Оқулық Шымкент 2012 жыл удк


Өндірістік мекеме жұмысшыларына медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастыру



бет59/95
Дата07.01.2022
өлшемі1,99 Mb.
#18029
түріОқулық
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   95
Байланысты:
Boleshov KDS Okulyk

4.4.Өндірістік мекеме жұмысшыларына медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастыру.

Өндірістік жұмысшылардың арасында медициналық көмекті ұйымдастыру тұрғындарға берілетін емдеу-профилактикалық көмектің қосымша түрі болып есептеледі. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасындағы өндіріс ошақтарына тұрғындардың 25 % еңбек етеді. Олардың басым бөлігі жұмысшылар мен қызметкерлер болып табылады. Оларға медициналық көмек тұрғын аумақтарында орналасқан медицина мекемелерімен қатар арнайы медициналық-санитарлық мекемелерде ұйымдастырылады. Бұл әлеуметтік топтардың денсаулығын жоғары деңгейде қалыптастырудың маңызы үлкен. Жұмысшылар еліміздің ұлттық байлығын қамтамасыз ететін әлеуметтік топ. Сондықтан жұмысшылар денсаулығына ерекше көңіл бөлінеді. Өндіріс орындарында медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастыру жүйесі Кеңестер Одағы дәуірінде қолға алынып, ХХ ғасырдың 90 жылдарында толығынан жетілдірілген жүйеге айналған болатын. Алайда Кеңестер Одағының ыдырап, Қазақстан Республикасы өз егемендігіне иеленгеннен кейін бұл жұмыстар мемлекеттік жүйеден жекеменшік жүйеге ауысып кетті. Ірі өндіріс ошақтарында көрсетілетін медициналық көмек жекеменшіктегі медициналық компаниялардың құзырына өтті. Медициналық-санитарлық бөлім кешенді медициналық мекеме болып табылады. Оның құрамына емхана, дәрігерлік немесе фельдшерлік денсаулық бекеттері, стационар, санатории-профилакторий, диеталық асхана, балаларды сауықтыру мекемелері кіреді.

Қазіргі кезеңде медициналық-санитарлық бөлімдердің 4 тобы бар. Олардың 1-ші тобына – мемлекеттік және министірліктерге қарасты медициналық-санитарлық бөлімдер жатады. Оның ішінде, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің, ішкі істер министірлігінің, жол қатынастары министірлігінің және басқа Мемлекеттің меншігіндегі медициналық-санитарлық бөлімдер бар.

Медициналық-санитарлық бөлімдердің екінші тобына – ашық медициналық-санитарлық бөлімдер жатады. Олар қазіргі кезеңде аумақтық медицина мекемелер қатарына кіреді және өндіріспен ескі байланысын сақтап қалғандықтан, жұмысшыларға келісім-шарт бойынша қызмет көрсетеді.

Медициналық-санитарлық бөлімнің үшінші тобына – жекеменшікке өтпеген өндіріс орындарында жұмыс атқаратын медицина мекемелері жатады. Бұл медицина мекемелері өндіріс орнымен тығыз байланысты. Жұмысшыларға көрсетілетін дәрігерлік көмек деңгейі өзгеріссіз сақталған және өндірістік орта жағдайын есепке ала отырып ұйымдастырылған денсаулық сақтау мекемесі болып табылады. Бұл мекемеде Кеңестер Одағы кезінде қалыптасқан медициналық көмекті ұйымдастыру шарттары қолданылады.

Бұл мекемелердің үшінші тобына жабық медициналық-санитарлық бөлімдер жатады. Жабық медициналық-санитарлық бөлімдер жекешелендірілген өндіріс орындарында қызмет көрсетеді. Олардың қызметі өндіріс орындары қаржысымен қамтамасыз етіледі.

Медициналық-санитарлық бөлімдердің негізгі міндеттері мен қызметтері мынандай:

1) Жалпы және кәсіби ауруларды, өндірістік жарақаттарды, сырқаттылық пен мүгедектікке байланысты еңбекке жарамсыздық оқиғаларын төмендету мақсатында бекітіліп берілген өндіріс жұмысшыларына білікті және мамандандырылған медициналық көмек беру;

2) Санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандарымен және өндіріс әкімшілігімен бірге жұмысшыларды сауықтыруға арналған шараларды құрастырып, іс жүзіне асыру;

3) Өндіріс жұмысшылары денсаулығының және еңбек ету ортасы жағдайының санитарлық талаптарына сай келуін қадағалау. Медициналық-санитарлық бөлімде жұмыс атқаратын қызметкерлердің құрамын бас дәрігер бекітеді. Алайда бұл жұмыс міндетті түрде өндіріс орны әкімшілігімен келісіледі. Бұл мекеменің қызметі өндіріс орнының қорынан, мемлекеттік бюджеттен, ақылы медициналық көмек беру қорынан қаржыландырылады.

Медициналық-санитарлық бөлімнің қызметі, оның меншігіне қарамай, тұрғындардың денсаулығын қорғау мәселелеріне арналған мемлекеттік заңдармен және нормативтік құжаттармен реттеледі. Меншік иелігіне қарамай, медициналық-санитарлық бөлімдер денсаулық сақтау жүйесінің басқару органдарына өз жұмысы туралы есеп беріп отырады. Медициналық-санитарлық бөлім дәрігерлері өндіріс жұмысшыларына медициналық көмекті цехтік учаске шарты бойынша ұйымдастырады. Бір цехтік дәрігерлік учаскеге 1500-2000 жұмысшы болады. Аса қауіпті өндірістердегі цехтік дәрігерлік учаскеде орта есеппен 2000 жұмысшы, ал қауіпсіз өндірістерде 1500-ге дейін жұмысшы болуы мүмкін. Цехтік дәрігерлік учаскені дәрігер-терапевт басқарады. Бұл қызметке «Емдеу ісі» мамандығын иеленген жоғары білімді дәрігер тағайындалады. Цехтік терапевт-дәрігер өз қызметін өндіріс әкімшілігімен келісілген шарт бойынша жүзеге асырады.

Егер өндіріс орнының жұмысшыларына медициналық көмек аумақтық емханада көрсетілсе, онда емханада цехтік дәрігерлік учаске ұйымдастырылып, дәрігер мен медбикенің қызметі штатқа ендіріледі. Ал, тіркеу бөлімінде жұмысшылар үшін арнайы терезе ашылады. Жұмысшыларға көрсетілетін стационарлық көмек медициналық-санитарлық бөлімнің төсек-орындарында немесе арнайы бөлінетін қалалық аурухананың стационарлық бөлімшесінде жүзеге асырылады. Цехтік дәрігерлік-терапевт міндетті түрде өндірістік технологиямен таныс болуы және негізгі кәсіптер мен өндірістік қауіпті себептерді жақсы білуі қажет. Себебі, әрбір өндірістік қауіпті себеп, өзінің организмге әсер ету ерекшелігіне сай алдын алу шараларын жүзеге асыруды қажет етеді. Осы талаптарды цехтік дәрігердің тәжірибесінде дұрыс қолдану, жұмысшылардың денсаулығын қорғау ісін сапалы жүргізуге жағдай туғызады. Сонымен қатар, цехтік терапевт дәрігер ауырған жұмысшыларға үй жағдайында көмек көрсетпейді. Бұл жұмысты орындау үшін цехтік дәрігер учаскелік терапевтпен қоян-қолтық жұмыс істеуі қажет.

Цехтік дәрігерлердің жұмысындағы негізгі міндеттерге жататындар:


  • учаскедегі жұмысшылардың еңбек ету және техникалық қауіпсіздікті

сақтау жағдайын бақылау;

  • емханада қабылдау барысындағы және стационардағы емдеу

жұмыстарын, еңбекке жарамсыздықты сараптауды қамтамасыз ету;

  • цехтағы профилактикалық жұмысты іске асыру;

  • өндірістік жарақаттардың алдын алу және төмендету;

  • профилактикалық тексеру, белгіленген тұлғалар арасында, созылмалы

аурулары бар, жиі және ұзақ ауыратындарды диспансеризациялау;

  • уақытша еңбекке жарамсыздық оқиғаларын сараптау;

  • өндіріс әкімшілігін бірге, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің

келісімімен жұмысшылар арасында сауықтыру және эпидемияға қарсы

шараларды жасау және жүзеге асыру.

Цехтік терапевт дәрігер ай сайын жоғарыда аталған міндеттер бойынша жоспар жасап, оны цехтың әкімшілігі мен денсаулық бекеті қызметкерінің көмегімен орындайды. Цехтік терапевтің ең маңызды жұмыстарының бірі учаскедегі еңбек ету жағдайын бақылау болып табылады. Осы дәрігерлер денсаулық бекеті қызметкерлерімен, техника қауіпсіздігі инженерімен, өндірістік-санитарлық дәрігермен және өндіріс әкімшілігімен бірге кәсіби қауіптілігі бар жұмыс орнына бақылау жүргізеді. Оның тағы бір міндеті кәсіби аурулардың алдын алу, қайталай өндірістік жарақат алуды болдырмау. Сондықтан ол өндірістік қауіптілік себептерін болдырмауға бағытталған шараларды белсенді жүргізуі тиіс. Әсіресе еңбек ету ортасының гигиеналық тұрғыда қауіпсіз болуын қамтамасыз етудің маңызы өте үлкен. Емдеу жұмысын емханада немесе стационарда жүзеге асырады.

Жұмысшылардың науқастануына немесе жарақат алуына байланысты цехтік дәрігер оған сырқаттану парағын 10 күнге дейін созып беруге құқығы бар. Еңбекке жарамсыздық оқиғасы 30 күннен асса, онда медицина мекемесі басқармасының тағайындауымен клиникалық сараптау комиссиясына тексеруге жіберіледі. Бұл комиссия сырқаттылық парағын одан ары созады немесе ауруды стационарға бағыттайды. Клиникалық-сараптау комиссиясының шешімімен сырқаттылық парағы 10 айға дейін созылуы мүмкін. Қажетті жағдайда еңбекке жарамсыздық парағы 12 айға дейін созылады, ал комиссияның отырысы 30 күнде бір рет жүзеге асырылады.

Цехтың дәрігері өндіріс орнының санитарлық-гигиеналық жағдайына, жұмысшылардың тамақтану ережесіне, цехтың желдендіру жағдайына, түскі демалысты пайдалануына көңіл бөледі. Цехтың дәрігері фельдшерлік денсаулық бекетіне қадағалау орнатады. Осы жерде жұмысшылар арасында санитарлық-ағарту шараларын ұйымдастырып, профилактикалық тексеру өткізеді.

Өндірістік санитарлық дәрігермен, техникалық қауіпсіздік бөлімі инженерімен және цехтың әкімшілігімен бірге өндірістік жарақаттану оқиғаларының алдын алу жұмыстарымен айналысады. Жарақаттану оқиғаларын азайту мақсатында жұмысшылардың өндірістік санитария ережелерін сақтауын және жұмысшыларды қауіпсіздік ережелеріне үйрету жұмыстарын белсенді жүргізілуін қадағалау, әрбір өндірістік жарақаттану оқиғаларын зерттеуге қатысу, барлық жарақаттану оқиғаларын сараптау, санитарлық ағарту жұмысын сапалы ұйымдастыру қажет.

Цехтік дәрігердің маңызды жұмысының бірі жұмысшылар арасында диспансеризацияны белсенді ұйымдастыру болып табылады. Диспансерлік бақылауға дені сау жасөспірім-жұмысшылар, жүкті әйелдер, өндірістік зиянды кәсіптегі жұмысшылар, соғыс ардагерлері, негізгі кәсіптегі жұмысшылар алынады. Сонымен қатар созылмалы ауруы бар тұлғалар мен жиі және ұзақ ауыратын адамдар да белгілі бір диспансерлік топтар бойынша бақыланады. Ұзақ және жиі ауыратын жұмысшылардың қатарына жыл бойы этиологиялық біріңғай аурумен немесе одан да көп аурумен 40 күн немесе одан да артық күндерге ауырған жұмысшыларды жатқызады. Сонымен қатар, этиологиясы әртүрлі 6 немесе одан да көп аурумен, әртүрлі аурулармен 60 немесе одан да көп күн ауырған науқастар жатқызылады.

Жиі және ұзақ ауыратын ауруларды дер кезінде анықтау үшін цехтың дәрігері әрбір жұмысшының уақытша еңбекке жарамсыздық оқиғаларын айына бір рет тексеріп отыруы қажет. Цехтық дәрігер уақытша еңбекке жарамсыздық оқиғаларын сараптай отырып, жұмысшыларды сауықтырудың кешенді біріңғай жоспарын жасауға белсенді қатысады. Бұл кешенді біріңғай жоспарды құрастырудың мақсаты өндірістегі еңбек ету жағдайын жақсарту, көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, сырқаттану және жарақаттану оқиғаларының алдын алу арқылы жұмысшылардың денсаулығын жақсарту болып табылады.

Біріңғай кешенді сауықтыру шаралары әкімшіліктің,медициналық-санитарлық бөлімнің, санитарлық-эпидемиологиялық станцияның, техника қауіпсіздігін сақтау бөлімінің және кәсіподақ ұйымы мамандарының қатысуымен 1 жылға арнап құрастырылады. Ол негізгі 4 тараудан тұрады, оның ішінде санитарлық-техникалық, санитарлық-гигиеналық, емдеу-профилактикалық және ұйымдастырушылық шаралары бар. Медициналық көмекті жұмыс орнына барынша жақындату үшін өндірістік цехтарда денсаулық бекеттері ашылады. Олар өндіріс орны медициналық-санитарлық бөлімнің немесе аумақтық емхананың құрамына кіреді.

Жұмысшыларының жалпы саны 1200-ден артық өндірістік кәсіпорында және капиталдық құрылыс нысандарында немесе бір-біріне жақын орналасқан, денсаулық бекетін ұйымдастыруға қажетті жұмысшылар саны жеткіліксіз бірнеше кәсіпорында, егер олар қалалық емханадан 4 километрден астам қашықтықта орналасса, онда дәрігерлік денсаулық бекеті ашылады. Ал жұмысшылар саны 500 кем емес кәсіпорындарда фельдшерлік денсаулық бекеті ұйымдастырылады.

Жоғары және орта арнайы оқу орындарындағы күндізгі факультеттерде оқитындардың саны 1200 адамнан артық болса, бұл ұйымдарда дәрігерлік денсаулық бекеттері ашылады. Егер денсаулық бекеттері қолданыстағы штаттық нормативтер бойынша ұйымдастырылса, онда ол мемлекеттік бюджеттен, егер штаттық нормативтерден тыс ұйымдастырылса, онда өндірістік өнеркәсіптің қаржысына жұмыс атқарады. Денсаулық бекеттері лицензиялаудан және аккредитациялаудан өтеді. Бұл ұйымдар өндірістік мекеменің бөлген бөлмелерінде орналасады және қажетті жиһаздар мен медициналық құралдармен қамтамасыз етіледі.

Денсаулық мекемелерінің жұмыс тәртібі өндіріс мекемесінің әкімшілігімен келісе отырып бекітіледі. Бұл мекеменің қандай меншікке жатуына қарамай есепке алу-есеп беру құжаттарын жүргізеді. Дәрігерлік денсаулық бекетін дәрігер-терапевт басқарса, фельдшерлік денсаулық бекетін фельдшер немесе медицина бикесі басқарады. Денсаулық бекетінің дәрігері мынандай қызметтер атқарады:



  • жарақаттанғандарға, шұғыл уланғандарға және сырқаттыларға алғашқы медициналық көмекті көрсету;

  • амбулаторлық қабылдау жүргізу, науқастарды емдеу және мүгедектер арасында реабилитация шараларын жүргізу;

  • ауруларды стационарға жатқызуға арналған тасымалдауды ұйымдастыру және қажетті жағдайда аурумен ере бару;

  • науқастарға мамандардың кеңесін дер кезінде ұйымдастыру және арнайы бөлімшелерге госпитализациялау,

  • кәсіби зияндылықтармен және жайсыз жағдайда еңбек ететін жұмысшыларды тоқтаусыз бақылау, жалпы және кәсіби ауруларды дер кезінде анықтау, алдын алу шараларын белсенді ұйымдастыру;

  • алған сертификатына сәйкес кезеңдете өткізетін медициналық тексеруді өткізу, қосымша дәрігерлік және мамандардың кеңесін ұйымдастыру, тексеру қорытындысы бойынша жұмысшының кәсіби жарамдылығы немесе өзге жұмысқа ауыстыру туралы қорытынды шығару;

Денсаулық бекеті дәрігерлеріне жүктелетін міндеттер:

  • жалпы және кәсіби аурушаңдықты, өндірістік жарақаттануды сараптау. Алынған нәтижелерді өндіріс әкімшілігіне хабарлау және көрсеткіштердің төмендеуіне бағытталған шараларды құрастыруға қатысу;

  • санитарлық-ағарту жұмысын жүргізу, салауатты өмір сүру салтын насихаттау, жұмысшыларды өзіне-өзі және өзара көмек беру әдістеріне үйрету;

  • бекітілген түп нұсқа бойынша есепке алу-есеп беру құжаттарын жүргізу және белгіленген тәртіп бойынша денсаулық сақтау мекемесінің немесе денсаулық сақтау ісін басқару органының бас дәрігеріне тапсыру;

  • өз біліктілігін жүйелі түрде жоғарылату, жаңа диагностика және емдеу әдістерін игеру.

Денсаулық сақтау бекеті дәрігерлерінің құқықтары:

  • өзіне бағынышты орта буынды медицина қызметкерінің жұмысын бақылауға;

  • мекеменің немесе өз қаржысымен 5 жылда 1 рет негізгі жұмыс орнынан тыс жерде біліктілігін арттыруға;

  • жұмысшыларға медициналық көмекті және еңбекті қорғау жұмыстарын жақсарту мәселелері бойынша өндіріс әкімшілігіне ұсыныс беру;

  • белгіленген мерзімде дәрігерлік санатын жоғарылатуға арналған аттестациядан өтуге;

  • бәстесу және теке-тірес жағдайында жоғары денсаулық сақтау ісін басқару орындарына, лицензиялау-аккредитациялау комиссиясына, тәуелсіз сараптау комиссиясына, медициналық ассоциацияға жүгінуге, сот пен арбитраж арқылы талапнама жасап және оған байланысты жауап беруіне құқығы бар.

Фельдшерлік денсаулық сақтау бекеті қызметкерінің атқаратын міндеттеріне жұмысшыларға, қызметкерлерге, оқушылар мен студенттерге алғашқы дәрігерге дейін қызметті беру; дәрігердің тағайындауына сай емдеу шараларын жүргізу, науқастар мен жарақаттанғандарды емдеу-профилактикалық мекемесіне жеткізіп салу, қажетті жағдайда ере бару;емші дәрігер мен емхана маманының қабылдауына бағытнама беру, кезеңдете жүргізілетін медициналық тексеруді өткізуге алдын ала даярлау; профилактикалық егу жұмыстарын жүргізу; ауысым біткенше сырқаттанған адамды жұмыстан босату және анықтама беру жұмыстары жатады.

Денсаулық сақтау бекетінің фельдшері өзінің қызметтік міндеттемелері аясында өндірістік жарақаттарды сараптап, алынған нәтижелер туралы өндіріс әкімшілігін хабардар етеді, аурушаңдық және жарақаттану оқиғаларын төмендетуге бағытталған шараларды құрастыруға қатысады, жұмысшылар арасында санитарлық-ағарту жұмысын жүргізеді, салауатты өмір сүру салтын насихаттайды, жұмысшыларды өзіне немесе бір-біріне көмек беру машықтарына үйретеді, бекітілген түпнұсқа бойынша есеп беру-есепке алу жұмысын жүргізеді және денсаулық сақтау мекемесінің немесе басқару органының бас дәрігеріне тапсырады, өз біліктілігін жүйелі түрде арттырып, жаңа емдеу және диагностика тәсілдерін игереді.

Денсаулық бекетінің фельдшері өзіне бағынышты кіші буынды медицина қызметкерінің жұмысын қадағалауға , 5 жылда бір рет қызметтен тыс жерде біліктілігін арттыруға, денсаулық сақтау мекемесінің басшысымен келісе отырып, белгіленген тәртіп бойынша келісім шартқа және алған сертификатқа сай ақылы медициналық көмек беруге, жұмысшылардың, оқушылардың, қызметкерлердің еңбегін қорғау және медициналық көмегін одан ары жақсарту туралы әкімшілікке ұсыныс жасауға, белгіленген мерзімде санатын арттыру үшін аттестациядан өтуге құқығы бар.

Жұмысшылардың аурулары мен еңбек ету ортасының және кәсібінің арасындағы байланысты нақты етіп анықтау үшін, науқастарды, мүгедектерді және аса зиянды кәсіптегі жұмысшыларды емдеу және сауықтыру үшін медициналық-санитарлық бөлімнің құрамында кәсіби аурулардың орталығы ашылуы мүмкін. Бұл орталықта кәсіби аурулардың себебінен аурушаңдық пен мүгедектік оқиғаларының артуына қарсы профилактикалық және емдеу-қалыпқа келтірудің озық шаралары жасалып, тәжірибеге енгізіледі.






    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет