8 тарау. Алдын алудың қазіргі мәселелері.
Тұрғындардың денсаулығын сақтау және оны күшейту – бұл қоғамның және әрбір адамның денсаулыққа зиянды әсер ететін себептерді бақылауға алуына мүмкіндікті күшейту үрдісі болып табылады. Тек осы жағдай тұрғындардың денсаулығын күшейтуде тұрақты жетістіктерге жетуге жол ашады. Осы жерде, денсаулыққа көңіл бөлуді күшейту жөнінде шешім қабылдайтын тұлғалардың сенімділігі, тұрғындардың өз денсаулығын өзгертуге деген бет бұрысы және сауықтыру шараларын жүзеге асыруға қажетті қорлардың жеткілікті бөлінуі ерекше роль атқарады. Оның барлығы аурудың алдын алудың қазіргі кездегі өзекті мәселелері болып табылады.
Заманымыздың беделді ғалымдары, философтары, дәрігерлері, социологтары адамдардың денсаулығының қалыптасуына әлеуметтік қатынастар, қоршаған орта себептері және өмір сүру салты себептері шешуші әсерін тигізеді деп есептейді. Осының дәлелі ретінде ғалымдардың заманауи зерттеу нәтижелерін келтіруге болады. Тұрғындардың денсаулығын қалыптастыратын негізгі себептер төрт топқа жіктеледі. Оның ішінде, әлеуметтік-экономикалық, қоршаған орта, биологиялық және өмір сүру салты себептері бар. Осы төрт себептің ішінде өмір сүру салты себептері ерекше орын алады. Қазіргі таңда қоршаған орта себептері денсаулықтың қалыптасуына әсер ету қуаты жағынан бірте-бірте басыңқы күшке ие бола бастады. Биологиялық себептердің денсаулыққа әсер ету күші біріңғай деңгейде қалып отыр және денсаулық көрсеткіштерінің көлеміндегі алатын үлес салмағы 15-20 % -дан төмендеген емес.
Денсаулықтың түзелуіндегі денсаулық сақтау жүйесі қызметінің алатын үлесі 10-15 % -дан аспайды. Осы қағидалардың дұрыстығы кешенді әлеуметтік-гигиеналық және клиникалық зерттеулер нәтижесінде де дәлелденді. Сондықтан да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшылары қоғамның денсаулығын сауықтыруда тұрғындардың салауатты өмір сүру салтын қалыптастыруға деген көзқарасы ерекше роль атқарады деп есептейді. Орыстың атақты, дүниежүзіне әйгілі ғалымы, академик Юрий Павлович Лисицыннің айтуынша, адамдардың денсаулығын сақтауға ешқандай да жоғары технологиялар көмектесе алмайды, егер әрбір тұлға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамаса. Себебі денсаулық адамның өмір сүру салтына тікелей байланысты. Ал, осы қатерлі себептердің алдын алу шараларын белсенді жүргізу қазіргі сауықтыру жұмыстарының негізін құрайтындығын әрбір медицина қызметкері жақсы білуі және жүзеге асыра алуы қажет.
Алдын алу медицина саласында профилактика деген ұғымды береді. Денсаулық сақтау саласында алдын-алу әлеуметтік-профилактикалық мағынаға ие. Осы бағытта жүзеге асырылған профилактикалық шаралар тұрғындардың денсаулық сапасын айтарлықтай жоғары деңгейге көтереді.
Достарыңызбен бөлісу: |