Оқушылардың анатомиясы, физиологиясы және гигиенасы пәніне кіріспе. Онтогенез заңдылықтары
Оқушылардың анатомиясы, физиологиясы және гигиенасы пәніне кіріспе. Онтогенез заңдылықтары.
Сұрақнама
Оқушылардың анатомиясы, физиологиясы және гигиенасы пәннің педагогика мен психология пәндерімен байланысы.
Оқушылардың анатомиясы, физиологиясы және гигиенасы пәннің оқу-тәрбие жұмысы кезіндегі маңызы.
Онтогенез заңдылықтары.
Тапсырмалар
Оқушылардың денсаулығын нығайту мен сақтау ерекшелігін көрсетіңіз.
Оқушылардың анатомиясы, физиологиясы және гигиенасы пәннің зерттеу әдістерін пайдалану туралы мәліметтер беріңіз.
Салауатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігі қағидаты – денсаулық саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс.
Н.Ә.Назарбаев Қазіргі кезде білім беру мекемелерінің алдында тұрған міндеттердің бірі - жас ұрпақтың салауатты өмір сүруге көзқарасын қалыптастыру, олардың денсаулығын сақтауға, қоршаған ортасын таза ұстауға және жоғары, сапалы білім алып, сол білімді келешектегі өмірінде пайдалана білуге тәрбиелеу.
Балалар мен жастардың организмі үнемі өсіп дамуда болады. Организмдегі клеткалардың саны мен салмағының ұлғаюына байланысты дене көрсеткіштерінің артуын өсу деп атайды.
Елбасымыз міндет етіп қойғандай өзіндік өмір өрнегін жасай алатын, өзіндік даму арнасын белгілеп, өмірдің қиыр көкжиегіне батыл қадам басатын бүгінгі бәсекенің қатал заңына икемді ұрпақтың тұғыры мектептен басталады. Оның алғы шарты оқушы бойында өмірлік бейінділіктерді қалыптастыру мен денсаулығын сақтаумен орындалады- дейді. Қазақ елінің Ата заңына сәйкес әрбір азаматтың саулығы- мемлекетіміздің саулығы деп есептелінеді. Халық даналығы «Елім бай болсын десең - денің сау болсын» деп денсаулықтың елдік, халықтық, ұлттық, отандық мағынасына айрықша көңіл аударады. Сондықтан да әр адам «Менің саулығым- ұрпағымның саулығы» деп түсінгені абзал.
Мектепте оқушының салауатты өмір сүру мәдениетін қалыптастыру бұл:
- Біріншіден, жеке тұлғаның өзін қоршаған жансыз және жанды табиғи ортамен жан-жақты үйлесім тауып, өз ғұмырын Отаны, елі, отбасы және өзі үшін барынша пайдалы өткізу дағдысын қалыптастыру;
- Екіншіден салауатты өмір салты - ол денсаулықтың үйлесімді дамып, сақталуы мен орнығуын қамтамасыз ету мақсатында денсаулықты нығайтуға бағытталған іс-шараларды жүргізу.
Мектептегі оқушы денсаулығын сақтау мен қалыптастырудың басты мақсаты: оқушылардың психологиялық, дене-қимыл әрекеттерінің мүмкіндіктері мен жас ерекшеліктерін ескеріп, гигиеналық ұғымды, салауатты өмір салтының уәждамаларын, жеке бас тазалығын жете түсіндіру; олардың мінез-құлқында белгілі гигиеналық тұрақтылықты қалыптастыру, өзіне-өзі қызымет ету, денсаулығын сақтау, нығайту, мәдени-гигиеналық мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру болып табылады.
Мектеп жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі-адам денсаулығы мәдениетін қалыптастырудың негізі болатын «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыратын дене тәрбиесі мен спортты белсенді дамыту, білім беру процесіне денсаулық сақтау технологияларын енгізу арқылы оқушының физиологиялық, психологиялық, әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты дамуына жағдай жасау әрекетін жүзеге асыру болып табылады.
Егемен елдің туын көкке көтеретін, әрине, өркениетті ұрпақ. Ендеше сол елдің елдігін танытатын бүгінгі ұрпақ қандай болуы керек?
Өкінішке орай, қазіргі кезде жасөспірімдердің бір бөлігі салауатты өмір салтына қайшы келетін іс-әрекеттерге баратыны барлығымызға белгілі жайт.
Сондықтан бүгін білім беру жүйесінде еліміздің өсіп өркендеуіне сай, заман талабына жауап беретін рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастырған, қоғамдық өмірге икемделген, білім және өнер сырларын бойына мұқият сіңірген, қоғам,мемлекет және отбасы алдындағы жауапкершілігін сезінетін, салауатты өмір салтын қалыптастыру мен денсаулықты сақтау және нығайту мәселелеріне айрықша мән беру керек.
Сабақтарды оқытудың белсенді түрлерін пайдаланып өткізген дұрыс: сюжетті ойындар, тест, реферат, пресс-конференциялар, семинарлар өткізу, ғылыми қарапайым әдебиетпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс.
Сонымен қатар валеологиядан алған білім мен тәрбиенің бірлескен жүйесі бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру барысында көптеген іс-шаралар өткізілуі қажет.
Себебі мектептегі барлық жұмыстың бағыты салауатты өмір салтының негізгі құралдарын орындау болып табылады, яғни баланың
- денсаулыққа деген көзқарасын тәрбиелеу;
- жас кезден бастап дұрыс тамақтануы;
- жас кезден бастап белсенді демалыс мәдениетін,қозғалыстың қажеттігіне тәрбиелеу;
- зиянды әдеттердің алдын алу, сол заттардың зиянын түсіндіру т.б.
Осыдан келіп оқушылардың денсаулық мәселелеріне байланысты сауаттылығын арттыру мәселесі туындайды.
Мектептің оқу-тәрбие үдерісінде денсаулық сауаттылығын қалыптастырудың негізгі идеясы төмендегі өлшемдер арқылы белгіленеді:
а) оқушылардың денсаулығын жақсарту;
ә) оқушылардың салауатты өмір сүруге сұранысы мен құндылықтық бағыттылығын қалыптастыру;
б) мектепте және мектептен тыс уақытта салауатты өмір сүруді насихаттау;
Мектептің оқу – тәрбие үдерісінде денсаулықты сақтау сауаттылығын қалыптастырудың келесі принциптеріне сүйенеді:
Денсаулық сақтау сауаттылығын қалыптастырудың оқытудың мақсатына сәйкестігі.
Оқу - тәрбие жұмыстарының денсаулық сақтау сауаттылығын қалыптастырудың заңдылығына сәйкестігі.
Денсаулық сақтау сауаттылығын қалыптастырудағы оқушының саналылығы және белсенділігі.
Денсаулық сақтау сауаттылығын қалыптастырудың көрнекілігі.
Денсаулық сақтау сауаттылығын қалыптастырудың жүйелілігі және бірізділігі.
Денсаулық сақтау сауаттылығына байланысты білім, білік, дағдының бір-бірімен байланысы.
Денсаулықты сақтау сауаттылығын қалыптастырудың негізгі мақсаты болып: Дені сау, жаны сау оқушы тұлғасын қалыптастыру.
Денсаулықты сақтау сауаттылығын қалыптастырудың негізгі құралдары:
1) қозғалысқа бағытталған құралдар.
2) табиғаттың сауықтыру күштері.
Денсаулық сақтау сауаттылығын қалыптастырудағы оқыту - тәрбие үдерісіндегі негізгі жұмыстар:
физикалық жаттығулар;
сергіту минуттары мен үзілістегі бойжазулар;
эмоцияны басу мен «тыныштық минуттары»;
сауықтыру гимнастикасы;
емдік дене шынықтыру;
қозғалысты ойындар;
массаж, психогимнастика, тренинг т.б.
табиғаттың сауықтыру күштерін қолдану;
ть тауадағы сабақ.
Денсаулықты сақтау сауаттылығын қалыптастырудан оқушы келесі тұлғалық нәтижелерге жетуі керек:
1) Денсаулық сақтау сауаттылығына байланысты білім, білік, дағдысының қалыптасуы.
2) Оқу сабақтары баланың өзіне сыни көзбен қарау, партада дұрыс отыру, дұрыс жүру ережелерін меңгеру құзыреттілігі.
3) Жалпы дамытушылық жаттығулар кешенін, гимнастика, шаңғы, қозғалыс ойындары түрлерін білу, қажеттілігін ұғыну мен тәжірибеде қолдана білу.
4) Қозғалыс ойындары арқылы денені дамыту әрекетінің қалыптасуы.
5) Дене тәрбиелеу мен денсаулық сақтауға байланысты оқушының танымын, өмірге қажетті, пайдалы дағдысын қалыптастыру құзыреттілігі.
6) Ұлттық ойындарды рухани құндылық деп түсіну, құрметтеу.
7) Табиғаттың сауықтыру күштерін сауатты пайдалана алу.
8) Намыс, шыдамдылық, батылдық секілді тұлғалық қасиеттер құзыреттілігі.
9) Жеке, ұжымдық және отбасылық демалыста және бұқаралық-спорттық көпшілікке арналған жарыстарға қатысуда.
10)Белсенді шығармашылық жұмыстар, салауатты өмір салтын таңдау және қалыптастыруда.
Қазіргі таңда оқушылардың денсаулығын сақтау, білім мен салауатты өмір салтын қалыптастыру- күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі.
Дені сау бала оқу үдерісіне белсене араласады, әрдайым жайдары, көңіл-күйі жоғары болады. Сондықтан біздің міндетіміз - әр оқушының денсаулығына нұқсан келтірмей, нығайта отырып, оқуға деген құштарлығын ояту, әрбір баланың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, бала бойындағы қасиеттерін дамыту.
Әр мұғалім өз сабағында осы мәселелерді балаға терең жеткізіп отырса, онда нағыз жан-жақты дамыған болашақ жас ұрпақ тәрбиелеп шығарарымыз сөзсіз. Жас ұрпақтың спортты серік етіп, денсаулықтарын нығайта түсуі – бүгінгі күннің басты талабы.
Д а м у – сапалық көрсеткіш. Организмнің дамуы – деп сан көрсеткіштерінің сапалық көрсеткіштерге айналып, ұлпалардың жекешеленіп белгілі бір қызмет атқаруға бейімделуін, организм мен оның жеке мүшелерінің қызметінің артуын, баланың ақыл-ой өрістерінің молаюын айтады. Организмнің дамуы екі түрлі болады: физикалық жоне функциялық дамуы.
Физикалық дамудың көрсеткіштері барлық мүшелерге бірдей: мүшенің ұзындығы, ені, тереңдігі, көлемі, аумағы, салмағы, алып жатқан орыны
Функциялық дамудың көрсеткіштері мүшенің атқаратын қызметіне байланысты әртүрлі. Мысалы, жүректің функциялық дамуын анықтау үшін оның систолалық немесе минуттық көлемін өлшейді.
Адам өмірін негізінен үш кезеңге болуге болады: өсіп даму және жетілу, кемелдену, қартаю. Бұл үшеуінің айырмашылығын дене көрсеткіштерін өлшеп, организмнің даму дәрежесін анықтап және сыртқы ортамен байланысын тексеру арқылы білуге болады.
Кәмелетке келу немесе д амып жетілу дегеніміз ең алдымен жастардың жыныстық жетілуі және өзінің ұрпағын жалғастыру қабілетінің пайда болуы, яғни тұқымын жалғастыруды қамтамасыз ету. Бұған қоса, әлеуметтік қызметтерді атқару, рухани және мәдениет қазыналарын жасау, еңбек ету қабілеттері жатады.
Ж ы н ы с т ы қ ж е т і л у қыздарда 11-12 жаста, ұлдарда 13-14 жаста басталады да жынысына сай бойжеткендерде 16-18 және жігіттерде 18-20 жаста толық жетіледі. Осыған байланысты адам организмінің толық жетілуі, яғни кәмелетке келуі анықталып, кемелденуі басталады.
Өсу мен дамудың барлық адамдарға ортақ бірнеше зандылықтары бар:
• Өсу мен даму гетерохронды болады, яғни үнемі біркелкі болмайды;
• мүшелер мен мүшелер жүйелерінің өсу мен даму қарқыны әртүрлі;
• Өсу мен даму баланың жынысына байланысты;
• функциялық мүшелер жүйелері мен мүшелердің қызметтерінің биологиялық беріктігі немесе мықты болуы;
5) Өсу мен дамудың тұқым қуалау қасиеттері мен сыртқы ортаның жағдайларына теуелділігі;
6) Өсу мен дамудың акселерациясы.
Өсу мен даму адам өмірінде бірде жылдамданып, бірде баяуланады.Тіпті бір жылдың ішіндегі бойдың өсуі бірдей емес: бала жазда тез өседі, ал қыста нашар немесе түнде бой көбірек өседі, күндіз аз өседі. Мұны өсу мен дамудың гетерохрондылығы дейді (гетерос – әртүрлі, хронос – уақыт).
Өсу кезінде адам өмірінде үш рет күшейеді:
1.Туғаннан З жасқа дейін.
2.3-7 жас арасында.
3.Жыныстық жетілу кезеңінде.
Сонымен қатар, бала организміндегі жеке мүшелер мен мүшелер жүйесінің өсіп дамуы да гетерохронды түрде өтеді. Баланың алғашқы жылғы өмірінде миы тез өседі: бір жылдың ішінде салмағы 2-2,5 есе артады (жаңа туған бөбекте миының салмағы 360-390 г). 7 жасқа жеткенше оның миы ересек адамның миының 80-90 % шамасында болады. Мұның себебі – баланың сыртқы ортамен байланысы негізінен ми арқылы іске асады, барлық мүшелердің қызметі жүйке жүйесінің, әсіресе, орталық жүйке жүйесінің қызметіне тікелей байланысты. Ал лимфа ұлпаларының өсіп дамуы 10-12 жаста күшейеді, жыныс мүшелерінің өсіп жетілуі 12 жастан әрі қарай болады. Сол сияқты, бір мүшенің өсуі мен қызметінің дамуы да кезектесіп отырады: мүше өскенде қызметі онша дами қоймайды, мүшенің қызметі дамығанда ұзындыққа өсуі баяулайды.
Осыларға байланысты бала организмінің қажеттері үнемі өзгеріп отырады. Мысалы, мидың өсуі күшейгенде организм белокты көбірек қажет етеді. Сөйлеу қабілеті дамитын кезде бала басқа адамдармен қарым-қатынасты көбірек талап етеді, қимыл-қозғалыстары дамитын кезде мазасыз болады, көп қозғалады, көмірсутегісі көп тағамды талғайды.
Бала организмінің түрлі әрекеттерге бейімділігі, оның сыртқы ортаның жағдайларына қарсы тұру қабілеті дамып жатқан функциялық жүйелерге байланысты. Айталық, бала миының оқуға бейімделуі 6-7 жастан басталады. Сондықтан бұл мезгілден ерте оқыту оның басқа мүшелер жүйесіне зиян келтіреді, олардың дамуын төмендетеді.
Организмнің ұлпаларына қажетті оттегін тасу қабілеті де біртіңдеп дамып, 16-17 жаста жетіледі. Сондықтан бала организміне әсер ететін ауыр жұмысты, дене еңбегін, спортпен шұғылдануды ұйымдастырғанда осыны ескерген жөн.
Қорытып айтсақ, бала организмінің еңбектің түрлеріне бейімділігі үнемі бірдей болмайды. Сондықтан оқу, еңбек, спорт жұмыстарын сыртқы ортаның жағдайына сәйкес етіп, өсіп-даму мезгіліне байланысты мөлшерлеген жөн.
Былайша айтқанда, өсу мен дамудың гетерохрондылығын сыртқы ортаның жағдайлары мен бала еңбегін дұрыс мөлшерлеудің ғылыми негізі деп есептеуге болады.
Бала организмінің жыныстық айырмашылықтары қыздар мен ер балалардың денесінің өсіп дамуында, олардың қарқынды, жеке мүшелер жүйесінің жетілуінде көзге түседі. Айталық, жыныстық жетілгенге дейін ер баланың антропометрлік көрсеткіштері, әсіресе денесінің ұзындығы қыздардан жоғары болса, жыныстық жетілу басталған кезде, керісінше, қыздардың салмағы, бойы, кеуде шеңбері анағұрлым жоғары болады. 15 жастан әрі қарай ер балалар тез өсіп жетіледі де олардың көрсеткіштері қайтадан қыздардан жоғары келеді. Ересек адамдарда осындай жыныстық айырмашылық сақталады. Яғни барлық балаларға ортақ зандылықтардан басқа өсу мен дамудың баланың жасына байланысты ерекшеліктері байқалады. Жыныстық айырмашылықты оқу-тәрбие, спорт, қара жұмысты ұйымдастырғанды еске алып, жынысына қарай мөлшерлейді. Кейбір спорт түрлерімен қыздарға шұғылдануға болмайды, айталық, ауыр атлетика т. б. олардың болашақ ана екенін естен шығармау керек. Қандай да болмасын мүшелер жүйесінің қызметі өмірдегі кажеттіліктен анағұрлым артық мөлшерде болады. Бұған қоса, көпшілік қызметтердің бірнеше мүшелерде қосарланып орындалуы байқалады (мысалы, зәр шығару, өкпе, бүйрек, тері, ас қорыту жолы арқылы қосарланады; баланың өсуіне қажетті жыныс гормондары жыныс безі мен бүйрек үсті бездерінің қыртыс қабатында түзіледі, т.с.с.). Мұндай ұйымдасу организмге қауырт жағдайларда тірлігін сақтап қалу үшін қажет. Дегенмен балалар мен жас өспірімдердің оқуын, дене еңбегін, спортпен шұғылдануын шектеп отырған жөн. Әйтпесе бала организмі жан-жақты дамымайды. осыған байланысты ғалым гигиенистер оқу-тәрбие жұмыстарының өсіп келе жатқан бала организміне лайықтандырылуы туралы қағида ұсынды. Бұл қағидаға сәйкес оқу, еңбек, спорт жүмыстарын баланың жынысына және жасына лайықтау мөлшерлері көрсетілген.
Баланың өсуі мен дамуының сыртқы белгісіне оның дене пропорциясының өзгеруі жатады. Дене пропорц и я с ы деп адамның басты, тұла бойы мен аяқтарының ұзындығына қатынасын айтады. Ересек адаммен салыстырғанда жаңа туған сәбидің аяқтары қысқа, тұла бойы мен бастары үлкен болады да, олардың дене пропорциясы: басының ұзындығы 1:4, тұла бойының үзындығы 2:4, аяқтарының ұзындығы 1:4 болады. Мүңдай пропорция 1 жасқа дейін сақталады, ал 1 жастан кейін омыртқа сүйектерінің өсу қарқыны жіліктерінің өсу қарқынынан жылдамырақ болып, дене пропорциясы өзгере бастайды. 2 жастағы баланың дене пропорциясы мынадай болады: 1:5, 2:5, 2:5. Екі жастан әрі қарай жілік сүйектері жылдамырақ өседі де 6 жаста дене пропорциясы 1:6, 2:6, 3:6, яғни баланың аяқтарының ұзындығы тұла бойынан артық бола бастайды. 5-6 жастағы баланың қол-аяқтары ұзарып жалпы ұсқыны өзгереді. 6 жастан әрі қарай тағы да омыртқа сүйектерінің өсу қарқыны күшейеді, соңдықтан 7 жастағы баланың басының ұзындығы 1:7, тұла бойы 3:7, аяқтары 3:7 қатынасында болады, яғни 7-8 жасар баланың аяқтары мен тұла бойының ұзындығы теңеседі. Одан әрі қайтадан жілік сүйектерінің өсу қарқыны үдеп, 12 жаста баланың дене пропорциясы 1:8, 3:8, 4:8 қатынасындай болады. Бұл пропорция дұрыс өсіп жетілген ересек адамның дене пропорциясы болып қала береді. Яғни ересек адамда аяқтарының ұзындығы жалпы бойының жартысына тең болғанда, оны сымбатты адам деуге болады. Дегенмен мұндай жақсы пропорция барлық адамда кездесе бермейді, себебі оған сыртқы ортаның түрлі жағдайлары әсер етеді. Айталық, баланың бас сүйегі жылдам өсіп келе жатқанда бала ауырып қалса немесе жілік сүйектері тез өсетін кезде баланың тамағының құрамында сүйектің өсуіне қажетті кальций мен фосфор аз болса, оның дене пропорциясы жасына сай дұрыс болмайды Баланың өсуі мен дамуы оның организміндегі тұқым қуалау қасиеттеріне және сыртқы ортаның жағдайларына байланысты. Организмнің өсу жөне даму қарқыны, жыныстық геморфизм және жеке мүшелер мен мүшелер жүйесінің жетілуі тұқым қуалау қасиеттеріне байланысты. Дегенмен олар сыртқы ортаның жағдайына байланысты ауытқуы да мүмкін. Бірақ егіздерді зерттеу әдісімен табылған мәліметтер бойынша (Никитюк, Мүсағалиева, Савченко, 1990) сыртқы ортаның жағдайлары негізгі тұқым қуалайтын зандылықтардан онша асып кете алмайды, яғни балалар мен жастардың өсуі мен дамуы белгілі биологиялық зандылықта сыртқы ортаның әсеріне байланысты болады» Сондықтан балалардың денсаулығын сақтау, жан-жақты жетілдіруге қажетті жүмыстарды үйымдастырғанда ол зандылықтарды міндетті түрде ескеру керек.
1960-1990 жылдары байқалган еліміздегі балалар мен жастардың өсуі мен дамуының олардың ата-аналарымен салыстырғанда жылдамрақ болуын есу мен дамудың акселерациясы деп атайды, яғни қазіргі балалар мен жастардың белгілі бір жас мерзімінде олардың ата-аналарының сол жасындағы денесінен ірі болып, ерте жетілуін айтады. Өсу мен дамудың акселерациясын анықтау үшін баланың немесе жас өспірімнің нактылы бір жас мерзімін алып, оның көрсеткіштерін баланың ата-анасының сол жастағы көрсеткіштерімен немесе сол жерде бұрын өмір сүрген балалардың оңаша көрсеткіштерімен салыстырады. Мысалы, 1979 жылғы Ресейдегі Мәскеулік 12 жасар ер балалардың бойы 1930 жылдағыдан 11 см, салмағы 10 кг артық болған. XX ғасырда өмір сүрген Германиядағы балалар мен жас өспірімдердің белгілі бір жас кезіндегі керсеткіштері XIX ғасырдағылардан анағұрлым артық болған.
Мұндай мәліметтер қазақ балаларының өсуінде де кездеседі. Айталық, 1976 жылғы Алматы қаласының 13 жастағы оқушыларының бойы орта шамамен 152 см, салмағы 44,17 кг, кеуде шеңбері 78,13 см болса (Алиакбарова, 1993,1995), 1950 жылдары ол керсеткіштер 146,6 см; 37,03 кг; 70,67 см (Шәкенов, 1960) болған, ал 1980 жылдары айтарлықтай айырмашылықтың бар екенін керуге болады.
Өсу мен дамудың акселерациясының бірнеше белгілері бар:
1. Жаңа туған нәрестелердің ірі болуы (1970-80 жылдары Алматыда туған нәрестелер 1950-1955 жылдары туған сәбилерден 3-4 см ұзын, 0,4-0,5 кг ауыр); белгілі бір жас мерзімінде балалар мен жастардың денесінің ірі болуы (жоғарыда жазылған 1976 жылғы мөліметті қараңыз); ерте жыныстық жетілу (қазіргі жастарда жыныстық жетілу белгілері 1,5-2 жыл ерте басталып, ерте аяқталады; оның белгілері: мысалы, қыздардың етек кірінің 10-12 жаста басталып, сүт бездерінің ерте жетілуі, жамбас сүйектерінің өсуі);
2. Баланың сүйегі ерте қатады (сүйектің қатуының белгісі:баланың сүт тістері 1-2 жыл ерте шығып, тұрақты тістері ерте пайда болады, мандай еңбегі ерте жабылады.Қазіргі кезде нәрестенің мандай еңбегінің 9-10 айда жабылуы қалыпты жағдай деп есептеледі); жастардың бойының өсуі ерте тоқталады: қалыпты жағдайда жігіттерде 22-24 жаста, қыздарда 20-22 жаста бойының өсуі тоқталса, акселераттарда өсу 2 жылдай бұрын аяқталады (өсуі мен дамуының акселерациясы байқалатын жастарды акселерат деп атайды), Яғни жігіттердің бойы 20-22 жаста, қыздардың бойы 18-20 жаста өсуін тоқтатады. Өсу мен дамудың акселерациясының себептері туралы бірнеше болжамдар бар (генетикалық, гетерозистік, гелиогендік, урбанизациялык, әлеуметтік-экономикалық, т.б.), бірақ олардың әрқайсысы жеке алғанда өсу мен дамудың акселерациясын толық дәлелдей алмайды. Сондықтан 80-90-шы жылдары ұсынылған өсу мен дамудың акселерациясы комплексті (бірнеше) себептерге байланысты пайда болады деген тұжырымдар шындыққа көбірек үйлеседі.
3. Адам жасының кезеңдері. Оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырғанда балалардың жасын белгілі бір топқа бөлуге тура келеді, яғни әртүрлі жастағы балаларды бір топқа қосады. Ол топтардағы балалардың жасын белгілі бір мөлшермен шектеу қажет. Осыған байланысты адам өмірін бірнеше жас кезеңдеріне бөлу қажеттілігі пайда болады.
Өсу жас кезеңдері деп өсу мен дамуыға ұқсас, физиологиялық ерекшеліктері бірдей уақыт мөлшерінің шегін айтады.Белгілі бір жас кезеңінде организмнің даму дәрежесі бір деңгейге жетіп, келесі деңгейге дайындалу мерзімі басталады. Осыны ескере отырып 1965 ж адам организмін зерттейтін түрлі ғылымдар өкілдерінің (физиологтар, гигиенистер, дәрігерлер, педагогтер, психологтар, философтар, генетиктер т.б.) қатысуымен Мәскеу қаласында болған дүние жүзілік жас кезеңдерінің шағын жиналысында адамның барлық өмірін 12 кезеңге бөлген:
1.Жаңа туған сәби (алғашқы 10 күн өмірі);
2.Емшектегі сәби (10 күннен 1 жасқа дейін);
3.Алғашқы балалық шақ (1-3 жас);
4.Бірінші балалық шақ (4-7 жас);
5.Екінші балалық шақ (қыздар 8-11 жас, үлдар 8-12 жас);
6.Жеткіншек немесе жасөспірімдер (қыздар 12-15, ұлдар 13-16 жас);
7.Кәмелеттік немесе жігіттік бойжеткендік (қыздар 16-20, жігіттер 17-21 жас);
8.Кемелге келу немесе ересектік мерзімнің 1-ші жартысы (әйелдер 21-35, ерлер 22-35 жас);
9.Ересектік мерзімнің 2-ші жартысы (әйелдер 36-55, ерлер 36-60 жас);
10.Егде жас (әйелдер 55-74, ерлер 60-74 жас);
11.Қариялар немесе кәрілік (әйелдер мен ерлерде бірдей 74-90 жас);
12.Ұзақ өмір сүрушілер (90 жастан әрі қарай).
Бұған қоса, балаларды тәрбиелеу, үйрету жөне оқыту жағдайларын ескеріп педагогтар келесі жас кезеңдерінің топтарын ұсынды:
1.Жаңа туған сәби (1 ай);
2.Емшектегі сәби (1 айдан 1 жасқа дейін);
3.Жас немесе балбөбектер тобы (1 – 4 жас);
4.Мектепке дейінгілер тобы (5-7жас);
5.Мектеп жасындағылар:
6..Бастауыш сыныптағы оқушылар (7-11 жас);
7.Ортаңғы сыныптағы оқушылар (11-14 жас);
8.Жоғарғы сыныптағы оқушылар (14-18 жас).
Жалпы алғанда адамның жасын кезеңдерге бөлу ұсыныстары өте көп. Ғалымдар алға қойған мақсаттарына байланысты белгілі бір көрсеткіштерді негіз етіп, адамның көптеген жас кезеңдерін ұсынды. Олардың кейбіреуі ескіріп, қазіргі жағдайларға сай келмейді, кейбіреулері бір жақты болып, жан-жақты түсінік бермейді. Физиологиялық түрғыдан алғанда үсынылып отырған Мәкеулік 1965 жылғы топтастыру ғылыми негізделген және организмнің ерекшеліктеріне сәйкес деуге болады Әрбір жас кезеңдерінің белгілі бір ерекшеліктері болады. Бір кезеңнен екінші кезеңге ауысу уақытын өзгеру м е з гі л і немесе ауысу мерзімі деп атайдьі (кейбір зерттеушілер ауысу мерзімін мүшелі жас деп ұран құру бірақ оның жас кезеңдері қазақтың мүшелі жасымен сәйкес келмейді, дегенмен белгілері үқсайды). Өзгеру мезгілі әр кезеңде де ауыр, организм көп күш жұмсайтын кез, ол денедегі біртіңдеп жиналған өзгерістерге жаңадан бейімделу уақыты. Сондықтан өзгеру мезгілінде адам организмі біршама әлсіреп, сыртқы ортаның жағдайларының өзгерістерін қиналып өткізеді. Бұл кезде жүрек-қан тамырлары мен жүйке жүйелеріне түсетін салмақ ауыр болады. Өзгеру мезгілін басынан өткізу адамның жасы ұлғайған сайын қиын болады.Жас кезеңдерінің уақыттары әртүрлі шектелген. Ол организмнің биологиялық көрсеткіштеріне негізделген. Дегенмен ұсынылған жас кезеңдерінің әлі де жетіспейтін жерлері бар. Оларды анықтау адам организмі жайындағы зерттеулерді әлі де жалғастырып кеңейтуді талап етеді. Жас кезендерінің уақыт шектері (хронологиясы) болсын, оның жеке функциялық көрсеткіштері болсын әлеуметтік жағдайларға байланысты екенін ұмытпаған жөн. Жас кезеңдерінің ортақ ерекшеліктеріне қоса, әрбір адамның өзінің жеке басының ерекшеліктері болады. Олар адамның денсаулығына, тұрмыс жағдайына және жүйке жүйесінің даму дәрежесіне, қарай әртүрлі болады.
Сабақ кезінде оқушының ішкі позициялық көз қарасы мен бағыты айқын көрініс бере алады. Сонда ғана сабақ нәтижелі болып, білім сапасы артады. Дегенмен де оқушыларды бейімдеу, қабілетін дамыту, спортқа деген қызығушылығын арттыру жақсы ұйымдастырылған сабаққа байланысты. Сондықтан оқушылардың пәнге қызығушылықтарын арттыру мақсатында сабақта тақырыпқа байланысты спорт түрлерінің шығу тарихын, спорт түрлері дамыған елдерді спорттың әр саласындағы белгілі спортшылар өмірін алуға болады. Мұғалім сабақты тартымды етіп теория мен практиканы ұштастыруында жаңа инновациялық технологиялардың тиімділігі баса назарда болуы қажет. Бұл мұғалім мен оқушы арасындағы қарым - қатынас, сабақты жақсы оқитын, спортқа бейім оқушылармен белсенді жұмыс істеп қана қоймай, барлық баланың дамуы үшін қолайлы жақсы ойлар туғызып, қабілеті жеткен жерге дейін еңбек етуін ойластыру.
Өтілетін тақырыптарға байланысты қызықты сергіту ойындарын ойнатудың да сабақ барысының сапасын арттыруға ықпалы көп. Атап айтсам: «Кім шапшаң?», «Көңілді ойындар!», «Мен чемпион!», сонымен қатар қозғалмалы ойындар және ұлттық ойындарды сабақта түрлендіріп өткізуге машықтандыру. Сабақта дененің белсенді қимыл - әрекетке дайындығы сипатындағы жаттығуларға, денені арнайы шынықтыратын жаттығуларға үйрету технологиясын бөлек - бөлек және жүйелі түрде құрастыру керек. Оқушыға білікті түрде жәрдем көрсетілу керек. Қателерді көрсету мен түсіндіру, қателерді жою жолдары оқушымен жүргізілетін жеке жұмысының тиімділігін қамтамасыз етеді, өзінің білімін көтеруге ынталандыруға себепкер болады.
Осы бағыттарда әрбір мұғалімнің оқытуға, үйретуге өз тұғырнамасы болуы қажет.
Олар мыналар:
- Әр оқушының білім деңгейін, қабілетін, мүмкіншілігін түсіну;
- Оқушының бойындағы жетістіктері мен кемшіліктерін қабылдау;
- Оқушыларға қиындықтарды жеңуге, кемшіліктерден арылуға көмектесу;
Дене шынықтыру пәнінің басқа пәндерге қарағанда көптеген ерекшеліктері бар.
Ең бастысы, дене шынықтыру сабақтарында қозғалыс белсенділігінің заңдылықтарына, дене дамуының, жеке гигиенаның ережелеріне, дене және психологиялық саулықты нығайту жұмысына назар аудара отырып үйретудің неғұрлым белсенді, ізденісті әдістерін пайдаланып әр сабақты шеберлікпен өткізу керек.