұйымдастыру, жаңа профилактикалық әдістер мен технологияларды жұмысына енгізу, емдеу-профилактикалық шараларды жүзеге асыру, диспансеризацияны сапалы іске асыру, көрсетілген медициналық көмектің сапасын анықтау, еңбекке жарамдылықты сараптау жұмыстарын жете меңгеруі тиіс.
Оқулықта жоғарыда аталған мәселелердің қазіргі жағдайы және оны тиімді шешу жолдары баяндалған. Тұрғындардың денсаулығын қорғаудың құқықтық негіздері, денсаулық көрсеткіштеріне әлеуметтік-гигиеналық және өмір сүру салты себетерінің әсері, өмір сүру сапасын бағалаудың жолдары, жаңа экономикалық қатынастарды денсаулық сақтау жүйесін қайта құру барысында ұтымды қолдану, менеджмент пен маркетингті медицина мекемелерінің қарқынды дамуында пайдалану, әртүрлі медициналық жағдайда қалыптасатын этика мәселелері кешенді және тереңдете ашып көрсетілген.
Пәннің құрамы отандық және шет елдердегі осы саладағы жетістіктерге сай түзелген. Кітаптың негізгі тарауларында оқу пәнінің тарихы, денсаулық сақтау жүйесінің дамуы, еліміздегі және шетелдердегі денсаулық сақтау жүйесі мен медицинаның негізгі теориялық мәселелері, халықтың денсаулық жағдайы мен оны зерттеу әдістері, салауатты өмір салтын қалыптастыру жолдары, медициналық статистика әдістерін қолдану, ұйымдастыру және басқару мәселелері, тұрғындардың әртүрлі топтарына медициналық көмекті беру, денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудің өзекті мәселелерін ашып көрсету жолдары баяндалған.
Оқулық медициналық оқу орны студенттеріне, «Қоғамдық денсаулықты сақтау» мамандығы бойынша магистратурада, РhD докторантурасында оқып жатқан, біліктілікті арттыру факультеттерінде білімін арттырып жүрген курсанттарға арналған.
Оқулықтың құрамы және мағынасы жөніндегі ой-пікірлеріңізді Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының «№1 Қоғамдық денсаулықты сақтау» кафедрасына жіберуіңізді сұраймын.
Достарыңызбен бөлісу: |