Болат Боранбай Қазақ тіл білімінің Қалыптасуы мен дамуы



Pdf көрінісі
бет5/7
Дата22.12.2016
өлшемі0,68 Mb.
#75
1   2   3   4   5   6   7

                         БОЙЫНША  ЗЕРТТЕУЛЕРІ 

 

 



        Грамматика саласы бойынша С.С.Жиенбаевтың еңбектерін саралауда оның синтаксис 

жөніндегі  еңбектері  баса  айтылады  да,  морфология  бойынша  пікірлері,  тұжырым-

толғамдары  ұмыт  қалып  келеді.  Синтаксис  мәселелері  жөніндегі,  мәселен  үйірлі  мүше 

турасындағы  еңбектеріне  осы  саладағы  зерттеу  жүргізіп  жүрген  ғалымдарымыз  бағалы 

пікір ретінде қайта оралып отырады. 

   Енді осы екі сала бойынша ғалым еңбектеріне жеке-жеке тоқталайық:  

 

С.С.ЖИЕНБАЕВТЫҢ МОРФОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕКТЕРІ 

 

Қазақ  тілі  морфологиясының  зерттелуіне  шолу  жасау  барысында  оларды        үш 

кезеңге бөлушілік барын байқадық. Сол ыңғайда жіктесек: 

1)  Кеңес  дәуіріне  дейінгі  кезең.  Бұл  кезең  қазақ  оқушыларын  сауаттандыру 

мақсатында емес, негізінен, миссионерлік бағытта, яғни қазақ халқын отарлау үшін 

тілін  меңгеру  бағытында  жұмыс  істелді.  Сол  ыңғайда  тіліміздің  өзіне  тән  

морфологиялық  заңдылықтар  орыс  тілінің  заңдылықтарына,  яғни  орыс  тілі 

ережелеріне  үйлестіріле  баяндалған.  Сонымен  қатар  бұл  еңбектер  қазақтар  үшін 

емес, орыстың қазақ тілін үйренбекші болған отарлаушылар үшін, орыс оқушылары 

үшін жазылған оқулықтар болды. Онда жеке-жеке сөз таптарының неліктен дербес 

сөз  табы  болып  табылатыны, олардың лексика-грамамтикалық  сипаттары назардан 

тыс  қалып  отырды  да,  оларды  жазушылардың  ең  басты  көңіл  бөлген  мәселелері 

сөздердің  өзіндік  құрамдары  мен  олардың  қандай  жұрнақтар  арқылы  жасалатыны, 

әр  түрлі  жалғаулардың  сөзді  түрлендіруге  қатысы  болды.  Демек,  авторлардың 

негізгі  мақсаты  сөздердің  түрленуі  мен  сөздердің  жасалу  (онда  да  тек  аффикстер 

арқылы) амалын түсіндіру бағытында құрылды. Қазан төңкерісінен кейін шықса да 

(1927 жыл), Г.В. Архангельскийдің еңбегі туралы пікіріміз осыған саяды. 

2) Практикалық кезең. Бұл кезеңге 1920 -1930 жылдар мен 1930-1940 жылдар 

аралығы  жатқызылып  жүр.  1920-1930  жылдар  аралығындағы  негізгі  міндет  елді 

жаңа  қалыпта  сауаттандыру  болды.  Солай  бола  тұра  да,  қазақ  тіл  білімінің  көш 

басшысы А. Байтұрсынұлы еңбектері қазақ тілін зерттеуге арналған алғашқы сүрлеу 

болып  саналды.  Ал  1930-1940 жылдар  аралығы жеті және он жылдық мектептерге 

арналған оқулықтар басылып шыға басталуымен және лингвистикалық жинақтар, әр 

түрлі журналдар беттеріне ғылыми мақалалар жариялана басталуымен байланысты 

морфология мәселелері елеулі зерттеу объектісіне айналып, олардың анықтамалары 

мен  сипаттамалары  ғылыми  түрде  талдану  сатысына  жете  бастады.  Әрине,  мұның 

көш басында алдымен А. Байтұрсынұлы есімін атаймыз. 

3) 1940 жылдан кейіңгі кезең. Қазіргі кезге дейінгі дәуірді қамтитын бұл кезең 

жекелеген  категорияларды  диссертациялық  дәрежеде  зерттеуден  басталады. 

Алғашқылардың бірі болып кандидаттық диссертациясын С. Жиенбаев та қорғаған-

ды. 

 


 

С.  Жиенбаевтың  морфологияға  қатысты  жекелеген  категориялар  жайында 

арнайы  жазылған  еңбектері  болмаса  да,  өзінің    «Грамматикалық  категориялар  туралы»

 

 



(Грамматикалық  категориялар  туралы  /  Ауыл  мұғалімі.  196  ж.  №5-6)  атты  мақаласында 

оған  дейінгі  әдебиеттерде  сөз  болып  көрмеген  грамматика  және  грамматикалық 

байланысты жалпы лингвистикалық мәселелерді   көтеруі, қазақ тіліндегі сөздерді тапқа 

бөлуді сол тұрғыдан қарап шешуді ұсынуы ғылымдағы жаңашылдықтарының бірі болды. 

Грамматиканы  қатесіз  жазу  деген  жалаң  түсінікті  сынай  отырып,  оның 

(грамматиканың)  тіліміздің  конструкциясын  (құрылысын)  тану  үшін  керектігіне,  тіл 

құрылысымыздың теориясын, тілдің құбылыстарын зерттеу ойдың жетілуіне де (дамуына 

да) әсері болатындағына назар аударды. 

«Тілдің  негізі  элементі  –сөз»,  «сөз  –негізгі  категория»  деген  ұғымды  негізге 

алып,  сөздің  мағыналық,  формалық  жағы  болатынын,  сөз  мағынасы  екі  мәннің  негізгісі 

екендігін  айтады.  Мысал  ретінде  зат  есім  мен  етістікке  тән  «қараған»  сөзінің  тұлғалық 

ерекшелігінен емес, мағыналық жағынан айырылатынын айтады.  

Мағыналық  және  формалық  ерекшеліктеріне  категориялар  өз  ішінде  де  ұсақ 

категорияларға бөлінеді дейді. Қараңыз: үй, мәшине, ағаш, темір, зауыт  –жансыз заттар; 

адам, ат, бала –жанды заттар;-ды – жұрнақ; -м –жалғау т.б. 

Грамматикалық категорияларды айырудағы инстинкт тәсілі (текстегі белгілі бір 

категорияларға тән формаларды курсивпен беру арқылы сол категория жөніндегі ұғымды 

қалыптастыру әдістемелерімізде кеңінен қолданылып жүр) кейбір категориялар жөніндегі 

ұғымды кеңінен қамтымайды. Мысалы: «күректе» етістігінің «күрек» зат есімінен, ал ол 

«күрек» зат есімінің «күре» етістігінен туындағанын соқыр сезім (инстинкт) арқылы таба 

қою қиын екендігін ескертеді. 

С.Жиенбаев тіліміздегі сөздерді таптастыруда сөздің мынадай үш түрлі белгісін 

негізгі ал шарт дейді: 

1) Семантикалық белгілер 

2) Синтаксистік белгілер 

3) Морфологиялық белгілер 

Қазақ  тіліндегі  сөздерді  сөз  таптарына  бөлу  тарихына  көз  салсақ,  төңкеріске 

дейінгі әдебиеттерде сөз таптарының атын атап, мысалдар келтіруден, әр сөз табына тән 

кейбір формаларды атаудан аса алмаған және сөздерді тапқа бөлуде қандай принциптерге 

сүйенуге  болатынын  атап  өрсете  алмағандығы  көрінеді

 

  (П.М.Мелиоранский.  Краткая 



грамматика киргизкого языка.).

 

Ал  20-жылдардағы  еңбектерде,  атап  айтқанда,  А.Байтұрсынұлының  «Тіл-



құралында»

 

  (А.Байтұрсынұлы.  Тіл-қүрал.  Ташкент  .  1924ж.)  сөздерді  үш  топқа  бөліп 



(атауыш,  шылау,  одағай)  ,  оларды  өз  ішінде  ірілі-уақты  бөлімдерге  жіктеп  ,  сөз 

таптарының  санын  тоғызға  жеткізеді  (зат  есім,  сын  есім,  сан  есім,  етістік,  устеу,  демеу, 

жалғаулық, еліктеуіш, лептеуіш). 

Архангельскийдің  1927  жылы  Ташкент  баспасынан  шыққан  «Грамматика 

казахского языка» (Г.Архангельский. Грамматика казахского языка. Ташкент.1927.)  деген 

еңбегінде  (бұл  еңбек  А.Байтұрсынұлының  тікелей  қолдауымен  шыққан)  сөздерді  тапқа 

бөлуде сөздердің тұлғалық (формалық) ерекшеліктерін негізге алуды ұсынды. 

Профессор  Қ.Жұбановтың  «Жанғазыға  хатында»  (Қ.Жұбанов.  Қазақ  тілі 

жөніндегі  зерттеулер.  1966ж.),    оқулықтар  мен  оқу  бағдарламаларында  білдірген  бірді-

екілі ұсыныстары болмаса, арнайы зерттеу еңбектері жоқ. Солай бола тұрса да, оның сөз 

таптастыру  принциптеріне  байланысты  пікірлерін  байқауға  болады.  Қ.Жұбановтың 


тұлғалық,  лексика-грамматикалық  белгілеріне  қарай  талдауы  А.Байтұрсынұлы  мен 

П.М.Мелиоранскийдің  классификацияларына  ұқсас,  кейбір  айырмашылықтары  да  бар 

(теңдес септеу, -дай, -дей, меңзес септеуше –ша,- ше дегендері қазіргі қалыпқа келмейді). 

Академик  Н.Т.Сауранбаев  та  Қ.Жұбанов  классификацияларына  ұқсас  жіктеуді 

ұсынған болатын. Ерекшелігі - Қ.Жұбановша 8-ге бөлмей , 6-ға бөледі (есімдер, етістіктер, 

есімдіктер,  устеулер,  көмекшілер,  одағайлар)  .  Бірақ  та,  есімдерді  өз  ішінде  үшке  бөліп 

(зат есім, сын есім, сан есім), сөз таптарының санын 8-ге жеткізеді. 

С.Жиенбаевтың бұл мәселедегі жаңашылдығы, өзінен бұрынғылардан ерекшелігі 

– сөздерді сөз таптарына жіктеудің алғы шарттарын (сөздерді таптастыру принциптерін) 

көрсетіп  беруінде  немесе  қазақ  тіліндегі  сөздерді  таптастырудың  алғы  шарттарын 

көрсетіп беруінде. 

Жоғарыдағы  С.Жиенбаев  ұсынған  сөздерді  таптастырудың  үш  негізі  туралы 

пікірлері  қазіргі  қазақ  тіл  білімінде  қалыптасып,  өз  орнын  тапты  (А.  Ысқақов.  Қазіргі 

қазақ  тілі.  1990  ж.  130  –б.;  Қазіргі  қазақ  әдеби  тілі.  1991  ж.  17  б.;  С.  Исаев,.. 

Сопоставительная грамматика казахского и русского языков. 1995, стр. 91). 

Ғалым жоғарыда өзі ұсынған үш түрлі принципті мысалдар  арқылы талдай келе, 

сөздерді таптастыруда олардың мағыналық жағына шешуші мән беріп, дұрыс қорытынды 

шығарған. 

Сөздің  синтаксистік  белгілерінің  маңыздылығына  байланысты  осы  еңбегінде: 

«Семантикалық  белгілер  мен  синтаксистік  белгілер  тығыз  байланысты.  Семантикалық 

белгіміз  –сөздің  сөйлемдегі  мәні  болатын  болса,  синтаксистік  белгіміз  –сөздің  сөйлем 

ішіндегі  функциясына  байланысты  белгісі.  Сөз  мәнінің  өзі  сөйлем  ішінде  тұрғанда  ғана 

айқын  байқалады  ғой.  Бұл  жағдай,  әсіресе,  қазақ  тілі  сияқты  сөздің  мазмұны  тұрған 

орнына  да  байланысты  тілдерде  көп  ескеруіміз  керек»  -десе,  «Қазақ  тілінің 

методикасында»: «Осы күнгі қолданып жүрген сөз таптастыру принциптеріміз, шынында, 

қазақ  тілінің,  әр  түркі  тілдерінің  өзгешелік  қасиеттеріне  негізделген  деуге  болмайды. 

Сөзінің грамматикалық формалары көп флекциялы (қопармалы) тілдерде үстеуді алдымен 

формасынан  айырады.  Оларда  үстеу  категориясы  –  негізінен  өзгермейтін  сөздер. 

Сөздердің  өзгеруі,  я  өзгермеуі  –  оның  негізгі  айырмашылығы.  Сондықтан,  орыс  тілінде 

вдалеке,  вдали  сияқты  өзгермейтін  сөздердің  үстеу  (наречие)  екенін  айырудың  еш 

қиындығы  жоқ»  -деп  (С.  Жиенбаев.  Қазақ  тілінің  методикасы.  А  –ты.  1946

)

,  жоғарыда 



айтқан ойларын дәлелдей түседі, сонымен қатар, орыс тілінен негізсіз калькалай беруден 

сақтандырады. 

Сөздердің  морфологиялық  белгілеріне  ғалым  сөз  өзгеру  белгілерін  жатқызады, 

«...  сөздердің  (сөз  таптарының)  формалық  ерекшеліктеріне  (мәселен,  есімдерге)  ортақ 

қасиет –септелетіндігі, ал етістіктердің жіктелетіндігі, шақ категориясының етістікке ғана 

тән  категория  екендігі  болады»  -деп  жазады.  Қазіргі  қазақ  тілінде  сөзөзгерім 

(словоизменение)  категориясын  жеке  тарау  етіп  алып,  оның  ішінде  сөз  түрлендіруші 

жұрнақтарды  осы  топта  қарастырып  жүр  (Е.  Мергенбаев.  Словоизменение  в  тюркских 

языках. А –ты., 1995 г.). 

.

 



Бұл  жөнінде  С.  Жиенбаевтың  сөздердің  өзгеруі  (түрленуі)  тек  жалғаулармен 

ғана  емес,  жұрнақтардың  кей  түрлерімен  де  (сөз  түрлендіруші)  іске  асатынын  айтқан. 

Мысалы: жаз, жаз–дыр, жаз –ғыз, жаз –ыл формаларының етістіктің ішкі категорияларын, 

бұл жерде етіс категориясын танытатындығын көрсеткен. 

Сөздерді тастастыру жөніндегі ойларын жинақтай келе, «сөз таптарын, олардың 

түрлерін,  былайша  айтқанда,  грамматикалық  категориясын  айырғанда,  олардың  түрлі 

белгілерін  алып,  түрлі  жағынан  тексеру  керек»  -деп,  бірден  –бір  дұрыс  қорытындыға 


келеді.  Ғалымның  осы  тұжырымдамасы  қазіргі  қазақ  тілінде  орнықты.  Мәселен, 

морфологияны  зерттеген  ірі  ғалымдарымыздың  бірі  А.  Ысқақов:  «...  сөздердің  бәрінен 

бірдей осы үш белгі теп-тегіс табыла бермейді, ендеше кейбір сөз таптары үшін белгілі бір 

принципті  негізгі  етіп  алып,  өзгелерін  я  қосшы  (көмекші)  етіп  алып,  я  болмаса  тіпті 

қолданбай –ақ қоюға да әбден болады» (А.Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі.  1991, 131 б.) десе, 

«Қазақ тілінің грамматикасында:» тілдегі  сөздерді лексика  –грамматикалық сипаттарына 

қарай топтастыру –грамматиканың теориялық та, практикалық та маңызы зор, әрі негізгі, 

әрі түйінді мәселесі. Бұл мәселе грамматиканың жай өзегі ғана емес, оны лексикамен де 

байланыстыратын негізгі мәселе. Олай болатын болса, сөздерді лексика  –грамматикалық 

жағынан  таптастырып,  олардың  сыр  –сипаттарын  айқындау  грамматиканың  ең  негізгі 

мәселесі  болмақшы»–  деп  С.  Жиенбаев  ойларын  даралай  түседі  (Қазақ  тілінің 

грамматикасы. І бөлім, 1967 жыл, 42б.). 

 

Жоғарыда  сөз  болған  «Қазақ  тілінің  методикасында»  ғалым  тек  әдістемелік  бағытта 



ғана  емес,  теориялық  тың  ойларын  да  ортаға  салған.  Әдістемелік  және  теориялық 

мағлұматтарды қатар беру сол кезеңнің мүддесінен, қажеттілігінен тудырған болу керек. 

Мұндай  ерекшелік  онымен  замандас  ғалымдар  еңбектерінен  орын  алған.  Бұл  кітабында 

автор  –  тіл  білімінің  жалпы  мәселелеріне,  сөздің  тұлғалық  ерекшеліктеріне,  кейбір 

морфологиялық  категориялардың  лексика-грамматикалық  өрістеріне  байланысты  өз 

талдамаларын  ұсынады.  Мысалы,  тілдің  ішкі  және  сыртқы  белгілері  –  формасы  мен 

мағыналары жөніндегі талдамалары: «Форма мен мағына бірлігі – диалектиканың жалпы 

заңы» -деп, осы философиялық категориялардың тілдегі сипаттарын қарапайым мысалдар 

арқылы  түсіндіреді.    Мұнда  зат  есімнің  мағынасы  –  нәрсенің  аты,  формасы  –  септелуі, 

тәуелденуі  және  т.б.  ерекшеліктері

 

  екендігін,  етістік  категориясының  мағынасы  заттың 



қимылын  көрсететіндігі,  формалық  белгісі  –  шақпен  өзгеретіндігі,  болымсыздық,  етіс 

жұрнақтарының  жалғанатындығын  негізгі  белгілері  деп,  ал  жанама  немесе  аралық 

категорияларға мысал ретінде жіктік категориясын, зат есім мен етістіктің мысал ретінде 

жіктік  категориясын,  зат  есім  мен  етістіктің  (төрт  көмекші  етістікті  қоспағанда)  жіктелу 

ерекшеліктерін  көрсетеді  (Көрсетілген  еңбек.  10-11  бб).

 

С.Жиенбаев  сөздерді  мынадай 



төрт қасиеті арқылы тану керек деген тұжырымды ұсынады. 

1.

 



Сөздің дыбыс құрылысы 

2.

 



Тұлға құрылысы; 

3.

 



Жай мағынасы; 

4.

 



Сөз табылық мағынасы (Көрсетілген еңбек. 19 б)

 

 



Аталуларындағы 

өзгешеліктері 

болмаса, 

қазіргі 


қолданылып 

жүрген 


грамматикалық    форма,  лексикалық  мағына,  грамматикалық  мағына  сияқты 

терминдер баламасы деп ойлаймыз. 

Емленің  тіліміздің  тұлғалық  ерекшеліктеріне  сәйкес  құрылатын,  қазақ  тілінің 

басқа  да  түрік  тілдер  сияқты  агглюнативті  (жалғамалы)  тілдер  тобына  жататынын, 

түбірге қосымша жалғанғанда есімдіктер мен жекелеген формалардан басқасы тұлғалыұ 

өзгеріске түспейтінін дұрыс атап көрсетті(Көрсетілген еңбек. 29-30 бб).

 

 

Осы еңбегінде  сол сөздерді тұлғаларына қарай алты топқа бөледі: 



1.)

 

Түбір сөз; 



2.)

 

Қосымша, жұрнақ, жалғау; 



3.)

 

Туынды сөз; 



4.)

 

Біріккен сөз; 



5.)

 

Қос сөз; 



6.)

 

Қысқарған сөз 



 

 

Қосымшаларды  сөз  тұлғаларының  бірі  ретінде  қарастыру  Н.  Сауранбаев 

еңбектерінде де бар (Н.Т.Сауранбаев. Қазақ тілінің грамматикасы.1948 жыл, 

31 б.).  

С.  Жиенбаев  қос  сөздерге  тұлғалық  және  фонетикалық  талдау  жасап,  оларды 

классификациялауда семантикалық мазмұндарына ерекше мән береді. Қос сөздерді: 

1) Екі жағы толық мәнді қос сөздер

2) Бір сыңары мәнді қос сөздер; 

3) Жеке –жеке алғанда екі сыңыры да кем мәнді қос сөздер деп саралайды. Бұлай 

жіктеу кезінде осы түрінде қолданылса (Көрсетілген еңбек 1948 жыл),

 

кейінгі кездері 



ерекшеліктері  түрінде  қолданылып  жүр  (М.Балақаев.  Қазіргі  қазақ  тілі. 

Алматы,1991жыл).

  

Сонымен,  С.  Жиенбаевтың  грамматикалық  категориялар,  оның  ішінде  қазақ 



тіліндегі  сөздерді  таптастыру  принциптері  жөніндегі  ой-пікірлерін  өзінен  бұрынғы 

және  кейінгі  еңбектерінде  айтылған  пікірлермен  салыстыра  отырып,  мынадай 

қорытынды жасауға болады; 

1)  С.  Жиенбаев  –  өзіне  дейінгі  әдебиеттерде  сөз  болмаған  грамматика  және 

грамматикалық  категорияларға  қатысты  жалпы  лингвистикалық  мәселелерді  қазақ 

тілі білімінде тұңғыш көтерушілердің бірі болды. 

    2)  Қазақ  тіліндегі  сөздерді  сөз  таптарына  жіктеудің  алғышарттарын  (сөздерді 

таптастыру  принциптерін)  немесе  сөздерді  таптастырудың  теориялық  негіздерін 

көрсетіп, іргетасын қалап берді. 

        3) Қазақ тіліндегі сөздерді таптастыруда тіліміздің өзіндік ішкі ерекшеліктеріне 

баса назар аударды. 

        4) Айтқан ой-пікірлері, ұсыныс-толғамдары өзінің тереңдігі арқасында қазір де 

маңыздылығын жойған жоқ. 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

С. ЖИЕНБАЕВТЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН СӨЗ ТАПТАРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ 

ПІКІРЛЕРІ 

 

Сөз  таптастыру  туралы  ой-пікірлерімен  қатар,  ғалымның  жекелеген  сөз 



таптары жөніндегі айтқан ұсыныстары, арнайы мақалалары кең көлемді болмаса да, 

кезіне қарай маңызы зор болды. 

«Халық  мұғалімі»  журналындағы  «Сын  есімнің  методикасы»  атты 

мақаласында  әдістеме  мәселелерімен  қатар,  сын  есімнің  табиғатын  дұрыс  ашып 

берген (Халық мұғалімі.№5, 1940 ж.). 

 

 



 Ол  қандай  ерекшеліктер?  Біріншіден,  сын  есімнің  зат  есіммен  тығыз 

байланыстылығы,  сын  есімнің    заттық  мағыналы  сөздердің  сындық,  сапалық, 

қасиеттерін  көрсетіп,  соны  анықтауыш  қызметінде  тұрғанда  ғана  мағынасын,  көп 

жағдайда,  ажырата  алуға  болатынын,  ал  бастауыштық,  баяндауыштық, 

толықтауыштық  қызметтері  қосымша, екінші дәрежелі  қолданылуы  екенін  атайды. 

Шын  мәнінде,  сөз  таптарының  ішінде,  әсіресе,  зат  есім  мен  сын  есімдердің  тығыз 

байланыстылығы,  сын  есімдердің  өзі  заттар  мен  құбылыстардың  әр  түрлі  сапа, 

белгінің де болуы да мүмкін еместігі қазіргі кезеңде белгілі нәрсе болып табылады 

(К.Аханов. тіл біліміне кіріспе. 1965 ж., 461 б.).

 

Екіншіден сын есімді өзге сөз таптарынан айырудың қиындығы сын есімнің 



өзге  сөз  таптарының  орнына  (субстантивтену,  адвервиальдану  арқылы) 

қолданылуынан туындайтынын дұрыс көрсеткен. 

Үшіншіден,  сын  есімдерді  мағынасына  қарай  айырғанда,  оның  тұлғалық 

белгісін негізге алудың қате екендігін ескертеді. 

Төртіншіден,  сын  есім  тудырушы  жұрнақтардың  актив  және  пассив 

қолданысына  назар  аударғаны  осы  жұрнақтардың  екінші  тобындағылардың 

тарихилығына мегзейді. 

С.  Аманжоловтың 5-6 сыныптарға  арналған  грамматика оқулығына  берген 

рецензиясында  «еш»  есімдігін  болымсыздық  есімдігінің  қатарына  қосуды  ұсынуы 

дұрыс қабылданса, «әркім», «әрбір» есімдіктерін жалпылау есімдіктерінің қатарына 

қосу жөніндегі ұсынысы жөнге келмейді (Халық мұғалімі.№7-8, 1940 ж.6 77-80 бб.).

  

 С.  Аманжоловтың:  «...  септік  жалғауын  керек  қылатын  етістік  сабақты 



етістік делініп, ешбір септік жалғауын керек қылмайтын етістік салт етістік болады» 

-деген  ережесіне  келіспей,  «лингвистикада  сабақты  етістік  категориясы  (қай  тілде 

болмасын)  әдетте  тура  объектіге,  былайша  айтқанда,  табыс  жалғауға 

байланыстырылады. Бізде де солай болу керек, өйткені, бұл өзі негізіненде барлық 

тілде бірдей дерлік логикалық категория. Етістік табыс жалғауымен қосыла айтыла 

алатын болса, сабақты етістік болады» -деп дұрыс бағыт берген. 

Сонымен  қатар,  оның  қазақ  тіліндегі  жекелеген  морфологиялық 

категориялар  жөнінде,  мәселен  етістіктің  шартты  рай  формаларының  сөйлемдегі 

қызметтері жөнінде: «шартты рай формалары түрлі мағына берсе, екінші жағынан, 

шарттық  мағынаның  да  бірнеше  формамен  берілетіндегін  көреміз»  -деуі,  қазақ 

тілінің  жалғамалы  тілдер  тобына  жататындығы,  агглюнитация  бүкіл  түрік  тілдері 

жүйесіндегі  негізгі  заң  екендігін  айтуы  С.  Жиенбаевтың  морфология  саласындағы 

айтқан пікірлерінің құндылығына қосатын дәлелдеріміздің бірі болмақ. 

           Қазақ  тілі білімінің  морфология саласындағы  жетістіктері, ондағы  жекелеген 

ғалымдарымыздың  алатын  орны,  жаңашылдықтары  туралы  азды-көпті  айтылып  та 


жүр.  Бірақ,  бұл  саладағы,  көп  ішіндегі  аты  аталғаны  болмаса,  лайықты  бағасы 

берілген жоқ. 

 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

СИНТАКСИС МӘСЕЛЕЛЕРІ 

 

   



Қазақ тіл білімінде С.Жиенбаевтың өнімді еңбек еткен саласы – синтаксис. 

Бұл  салада  зерттеу  жүргізіп  жүрген  ғалымдарымыздың  қай-қайсысы  болмасын, 

ғалым еңбектеріне соқпай кетпейді. Бұл ғалым еңбектерінің, оның ішінде синтаксис 

саласындағы  еңбектерінің  әлі  де  болса  маңыздылығының  жойылмағандығының 

белгісі болып табылады. 

   


Ғалымның  синтаксиске  қатысты  еңбектерін  саралағанда,  оның  құрмалас 

сөйлемдерге арналған еңбектерімен қатар жай сөйлемге қатысты құнды пікірлерінің 

де  барлығына  көз  жеткіздік.  Атап  айтатын  болсақ,  сөйлемнің  үйірлі  мүшелері 

туралы,  оңашаланған  мүшелер  туралы,  сөйлем  мүшелеріне  талдау  мәселелері, 

сөздердің байланысу түрлері, т.б. жайттар ғалымның назарынан тыс қалмаған. 

   


Енді  С.Жиенбаевтың  синтаксис  саласындағы  ғылыми  ой-тұжырымдарына 

жеке-жеке тоқталып өтейік және де бұл саладағы ғалым еңбектеріне беріліп жүрген 

бағалардың да өз ретінде таразыға салып отыруды парыз санадық. 

                                        

 

                                         ҮЙІРЛІ МҮШЕЛЕР ТУРАЛЫ 

 

          Үйірлі  мүшелері  бар  сөйлем  типтері  түркітануда  төңкеріске  дейін  де 



ғалымдар  назарын  аударған-ды.  Орыс  түркітанушылары  М.А.Казембек  пен 

В.А.Гордиелевский  өз  еңбектерінде  үйірлі  мүшелі  сөйлемдерді  қысқарған 

бағыныңқы  сөйлемдер  деп  қарастырған  (Х.М.Есенов.  Синтаксис  осложненного 

предложения  в  казахском  языке.А-ты,  1992  ж.15  б.).

     

Қазіргі  кезеңде  де  үйірлі 



мүшелі  сөйлем  түрлерін  А.Н.Баскаков  заттанған  және  анықтауыштық  қатынастағы  

сөйлемдер деп қарастырады (Көрсетілген еңбек.1992 ж.15 б.)

   

. Қазіргі өзбек тілінде 



сөйлемнің  құрылымдық  түрлерін  –  жай  сөйлем,  күрделенген  сөйлем  деп,  үйірлі 

мүшелі  жай  сөйлемдерді  осындағы  екінші  топта  қарастырып  жүр  (Көрсетілген 

еңбек.1992 ж.15 б.).    

Бұндай  сөйлем  типтерін  Қ.Жұбанов      тек  құрмалас  сөйлем  (ол  құрмалас 

сөйлемді  күрделі  деп  атауды  ұсынған  болатын)  ретінде  ғана  таниды.  Мәселен  ол: 

«Ал,  жұрт  мақтайтын  жырау  -  осы»  десек,  күрделі  сөйлем  болады,  күрделінің 

сабақтасы  болады.  Неге  десең,  мұнда  анықтауыш  емес,  өзі  бір  сөйлем,  «жұрт 

мақтайтын»  солайымен  тұрып  бір-ақ  анықтауыш.  Бірақ  ішін  жарып  қарасаң,  өзара 

бір  сөйлем,  «жұрт»  -  бастауыш,  «мақтайтын»  -  баяндауыш,  екеуі  қосылып  барып 

«жыраудың»  анықтауышы  болады.  Өйткені,  «мақтайтының»  тек  өзі  бұл  арада 

анықтауыш  емес,  «мақтайтын  жырау»  десек,  мағынасы  өзгеріп  өзін  өзгелер 

мақтайтын емес, өзін-өзі мақтайтын Науаи сияқты құдай ұрған болып шығады» -деп 

үйірлі мүшелерді құрмалас сөйлемнің компонентті ретінде қарастырған(Қ.Жұбанов. 

Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. 1966ж., 230 б.). 

Жоғарыдағы  «Жұрт  мақтайтын»  типтес  өз  ішінде  бастауышы  бар  үйірлі 

мүшелі  сөйлемдерді  Н.К.Дмитриев  көшпелі  типті  бағыныңқы  сөйлем  деп,  мұндай 

үйірлі мұндай үйірлі мүшелерді сөйлем тектес (предложениеподобные) мүшелер деп 

атайды (Русско-чувашский словарь. М.,1951 г., 895). 

Н.К.Дмитриевтің бұл тұжырымын қазақ тіл білімінде Қ.Жұбановтан басқа – 

ғалымдарымыз  С.Жиенбаев  пен  Н.Т.Сауранбаевтардың  қолдағаны  ғылымда  мәлім 

нәрсе  (Ә.Құрышжанов.  Н.Т.Сауранбаев.  А-ты.  1974  ж.,86  б.).  60-жылдары  өзбек 


ғалымы  Г.А.Абдурахманов  та  үйірлі  мүшелерді    бағыныңқы  компонент  ретінде 

қарастырған.  Мәселен,  ол  «Карим  таниган»-ды  «Салим»  бастауышты  анықтайтын 

бағыныңқы  компонент  дейді  (Г.А.Абдурахманов.  Основы  синтаксиса  сложного 

предложения современного узбекского литературного языка. АДД, Ташкент. 1960 г. 

стр 81.). Бұнысы, әрине, Н.Т.Сауранбаев еңбектерімен сабақтас. 

Үірлі  мүшелі  сөйлем  түрлеріне  қазақ  тіл  білімінде  алғаш  зерттеу  нысаны 

етіп  алып  зерттеген,  «үйірлі  мүше»  деген  терминді  қазақ  тіл  білімінде  алғаш 

енгізген  (Ауыл  мұғалімі.  1935  ж..  N7-8),  осы  жұмысымызға  негіз  болған  – 

С.Жиенбаевтың бұл туралы пікірлеріне кейінірек тоқталамыз. Және де, мақсатымыз 

етіп,  осы  ағымның  (Н.К.Дмитриев,  Қ.Жұбанов,  Н.Т.Сауранбаев),  оның  ішінде 

С.Жиебаевтың аталған құрылымдар туралы ойларының мәнін ашуды алдық. 

Ал,  енді  жоғарыда  аталған  топқа,  яғни  үйірлі  мүшені  «сөйлем  мүше» 

(С.Жиенбаев  бағыныңқы  компонентті  осылай  атаған)  (С.Жиенбаев.Синтаксис 

мәселелері.1941  ж.  36  б.)  деп  танушыларға  қарама-қарсы  бағытты  ұстанушыларға 

түркітанушылар  Н.А.Баскаков,  Б.А.Серебренников,  Г.Д.Санжеев,  Т.А.Бертагаев, 

М.Ш.Ширалиевтермен  қатар  қазақ  тіл  танушылары  С.Аманжолов,  М.Балақаев, 

Т.Қордабаев, Қ.Шәукеновтер жатады. 

Үйірлі мүшелі сөйлем - жай сөйлем деген принципті ұстанатын бұл топтың 

қағидалары, жалпы, қазіргі түркі тілдерінде қалыптасқан. Ал оладың негізгі ойларын 

Н.А.Баскаковтың  мына  сөздерінен  ұғыну  қиын  емес:  «...  все  предложения  с 

развернутыми  членами  не  выходят  из  состава  простых  предложений.  Они,  как  и 

простые  предложения,  имеют  в  своей  структуре  только  одно  грамматическое 

подлежащее и одно грамматическое сказуемое , выраженные личной формы глагола, 

хотя каждый из развернутых членов предложения и может логически соответстовать 

придаточному-сложного 

предложения 

(придоточному-подлежащему, 

придаточному-дополнению, 

придаточному 

обстоятельству 

и 

придаточном 



определению)  (Исследование  по  сравнительной  грамматике  тюрских  языков.  ІІІ 

Синтаксис. М.,1961 г.,стр.121). 

Бұл  екі  ағым  арасында  әр  тектес  тоқтамды  тұжырым  болса,  «оралымды 

конструкциялар  жайындағы  дифференциальды  ілім»  деп  аталатын  түркітанудағы 

жаңа бағыт қазір кең өріс алып келеді. Ол бағыттың түркітанудағы басты өкілдері – 

К.К.Сартбаев.  Г.А.Абдурахманов,  К.М.Есенов,  Маданов  т.б.  Мәселен,  Қ.М.Есенов 

үйірлі мүшелі құрылымдарды жай сөйлем құрамындағы кұрделенген (осложненные) 

сөйлемдердің оралымды түрі, оның ішінде қабыспалы оралым ретінде қарастырады 

(Көрсетілген  еңбек.1992  ж.64  б.).  Түркітануда,  оның  ішінде  қазақ  тілінде  де  қазір 

көптің  назарын    аударған,  жалғасын  тауып  отырған  бұл  бағыттың  ерекшелігі 

күрделенген  сөйлемдерді  жеке  зерттеу  обьектісіне  айналдыруында  емес,  сабақтас 

құрмалас  мен  жай  сөйлемдердің  (күрделенген  сөйлемдердің)  ара  жігін  айқынырақ 

ажыратуға  ұмтылуында  деп  білеміз.  Қ.Есенов  «Баласының  қолынан  етікті  жұлып 

алып,  есікке  қарай  лақтырды»  сияқты  сөйлемдерді  жай  сөйлем  ретінде  таниды

 

(Қ.Есенов. Құрмалас сөйлем синтаксисі.1995 ж.4 б.). Бір субьектінің  (бастауыштың) 



әр түрлі іс-әрекеті (кейде мазмұны) бір ғана предикативтілік қатынас көрсеткіші деуі 

қазір қолдау тауып жүр. Біз қарастырып отырған үйірлі мүше бұнда оралымның бір 

түрі ретінде ғана орын алған. 

Енді  С.Жиенбаевтың  үйірлі  мүшелер  туралы  пікірлеріне  келейік.  ҮМ 

(Үйірлі  мүшелер  бұдан  әрі  ҮМ  түрінде  қысқартылып  беріледі)  туралы  мәселенің 

зерттелу  тарихына  келгенде,  ғалымдарымыз  С.Жиенбаевтың  «үйірлі  мүше»  деген 



терминді  алғаш  енгізуші,  ҮМ  туралы  ұғымның  сыр-сипатына  алғашқы  ғылыми 

анықтама  беруші  ретінде    танығанымен  ,  оның  ҮМ  жөніндегі  зерттеулеріне  атүсті 

баға  беретін  сияқты.  Олай  дейтін  себебіміз,  бұл  жөнінде  С.Жиенбаевқа 

тоқталғандардың бәрінде де ғалымның «Синтаксис мәселелері» атты кітабындағы : 

«Біздің  үйірлі  мүшеміз  –  бәз-баяғы  бағыныңқы  сөйлем»  (Көрсетілген  еңбек  .1947 

ж.,17б.)  дегені  негізге  алынып,  ғалымның  ҮМ  туралы  айтқандары,  негізінен,  осы 

пікір көлеңкесінде қалады. Сөзіміз дәлелді болу үшін ғалымның ҮМ-ге байланысты 

еңбектеріне сын айтқан жекелеген ғаымдар пікірлеріне тоқтала кетейік. 

Профессор  Т.Қордабаев  «Мен  барған  сайын,  Сәлім  кітап  оқып  отырады»  , 

«Октябрь  тойы  болғанда,  біз  Алматыда  едік»  деген  мезгіл  бағыныңқылы 

сабақастарды  үйірлі  пысықтауышқа  жатқызғанын  дұрыс  сынаған.  Ал,  «Қаланы 

Асқардың күйдіртпегенін Итбай жақсы біледі» , «Сол даудан Кошкин алты қасқыр, 

жүз сом, бір алтын жүзік алғанын Амантай жақсы білетін еді» деген сөйлемдердегі 

асты сызылған ҮМ-ді (Үйірлі толықтауыштарды) бастауышсыз келуіне қарай (екеуі 

де жақсыз сөйлем) ҮМ емес, күрделі толықтауыштар деуіне  (Көрсетілген еңбек. Т. 

Қордабаев.  150-157  б.)  әрине  келісуге  болмайды.  Жақсыз  тұлғадағы  (безличная 

форма)  ҮМ-ді  күрделі  мүше  ретінде  қарау  Н.А.Баскаковта  да  бар  (Көрсетілген 

еңбек. 1961 ж., М., 121 б.).

 

Мәселен,  қарақалпақ  тіліндегі  «Жаңағы  үлкен  айалдың  баласын  арқалап 



қашқан  көк  қошқар»  деген  тіркестегі  асты  сызылған  сөзді  ҮМ  емес,  күрделі 

анықтауыш деп таниды. 

Ал  Санжеев  болса,  ҮМ  құрамында  бастауыштың  болу  –болмауы  міндетті 

емес деп табады (Вопросы узбекского языкознания. Ташкент. 1954г., стр. 56).

 

Сонымен  қатар  Т.  Қордабаевтың  «Үйірлі  мүшелі  сөйлем  мен  сабақтас 



сөйлем  арасында  мағыналық  жағынан  да,  интонация  жағынан  да  елеулі 

ерекшеліктері  бар»  деуіне  толықтырулар  енгізген  дұрыс  сияқты.  Үйірлі 

пысықтауыштардың 

кейбір 


формаларының 

сабақтастармен 

интонациялық 

ұқсастықтары  барын  С.  Жиенбаев  дұрыс  ескерткен  болатын  (Ауыл  мұғалімі.  1935 

ж.,  №7-8,8  б.).  Мысал  ретінде  ҮМ  туралы  арнайы  еңбек  жазған  филология 

ғылымдарының кандидаты Қ. Шәукеновтің үйірлі пысықтауышқа келтірілген мына 

сөйлемін  алып  қарайық:  «Майбасар  үп-үлкен  басымен  балаша  қылжақтап 

отырғанына  Абай  қызығып  күле  бастады»  (Қ.  Шәукенов.  Үйірлі  мүшелер,  оларды 

оқыту  методикасы.  1991  ж.,  83  б.).  Осындағы  асты  сызылған  үйірлі  пысықтауыш 

интонациясы  жөнінен  ҮМ-нен  ерекшеленеді.  ҮМ-дер  интонациясы  жағынан  жігі 

білінбейді, 

ал 


келтірілген 

мысалдағы 

ҮМ-нің 

интонациялық 



жігі 

сабақтастардағыдай.  Себеп  бағыныңқылы  сабақтас  құрмаластармен  үйірлі  себеп 

пысықтауыштардың шатастырылып жүргенінің мәні де осыдан деп ойлаймыз. 

С.  Жиенбаевтың  үйірлі  мүшелі  сөйлемдерді  бағыныңқы  сөйлемдер 

қатарында  танығаны  жөнінде  жоғарыда  ғалымдар  пікірлерінен  келтірдік.  Сонда да 

солса,  жалпы  ҮМ  туралы  сөз  өткенде,  ешкім  де  С.  Жиенбаевқа  соқпай  кете 

алмайды. Неліктен, не себепті? Оның қателіктерінен басқа жаңалықтары болды ма? 

Болса қандай? Міне, ендігі сөзді осы сұрақтар төңірегінде өрбітейік. С.Жиенбаевтың 

алғашқы  «Сөйлемнің  үйірлі  мүшелері  туралы»  атты  мақаласы  1935  жылы  екі  рет 

жарық көрді де (Ауыл мұғалімі. 1935 ж., №7-8, 6б., Қазақ әдебиеті. 31.12.1935 ж.), 

солардағы  ойларын  толықтырып,  сол  атпен  1936  жылы  қайта  жариялады  (Труды 

КазНИИ  нацкультуры.  №7.  Лингвистический  сборник.  Вып.  2-ой.  1935  г.).  ҮМ 

мәселелеріне кандидаттық диссертацияның негізінде жазылған монографиясында да 


(С. Жиенбаев. Синтаксис мәселелері. 1941 ж.)

  

кеңінен тоқталады. Осы ыңғайда ҮМ 



туралы  С.  Жиенбаев  ойларының  дамуын  екі  сатыға  бөлуге  болады.  Біріншісі  – 

алғашқы  жазылған  мақалаларындағы  үйірлі  мүшелі  сөйлемдерді  құрмаластардың 

үшінші  –  ерекше  түріне жатқызуы  да, екінші  сатысы  «Синтаксис  мәселелеріндегі» 

аталмыш құрылымдарды сабақтас құрмалас сөйлемдер деп тануы. Солай бола тұрса 

да, ҮМ-нің түркі тілдері, оның ішінде қазақ тіліндегі ерекшелігін дөп басуын орыс 

тіліндегі  «развернутые  члены  предложения»  деген  терминді  тіліміздің 

ерекшеліктеріне  сәйкес  «сөйлемнің  үйірлі  мүшелері»  деп  ұтымды  аударынан-ақ 

байқауға  болады.  Түркітануда  ҮМ  жөнінде  С.  Жиенбаевқа  дейінгі  пікір  айтқандар 

көбіне-көп    анықтауыш  қызметіне  келетін  ҮМ  формаларына  тоқталады  да,  қалған 

сөйлем мүшелерінің қызметіндегі ҮМ, көп жағдайда, ескерілмейді десе де болады. 

Шын  мәнінде,  ҮМ-нің  ішінде  көп  қолданылатына  да  үйірлі  анықтауыштар  болып 

табылады. С. Жиенбаев та өз еңбектерінде осындай құрылымдарды бірінші кезекте 

талдайды, үйірліліктің пайда болуын, негізінен, осыларға сүйеніп айқындайды. 

Алғашқы  мақалалар  тобында  анықтауыштың  негізгі  екі  қасиеті  бар  дейді: 

«бірі  –септелмейтіндігі  мен  жіктелмейтіндігі,  екіншісі  –ылғи  бір  орында,  анықтап 

тұрған  сөзінің  алдында  ғана  келетіндігі»  (Ауыл  мұғалімі.  1935  ж.,  6  б.).    Мәселен: 

«Қара құс – қарақұс, бел бау – белбау, қол қап – қолғап, т.б. Бұндай ерекшеліктерді 

тереңірек  зерттеп,  ғылыми  қорытынды  жасау  керектігін  осы  еңбегінде  дұрыс 

ескерткен.  Ғалымның  бұл  пікірінің  дұрыстығына  дәлел  ретінде  мынадай  мысал 

келтіруге  болады:  «Бәйгеқұм  деген  жер  атын  (Қызылорда  облысы)  халықтық 

этимология  Досбол  бидің  асында  бәйге  өткен  құм,  бәйге  өткен  құм,    Бәйгеқұм 

ыңғайында түсіндіреді. 

 

 

Үйірлі анықтауыштарға мынадай мысалдар келтіреді: 



1.)Төкен  ауылының  қой  аузынан  шөп  алмайды  деген  момыны  –  Сақарбай 

еді (Б.М.). 

2.)Он екі қазанның қақпағындай қалпағы бар қарт қытай аяғынан шарығын 

сілкіп шешіп тастап, сәкіге отыра кетті (С.С.). 

3.) Өзен бойында отырған қалың елге келіп қондық. 

4.) Бұрын боранда ұлыған бөріден басқа тірлігі жоқ боз дала  – бүгін еңбек 

ойнағы (Ғ.М.). 

Осы мысалдар негізінде  ҮМ былай құрылады: 

1.)Идиомалы сөздерден құрылады (қой аузынан шөп алмайтын). 

2.)  Жеке  сөйлем  болып  тұрғанда  сөз  тізбегінде  баяндауыш  есімшеге 

айналса,  сол  сөйлем  үйірлі  анықтауыш  болып  кетеді:  «ауыл  өзен  бойында  отыр»  -

«өзен  бойында  отырған  ауыл.»  Бірінші  тізбекте  «отыр»  -  баяндауыш,  екіншіде 

«отырған» жанындағы «өзен бойындағыны» қосып алып, анықтауыш болып кетеді. 

Осы ретпен басқа да ҮМ шығуы мүмкін. 

3.)  Енді  бір  жолы  мынау  болуы  керек:  анықтауыш  болып  тұрған    сөз 

орнынан  ауысып,  өзінен  соң  келетін  бастауыш  пен  баяндауыштан  кейін  барып 

тұрғанда,  сол  арқылы  бастауышқа  айналып  кетеді,  ал  екі  сөз  түрлі    анықтауыш 

болып қалады: “Қытайдың қалпағы бар” - “қалпағы бар қытай”,  “колхоздың малы 

көп”  –  “малы көп колхоз”, т.б. (Көрсетілген еңбек. № 7-8, 7 б.).

  

Бұндағы  ҮМ-нің  жасалуы  жөніндегі  С.Жиенбаев  пікірлерінің  ерекшелігі 



мынада:  Аталмыш  құрылымдардың  жасалу  жөніндегі  қазақ  тілі  мамандарының 

пікірлерінде  (Көрсетілген  еңбек.  Т.Қордабаев,  Қ.Шәукенов.)  олардың  формалық 

жақтарына  көп  тоқталады  да,  құрылымдық  ерекшеліктері  елеусіз  қалатын  сияқты. 


С.Жиенбаев  көрсеткен  бірінші  жол  түсінікті  болар.  Екінші  мен  үшінші  жолдары 

М.Балақаевтың: «Үйірлі анықтауыштар сөздердің кері тәртіппен орналасқан күрделі 

анықтауыштың 

стилистикалық 

варианты»-деген 

пікіріне 

қарағанда 

өзгешелеу(М.Балақаев.  Современный    казахский  язык.  1959  г.,  стр.  180). 

С.Жиенбаев  мұнда  сөздердің  тек  орын  тәртіптерінің  өзгеруі  ыңғайында  ғана  емес, 

құрамындағы сөздердің трансформациялануы (тұлғалық өзгеріске түсуі) ыңғайында 

ҮМ-нің  құрылымдық  табиғатын  ашуға  тырысқан.  ҮМ-нің  бұл  жолмен  пайда 

болатынын  Н.А.Баскаков  та  негізгі  факторлардың  бірі  ретінде  атайды:  «Сөйлем 

анықтауыштық  қатынасқа  көшкенде,  сөйлем  мүшелері  тұлғалық  өзгеріске 

ұшырайды»

 

(Көрсетілген еңбек. 1961 ж., 121 б.).



 

Сонымен С.Жиенбаев ҮМ-нің пайда болуын «сөйлем мүшелерінің орнынан 

ауысуына,  екінші  жағынан,  етістік  баяндауыштың  есімшеге  айналуына 

байланыстыра» (Көрсетілген еңбек. 1936 ж., 17 б.) қарайды. 

ҮМ-нің негізгі белгілеріне мыналарды жатқызады: 

1)ҮМ-дің тобымен жүріп, бір ғана сұрауға жауап беруі; 

2)  Жай  сөйлем  мүшелерінен  ҮМ-нің  интонациялық  ерекшеліктерінің 

болмауы (Көрсетілген еңбек. 1935 ж., № 7-8).

  

Бұл  ерекшеліктер  ҮМ-нің  сабақтастардан  ара  жігін  ажырататын  негізгі 



белгілері деп, сол ыңғайда оларды құрмалас сөйлемдердің үшінші түріне жатқызады 

(Көрсетілген еңбек. 31.12.1935 ж.).

 

1935  жылы  жарияланған  мақалаларынан  1936  жылғы  жарияланған  



мақаласының  мынандай  ерекшеліктерін  байқадық:  екеуіндегі    пікірлер  бір  түйінді 

болғанымен, кейбір үйірлі пысықтауыштардың интонациялық ерекшеліктерін соңғы 

мақалада  байқағанға  ұқсайды.  Сондықтан  болар,  «үйірлі  пысықтауыштары  бар 

сөйлемдерді сонда (келесі еңбегімізде дегені – Б.Б.) әңігімелейік» - дейді. 

ҮМ-ді «Синтаксис мәселелерінде» сабақтас құрмалас сөйлемдер құрамында 

қарастырғанын  жоғарыда  айттық.  Ал  оларда  сабақтастарға,  сабақтастардың 

бағыныңқы компоненттерінің қатарына жатқызу себептеріне құрмалас сөйлемдерге 

талдау  жасағанда  тоқталатын  боламыз.  Өйткені,  С.Жиенбаев  ҮМ-ді  бағыныңқы 

сөйлемдердің ерекше бір түрі ретінде жеке қарастырады. 

Ол  ҮМ  баяндауыштарының  негізгі  формалары:  1).  Есімше,  2)  көсемше,  3) 

есім сөздер екендіктерін дұрыс көрсеткен. 

«Есімше мен есім баяндауыштар атау формасында да, тәуелдеулі, септеулі 

түрде  де  және  шылау  сөз  ертіп  те  келе  алады.  Көсемшелер  өздерінің  негізгі 

сипатына лайық ешбір жалғау да, шылау да ертпейді» (Көрсетілген еңбек. 1941 ж., 

22  б.)  –  дегенінің  бірінші  бөлігіне  Т.Қордабаев  «автор  ҮМ  баяндауышының 

формасы  болып  қолданылмайтын  формаларды  да  талғаусыз  ҮМ-ге  әкеп  қосады» 

(Көрсетілген  еңбек.  1960  ж. 160  б.)  –  деп  біршама  дұрыс  сын  айтқан.  Бұның  мәнін 

С.Жиенбаевтың  формаларға  байланысты  келтірген  мысалдарын  талдау  барысында 

көрсетеміз. 

Есімше баяндауышты ҮМ: 

Райхан әйелдер оқып жатқан курсқа кірді. (Сәбит). 

Ботакөз ... май тауып әкелді де, ақтық жалыны әлсіз ғана лапылдап тұрған 

пілтеге майды тамызды. (Сәбит). 

Бұлардағы  асты  сызылғандар  есімше  формасын  қабылдап,  бағыныңқыға 

(ҮМ-ге    -  Б.Б)  айналған  дейді.  ҮМ    құрамына  қарай  күрделі  сөйлемдерден  де 

болатынына  мынандай  мысалдар  келтіреб\ді:  «Бұл  –  сансыз  елді  өзіне 



бағындырып,айбатынан  ай  жасырынған  Темір  (Ғабит)».  «-ған  формалы  есімшеден 

болған  анықтауыштардың  бәрін  ҮМ  деп  тануға  болмайды»,  «түрік  системалы 

тілдерде жеке есімше жалаң мүше (жалаң анықтауыш) бола береді» деген пікірлерін 

дұрыс  деп  танысақ,  мысалдағы  «сансыз  елді  өзіне  бағындырған  деген  сөйлемде 

сөйлем составы жоқ» деуімен келісуге болмайды. 

Есім баяндауышты ҮМ (есімнің атау түрі). 

Қарайтын кісісі жоқ инвалидтерге страхкасса үй салдырып берді (Дмитриев 

мысалы). 

 

«Өрнек»  колхозы  –  мыңдаған  малы  бар  ,  үлгілі  фермалары  бар    бай 



колхоз. 

1.

 



Баяндауышы  шылаулы, жұрнақты және жалғаулы есімшелерге біткен ҮМ. 

Мысалдары: сен айтқанның, сен айтқанды, сен айтқанға, сен айтқаннан, сен 

айтқан  соң/  сен  айтқансын,  сен  айтқасын/,  т.б.  Бұл  айтылған  формалар 

арқылы  жасалатын  ҮМ-ді  Т.Қордабаевтан  да,  Қ.Шәукеновтен  де  көптеп 

кездестіруге болады (Көрсетілген еңбектері).  

2.

 



Баяндауышы көсемшеге біткен ҮМ. 

Көсемше  тұлғалы    ҮМ-ге  ешбір  қосымша  да,  шылау  да  (сен  келіп,  сен 

келмей,  сен  келе,  сен  келгелі)  қосылмайды.  Көсемше  арқылы  жасалатын 

ҮМ-ді  Н.Т.Сауранбаев  «Екі  қолдарына  екі-екі  үлкен  жасаулы  табақты 

алып,  Бурахан,  Төлепберді,  Жұмағұл,  Қарабастар  да  келеді  екен»  деген 

сөйлемдегі  ортақ  бастауыштарын  алдыңғы  сыңарға  көшіру  арқылы  ҮМ 

жасалады  дейді.  Мысалы:  «Бурахан,  Төлепберді,  Жұмағқл,  Қарабастар  да 

екі қолдарына екі-екіден жасаулы табақты алып келеді екен» (Көрсетілген 

еңбек.  Н.Т.Сауранбаев  .  85  б.).  Яғни,  С.Жиенбаевтың  көсемше  формасы 

ҮМ жасайтын формалардың бірі деуі негізсіз емес. 

ҮМ  мағыналары  жағынан  «сөйлем  мүшелерінің  қай-қайсысында  да 

ұшырайтынын»    (Көрсетілген  еңбек.  31.12.1935  ж.)

 

  айтып,  алдыңғы 



мақалаларында  бұлардың  анықтауыш,  толықтауыш,  пысықтауыш  түрлерін  ғана  

талдап  көрсетсе  (Көрсетілген  еңбек.  31.12.1935  ж.),  «Синтаксис  мәселелерінде» 

бастауыш, баяндауыш түрлерінің жасалу жолдарына тоқталып өткен (Көрсетілген 

еңбек. 1941 ж. 23-25 бб). 

Енді  ғалымның  ҮМ-нің  мағыналарына,  сөйлем  мүшелік  қызметіне  қарай 

келтірген мысалдарына қарап көрейік. 

1)

 

Үйірлі  анықтауыштар:  Үрлеген  желден  бетіне  ирек  түскен,  даланы 



жапқан  тұтас  қар  ол  күні  жерді  бауырына  басып  жатқан  аққудың  қанатына 

ұқсайтын  (Сәбит).  Боран  мен  аяз  кезектесіп,  бірінің  артынан  бірі  басатын 

Сібірдің  қаһарлы  қысында  «майтоңғысыз»  атанатын  кейбір  күндер  болады 

(Сәбит).  Бақытты  өмір  кезінде  Бар  әлемде  теңі  жоқ  Бақытты  бала  туады. 

(Жамбыл). Амантай қабырғаласып соғысып барады деген хабар шықты. 

Бұндағы  ҮМ-нің  есімше  (жап-қан,  баса-тын),  сын  есім  (кең),  есім  (жоқ) 

және есімше тұлғалы көмекші етістіктерден (деген) жасалғанын көрсеткен. 

2)

 



Үйірлі  толықтауыштар:  Бағанағы  майыр  да,  енді  тіпті  Алшынбай  да, 

Құнанбай,  Бөжей  тартысының  түбі    бас  араздық  екенін  тұспалдады  (Мұқтар). 

Құйрық тістесе қыс келетінін, Есрафил сорын үрерін, алай-түлей боран боларын, 

қабағын  түйсе  қар  төккен  ақпан  мен  қаңтар  барын    айтпай  кеткен  (Ғабит). 



Бұларда  жоғарыдағы  анықтауыштар  жасайтын  формаларға  (есімшеге)  табыс 

септігі жалғануын ғана көрсеткен. 

3)

 

Үйірлі  пысықтауыштар.  ҮМ-ді  сабақтастың  құрамында  қарау 



ыңғайында  себеп  бағыныңқыны  (Қоңырау  соғылған  соң,  біз  класқа  кірдік), 

мезгіл  бағыныңқыны  (Мен  барған  сайын,  Сәлім  кітап  оқып  отырады.  Поезд 

келген  бойда,  пассажирлер  перронға  шықты.  Октябрь  тойы  болғанда,  біз 

Алматыда  едік.)  үйірлі  пысықтауыштар  деп  қате  қарастырған.  Қ.Шәукеновтің 

осындағы  «Поезд  келген  бойға»  дегенді  үйірлі  пысықтауышқа  жатқызуын 

(Көрсетілген  еңбек.  Қ.Шәукенов.  82  б.)  біз  қате  деп  түсінеміз.  Біріншіден, 

«Поезд  келген  бойға»  сол  кезеңге  тән  грамматикалық  форма  болса,  оның 

мағынасы  қазіргі  қолданыс  бойынша  «Поезд  келген  кезде»,  «келгенде»  немесе 

белгілерінің  бірі  субъект  –  предикаттылық  қатынас  немесе  бастауыш-

баяндауыштық  қатынас  болса,  онда  мұндағы  компоненттердің    жеке-жеке 

бастауыштары  мен  баяндауыштары  бар  (бастауыштары  –  поезд,  пассажирлер; 

баяндауыштары    -  келген  бойға,  шықты).  С.Жиенбаевтың  жоғарыдағыша 

қарастыруы,  әрине,  тіл  білімі  тарихында  болған  функциональді  принциптің 

(бағыныңқының 

сөйлемдегі 

қызметін 

басшылыққа 

алу) 


негізінде 

пысықтауыштық  қатынастағы  бағыныңқыларды  үйірлі  пысықтауыштармен 

шатастыруға  әкеліп  соқтырған.  Қ.М.Есенов  «Қазақ  тіліндегі  бағыныңқы 

сөйлемдердің  дені    қарым-қатынасына  орай  (өз  басыңқыларымен) 

пысықтауыштық  ыңғайда  жұмсалады»  (Көрсетілген  еңбек.  Қ.Есенов.  73  б.)

 

  - 



деген  пікірі  бағыныңқы  мен  үйірлі  мүшелердің  арасына  шек  қоймау  сырын 

ұғындыратын сияқты. 

Мысал  ретінде  келтірілген  мына  сөйлемдердегі  асты  сызылған 

пысықтауыштар  сабақтастың  бағыныңқы  сыңарлары  болып  табылады:  Көзіңді 

көзіне  беттетпейтін  күннің    өткір  сәулесі  аппақ  қарға  шағылысқанда,  күртіктің 

бетіндегі  ұлпа,  жұмсақ  қардың  әр  түрлі  жұлдыздары  көпірте  шашқан  күмістің 

шаңындай жылт-жылт, жарқ-жұрқ етеді (Сәбит). 

Заманнан  заман  өткенде,  жас  жетпіске  жеткенде,  Лениндей  ер  көрдім 

(Жамбыл). 

Тұяқбай Итбай аулына көшкелі, Амантай хабарласқан жоқ (Сәбит). 

Көсе қой айдап келе жатса, бір адам пар өгізбен жер жыртып жүр екен. 

Ойы ұнамды шыққан соң, Ботакөз қуанып кетті. (Сәбит). 

Күн кешкіріп қалғандықтан, командир қарсы болған хоқ (Сәбит). 

Тағы да солай тістей ме деп, Ботагөз ұмтылған қаздан қаша жөнелді (Сәбит). 

Осылардағы  «Күн  жоқта  күлімсірер  жұлдыз  бен  ай»,  «Андрейдің  өз  үйінің 

іші тамағын ымырт жабылмай ішті» - деген сөйлемдердегі «күн жоқта», «ымырт 

жабылмай»  тіркестері  –  бағыныңқы  емес,  үйірлі  пысықтауыштар.  Өйткені,  бұл 

тіркестер сөйлемдік қасиеттерін жойып, интонациялық тәуелсіздігінен айрылған, 

бұнда  іс-әрекеттің қашан,  қай  мезгілде  болып  тұрғанын көрсетіп  тұр.  Сонымен 

қатар,  «Қоңырау  соғылған  соң,  класқа  кірдік»  дегендегі  басыңқының 

бастауышын  (біз)  бағыныңқының  алдына  қойсақ  (Біз  қоңырау  соғылған  соң 

класқа кірдік), онда «қоңырау соғылған соң» үйірлі пысықтауышқа айналады. 

«Синтаксис мәселелеріндегі» «Үйірлі мүшелердің кейбір формалары туралы» 

деген  бөлімінде  айтқан  мына  ойлары  қазіргі  кезеңде  де  маңызын  жойған  жоқ: 

«Сабақтастың  составында  екі  жай  сөйлем  болып,  олар  өзара  сабақтасу 

процесінде  бағыныңқының  баяндауышы  тәуелдік  формасына  түссе,  оның 



баяндауыштық  функциясы  жойылады  деп  есептемеу  керек.  Ол  баяндауыштың  

бастауышы атауда тұра ма, ілік жалғауда тұра ма, бәрі бір. Мұндай мүше үйірлі 

мүше болып, былайша айтқанда, бағыныңқы сөйлем болып табылады. «Қаланы 

Асқардың күйдіртпегенін Итбай жақсы білетін» деген сөйлемдегі жай сөйлемге 

есептеп,  күйдіртпегенін  деген    тәуелдік  сөзді  жалаң  анықтауыш  деп  талдамау 

керек, бүкіл сөйлем сабақтас деп есептейміз, «Итбай жақсы білетін» деген бөлім 

басыңқы деп есептелу керек те , «қаланы Асқардың күйдірпегенін» деген бөлім 

бағыныңқы    толықтауыш  деп  ықшамдап  айтқанда,  үйірлі  толықтауыш  деп 

есептелу керек» (Көрсетілген  еңбек. 1941 ж ., 27 б.).

  

Изафеттік құрылыс арқылы 



берілген 

сөйлемдердің 

(жақсыз 

сөйлем) 


жақты 

вариантын 

жасау 

мүмкіндіктерінің болатынын (Қазір менің Ванядан айырылғым келмейді  –Қазір 



мен  Ванядан  айырылғым  келмейді)  филология  ғылымының  докторы  Ж. 

Сәдуақасұлы еңбектерінен (Ж.Сәдуақасұлы. Етістіктің жақ категориясы. 1994 ж., 

111 б.)  көруге  болатын  болса,  «менің барғым  келеді,  сенің баруың  керек,  оның 

кеткісі  келді»  сияқты  сөйлемдерді  А.  Әбілқаев  еңбектерінде  жақсыз  сөйлемдер 

деп  көрсетіп  (

 

А.Әбілқаев.  Қазақ  тіліндегі  жай  сөйлем  түрлері.  1963  ж.,  25  б.), 



М.Балақаев  пен  Ғ.Мадина  мұндай  сөйлемдерді  жақты  сөйлемдер  қатарына 

қосады  (Балақаев  ...  Қазіргі  қазақ  тілі.  1966  ж.,  27  б.,  Мадина.  Қазіргі  қазақ 

тіліндегі  жақсыз  сөйлемдер.  1959  ж.,  78  б.).  Бұдан  шығатын  қорытынды, 

С.Жиенбаев  сөзімен  айтқанда,  «есім  баяндауышты  үйірлі  мүшелерде  осындай 

құбылыстар  көп.  Ондайда  бастауыш  кейде  ілік  септеуде  тұра  береді,  бірақ 

олардың  субъектілік  мәні  жойылмайды.  Мысалы:  «Мен  оның  Ленин  екенін 

білмей  қалдым»  дегендегі  толықтауыш  –  жалаң  толықтауыш  емес,  сөйлемді 

толықтауыш. Оның бастауышы – ол, баяндауышы – Ленин, дәнекер сөз –екенін» 

(Көрсетілген кеңбек. 1941 ж., 29 б.). С. Жиенбаев субъектіні логикалық тұрғыдан 

танып, изафеттік құрылыстағы жақсыз сөйлемнің ҮМ ретіндегі қолданысын сол 

ыңғайда талдайды. 

С.  Жиенбаев  үйірлі  бастауыш  пен  үйірлі  баяндауыш  туралы:  «Сабақтастың 

әдепкі  құрылысында  ...  басыңқыға  бағынатын  ҮМ  тек  тұрлаусыз  мүше  бола 

алады», «онымен қатар, үйірлі бастауыштар мен үйірлі баяндауыштар да болады. 

Бұл – өзгешелеу структура. Мұнда ... тұтас сабақтас сөйлемнің екі бас мүшесінің 

бірі  жай  мүше  түрінде  айтылады  да,  екіншісі  ҮМ  түрінде  айтылады.  Сөйтіп, 

мұнда  басыңқы  сөйлем  мен  ҮМ-нің  шегі  болмайды,  екеуі  тұтасып  кетеді» 

(Көрсетілген кеңбек. 1941 ж., 29 б.) – деп, ҮМ-ді  бағыныңқы сөйлем деп тануға 

болмайтындай  пікір  айтса  да,  үйірлі  бастауышты,  үйірлі  баяндауышты 

сөйлемдерді  де  апарып  сабақтастарға  қосады  (Көрсетілген  кеңбек.  1941  ж.,  29 

б.). 

Сонымен,  С.С.  Жиенбаевтың  үйірлі  мүшелер  туралы  айтқан  пікірлерінен 



мынадай қорытындылар шығаруға болады: 

1)Үйірлі  мүшелерді  сабақтастың  бағыныңқысы  (үйірлісі)  деп  танығанымен, 

оларды  айырудың  негізгі  критерийлерін  біршама  дұрыс  көрсеткен,  осы 

категорияны тануға негіз салған. 

2)  Үйірлі  мүшелер  жөнінде  соны  пікірлер  айтқан  және  де  ол  пікірлері  сын 

көзбен  қараған  кісіге  қазір  де  маңызын  жойған  жоқ.  Мәселен,  сөйлем  

мүшелерінің  тұлғалық  өзгеріске  түсіп,  сөйлем  мүшелік  қызметінің  ауысуы 

арқылы, сөйлем мүшелерінің орын тәртібінің ауысуы арқылы үйірлі мүшелердің 

жасалуы, т.б. 


3) Үйірлі мүшелердің мағыналарын, кей ғалымдар атап көрсеткендей, сөйлем 

мүшелерінің  үш  түріне  ғана  емес,  барлық  сөйлем  мүшелеріне  қатысты  қарап, 

олардың  тұлғалық,  мағыналық  ерекшеліктерін  және  синтаксистік  қызметтерін 

айқындаған.  

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет