Оқулықтар мен әдебиеттер. «ҚР әлемдік қауымдастықта» пәні «Қазақстанның қазіргі заман тарихы»



бет3/62
Дата08.02.2022
өлшемі1,53 Mb.
#25034
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   62
3 – лекция. 1 сағат.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің жариялануы. Жас мемлекеттің тәуелсіздігін халықаралық мойындау.

1. Әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекеттің пайда болуы.

2. Мемлекеттік құрылысты ұйымдастыру шаралары.
1. Әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекеттің пайда болуы.

КСРО-ның құлауының басты себептерінің бірі – экономикалық дамуда артта қалушылық. Атап айтқанда, Одақ экономикасының технологиялық жағынан артта қалуы, сондай-ақ оның өндірісі шығарған тауарлардың бүкіл әлемде бәсекеге түсу қабілетінің төмендігі еді. Сонымен қатар, соғыстан кейінгі жылдары КСРО АҚШ-пен әскери бәсекеге түсіп және капиталистік елдермен әскери-стратегиялық тепе-теңдікті сақтау үшін қорғаныс ісіне аса көп қаржы шығарды. 1950-1990 жылдар арасындағы 40 жылда әскери шығын 20 триллион долларға жеткен. Мұндай зор шығындар экономиканы орасан зор зардаптарға ұшыратты.

Кеңестер Одағының құлауының саяси себептері туралы айтқанда, ондағы саяси-идеологиялық бірлік пен біртұтастықтың 80-ші жылдардың аяғында болмағандығын атап көрсеткен жөн. Бұл кезде бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде ұлт толқулары күшейді. Сумгаиттегі, Таулы Қарабахтағы, Вильнюстегі, Ферғанадағы оқиғалар ұлттық мәселелерді шешудің ешқандай бағыт-бағдары жоқтығын айқындады. Кеңес басшылары ұлт мәселесінің байыбына терең түсінбеді, ұлтаралық қатынастар мен оны шешудің жолдарын нақты көрсетіп бере алмады. Ақыр соңында ұлтаралық қайшылықтар тартысқа, ал тартыс қантөгіске әкеп тіреді. Бұған мысал ретінде Қазақстанда болған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын айтуға болады.

Сондықтан бірқатар ұлт республикалары Одақтан бөлініп шығу, өздерінің егеменді мемлекет болуы жөніндегі талаптарын қойды. Міне, осының нәтижесінде 1988 жылдың қараша – 1989 жылдың мамыр айлары аралығында Балтық жағалауындағы Эстония, Литва, Латвия республикалары өздерінің егемендігі туралы алғашқы құжаттарын қабылдады. Сөйтіп, олар КСРО құрамынан шығып, жеке тәуелсіз мемлекетке айналды. Осыдан кейін, көп кешікпей-ақ, яғни 1989-1990 жылдары егемендік туралы Декларацияны КСРО-ның басқа республикалары да қабылдады. Сөйтіп, 74 жыл бойы өмір сүрген Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы ыдырады.

Елдегі мемлекеттік өкімет билігі жүйесі мен экономиканың шұғыл күйреуі жағдайында 1990 ж. 25 қазанда республика Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады. Егемендік алу Қазақстанда жалпы демократиялық процестердің барысын шапшаңдатты, мұның өзі елдегі болып жатқан оқиғалармен тығыз байланысты еді. 1991 жылдың ортасынан-ақ Қазақстан басқа республикалармен бірге іс жүзінде орталыққа оппозицияда болды. Қазақстанның бастамасы бойынша Белоруссиямен, Украинамен, Ресеймен және басқа республикалармен бір-бірінің егемендігін, қалыптасқан шекараларды, орнатылып жатқан өзара пайдалы экономикалық байланыстарды мойындау туралы екі жақты келісімдер жасалды. 1990 жылы желтоқсанда төрт республика – Ресей, Украина, Белоруссия және Қазақстан егеменді мемлекеттер одағын құру туралы инициатива көтерді, Новоогарев келісімін талдап жасау жөніндегі бірлескен жұмыс басталды.

1991 ж. 18-21 тамыз аралығындағы «Тамыз бүлігі» бұл жұмысты үзіп жіберді. КСРО вице-президенті Г.И. Янаев, КСРО премьер-министрі В.С. Павлов, КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы В.А. Крючков, КСРО Ішкі істер министрі Б.К. Пуго, КСРО Қорғаныс министрі Д.Т. Язов, КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы А. Лукьянов, т.б. 18 тамыз күні Төтенше жағдайлар жөніндегі Мемлекеттік комитет (ТЖМК) құрып, елдегі барлық билік осы ұйымның қолына өтетіндігін мәлімдеді. Бұл іс жүзінде Кеңес Одағындағы ескі мемлекеттік билік пен қоғамдық қатынастарды сақтап қалу мақсатында Мәскеуде ұйымдастырылған төңкеріс еді. Осы кезде Қырымда (Фороста) болған КСРО президенті М.С.Горбачевтың сыртқы әлеммен байланысын үзіп тастаған ТЖМК мүшелері оны өз қызметін атқаруға денсаулығы жарамайды деп хабарлады. Бұл төңкеріс 20 тамызда қол қойылуға тиіс «Егеменді мемлекеттер одағы туралы шартқа» қарсы бағытталды. Ол шарт Кеңестер Одағына кіретін республикаларға бұрынғыдан әлдеқайда көп дербестік беретін. Тамыз бүлігінде елде қалыптасып келе жатқан демократия нышандарын тұншықтыру және нарықтық қатынастардың орнығуына жол бермеу арқылы елдегі әміршіл-әкімшіл жүйені сақтап қалу көзделді. Төтенше жағдайлар жөніндегі Мемлекеттік комитеттің № 1 қаулысына сай саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық қозғалыстардың қызметі тоқтатылатын болды және митингілер мен демонстрациялар өткізуге, көше шерулеріне, ереуілдерге шығуға тыйым салынды. Тамыз бүлігіне қарсы күресті Ресей президенті Б.Н. Ельцин басқарды. Оны Мәскеу қаласының мэрі Г. Попов, Ленинград облысы мен қаласының басшысы А. Собчак, КОКП басшыларының бірі А. Яковлев, Э. Шеварднадзе және т.б. қолдады. Төңкерісшілерді жоғары шенді әскерилер мен партиялық номенклатураның шағын бөлігі ғана қолдады. Бұл өз кезегінде тамыз бүлігінің көп ұзамай басылуына алып келді. Мәскеудегі жұртшылық шеруге шығып, тамыз бүлігін айыптады. 21 тамыз күні Ресей үкіметі жіберген ұшақпен Горбачев Мәскеуге жетті. Ол елдегі басшылықты қайтадан қолына алды. ТЖМК мүшелері тұтқынға алынып, үстерінен қылмыстық іс қозғалды.

Тамыздағы мемлекеттік төңкерістің болуымен және орталықтың ешқандай ымыраға келмеуімен байланысты одақтас республикалардың жетекшілері бұған дейін жүргізіп келген келіссөз талаптарынан бас тартты. Ол КСРО-ның күйреуін және бұрынғы одақтас республикалардың, оның ішінде Қазақстанның егемендік алуын шапшаңдатты. КОКП, оның бір бөлігі Қазақстан Компартиясы тарихи аренадан кетті.

1991 ж. 8 желтоқсанда Белорусь, РСФСР және Украина республикаларының басшылары Минск қаласында (Беловеж нуы) кездесіп, мәлімдеме қабылдады. Онда саяси одақ тұйыққа тірелді, сондықтан республикалардың Одақтан шығуы объективтік процесс және тәуелсіз жеке мемлекет құру шынайы факті болып отыр деп көрсетілді. Себебі, орталықтың жүргізіп отырған тоғышар саясаты елді терең экономикалық және саяси дағдарысқа алып келді, халықтың тұрмыс деңгейі төмендеп кетті, қоғамда әлеуметтік шиеленіс, ұлттар мен халықтар арасындағы қайшылықтар мен қақтығыстар күшейді деп атап өтілді. Мұның өзі бұрынғы Одаққа кірген мемлекеттердің жаңа одағын – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құруға жол ашты. Бұл құрылым бұрынғы Одақ бойынша осы кезге дейін алынған халықаралық міндеттердің орындалуына кепілдеме береді, ядролық қарудың таралуына жол бермейді және оған бірыңғай бақылау орнатуды қамтамасыз етеді, - деп атап көрсетілді.

Алайда, бұл шешім әуелгі кезде басқа республикалар тарапынан қарсы көзқарастар туғызды. Өйткені заң бойынша Одаққа кірген Қазақстан, Орта Азия, Закавказье республикаларының келісімінсіз бұл үш республика егемендік туралы күрделі мәселені жеке дара шешуге тиіс емес еді. Міне, осыған байланысты 1991 ж. 12 желтоқсанында Ашхабад қаласында Орта Азия республикалары мен Қазақстан басшыларының кездесуі болып өтті. Онда ТМД-ға тек барлық республикалардың тең құқықтық негізінде құрылушылық жағдайын мойындағанда ғана қосылуға болатындығы ерекше атап көрсетілді.

1991 ж. 21 желтоқсанда Алматыда 11 республика өкілдері қатынасқан кездесу болды. Олар тең құқықтық жағдайдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылғандығы жөніндегі шартқа қол қойды. Алматыда қабылданған декларацияда Минскідегі айтылған жалпы принциптік мәселелердің барлығы мақұлданды. Жаңадан құрылған Достастық мемлекет басшылары және үкімет басшыларының Кеңесі деген жетекші органдар құрды. Онда жалпы бағыттағы көкейтесті саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу көзделді. Достық Одаққа кірген мемлекет басшылары Біріккен Ұлттар Ұйымы алдында бұл тәуелсіз мемлекеттердің барлығын осы халықаралық ұйымға толыққанды мүше етіп алу туралы өтініш жасады. Сонымен қатар бұрынғы КСРО-да жасалған ядролық қаруды және оған әскери басшылық жасауды бірігіп іске асырып отыру жөніндегі келісімге қол қойылды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы осы кезге дейін Кеңестер Одағы қол қойып, халықаралық дәрежедегі жасаған келісімдердің орындалуын өз мойындарына алады деп көрсетті. Сөйтіп, 1991 жылғы желтоқсандағы Алматы қаласында бас қосқан тәуелсіз елдер басшыларының келісімі КСРО-ның өмір сүруін тоқтатумен аяқталды.

Міне, осындай күрделі жағдайда республикадағы жоғары атқарушы және билік жүргізуші өкімет басшысы ретінде Қазақ КСР-ның Президентіне жеткілікті өкілеттік беру қажеттігі пісіп жетілді. Мұндай өкілеттіктер республика парламенті 1991 ж. 20 қарашада қабылдаған Қазақ КСР-ның “Қазақ КСР-нда мемлекеттік өкімет билігі мен басқару құрылымын жетілдіру және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы” Заңы бойынша берілді.

1991 ж. 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет республика Президентін бүкілхалықтық сайлау өтті. Халықтың демократиялық жолмен өз еркін білдіруі арқасында Н.Ә.Назарбаев Президент болып сайланды. Республикада көптеген өзгерістер жасалды: прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, әділет, сот органдары қайта құрылды; Қазақстанның мемлекеттік қорғаныс комитеті ұйымдастырылды; Президенттің одаққа бағынатын кәсіпорындар мен ұйымдарды Қазақ КСР-і үкіметінің қарамағына беру туралы, республиканың сыртқы экономикалық қызметінің дербестігін қамтамасыз ету туралы, Қазақстанда алтын запасы мен алмас қорын жасау туралы жарлықтары шықты. 1991 ж. 2 қазанда қазақ жерінде Байқоңыр ғарыш алаңы 40 жыл өмір сүргенде тұңғыш рет онан ғарышқа бірінші ғарышкер қазақ Т.О.Әубәкіров ұшты.

1991 ж. 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ы атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді. 1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында парламент депутаттары “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Заң қабылдады. Заңның бірінші бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Ол өзінің жеріне, ұлттық табысына жоғары иелік ету құқы бар, тәуелсіз сыртқы және ішкі саясатын жүргізеді, басқа шет мемлекеттермен халықаралық құқықтық принциптері негізінде өзара байланыс жасайды деп көрсетілді. Республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақстанның біртұтас халқын құрайды, олар республикадағы егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады. Республика азаматтары өздерінің ұлтына, ұстайтын дініне, қандай қоғамдық бірлестікке жататынына, тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, шұғылданатын қызметіне, тұрғылықты орнына қарамастан бірдей құқықтар иеленіп, бірдей міндеткерлікте болады делінген. Заңда Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғау мақсатында өзінің Қарулы Күштерін құруға хақылы екендігі, республика азаматтарының әскери міндетін өтеу, оның тәртіптері мен талаптары жөнінде айтылған. Сөйтіп, 1991 жылғы 16 желтоқсан республиканың тәуелсіз күні ретінде бүкіл әлемге танылды.

Осыдан кейін Қазақстан тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде дами бастады. Еліміздің жаңа конституциясының жобасы дайындалды. Облыстардың, қалалардың және аудандардың басқару органдарына реформалар жүргізілді. Жаңадан әкімдер лауазымы енгізіліп, олардың алдына Президент пен Үкімет шешімдерін орындау, жергілікті жерлерде экономикалық, мәдени-әлеуметтік мәселелерін шешу міндеті қойылды. Әкімдерді тағайындау, оларды қызметінен босатуды Қазақстан Президенті мен жоғарғы әкімшілік органдары жүргізетін болып белгіленді. Ал бюджетті бекіту, оның орындалуын қадағалау, депутаттармен жұмыс жүргізу, тұрақты комиссиялардың қызметіне басшылық ету, әртүрлі қоғамдық ұйымдармен байланыс жасау Кеңестердің қарауына берілді.

Өзінің тәуелсіздігін алған Қазақстан Республикасын дүниежүзінің ондаған елі таныды. Біздің елді алғашқылардың бірі болып Түркия, сол сияқты АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания және т.б. ірі-ірі мемлекеттер мойындады. Қазақстан шет елдерде дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашуға кірісті. Ал Алматыда шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлттық ұйымдардың өкілдіктері жұмыс істей бастады. Республиканың егемендікке қол жеткен алғашқы кезінен бастап-ақ мемлекетаралық және үкіметаралық келісім-шарттарға қол қою жүзеге асырылды.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының алдында үлкен келелі міндеттер тұрды. Олар - елдің ішкі жағдайында Егемен Қазақстан мемлекетінің тұтастығын нығайтып, нарықтық экономикаға көшу, көп ұлтты елдің бірлігін сақтауда барлық мүмкіндіктерді пайдалану. Ал, сыртқы саясаттағы басты міндеттер - Қазақстанның бүкіл дүниежүзі елдерімен байланыстарын одан әрі дамытып, алдыңғы қатарлы өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу, елдің қауіпсіздігін қорғау, әлемде бейбітшілікті сақтай отырып, ядролық соғысты болғызбау. Республика халқының ерік-жігері осындай аса маңызды міндеттерді жүзеге асыруға бағытталды.


2. Мемлекеттік құрылысты ұйымдастыру шаралары.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлемге ашық мемлекет құруға кірісті. Елімізде саяси партиялардың және партиялық жүйенің орнығуына, күшті заң шығарушы органның, тәуелсіз баспасөз және автономиялық жергілікті басқарудың дамуына көп көңіл бөлінді.

Атамекен жеріміздің тәуелсіз ел екендігін, құдіретін, байлығын, бірлігін, мақсат-мұратын білдіретін қастерлі рәміздерді құрмет тұту, сыйлау, асқақтата дәріптеу қазақстандық әрбір азаматтың ең қымбатты борышы. Рәміз дегеніміз белгілі бір нәрсені өз қалпынан өзге, жанама сипаттап көрсетуден туатын сыр-таңба, эстетикалық категория, шартты белгі. Елтаңба, Ту, Әнұран - әрбір тәуелсіз мемлекеттің ажырамас бөлігі. 1992 ж. 4 маусым Қазақстан тарихында мемлекеттік рәміздердің дүниеге келген ерекше мәртебелі күн.

Қазақстан Республикасы туының авторы – Ш.Ниязбеков. Тудың біртүстілігі Қазақстан халқының бірлігін білдірсе, көгілдір түс геральдика тілінде адалдықты, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны, күн – энергия көзі, байлықтың нышаны. Тудағы бүркіт бейнесі мемлекеттік билікті, кеңдікті білдіреді, еркіндіктің, тәуелсіздіктің, болашаққа деген талпыныстың нышаны. Төл туымызды даралап тұрған тағы бір белгі оның сабына таяу тік тартылған ұлттық өрнекті жолақ. Онда “Қошқар мүйіз” деп аталатын қазақы өрнек салынған. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Елтаңбасының авторлары – Ж. Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов. Елтаңба мәңгі өмірдің белгісі, отбасы берекесін, бірлікті, байлықты, бейбітшілікті меңзейді. Қазақстан Әнұраны әуенінің авторлары – композиторлар М. Төлебаев, Е. Брусиловский, Л. Хамиди болса, мәтінінің авторлары – ақындар М. Әлімбаев, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, Ж. Дәрібаева. Әнұранда халқымыздың еркіндікке құштар көңілі, тамыры терең болмысы, келешегіне бағышталған арманы көрініс тапқан. Әнұран патриоттық сезімнің белгісі. Әнұранның әуені 1992 ж. 4 маусымда, ал мәтіні 1992 ж. 11 желтоқсанда бекітілді.

Ал 2007 жылы Елбасы Жарлығымен 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні болып белгіленді. Бұл – Мемлекеттік рәміздерге деген шынайы құрмет белгісі. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – отаншылдық сезімнің аса бір жарқын көріністерінің бірі.

Астана – егеменді Қазақстанның жаңа елордасы. 1997 жылы Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев астананы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл тарихи шешімнің қабылдануына қаланың өте ірі көліктік жолдардың тоғысында, еліміздің ұтымды геосаяси орталығында орналасуы себепкер болып, ол көп жағдайда біздің жас мемлекетіміздің келешек қарқынды дамуын айқындап берді. 1998 жылы 6 мамырда жаңа елорданы Астана деп атау туралы шешім қабылданды. Ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР-ның Заңы қабылданды. Осы жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Біз айрықша қысқа мерзімнің ішінде еліміздің дәл ортасында жаңа астанамызды тұрғыздық. Астана қазақстандықтардың мақтанышына айналды.

Қоғамды демократияландыру барысында жаңа саяси институттар – парламент, 1993-ші және 1995 жылдардағы конституциялар қабылданды, тәуелсіз сот билігі қалыптасты. Қазақстанда көппартиялық жүйе пайда болды. 1999 ж. республикада 14 саяси партиялар мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар, бірлестіктер құрылды. Ал 2003 жылы саяси партиялардың саны 19-ға жетті. Жаңадан халық арасында танымал “Отан”, “Ақ жол” т.б. партиялар бой көтерді.

1995 жылғы желтоқсанда өткен бірінше қоспалаталы парламент сайлауынан кейін Қазақстанда қоғамды демократияландыру қадамдары одан әрі жалғасын тапты. Ашық баламалы сайлау, саяси күрес мәдениеті, көппартиялық жүйеге кең жол ашылды. Оның нақтылы дәлелі ретінде елімізде жүргізілген Президент, Парламент Сенаты, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауды айтуға болады.

1999 жылғы 10 қаңтарда болып өткен Қазақстан Президенті сайлауына балама негізде 4 кандидат тіркелді. Олар: Коммунистік партия өкілі С.Ә.Әбділдин, Сенат депутаты Ә.Ғ.Ғаббасов, Мемлекеттік Кеден комитетінің төрағасы Ғ.Е.Қасымов және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан Президентін сайлауға барлық сайлаушылардың 87,05 проценті қатысты. Дауыс беру қорытындысында Н.Ә.Назарбаев жеңіске жетіп, қайтадан Қазақстан Республикасы Президенті болып сайланды. Оған дауыс беруге қатысқан барлық сайлаушылардың 79,79 проценті өз дауыстарын берді.

Қазақстандағы болып жатқан демократиялық өзгерістер 1995 жылы қабылданған Ата Заңында өзінің басты көрінісін тапты. Еліміз егемендік алғаннан бері екі Конституция қабылданды. Оның біріншісі – 1993 ж. қаңтарында өмірге келді. Бірақ оның елеулі жетіспеушілігі мен кемшілігі бар еді. Бірінші Конституцияны жасауда асығыстыққа жол берілді. Нақтылап айтсақ, ел ішінде болып жатқан саяси-экономикалық және әлеуметтік процестерді бірден ой елегінен өткізу, мемлекетіміздің мүмкіндіктерін ғылыми тұрғыдан нақты айқындау әлі мүмкін болмады. Осындай себептерге байланысты жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туындады. 1995 жылы 30 тамызда бүкіл халықтық дауыс беру арқылы референдумда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды.

Жаңа Конституцияға, оның алдыңғысымен салыстырғанды, көптеген өзгеріс, ғылыми қағидалар енгізілді. Егер бұрынғы Ата Заң 4 бөлім, 21 тарау, 131 баптан тұрған болса, кейінгісі көлемі жағынан едәуір қысқарып, 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Онда еліміздің экономикалық күш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталып, халықтың әлеуметтік топтарына тиісті кепілдікті құқықтар беретін көкейкесті мәселелерді шешу ескерілді. Жаңа Ата Заң құқықтық мемлекет құруға бағдарланған. Конституцияның кіріспесінде: “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”,- делінген. Мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот биліктеріне бөлінеді. Конституция бойынша Қазақстан Президенттік республика болып табылады. Президент елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын белгілейтін мемлекет басшысы, ең жоғарғы лауазымды адам болып есептеледі.

Конституцияда Парламенттің орны мен атқаратын қызметі айқын белгіленген. Ол заңдар шығарып, қабылдайтын орган. Парламент – Сенат және Мәжіліс палаталарынан тұрады. Бұған дейін Парламентте мұндай екі палата деген ұғым боған емес. Жаңа Конституцияда екі палаталы парламенттің ерекшеліктері де жан-жақты көрсетілген. Жоғары мемлекеттік органдар жүйесіндегі үкіметтің тиісті орны, сот билігінің, прокуратураның қызметтері де айқындалған. Бұрынғы Ата Заңда көрсетілген, бірақ жете тиянақталмаған көптеген маңызды мәселелердің түйіні кейінгі Конституцияда жаңаша шешілген. Оны, әсіресе, жер, тіл, азаматтық,, негізгі құқықтар мен бостандық сипаты туралы, қос палаталы парламент құрылымы және Президентті айып тағу арқылы қызметтен кетіру мәселесі жөніндегі баптар мен тармақтардан айқын көруге болады.

Қорыта келгенде, біздің жаңа Конституциямыз, еліміздің рәміздері халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы аңсаған шынайы егемендікке қол жеткізгендігінің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан республикамыздың әрбір азаматы Ата Заңымыздың мазмұнын жете біліп, оның талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік нышандарды құрметтеуге міндетті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   62




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет