Оқулықтар мен әдебиеттер. «ҚР әлемдік қауымдастықта» пәні «Қазақстанның қазіргі заман тарихы»


Сауда және даму жөніндегі БҰҰ конференциясы



бет37/62
Дата08.02.2022
өлшемі1,53 Mb.
#25034
түріОқулық
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   62
Сауда және даму жөніндегі БҰҰ конференциясы (ЮНКТАД) БҰҰ жүйесінің басты ұйымдарының бірі, ол сауда, қаржы, технология және инвестиция саласындағы проблемалармен шұғылданады.

Қазақстан бірнеше жобалардың шеңберінде ЮНКТАД-пен бірлесіп жұмыс істейді. Мәселен "Халықаралық сауда жүйесіне тиімді кірігуде және ДСҰ-ға қосылуда Қазақстанға жәрдемдесу" жобасы біздің еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне қатысты әзірлік рәсімдерін жүргізуге жәрдем көрсетуге бағытталған.

ЮНКТАД/ДСҰ халықаралық сауда орталығының жобасын қазақстандық тараптың ұсынысы бойынша 1997 жылы ЮНКТАД/ДСҰ халықаралық сауда орталығының мамандары әзірледі. Жобаның мақсаттары: сыртқы сауданы дамытудың орта мерзімдік стратегиясын қалыптастыру, елдің бірқатар өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында экспортты көтермелеуге жәрдемдесу. Жоба шеңберінде Алматыда Сыртқы сауданың қазақстандық орталығын ашуда маркетингтік, техникалық және консультациялық көмек көрсету ұсынылады.

"Сауда мен экономикалық ынтымақтастық тиімділігін арттыруда Экономикалық ынтымақтастыққа мүше елдердің қолдау көрсетуі" жобасы сауда-саттықтың, көліктің тиімділігін арттыру, кедендік рәсімдерді реформалау және жаңғырту мақсатында Қазақстан мен ЮНКТАД ынтымақтастығының басымдық берілетін бағыттарын айқындау жөніндегі жүмысты көздейді.

Қазақстанның Халықаралық еңбек ұйымымен (ХЕҰ) ынтымақтастығы 1993 жылы осы Ұйымға кірген кезінен бастап қазақстандық заңнаманы халықаралық еңбек құқығының нормаларымен сәйкес келтіру мақсатында ХЕҰ іс-шараларына біздің еліміздің өкілдерінің қатысуы деңгейінде жүзеге асырылып келеді.

Ұйым Қазақстанға еңбек және әлеуметтік проблемалар бойынша ақпарат және талдау материалдарын үсынады. Мыналар ХЕҰ-ның Қазақстандағы қызметінің анағұрлым маңызды салалары болып табылады: еңбек және әлеуметтік мәселелер саласында заңдық базаны жетілдіру, жұмыспен қамтуды дамыту, кедейшілікті азайту, еңбекті қорғау, әлеуметтік диалог, саясатты талдап жасау және консультация, сондай-ақ басқа да оқыту бағдарламалары түрінде техникалық көмек көрсету арқылы әлеуметтік проблемаларды шешу.



Қазақстан 1994 жылғы 14 ақпаннан бастап Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) 121-ші мүшесі болды, оған дейін біздің еліміз Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды (1993 жылғы желтоқсан). Шарттың ережелеріне сәйкес 1994 жылғы 26 шілдеде Алматыда ЯҚТШ-ға байланысты (ол ҚР Президентінің Жарлығымен 1995 жылғы 19 маусымда бекітілді) кепілдікті қолдану туралы Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасындағы келісімге қол қойылды.

Келісімге сәйкес біздің еліміздегі барлық ядролық қызмет МАГАТЭ-нің кепілдігімен жүргізілетін болады. Еліміздің ядролық объектілерінде тұрақты түрде МАГАТЭ-нің инспекциясы жүргізіледі, ядролық объектілерге - Маңғыстау атом энерго-комбинатының (Ақтау) БН - 350 энергетикалық реакторы, "Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ АЭС үшін отын өндіру жөніндегі зауыт (Өскемен), Алатау және Курчатов поселкелеріндегі ұлттық ядролық орталықтың реакторлары жатады. Инспекция жүргізудің мақсаты - Қазақстан ресми түрде мәлімдеген ядролық материалдардың мөлшерін тексеру.

МАГАТЭ-нің, оған мүше елдермен техникалық ынтымақтастық бағдарламасы - атом энергиясын және ядролық-техникалық технологияларды пайдаланудың қауіпсіздік деңгейін арттыруға, денсаулық сақтау мен қоршаған ортаны қорғауды қоса алғанда, өнеркәсіпте, ғылымда, әлеуметтік салада жаңа прогрессивті әдістерді дамытуды және енгізуді көздейді, МАГАТЭ-нің үлесі негізінен озық тәжірибе алмасуды ұйымдастырудан, қажетті ақпаратты ұсынудан, кеңестерді әзірлеуден көрінеді. Алайда Қазақстанға қатысты МАГАТЭ шығыстарының елеулі бөлігін жобаларға сәйкес сатып алынатын жабдықтардың құны құрайды.

МАГАТЭ-мен техникалық ынтымақтастық бағдарламасына Қазақстанның қатысуы өмірдің түрлі салаларында қолданылатын осы заманғы ядролық технологияларға және тиісті ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді, халықаралық байланыстарды кеңейтеді, атом энергиясы мен ядролық-физикалық технологияларды бейбіт мақсатта пайдаланудың қауіпсіздігі мен тиімділігін осы заманғы деңгейге көтеруге жағдай жасайды, Қазақстанның халықаралық беделіне игілікті түрде ықпал етеді.

1992 жылғы шілде айында Қазақстан Республикасы Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы туралы конвенцияны бекітті (Чикаго, 1944 ж.) және осы арқылы өзінің ИКАО-дағы тең құқықты мүшелігін қуаттады. ИКАО осы Ұйымның Ассамблеясы және Кеңесі әзірлеген немесе мақұлдаған халықаралық әуе көлігін реттеудің мәселелері бойынша өзінің саясаты туралы түрлі жарияланған мәлімдемелерін, сондай-ақ ИКАО органдары әзірлеген нұсқаулық материалдар мен ақпаратты Қазақстанға жіберіп отырады.

Қазақстанның ИКАО-ға мүше болуы оның кез келген халықаралық ұшуларды, оның ішінде авиакомпаниялардың шетелге тұрақты рейстер орындауына құкық береді.



БҰҰ Бас Ассамблеясының 49-сессиясынан бастап (1994 ж.) БҰҰ БА-ның "Теңізге шығатын жолы жоқ Орталық Азия мемлекеттерінің транзиті және көршілес дамушы елдердің транзитінің жүйесі" қарарын іске асыруға Қазақстан белсенді түрде қатысып келеді, аталған қарар Орталық Азия аймағындағы қазіргі бар транзиттік-көліктік жүйені жетілдіруге халықаралық ұйымдар мен донор-елдерді тартуға бағытталған.

Теңіз флотының қызметі Халықаралық теңіз ұйымының (ХТҰ) құжаттарымен реттелетін халықаралық ережелерді сақтауды талап етеді, бұған теңіз қауіпсіздігіне, кеме қатынасының тиімділігіне, үкіметтер тарапынан кемсітушілік шаралары мен басы артық шектеулерді болдырмауға қатысты халықаралық сауда қатынасы жөніндегі құжаттар да жатады. Осыған байланысты 1994 жылы Қазақстан ХТҰ-ның негізге алынатын кейбір конвенцияларын бекітті. ХТҰ-ға мүше болу біздің кемелерімізге әлемнің халықаралық айлақтарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалауымен кіруіне құқық беретінін атап айту керек.

1997 жылы Қазақстан БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымына (ФАО) кірді және осы ұйымның 175-ші мүшесі болды. ФАО-мен ынтымақтастық мынадай бағыттар бойынша жүргізіледі: зиянкес жәндіктерге қарсы күрес, ауыл шаруашылығы жөнінде статистикалық деректерді жинау, ауыл шаруашылығында ақпараттық-маркетингтік жүйе құру, Семей аймағын оңалту, су ресурстарын басқару және т.б.

Қазақстанның ауыл шаруашылығында ақпараттық-маркетингтік жүйені құру ФАО-мен ынтымақтастықтың болашағы зор бағыты болып табылады. Біздің елімізге осындай жүйені құру, оны дүниежүзілік интернет жүйесі мен ФАО-ның деректер банкіне қосу ауыл шаруашылығы саласында мүдделілік туғызатын мәселелер бойынша маңызды ақпарат алуға, атап айтқанда, әлемдік рыноктардағы астықтың және басқа да ауыл шаруашылығы тауарларының нарықтық бағалары туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығының Қазақстан экономикасының анағұрлым маңызды салаларының бірі болып табылатындығын ескеретін болсақ, ауыл шаруашылығына мамандандырылған халықаралық ұйымдармен, бірінші кезекте ФАО-мен ынтымақтастықтың өмірлік маңызы бар.

Қазақстанның ФАО-мен ынтымақтастығын кеңейту үшін алдағы уақытта төмендегідей бағыттар жақсы негіз қызметін атқара алады, олар: экологиялық және агробиологиялық алуандық, астық шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту, кедейшілікпен күрес және Қазақстан халқын тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету, маркетингтік қызмет көрсету мен маркетингтік ақпарат жүйесін жетілдіру, шағын несие берудің пилоттық кестесін орындау.

Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДҰ) өзара іс-қимылы екі деңгейде жүзеге асырылады. Бас директор Г.Харлам-Брутланд басқаратын ДДҰ-ның штаб-пәтері (Женева) осы халықаралық ұйымның біздің елімізбен өзара іс-қимылының принципті түрдегі саяси мәселелерін (бюджет, кадр саясаты, ғаламдық бағдарламаларды ұйымдастыру) шешеді. Сонымен бірге елдік ынтымақтастық жөніндегі негізгі шешімдер ДДҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросының (ЕАБ, Копенгаген) деңгейінде қабылданады.

БҰҰ-ның басқа да агенттіктерінен ерекшелігі ДДҰ түрлі елдерде арнайы өкілдіктер құрмайды, мемлекеттердің денсаулық сақтау министрліктері немесе ұқсас мемлекеттік органдары арқылы, сондай-ақ ДДҰ-ның белгіленген мерзімге жіберілетін сарапшылары арқылы бағдарламаларды жүзеге асырады.

Оның үстіне ДДҰ-ның ЕАБ-ы Орталық Азия елдерінде Байланыстар жөніндегі бюролар құру туралы шешім қабылдады, олар осы мемлекеттерде ДДҰ-ның ЕАБ-ның өкілдіктерінің функциясын атқарады. Мұндай практика соңғы жылдар ішінде жемісті түрде орнығып келеді және балаларды сақтандыру, құрт ауруына қарсы күрес және денсаулық сақтауды реформалау процесіне жәрдем көрсету жөніндегі ДДҰ бағдарламаларын Қазақстанда тиімді түрде іске асыруға ықпал етті.

ДДҰ-ның ЕАБ-ы қажетті дәрі-дәрмектердің тізбесін қалыптастыруға қолдау көрсетті. Бұл құжат ұлттық фармацевтикалық саясаттың тұжырымдамалық негізі қызметін атқарады. Оның негізінде Ұлттық фармацевтикалық ақпараттық орталық құрылды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   62




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет