Оқушылардың ұжымдық бейнелеу іс-әрекеті



Дата31.03.2023
өлшемі19,98 Kb.
#77972

Оқушылардың ұжымдық бейнелеу іс-әрекеті
Бейнелеу өнеріне оқыту- біртұтас педагогикалық үрдістің құрамдас бөлігі. Сол себептен бейнелеу өнерін оқыту да сол үрдістің негізгі заңдылықтарын, құрылым бөліктерін қамтиды. Оқу үрдісінің ғылыми теориясы оқушылардың танымдық іс-әрекетін ұйымдастыруды, олардың ғылыми жүйесін тиімді игеруді қамтамасыз ететін іскерлік пен дағдыларды, танымдық күштерді дамытады, ақыл-ой іс-әрекетінің нақтылы амалдарды пайымдайтын қабілеттілікті, дүние тануды және жеке басты дамытуды қалыптастыру тәсілдері мен амалдарды зерттеуді қарастырады.
Оқушылардың көркем білімге талпынуын арттырып, қиялын шарықтатып, бойын сергітіп, әдемілік әлеміне ынтасын арттыруда бастауыш мектепте оқытылатын бейнелеу өнері пәні зор роль атқарады. Ол дүниені түсініп, көрген – білгендерін, алған ұғымын көркем образ арқылы бейнелеуге үйретеді. Бейнелеу өнеріне оқыту барысында оқушылардың ойлау қабілеті, көргенін есте сақтау, шығармашылық қиялы, көркемдік икемділігі, адамгершілік және сұлулық сезімі дамиды, оқушылардың жан – жақты дамуына көп көңіл бөлінеді. Бейнелеу іс – әрекетіне үйрету процесінде ақыл – ой тәрбиесі, сенсорлық тәрбие, адамгершілік тәрбие, еңбек тәрбиесі, эстетикалық тәрбие, көркем шығармашылықты дамыту сияқты көптеген мәселелер қамтылады.
Бейнелеу жұмыстарының кезінде оқушылар әр түрлі материалдарды ( қағаз, бояу, балшық, бор т.б.) біледі, олардың қасиеттерімен, әсерлеу мүмкіншілігімен танысады, олармен жұмыс істеу дағдыларына ие болады. Ол дүниені түсініп, көрген – білгендерін, алған ұғымын көркем образ арқылы бейнелеуге үйретеді.
Оқушыларды үнемі өнер шығармаларымен таныстыруға эстетикалық тәрбие беру құралының бірі болып табылады. Суретші көзқарасымен бейнеленген өнер шындығымен танысу оқушылардың өздерін қоршаған ортаға жаңаша көзқарасын қалыптастырып, оның сұлулығын тани білуге тәрбиелейді. Сабақ кезінде ұжымдық жұмыс істеу процесінде оқушылар алуан, көрнекі, іс- қимылдарды үйреніп, бейнелеу дағдыларын, шеберліктерін нығайта түседі.
Пәнаралық байланыс негізінде оқушылардың икемділік пен дағдылары анағұрлым күшті дамитындығын педагог-ғалымдар дәлелдеген. Оқу үрдісі нәтижесіндегі игерілген икемділік пен дағды оқушының алған білімінің қаншалықты берік екендігінің белгісі болып табылады. Оқу пәндерінің ерекшеліктеріне қарай оқушыларға түрлі икемділік пен дағды пайда болады. Профессор Т. Сабыров оларды бірнеше топқа бөледі.
• Интеллектік пен дағды (оқу, жазу, есептеу, кітаппен жұмыс істеу, т.б.);
• Еңбекке икемділік пен дағды (сызба, оқи білу, еңбек құралдарымен жұмыс істей білу, т.б.);
• Спорттық икемділік пен дағды;
• Өнерге деген икемділік пен дағды, т.б.
Оқу үрдісінің барысында оқушылар танымдық, тәжірибелік мақсатты - бағдарлы іс-әрекеттермен шұғылданады. Осы іс-әрекеттің нәтижесінде оқушыда пәнаралық байланыс іскерлігі қалыптасады.
Бастауыш мектепте бейнелеу пәнін оқытудағы пәнаралық байланыс, негізінен, бес пәннің байланысын қажет етеді. Ол пәндерге музыка, еңбекке баулу, ана тілі, математика және дүниетану жатады. Бірақ, алдымызға қойылған мақсат-міндеттерге және оқушылардың ықылас, белсенділігіне қарай география, тарих, т.б. пәндердің қарапайым элементтері де қолданылып, байланысқа түсе береді.
Бейнелеу өнері пәні, негізінен, оқушыларға эстетикалық тәрбие беруге бағытталады.
Пәнаралық байланыстың құрылымын іске асыру барысында педагогика ғылымындағы көптеген қорғаушы факторларды ескеру керек. Оқыту үрдісінде пәнаралық байланысты іске асырудың құрылымдық белгілері мынандай:
• Пәнаралық байланысты анықтау мақсаты;
• Өзара байланысқа түсетін оқу пәндерін саралап, іріктеп алу;
• Байланыс бөлігі немесе бөлігі болған оқу пәндерінің әрқайсысының ерекшеліктері;
• Пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру жолдары.
Оқушыларды оқыту мен тәрбиеге бағытталған сабақтарды тақырыптар мен алдына қойған мақсаттары бойынша біріктіру оқу бағдарламасындағы пәнаралық байланыстарды толығымен ашуға, әдебиет, жаратылыстану, ән – күй және еңбек сабақтарының материалдарын қолдануға мүмкіндік береді.
Бейнелеу өнерін оқыту мен тәрбие беру барысында озық іс-тәжірбиелерді жинақтау, талдау, зерттеу мұғалімнің өз әдістемелік шеберлігін байытудың бірден - бір жолы.
Әдістеме-белгілі бір мақсатқа, нәтижеге жету үшін істелетін іс-әрекет барысындағы әдіс – тәсілдерінің жүйелі бірлігі деген ұғымды білдіреді. Іс-әрекетті жүйелі әдістемелік бірлікте дұрыс жүргізу, яғни сол іс -әрекеттің мақсатына жетудің қысқа да нәтижелі жолын табу болып табылады. Бейнелеу өнерін оқытуды ұйымдастыру және сабақтың құрылысы-оқыту мен тәрбиенің мақсат-міндеттерін нәтижелі шешуді, оқытуды білікті ұйымдастыруға және сабақты әдістемелік шеберлікпен өткізуге байланысты. Әр сабақ мазмұнды, біртұтас, мұқият ойластырылған, толық аяқталған болуы тиіс, сонымен қатар жалпы осы пәннің ортақ мақсат-міндеттерін көздейтін сабақтар жүйесімен тығыз байланыста болуы керек. Сабақ үнемі бір сарынды жоспарланбай түрлі әдіс-тәсілдермен түрлендіріліп, жаңа педагогикалық технологиялармен толықтырылып отыруы міндетті.
Адам баласының қоршаған ортаны бейнелеуге ынтасы ежелгі дәуірден басталған. Алғашқы сурет салуға үйрену тікелей көргенді қайталау, яғни көргенді көшіру еді. Алғашқы бейнелер үлкендердің тіршілік үшін жасаған еңбек процесіне, тіршілік көзі болған табиғатқа, жануарларға байланысты болды.
Неолит дәуіріндегі (б.з.б.5-3мың.ж.) жер өңдеу мен қолөнердің пайда болуы адамдардың өнерге деген көзқарасын мүлдем өзгертті. Адамның сурет сала білу шеберлігі, қолөнер бұйымдарын, соның ішінде қыштан жасалған бұйымдарды безендіру басталды.
Нағыз өнерге оқыту, мектепте ұйымдастыру тек өркениет дәуірінде пайда бола бастады. Оған дәлел ретінде ежелгі Мысырда дамыған жоғары дәрежелі мәдениетті қарастыруға болады.
Ал ежелгі грек суретшілері оқыту мен тәрбие мәселесіне жаңаша тұрғыдан қарады. Олар қоршаған ортадағы өсімдікке, табиғи құбылыстарға көңіл бөлу қажеттілігін мойындап, бейнелі өнерін оқытудың өзіндік ережелерін жасады. Гректер әдеміліктің мәні сымбаттылық,симметриялық бөліктердің тұтастық үндестігі, дұрыс математикалық тепе-теңділік деп тұжырымдады.
Грекияда б.з.д. ІV ғасырда бірнеше сурет мектептері болды. Олар – Сикиондық, Эфестік және Фивандық мектептер.
Ежелгі Римде де өнерге, соның ішінде бейнелеу өнеріне өте үлкен сүйіспеншілікпен қарады. Ауқатты адамдар грек суретшілерінің туындыларынан коллекциялар жинап, тіпті ақсүйектер мен үкімет қызметкерлері сурет және кескіндемемен айналысты. Суретке оқыту Римдегі жалпы білім беру мектептерінде жүргізілді.
Ұлы Рим империясы құлаған соң ғасырда шынайы өнер жетістіктері мүлдем жоққа шығарылды. Суретшілері бейнені жазықтық бетіне тұрғызу ережелерін, гректер жасаған оқыту әдістерін білмеді. Ағарту ісіне қарсы болған христиан шіркеулері грек шеберлерінің теориялық еңбектерін, сонымен қатар бейнелеу өнерінің аса құнды туындыларын аяусыз құртып талқандады. Өнерге деген сүйіспеншілік, өнерге табынушылық деп танылып қудаланды.
IX-XI ғасырлардағы дағдарыс – тоқыраудан кейінгі Қайта Өрлеу дәуірі бейнелеу өнерінің және оны оқыту әдістемесінің даму тарихына үлкен әсерін тигізді.
Бейнелеу мәселелерімен Ченнини Ченнино, Альберти, Леонардо да Винчи, Дюрер және тағы басқа бейнелеу өнерінің шеберлері айналыса бастады. Олар табиғи құбылыстар заңдылықтарын түсіну мақсатында ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып, бейнелеу өнерін ғылыммен байланыстырды.
ХVІ ғасырдың аяғында көркем Академия ашылды, осы уақыттан бастап бейнелеуге оқыту арнаулы оқу орындарында жүргізілді.
ХVІІ ғасыр бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің даму тарихындағы жаңа педагогикалық жүйе Академиялық жүйенің қалыптасу кезеңі болды. Жаңа жүйе тек оқушыларға ғана емес, сонымен қатар педагогке де нақты талаптар қоя бастады. Оқыту әдістемесі және тәрбие ғылыми негіздерге сүйене отырып, құрылуы керек деп табылды.
Бейнелеу өнерін жалпы білім беретін пайдалы пән ретінде тану жөнінде чех педагогы Ян Амос Коменский (1592-1670 жж), ағылшын педагогы және философы Джон Локк (1632-1704 жж) «Тәрбие туралы ойлар» кітабында, француз философ-энциклопедисті Жан Жак Руссо (1712-1778 жж) «Эмиль» еңбектерінде жазды.
Бірақ, осындай белгілі адамдардың қолдауы бола тұра ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда бейнелеу өнері жалпы білім беретін мектептерге өз алдына жеке пән ретінде енгізілмеді. Тек ХІХ ғасырдың басында Швейцария педагогы Иоганн Генрих Пестолоциидің (1746-1827 жж) ықпалымен бейнелеу өнері жалпы білім беретін мектептерге пән ретінде енгізіле бастады.
ХІХ ғасырдың І жартысында ағайынды Александр және Фрединанд Дюпюлердің жасаған әдістемелері ерекше танымал болды. Сол кезде олар жасаған әдістеме дұрыс, жаңа және алдыңғы қатарлы деп табылып, дүние жүзінің көптеген оқытушыларының тәжірибесінде қолданылды.
Ресейде сурет салу жалпы білім беру пәні ретінде ХVІІІ ғасырдың басында бірінші рет дами бастады. XVIII ғасырдың бірінші жартысы мен XIX ғасырда Орыс көркем академиясы сурет мектебінің Ресейдегі ең үздік әдістемелік орталығы болып саналды.
Сурет жалпы білім беру пәні ретінде кең өріс алып, 1732 жылы Кадет корпусында, 1747 жылы Ғылым академиясы жанындағы гимназияда, 1764 жылы Воскресенск монастыріндегі кішігірім сурет шеберханасында өрбіді. Осы оқу орындарының бәрі кәсіби-суретшілер дайындауды алға мақсат етіп қойған жоқ, олар өз тәрбиеленушілеріне қарапайым білім беретін мақсатты ұстанды.
Жалпы алғанда, бейнелеу өнеріне сабақ ретінде көңіл аударылуы және оның әсіресе тәрбиелілік мәнінің зерттелуі 1870 жылдардың аяғы, 1880 жылдардың басынан басталды.
Үй тапсырмасы: «Зигзаг» әдісі арқылы топтық тапсырма
1 топ – Бейнелеу өнерінің қысқаша тарихы
2 топ – Бейнелеу өнерінің түрлері
3 топ – Бейнелеу өнерінің жанрлары
4 топ – Бейнелеу өнері пәнінің жалпы білім беретін мектептерге пән ретінде енуіне себепші болған педагогика ғылымының негізін салушылар туралы мәлімет табу
Әдебиет: М.Мұқашев, А.Сейтімов, Н,Хамзин, Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі» оқулығы, 9-94 б., «Фолиант» баспасы, 2008ж.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет