Оқулықтар мен әдебиеттер. «ҚР әлемдік қауымдастықта» пәні «Қазақстанның қазіргі заман тарихы»



бет2/50
Дата26.09.2022
өлшемі1,41 Mb.
#40403
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50
Байланысты:
«Қ Р әлемдік қауымдастықта» курсы бойынша дәрістер Смағұлов С 09

2- лекция. 1 сағат.
Кеңестер Одағының ыдырау процесі

  1. Әміршіл-әкімшіл жүйенің дағдарысы. КСРО-ның ыдырауы.

  2. Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация.

ХХ ғ. 80-жылдарының орта шенінде кеңестік қоғамда түбегейлі өзгеріс қажеттігі айқын сезілген еді. Кейбір үкімет басшылары да терең өзгерістер керек екенін түсіне бастады. 1985 жылы наурыз айында КОКП Орталық Комитетінің пленумында Бас хатшы болып М.С. Горбачев сайланды. Сол жылдың сәуір айында ол өзінің “Қайта құру” бағытын айқындады. Бірақ бұл шешім тек сөз жүзінде қалды. Іс жүзінде ол кеңес қоғамын ыдыратуды тездетті. Оны Қазақстанның партия, кеңес органдары қызметінен байқауға болады.


Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты тоқырау жылдарында басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Оларды іріктеуде тек туыстық, жерлестік, бастыққа берілгендік жағдайлар маңызды рөл атқарды. Бұл Коммунистік партияның, соның ішінде Қазақстан Компартиясының да барлық деңгейінде көрініс тапты. Көптеген басшы партия қызметкерлері мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Осыдан келіп, аса маңызды мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтеруге, болып жатқан істердің барлығын тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты. Міне, осымен байланысты 1986 жылғы ақпан айында болып өткен Қазақстан Компартиясы ХҮІ съезінде жасаған баяндамасында, ол кезде республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген Н.Ә.Назарбаев және съезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар мұндай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі және маңызды мәселелерді партия комитеттерінің уақтылы шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, проблемалық мәселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді.
Қазақстанның жоғарғы органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу кеңінен орын алды. Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады. Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты орнынан алған кезде айрықша көзге түсті. Пленум мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының 1-ші хатшысы Д.А.Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г.В. Колбин сайланды. Мұның өзі қайта құру мен демократиядан үлкен үміт күтіп отырған республика халқының, соның ішінде қазақ жастарының наразылығын туғызды. Пленум өткеннен кейін екінші күні Орталық партия комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің пленум шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар, оқушылар, т.б. жиналды. Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында “Әр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек” деген ұран бар еді. Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен де мүмкін екендігі айтылды. Алаңда болып жатқан жағдай, республика басшыларының, соның ішінде Г.В. Колбиннің ойында қазақ жастарының арасында елдегі социалистік құрылысқа қарсы астыртын әрекет, ұлтшыл ұйым бар деген пайымдау мен арам пиғылды туғызды. Бірақ ондай ұйымның бар-жоқтығы кейін қанша тексерсе де анықталмады. Алаңда жиналған халық пен милиция және әскерлер арасында қақтығысулар болды. Ереуілге қатысушылар таспен, таяқпен қаруланып жазалаушыларға қарсылық көрсетті. Мұздай суға тоғыту үшін алаңға әкелінген бірнеше өрт сөндіргіш машиналарды жастар өртеп жіберді. Қақтығысудың барысында Е. Сыпатаев және С. Савицкий деген азаматтар қаза тапты. Үкімет органдары алаңға шығушыларға қарсы күш қолдана бастады. Алматыға басқа жерлерден арнайы әскери бөлімдер әкелінді.
1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық Комитеті “Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жұмысы туралы” арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды. Өйткені қазақ халқы ешуақытта ұлтшыл болып көрген емес еді. Мәселені Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан арнайы құрылған Мұхтар Шаханов бастаған комиссия тексерді. Оның барысында, қазіргі кезеңнің талабымен қарағанда, алғаш рет демократия және жариялылық жағдайындағы халықтың еркіндік үшін көтерген талабы мен ескі партиялық ойлау арасындағы қақтығыстың болғандығы ашып көрсетілді.
Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы бас көтеруінің түрі ұлттық болғанымен мазмұны ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Бұл ереуіл саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемлекеттік құрылысты құлатуға шақырған жоқты. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік (Экстремист – шектен шыққан көзқарасты жақтаушы) пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Өмір сүріп тұрған жүйе оны “Қазақ ұлтшылдығы” деп айыптауға дейін барды.
Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 комсомол мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.
Жергілікті кадрларды қуғынға салған Г.В.Колбин Орталық партия Комитеті бюро мүшелерінің пікірімен санаспады, олардың талаптарын қабылдамады, мәселелерді көп жағдайда өз еркімен шешті. 1989 жылы наурыз айында Г.В. Колбин Халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып, Мәскеуге кетті. Оның орнына сол жылғы шілдеде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-ші хатшысы болып Н.Ә. Назарбаев сайланды.
Бір ерекше айтып кететін жағдай, қайта құру жағдайында бұқаралық хабарлама органдары елдегі, соның ішінде Қазақстанда болып жатқан жағдайларды, өзгерістерді ешқандай бүкпесіз ашық жариялап отырды. Әсіресе, республикада орын алған әлеуметтік және ұлттық қайшылықтар жөнінде жан-жақты айтылды. Соның арқасында халықтың азаматтық және ұлттық сана-сезімі едәуір өсті. Қоғамда орын алған жұмыссыздық, балалар өлімі, халықтың мәдени-тұрмыстық, үй-жай жөнінде әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, оның қорытындылары ашық жарияланып отырды. Мұның өзі бұқара халықтың саяси-әлеуметтік белсенділігін күшейтуге көмектесті. Қайта құру барысында қазақ халқы өзінің тарихы, ұлттық қайта даму, ана тілі, мемлекеттік егемендік алу жөнінде талаптарын қоя бастады, бұл мәселелер жаңа қырынан көрініс тапты.
Біздің қоғамымызда демократиялық қатынастардың одан әрі тереңдеп өрістеуі кеңестердің қызметінен айқын көріне бастады. “Барлық өкімет Кеңестерге берілсін!” деген ұран жанданды. Бұл мәселені бастапқы кезде кеңестерге партия басшылығын күшейту арқылы шешу үшін күш салынды, бірақ одан ештеме шықпады. Өйткені компартияның қызметінде елеулі кемшіліктер мен тоқыраушылық орын алды. Алайда, осыған қарамастан, 1987 жылғы шілде айында алғаш рет Қазақстанда жергілікті кеңестерге халық депутаттарын сайлау округтер бойынша көп мандатты негізде іске асырылды. Республиканың 19 ауданында көп мандатты округтік сайлау барысында депутаттыққа кандидат болып 2270 адам ұсынылды. Оның 1701-і депутат болып сайланып, қалғандары резерв ретінде қалдырылды. 185 ауылдық және селолық кеңестерге 6291 депутат сайланды, ал 1928 адам резервке кіргізілді. Жаңа сайлау жүйесі бойынша Шығыс Қазақстан облысы еңбеккерлері арасында КСРО Ғылым Академиясы әлеуметтану институтының зерттеуі жүргізілді. Сайлаушылардың басым көпшілігі бұл жаңа тәртіпті мақұлдады. Өйткені көптеген еңбек ұжымдары депутаттыққа кандидат етіп өздерінің қалаулыларын ұсынуға қолдары жетті, ал кандидаттар бұқара халықпен кездесу барысында өздерінің бағдарламаларын анықтауға, онымен еңбекшілерді жан-жақты таныстыруға мүмкіндік алды.
1988 жылғы шілде-тамыз айларында өткен Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясында Кеңес қоғамының саяси жүйесіне реформа жүргізу қажеттігі атап көрсетілді. Онда ең басты мәселе – халық депутаттары Кеңестерінің толыққанды өкіметін барлық жерлерде қайтадан қалпына келтіру көзделді. Конференцияның шешімдеріне сәйкес қысқа уақыт ішінде ең жоғарғы мемлекет органдарын қайта құру жоспарланды. Ол 1988 жылғы 1 желтоқсанда қабылданған “КСРО Конституциясына қосымша өзгерістер енгізу туралы” және “КСРО халық депутаттарын сайлау” жөніндегі заңдарда өзінің шынайы көрінісін тапты.
1987 жылы өткен жергілікті Кеңестерді сайлау тәжірибесі елдегі демократияның жаңа жағдайда дамуына үлкен жол ашты. Атап айтқанда, КСРО халық депутаттарын сайлау мемлекеттік және қоғамдық өмірде жүріп жатқан демократияның толық айғағы болды. Елдегі жүріп жатқан саяси реформаның екінші кезеңі – республикаларды, өлкелерді, облыстарды, қалаларды, аудандар мен округтерді басқарудың жаңа жүйесін құру еді. Ондағы негізгі мақсат – бұқара халық өкілдері органдарының рөлін тек орталықта ғана емес, сондай-ақ жергілікті жерлерде де көтеру болатын. Оны тәжірибе жүзінде іске асыру үшін партия комитеттерің бірінші хатшылары халық депутаттары Кеңесінің төрағаларына ұсынылды. Бірақ мұндай өзгеріс барлық жерлерде бірдей міндетті еместігі айтылды. Міне, осының нәтижесінде 1990 жылғы жергілікті кеңестер сайлауының қорытындысы бойынша Қазақстанда 9 қалалық және аудандық Кеңестерге кандидаттар бөлек-бөлек сайланды.
Жаңа тәртіпке сәйкес 1990 жылғы наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне сайлау ұйымшылдықпен өтті. Онда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-ші хатшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осыдан көп кешікпей-ақ орталықтағы сияқты біздің республикамызда да президенттік қызмет енгізілді. Сөйтіп, 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Н.Ә. Назарбаевты республиканың тұңғыш президенті етіп сайлады. Н.Ә.Назарбаевтың президент болып сайлануы республикада саяси-экономикалық мәселелерді шешуде жаңа идеялардың өрістеуіне ықпалын тигізді. Оның бастамасымен Қазақстанда елді басқару ісіне көптеген жаңалықтар, халық шаруашылығын басқарудың барлық сатыларында сапалы жаңа өзгерістер енгізілді.
Президенттің Семей полигонында ядролық сынаққа тиым салуы, Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен оларға теңестірілген азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету шаралары туралы жарлықтары Қазақстанда демократиялық қайта құрулар жүргізудің өзіндік бір белесі еді.
Қоғамды демократияландыруда халық депутаттары Кеңесінің заң шығару қызметі маңызды рөл атқарды. Бұл салада он екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі (1990 ж. сәуір) жетекші орын алды. 1990-1991 жж. қабылданған республика заңдарында әрбір адамның бостандықтары мен адамгершілік қасиеттерін көрсетуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге зор көңіл бөлінді. Қалыптасқан жағдайдың талаптарына сай республика заңдарын жаңарту құқықтық мемлекет құру жолындағы елеулі қадам болды. Заңдар Қазақстанның саяси және экономикалық егемендігін іс жүзінде нығайтуға, демократия жолына бүкіл саналы күштерді топтастыруға бағытталды. Олар азаматтардың құқықтарын едәуір кеңейтіп, республиканы мекендейтін барлық ұлттар өкілдерінің талап-тілегіне жауап беретін еді. Республика парламентінің қазақ тіліне мемлекеттік тіл дәрежесін берген “Қазақ КСР-нің тіл туралы заңын” 1989 ж. қыркүйекте қабылдауы маңызы зор оқиға болды.
Толғағы жеткен мәселелерді өзі шешуге республиканың құқылы болуы Қазақстанның өткен кезеңінде жіберілген ағаттықтарын түзетуге мүмкіндік туғызды. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 30-40-жылдары және 50-жылдардың бас кезінде сотталған және жазаға ұшыраған халқымыздың даңқты өкілдерінің есімі халқына қайтарылды. Әсіресе Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып Дулатовтың шығармашылық мұраларының ақталуы жұртшылық арасында зор қолдауға ие болды. Сөйтіп, қазақ халқының аталған бес арысы 1988 жылы ресми ақталды.
Елде жүзеге асырылып жатқан демократиялық өзгерістер бұқара халық арасында әртүрлі көзқарастардың, түрлі қоғамдық пікірлердің ашық айтылуына және бірқатар саяси партиялар құрылып, олардың еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Мысалы, 1990 жылы Қазақстан социал-демократиялық партиясы құрылды. Бұл партияның алдына қойған басты мақсаты – республикалық парламент сайлауына қатынасып, оның құрамына өздерінің өкілдерін депутат етіп өткізу еді. Сондай-ақ, партия қоғамдағы жеке меншікті мойындады және өзінің қызметінде кәсіпкерлікті қолдап отыруды көздеді.
1990 жылы Қазақстанда “Азат” азаматтық қозғалысы қалыптасты. Оның басты мақсаты - Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін, заң алдында барлық азаматтардың тең құқықтылығын, әлеуметтік әділеттілікті қорғау болды. Одан басқа республикада “Алаш”, “Желтоқсан”, т.б. саяси қозғалыстар пайда болды. Мұның өзі Қазақстанда көппартиялық жүйенің қалыптаса бастағанын көрсетті.
1991 жылы тамыз айында Мәскеуде мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болды. Оған КОКП Орталық Комитетінің кейбір жетекшілері қатысты. Мұның өзі партияның, оның басшы органдарының беделін түсірді. Бұл жағдай Қазақстан Компартиясының жұмысына теріс әсерін тигізді. Сөйтіп, 1991 жылғы қыркүйек айында өткен республика Компартиясының төтенше съезінде оның қызметі тоқтатылды. Өзін Компартияның ісін жалғастырушымыз деп санайтын Қазақстан социалистік партиясы құрылды. Оның құрамында сол кезде 50-60 мың мүшесі болды. 1992 жылы наурызда Қазақстан социалистік партиясының кезекті съезі өтті. Съезд республикадағы саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдай және партияның таяудағы міндеттері, партияның бағдарламасы мен жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу сияқты мәселелерді талқылады.
1991 жылы қазанда жетекшілері О.Сүлейменов пен М.Шаханов болған Қазақстан Халық Конгресі партиясы құрылды. Сондай-ақ, бірқатар коммунистер бұрынғы Қазақстан Коммунистік партиясының қызметін қайтадан қалпына келтіруге әрекет жасады.
Барлық саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың алдында тек демократиялық жолмен, Конституция талабына сай қызмет ету мақсаты қойылды. Олар парламенттік партияларға айналу, сайлаушылардың көп дауысына ие болу үшін күрес жүргізді. Бұл саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар тек құқықтық жағдайда өзара түсінісу, келісу арқылы байланыс жасап отыруға тырысты.
Қайта құру жағдайында Қазақстанның қоғамдық ұйымдарында да сапалық жаңа өзгерістер іске асты. 1991 жылы қазан айында Қазақстан комсомолының кезектен тыс ХҮІІІ съезі болып өтті. Съезд делегаттары республика комсомолын Қазақстанның жастар одағына ауыстыру жөнінде шешім қабылдады. Оның алдында республика жастарының құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеті қойылды.
Осы кезде кәсіподақтың жергілікті, әсіресе, бастауыш ұйымдарының рөлін көтеруге ерекше мән берілді. Олар өздерінің мұшелерінен жиналған қаржыларды ұйым қажетіне жұмсауға толық ерік алды. Қазақстан Орталық кәсіподақ комитеті және облыстық кәсіподақ комитеттері салалы кәсіподақ Кеңестері болып қайтадан құрылды. Соңғы жылдардағы кәсіподақ ұйымдарының негізгі қол жеткен табысы – ол әр түрлі саяси және мемлекеттік ұйымдардан тәуелсіздік алды. Бұқара халықтың мүддесін қорғауда олар көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерді мемлекеттік және шаруашылық органдарымен тең дәрежеде келісе отырып шеше алатын жағдайға қолдарын жеткізді.
Сондай-ақ бұл жылдары әйелдер кеңесіне балама ұйымдар әдеттен тыс төменнен пайда болды. Солдат аналарының комитеті, Қазақстан мұсылман әйелдерінің лигасы, көп балалы аналар, жанұялар одағы, “Айша”, “Ақ отау” және Іскер әйелдер қауымдастығы құрылды. Сөйтіп, республикада 1991 жылы барлығы 120-дан астам дербес қоғамдық негізде бірлестіктер жұмыс істеді.
Бұл жоғарыда аталған фактілердің барлығы ХХ ғ. 80-ші жылдардың 2-ші жартысында қоғамды қайта құру барысында Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде демократиялық қатынастардың кең өріс ала бастағанын көрсетеді.
Қайта құру жылдары Қазақстанның экономикалық дамуында дағдарыстық құбылыстар одан әрі тереңдей түсті. Экономикада көптеген кәсіпорындардың шығынын табысы мол кәсіпорындардың арқасында ұстап тұру орын алды. Жұмыстың бағасы өнімнің саны мен сапасына емес, оған жұмсалған қаржымен есептелді.
Республиканың өндірістік құрылымы шикізат өнімдерін өндіру саласымен сипатталды. Өңдеу саласы өте төмен, әлсіз, ғылыми негізделмеген болды. Сондықтан да Қазақстанда оның үлесі өте аз мөлшерде еді. Қазақстан өз шикізаттарының ең негізгі бөлігін толық өңдеу ұшін сыртқа шығарып, дайын күйіндегі өндіріс құрал-жабдықтарын қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр болды.
Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру жағынан Қазақстан әр адамға шаққанда одақтық деңгейге қарағанда төменгі орында болды. Халық тұтынатын тауарлардың 44% сырттан әкелінді. Республикадан сыртқа 70% шикізат, 12% жартылай өнімдер шығып жатты. Жоғары сапалы түсті металдың өзінің 3% ғана дайын заттарға айналып, қалған 97% республикадан шығарылып жатты. Мұндай жағдай өндірісті тығырыққа әкеп тіреп, республиканы шикізат өнімдерінің бағасының төмендігінен көп қарыздар етті. Қазақстан өндірісінің 93% одаққа, тек 7% ғана жергілікті жерге бағынышты болды. Сондықтан да республикалық бюджетке қаржы өте аз мөлшерде бөлінді.
Қазақстан экономикасының артта қалуы және ондағы кемшіліктер туралы 1986 жылдан бастап ашық айтыла бастады. 12-бесжылдықта (1986-1990 жж.) республика экономикасын қайта құру мүмкіндіктері іздестірілді, жаңа идеяларды іске асырудың жолдары қарастырылды. Мұның өзі бесжылдықта ұлттық табыстың өсуінде, әлеуметтік ахуалды жақсартуда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде кейбір табыстарға қол жеткізді.
Дегенмен қоғамдық өндіріс көлемі қойылып отырған талаптардың деңгейінен көп төмен жатты. Оның негізгі себебі басқарудың әкімшіл-әміршіл жүйесінің икемсіздігіне байланысты еді. Ең бастысы өндірістің тиімділігін арттыруда экономикалық тетіктер жете пайдаланылмады, оның толып жатқан резервтері іске қосылмады. 1990 жылдың орта шенінде өнімнің өсу қарқынының бұрынғы жылдармен салыстырғанда мықтап құлдырағаны байқалды. Дағдарыс экономиканың барлық салаларын қамтыды. Ол саяси-әлеуметтік жағдайға теріс әсерін тигізе бастады. Көмір алқаптарындағы кеншілердің, металлургтердің тұрмыс дәрежесі мейлінше төмендеді. Осыған орай, олар өздерінің наразылығын ашық білдіре бастады. Кеншілер ұжымдарының еріктілігін, шығарылған көмірдің кейбір бөлігін өздерінің қалауынша сатып, қажетті тауарларға айырбастап алып отыруға мүмкіндік берілуін талап етті.
Экономикалық дағдарыс республиканың өнеркәсіп өндірісінің көптеген салаларын қамтыды. Оларға қажетті жабдықтар жетіспеді. Әсіресе, халық тұтынатын тауарларды өндіру нашар жағдайда болды. Қажетті материалдардың жеткіліксіздігінен күрделі құрылыстың қарқыны баяулап, жоспарлар орындалмады.
Осындай күрделі жағдайда Республика экономикасын нарықтық қарым-қатынас аясына шығару мақсатымен 1991 жылдың ақпан айында Жоғарғы экономикалық кеңес құрылды. Оның құрамына енген белгілі экономист Г.Явлинский, АҚШ-тан келген доктор Бэнг тағы басқа ірі экономист мамандар республика экономикасына нарықтық қатынастарды енгізудің мүмкіндіктерін іске қосу мәселесімен шұғылданды.
Қазақстанда мемлекеттік меншікпен қатар жеке меншіктің жаңа формалары – акционерлік қоғамдар, жалдық және кооперативтік кәсіпорындар, фермерлік шаруашылықтар, біріккен кәсіпорындар, түрлі қауымдастықтар мен бірлестіктер қалыптаса бастады. 1991 жылдың ортасында республикада 35 біріккен кәсіпорындар, 16 сыртқы экономикалық қауымдастықтар, халықаралық коммерциялық банк жұмыс істеді.
Дегенмен әртүрлі себептерге байланысты бірінші кезекте Кеңес Одағы республикаларының бір-бірімен біте қайнасып, бірігіп-кірігіп кеткен шаруашылық қарым-қатынасының бұзылуына байланысты Қазақстанда экономикалық қиындықтар күшейді. 1991 жылдың қорытындысында қоғамдық өнім шығару соның алдындағы жылмен салыстырғанда 7,2%-ке, ұлттық табыс 10%-ке, еңбек өнімділігі 5,4%-ке төмендеді. Тұтыну-сауда саласындағы жағдай шиеленісе түсті. Жеке сауда тауар айналымының ерекше қысқаруы “көлеңкелі” экономиканың кеңінен өрістеуіне, халықтың тұрмыс дәрежесінің одан әрі төмендеуіне алып келді. Елде ақшаның құны түсіп кетті. Құны жоқ қағаз ақшаның көлемі 1991 жылы 1990 жылмен салыстырғанда 4,5 есе өсіп 8,7 миллиард сомға жетті, оның 3 миллиарды 1991 жылдың соңғы екі айында шығарылды. Республиканың мемлекеттік қарызы 7,8 миллиард сомға дейін өсті. 1991 жылы Қазақстандағы барлық кәсіпорындар мен ұжымдардың 11%-і шаруашылық жылын шығынмен аяқтады. Халық тұтынатын тауарлар азайды.
Өнеркәсіп тауарларына бағаның айтарлықтай қымбаттауы аграрлық сектордың жағдайын едәуір қиындатып жіберді. Соның салдарынан, егер 1991 жылы ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алу бағасы 1,5-3 есеге дейін өссе, ауыл шаруашылығына қажетті механизм мен машиналарды сатып алу бағасы одан бірнеше есе асып түсті. Оның үстіне ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру біраз төмендеді. Оған 1991 жылғы болған қуаңшылықтың үлкен зардабы тиді. Нәтижесінде жоспарланған астықтың тең жартысы ғана алынды, мал шаруашылығын жеммен қамтамасыз ету 60-65%-тен асқан жоқ. Соның салдарынан республикада ет, сүт, жұмыртқа сатып алу деңгейі төмендеді. Бірқатар облыстарда малдың саны азайды. 1991 жылы 1990 жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылық өнімі 8%-ке, еңбек өнімділігі 11%-ке төмендеді. Мемлекетке небәрі 3,2 миллион тонна астық сатылып, бұл барлық жиналған астықтың тек 27%-ін ғана құрады. Колхоздар мен совхоздардың қаржы жағдайы нашарлап, экономикалық тиімсіз шаруашылықтардың саны 5 есеге дейін өсті.
Халық шаруашылығына жұмсалған қаржының барлық көлемі 1990 жылмен салыстырғанда 7%-ке азайды. Іске қосылуға тиісті 57 халық шаруашылығы объектілерінің тек 30-ы ғана бітіп, оның есесіне аяқталмаған құрылыстар саны 1,4 есеге көбейді. Оған жұмсалмай қалған қаржы 1991 жылдың аяғында 17 миллиард сомға жетті. Транспорт бойынша 1990 жылмен салыстырғанда жолаушыларды тасу 8%-ке қысқарды. Шет елдерге бұрынғысынша шикізат, жартылай өңделген материалдарды шығару басым болды. Оның 60% қара және түсті металлургия өнеркәсіп өнімдерін құрады. Есесіне республика басқа жерлерден бұрынғыша машина жасау өнеркәсібіне қажетті жабдықтардың 250-ден астам түрлерін, 13% көлемінде халық тұтынатын тауарларды, сондай-ақ тамақ өнеркәсібіне керекті материалдар мен шикізатты алдырды.
ХХ ғ. 80 жылдары Қазақстанда ұлттық табыс кісі басына шаққанда Одақтық деңгейден 12% кейін қалды. Сондай-ақ республикада үй құрылысы, мектеп, балалар бақшасы және басқа да мәдени-әлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болған жоқ. Мысалы, 80-жылдары Одақ бойынша 10 мың адамға жыл сайын 75 пәтер салынса, Қазақстанда тек – 69, Одақта әрбір 10 мың адамға 404 дәрігерден келсе, мұнда тек 352 дәрігерден келді. 1987 жылы мектеп жасына дейінгі баланы балалар мекемелерімен қамту 53% ғана болды. Экологиялық жағдай төтенше түрде күйзеліске түсті. Табиғи ресурстарды пайдаланудағы ведомствалық мүдде қоршаған ортаны қорғау шараларының жүзеге асуына кедергі жасады. Соның нәтижесінде көптеген территория, су мен ауа бассейндері ластанды. Қазақстанның бірқатар аймақтары экологиялық зардап шегіуші аудандарға айналды. Табиғи ортаны қорғау жұмысының жеткіліксіздігінен көптеген қалаларда ауаның ластануы өте жоғары деңгейге жетті. Әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарында экологиялық өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал аймағында көптеген аурулар тарап, балалар өлімі өсті. Осыған орай республикада қоғамдық қозғалыс күшейіп, Арал, Балхаш мәселелері жөнінде қоғамдық Комитет құрылды. “Невада-Семей” ядролық қаруға қарсы күрес күшейіп, Семей полигонының жабылуына қол жетті. Бұл қозғалыстар тек ядролық полигондарды жою үшін ғана емес, сонымен қатар экологиялық жағдайды жақсарту бағытында жүргізілді.
1991 жылғы желтоқсанда “Қазақстан республикасы халқын әлеуметтік қолдау жөніндегі қосымша шаралар туралы” Президенттің Жарлығына байланысты республика үкіметі бірнеше шешім қабылдады. Зейнетақы, жәрдем ақша, стипендия, т.б. әлеуметтік төлемдердің ең аз мөлшері көбейтілді. Қазақстанда 1991 жылы зейнетақының ең төменгі мөлшері және балаларға мемлекет тарапынан қосымша төлем төлеу екі есе өсті, көтерілген бағаның орнын толтыру үшін қосымша 3 млрд. сом ақша бөлінді. Әрине, бұл қаржы күн санап қымбаттап бара жатқан халықтың тұрмыс қажетін қанағаттандыра алмады. Сол кездегі мейлінше күрделі де, ауыр кезеңде таяу арада саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайдың түзеліп кетуіне ол кезде жұрттың сенімі азайды. Сонымен, Кеңес үкіметінің әлеуметтік-экономикалық саладағы жағдайды жақсартуға ұмтылуы көздеген нәтиже әкелмеді. 1985-1991 жылдардағы тиімсіз реформалар жағдайындағы экономикадағы келеңсіз өзгерістер, шаруашылық дамудың қарқынының төмендеуі өмір сүріп тұрған жүйені толық дағдарысқа ұшыратты.
Қорыта келгенде, ХХ ғасырдың 70-ші – 80-ші жылдары қоғамдық-саяси өмірдегі және әлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар одан әрі өсіп, қоғамдағы қайшылықтар мейлінше шиеленісе түсті. Сол кездегі күшпен ұстап тұрған кеңестік тоталитарлық жүйенің құлдырауы жағдайында басқаша болуы мүмкін де емес еді. 1985 жылдан басталған қоғамдық-экономикалық өмірді қайта құру, горбачевтік социализмді “жаңарту” әрекеттері ешқандай оң нәтиже бермеді, КСРО-ны төніп келе жатқан терең дағдарыстан құтқара алмады және құтқара да алмайтын еді. Керісінше, кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе тоқырауға ұшырап, қоғамның барлық салаларын қамтыған дағдарыс одан әрі тереңдеп, ең соңында КСРО-ның ыдырап кетуімен аяқталды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет