18 – лекция. 1 сағат.
Қазақстан Республикасының ислам әлемі және түрік тілдес елдері халықаралық ұйымдарымен ынтымақтастығы
1. Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына (ИКҰ) қатысуы.
2. Қазақстан және ТҮРІКСОЙ.
ИСЛАМ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ҰЙЫМЫ, ИКҰ - мұсылман елдерін бір орталыққа біріктіріп отырған ұйым. 1969 ж. қыркүйек айында Рабат қаласында (Марокко) өткен ислам әлемі саяси қайраткерлерінің І-Ислам мәслихатында құрылды. Мақсаты — ұйымға мүше мұсылман елдерінің бірлігін күшейту, бірін-бірі қолдауын қамтамасыз ету, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, мәдени, өнер-білім салаларында ынтымақтастықты дамыту, т.б. Ұйымға тұрғылықты халқы, негізінен, мұсылман болып табылатын 56 мемлекет мүше. Штаб-пәтері Сауд Арабиясының Жидда қаласында орналасқан. Ұйымның жарғысы 1972 ж. қабылданған. Жарғы бойынша, ИКҰ Жоғарғы мәслихаты — үш жылда бір рет өткізілетін мемлекет және үкімет басшыларының конференциясы, ал саяси органы - сыртқы істер министрлерінің конференциясы болып табылады. Конференциялар аралығында атқару қызметін Бас хатшылық жүзеге асырады. ИКҰ құрамында сауда-экономикалық комитеті, ынтымақтастық к-ті, Иерусалим жөніндегі к-т, Ислам даму банкісі, Ислам мәдениеті мен өнерін зерттеу жөніндегі орталық, Ислам сауда дамыту орталығы, Кәсіптік-техникалық оқу мен зерттеулер жөніндегі орталық, Ислам кеме иелерінің қауымдастығы сияқты құрылымдар бар. Бұл құрылымдар ұйымға мүше елдердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге белсене ат салысып келеді. Ұйым БҰҰ-мен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. 1975 ж. БҰҰ Бас Ассамблеясы ИКҰ-ның ресми мәртебесін мойындап, оған БҰҰ-да бақылаушыларын ұстау құқын берді. ТМД елдері ішінен Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан ИКҰ-на мүше, ал Қазақстан байқаушы ретінде қатысуда.
1995 жылдан бастап Қазақстанда Ислам даму банкісі жұмыс істеп келеді. Банк 2000-2003 ж. Астана қ-нда өз офисін ашу, Қарағанды — Астана автожолы бөлігін, Астана — Бурабай автомобиль жолын қайта салу, Астанада ұлттық кітапхана үйін салу, пошта байланысын жетілдіру, т.б. жобаларды қаржылан-дырып отыр (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 4-том. Алматы, 2002. 324-б.).
Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына (ИКҰ) қатысуының негізінде экономикалық мүдде жатыр. Тәуелсіздік алған кезден бастап түрлі деңгейлерде ИКҰ-мен байланыстарға жол ашылды. Джиддадағы (Сауд Арабиясы) ИКҰ бас хатшылығымен тұрақты түрде хат-хабар алмасу жүзеге асырылды. Қазақстанның өкілдері Ұйымның және оның құрылымдық бөлімшелерінің сессияларына, атап айтқанда Ислам Даму банкінің экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына қонақтар ретінде қатысады.
1993 жылы 6 шілдеде Стамбулда Президент Н.Назарбаев Ислам Даму Банкі (ИДБ) басқармасының төрағасы А.Мухаммед Әлимен кездесті. Банк Қазақстан ИДБ-ға кіргенге дейін оған техникалық жәрдем көрсетуге, банкке мүше елдермен сауда қатынастарын орнатуға көмектесуге, ал Қазақстан ИКҰ-ға мүшелігін ресімдеген жағдайда қаржылық көмек көрсетуге дайын екендігін білдірді.
ИКҰ өзінің тарапынан Қазақстанға мұсылман елі ретінде ғана емес, сонымен бірге халықаралық саясаттың белсенді субъектісі ретінде үлкен қызығушылық танытты. Бұл орайда ИКҰ-ның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі кеңесті шақыру жөнінде Қазақстанның бастамасына ізгі көзқарас танытқанын айтсақ та жеткілікті. Мынаны да атап өту керек: АӨСШК-ні дайындау жөніндегі Арнайы жұмыс тобының мәжілістерінде орталық мәселелердің бірі ретінде ЕҚЫҰ мен ИКҰ сияқты халықаралық құрылымдардың оң тәжірибесін ескеру және пайдалану қажеттігі қаралды.
Президент Н.Назарбаев 1994 жылы Сауд Арабиясына ресми сапары барысында ИКҰ-ның Бас хатшысы Х.Аль-Габидпен кездесті, Х.Аль-Габид Қазақстанды өзінің қатарында (құрамында деп түсініңіз) көргісі келетін Ұйым мүшелерінің тілегін білдірді, мұның өзі Қазақстанға да, сондай-ақ ИКҰ-ға да қосымша халықаралық салмақ берер еді. Бас хатшы біздің еліміздің ұйымға мүше болуы мұсылман елдерімен ынтымақтастық орнату үшін кең мүмкіндіктер беретінін және Ислам Даму Банкіне, Дамудың саудтық қоры (ДСҚ), Араб экономикалық дамуының кувейттік қоры (АЭДКҚ) сияқты басқа да қаржылық және экономикалық ұйымдарға жол ашатынын атап өтті.
Президент Н.Назарбаев байқаушы ретінде ИКҰ-ға кіру туралы Қазақстанның өтініші осы кездесу аяқталған соң берілетіндігін мәлімдеді және таяу уақытта Қазақстанның толық мүшелігі туралы мәселе шешілетіндігіне сенім білдірді. Өз тарапынан Х.Аль-Габид ИКҰ-ның Бас хатшылығы мұсылман қоғамдастығы тарапынан Қазақстанға қолдау көрсетуді жұмылдыратынына уәде берді және Орталық Азия елдері бойынша сапар жасау ниеті туралы хабарлады, осы сапар барысында ИКҰ шеңберіндегі ынтымақтастықтың болашағы егжей-тегжейлі талқыланбақшы екен. Ол Арал және Семей полигонының экологиялық проблемаларын бірлесіп шешу туралы Қазақстан ұсынысын оң бағалады және өз делегациясының құрамына ИДБ-ның, Ислам ынтымақтастығы қорының өкілдері, сондай-ақ экология жөніндегі сарапшылар енетінін атап өтті.
ИКҰ-ға кіру туралы Қазақстан өтініші 1994 жылғы қазанда Нью-Йоркта БҰҰ Бас Ассамблеясының жұмысы кезіндегі ИКҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің кездесуінде оң сипатта қаралды.
1994 жылғы қарашада ИКҰ Бас хатшысы Х.Аль-Габид Алматыға келді. Оны Президент Н.Назарбаев қабылдады, сондай-ақ бас хатшы Қазақстанның Сыртқыісминінде келіссөздер жүргізді.
1994 жылы 13-15 желтоқсаңда Касабланкіде (Марокко) ИКҰ мемлекеттері мен үкіметтері басшыларының 7-ші конференциясы өткізілді, оған Қазақстан делегациясы да қатысты. Қатысушы елдер мен байқаушылардан басқа БҰҰ, ЮНЕСКО, ЮНИДО және басқа да көптеген халықаралық және аймақтық ұйымдар, мұсылман қауымдары және шақырылғандар қатысқан Саммит ИКҰ-ның құрылуының 25 жылдығымен сәйкес келді.
1995 жылғы желтоқсанда Конакридегі (Гвинея) ИКҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің конференциясында Қазақстан Ұйымға толық құқықты мүше ретінде қабылданды. ИКҰ Жарғысына сәйкес Қазақстан Ислам Даму Банкінің мүшесі де болды.
Ислам Даму Банкімен байланыстар ИКҰ жұмысының шеңберінде де, Банк басшылығымен арнайы кездесулер барысында да жүзеге асырылды. Ислам Даму Банкінің Құрылтай шартын Қазақстан Парламенті бекіткеннен кейін Президент Н.Назарбаев 1996 жылғы 15 мамырда "Ислам Даму Банкінің Құрылтай шартын бекіту туралы" Заң шығарды. Банк басшылығы ИКҰ-ға мүше елдерден Қазақстанның экспорттық және импорттық операцияларына қызмет көрсетуді ұсынды, мұның өзі ИКҰ-ға мүше елдерге көмек көрсету жөніндегі Банк қызметінің негізгі нысандарының бірі болып табылады. Банк сондай-ақ нарықтық экономиканың түрлі салаларында қазақстандық мамандарды даярлауда, тағылымдамадан өткізуде, семинарлар ұйымдастыруда өз көмегін ұсынды.
1996 жылы Қазақстан Республикасын Ислам Даму Банкінің
мүшелігіне қабылдаудың шарттарын орындауға қатысты өзара
түсіністік туралы меморандумға және 298 мың доллар сома-
сында ИДБ-ның техникалық көмегін (грантын) беру туралы
келісімге қол қойылды.
Жаңа елорда - Астананың инфрақұрылымын дамытуды қаржыландыруға Банктің қатысу мүмкіндіктерін талқылауға айрықша көңіл бөлінді, атап айтқанда қаржыландырылатын іс-шаралар мыналар еді: жылу жүйелерін қайта құру және жаңғырту, жылуды үнемдеу жөніндегі іс-шаралар (қаланы жылумен жабдықтаудың жаңа объектісінің құрылысын салу және қазір жұмыс істеп тұрған жылу энергетика объектісінің блоктарының бірін қайта жаңғырту, әуежайды, теміржол магистралын жаңғырту, қалада әкімшілік және тұрғын үй ғимараттарының құрылысын салу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ байланыс жүйесін қайта құру және дамыту).
Ислам Даму Банкімен ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарының бірі ретінде оның Қазақстан мен осы банкке мүше елдердің арасында экспорттық және импорттық операцияларды қаржыландыруға қатысуы аталды.
1996 жылғы 19 қыркүйекте Алматыда ИДБ-ның демеуімен "Қазақстан Республикасына инвестициялар салу" атты аймақтық конференция өтті, оның барысында шетелдік кәсіпкерлерге инвестициялық ахуал мен біздің еліміздің экономикасына капитал салу мүмкіндіктері туралы хабарланды. Н.Назарбаев форумға қатысушылардың алдында құттыктау сөз сөйледі. Ол ИДБ-ның өкілетті делегациясының Қазақстанға келуі және конференцияның өзі Қазақстанның принципті жаңа сипатта - Банктің толыққұқықты мүшесі ретінде осы беделді халықаралық қаржылық ұйымның қызмет саласына іс жүзінде қосылуының өте маңызды кезеңін айғақтайды деп атап өтті. Президент қаржыландыру үшін анағұрлым басымдық берілетін бағыттар ретінде аграрлық секторды, химиялық және қорғаныс өнеркәсібін, мұнай-газ құбырларының құрылысын салуды, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды атады. Ол жаңа елорда - Астананы дамытуға бағытталған инвестициялардың маңыздылығын атап көрсетті.
ИДБ-ның басшысы А.Мұхаммед Әли өз кезегінде конференцияның міндеті біздің еліміздің Басшысы айтқан сөздердегі бастамаларды нақты түрде өмірге енгізуге де қатысты екеніне тоқталды. Оның пікірінше Қазақстан мен ИДБ-ға мүше елдердің арасындағы экономикалық әріптестік деңгейі қазіргі бар мүмкіндіктен әлдеқайда төмен. Сонымен бірге ол елдегі саяси және экономикалық тұрақтылық осы елдің ислам мемлекеттері кәсіпкерлерімен қарым-қатынасын дамыту үшін шешуші фактор болып табылады деп есептейтіндігін айтты.
1996 жылы Ислам Даму Банкінің аймақтық өкілдігін Алматыда құру туралы келісімге қол қойылды, аталған өкілдік Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге Орта Шығыспен Кіндік Азия елдерінің ИДБ-мен ынтымақтастығын үйлестіретін болады, сондай-ақ өзара іс-қимыл мен қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін анағұрлым жедел түрде шешуге жәрдемдесетін болады. Бұл есеп бойынша ИДБ-ның үшінші аймақтық өкілдігі екенін атап өту керек (біреуі Мароккода, Африка елдері үшін жұмыс істейді, екіншісі Малайзияда, Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс Азия елдері үшін құрылған).
1997 жылғы 9-11 желтоқсанда Тегеранда Ислам Конференциясы Ұйымының VIII Саммиті болды, оған Қазақстан да қатысты. АӨСШК кеңесін шақыру жөніндегі бастаманы қолдау туралы және экологиялық апаттардан зардап шеккен Арал теңізі мен Семей ядролық полигоны аймақтарына көмек көрсету туралы біздің еліміздің делегациясы ұсынған қарарлар бірауыздан қабылданды.
2000 жылғы қарашада қазақстандық делегация Катардың астанасы Дохада өткен Ислам Конференциясы Ұйымының IX саммитінің жұмысына қатысты. Саммиттің күн тәртібіне халықаралық саясатқа, ислам әлемі мемлекеттерінің әлеуметтік-эко-номикалық дамуына, сондай-ақ ИКҰ шеңберіндегі техникалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастыққа қатысты өзекті мәселелер енді. Форумға қатысушылар қарар қабылдады, онда келешегі зор халықаралық форум ретінде АӨСШК-ні шақыру туралы қазақстандық бастаманың танылғандығы және ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің жалпы азиаттық процеске жәрдемдесуі, сондай-ақ оның жұмысына белсенді түрде қатысуы туралы кеңестердің танылғандығы мазмұндалады. Саммитте сондай-ақ Арал теңізі мен Семей аймақтары экологиялық апаттардың теріс салдарын еңсеруі үшін саяси, экономикалық және қаржылық көмек беру жолымен аталған аймақтарға жәрдемдесуді одан әрі жалғастыру қажеттігі туралы айтылды.
ИКҰ саммитіне жолдауында Президент Н.Назарбаев былай деді: "Еуропа мен Азияның, Оңтүстік пен Солтүстіктің, Батыс пен Шығыстың тоғысында орналасқан Қазақстан халқы атынан демократиялық және әртүрлі конфессиялық қоғамы, тұрақты саяси жүйесі, нарықтық экономикасы бар, үлкен экономикалық әлеуеті, алдыңғы қатарлы ғылымы мен білімі, елеулі адами және табиғи ресурстары, қолайлы инвестициялық ахуалы бар Қазақстанның бейбітшіліктің, прогресс пен тұрақтылықтың, елдерді, халықтарды және мәдениеттерді жақындастырудың ұлы ісіне үлес қосуға дайындығы туралы мәлімдеймін.
Халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес ерекше маңызды сипат алуда, өйткені осы құбылыстар бірқатар мұсылман елдерінде әлеуметтік-экономикалық дамуға кедергі келтіретін тұрақсыздандырушы фактор ғана емес, сонымен бірге біздің бейбітшілік сүйгіш ислам дініне орасан зор нұқсан келтіреді. Ислам құндылықтарын қорғаудың жалған ұранымен кейбір күштердің Орталық Азия аймағында құқыққа қарсы және террорлық бопсалауды жүргізу әрекеттері байқалады. Біз ИКҰ экстремизм мен терроризмнің барлық түрлеріне қарсы үзілді-кесілді күресті бастауы тиіс деп есептейміз". Қазақстан мемлекеті басшысының жолдауында сондай-ақ ғаламдану жағдайында мұсылман қоғамдастығы тарапынан оңтайлы шешімдер әзірлеудің, экономикаға қатысты тәуелділікті жоюдың, аймақаралық кооперацияны жетілдірудің елеулі және шұғыл шараларының қажеттігі атап өтілді. Н.Назарбаев ғылым мен технология саласында ынтымақтастықты ұлғайтудың, ИКҰ-ның экономикалық құрылымдары шеңберінде бірлескен іс-қимылды жандандырудың орындылығын атап көрсетті.
Ислам Конференциясы Ұйымындағы жұмыс тәжірибесі зайырлы ел болып табылатын Қазақстан үшін де ислам факторы ынтымақтастықтың, халықаралық қауіпсіздіктің және бейбітшіліктің факторы бола алатындығын нық сеніммен дәлелдеді. ИКҰ-мен және оның институттарымен, ең алдымен Ислам Даму Банкімен ынтымақтастық Ұйымның да, сондай-ақ Қазақстанның да мүдделері жолында дами беретіндігіне күмән жоқ.
2008 ж. 17 қазанда Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Ортақ әлем: әралуандық арқылы прогреске» деген тақырыпта Сыртқы істер министрлерінің ҮІІ конференциясы өтті. Халықаралық деңгейдегі өткір де өзекті мәселелер талқыланған конференцияда ҚР-ның Президенті Н. Назарбаев сөз сөйледі. Бұл үлкен халықаралық жиын Қазақстанның бастамасымен өтті.
60-тан астам мемлекет пен беделді халықаралық ұйымдардан өкілдер қатысқан конференцияда құрметті қонақ ретінде Ислам Конференциясы ұйымының Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлы сөз сөйледі. Бас хатшы алдымен Ислам Конференциясы Ұйымының қызметімен қысқаша таныстырып өтті. Оның айтуынша, бұл Ұйым діни ұйым емес. Ұйымға 57 мемлекет мүше, ауқымдылығы жағынан БҰҰ-дан кейінгі екінші орында тұр. Ұйымның басты мақсаты – оған мүше елдер арасында барлық салалар бойынша ынтымақтастықты нығайтып, мұсылман әлемінің өзара байланыстарын жақсарту арқылы әлеуметтік-экономикалық қатынастарды дамыту болып табылады.
Шешен, сондай-ақ ислам дініне қатысты пікірін де білдірді. Бас хатшының атап өткеніндей, ислам діні татулық пен бірлікті, ұлттар арасындағы ынтымақтастықты ту етіп келеді. Ислам христиан, иудаизм, тағы басқа да дәстүрлі діндерді таниды, құрметтейді. Өкінішке қарай, Батыс елдері «ислам терроризмі» дегенді ойдан шығарып, бүкіл мұсылман қауымына сенімсіздікпен қарауды қоймай келеді. Ислам Конференциясы Ұйымы БҰҰ қарарларының талаптарына сәйкес жұмыс ісейді. «Біз қандай да бір дінге»шабуыл» жасаған немесе қандай да бір дінге қарсы тұрған емеспіз, - деді шешен. – Халықаралық хартия талаптарын сақтап келеміз». Сөзінің соңында Бас хатшы ислам, христиан, иудаизм, тағы басқа да дәстүрлі діндерді ынтымақ пен бірлікке шақырды. Осы конференция Мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы үнқатысудың басты құралына айналады деген ойын білдірді (ЕҚ, 18 қазан 2008 ж.).
Діндер мен мәдениеттерді жақындастыру жөніндегі Қазақстан Президентінің бастамалары ИКҰ тарапынан толық қолдау тауып отыр. Бұл туралы Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға және 2011 жылы ИКҰ-ға төрағалық етуін жоғары бағалаған осы ұйымның Бас хатшысы Э. Ихсаноғлы мәлімдеді.
Достарыңызбен бөлісу: |