Аннелидтер (латынша "annulus" - сақина) немесе буылтық құрттар типі
жоғарғы сатыдағы құрттар, целом қуысты (Coelomata) жануарлар. Буылтық құрттар төменгі сатыдағы құрттардан - морфологиялық жағынан да, биологиялық жағынан да ерекше. Бұлардың денесі кезектесіп қайталанып келетін сегменттерден немесе метамерлерден (сақина тәрізді буындардан) құралған. Дене сегмент аралықтары қыналған белдеумен бөлініп тұрады әрі ішкі мүшелері де сегменттелген, яғни сыртқы метамериясы ішкі метамериясына сәйкес. Тағы бір ерекшелігі дененің екінші қуысы немесе целом қуысы бар. Ол бірінші қуысты (схизоцель) ығыстырып, өзіндік қабықталған қабаты бар қуысқа айналады. Қуыс сегменттелген және сұйық затқа толы. Целомның (қуыстың) қалыптасуына байланысты қан айналу жүйесі де дамыған.
Ac қорыту жүйесі алдыңғы, ортаңғы, аналь тесігімен бітетін артқы ішектен құралған.
Зәр шығару жүйесі метанефридиялы.
Нерв жүйесі жұп жұтқыншақ үсті ганглиядан, жұтқыншақ айналасы коннективадан және ұзынынан орналасқан құрсақ нерв тізбегінен тұрады. Нерв жүйесі дененің әрбір сегментінде жұп нерв ганглиядан құралған.
Жыныс жүйесі көпшілігінде гермафродитті, кейбіреулерінде дара жынысты. Жұмыртқалары спиральды және детерминативті жолымен бөлінеді. Төменгі сатыдағы өкілдерінің дамуы метаморфоз арқылы өтеді. Личинкасы трохофора.
Буылтық құрттардың денесі арқа-құрсақ (дорза-вентральді) бағытына қарай жалпақтау, ұзындығы бірнеше миллиметрден 2,5 метрге дейін.
Буылтық құрттар теңіздерде, тұщы суларда, топырақтарда кездеседі, паразиттік тіршілік ететін өкілдері де бар, 9000-ға жуық түрлері белгілі.
Буылтық құрттар типі екі тип тармағына бөлінеді: белдеусіздер - Aclitellata және белдеулілер - Clitellata.