Оқулықтар мен әдебиеттер. «ҚР әлемдік қауымдастықта» пәні «Қазақстанның қазіргі заман тарихы»



бет4/62
Дата08.02.2022
өлшемі1,53 Mb.
#25034
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   62
Байланысты:
«Қ Р әлемдік қауымдастықта» курсы бойынша дәрістер.Смағұлов С. 09.06.2020 2

4 – лекция. 1 сағат.

ҚР сыртқысаяси мекемесін құру және оның міндеттері.

1. ҚР сыртқысаяси мекемесінің құрылуы және оның қызметі.

2. Қазақстан дипломатиясы тарихының негізгі кезеңдері.


  1. ҚР сыртқысаяси мекемесінің құрылуы және оның қызметі.

Тәуелсіздікке дейін Алматыдағы Сыртқы істер министрлігі Желтоқсан бойындағы бір қабатты, шағын үйде болатын. Бар болғаны 20 шақты адам жұмыс істейтін. Кеңес заманында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігін министрлік деп айтудың өзі қиын еді. Саясаттың бәрі Мәскеуде жүргізілетін. Ол кезде Қазақстан Сыртқы істер министрлігі елге келген шетелдік қонақтарды қарсы алып, шығарып салумен ғана айналысатын. Сөйтіп, кеңес заманында Қазақстанның сыртқы істерге қатысы кемдеу болды. Бірақ, ол уақытта бізде дипломатия болмағанымен дипломат қазақ азаматтары болды. Олар Кеңес Одағының елшіліктерінде қызмет істеді. Ал, тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің сыртқы саяси мекемесі өз жұмысын қиын да күрделі жағдайда бастады. Мамандар жетіспеді. Тәжірибе де аз болды. Соған қарамастан көп қиыншылықтарды жеңіп, сыртқы саяси мекеме өз жұмысына кірісті.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі – сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын және дипломатиялық қызмет органдарының бірегей жүйесін басқаратын орталық атқарушы билік органы. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды орындау және сыртқы саяси бағытты қамтамасыз ету мақсатында ҚР Президентінің 1992 ж. 2 шілдедегі Жарлығымен ҚР СІМ туралы Ереже бекітілді. Қазіргі кезде министрліктің қызметі ҚР үкіметінің 2004 ж. 28 қыркүйектегі Қаулысымен бекітілген ҚР СІМ туралы Ережемен реттеледі. СІМ ҚР Үкіметінің құрамына кіреді. Оған елдің бірегей сыртқы саяси, сыртқы экономикалық бағытын жүргізу үшін орталық атқарушы органдардың халықаралық қызметін үйлестіру міндеті жүктелген. СІМ-нің негізгі міндеттері: елдің сыртқы саясатының тұжырымдамасын жасап, басты бағыттарын белгілеу; Президентке және Үкіметке ұсыныстар беру, сыртқы саяси бағытты жүзеге асыру, сыртқы экономикалық саясатты іске асыруға жәрдемдесу, дипломатиялық жолдармен және әдістермен еліміздің егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын, шекарасының бұзылмауын, саяси, сауда-экономикалық және басқа мүдделерін қамтамасыз ету.

Министрлік өз қызметінде ҚР Конституциясын, «Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызметі туралы» 1999 ж. 7 наурыздағы ҚР Заңы мен өзге де құқықтық-нормативтік актілерді басшылыққа алады. Заңнамалық бастама көтеру құқығын іске асыру шеңберінде СІМ өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша заң жобаларын әзірлейді, ҚР Президентіне халықаралық шарттар мен келісімдер жасасу туралы ұсыныстар түсіреді. СІМ халықаралық шарттар мен келісімдер жасасуға немесе олардың күшін жоюға қатысты мәселелер бойынша, сондай-ақ халықаралық шарттардың іске асырылуын бақылауда үйлестірушілік рөл атқарады. Оның қатысуымен ұйымдастырылған маңызды халықаралық іс-шаралар: АӨСШК саммиттері, Әлемдік және ұлттық дәстүрлі діндер жетекшілерінің бас қосулары, БҰҰ аясында Транзиттік тасымал бойынша 1-халықаралық министрлік конференциясы, ТМД-ға, ЕурАзЭҚ-ға, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары мен үкімет басшыларының саммиттері, БҰҰ, ЕҚЫҰ аясындағы әр түрлі халықаралық тақырыптардағы көкейтесті мәселелер бойынша өткізілген конференциялар.

Сыртқы істер министрлігін Министр басқарады, оның 5 орынбасары бар. Министр жанындағы СІМ-нің Алқасы – сыртқы саяси бағытты іске асыруға қатысты нақты іс-шараларды ұйымдастыратын, халықаралық жағдайдың негізгі мәселелерін қарастыратын, Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің, сондай-ақ СІМ-нің орталық аппараты мен шетелдегі мекемелерінің қызметін үйлестіретін кеңесші орган. Қазақстанның тәуелсіздігі басталған жылдардан бері СІМ-н басқарған министрлер: Т. Сүлейменов (1991-94), Қ. Саудабаев (1994), Қ. Тоқаев (1994-99), Е. Ыдырысов (1999-2001), Қ. Тоқаев (2001-2006), М. Тәжин (2006 жылдан қазірге дейін). СІМ-нің орталық аппараты тиісті аумақтық және атқарымдық құрылымдардан (департаменттерден, басқармалардан) тұрады. Министрліктің жүйесіне дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер, ҚР-ның халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктері, министрліктің ҚР аумағындағы өкілдіктері және идаралық бағыныстағы ұйымдар жатады (Идара, ведомство – нақты бір мемлекетте қоғамдық өмірдің белгілі бір саласын немесе аясын басқаратын және мемлекеттік басқару органдары жүйесіне кіретін орталық мекеме. Идараның құқықтық жағдайы оның түріне байланысты болады. Үкіметтің түрлі комитеттері, комиссиялар, бюролар, бас басқармалар, департаменттер, т.б. идара болып табылады). Қазіргі уақытта ҚР-ның дипломатиялық қызметі жүйесінде 68 дипломатиялық өкілдік, соның ішінде 38 елшілік және 15 дипломатиялық өкілдік, 15 консулдық мекеме (7 Бас консулдық және 8 консулдық), халықаралық ұйымдар жанындағы 5 өкілдік (Женевадағы БҰҰ бөлімшесінде, ТМД-да, ЕО-да, НАТО-да, ЕҚЫҰ-да) жұмыс істейді. ШЫҰ-дағы ҚР-ның ұлттық үйлестірушісі, сондай-ақ ҚР-ның ТМД-дағы мәдени-гуманитарлық мәселелер жөніндегі арнайы өкілі тағайындалды. Қазақстандық өкілдер ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары және ТМД атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қазақстанда 101 шет мемлекет 66 елшілік арқылы өкілдік ашқан және 43 елші қосымша тағайындалған, сондай-ақ 21 халықаралық ұйымның өз өкілдіктері бар. 2002 ж. СІМ жанында сыртқы саяси қызметтің нақты бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеп отыру мақсатында Сыртқы саясат жөніндегі кеңес құрылды. СІМ өзінің басылымын – «Дипломатия жаршысы – Дипломатический курьер» журналын шығарып тұрады (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 8-том. А., 2006.142-143-бб.).

Консул (лат. Consul) – басқа мемлекетте белгілі бір міндеттерді (өз мемлекеті мен оның азаматтарының заңдық және экономикалық мүдделерін қорғау істерін) орындау үшін тұрақты өкіл ретінде тағайындалған лауазымды адам. Консулды тағайындаған мемлекет оған жеке басын куәландыратын патент береді және ол өзі қызметке келген мемлекеттің рұқсатынан (экзекватура) кейін ғана міндетіне кіріседі. Консул тағайындалған елінде өз мемлекетінің заңды тұлғалары мен жекелеген азаматтарының экономикалық және құқықтық мүдделерін қорғайды, төлқұжаттар мен кіру-шығу рұқсатнамаларын береді, нотариалдық қызметтер, т.б. атқарады. Консулдық мекеме басшылары өздері басқаратын консулдықтың класына қарай Бас консул, консул, вице-консул, консулдық агенті болып 4-ке бөлінеді. Қазақстан консулдары өз қызметінде ҚР Конституциясын, ҚР заңдарын, Үкімет қаулыларын, халықаралық конвенциялар мен келісімдерді, сондай-ақ, халықаралық рәсімдерді басшылыққа алады. Шет ел консулдарының еліміздегі қызметіне кірісуіне рұқсат беру тәртібі және олардың құқықтары, пайдаланатын жеңілдіктері мен иммунитеті «Қазақстандағы басқа мемлекеттердің дипломатиялық және консулдық өкілдері туралы ереже» бойынша жүзеге асырылады (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 4-том).

Министрлікті жасақтап алған соң алда мынадай міндеттер тұрды:

Біріншіден, еліміздің сыртқы саясатының негізін құрап, қалыптастыру керек болды. Оны жүзеге асырып, сыртқы саясат жүргізу де зор жауапкершілік. Соған қатысты ұсыныстарды Президентке жеткізіп, оны талдау керек. Осының бәрі министрлік қызметкерлерінің мойнындағы шаруа болып табылады.

Екіншіден, шетелдерде өзіміздің елшіліктерді құру қажет болды. Оларға кадр табу керек. Кадр болғанда да сайдың тасындай, білімді, қабілетті, тіл білетін, жөн білетін, сыртқы саяси істерге бейім азаматтарды табу, оларды үйрету қажет болды.

Үшіншіден, елімізде шетелдердің елшіліктері ашылып жатты. Оларға үй, ғимарат тауып беруден бастап, орналастыру шаруасы да жеткілікті болды. Солардың бәрін қарсы алып, халықаралық заң бойынша жағдай туғызу қажет еді. Міне, соның бәрі сындарлы шақта ойдағыдай атқарылды.




  1. Қазақстан дипломатиясы тарихының негізгі кезеңдері

Қазақстан Республикасының дипломатиясы өзінің дамуында бірнеше кезеңдерден өтті. 1991-1993 жылдар аралығын қамтыған бірінші кезеңнің негізгі мазмұны – біздің еліміздің халықаралық құқықтың субъектісі ретінде әлемдік қауымдастыққа кедергісіз енуіне бағытталған шаралар болды. Қазақстан БҰҰ-ға, бірқатар аймақтық еуропалық және азиялық ұйымдарға толық құқықты мүше ретінде қабылданды, әлемнің жетекші елдерімен ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасы қалыптасты.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан жасасқан халықаралық шарттар мемлекетіміздің әлемдік қоғамдастыққа ену процесін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Және олар бүгінгі күнге дейін еліміздің ішіндегі әлеуметтік-экономикалық реформаларға оң сипатта ықпал етуде. Мемлекетіміз үшін тарихи маңызы бар халықаралық құқықтық құжаттарды атап өту керек. Ең алдымен бұлар Қазақстанның басқа мемлекеттермен ұзақ мерзімді ынтымақтастығының басымдық берілетін бағыттарын белгілейтін шарттар мен келісімдер. Мұндай құжаттарға іс жүзінде ТМД-ның барлық мемлекеттерімен, алыс шетелдің көптеген елдерімен қол қойылды.

Қазақстанның әлемдік қоғамдастық елдерімен ынтымақтастығының шарттық-құқықтық базасын құру кезеңі дипломатиялық қызметтің қажетті инфрақұрылымын құрумен қатар жүрді. Осы уақытта әлемнің жетекші елдерінің астаналарында қазақстандық шетелдік өкілдіктер – елшіліктер, бас консулдықтар, консулдықтар пайда болды. Біздің елімізде көптеген мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері жұмыс істей бастады.

Стратегиялық шабуыл жасау қару-жарақтары туралы шарттың тең құқықты тараптарының бірі ретінде Қазақстан 1992 жылғы мамырда Лиссабон хаттамасына қол қойып, ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде өзіне міндеттеме алды. Ол Лиссабон Хаттамасына қатысушы елдердің ішінде бірінші болып ядролық қаруы жоқ мемлекет мәртебесімен Стратегиялық шабуыл жасау қару-жарақтары туралы шартқа (СШҚШ) қосылды. 1994 жылғы желтоқсанда Қазақстанның ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде СШҚШ-ға қосылуына байланысты АҚШ, Ресей Федерациясы және Ұлыбритания Қазақстанмен бірлесе отырып, біздің елімізге Қауіпсіздік кепілдігін беру туралы меморандумға қол қойды. Кейінірек басқа да екі ядролық держава – Қытай мен Франция Қазақстанға кепілдіктің осындай түрін берді.

Еліміздің сыртқы саясаты принциптерінің, басымдықтарының және міндеттерінің анағұрлым айқын сипат алуының маңызы аз емес. Тап осы сөз болып отырған кезеңде яғни 1991-1993 жылдары Қазақстан дипломатиясының көпвекторлық сипаты қалыптасты, бүгінгі күні ол еліміздің сыртқы саясатының өзегі болып табылады. Біз аймақтағы өзіміздің геосаяси жағдайымызға байланысты көпвекторлы саясат ұстанып отырмыз. Біз үшін одан қолайлысы жоқ. Бір жағымызда тарихи жағынан жақын Ресей, екінші жағымызда держава болуға ұмтылған Қытай отыр. Олардың бәрімен тиімді саясат жүргізу керек.

Отандық дипломатия дамуының екінші кезеңі 1994 жылдан басталып, 1997 жылмен аяқталады. Бұл кезеңде сыртқы саяси қызметтің берік құқықтық негізін қалаумен және дипломатиялық қызметтің белгілі бір тәжірибесін жинақтаумен қатар, бірінші кезекке шетелдерде стратегиялық ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету тетіктерін қалыптастыру міндеті шықты. Бұл жерде ТМД-дағы интеграциялық бастамалардың, сондай-ақ Азия құрлығында қауіпсіздік құрылымын құру туралы Н. Назарбаевтың бастамасын іске асыруға бағытталған дипломатиялық акциялардың үлкен маңызы болды.

Осы тұрғыда Қазақстан Президентінің интеграциялық бастамаларын дәйекті түрде іске асыру көзге түседі. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Президенттерінің үш мемлекет арасында Біртұтас экономикалық кеңістік (Орталық Азия Одағы) құру туралы шартқа 1994 жылғы 30 сәуірде қол қойғанын атап өту керек. Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Мемлекетаралық Кеңес құрды, Премьер-министрлердің, сыртқы істер және қорғаныс министрлерінің кеңестерін құрды, сондай-ақ ынтымақтастық және даму банкін өмірге әкелді. Тараптар Арал проблемасын шешуді аса маңызды ортақ міндеттердің бірі ретінде белгіледі.

Еуроазиялық Одақ құру идеясының өміршеңдігінің тағы бір айғағы ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің ТМД-дағы интеграциялық процестерді тереңдету үшін Қазақстан Президенті айтқан негізгі идеяларды пайдалану туралы 1994 жылғы 24 қазандағы шешімі болды. Қазақстан Президентінің бұл бастамасын уақыт сынынан өтті деп сеніммен айтуға болады, өйткені ол 2000 жылы қазанда құрылған Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) түрінде нақты құбылысқа айналды. 2001 жылы 1 маусымда Минскіде бес мемлекеттің басшылары ЕурАзЭҚ-тың құрылтайшылық құжаттарына қол қойды.

Қазақстан және АҚШ Президенттерінің Вашингтонда 1994 жылғы ақпанда «Демократиялық әріптестік туралы хартияға» қол қоюы қазақстандық дипломатия тарихындағы тағы бір маңызды кезең болды. Қазақстан мен АҚШ қарым-қатынастары туралы айтқанда, АҚШ алғашқы кезеңде негізгі назарды ядролық проблематикаға аударғанын, ал Қазақстан бірінші кезекте саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қойғандығын атап өту маңызды. Хартия іс жүзінде барлық бағыттар бойынша ұзақ мерзімді негізде екі жақты қарым-қатынастарды дамытуды айқындаған бағдарламалық құжат болды.

Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынасты сенімді әріптестік деңгейіне көтеру жөніндегі қазақстандық делегацияның күш-жігері өзінің жемісін берді. Тарихи мәні бар аса маңызды қадам ретінде шекара сияқты күрделі проблеманың реттелуін бөліп көрсету керек: тараптар ұзақтығы 1700 шақырымнан астам шекараны делимитациялады және демаркациялады. «Шанхай бестігі» шеңберінде әзірленген және қабылданған Шекара ауданында әскери салада сенім білдіру шаралары туралы, сондай-ақ Шекара ауданында қарулы күштерді қысқарту туралы құжаттар Азия-Тынық мұхит аймағының тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік ретінде бағаланды. Осы арқылы орасан зор географиялық кеңістікте тұрақтылықты нығайтудың берік алғышарттары жасалды.

Сыртқы саясаттың азиялық бағытын дамыта отырып, қазақстандық дипломатиялық қызмет өзінің негізгі күш-жігерін 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында айтылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы Президенттің ұсынысын ілгері жылжытуға бағыттады. Бұл идея құрлықтағы саяси ахуалды айқындайтын бірқатар азиялық мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар (БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИКҰ) тарапынан қолдау тапты. АӨСШК идеяларын іске асыру процесі жалпы азиялық қауіпсіздік жүйесін құру мақсатындағы жұмыстың қажеттілігін және мүмкін екендігін растады.

Қазақстанның сыртқы саясатында әлемдік геосаясатта беделді позициясы бар Еуропалық Одақ пен Қазақстанның бірлескен жұмыс жүргізудегі өзара мүдделілігі 1995 жылғы ақпанда Президент Н.Назарбаев өзінің маңызы жағынан тарихи орны бар құжатқа – Еуропалық Одақпен ынтымақтастық және әріптестік туралы шартқа қол қойғаннан кейін айқын көзге түсті. Шарт бірлескен Еуропамен сындарлы әріптестікке Қазақстанның дайын екендігінің куәсіне айналды.

Қазақстанның халықаралық позицияларының нығаюы еліміздің әлемдік қоғамдастық істеріне тартылуының өсе түсуімен қатар жүрді. Қазақстан БҰҰ-ны реформалаудың нұсқалары мен жолдарын талқылау барысында белсенді позиция ұстанып келеді. Президент Н.Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 50-ші мерейтойлық сессиясының арнайы мәжілісінде (1995 жылғы 22 қазан) сөйлеген сөзінде қазіргі геосаяси жағдайдағы БҰҰ-ның рөліне қатысты өз көзқарасын анық түрде білдірді. Оның сөйлеген сөзінде осы бүкіләлемдік ұйымды ішінара реформалауды, бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті қолдауға қатысты аса маңызды және бірегей құрал ретінде БҰҰ-ны нығайтуды, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуді, адам құқығы мен бостандығын сақтауды, демократия мен әділеттілік принциптерін нығайтуды Қазақстанның жақтайтындығын атап көрсетілді.

Біздің еліміз басқа да халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда ЕҚЫҰ-ның қызметіне және НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасына белсенді түрде қатысуда. ЕҚЫҰ-ны бұрынғы КСРО кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бірегей форум ретінде қарай отырып, Хельсинки Қорытынды Актісінде, Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясында, Вена және Будапешт құжаттарында бекітілген аумақтық тұтастық, қазіргі шекаралардың мызғымастығы, адам мен ұлттық азшылықтардың құқықтарын сақтау принциптерін қатаң түрде қадағалауды жақтай отырып, қазақстандық дипломатия ЕҚЫҰ шеңберіндегі жұмыс жалпы еуропалық қауіпсіздік моделін құру процесіне мемлекетіміздің тиісінше тартылуын қамтамасыз ететіндігін негізге алды. «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасы шеңберінде НАТО-мен ынтымақтастық орнату да тап осындай мақсаттарды көздейді.

1997 жылы Қазақстанның сыртқы саясаты біздің мемлекетімізге тән ерекшелігі бар сипат алғандығын атап айтуға болады. Басқаша сөзбен айтсақ, Қазақстан дипломатиясының қаз тұруы аяқталды, мемлекетіміздің сыртқы саясатын дамытудың алғашқы кезеңдері табысты өтті.

1997 жылы Қазақстанның сыртқы саясаты дамуының үшінші кезеңі басталды, бұл кезең жаңа ғаламдық ахуалдың орнығуымен және тиісінше оған бейімделген дипломатиялық қызметтің жаңа міндеттерімен сипатталады. Геосаяси өмір шындығын негізге ала отырып, сыртқы саясаттың басымдық берілетін бағыттары тұжырымдалды, оларды өмірге енгізу қазіргі кезеңнің негізгі мақсаты болып табылады. «Қазақстан – 2030» даму стратегиясында баяндалған Қазақстанның сыртқы саясатының бағдарлары мыналар болып табылады:


  • ұлттық мүдделерді дәйекті түрде қорғау;

  • еліміздегі экономикалық реформалар мен демократияландыру процесін жалғастыру үшін мейлінше қолайлы сырқы жағдайларды қамтамасыз ету;

  • басқа мемлекеттермен сындарлы өзара іс-қимыл желісін жалғастыру және тең құқықты әріптестік қатынастарды дамыту;

  • халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті, қалыптасып жатқан әлемдік тәртіптің демократиялық негіздерін нығайтуға жәрдемдесу.

Орасан зор еуразиялық кеңістікте орналасқан Қазақстан үшін әлемдік және аймақтық істерге белсенді түрде қатысу – оның халықаралық беделін нығайтудың даусыз шарты. Сондықтан біздің еліміз үшін белсенді сыртқы саяси қызметтің айрықша маңызы бар. Міне, сондықтан да Қазақстан әлемде болып жатқан өзгерістерді мұқият қадағалап, өзінің сыртқы саяси тұжырымдамасын осы өзгерістерге бейімдеуге және бұл орайда өзінің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірмеуге әрекеттенуде. Жаңа ғасырда отандық дипломатияның алдында барлық мүмкіндіктер мен артықшылықтарды мейлінше пайдалану, ұлттық мүдделердің ұтымды жүйесін құру, халықаралық қатынастардың ескі және жаңа өлшемдерін ақылға қонымды үйлестіру сияқты міндеттер тұр. Президент Н.Назарбаев тап осындай міндеттерді 2002 жылғы қазанда сыртқы саясат ведомствосының алдына қойды.

Үшінші мыңжылдықтың басы Қазақстанның сыртқы саясатында жаңа үрдістердің – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің негіздерін нығайтуға және дамытуға бағытталған саяси прагматизмнің пайда болуымен сипатталады. Саяси прагматизм – ХХ ғасырдың аяғындағы – қазіргі жүзжылдықтың басындағы – ғаламдану негізіндегі халықаралық қатынастардың жаңа дипломатиясы тұрғысында еліміз үшін артықшылықтар мен тиімділіктерді мейлінше ала білуді білдіреді.

Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосы елдің стратегиялық мүдделерін қорғаған кезде прагматикалық көзқарас ұстануға міндетті. Бірінші кезекте бұл – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау, қазақстандық мұнайды тасымалдау бағыттарын көбейту, инвестициялар тарту және т.б. сияқты Қазақстанның сыртқы саясатының функционалдық басымдықтарын іске асыруға қатысты.

ХХІ ғасырдың табалдырығында экономика шаруашылық жүргізудің тәсілі ретінде ғана емес, сонымен бірге жаңа дәуірдің саясаты ретінде, тіпті идеологиясы ретінде көріне бастады. Бүгінгі күні саясат пен экономика қай кездегімен салыстырып қарасаңыз да бір біріне анағұрлым тәуелді.

Осындай жағдайларда Қазақстанның сыртқы саясатына экономикалық сипат беру айрықша көкейкесті міндетке айналды. Осы міндетті шешу елдің экономикалық қауіпсіздігін, халықаралық еңбек бөлінісі жүйесінде еліміздің сыртқы экономикалық мамандануын, экономикамызға шетелдік капиталды тартуды, Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдайлар туғызуды қамтамасыз етуі тиіс. ҚР жағдайында дипломатияны ұлттық мүдделерге сәйкес жүргізу және шет елдермен экономикалық ынтымақтастықты дамыту – мемлекеттік саясаттың бірін-бірі өзара толықтыратын элементтері болып табылады.

Қазақстан сияқты ірі еуразиялық мемлекет үшін сыртқы саясаттың орасан зор маңызы бар. Біздің мемлекетіміз ұлттық мүдделерді қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік құрылысқа белсенді түрде жәрдемдесуге бағытталған ұтымды дипломатияны жүргізуге міндетті.






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   62




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет