Байланысты: Емтиханға арналған сұрақтар ТФП 2 курс толық
7. Синапстардың құрылымы мен қасиеттері. Түйіспе (синапс) деп өзара жүйке жасушалары не жүйкемен шеттегі қызмет атқарушы жасушасы (эффектор) түйiскен жерiнде серпiністерді өткiзетiн арнайы ұласуды (контакты) айтады. Түйiспе ұғымын физиологияға енгізген ағылшын физиологы Ч.Шерингтон.
Түйiспелер ұласқан жасушалардың түрiне қарай нейронаралық (нейронейрональдық), ет-жүйкелiк (мионевральдық) болып, әсерiне байланысты қоздыратын, тежейтiн, ал қозуды өткізу әдiсiне қарай химиялық (медиатордын қатысуымен), электрлік (эфапстық) болып үш топқа бөлінедi. Кейде аралас электрлiк - химиялық түйiспелер да кездеседі.
Жүйке тармағы мен миоцит түйіскен жерде ет - жүйкелік түйiспе құрылады. Жүйке талшығы миоцитке жетiсiмен Шванн қабығынан айырылады да бірнеше тармаққа бөлiнедi. Әр тармақтың ұшы бүршiк тәрізді жуандап барып миоцитпен түйiседi. Жалғыз жүйке талшығы бұтақтанып 3-3000 дейін түйiспе құрады. Осы түйiспе арқылы қозу үрдiсi жүйке талшығынан миоцитке өтеді.
Орталық жүйке жүйесіндегі шеткі түйіндер мен ағзалар iшiндегi нейрондардың арасындағы түйіспелерде жүйке бүршiктерi бiрiмен бiрi және нейрон денесiмен ұласады. Денедегі барлық түйіспелердiң құрылысы біркелкi. Әрбір түйiспе үш элементтен, атап айтқанда пресинапстық (түйiспеге дейiнгi), постсинапстық (түйіспеден кейiнгі) мембраналардан және түйiспелiк саңылаудан тұрады. Жүйке талшығының ұшы түйiспе құрар алдында кеңейiп жуандап бұтақ бүршiгiне ұксайды. Түйiспе саңылауы алдындағы жүйке бүршігiнде медиаторға толы көпiршiктер (везикулалар) мен митохондрийлер болады. Осы бүршiктiң басқа жүйкемен не миоцитпен түйіскен бетiн жабатын мембрана пресинапстық боп саналады, ал постсинапстық мембрана түйiспе саңылауынан кейiнгi жүйке бүршiгi не ет жасушасын қаптайды. Бұл жерде миоцит мембранасы жасушаның iшiне карай майысады да шұңқырға айналады. Шұңқыр түбiндегi мембрана ет-жүйкелiк түйiспенiң постсинапстық мембранасы. Осы екi мембрананың арасындағы түйiспелiк саңылау жасушааралық не плазма тәрiздi сұйықтыққа толған. Саңылау диаметрi шамамен 20-50 нм-дей.
Қозу үрдiсi пресинапстык мембранадан постсинапстык мембранаға жүйке ұшынан бөлінетін химиялық зат - медиатордың қатысуымен өтедi. Медиатор - қозу үрдiсiн жеткiзетiн химиялық зат, жүйке бүршiгiндегi везикулаларда болады. Ол нейрон денесінде түзіледі де нейрофибрилдердiң бойымен жылжи отырып, жүйке ұшына жеткен жерде шоғырланып үлбіреген көпіршік қабымен қапталады. Постсинапстық мембранада медиатормен әрекеттесетін арнайы белок-қабылдағыш орналасқан. Түйіспе медиаторы ацетилхолин болса, оның постсинапстық қабылдағышы холинорецептор.
Бiрыңғай салалы етте адреналин де медиатор ролін атқаруы мүмкін. Мұндай жағдайда постсинапстық мембрана қабылдағышы адренорецептор.