Тіл тағдырына ғалымдар да жауапты
«Құлдан да – бір ауыз сөз» дегендей, «тілден де – бір ауыз сөз»
айтудың реті келген сияқты. Өйткені еңсесі биік ғылымның бұл
сарайында қазақ тілінің үні бұрын-соңды көп естілмейтін. Бүгін де оны
тосырқайтындар аз емес.
Өмір шындығы ғылымның алдына әрқашан да өзінің өзекті
мәселесін көлденең тартатыны белгілі. Сондықтан биылғы алқалы
кеңестің күн тәртібі ел басына келген экономикалық қиыншылықтың
ғылым мен ғалым тағдырына қатысты қойылуы да заңды нәрсе. Ел
бұрын «ғалым» десе болды, «қалтасы қалың» қауым деп түсініп келсе,
енді, міне, олардың да қарны ашып, қадірі қашатын пенде екенін, еңбегі
еш болып, бағасы кондуктордан екі есе төмен түсіп кеткенін өзі көріп, өз
құлағымен естіп отыр.
Ал бұдан үш жыл бұрын дәл осы үлкен залда өткен алқалы кеңесте
ғұлама ғалымдар экология проблемасын сөз етіп, уланған аспанымызды,
лайланған суымызды, жараланған жеріміз беп қасіретке ұшыраған
халқымызды апаттан құтқарудың жолын іздеп, ой-толғаныстарын ортаға
салған еді.
Сол бір жиналыста табиғатты ғана емес, бүкіл мәдени, рухани
өмірімізді де түгел шаршыған экологиялық нәубеттің ана тілімізге де
тигізген тақсіреті жайында біз де бір-екі ауыз сөз айтқан едік. Қазақтардың
ішінде өз тілін білмейтін және білсе де шала білетіндердің саны 40
процентке жетіп отырғанын біз сол жолы айтып, өзімізше дәлелдеген
едік. Ондағы мақсат – ана тіліміздің мүшкіл қаліне ғалымдар қауымының
назарын аударып, оған төніп келе жатқан қауіптің қаншама қатерлі екенін
ескерту еді. Амал нешік, бізді түсінбеді ме, әлде біз түсіндіре алмадық
па, әйтеуір, сол бір жиналыста дүйім жұрттың алдында бастықтардың
сөгісін естігеніміз бар, оған осы отырған қауымның бәрі куә.
Содан бері, міне, үш жылға аяқ басты, көп нәрселерге көзіміз жетті.
Біреу көп, біреу аз десе де, 40 процентті халық мойындады. Ол енді ресми
құжаттарда да жиі келтіріледі. Тілге байланысты коғамда біраз өзгерістер
40
жүз берді. «Тіл туралы заң» қабылданды, қазақ тілі мемлекеттік мәртебе
алды, оны дамытудың 2000 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы
қабылданды, тіл мәселелерін үйлестіру, термино логия, ономастика
комиссиялары мен республикалық «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, олар
заңды жүзеге асыруға байланысты біршама жұмыстар атқарып келеді.
Бұл салада республика академиясы да қарап қалған жоқ, аз да болса
ана тілімізге бетбұрыс жасағаны рас. Бұдан бір жыл бұрын академия
тарихында бірінші рет жалпы жиналыстың сессиясы ғылымдағы қазақ
тілінің тағдырына бағышталып, оны дамытудың біраз нақтылы шаралары
белгіленген болатын. Бұл өте қажет еді, өйткені ғылым тілі мемлекеттік
әдеби тіліміздің жон арқасы бола тұрса да, оның күні бүгінге дейін өзінің осы
бір жауапты қызметін өз дәрежесінде атқара алмай келгені баршаға аян. Сол
жиналыста баяндама жасауға байланысты біз академия құзырындағы 30-дан
астам институтқа арнайы анкета-сұрақтар таратып, ондағы тіл жағдайының
анық-қанығына біршама көзіміз жеткен еді. Сондағы біздің аңғарғанымыз:
а) бір- екі институт (тіл, әдебиет) болмаса, басқасының бәрінде де ғылыми
өмір, қоғамдық (жиналыс, ғылыми кеңестер, конференциялар, диссер тация
қорғау т. б.) тіршіліктің барлығы тек орыс тілінде ғана өтіп жатқандығы;
академияның жартысынан (көбі қазақтар болғандықтан қазақ тіліндегі
қарым-қатынасты мүлдем жоқ деп айтуға әрине, болмайды, бірақ мәселе
толыққанды ғылым тілі жайында болып отыр ғой); ә) ал ғылым тілін
ғалымдардың шығып жатқан еңбегімен болжамдайтын болсақ, ол, міне, 50
жыл бойы негізінен орыс тілінде дамып, оның тек он-ақ проценті қазақша
жазылады екен. Оның өзінде де бұлар филология профиліне жататын бір-екі
институт үлесіне тиетін үлес.
Осы бір деректің өзі-ақ жартысынан көбі қазақ ғалымдары болып
саналатын ұлттық академияның бүгінге дейін тұтынып келген ғылым тілі
мемлекеттік мәртебе алып отырған қазақ тілінен іргесі тым алыс жатқанын
толық дәлелдейтін сияқты.
Осы бір қиын да қынжыларлық жағдайды жақсы түсінген ғалымдар
былтырғы үлкен жиналыста қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуға ат
салысатындығын айтып, нақтылы шаралар белгілеп, каулы алған еді. Сол
қаулыда, мәселен, 1995 жылға дейін қазақ тілінде жазылатын ғылыми
зерттеулердің санын ең болмаса 40-50 процентке жеткізу, әрбір институтта
өз саласындағы ғылыми-техникалық терминдерді реттеп, жетілдіре түсу
үшін екі тілді жетік білетін бір-екі маман сайлап, ғылыми бөлімшелер
жанынан арнайы терминологиялық топ құру, салалық сөздіктер шығару,
көпшілік қолды ғылыми еңбектер жазу, бұқаралық тәсілдер арқылы
41
ғылым жетістіктерін уағыздау, іс. қағаздарын қазақша жүргізу т. б.
шаралар белгіленген болатын. Осы қаулыда ғылымдағы тіл тағдырын
бақылап, бағдарлап отыратын Пре зидиум жанынан үйлестіру
комиссиясын құру, жас ғалымдарға қазақ тілін міндетті түрде үйрету
мақсатымен қазақ тілі кафедрасын құру мәселесі де қаралған еді.
Комиссия құрылды, бірақ істеліп жатқан жұмыс мардымды емес;
кафедра ашылған жоқ. Академияда іс қағаздары қазақша жүрмейді.
Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының қазақша
жазып берген былтырғы (1991 ж.) жылдық есебін қоғамдық ғылымдар
бөлімшесі орысшаға аудартып алды.
Ғалымдардың ана тіліне деген көзқарасын өзгертіп, санасын
ояту үшін академиялық институттардың барлығында «Қазақ тілі»
қоғамының бастауыш ұйымдары құрылып, олардың басын қосып,
игілікті істерін үйлестіріп, бағдарлап, басқарып отыру үшін
Қоғамның бірлескен комитеті де ұйымдасқан болатын. Амал нешік,
академиядағы осы бір алғашқы серпілістен кейін басталған осыншама
игілікті істеріміздің нәтижесі шамалы болып тұр.
Оның себептері көп. Бірақ соның ең бастысы, менін ойымша,
сол жиналыста барлық шараларды бас шұлғи мақұлдап, уәде берген
ең алдымен басшы ғұламаларымыздың табиғатына тән бұрыннан
келе жаткан енжарлық, ана тілінің алдындағы ғалымдық парызы мен
перзенттік борышын жете сезіне білмеушілік. Ғылымдағы жастардың
ынтасы, өз тұстарынан ғылым тіліне арнап конференция өткізіп,
талаптануы (бұл арада мен Аязбаев т. б. жастарды айтып отырмын)
алдыңғы қатардағы ағаларынан қолдау таба алмай, жігері құм болуы
осы отырған баршамызға сын.
«Балық басынан шіриді», «Бұлақ суы басынан бұзылса, аяғы
лайланып жатады» дейді ғой біздің қазақ. «Өнеге ағадан» деп, бізге
қараған ғылымдағы қалың қауымға өнеге-үлгі көрсетіп жүрген аға
буын ғалымдар арамызда аз. Қазақ тілі – Қазақстан парламентінде де
(осы арада бірінші рет парламентте қазақ тілінде баяндама жасаған
халыққа білім беру министрі Ш.Шаяхметовті ерекше ілтипатпен
атағым келеді), ғылым сарайында да есіктен төрге оза алмай, сығалап
жүрген жетім баладай. Бүгінгі мәжілістен де соны көріп отырмыз.
Сөздің басында, аяғында бір-екі сөзді қазақша айтуға дағдыланып
алған жолдастардың әрекеті, итке сүйек тастағандай, көпшілікті риза
қылудың амалы болса болар, бірақ ол қазақша сөйлеу емес. Өзімізді
өзіміздің алдаудың қажеті жоқ.
42
Тіл тағдырына, ғылым тіліне деген қасаң боп қалыптасқан бұрынғы
көзқарасымызды өзгертпесек, оның көсегесі көгермейді, ағайын! Егеменді
ел болып, тәуелсіз мемлекет болып бүкіл әлемге танылып, ал бүгінде Ұлттық
академия болып, қайта түлеп отырғанда ана тіліміздің туын биік ұстауға
міндеттіміз. Тіл тағдырына ең алдымен жауапты зиялы қауым, ғалымдар деп
білемін.
ҚР ҰҒА Хабарлары. 1992. № 3. 38-40 б.
Тіл – халық қазынасы
Тіл – ойдың көрінісі – ежелгі қағида, ал әдебиет – көркем ой. Демек,
тіл мен әдебиет бір-бірінен бөлінбес, егіз дүние. Әдеби тілдің бірнеше
саласының ішінде көркем тіл, көркем әдебиет тілінің дамуы тіл ғылымы
мамандарының назарын ерекше аударуы, зерттеу объектісі болуы
заңды. Конференция қарсаңында газетіміздің тілшісі Қазақ ССР Ғылым
академиясы Тіл білімі институтының директоры, академик Әбдуәли
Қайдаровпен жолығып, әңгімелескен еді. Бүгін назарларыңызға осы
әңгімені ұсынамыз.
– Жуырда ашылатын «Соңғы жылдардағы қазақ көркем
шығармаларының тілі» атты конференцияда қаламгер қауым, тіл
мамандары, көркем тіл жанашырлары бас қосады. Конференцияда келелі
әңгіме, пікір алысу болары хақ. Көркем шығарма тіліне байланысты
арнайы жиын жасаудың мәні, себебі неде деп ойлайсыз?
– Әдеби тілдің бірнеше саласы бар. Көркем әдебиет тілі соның
ішіндегі ерекше, маңызды саласы. Тіл қоғамдық құбылыс, тарихи
құбылыс. Тілді жасаушы халық. Ал қашаннан-ақ, әсіресе ақын, жазушы,
сыншы қауымы тілдің даму процесіне араласып отырған.
Әдеби тілдің өз даму кезеңдері, сол әр кезеңнің өзіне сай талап-
талғамдары болады. Мысалы, орыс әдеби тілінің ұзақ тарихы бар.
Фонвизин, Радищев, Державин, одан беріде Пушкин, Лермонтов,
Белинскийлердің, сондай-ақ советтік кезеңде де әдеби тілге деген көзқарас,
талаптардың бір-бірінен принципиальды айырмашылығы жоқ дегенмен де
әдеби тілді дамыту, жетілдіру тұрғысынан әр кезеңнің өзіндік проблемалары
бар екендігі кәміл. Қазір дүниежүзілік аренаға шыққан орыс тілінің өзінде
де көптеген сөздерге әдеби тілдің жазылу дәстүріне, тіпті орфографиялық
ережелерге байланысты пікірталастар толастар емес. Тілдің барыс-бағдарына
қоғам назар аударып отырады. Ал қазақ әдебиеті бүгінде өркендеген,
толасқан әдебиет. Соңғы жылдардың өзінде шоқтығы биік бірталай
шығармалар дүниеге келді. Сондықтан да бұл конференцияны шақыру төл
43
көркем әдебиетіміздің тілі туралы алқалы кеңес құрып, жеткен биігімізді,
қалыс жақтарымызды електен өткізу, кейбір тұрғыдан ойлану, жетілдіру;
негізгі-негізгі мәселелерге көңіл аудару, қандай кемшіліктер бар, оның себебі
неде деген жайттарға тоқталу мақсатынан туындап отыр ғой деп ойлаймын.
Конференцияда жұртшылық көкейдегі ойларын айтады, пікірталастар, тіпті
айтыстар, түптеп келгенде келелі пікір алысу болады.
Дәл бүгінге дейін газет-журналдарымыздың барлығы да әсіресе
сіздердің газеттеріңіз тіл мәселелері, тіл мәдениетіне байланысты көптеген
мақалалар жариялады. Егер солардың барлығын жинақтасақ, тіпті айтылмай
қалған проблема жоқ. Конференцияда да негізінен көркем тіл сөз болғанымен
де, оның барлығы жалпы тіл мәселесіне айнала соғып жатары сөзсіз. Себебі,
көркем тіл өз алдына дербес дүние емес. Демек, мәселе үлкен трибунадан
айтылар пікірлерге, ұсыныс-тілектерге мықтап көңіл аударып, құлақ асып,
белгілі қорытынды шығара білуімізде.
– Көркем тіл өз алдына дербес дүние емес дедіңіз. Тіл мен әдебиет
бір-бірімен бөлінбейтін егіз екені де рас. Тілдің даму барысына әдебиет
бейтарап қала алмайды және де тілдің дамуына әдебиеттің ықпалы аз емес.
Ал тіл мен көркем әдебиеттің қоғамдық-әлеуметтік мәні, түптеп келгенде
әртүрлі, өзгеше екені тағы бар ғой. Әдебиет тек тіл ғана емес. Кейде
«тіл дегеніміз стиль» деген пікірлер айтылады. Әдебиетші ғалымдардың
пікіріне сүйенсек, көркем тілде сөздің ішкі семантикасы, морфологиялық,
синтаксистік құрылымы көркемдік жинақтауға негіз болып, образдар
жүйесімен, образ мазмұнымен жымдасып жатады. Конференцияда көркем
тілдің осы тұрғысынан сөз қозғалуы тиіс шығар.
– Көркем тілді образдылық, ішкі ырғақ, әуен, сөздік құрылым, т.б.
сан қырынан қарастыруға болады. Бұл мәселелер арнайы баяндамаларда,
сөйлеушілердің сөзінде де қамтылады. Мен тілдің заңдылықтарына назар
аудармақпын.
Қазір әдебиеттің ерекше даму процесін бастан кешіп отырмыз. Шебер
қаламгерлер өз алдына, қолына қалам алған талапкерлердің өзі қаншама! Біраз
жағдайда, дамудың жалпы дүрмегімен келіп жатамыз. Тілдің заңдылығын
сақтау – сөздің дұрыс жазылумен ғана бітпейді. Тілдің заңдылығын
сақтаудың ең алғышарты халық тілін жақсы әрі дұрыс пайдалана білуде.
Мәселен, М.Әуезов, Ғ. Мүсірепов, тағы да басқа көрнекті қаламгерлер
шығармаларының тілінен әдейі іздесең кемшілік таппайсың. Олардың тілінің
эталонға айналуы халық қазынасын игергендігінен ғой.
– Бұл ретте шеберлік мәселесі туындайды. Біздің газетіміздегі
«Толғауы тоқсан қызыл тіл» айдарындағы пікірталасты қорытқан көлемді
44
мақалаңызда «Жаңалық іздеп жастар жаңсақ басып жатса, оны түсінуге
болады. Ал қаламы төселген, танымал ақын-жазушылардың кейде аяғын
әлтек-тәлтек басуына жол болсын?.. Бұл не жауапкершіліктің азаюына, не
көркем сөз шеберлігіне деген талаптың божырауына, немесе өз қолтаңбасын
әсіресе танытуға сұғына бой ұрып, дәстүрлі жолдан ауытқуға барып
саятын тәрізді» деген едіңіз. Демек, әлгі айтылған танымал қаламгерлер
халық тілін білмейді деуге негіз жоқ қой. Оның төркіні творчестволық
ізденістерде деп тану қажет шығар.
– Меніңше, көркем тілдегі ең басты шеберік – тағы қайталай айтсам,
қазақ тілін дұрыс қолдана білуде, бар сөздің жүйесін тауып қолдануда.
Жазушы қауымы ең алдымен осыған көңіл бөлсе. Айталық, орынды ой мен
нақты сөз көкейге қонымды образ қалдырады.
Жастарда ізденіс үстінде кемшіліктер кетіп жатса, ептеп кешіріммен
қарауға болар, ал белгілі қаламгерлердің тілге, тіл заңдылықтарына
немқұрайды қарауы жақсы емес. Конференцияда осы жайтқа да көбірек
көңіл бөлінуі керек.
Жастар халықтың рухани дамуына, тарихына, тұрмыс тіршілігіне,
салт, әдет-ғұрпына терең бойлауы шарт. Ал сөз түрлендіру, сөз жасауға
ұмтылу, өзіндік реңк-бояуға күш салу жақсы нышан болғанымен, кейде
алогизм (логикаға сыймайтын сөздер) жасаудың тілді байытуға қосар
үлесі жоқ.
Сондай-ақ, тіл даму барысында өзгеріске ұшырайды, бірталай сөздердің
осы дамуда өзіндік қалыптасу реті болады. Мұны да естен шығармау керек.
– Қаламгер халық тілін творчестволық тұрғыдан тұтынады.
Сондықтан да оның әр сөздің түп-төркінін іздеуі, мағыналық жағына баса
назар аударуы, кейде тіпті өзіндік жеке таным тұрғысынан пайдалануы
заңды ғой.
– Тілде жылдар бойы қалыптасқан дәстүр бар. Соны бұзып-жарудың
қажеттігі жоқтығын айтпақшымын. Қазіргі қазақ әдебиеті – дамыған әдебиет
дейміз. Әр ақын-жазушы, сыншы, драматург тілге, көркем тілге, әдеби тілді
байытуға өз білгенінше өз тұрғысынан үлес қосады. Әдеби тілді үлкен мұхит
десек, әр қаламгер соған құяр үлкенді-кішілі өзен, арна. Ізденген дұрыс.
Бірақ тілден шет кетуге қарсымын. Жаңа сіз айтқан творчестволықпен
пайдаланудың өзінде бұра тартуға, шығындауға болмайды.
Қаламгер қауымы – сезімтал, жаны нәзік қауым ғой Дегенмен де
жекелеген жазушы жолдастардың «өзім білемшілдігінен» тілге келер
пайда шамалы. Көркем тілдің де мағыналық даму заңдылықтары сақталуы
тиіс. Кейде қаламгерлер айтқан, бір қарамаққа жақсы, орнықты көрінетін
45
пікірлері тілдің мағыналық даму заңдылықтарына қайшы келеді. Осыдан да
барып әлсін-әлсін бұрыннан белгілі, мағынасының басы ашық сөздер
төңірегінде берекесіз айтыстар туады.
Айталық зерен – ағаштың атауы. Зерен ағаш, зерен кесе деп
айтылады. Ал, қазір «бір зерен қымыз іштім» десе, неге «кесені»
қоспайсың деудің реті жоқ. Мұнда сөздің мағыналық даму заңдылығы
еске алынады. Сөздің өзі сол қалпында қалғанымен мағынасы өзгеріп
отыратыны да кездеседі.
– Көркем шығарманың бірінші элементі – тіл екенін М. Горький
атап көрсеткенін білеміз. Кейіпкер характерін даралауда да тілдің,
кейіпкер тілінің маңызы ерекше. Жазушы тіліндегі реңк-бояу, ішкі
әуеннің өзі сөз дәлдігімен, нақтылығымен ұштасқанда ғана әсері
мол болмақ. Көркем тілдің эстетикалық қызметі деген мәселеге
ойысссаңыз.
– Тілдің, сөздің коммуникативтік, эстетикалық, аккумулятивтік
(тіл қазынасын, қорын сақтау) қызметі бар. Соның ішінде эстетикалық
қызметі – көркем тіл үлесінде. Тілдің ойнақылығы, образдылығы,
нұрлылығы көркем шығарма тілінен көрінеді.
Тілдің эстетикалық қызметіне қуат жұмсаған жазушы оның
қазынасын меңгереді. Сіздерді соңғы кездердегі біраз шығарманың
тілін сөз еткен «Тіл өнері дертпен тең» аттты редакциялық
мақалаларыңызда көркем тілдің эстетикалық әсерін әлсіретудің
бірнеше себептері, көркем тіл тазалығын сақтаудың біраз принциптері
дұрыс айтылды.
Көркем тіл мәселесіне байланысты қай кезде де үлкен қаламгерлер
толымды ойларын білдірген. Өзімізге келсек, Ғ. Мүсіреповтің
сөздердің бір-біріне жарығын түсіріп тұруы, Ғ. Мұстафиннің сөз
қыртысын айналдырудан сақтану туралы пікірлері де тілші қауымның
жарға құлағы жастыққа тимей сан айтып жүрген пікірлерімен сабақтас.
Дүниеде қанша адам болса, сөйлеуде сонша ерекшелік бар.
Ендеше көркем шығармада кейіпкер тілі бір басқа, авторлық баяндау
басқа интонацияда беріледі. Көркем шығармадағы стильдік шеңбер
туралы тілші-ғалым Н. Уәлиевтің «Қазақ әдебиетінде» жуырда
жарияланған мақаласында сөз қозғалады.
– Әдетте көрнекті тілші-ғалымдардың еңбектерінде тіл, көркем
тіл проблемалары жан-жақты қарастырылады. Қазір әдебиет пен
өнер құбылыстарын кеңінен, толайым қарастыруда семиотика
ғылымының рөлі артып отыр. Өзіңіз айтқан тілдің мағыналық даму
46
заңдылығы тұрғысынан алғанда бүгінгі таңда «семиотика» сөзінің
өзінің мағыналық щеңбері кеңейгенге ұқсайды.
– Тілді жасайтын халық, зерттеуші – тілші, қолданушы – жазушы
(әрине ол да өз тұрғысынан зерттеуші). Әр халықтың тіл байлығы бүкіл
тарихының айнасы. Тілде бар сөз – белгілі бір заттың, құбылыстың атауы.
Семиотика – система. Бір тілдің өзінде қаншама сөз, ғылымның
бір саласының өзінде қаншама термин бар. Мысалы, математикада 20
мыңдаған термин бар. Бірақ сөз, тіл шет-шегі жоқ дүние емес. Абайдың
сөздік қоры 5-6 мың сөзден аспаған. Ал, ұлы ақынның тілді қолдану
шеберлігі керемет. Сөздің өзіндік жүйесі, системасы, идеографиялық
классификациясы болады. Сөздердің табиғат, адам, қоғам ұғымдарының
төңірегінде үш топқа бөліп қарағанның өзінде одан әрі де жіктеліп
кете береді. Мәселен, адамның дүние танымы, қол өнері, қызметі, т.б.
Табиғат: хайуанаттар дүниесі, өсімдіктер дүниесі, аспан әлемі, табиғи
құбылыстар, т.б.
Тіл байлығы дегенде осының бәрін білуге және сол білімді сарқа
пайдалануға жазушы қауымның мүмкіндігі бар. Жалпы әдеби тіл
проблемалары тілге де, әдебиетке де ортақ деп есептеймін.
Осы конференциядан кейін Тіл білімі институты «Қазақ әдеби
тілінің тарихи даму проблемасы» атты конференция өткізбекші. Қазақ
әдеби тілінің басталу, даму, дәуірлеу мәселелеріне байланысты да нақты
бір пікір-тұжырымға келудің кезі туды.
– Тілші-ғалым көзқарасымен келгенде тілге деген талап-тілектеріңіз
көптің көкейінен шығады ғой деген ойдамыз. Ал, енді тілдің, көркем
тілдің қырағы сақшысы ретінде қаламгер қауымға, әсіресе жастарға
қандай көмек, қамқорлықтарыңыз бар?
– Тіл байлығын игеру – халықтың тарихын, тұрмыс-тіршілігін
зерттеуден басталады. Әрине, бұған әсіресе жастардың мүмкіндігі бола
бермейді. Осы орайда этнографиялық, этимологиялық сөздіктердің
қажеттігі ақиқат. Соңғы жылдары этнографиялық лексика сөздігін құрап
жүрмін. Бүған енетін сөздердің 60 проценттен астамы белгілі, ал қалған
30-40 проценттейі қазір түсініксіз сөздер. Айталық, бүркіттің жасына,
қанатына, тұяғына, өскен жеріне немесе гүл, шөп, жан-жануарлар
атауларына байланысты сан түрлі сөз бар. Ал әр жазушы осыны әр
қалай айтады. Сан түрлі атауларды мүмкіндігінше бір ретке келтіру
пайдалы болар еді. Сондай-ақ кей сөздер зерттей келгенде диалект
еместігі көрінеді. Бұл сөздік үш том болып шықпақшы. Алдағы уақытта
этимологиялық сөздік шығаруды да ойластырудамыз.
47
– Сөз соңында сізді алдағы келе жатқан 60 жасқа толу
тойыңызбен құттықтаймыз. Енді өз еңбектеріңіз, творчестволық
жоспарларыңыз туралы бірер сөз айтсаңыз.
– Сөз мағынасын, бір түбірден өрбитін сөздерді ұялы тәсілмен
анықтау мәселесімен көптен шұғылданып жүрмін. Жуырда «Қазақ
тіліндегі бір буынды түбір мен туынды түбірдің құрылымы» деген
еңбегім жарық көрмекші.
Қазақ тілін негізінен түркі тілдерімен салыстыра зерттейміз ғой.
Жоғары оқу орындарында түркология жүреді. Ташкенттің Низами
атындағы пединститутының оқытушысы М. Оразовпен бірігіп
тұңғыш «Түркологияға кіріспе» атты оқулық жаздық. Оқулық кітап
«Мектеп» баспасынан шығып жатыр.
Мүшел той тек мереке емес, ең алдымен өзіңе өзің есеп беру.
Бүгінде мен жетекшілік еткен бір шәкіртім ғылым докторы, он
бесі ғылым кандидаты. Ұйғыр, қарақалпақ, қырғыз, хакас, монғол,
қабардин, түркі-жапон тілдерінен ғылыми еңбек жазғандары да
бар. Алдағы жоспар едәуір. Оның қаншалықты орындаларын уақыт
көрсетеді.
– Әңгімеңізге рахмет. Творчестволық табыстар тілейміз.
«Қазақ әдебиеті», 1984. 30 қараша.
(Сұхбаттасқан Ә. Бөпежанова).
Тіл байлығы – рухани қазына
Тіл танудың күрделі мәселелері көп-ақ. Солардың ішінде кейде мән
бере бермейтін, бірақ бәріміздің де білуіміз қажет, ал тіл мамандары
үшін міндетті күрделі мәселенің бірі – «тіл байлығы, сөз қазынасы
деп нені айтамыз?» деген сауалға берілер жауап. Бұл мәселені әркім
өзінше түсініп, оған байлам айтатын сияқты. «Толғауы тоқсан қызыл
тіл» деп марапаттағанда біз көбінесе тіліміздегі сөздердің санын,
айтылатын ой-пікірімізді жан-жақты түсіндіруге қажетті сөздердің
одан табылуын ескереміз. Бірақ ана тіліміздің қорында қанша сөз
барлығын және оның қандай бұлақтардың қайнар көзінен нәр алып,
толассыз толығып, байып отыратынын баршамыз біле бермейміз.
Сөз бен тіл әдетте синоним ретінде қолданылады. Бірақ тіл,
әрине, ауқымы жағынан сөзден әлдеқайда кең ұғым. Қоғамдағы
барша жанның қауымдаса өмір сүруіне қажетті қатынас құралы – тіл
десек, сөз соның ең негізгі элементі болып са налады. Дегенмен, тіл
мен сөз «тіл байлығы», «сөз байлығы» деген ұғымдарға байланысты
48
бірінің орнына бірі айтыла береді. Әрине, сөздік қоры жұтаң, белгілі
себептермен дамымай кенжелеп қалған тілдер өмірде кездеседі. Он-
дай кемістік әсіресе бай тілдердің жанында ерекше көзге түседі.
Дегенмен, «сөздің саны тіл байлығының кепілі бола ала ма?» деген
сауал алдымыздан көлденеңдей береді. Егер «бай тіл», «орташа тіл»,
«кедей тіл» деген ұғым әрбір тілдегі сөздердің нақтылы санына байла-
нысты айтылатын болса, онда бұл мәселені оңай шешуге болар еді.
Бiрақ тіл тәжірибесінде тілдің байлығы тек санмен ғана емес, сапамен де
өлшенетіндігі белгілі, санның сапаға көшіп отыруы айқын байқалады. Сөз
болып отырған қазақ тілін ондағы жеке-дара қолданылатын сөз санына
қарай қарастырсақ, төмендегі жағдайды көреміз. Мәселен, 10 томдық
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» 66931 атау сөз, 24497 лексикаланған
тұрақты тіркес қамтылыпты. Бұл екеуі 91428 лексикалық бірлік деген
сөз. Ал бұлардың барлығы болып, осы сөздікте 103 мың мағыналық
бірлікті сипаттап тұр. Өйткені бір сөздің бір емес, екі-үш мағынасы
болуы мүмкін ғой. Сөздіктегі фразеологиялық тұрақты тіркестің саны 16
мың екен. Басқа сөздіктер бойынша деректер: I. Кеңесбаевтың «Қазақ
тілінің фра зеологиялық сөздігінде» (1976 ж.) 10 мыңдай фразеологизм
қамтылыпты. «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» (1988 ж. соңғы
басылымында) 35656 реестр сөз камтылыпты. «Абай тілінің сөздігінде»
(1968ж.) 6 мыңдай реестр сөз болса, М. Әуезовтің 20 томдық шығармалар
жинағында 20 мыңдай сөз қолданыс тапқан екен.
Әрине, тіл қорындағы жалпы сөз байлығы мен жеке сөз шеберлерінің
өз шығармаларында қолданған сөздерді қатар қойып, теңестіріп, оларға
бірі көп, бірі аз деп баға беруге болмайды. Өйткені сөз шеберінің сөз
қорынан білгені мен көңіліне түйгені, жадында сақтағаны бір төбе де,
сол байлықтан қажетіне қарай жаратқаны, шығармасында қолданғаны
екінші төбе. Алайда бірде-бір көркем сөз шебері ана тілінің байлығын
түгел меңгеріп, сарқа пайдаланған емес. Сондықтан тіл қазынасын
анықтаудың бірден-бір объективті көзі – ол ғасырлар бойы қалыптасқан
қарапайым халықтың жады. Қағазға түсіп хатталғаны бар, көңілде жүріп
жатталғаны бар тіл байлығының ұлан-ғайыр қоры, міне, сонда сақталады.
Ал біздің жоғарыда келтірген деректеріміз соның негізі ғана. Де мек,
аталмыш 10 томдық сөздіктің ол байлықты түгел қамтуы мүмкін емес.
Дегенмен, жер жүзіндегі ең бай тілдердің бірі деп жүрген орыс тілінің 17
томдық түсіндірме сөздігінде 150 мың-ақ реестр сөз бар екенін ескерсек,
қазақ тілінің сөз байлығын айқындау жолындағы алғашқы тәжірибесін
нәтижесіз деп айтуға болмайды. Бұл мәселенің бір жағы.
49
Мәселенің екінші жағы тағы бар. Ол – сөз байлығын ғылыми
тұрғыдан дұрыс анықтап, оның қайнар бұлақтарын аша білуде, сол
байлықтың қыр-сырын сөздіктерде көрсете білуде.
Біздің елде қалыптасқан лексикографиялық дәстүр бойынша
тіліміздегі сөздердің санын реестр (сөз тізбе) ретінде берілген лексеманың
санымен ғана есептейміз. Бұлардың санатына, әдетте, түбір (есім,
етістік, үстеу, т. б.) сөздермен қатар сол түбірлерден туындаған (екіден
кейде онға дейін көбейетін) түбірлес туын ды тұлғалар да енеді. Реестр
сөздер қатарында мағынасы күңгірттенген (мәселен шаға: бала-шаға
түрінде) сөздер де, лексикалық дублеттер (қораз-әтеш) мен фонетикалық
варианттар (қазір, кәзір) да, диалектизмдер мен қарапайым сөздер
де, ғылыми терминдер де (спринтер, дизайнер) орын алуы мүмкін.
Бірақ бұл лексикалық қате категориялардың бәрін бір сөздікпен қамту
мүмкін емес. Олардың аз-кем қамтылуы түзілген (түсіндірме, екі тілдік,
диалектологиялық, орфографиялық, т. б.) сөздіктердің алдына қойған
мақсатқа байланысты. Егер әдеби тілдің сөздігі болса, әдеби тіл нормасын
қалыптастыру мақсатына байланысты көнерген (архаизмдер мен кітаби)
сөздерді де, диалектизмдерді де толық кіргізе алмайды. Әдетте түсіндірме
сөздіктерде тілдегі байырғы сөздерге көбірек көңіл бөлініп, ғылыми
терминологияға көп орын берілмейді.
Қысқасы, тіл байлығын түгел қамтитын сөздіктің болмағанын
айтқымыз келеді. Демек, қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігі өзінің
алдына қойған мақсаты бо йынша түгел қамтуға кепілдік бере алмайды.
Бұл сөздіктегі 103 мың мағыналық единица қазақ тілі байлығының
бір парағы ғана. Оған енбеген сөздер әлі де көп. Сондықтан да сөздік
жарық көргеннен кейін жиі айтылып жүрген «тіл байлығымыз түгел
қамтылмады» деген әңгіме әбден орынды. Түгел қамтудың жолы бар ма?
Бұл сауалға жауап беруден бұрын екі түрлі лингвистикалық мәселенің
басын аша кеткен жөн. Біріншіден, кез келген тілдің сөз байлығын,
сөздік қорын түгел де толық көрсету алыстағы армандай қиын дүние,
тіпті ол мүмкін емес. Өйткені тіл байлығы шегі жоқ теңіздей мол дүние.
Ол күн санап жаңарып, толығып, жаңаланып отыратын организм іспетті.
Екіншіден, тіл қазынасын түгел қамтуға мүмкіншілік беретін әмбебап
лексикографиялық сөздік түркітануда әлі дүниеге келген жоқ. Бүгінгі
таңда сөз қазынасын түгел болмаса да біршама толық қамтуға мүмкіншілік
беретін жол біреу-ақ: салалық сөздіктер жасау. Мәселен, жалпы халықтық
тіл байлығының бір саласы – жергілікті тіл ерекшеліктері. Олардын көбі
әдеби тілде баламасы жоқ, жарыса қолданылатын, ал күндердің күнінде
50
дербестікке ие болу мүмкіншілігіне ие жүздеген, тіпті мыңдаған тамаша
элементтер. Бұларды тіл қорынан шығарып тастауға ешкімнің құқы
жоқ. Оны істеу күнә. Ал осы байлықты тек арнайы диалектологиялық
сөздік қана қамти алады. Жасалып жатқан 3 томдық сөздік Қазақстан
жеріндегі тіл ерекшеліктерін біршама саралап, жүйелеп берсе де, одан
тыс жерлерде (Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Түркия, Өзбекстан, Ресей
жерінде жасайтын 3 миллиондай қазақтар тіліндегі ерекшеліктерді
түгел қамтыды деп айту қиын. Ал бұл болса, әдеби тілімізді байытып
отыратын таусылмас қайнар бұлақтың бірі. Диалектологтарымыз қанша
жыл ұдайы зерттеп келе жатса да біз әлі күнге дейін қазақ тіліндегі
диалектизмдердің жалпы санын дәл айтып, са ралап бере алмаймыз және
ол мүмкін де емес. Зерттеген сайын жалпыхалықтық тіл байлығының көзі
ашыла беретіндігін көріп отырмыз. Жергілікті ерекшеліктердің көбісі
сол өлкедегі елдің өмір тіршілігіне, кәсібіне, өзіндік салт-дәстүріне бай-
ланысты. Жүйесін тауып пайдалана білсек, олар да өз асылымыз.
Тіл байлығымыздың үлкен бір саласы – ғылыми-техникалық
терминдер, бірақ олар қолданысы жағынан біршама шектелген. Қазақ
тіліндегі терминологиялық сөздіктердің тізімін алып көрсек, тек
Қазан революциясынан кейінгі кезеңде шыққандары 80-нен асады.
Осы сөздіктерде қамтылған салалық терминдердің жалпы саны, орыс
және интернационалдық терминдер мен қазақ тілі негізінде жасалған
терминдерді қоса есептегенде, бүгінгі таңда қазақ тілінің байырғы, яғни,
төл сөздерінің санынан асып бара жатыр, термин атаулының саны төлтума
өз сөздерімізден көп. Бұл нені көрсетеді? Жер бетінде ауыс-түйісі жоқ тіл
кездеспейді. Бірақ заңды түрдегі ауыс-түйістің де белгілі шегі болады.
Қай тілде де басқа тілдерден енген ауыс-түйістердің 15–20 проценттен
аспағаны жөн. Егер басқа тіл сөздері бұл мөлшерден көбейе бастаса, онда
өз тіліміздің табиғатына, табиғи түрде дамуына нұқсан келгені келген.
Өйткені әр тілдің өзіндік (фонетикалық, лексикалық, морфологиялық,
семантикалық) даму заңы бар және ол заң түгел сақталғанда ғана тіл өз
қасиетін сақтап қалады. Ал сыртқы әсер күшейген сайын тіл өз еркінен
айырыла береді. Бұл әрине, өз алдына қаралатын жеке мәселе. Дегенмен,
тілімізге күн сайын, апта сайын жүздеп, мыңдап еніп жатқан термин-
атауларға тіліміз, оның сөздік қоры бейтарап қала алмайды. Оларды біз
қабылдауымыз керек және тіл байлығына айналдыру үшін өз тіліміздің
ішкі заңына бойсұндыра, оған үйлестіре қабылдауымыз керек. Сонда
ғана шеттен енген ауыс-түйістер тілімізге етене сіңісіп, өз сөзіміздей
болып кетеді. Бүгінгі таңда тіліміз атау-термин есебінен байымай
51
тұрмайды. Ол процестің жолын бөгеу мүмкін емес. Бірақ ғылым-білімнің
60 шақты саласы бойынша жасалып жатқан терминологиялық лексиканы
өз бетімен жіберу деген сөз – тілді ұлттық қасиетінен жұрдай етумен
пара-пар.
Сондықтан бұл тығырықтан шығудың екі-ақ жолы бар сияқты.
Оның біреуі жаңа терминдерді жасауда сонау 30-жылдары қабылданған
принциптің алғышартын, яғни қазақ тілінің өз мүмкіншілігін сарқа
пайдалану мүмкіндігіне қарай өз сөзімізбен беру деген дұрыс талабын
бірізділікпен, ерекше білгірлікпен асыру болса, екіншісі қабылдаған
совет – интернационалдық терминдерді (мұнда да мүмкін болғанынша)
өз тіліміздің ішкі заңына бойсұндыра алу.
Өткен жетпіс жылдан бері бұл талапты іске асыру тұрмақ, айтудан
қорқып, жұрттың құлағына «терминдерді өз тіліміздің негізінде
қалыптастырайық», «орыс тілінің нормасында емес, өз тіліміздің заңына
үйлестіріп алайық» деген ұсыныс, әрине, түрпідей тиюі де, шошытып
жіберуі де мүмкін. Бірақ санамызға салып қарасақ, жер жүзінде бір де
бір тіл (өзіміз сияқты туыстас тілдерді есептемегенде), соның ішінде
орыс тілінің өзі де, шеттен қабылдап жатқан мыңдаған сөздерді өз
табиғатына ылайықтап алады. Ал қазақ тілінде болса бұл жөніндегі заң
екі ұдай: «төңкеріске дейінгі» (кереует, самауырын, кәмпит, жәрмеңке,
жәшік, пошта, т. б.) және «төңкерістен кейінгі» (пролетариат, космонавт,
штампт, кооператив, концепция, принцип, т. б.) болып, өз тілімізге
өзіміз зорлық жасап отырмыз. «Бұл мәселе біздің тақырыпқа тікелей
қатысты емес» деп дау айтуға да болады. Бірақ әңгіме тілімізге бүгінде
мыңдап еніп жатқан және ғылым- білімнің әр саласында қолданыс тауып
отырған атау-терминдер жайында болғандықтан олардың орнықты да тіл
табиғатына етене жақын болғанын талап ету заңды сияқты.
Терминология саласында өз тіліміздің байлығын сарқа пайдаланудың
орнына (ондай принцип бар ғой) көбіне өзге тілдің дайын тұрған элементін
бас ауыртпай ала салуға, әр түрлі себеп іздеп, «шығармашылықтың»
жолына түскеніміз әсіресе кейінгі 40–50 жыл. Жиырмасыншы, отызыншы
жылдары жағдай басқашалау болды. Ахмет Байтұрсыновтың әсіресе тіл,
әдебиет саласындағы жаңашыл бастамасы мен өміршең үлгісі осының
дәлелі болса керек. Бірақ, сол кезде-ақ тіл дамуын өз «мүддесіне» сай
бағдарлап отырған идеология бұл сияқты «үлгіге» ерекше мән берді.
Сондықтан да болар Голощекин Ахмет Байтұрсыновты терминдегі
жаңалығы үшін сынай келіп, кезінде былай де ген екен: «Только в одной
книге этот ученый употребляет 5 тысяч национальных терминов, даже
52
за менил «интернационализм» – деп айыптапты. Сондықтан да болар бұл
бастама Ахаңнан кейін жалғасын таба алмады, бірақ оның қазақ тілінің
өз табиғатынан жаратқан әрі түсінікті, әрі елге етене жатқан аталмыш
терминдердің бәрі (бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш,
есімдік, етістік, үстеу, шылау, т. б.) күні бүгінге дейін қолданылып,
кез келген сөздіктің төрінен орын алып келеді. Ғылыми терминдер
де тіл байлығы екенін осы дан айқын көруге болады. Айта кету керек:
тіл саясатындағы кейінгі уакытта жүз берген жаңа бет бұрыстарға
байланысты терминология саласында аталмыш принциптік жаңғыра
бастауы байқалады: ертеде әрі асығыс, әрі замана ағымына қа рай балама
іздеп әуре болмай-ақ алына салынған көптеген термин атаулар тіл
тәжірибесінде Қазмемтерминкомның талқылап, бекітуін күтпей-ақ газет-
журнал беттерінде қолданыла бастады. Әдетте мұндай жағдай теорияның
практикадан кешеуілдеп кейін қалуынан болады. Дегенмен, бұл процесті
бетімен жіберіп, орыс-интериационалдық атауларды бей-берекет өзгерте
беруге болмайды. Бұлардың бәрі (кален дарь – күнпарақ, сувенир – кәдесі,
забор, ограда – жан тақтай, юбилей –мерейтой, жүздеген сөз, терминдер)
міндетті түрде қаралып, заңдастырылуға тиісті.
Тіл байлығының тағы бір қайнар бұлағы – «жаңа сөз» жасау, сөздерді
жаңа мағынада қолдану. Бұл тәсіл – тіл байытудың ең бір құнарлы
да қуатты көзі. Жанды организмдегі миллиондап өліп, миллиондап
жаңаланып жататын клеткалар секілді тіл де дәл осындай дамылсыз
жаңаруда күй кешеді. Бірақ тілдің бір ерекшелігі шын мағынасындағы
«жаңа сөздің» жасалуы тіл қорында кездесетін құбылыс. Мәселен, мен
өз басым кейінгі 100 жыл ішінде айталық, қазақ тілінде дүниеге кел ген,
өте сирек, бұрын-соңды болмаған «су жаңа» төл түбірді атай алмаймын.
Өйткені, ол болмыста жоқ. Қазақ тіліндегі бір жарым мындай бір буынды
төл түбір сөздеріміздің төркіні тым алыста, мыңдаған жыл дар қойнауында
жатыр. Ал сіздер мен біздердің күнде айтып жүрген «жаңа сөздеріміз»
шын мәнісіндегі жаңа сөздер емес, тіліміздегі байырғы түбірлерден
сөз жасау модельдері негізінде пайда болған туынды дүниелер. Олар
дүниеге тіл қажеттігін өтеу үшін келген, оларды біз өзіміз тілімізде әбден
калыптасқан дәстүрлі тәсілдер арқылы жасадық. Түбір ескі, тәсіл ескі,
бірақ сөз жа ңа, өйткені ол жаңа ұғым, мағынаға ие болды. Демек, сөз
өмірі, оның ұзақ, қысқа болуы, сайып келгенде, мағынаның тұрақты,
тұрақсыз болуына, болмыста қолданылуына байланысты. Тіл қорының
осылайша жаңалануы оның ішкі даму заңына байланысты. Бірақ оны
ылғи әрекетке келтіріп отыратын қозғаушы күш қоғамдағы әлеуметтік,
53
экономикалық, саяси, мәдени жағдайлар, яғни күн сайын туындап
жатқан жаңа ұғым, жаңа зат, құбылыстарды игеру қажеттілігі. Мінекей,
осыған байланысты жаңа сөздер мен жаңа қолданыстарды өз мезгілінде
қаттап қағазға түсіріп, жүйелеп арнайы сөздіктер жасау дәстүрге айнала
бастады. Бұл дәстүрді біз ең алғаш Түркия ғалымдарынан көрген едік.
Олар осындай тілдің іштей жаңғырып, толысып, кемелденуіне байла-
нысты пайда болған жаңа сөздер мен сөз қолданыстарын көп жыл дар
бойы том-том жинақ етіп шығарып келеді. Кейінгі он жылдан бері бұл
дәстүрді біз орыс тілінен де көріп отырмыз. Осы бip ізгі үрдісті 1985
жылдан бері Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты да (тіл
мәдениеті бөлімінің бастығы проф. P.Ғ. Сыздықованың жетекшілігімен)
жалғастырып келеді. Қазір «Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар»
деп аталатын сөз қамтылған осындай жинақтың үшінші басылымы
баспаға дайындалуда. Бұл жинаққа енген сөздер мен сөз тіркестерін ресми
қабылданған дайын атау термин деп қарауға болмайды. Ол тілдегі жанды
процестің бүгінгі таңдағы бір көрінісі. Ондағы қолданыстардың біразы
тілімізде солай қалыптасып, сөз байлығын толықтырса, енді бір тобы
тіл талабынан шыға алмай, күндердің күнінде өзінен-өзі-ақ қолданыстан
қалып қоюы мүмкін. Демек бұл қолданыстарды «сөз сынағы» деп атауға
да болады.
Егер біз сөз байлығын сөз санымен ғана емес, сол сөздердің
беретін мағына ауқымына, мағыналық реңктердің алуандығына, көп
мағыналығына қарап анықтайтын болсақ, күн сайын, апта сайын
туындап жатқан осы қолданыстарды да ұқыптап жинап, ескеріп
отырғанымыз жөн. Жоғарыда сөз болған 10 томдық түсіндірме сөздікте
бұл тәрізді «өтпелі» құбылыс қамтылмаған және ол заңды да. Өйткені,
сөздікке сөз атаулының бәрін бірдей енгізуге болмайды, ол сөздіктің
мақсатына байланысты екенін жоғарыда айтқанбыз. Бүгінгі таңдағы
қазақ тілі байлығын түгел болмаса да, молынан қамтыған еңбек – осы
сөздік. Ол туралы айтылып жатқан сын пікірлердің көбі орынды да.
Осыған орай «Егеменді Қазақстан» газеті жазушы журналист Балғабек
Қыдырбекұлының «Түгел сөздің түбі бір» деген мақаласын жариялады.
Автордың сөздікке қоятын міні – оның тіліміздегі сөз байлығын түгел
қамти алмағандығы. Ол пікірмен келісуге болады. Бірақ, тағы қайталап
айтамыз, не көп тілімізде, сөз көп және олар тілдік қорымызда ғасырлар
бойы сарымайдай сақталып келсе де, тілдін бүгінгі «тіршілігіне» қажетті,
«жан ды денесіне» сай бола бермейді. Осыған орай ел арасында, ақын-
жазушылар мұрасында, халық ауыз әдебиетінде сақталған (олардың
54
біразын Б. Қыдырбекұлы келтірген) бүгінде сирек қолданылатын,
мағына-тұлғасы күңгірттенген, көнерген сөздердің (олардың қатарына
тари хи, кітаби, кәсіби, діни, т. б. архаизмдер жатады) арнайы сөздігін
шығару тілші-мамандардың алдында тұрған парызы деп білеміз.
«Сөз байлығын түгел қамту» де ген мәселені шешудің басқалардан
оңайлау жолы – «қалып қойған» дүниемізді түгел қамтитын 10 томға
қосымша 1-2 томдық (материалға байланысты) түсіндірме сөздікті
қолға алып жақын жылдарда шығару. Көне сөздерді былай қойғанда,
тіпті қолданыста жүрген біршама сөздердің де түсіндірме сөздіктен
табылмауы, шынын айту керек, сөздікке негіз болатын материал жинауда,
оны сұрыптауда, жүйеге салуда өз кезінде кемшіліктің көп болғандығына
байланысты. Тіл қазынасындағы сөз маржанын теру сияқты жауапты
іс 3 тиын үшін кар точка (парақша) жазушылардың деңгейінде қалып
қойғандығын мойындауымыз керек. Ал өз бетінше ізденіп, қазақ тілінің
байлығын жүйе-жүйесімен барлық бұлақтардан, көздерден іздеген
сөздікшілеріміз көп бола қойған жоқ. Бірақ тілші қауымы жалпы
қазақ тілінің байлығын білмей, зерттемей отырғаны жоқ. Олардың бір
кемшілігі – бұл байлықты «терінің өзі илеген пұшпағындай» бөліп алып,
сала-са ла бойынша (диалектология, терминология, этнолингвистика, тіл
мәдениеті, ономастика, т.б.) зерттеп ба сы бірікпей, сөз байлығын толық
қамтитын тұтас та күрделі еңбек төңірегінде тоқайласа алмай жүруінде.
Осыған орай Тіл білімі институты – өзінің жаңа бағдарламасында тіл
байлығымызды түгел камтып көрсетудің, болашақ ұрпаққа мұра етіп
қалдырудың шараларын белгілеп отыр. Ондай игілікті де күрделі істі
техниканың жәрдемінсіз орындау мүмкін емес екендігін де түсіне
бастадық. Институт картотекасында жиналған 5 миллиондай карточка-
цитатаны қайтадан сұрыптап, бар-жоғымызды есепке алуымыз керек
болып тұр. Өйткені жиналғанның бәрі асыл емес және әр карточка бір сөз
емес қой. Демек, олардың қажеттісін сұрыптап алып, компьютер жадына
жазып сақтауымыз керек. Сонымен қатар картотеканы толықтыра түсуді
мақсат етіп отырмыз. Қазақ халқының рухани мұрасы – сөз байлығы
десек, ол барлық байлығымыздың ішіндегі қымбаты да асылы, оның
толық қамтылып, бір жерде топталуы, бүгінгі таңның міндеті болса
керек.
Жоғарыда біз «тіл байлығын» жалпы түрде ғана сөз еттік. Тіл
байлығын – сөз байлығы деп түсінудің бір қарағанда дұрыс екенін
мойындасақ та, оның бұл байлықты анықтауда бірден-бір критерий
(өлшем) бола алмайтындығын да ескерткен едік. Осыған орай біз тіл
55
қазынасына, сөз байлығына адамзат қоғамындағы, табиғаттағы өзіміз
танып, біліп, анықтап, айқындап болған заттар мен құбылыстарға
қатысты пайда болған сөз бен сөз тіркестерінің білдіретін ұғымдары мен
мағыналары жайында да ескерткен едік. Шынында да, сөздер мен олардың
білдіріп тұрған ұғым-мағыналары сан жағынан бірдей емес. Біріншісіне
қарағанда екіншісі екі есе, тіпті үш есе көп. Ал сол ұғым мен мағынаны
жеке сөздер ғана емес, сөз тіркестері де бере алатындығын ескерсек, тілдің
сандық сипатынан сапалық сипаты он есе арта түсетінін мойындауымыз
керек. Жалпақ тілмен айтқанда: тіл қорында, айтайық, 100 мың жеке-
дара сөз бар десек, оның мағыналық, мазмұндық ауқымы үш пара-пар.
Өйткені сөз табиғатына көп мағыналық тән екенін жоғарыда ескерттік.
Ал тілімізегі сөз тіркестерінің (оларға жай тіркес, лексикаланған тіркес,
тұрақты тіркес, идиомдар, кіші жанрға тән жұмбақ, нақыл сөз, мақал-
мәтелдердің бәрі кіреді) әрқайсысы белгілі ұғым беретін мағыналық
единицалар санатына жатады. Олардың беретін ұғымы, әрине, сөздерге
қарағанда әлдеқайда күрделі, ауқымды, астарлы, бейнелі. Мысалы, қой
көз, бота көз, жалқы мінез, т. б. осы сияқты тіркестердегі қой, бота, жылқы
деген сөздер өздерінің лексикалық мағынасынан әлдеқашан «қол үзіп»,
жақсы адам, жаман кісі, биік жігіт, сұлу қыз сияқты тіркестердегі жақсы,
жаман, биік, сұлу деген анықтамалар қатарында жаңа қызмет атқарып
тұр. Жылқы мінез тіркесі мағынасының күрделі болуы оның астарында
жай ұғым емес, халықтың өмір-тіршілік болмысына тікелей қатысты
ұғым, дүниетаным, этнолингвистикалық түсінік жатыр. Жылқы мінез
адамның қандай болатынын түсіндіру үшін алдымен жылқы малына
тән жақсы мінез-қасиеттерді білу қажет. Дәл осындай т.б. тіркестер
тілімізде мың-мыңдап (есебін ешкім шығарған жоқ) кездеседі. Олар жеке
сөздерден шамамен жүз есе артық деп жобалаймыз.
Демек, тіл байлығымыздың жалпы потенциялы өте жоғары. Оны
жеке сөз санымен емес, сапа, мазмұн безбенімен өлшегенде, ол шамамен
1 миллиондай мағыналық единицаға (бірлікке) жетеді деп ойлаймыз.
Мәселен, бір ғана құлақ деген сөздің мағынасынан жүздеген туынды
түбір, сөз тіркестері, фразеологизм, мақал-мәтел өрбиді екен: ақпа кұлақ,
кәрі құлақ, қалқан құлақ, құйма құлақ, сақ құлақ, салпаң құлақ, саңырау
құлақ, шой кұлақ, құлақ қағыс, құлағы түрік, құлақ кесті құл, құлақтан
семіру, құлағына құю, құлағынын құрышын қандыру, естіген құлақта
айып жоқ, құлақ естігенді көз көреді, т. б. Сөз байлығын көрсететін
сөздіктерімізде санау өлшемі – реестр сөз ретінде тек құлақ сөзі тұрады
да, қалған оған қатынасты жүздеген тіркестердің біразы реті келсе, сол
56
сөздік статьясы ішінде бытырап жүреді де, енді біразы оған енбей, тіл
байлығы ретінде көрінбей қалады.
Міне, тіл байлығын айқара ашып көрсете алмай жүрген дертіміздің
бір сыры осы бір тар тұсау лексикографиялық дәстүрге байланысты
болса керек. Бұл шеңберден шығудың жолы да бар сияқты. Мәселен,
Шынжаң ұйғырларының шығарып жатқан (I томы жарық көрді) ұйғыр
тілінің үш томдық түсіндірме сөздігінде реестр (сөз тізбегі) ретінде жеке
сөздермен қатар жүздеген-мыңдаған сөз тіркестері де беріліпті. Дәл осы
тәсіл барлық түрік тілдерінде қолдау табуы керек. Өйткені тілдің негізгі
байлығы жеке сөздерде ғана емес, одан он есе артық сөз тіркестерінде
шоғырланған. Оларды өз мағына-мәнімен даралап, саралап көрсетпесек,
тіл байлығын толық қамтыдық деп айтуға болмайды.
Демек, тіл байлығының тағы бір кайнар көзі неше алуан сөз
тіркестері болып саналады. Олар да сөз сияқты дамылсыз өзгеріп,
мағына жағынан жаңғырып, сан жағынан өсіп, көбейіп, толығып
отырады. «Сөз тіркесі» деген түркітанудағы көзқараста қалыптасып
қалған қасаңдық байқалады. Оған көбінесе қолданысы тұрақты,
мағынасы ауыс фразеологиялық тіркестерді жатқызады. Ал, шынында,
екі, үш, төрт, бес, тіпті одан да көп элементтен тұратын, бір-бірімен
үйлесіп, біртұртас мағынаны немесе күрделі ұғымды, тіпті бір пара
ой-тұжырымды, немесе оның бір көрінісін білдіретін тіркелімдердің
бәрі, сайып келгенде, мағыналық едини ца болып саналады. Олардың
біреулері қолданыста еркін болса, енді біреулері қолданыс барысында
тұрақтанады, біреулері ажырамас біртұтас бірлікке айналса, тағы
біреулері бейне, образ төңірегінде қалыптасқан клише, штамп түрінде
кездеседі. Ал түптеп келгенде олардың барлығының да табиғаты бір,
белгілі бір ұғым, түсінік, мән-мағына төңірегінде шоғырлану арқасында
қалыптасқан мағыналық единицалар. Олардың кейбіреулерін «мынау
тұрақты», «мынау тұрақсыз» деп ажырату да оңай емес. Өйткені мұнда
да жанды процесс, даму, қалыптасу, өзгеру байкалады: о баста пайда
болған еркін сөз тіркесі (айталық аузы күю) мағыналық жағынан дами
келе тұрақты сөз тіркесіне (аузы күю – бір нәрседен опық жеу) айналса,
ол өз ретінде мақал не мәтелге айналуы мүмкін (аузы күйген үріп ішеді).
Дамудың бұл бір көрінісі.
Бұдан шығатын қорытынды: а) сөз тіркестерін де дербес мағыналы
лексикалық бірлік (единица) деп тану қажет және ә) оларды сөз байлығын
сөздіктерде реестр (тізбе қатар) ретінде беріп, тіліміздің мазмұндық,
сапалық потенциалын көрсете білуіміз керек.
57
Осыған орай фразеологизмдер мен паремиологияны бұрынғыдай
арнайы жинақтарда емес, түсіндірме, екі тілді сөздіктерде берудің
тәсілдерін ойластырған жөн. Оларды бірінші сөз алфавитімен де немесе
өзекті сөз (стержневое слово) бойынша ұя-ұяға бөліп орналастыруға
болатын сияқты. Қайткен күнде де, тіліміздегі 40 мыңдай фра зеологизм
мен 50 мыңнан артық мақал-мәтелдеріміз сөздіктерде топталатын тіл
байлығымыздың сыртында қалмауы керек.
Тағы бір ескерте кететін жағдай, лексикалық единицалардың саннан
сапаға көшу процесін терең түсініп, сөздіктерде дұрыс көрсете білуге
байланысты. Бұл процесс көбінесе тілдің ішкі даму заңдылығына, атап
айтқанда, мағынаның сөз төңірегіне шоғырлануы мен өзара жіктелеуіне,
ыдырауына байланысты. Мәселен, тіліміздегі синоним (мағыналас)
сөздер категориясын алайық. Бір білгіштер бір мағынаны қайталап тұрған
басы артық сөздердің қажеті жоқ деп даурығады. Ал біле білсек, тілде,
бірде-бір басы артық сөз жоқ. Кейде абсолютті синоним кездесуі мүмкін,
бірақ бірде-бір си ноним бірін-бірі абсолютті түрде қайталамайды.
Синоним қатарындағы екіден он-он беске дейін кездесетін мағыналас
сөздер қайткен күнде де бір-бірінен аз да болса да бір мағыналық реңкімен
ерекшеленіп тұрады, олардың бірін-бірі ауыстыратын реттері болады,
бірақ барлық уакытта, түрлі сөз қолданыстарда өзара дәл мағыналас бола
бермейді.
Мұндай мағыналас сөздерді сөздіктерде беру керек те, мағынасын
дұрыс аша білуіміз керек. Бұл мәселе біздің ауылда біршама дұрыс
шешілген сияқты. Осы күнге дейін дұрыс шешімін таба алмай келе
жатқан мәселе басқа – көп мағыналы сөздер мен омонимдердің ара-
жігін айыра білуге байланысты. Бұл лексикография тәсілін ғана емес,
терең лингвистикалық білім мен білгірлікті де талап ететін күрделі
мәселе. Мағына дамуы, әдетте, көп мағыналыққа апарады. Бірақ сол
мағыналарды тұйықтайтын шеңбер бар да, одан шығып кететін өріс тағы
бар. Сөздік жасаушылардың осы заңдылықты тап басып, көп мағыналы
сөздерден омонимдерді ажырата білуінде көп мән бар. Мәселен, айтыс,
жарыс, сайлау – үстеме мағынаға ие болған сөздер ретінде сөздіктерде
бір реестр ішінде қаралады. Ал дәл осы сияқты тағы бір сөздер, мәселен
ай (аспан денесі), ай (календарлық ұғым); күн (аспан денесі), күн
(календарлық ұғым) екі сөз, яғни омоним ретінде қаралады. Мұны қалай
түсінуге бо лады? Шынында да, кез келген тілде осындай мағыналық
даму нәтижесінде бір сөздің жарылып, мағыналары бір-бірінен
мүлдем алшақтап, омонимге айналып кететіндері болады. Оны орысша
58
«разошедшие омонимы» деп атайды. Оған мәселен, қазақ тіліндегі жақ
(адамның жағы, кимешектің жағы), ауыздық (жүгеннің ауыздығы),
ауыздық (екі езуге шығатын жара), жабағы (тай), жабағы (жүн), бауыр
(дене мүшесі), бауыр (туыс адам), тіл (дене мүшесі), тіл (қатынас
құралы), т. б. сөздерді жатқызуға болатын сияқ ты. Бірақ оған қандай
теориялық негіз бар? Осындай қажетті зерттеудің жоқтығынан біздің
лексикографиялық еңбектерімізде көптеген кемшіліктер кездесіп жүр.
Мәселен, дұрыс шешілмеуі тек сөз мағыналарын анықтауда ғана емес,
сонымен бірге сөз қорымыздың мазмұнын, мағыналық единицалардың
санын, сапасын, даму жолының дұрыс айқындалмауына да байланысты.
Арасы алшақ кеткен сөздер фонетикалық варианттардан да табылады:
өкімет – үкімет, ғылым – ілім, кәде – қағида, т. б.
Егер біз тіл байлығымызды тек сөз санымен ғана бағамдайтын
болсақ, сонда гомогенді, гетрогенді омонимдер мен синонимдерге
лексикалық дублеттер мен фонетикалық варианттарға қатысты сөз
қорының мазмұны түгел ашылмай қалуы ықтимал.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні»: а) «қазақ тілі түркі тілдердің
ішіндегі ең бай тілдердің бірі» деп қалыптасқан пікірді нақтылы тілдік
деректермен дәлелдеу керек; ә) ол үшін қазақ тілінің байлығын күн санап
туындап, сәтті де сәтсіз жасалып жатқан терминологиялық лексикадан
емес, әлі күнге дейін қазына сандығын айқара ашып, өз мүмкіншілігін
толық пайдалана алмай келген байырғы сөздік қорымыздан іздегеніміз
жөн; б) сөз байлығымыздың нәр алып, сусындап отыратын жоғарыда
аталған қайнар бұлақтарының көзін ашып, то лық пайдалану керек; в) сөз
байлығын тек сөз санымен ғана өлшемей, сөздер мен сөз тіркестерінің
мағына санымен, рухани қазына болып ғасырлар бойы қалыптасқан
мазмұн, сапасымен өлшеген абзал; г) сөз қорының қайнар көздерін ашып
қана қою аз, ондағы барымызды берекелі етіп көрсете білуіміз де ке-
рек; осыған орай лексикологиялық, лексикографиялық жұмыстардың
көпжылдық тәжірибесін ескере оты рып, тіл байлығын толық та жан-
жақты қамтитын жаңа да тиімді тәсілдерді қарастыру керек, тез аурус,
идеографиялық, этнолингвистикалық сөздіктер жасауға кірісетін уақыт
жеткен сияқты.
Тіл байлығы – халықтың рухани қазынасы, тарихтың куәсі, өмірдің
айнасы.
«Қазақ тілі мен әдебиеті», 1991. № 97 3-10 б.
|