4.2. Әйелдер мен балаларға емханалық және стационарлық көмекті
ұйымдастыру.
Аналар мен балалардың денсаулығын қорғау мемлекет тұрғындарының денсаулығының жоғары деңгеиде сақталуы мен одан ары кушеюінің кепілі болып табылады. Адамдардың денсаулығы балалық шақтан қалыптасады. Сондықтан ересек тұрғындардың денсаулығы балалардың дені сау болып өсуіне тәуелді болып келеді. Ал, нәрестелер мен сәбилердің денінің саулығы аналардың денсаулық жағдайына тікелей байланысты екендігін есепке алсақ, онда бала мен ананың денсаулық жағдайларын бөле қарауға болмайтындығы айтпаса да түсінікті болады.
Арнайы жүргізілген таңдамалы социологиялық-медициналық зеттеу нәтижелері балалардың денсаулық көрсеткіштері деңгеиінің 30%- деиін аналардың бала көтерудің алдындағы , бала көтеру, босану барысындағы денсаулыгына және оның әдеттеріне байланыстылыгын көрсетті. Көне заманның философы Ликурт " Халықтың байлығы әйелдердің дені сау денесінде сақтаулы" деп айтып кеткен. Сондықтан ана мен баланың денсаулығын барынша жақсарту кез келген мемлекеттің стратегиялық маңызы бар міндеті болып табылады. Осы міндетті сапалы да тиімді етіп шешу үшін біздің Республикамыздың денсаулық сақтау саласында арнайы ана мен баланың денсаулығын қорғау жүйесі құрылған . Бұл жүйенің маңыздылығы балалар мен аналардың өлімге ұшырау жиілігі аса жоғары деңгейде қалыптасуы жағдайында ерекше арта түседі. Біздің еліміздегі аналар мен балалардың саны тұрғындардың құрамында айтарлықтай үлеске ие болып отыр. Мысалы, фертильдік жастағы әйелдердің үлес салмағы тұрғындардың жалпы санының 28,0 %-ын құраса, балалардың үлес салмағы 24,3 % -ға дейін жетеді.
Акушерлік гинекологиялық көмек жүйесінде әйелдерге кеңес беру жетекші орын алады. Бұл сала әйелдер денсаулығына өмір бойы амбулаторлық-емханалық бақылау жүргізеді. Осы қызмет учаскелік шарт бойынша жүзеге асырылады, сондықтан амбулаторлық-емханалық мекемелер құрамында ұйымдастырылады.
Акушерлік-гинекологиялық учаске 2 терапевтік учаске әйелдерін медициналық бақылаумен қамтиды. Бұл учаскеде орта есеппен 2000-2500 әйел дәрігерлік бақылауда болады. Учаскелік акушер-гинекологтар өз бақылауындағы әйелдерге әртүрлі емдеу-диагностикалық көмек көрсетеді, әлеуметтік-құқықтық кеңес береді. Әйелдерге көрсетілетін амбулаторлық-емханалық медициналық көмек сапасын арттыруда лабораториялық-диагностикалық қызметтің жұмысын жетілдірудің, эндокринологиялық, иммунологиялық, биохимиялық зертханаларды құрудың, қызметтік диагностика кабинеттерін заманауи технологиялармен жабдықтаудың және медициналық генетика лабораториясын ұйымдастырудың маңызы өте үлкен.
Учаскелік акушер-гинекологтардың ең маңызды жұмыстарының қатарына профилактикалық жұмыстар жатады. Олардың ішінде, біріншілік профилактика шаралары басым орын алады. Оның міндеттеріне әйелдерді тек жүктілік кезеңінде бақылау жатпайды, сонымен қатар әйелдерді өмір бойы бақылап, олардың организмінде кез келген аурудың туындауына қарсы шараларды жүзеге асыру кіреді. Учаскелік акушер-гинекологтардың профилактикалық жұмысының ең маңызды бөлігін әйелдерді жүктілік кезеңінде және босанғаннан кейінгі 1,5-2 жыл бойы бақылау құрайды.
Бұл жұмыстың сапасын арттыру үшін, акушер-гинекологтардың гигиеналық тәрбие және санитарлық ағарту мәселелері бойынша білімі мен біліктілігін арттыру қажет. Әсіресе әйелдердің жүктілігінің ерте кезеңінде (12 аптаға дейін) акушер-гинекологқа келіп, бақылауға тұруына баса көңіл бөлген дұрыс. Жүктіліктің ерте кезеңінде акушер-гинекологтарға қаралу дәрігерлік тексеруді, мамандардан кеңес алуды толыққанды жүзеге асыруға, экстрагениталдық аурулар мен акушерлік патологияларды дер кезінде емдеуге жағдай туғызады. Ал, осы шаралардың сапалы ұйымдастырылуы перинаталдық өлімді, шала туылу немесе төмен салмақта туылу оқиғаларын барынша азайтады.
Әйелдер арасында босанғаннан кейін 1,5 жыл бойы міндетті диспансерлік бақылау орнатылады. Осы кезеңде әйелдердің жүктілігінің немесе босану барысының асқынуынан созылмалы экстрагениталдық ауруларының қозуы күшеие түседі. Әртүрлі гинекологиялық аурулардың алдын алуда түсік тастау профилактикасының атқаратын ролі жоғары. Бұл жұмыс қажетсіз жүктілікті болдырмау шараларын және оның алдын алуда заманауи контрацепциясын қолдану мәселелерін қамтиды. 2010жылғы статистикалық деректерге қарағанда әлеуметтік айғақтар бойынша 1440 және 29 криминалдық аборттар жасалған. 1000 ұрпақты болу жасындағы әйелдерге балап есептегендегі аборттар саны 2010 жылы 23,0 оқиғаны құраса, 2011 жылы 20,7 оқиғаны түзеді. 100 тірі және өлі туған нәрестелерге балап есептегенде аборттар саны 2010 жылы 28,5, ал 2011 жылы 25,0 оқиғаға тең болып шықты. Аборт жасау оқиғаларының ең жоғары деңгейі Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында сақталуда. 1000 ұрпақты болу жасындағы әйелдерге балап есептегенде осы облыстарда аборт жасау 28,1 (Қостанай облысы) оқиғадан 41,3 (Ақмола облысында) оқиғаға дейін жетеді.
Аборттан кейін туындайтын асқынулар да өте жиі кездеседі. Мысалы бірінші рет жүкті болғандар арасында аборттың саны 1000 адамға балап есептегенде 8,4 оқиғаны құраса олардың арасындағы асқынулар деңгейі 95 % дейін жеткен. Жалпы Республика бойынша 2010 жылы 1440 аборт, ал 2011 жылы 1254 аборт жасалған. Осы оқиғалардың асқынуы 2010 жылы 35,9 % (518 оқиға), 2011 жылы 32,5% құрады. Аборттан туындайтын асқынуларға жатырдың тесілуі (4,2% ), қан кету (33,8 %), жұқпалы инфекциялардың туындауы (14,5% ), өзге де себептер (47,5% ) жатады. Аборттан кейінгі өлім деңгейі де (0,01%00 ) төмендемей отыр.
Гинекологиялық аурулар жүктілік барысын және босану мен босанудан кейінгі кезеңдердің асқынуын арттыратын негізгі себептердің қатарына жатады. Ал гинекологиялық аурулардың нақты таралу деңгейі 1000 фертильдік жастағы әйелге балап есептегенде 290-300 оқиғаны құрайды.
Республика президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2012 жылдың 14 ақпанында « Аналарды қорғау туралы 1995 жылғы конвенцияны қайта қарау туралы конвецияны ратификациялау » туралы заңға қол қойды. Бұл конвенцияда аналарды қорғауды қамтамасыз ету, олардың репродуктивтік ролін арттыру шаралары қарастырылған. Ұлттық заңда мемлекеттік органдардың аналар мен балалардың денсаулығына туындайтын қауіп- қатерлердің алдын алудағы, жүкті және бала емізуші әйелдердің жайлы еңбек ету жағдайын қамтамасыз етудегі жауапкершіліктері анықталған. Сонымен қатар жүктілікке байланысты декреттік демалысты, ауруға, жүктіліктің және босанудың асқынуына байланысты қосымша демалыс, қаржылай көмек және еңбек ету орнында дискриминацияға жол бермеу мәселелері көтерілген.
Гинекологиялық ауруларды дер кезінде анықтау мақсатында профилактикалық тексерулер ұйымдастырылады. Оның барысында гинекологиялық аурулардың 70%-на дейін анықталады. Алайда, фертильдік жастағы әйелдердің профилактикалық тексерумен қамтылуы 30 % артпайды. Әйелдерді диспансеризациямен қамту тиімділігін және оның дер кезінде жүзеге асырылуын зерттеу, бұл жұмыстың 60 % аспайтындығын көрсетті. Әсіресе диспансерлік бақылауға алудың дер кезінде жүзеге асырылуы қатерсіз ісіктерге байланысты 90-95 % құраса, қабыну ауруларына байланысты 20 % аспайды. Әйелдерге стационарлық көмек перзентхананың, перинаталдық орталықтың немесе көпсалалы аурухананың акушерлік-гинекологиялық бөлімшесінде беріледі.Акушерлік-гинекологиялық стационарлар құрылымын жетілдірудің арқасында патологиялық жүктілігі бар әйелдерге арналған төсек- орындар саны 35% дейін артты. Осыдан денсаулығында патологияның алғашқы белгілері бар жүкті әйелдерге стационарда сапалы емделу мүмкіндігі айтарлықтай жоғарылады.
Стационарлық көмекті ұйымдастыруда қабылдау бөлімшесінің жұмысын жетілдіру ісіне баса көңіл бөлу қажет. Гинекологиялық аурулар мен жүкті әйелдерді бөлек қабылдайтын бөлмелерді жасақтау, жүкті әйелдерді арнайы бокстарда қабылдау, дені сау жүкті әйелдердің ауырған әйелдермен кездесуінің алдын алады. Инфекцияның таралуына жол бермейді. Дәл осы себептен босану бөлімшелерін физиологиялық және обсервациялық деп екіге жіктейді. Жаңа туылған нәрестелердің бөлімшелерін де физиологиялық және обсервациялық бөлімшелер жанынан ұйымдастырады. Физиологиялық бөлімшенің жанында ұйымдастырылған нәрестелер бөлімшесіндегі палаталар 4 төсек-орыннан артпауы тиіс, ал обсервациялық бөлімшесінің жанындағы нәрестелер палатасы 1-2 төсек-орыннан тұруы дұрыс болады. Аурухананың ішінде әртүрлі инфекция туындамас үшін арнайы санитарлық-гигиеналық ереже сақталады. Осы мақсатта босану бөлімшесіндегі палаталар санитарлық-гигиеналық дайындықтан өтіп, барлық төсек-орындар бір мезгілде толтырылады. Гинекологиялық бөлімшелердің оперативтік және консервативтік түрлері бар. Егер гинекологиялық стационардың қуаты жеткілікті болса, онда оперативтік және консервативтік бөлімшелер аурулардың түрлеріне қарай ұйымдастырылады.
Төсек-орын қорын дұрыс пайдалану үшін гинекологиялық стационарларда емделіп шыққан әйелдердің ауру тарихының көшірмесі де қажетті мәліметтерді толық қамтуы тиіс. Осы деректер әйелдерді учаскелік акушер-гинекологтың одан ары сапалы қадағалауына және диспансерлік бақылауды тиімді ұйымдастыруына кепіл болады.
Балаларға амбулаторлық-емханалық көмекті балалар емханасында ұйымдастырады. Балалар емханасының біріктірілмеген және балалар ауруханасымен біріктірілген түрлері бар. Өзінің қызмет көрсету аумағында емханалар 14 жасқа дейінгі балаларға (14 жыл 11 ай 29 күн) емдеу-профилактикалық көмек береді. Медициналық көмек емханалық жағдайда, науқастың үйінде, мектепке дейінгі мекемелер мен мектеп қабырғасында беріледі. Балалардың 85 % емдік-профилактикалық көмекті емханадан бастап алады және осы мекемеде аяқтайды. Емхананың медициналық көмекті ұйымдастыруы міндетті түрде учаскелік шарт пен диспансерлік әдісті негіз ете отырып жүзеге асырылады. Педиатриялық учаскеде туылғаннан 14 жасқа дейінгі 700-800 бала бақылауда болуы тиіс. Қазіргі таңда балаларға көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің ауқымы арта түсуде. Осыған қарамай емханадағы негізгі қызметкер учаскелік педиатр болып табылады. Соңғы кездерде емханаларда отбасылық дәрігерлер басты қызметкерлерге айналуда. Емханаға қаралу оқиғаларының 60 % учаскелік педиатрлардың үлесіне тиеді.
Науқастанған балалардың барлығы медициналық көмекті үй жағдайында алуы қажет. Емханаға тек дені сау немесе созылмалы патологиялары бар балалар келеді. Емхана қызметкерлерінің балаларды үйіне барып емдеу оқиғаларының 90 % -дан астамы учаскелік дәрігердің үлесіне тиеді. Учаскелік дәрігердің міндеті тек емдеумен аяқталмайды, олар дені сау және созылмалы патологиясы бар балалардың арасында профилактикалық шараларды жүзеге асырып, диспансерлік бақылау орнатады. Сондықтан учаскелік педиатр балалардың даму және денсаулығының қалыптасу заңдылықтарын жақсы білуі тиіс. Балалардың үйде тәрбиелену жағдайы мен патологиялардың профилактикасын белсенді жүргізіп, отбасындағы өмір сүру салтының дұрыс қалыптасуына ықпал етуі қажет. Басқаша айтқанда, учаскелік дәрігер педиатр – отбасы дәрігері болып табылады.
Учаскелік педиатр өз жұмысын стационарлық мекеме дәрігерлерімен тығыз ұштастыра отырып жүзеге асырады. Ол міндетті түрде акушер-гинекологтармен бірлесе отырып жұмыс істейді. Егер балалар арасында ауру туындауға алып келетін қауіпті себептер бар болса, онда қызмет көрсету аумағында профилактикалық шараларды белсенді ұйымдастырады. Дені сау балалардың арасында профилактикалық тексеру өткізіп, ата-аналарға қажетті кеңес береді. Оның ішінде тамақтандыру, дене шынықтыру, өзге дәрігер-мамандардың тексеруінен өту, лабораториялық-диагностикалық тексерумен қамтамасыз ету, вакцинация жасау мәселелері бар. Кешенді медициналық тексеру ауруды бастапқы кезеңінде анықтауға жағдай жасайды. Осыдан ауруды дер кезінде емдеп, оның созылмалы түрге айналуына жол бермейді. Жылына 4 реттен артық және 40 күннен аса ауыратын балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Осы жиі және ұзақ ауыратын балалар арасында созылмалы патологиялар қалыптасуы мүмкін. Олар 3,4 және 5 денсаулық топтарына жатқызылған, созылмалы аурулары бар балалар педиатрлар мен дәрігер-мамандардың диспансерлік бақылауында болады. Дені сау және ауруы бар балалар арасындағы профилактикалық жұмыс санитарлық-ағарту жұмысы, гигиеналық тәрбие беру жұмысы түрлерінде жүзеге асырылады. Санитарлық-ағарту жұмысы емханаға қаралғандар арасында, балалардың үйіне барғанда және арнайы ұйымдастырылған сабақтарда жүргізіледі. Санитарлық-ағарту жұмысын жүргізуде «Дені сау балалар» бөлмесінің атқаратын ролі жоғары. Бұл бөлмеде ата-ананы дені сау балаларды тәрбиелеу тәртібіне үйретеді және салауатты өмір салтын насихаттайды. Кешенді медициналық тексеру нәтижесінде әрбір баланың денсаулық топтары анықталады. Кеңестер Одағында 1953 жылға дейін емханалық көмек «бір педиатр» жүйесі бойынша жүзеге асырылды. Балалар 14 жасқа дейін учаскелік педиатрдың қарауында болды.
Науқастанған балаларға медициналық көмек үйінде толық жазылғанға дейін көрсетілуі тиіс. Емханаға келген балалар фильтр арқылы өтуі тиіс. Бұл жерде ең білікті және тәжірибелі медбике жұмыс істейді. Баланың денсаулығы туралы сұрастырып және емханаға келу себебін анықтап, терісі мен тамағын қарап және дене қызуын өлшеп, емханада одан ары қаралу мүмкіндігін бағалайды. Егер аурудың белгілері анықталса, онда кезекші дәрігердің тексеруіне жібереді. Бір жасқа дейінгі әртүрлі ауруға бейім балаларды аптаның белгілі бір күнінде қабылдау қажет. Балалар емханасында мектеп-мектепке дейінгі балалар бөлімшесі ұйымдастырылады. Бұл бөлімшеде мектеп жасына дейінгі 600 балаға 1 педиатр, мектеп жасындағы 2000 балаға 1 педиатр жұмыс атқарады. Бұл қызметкерлердің жұмыс орны бала бақшада және мектепте орналасады. Емханада осы бөлім меңгерушісінің бөлмесі қарастырылады. Емхана жұмысының маңызды шартының бірі жедел аурумен сырқаттанған балаларды үйінде емдеу болып табылады. Балаларды үйінде тексеру барысында алғашқы диагнозды қойып, аурудың жалпы жағдайына баға береді. Баланы үйде немесе стационарда емдеу туралы шешім қабылдайды. Үй жағдайында стационар ұйымдастырылғанда емхана ауру баланы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Аурудың жанында медбикенің кезекшілігін тағайындайды немесе медбике күніне бірнеше рет аурудың халін білуге кіруі тиіс. Науқастың жағдайы жақсара бастағанда медбике күніне бір рет оның дене қызуын, терісінің түсін, жалпы жағдайын, тамыр соғысы мен демалысын тексеруі қажет. Жедел жәрдем жүйесінің дәрігері науқастардың шақыруымен, оларға үлкен көлемде медициналық көмек береді. Олар көбінесе ауыр жағдайдағы науқастарға көмек көрсетеді. Оларды өте ауыр жағдайдағы науқастарға шақырады. Сырқаттың жедел басталуы, дене қызуының аса жоғары болуы, құсу, жарақаттану, улану немесе іштің ауруы сияқты белгілер көптеген патологиялардың жалпы белгілеріне жататындықтан, науқасқа нақты диагноз қою өте күрделі болады. Кейбір жағдайда науқасты стационарға орналастыру қажет.
Қазіргі кезде емханалық жүйеде «Отбасылық дәрігер» немесе жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы қалыптасуда. Бұл мамандар барлық отбасы мүшелеріне медициналық көмек береді.
Балалар ауруханасы саласына (көпсалалы және мамандандырылған), ұйымдастыру жүйесіне (біріктірілген және біріктірілмеген), жұмыс қуатына (әртүрлі төсек-орын саны) қарай жіктеледі. Аурухананың педиатриялық, хирургиялық, инфекциялық бөлімдері бар. Ал, бөлімдер балалардың жасына қарай, 3 жасқа дейін бірге және 3 жастан кейін жынысына қарай жіктеледі.
Аурухананың лабораториялық-диагностикалық және патологиялық бөлімдері де болуы қажет. Балалар ауруханасының қабылдау бөлімі қабылдау-тексеру бокстарынан тұрады. Олардың саны жалпы аурухана төсек-орынының 3% кем болмауы тиіс. Ауруханаға қабылдау барысында балаларда санитарлық-эпидемиологиялық станцияның эпидемиологиялық бөлімінен инфекциялық науқастармен қатысы болмағандығы жөнінде, ал педиатрлардан – ауырған балалар инфекциясы туралы анықтамасы болуы керек. Бұл деректер балаларды госпитализациялау мәселесін дұрыс шешуге көмектеседі. Аурухана іші инфекциясының таралуын шектеу үшін палаталардағы төсек-орынның санын дұрыс қалыптастыру керек. 1 жасқа дейінгі балалар үшін 1-2 төсек-орындық, ал жасы одан жоғары балалар үшін 4 төсек-орындық палаталар ұйымдастыру дұрыс болады. Ауруханадағы күнделікті тәртіп және балалардың тамақтануы олардың жасына қарай реттеледі. Науқас балалардың арасында жүргізілетін тәрбие және педагогикалық жұмыс емдеу-профилактика жұмыстарының маңызды бір бөлігі болып табылады. Бұл жұмыстар емдеу-қорғау тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған. Науқас балаларды күтуге аналарды тарту және 2-3 жастағы балалармен бірге госпитализациялау жақсы нәтижесін береді. Осы жағдайда балалар науқастарынан тез айығады және олардың қуаты жылдам қалпына келеді. Денсаулық сақтау жүйесіндегі қайта құру ауруханалардың төсек-орындарының қысқаруына алып келді. Сонымен қатар, мамандандырылған төсек-орындардың саны арта түсуде.
Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға қоғамдық тәрбие беретін мекемелер балалардың жасына, денсаулығына және отбасылық, әлеуметтік жағдайына қарай жіктеледі. Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелейтін мекемеге бөбекжай мен балалар бақшасы жатады. Балаларды тәрбиелейтін ашық (балалар бақшасы, бөбекжай) мекемелерде балалар күндізгі уақытта тәрбиеленеді, ал жабық мекемелерде ата-анасы жоқ балалар тәрбие алады. Ондай балаларға жетімектер, жалғыз басты әйелдер балалары, тастанды балалар жатқызылады. Осындай мекемелерде жұмыс атқаратын педиатрлардың міндеттеріне:
1) Жаңадан түскен балаларды тексеріп, олардың осы мекемеге тез
бейімделуіне арналған медициналық-педагогикалық ұсыныстар жасау;
2) Балалар арасында лабораториялық-диагностикалық тексеру жүргізу;
3) Балалардың денсаулық жағдайын, физикалық және жүйке-рухани даму
үрдісін медициналық тұрғыда бақылау;
4) Профилактикалық егу жұмыстарын өткізуді қамтамасыз ету;
5) Дәрігер мамандардың кешенді тексерулерін ұйымдастыру;
6) Балалардың анатомиялық-физиологиялық және жүйке-психикалық
жағдайына сай топтарға, сыныптарға жіктелу жұмыстарына белсене
араласу;
7) Балалар топтарында инфекциялық аурулардың таралуына қарсы кешенді
профилактикалық шараларды жүзеге асыру жұмыстары кіреді.
Балалардың сырқаттану оқиғаларын төмендету мақсатында, олардың тәрбиелеу мекемесіне бейімделу үрдісін жайлы етіп ұйымдастыру қажет. Балалардың сырқаттануын азайтуда жиі және ұзақ ауыратындармен жекелей жұмыстар жүргізу аса үлкен маңызға ие. Ауылдық жерде өмір сүретін балалар мен аналарға көрсетілетін медициналық көмек кезеңдете жүзеге асырылады. Оның бірінші кезеңінде (ауылдық дәрігерлік учаске) негізінен профилактикалық, эпидемияға қарсы және аз көлемде емдеу шаралары жүзеге асырылады. Ауылдық учаскелік ауруханада жеңіл түрде науқастанған балалар емделеді. Ал халдері ауыр науқастар аудандағы орталық ауруханаға жіберіледі.
Медицина бекеттері (фельдшерлік-акушерлік бекеттер) жүкті әйелдер мен сәбилерге емханалық-амбулаторлық көмек көрсетеді. Бұл мекемеде фельдшер мен патронаждық медбике жұмыс атқарады. Екінші және ең негізгі кезең орталық аудандық аурухана болып табылады. Аналар мен балалар арасындағы медициналық көмекті ұйымдастырушы маман ауданның бас педиатры. Ал ірі аудандардың орталық ауруханасында бұл жұмысты бас дәрігердің балалар мен аналарды қорғау жөніндегі орынбасары атқарады. Ауыл балалары мен аналарына арналған ауруханалық төсек-орындардың 70 % орталық аудандық ауруханада, 10 % ауылдық учаскелік ауруханада және 20 % облыстық клиникалық балалар ауруханаларында ұйымдастырылуы тиіс. Облыс орталығының педиатрлары мен акушерлері тек қана мамандандырылған медициналық көмек беріп қоймайды, сонымен қатар олар ауылдық дәрігерлердің арасында ұйымдастырушылық-әдістемелік және емдеу-кеңес беру жұмыстарымен айналысады.
Балалар арасында туа біткен кемістіктерді, мүгедектікті және ерте жастан өлім оқиғаларын азайтуда педиатриялық және акушерлік-гинекологиялық көмек сапасын одан ары жақсартудың маңызы үлкен. Болашақта балалар мен аналар арасында кешенді медициналық тексеру шаралары жаңа технологияларды қолдана отырып, сапалы өткізу мәселелері қолға алынуда. Елімізде жаңа перинатальдық орталықтар ашылып, жүктілігі асқынған әйелдерді ерте кезеңнен сапалы бақылауға алу және медициналық көмекпен қамтамасыз ету жолға қойылып отыр. Осыдан соңғы жылдары нәрестелер мен аналар өлімі барынша төмендеп, демографиялық ахуал жақсаруда. Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев мырзаның қойып отырған талабы, балалар мен аналардың денсаулығын сақтау және қорғау дүниежүзінің соңғы жетістіктеріне сай жүзеге асырылуы тиіс. Сол үшін елімізде барлық әлеуметтік-медициналық жағдай жасалуда.
Достарыңызбен бөлісу: |