Оқулық Шымкент 2012 жыл удк



бет13/95
Дата07.01.2022
өлшемі1,99 Mb.
#18029
түріОқулық
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   95
Байланысты:
Boleshov KDS Okulyk

Сіздерді құрметтеуші,

кафедра меңгерушісі, м.ғ.д.,

профессор М.Ә. Бөлешов.

IБөлім____________________________________________________________
I тарау. Қоғамдық денсаулық және денсаулықты сақтау.


    1. Қоғамдық денсаулық және денсаулықты сақтау ғылым және оқу пәні ретінде.

Қоғамдық денсаулық және денсаулықты сақтау жеке медициналық ғылыми бағыт және оқу пәні ретінде XIX ғасырдың соңында пайда болды. Бұл ғылым адамдардың ұжымдық, әлеуметтік-кәсіби және жастық-жыныстық топтарының денсаулығын, өмір сүру жағдайы мен қоршаған орта себептеріне байланысты қалыптасу заңдылықтарын зерттейді.

Қоғамдық денсаулық және денсаулықты сақтау пәні қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік саясат саласындағы бағдарламаларының дамуына жауап беруі тиіс. Бұл ғылым денсаулық сақтаудың тактикасы мен стратегиясын анықтайды. Дәлелді зерттеу нәтижелерін пайдалана отырып қоғамдық денсаулықтың деңгейін көтеруге бағытталған ұйымдастырушылық, медициналық-әлеуметтік ұсыныстарды жасайды.

Қоғамның жоспарлы және тиімді дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекетке тұрғын халықтық даму заңдылықтары, еліміздегі демографиялық үрдіс, жалпы тұрғындардың және жеке топтарының негізгі аурулары туралы деректі мәліметтері қажет. Сонымен қатар, денсаулықтың бұзылыстарына алып келетін себептерді нақты көрсетіп, оны жақсартудың әдістерін жасау, тиімді медициналық көмекті ұйымдастырудың мүмкіндігін анықтап, денсаулық жағдайы мен денсаулық сақтау мекемесінің жұмысын бағалау әдістерін жетілдіру керек.

Осыған қарағанда қоғамдық денсаулықты сақтау атты ғылым үнемі әлеуметтік мәселелермен және үдерістермен астасып жатады, медицина мен қоғамдық пәндер арасындағы көпір болып табылады. Бұл бағыттың негізгі мақсаты медицинаның әлеуметтік мәселелерін шешу деп қарастырған жөн.

Академик Юрии Павлович Лисицын біздің ғылыми бағыттың негізгі міндеті әлеуметтік ортаның адамдар денсаулығына тигізетін әсерін тереңдете зерттеп, өмір сүру ортасының зиянды әсерін жоюға бағытталған тиімді профилактикалық шараларды құрастыру деп есептейді. Әсіресе денсаулыққа жайлы әсер ететін себептерді, қоғамның мүмкіндіктері мен қорларын тиімді пайдаланып тұрғындардың денсаулығын барынша жақсарту қоғамдық денсаулықтың алдына қойған маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.



«Қоғамдық денсаулық және денсаулықты сақтау» атты ғылыми бағыт пен оқу пәннің туындауына алып келген себептерге төмендегілер жатады.

  1. Тұрғындардың денсаулық көрсеткіштерінің қалыптасуына мемлекет пен қоғамның әртүрлі институттары нақты әсерін тигізе бастады;

  2. Тек қана жеке адамның денсаулығы мен ауруының сипатын емес, сонымен қатар біріңғай қоғамдық топтардың және жалпы халықтың денсаулығы мен ауруының сипатын және табиғатын ғылыми тұрғыда түсіндіру қажеттігі туындады;

  3. Профилактика негіздерін меңгерген медицина мамандарын даярлау үшін медициналық білім жүйесіне қоғамдық денсаулық сұрақтарын, оның ішінде әлеуметтік патология сұрақтарын енгізу қажет болды. Аты аталған шараларды жүзеге асырудың маңызды шарты, тұрғындардың ортасында кеңінен таралған аурулардың табиғатын және адамдар денсаулығының әлеуметтік, қоғамдық мәнін ғылыми тұрғыда дәлелдеу болып табылады.

XIX ғасырдың басына дейін жер бетінде кеңінен таралған ауруларға инфекциялық және паразитарлық патологиялар жатты. Жеке даму үстіндегі және дамымай қалған мемлекеттердің тұрғындары арасында осы аурулар қазіргі күнге дейін басым ролге ие болып отыр деуге болады. Сондықтан олар мемлекет басшылары мен үкіметтің, қоғамдық күштердің тұрғындар денсаулығын қорғауға және алдын алуға бағытталған шараларын ұйымдастыру барысында бірінші кезекте есте ұстайтын аурулары болып келді. Осы ауруларға қарсы күрес мемлекеттің әлеуметтік саладағы ең маңызды саясатын құрайды. Құлдық заманнан бері қалыптасқан медицина тарихы дәрігерлердің тоқтаусыз ізденістері инфекциялық және паразитарлық аурулардың профилактикасын жетілдіруге, оның ішінде аса қауіпті эпидемиялық ауруларды ауыздықтауға бағытталғандығын көрсетеді. Бірақта осы аурулардың нақты себептерін анықтамай, оларға қарсы күресте жеңіске жету мүмкін емес еді. Сол заманда инфекциялық және паразитарлық аурулардың шығуы туралы теориялар, оның ішінде «миазмалар», «монадтар» және «контагиялар» туралы түсініктер эпидемиялардың одан ары өршуіне ешқандай да тоқтау сала алмады. Тек XIX ғасырда микроорганизмдер мен вирустарды анықтап, олардың инфекциялық аурулардың туындауындағы атқаратын ролі толық ашылғаннан кейін иммунитет туралы ғылыми бағыттың негізі қаланып, тұрғындардың денсаулығын қорғауға бағытталған шаралар белсенді түрде жүзеге асырыла басталды. Алайда инфекциялық ауруларды жеңу үшін мемлекеттік шараларды қолға алу қажет болды. Бактериология және вирусология саласындағы ғылыми жетістіктерді инфекциялық ауруларды тоқтатуға бағыттау тек қана мемлекеттік құрылымдардың қолынан келетін жұмыс болып шықты. Осы шараларды жүзеге асыратын медицина мамандарын даярлау, арнайы эпидемияға қарсы шараларды жасау және оны жүзеге асыру, профилактиканың ғылыми негізін қалап, тұрғындар арасында кеңінен таралған ауруларды қатаң бақылауға алу үшін көп қаржы мен осы үрдістерге бақылау жүргізетін мемлекеттік құрылымдар қажет еді. Жоғарыда аты аталған жағдайлар мен себептер қоғамдық денсаулық туралы ғылым мен пәннің қажеттілігін туындатты. Қоғамдық денсаулықтың ғылыми бағыт ретінде қалыптасуына социология, экономика, психология және статистика ғалымдары ерекше үлес қосты. Әсіресе статистика ғылымы тұрғындардың денсаулығын бағалауда, оның себептік байланыстарын сандық және сапалық тұрғыда анықтауда, медицина мекемелерінің қызметін сараптауда басты роль атқарады.

Қоғамдық денсаулық туралы түсінікке Л. Пастер, Р.Кох және И.И Мечниковтың еңбектері ерекше үлес қосты. Олардың аса қатерлі жұқпалы инфекциялық ауруларға арналған еңбектері иммунологияның дамуына негіз қалады. Демографиялық және социологиялық ғылымның жетілуіне Т. Мальтустың, А.Ж. Гобино мен Ф. Гальтонның халықтардың даму заңдылықтары туралы туындылары жайлы жағдай қалыптастырды. Ал, санитарлық статистиканың ғылыми тұрғыда негізделуіне Д. Граунттың, В. Петидің, Я. Бернуллидің және П. Лапластың қосқан үлестері өте үлкен. Ж. Бартильон аурулардың классификациясы мен номенклатурасын жасап, денсаулық көрсеткіштерін жүйелі зерттеудің негізін қалады.

Капиталистік қоғамның ең маңызды әлеуметтік жетістігі ретінде жұмысшылар арасында ірі топтардың пайда болып, өз мүдделерін қорғауға белсене кірісуі деп қарау қажет. Жұмысшылардың әлеуметтік салада қойған талаптарының ең маңыздысы денсаулықты қорғау және әлеуметтік сақтандыру мәселелері болып табылады. Сондықтан өкімет орындары әлеуметтік саясатқа барынша көңіл бөліп, медициналық көмекті ұйымдастырудың тиімді жолдарын қарастыра бастады. Жеке қоғамдық топтардың денсаулығына экономды және жайлы әсер ету әдістерін іздестірді. Алайда капиталистік мемлекеттердегі тұрғындардың денсаулығын қорғау және медициналық көмекті ұйымдастыру шаралары жұмысшылардың талабын қанағатандыра қойған жоқ. Сондықтан 1830 және 1848 жылдары Еуропа мемлекеттерінде жұмысшылардың жаппай наразылығы орын алды. Жұмысшылар қозғалысының қоғамдық және әлеуметтік сипатын Англядағы чартистік қозғалыстан айқын байқауға болады. Еңбекшілер қозғалысының пәрменділігіне байланысты жеке Еуропа мемлекеттерінде жұмысшыларға әлеуметтік көмек көрсету, сақтандыру және денсаулығын қорғау туралы заңдар қабылданды. Ал, Россияда фабрика-заводтық медицина жүйесі құрылды.

Әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен ғылыми-техникалық даму ғылыми бағыттардың жіктелуіне және олардың нақты қалыптасуына алып келеді. Осыдан, XIX ғасырдың екінші жартысында жаңа ғылыми пәндер пайда болды. Медицина саласында неврология, офтальмология, педиатрия, оториноларингология, патологиялық физиология, гистология, адам эмбриологиясы атты ғылыми бағыттар пайда болып, тез дами бастады. Осы кезеңде жүйке қызметінің физологиясы айтарлықтай жеңіске жетті. Жоғары жүйке қызметінің физиологиясы, нервизм, организмнің тіршілік қызметтерін басқару туралы ғылыми қағидалардың пайда болуы осы жетістіктердің жоғары шыңы деп қарастыруға болады.

Жаңа ғылыми бағыттардың қатарында эксперименталдық гигиена да бар еді. Оның міндеттеріне организмге қоршаған ортаның физикалық, химиялық, биологиялық себептерінің әсерін зерттеу жатқызылды. Алайда, осы бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген жеке ғалымдар адамды биологиялық түр ретінде қарастырып қоймай, сонымен қатар оның әлеуметтік және қоғамдық ерекшеліктеріне де көңіл бөлу керектігін анықтады.

Сондықтан адамдардың әлеуметтік жағдайын, олардың арасында ауру тудыратын әлеуметтік себептерін зерттеуге деген қызығушылық туындады. Осылайша гигиена ғылымының әлеуметтік, қоғамдық бағыттарының қалыптасуына және зерттеу жұмыстарының басталуына негіз қаланды. Бұл жаңа ғылыми бағыт қоғамдық денсаулық және денсаулықты сақтау деген атқа ие болды.

Бұл бағыттың қарқынды дамуы қоғамдық денсаулықтың оқу пәні және ғылыми бағыт ретінде айқындалуына себеп болды. Осы ғылыми бағыт өзінің зерттеу нысаны ретінде тұрғындардың денсаулығын және оның қалыптасуына алып келетін әлеуметтік-гигиеналық себептерді, медициналық көмекті ұйымдастыру және денсаулықты басқару мәселелерін қарастырды. Ғылыми бағыттың дамуының негізі етіп социологиялық, статистикалық, демографиялық, экономикалық, философиялық ғылымдардың жетістіктері пайдаланылды. Ал өзінің негізгі міндеті етіп тұрғындардың денсаулығын қорғау және медициналық көмекті ұйымдастыру саласында әлеуметтік саясатты жүзеге асырудың ғылыми тұрғыда негізделген ұсыныстарын жасау деп алды.

Озық ойлы ғалымдар мен педагогтар, медицина саласының оқытушылары денсаулықтың қалыптасуында қоғамдық себептердің алатын орнын дұрыс бағалай білді. Сондықтан медицина саласындағы керіағар топтардың кедергісін бұзып, қоғамдық гигиена, профилактикалық медицина, қоғамдық денсаулық көрсеткіштері негіздерін оқытатын оқу бағдарламаларын жасап, лабороториялар ашып, курстар ұйымдастырды. Медициналық статистиканы қоғамдық денсаулықты бағалау үшін қолдана бастады. XIX ғасырдың 60 жылдары Қазан университетінің профессоры А.В. Петров қоғамдық денсаулық және қоғамдық гигиена пәндерінен лекциялар оқыды, ал 70 жылдары осы жоғары оқу орны студенттері арасында медициналық география және медициналық статистика курстарын ұйымдастырды. Алайда бұл курстар тұрақты бола қойған жоқ. Олар басқа пәндердің құрамдық бөлігі ретінде қарастырылды.

Москва, Петербург, Киев, Харьков қалаларында орналасқан жоғары оқу орындарында бұл курстар кеңінен енгізіле бастады. Қоғамдық денсаулық пәні мен ғылымының одан ары дамуына профессорлар А.И. Шингарев, А.В. Корчаг-Чепурковский, С.Н. Игумнов, Л.А. Тарасевич, З.З. Френкель, П.Н. Диатроптов және басқалар үлкен үлестерін қосты. Алайда бұл еңбектер жаңа оқу мамандығы мен ғылыми пәнінің алғашқы қалыптасу нышандары еді.

ХIX ғасырдың екінші жартысында жүрген қоғамдық қозғалыстардың, фабрика-заводтың қайта құрылыстарының және өзге де әлеуметтік себептердің әсерінен Россия империясында алғаш рет қоғамдық гигиенаның негізі туындады. Ол қоғамдық денсаулық туралы деректерді зерттеді және оқытты, демография және жеке аурулардың таралуы туралы алғашқы дәрістер өткізіді. ХХ ғасырдың басында Германияда әлеуметтік медицина деген атаумен алғашқы оқу пәні дүниеге келді. 1903 жылы жас дәрігер Альфред Гротьян әлеуметтік медицина атты арнайы журнал шығарып, 1905 жылы Берлинде әлеуметтік гигиена мен медициналық статистикадан ғылыми қоғам ұйымдастырды. 1912 жылы осы мамандық бойынша доцентураның ашылуына қол жеткізді, ал 1920 жылы Берлин университетінде әлеуметтік гигиена кафедрасын ашты. Осы кезеңнен бастап әлеуметтік гигиена кафедралары Германияның өзге қалаларында, Еуропа мемлекеттерінің университеттерінде ашыла бастады. Олардың меңгерушілері А. Фишер, С. Неиман, Ф.Принцинг, Э.Ресле, Дж.Граупт, У. Фарр, Дж. Прингль, А.Телески, Б.Хайес қоғамдық денсаулықтың одан ары тереңдеуіне айтарлықтай үлес қосты. Олар тұрғындар денсаулығына әсерін тигізетін әлеуметтік және гигиеналық себептерді кешенді түрде зерттей бастады. Әлеуметтік топтардың денсаулығын мемлекеттік тұрғыда қорғауға бағытталған ұсыныстар мен талаптарды құрастырумен айналысты. Заводтар мен фабрикаларда, шахталарда еңбек етушілердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру, медициналық көмек беру, санитарлық заңдар құрастыру әлеуметтік қамтамасыздандыру жұмыстары қоғамдық денсаулық ғылымының өзекті мәселелерінің қатарына жатқызылды.

Сонымен озық ойлы ғалымдар қоғамдық денсаулықты қорғау жұмысын жеке адамның денсаулығын қорғаудан өзгеше етіп ұйымдастыру қажет екендігін дәлелдеп, осы істі жүзеге асырудың әдістемелерін айқындап берді. Қоғамдық денсаулықты түзейтін негізгі әлеуметтік гигиеналық себептердің қатарын анықтап, олардың тигізетін кері әсерін сандық және сапалық тұрғыда бағалау жолдарын әдістемелік тұрғыда негіздеді. Бұл пәннің және ғылыми бағыттың одан ары дамуына Батыс Еуропаның жаңа буынды ғалымдары да айтарлықтай үлесін қосуда. Олардың қатарында Р. Дюбо, К. Эванг, П. Делор, Х. Дон, Т. Персон, Э. Френдсон, Л. Бернар, М. Кандау, Х. Маллер сияқты жаңа әлеуметтік гигиена, қоғамдық денсаулық мектептерінің ізбасарлары бар. Аты аталған ғалымдар қоғамдық денсаулықтың әлеуметтік қырларын жете зерттеп, медициналық көмек сапасын жақсартуға бағытталған реформаларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосуда. Олардың ғылыми еңбектерінде маңызды және көңіл бөлерлік бақылаулар мен қортындылар, ғылыми қағидалар мен тұжырымдар бар. Себебі қол жеткізген ғылыми нәтижелер тиімді социологиялық, психологиялық, экономикалық және статистикалық әдістерді қолдана отырып алынды. Қоғамдық денсаулықты және медицинаны одан ары жетілдіру мақсатында жасалған тәжірибелік ұсыныстар, нарықтық экономикаға бейімделген әлеуметтік жүйелердің қоғамдық бағытта дамуына ықпал етті. Капиталистік қоғамға тән көптеген әлеуметтік және медициналық шиеленістердің түйінін шешуге көмектесті. Осы саланың озық ойлы ғалымдарының еңбегінде келтірілген әлеуметтік экология, әлеуметтік бейімделгіштіктің бұзылуы, психоаналитикалық психосоматика сияқты қағидалар капиталистік мемлекеттерде жиі орын алатын әлеуметтік шиеленістердің алдын алуға бағытталған «Әлеуметтік терапиясын» жасауға бағытталған.

Сондықтан да ағылшын тілінде сөйлейтін мемлекеттерде бұл ғылыми бағыт көбнесе превентивті (алдын алу) медицина деп аталса, французша сөйлейтін елдерде медициналық социология немесе әлеуметтік медицина деген атпен белгілі. Америка құрама штаттарында біздің пәнді медицина социологиясы немесе денсаулық сақтау социологиясы деп атау орныққан.

Кеңестер Одағында бұл пәнді әр кезеңде әртүрлі аттармен атады. Бастапқыда біздегі бағыт «денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру», «денсаулық сақтау теориясы мен ұйымдастыру», «әлеуметтік гигиена», «әлеуметтік гигиена мен денсаулық сақтауды ұйымдастыру» деген атаулармен анықталса, қазіргі таңда «Медициналық социология», және «Әлеуметтік медицина» деген атаулар жиі қолданылуда. Қоғамдық денсаулықтың теориясы мен әдістерінің дамуына Чехославакия ғалымдары З. Штих, А. Буреш, Болгария ғалымдары Н. Гогов, Е.Апостолов, П. Коларов, Польша ғалымдары Е. Штахельский, М. Сокольска айтарлықтай үлестерін қосты.

Қоғамдық денсаулықты тексеруге арналған ең ірі ғылыми орталық Лондондағы тропикалық медицина институтында ашылған. Оның негізгі ғылыми зерттеу жұмыстары беиэпидемиялық аурулардың таралуы, медицина тарихы және денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру, жалпы гигиена мен медициналық-санитарлық көмектің сапасын арттыру мәселелеріне арналған. Біздің ғылыми мәселелерімізбен айналысатын арнайы ғылыми зерттеу институттары Прага мен Будапеште ұйымдастырылған. Олар денсаулық сақтау институттары деп аталды. София мен Бухаресте ашылған гигиена мен денсаулық сақтау институты, Франциядағы эпидемиологиялық зерттеу институты, Америка құрама штаттарындағы ұлттық статистика орталығы да қоғамдық денсаулық саласында зерттеу жұмыстарын атқаруда. Қоғамдық денсаулық мәселелеріне арналған ғылыми еңбектердің нәтижелері Бухаресте шығатын «Денсаулық сақтау», Америка құрама штаттарында және Англияда жарық көретін «Денсаулық сақтау», «Госпиталь», «Ланцет», Францияда шығатын «Қоғамдық денсаулықтың жаңалықтары» атты журналдарда жариялануда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Дүниежүзі денсаулығы», «Халықаралық денсаулық сақтау форумы», «Дүниежүзілік денсаулық сақтау бюллетені» атты журналдарында да қоғамдық денсаулық сақтау мәселелеріне жиі көңіл бөлінеді. Біздің салада еңбек етіп жатқан мамандарды біріктіретін ұлттық және халықаралық ғылыми қоғамдар да аз емес. Олар медициналық демография, денсаулық сақтау статистикасы мен ақпараттары, әкімшілік, денсаулық сақтау экономикасы мен жоспарлау, госпитальдық іс және басқа өзге мәселелерді қарастырады.

Қоғамдық денсаулық және әлеуметтік медицина пәні дүниежүзілік медициналық жоғары оқу орындарының барлығында оқытылды. Алайда бұл пәнді өзге пәндермен қоса қарастыратын оқу орындары да аз емес. Оның ішінде қоғамдық денсаулық пен гигиена, эпидемиология, еңбек медицинасы, социология, статистика мен ақпараттық технология пәндерімен бірге өткізу оқиғалары жиі кездеседі. Алайда осы пәндер бойынша жасалған оқу бағдарламаларында міндетті түрде социология, денсаулық сақтау статистикасы, эпидемиология, және беиэпидемиологиялық аурулар, информатика мен электронды есептеуші машиналар, медицина мекемелерінің жұмысын ұйымдастыру, басқару (менеджмент), денсаулықты сақтандыру сияқты қоғамдық денсаулықтың маңызды тақырыптары қарастырылған. Сонымен қатар қоғамдық денсаулық пәні бойынша оқулықтар және әдістемелік нұсқаулар, көмекші құралдар жарық көруде. Америка құрама Штаттарында, Польша мен Румынияда, Франция мен Германияда қоғамдық денсаулық мәселелеріне арналған оқулықтар «Әлеуметтік медицина», «Медициналық социология», «Медицина социологиясы» деген атаулармен жарық көрген. Сондықтан қоғамдық денсаулық атты пән мен ғылыми бағыт медицина ғылымының аса маңызды бағыттарының бірі болып қалыптасып келе жатыр деуге толық болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет