Оқулықтар мен әдебиеттер. «ҚР әлемдік қауымдастықта» пәні «Қазақстанның қазіргі заман тарихы»



бет5/50
Дата26.09.2022
өлшемі1,41 Mb.
#40403
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50
Байланысты:
«Қ Р әлемдік қауымдастықта» курсы бойынша дәрістер Смағұлов С 09

5 – лекция. 1 сағат.
Қазақстан Республикасы мемлекеттің сыртқы саясаты концепциясының қалыптасуы.
1. Сыртқысаяси концепцияның және сыртқы саясаттың негізгі принциптерінің жасалуы.
2. Қазақстан сыртқы саясаты концепциясының негізгі аспектілері.
ҚР-ның сыртқысаяси концепциясының жасалуы.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін егемен мемлекет ретінде халықаралық қатынастар жасауға, белсенді сыртқы саясат жүргізуге кірісті. Қазақстан өзінің сыртқы саясатында үш мәселеге ерекше назар аударды. Біріншіден, басқа елдермен, соның ішінде бұрынғы Одаққа кірген республикалармен, Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және АҚШ-пен халықаралық байланысты өркендету. Екіншіден, шет елдермен тек дипломатиялық байланыс қана орнатып қоймай, сонымен қатар, олармен мәдени-экономикалық байланысты күшейту, сол арқылы алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу. Үшіншіден, Қазақстанның қауіпсіздігін сақтау, дүниежүзілік соғысты, ядролық қаруды қолдануды болдырмау.
Міне, осы бағытта 1991 жылдан бастап сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында көптеген шаралар іске асырылды. Қазақстан өзінің барлық көршілерімен, негізгі әріптес мемлекеттерімен байыпты және болжауға болатындай байсалды қарым-қатынастар орнатты. Сыртқы саясаттың негізгі діңгегі – көпвекторлық жол, яғни көп бағыттылық. Ол – еліміздің геосаяси жағынан орналасуына байланысты өмірдің өзі талап етіп отырған қалыпты жағдай. Өткен уақыт ішінде Қазақстан Республикасын дүние жүзінің 180-нен астам мемлекеті таныды. Қазақстан 120-дан астам елмен дипломатиялық қатынастар орнатты. Шет елдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашылды. Ал Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді.
Қазақстанды дипломатиялық тұрғыдан танығаннан кейінгі ең маңызды міндет біздің сыртқы саясатымыздың басым бағыттарын тұжырымдамалық айқындау болды. Қазақстан қандай халықаралық саясатты жүргізеді – бұл мәселе орталық азия аймағындағы жағдай көбіне-көп жаңа мемлекеттің сыртқы саяси бағытына байланысты болатынын түсінген көптеген мемлекеттерді алаңдатты.
Қазақстанның әлеуетін және оның сыртқы саяси акцияларын қалай бағалауға болады? Отандық дипломатияның мәні неде және оның негізгі бағыттары қандай? Сыртқы саясаттағы аймақтық пен ғаламдықтың арақатынасы қандай? Біздің мемлекетіміздің аумағында орналасқан ядролық әлеуетті қоса алғанда, халықаралық қауіпсіздік проблемаларын шешуге Қазақстан қалай қарауы керек? Қазақстанның қауіпсіздігін дипломатиялық құралдармен қалай қамтамасыз етуге болады?
Осы және басқа сауалдар сыртқы саясат тұжырымдамасын жасаушыларды қатты ойландырды. Ал оның бер жағында, Қазақстанның көкейтесті қажеттері мен стратегиялық мүдделерін дәл көрсететін басымдықтарды нақты қою қажеттігі айқын сезілді.
Тұжырымдаманы әзірлеуге Президенттің өзі леп берді. Қазақстанның «Егеменді мемлекет ретіндегі қалыптасу және даму стратегиясы» деген іргелі еңбегінде Н.Назарбаев Қазақстанның халықаралық бағытының бағдарларын айқындап берді.
«Біз ең алдымен өз саясатымыздың бейбітшіл бағытын жариялаймыз және дүние жүзінің бірде бір мемлекетіне аумақтық дәмегөйлік білдірмейтінімізді мәлімдейміз. Өз жауапкершілігімізді ұғынып және кез келген әскери жанжал алапат зардаптарға соқтыратынын түсіне отырып:

  • Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттары ретінде бейбітшіліктің сақталуын танимыз;

  • Саяси, экономикалық және өзге мақсаттарға жету құралы ретіндегі соғыстан немесе соғыс күштерімен қауіп төндіруден бас тартамыз;

  • Қалыптасқан шекараларды бұзбау, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау принциптерін ұстанамыз».

Президент ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сыртқы саяси қызметтің басымдығын атап көрсетті. «Геосаяси жағдай мен этнодемографиялық құрамның ерекшелігін, Қазақстанның экономикасы мен әскери құрылысының даму деңгейін оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери құралдар емес, ең алдымен өз күшіне және саналы, салмақты дипломатиясына сүйенген саяси құралдар басым етеді». Бұл орайда «Қазақстанның қауіпсіздік жүйесі аймақтық және планетарлық қауіпсіздік жүйесінің құрамдас бөлігі болуға тиіс».
Тәуелсіздік алған тұста біздің еліміз ие болған ядролық қаруға келетін болсақ, онда «Қазақстан уағдаластық процесі нәтижесінде ядролық қарудан бос аймаққа айналады. Өз қауіпсіздігінің мүдделерін ескере отырып, біздің түпкі мақсатымыз – ядролық әлуетсіз ешкімнің тиіспеуі мен аумақтық тұтастыққа кепілдік алу».
Бұл еңбекте есепке алу мен геоэкономикалық факторлардың маңыздылығы атап көрсетілген: «... Ашық теңізге тікелей шығу мүмкіндігінің болмауы, коммуникативтік құралдардан қашық болу республиканың халықаралық экономикалық байланыстарға қатысуын қиындатады. Сондықтан шектес мемлекеттермен, ең алдымен біз үшін дүниежүзілік коммуникацияларға қақпа болып отырған Ресеймен және Қытаймен толық сенімділік принципінде өзара пайдалы достық қарым-қатынас орнатудың айрықша маңызы бар. Сонымен бірге біз, әрине, халықаралық әділеттік пен серіктестік негізінде басқа елдердің бәрімен кеңінен байланыс жасауды дамыту үшін іс-қимыл жасаймыз».
Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның сыртқы саясаты тұжырымдамасының негізгі аспектілерін әзірлей отырып, Президенттің осы еңбегінде айтылған принциптер мен міндеттердің өзіне сүйенді. Біз кез келген бағыттағы сыртқы саяси қызметтің негізінде еліміздің ұлттық-мемлекеттік мүдделері болуға тиіс екендігін негізге алдық. Олар деп ең алдымен, әртүрлі саладағы (әскери, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, ақпараттық) қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық гүлдену, халықаралық аренада Қазақстанның беделін қамтамасыз ету еске алынды. Біздің дипломатияның табысты болуына мақсаттар мен мүмкіндіктердің арасындағы, стратегиялық мақсаттарға жетудегі дәйектілік пен саяси оралымдылық жасауға арналған кеңістікті сақтау арасындағы дұрыс таңдап алынған арақатынас арқылы жетуге болатынын түсіндік.
Тұжырымдаманың алғашқы нобайлары СІМ-де 1992 жылғы наурыз айының өзінде-ақ әзірленді. Президент Әкімшілігінде және Стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс қатар жүргізілді. Сыртқы саяси ведомстсво ретіндегі сыртқы істер министрлігі алқасының бірінші мәжілісі сыртқы саясат тұжырымдамасының жобасын талқылауға арналды. Бұл құжатпен жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сыртқы саясат тұжырымдамасы Қауіпсіздік Кеңесінде екі рет: 1995 және 2000 жылдары бекітілді. Тұжырымдама неліктен екі рет қаралды деген сауал қоюға болады. Себебі, халықаралық ахуал өзгерді,қазіргі әлемнің сапалық сипаттамалары туралы пікірталас күшейді. Бүкіл дүние жүзі жаһандану деген кең ұғымға ие болған жаңа дәуір туғанын мойындады. Қазақстанның геосаяси төңірегі де өзгермей қала алмады.
Мысалға, Ресейді алайық. Оның сыртқы саясаты 90-жылдардан бастап айтарлықтай эволюцияға ұшырады. Алдымен, Батыспен барынша жақындасуға бағыи алынды, содан кейін 90-жылдардың ортасында Мәскеу НАТО-ның шекарасын кеңейтуіне байланысты қатал пікірталасты өрістетті, ал Кремльге жаңа Президент В.Путин келгеннен соң, Ресейдің сыртқы саясатында елдің экономикалық мүдделеріне негізделген прагматизм басымдық ала бастады. Тіпті, әдетте өзінің мазмұны жағынан кертартпа қытай дипломатиясының өзі де ауқымды жаһандық ахуалдың өзгеруімен қоса біртіндеп эволюциялана бастады. Жарқын мысал: ҚХР-ның Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіруі. 90-жылдардың ортасынан бастап қытай-американ бақталастығы неғұрлым ширыға түсіп, осыған байланысты Пекин Мәскеумен бұрын болып көрмеген жақындасуды бастады. Ауғанстандағы оқиғаларға орай Қазақстанның таға бір көршісі - Өзбекстанның халықаралық қызметі жандана бастады.
Осындай жағдайларда Қазақстанның сыртқы саясаты кезінде таңдап алынған басымдықтар мен мақсаттарға шектеліп, бір орында тұрып қала алмайтын еді. Міне, сондықтан да Қазақстан әлемде болып жатқан өзгерістерді мұқият қадағалап, өзінің сыртқы саяси тұжырымдамасын осы өзгерістерге бейімдеуге және бұл орайда өзінің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірмеуге әрекеттенуде. Бірақ біздің дипломатиямыздың іргелі негіздері, әрине, ұдайы қайта қарау объектісіне айналмауға тиіс. Әңгіме, біздің ішкі саясатымыздың ұзақ мерзімді мүдделеріне барынша жақсы әдіспен қызмет көрсете алатын, яғни біздің ұлттық мүдделерімізге сай келетін, олардың шетелдегі алға жылжуына жәрдемдесе алатындай сыртқы саясатты жүргізу жайында. Қазақстан әуелден экономикадағы нарықтық өзгерістерді ұстанатыны туралы мәлімдеді, сөйтіп дипломатия ішкі реформаларды жүргізу үшін қолайлы сыртқы жағдайлар жасауға тиіс болды.
Біз ең алдымен көршілес мемлекеттермен, сондай-ақ жаһандастыру дәуірі басталғаннан бері қайта жаңғырған «үлкен ойынның» барлық негізгі қатысушыларымен тұрақты, болжаулы қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін сыртқы саясат жүргізуді алдымызға міндет етіп қойдық. Бұл орайда, біздің ұлттық мүдделерімізге ешбір нұқсан келтірмей, мүдделі мемлекеттермен ынтымақтастық жасаудың тұтас бір жүйесін жоспарлы түрде құру алға қойылған еді. Басқаша айтқанда, достық достық үшін емес, Қазақстанның мүдделері үшін.
1998 жылы қыркүйекте Президент Н.Назарбаев СІМ Алқасының кеңейтілген отырысында сөз сөйлеп, онда Қазақстан өзінің осыншама геосаяси жағдайы және экономикалық әлеуеті бола тұра, тар аймақтық проблемаларға тоқталып қалуға хақы жоқ, деп мәлімдеді. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл біздің елде де, одан тысқары жерлерде де түсіністік туғызбас еді. Бұл мәлімдеме дипломатиялық ведосмтвоның бірнеше жылдар бойғы ұмтылыстары мен қажырлы еңбегін қорытындылағандай болды. Жас мемлекеттің күш-жігері шетелдермен ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық негіздерін жасауға бағытталды. (Тоқаев Қ. Беласу. Дипломатиялық очектер. – Алматы, 2003. 163-167-бб.).
Қазақстан БҰҰ мүшесі бола отырып, өзінің сыртқы саясатын халықаралық құқық принциптері негізінде құрады. ЕҚЫҰ-ге қатысушы ретінде ҚР өзінің сыртқы саясатында 1975 жылғы Хельсинки Декларациясының Қорытынды актісі принциптеріне және халықаралық актілерде бекітілген принциптерге арқа сүйейді. Олар төмендегі он принциптер: мемлекеттердің егемен теңдігі; күш қолданбау және күшпен қауіп төндірмеу; шекаралардың мызғымастығы; мемлекеттің аумақтық тұтастығы; даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешу; ішкі іске араласпау; адам құқығын және негізгі бостандықтарын құрметтеу; халықтардың өз тағдырын шешудегі теңдігі мен құқығы; мемлекетаралық ынтымақтастық; халықаралық құқық бойынша міндеттерді адал орындау (Внешняя политика Республики Казахстан: Учебник /Под общ.ред. К.И.Байзаковой. Алматы: Қазақ университеті, 2006. 14-б.).

Сыртқы саясаттың негізгі принциптерінің жасалуы.


ҚР Конституциясының 8-бабында былай делінген: «Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартады».
Халықаралық құқық принциптері — ол субъектілер тәртібінің басты ережесі, халықаралық құқықтың заң тұрғысынан бекітілген бастауы. Олар — әмбебап, халықаралық қатынастардың орныққан тәжірибесінің барынша жалпылама бейнеленуін көрсетеді және халықаралық қатынастарды тұрақтандыруға көмектеседі. Халықаралық құқық принциптері кәдуілгі және шарттық жолмен құрылады. Халықаралық құқықтың барлық субъектілері оларды қатаң сақтауға міндетті, әйтпесе оларды бұзу халықаралық қатынастардың басқа субъектілерінің заңды мүдделерін қозғайтын болады.
Халықаралық құқықтың негізгі принциптері БҰҰ-ның Жар-ғысында бейнеленген. Олар мемлекеттер жеке де, өзара келісім бойынша да қабылдамай тастауға болмайтын міндеттемелер болып табылады.
БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1970 жылғы 24 қазанда қабылдаған, БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес мемлекеттер арасындағы достық пен ынтымақтастық қатынастарға қатысты халықаралық құқық принциптері туралы Декларация және қатысушы — мемлекеттер 1975 жылғы 1 тамыздағы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық Кеңестің қорытынды актісінде өзара қатынастарды басшылыққа алатыи принциптер Декларациясы халықаралық құқықтар принциптерінің мазмұнын ашатын барынша маңызды құжаттар болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет