Субстанция (лат. substantіa – мән, түпкі негіз) – заттың біртұтастығының мәндік қасиетін, оның барлық өзгерістерінің негізін, себебін, тіршілік етуінің түп-тамырын білдіретін философиялық категория. Сонымен қатар дүниенің бірлігі неде, сол бірлік неден туындайтынын көрсететін, ұғымдық дәрежеде түсіндіретін форма. Философиялық тұжырымдамалар дүниенің бірлігін анықтауына сай монизм (бір Субстанция), дуализм (екі Субстанция), плюрализм (бірнеше Субстанция) болып бөлінеді. Антикалық философияда ең алғаш субстанция барлық заттардың негізінде жататын белгілі бір зат ретінде қарастырылды. Ол бөлінбейтін қарапайым зат (су, ауа, апейрон, от, атом, т.с.с.). Кез келген өзгерістерде өзгермей, сақталып қалатын негіз. Аристотель Субстанцияны заттан бөлінбейтін бірінші мәнмен теңестірген. Аристотельдің форманы алғашқы себеп ретінде қарастыруы ортағасырлық философияда субстанциялық формалар туралы айтыстың тууына себепкер болған. Жаңа дәуірдегі философияда субстанцияны түсінуде екі бағыт пайда болды. Біріншісі Ф.Бэконның эмпиризмінде орын алған субстанцияны болмыстың негізі, заттың формасы ретінде түсінумен байланысты. Декарт оған қарсы екі субстанция (материя және ойлау) туралы ілімін ұсынды. Олар бір-бірінен туындамайды, екеуі дербес субстанция деп білді. Спиноза пантеистік монизмді ұсынды: субстанция біреу, оның одан ажырамайтын екі жағы бар: көлемділік және ойлау. Классик. неміс философиясы субстанцияға іс-әрекеттік сипат береді. Кант субстанция категориясын қабылдаудың, яғни тәжірибенің кез келген синтетик. бірлігі болу мүмкіндігінің шарты деп қарастырған. Кант субстанцияны диалектикалық тұрғыда түсіндірді. Гегель Канттың ойын жалғастыра отырып, субстанцияның ішкі қайшылығын, оның өзіндік дамуын дәлелдеді. Ол субстанцияны идеяның даму сатысы ретінде қарастырды. 20 ғасырда батыс философиясында субстанция категориясына, оның танымдағы рөліне теріс пікір қалыптасты.
Идея (гр. іdea – түсінік, елес, бейне) –
1) ой, түпкі ой;
2) бір нәрсенің (мысалы, көркем, ғылыми, саяси шығарма) негізгі ойы;
3) теориялық жүйенің, логикалық құрылымның, соның ішінде дүниетанымның негізінде жатқан анықтаушы түсінік;
4) нәрсе немесе құбылыс жөніндегі жалпы түсінік.
Атом (көне грекше: ἄτομος - Химиялық элементтерді құрайтын, олардың өзіне тән ерекшеліктерін сақтайтын ең кішкене бөлшек.
Достарыңызбен бөлісу: |