ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВТЫҢ «АҚБІЛЕК» ЖӘНЕ «ҚАРТҚОЖАҚ» РОМАНДАРЫНДАҒЫ
ҚАЙТАЛАМА ЖӘНЕ ҚОСАРЛАМА ҚОС СӨЗДЕР
Абдирова Б.Ж.
Орал қ.
Қос сөз – бір сөздің не қайталануынан, не қосарлануынан жасалған сөздер. Қос сөздер тілде екі
түрлі тәсіл арқылы жасалады: а) бір сөздің қайталануы арқылы немесе екі түрлі сөздің қосарлануы
арқылы.
Осымен байланысты қос сөздерді қазақ тіл білімінде екі түрге бөлу қалыптасқан:
1. Қосарлама қос сөздер;
2. Қайталама қос сөздер.
Қос сөздерді жіктеу, топтауды ғылымға кіргізген А.Ысқақов. Қос сөздердің бұл түрлері ғылымда
танылған және қалыптасқан.
Бір түбірдің екі рет қайталануынан жасалған қос сөздер қайталама қос сөздер деп аталады.
Қайталама қос сөздер екі түбірден немесе екі сөзден жасалады да, жаңа сөз тудырады. Олар жұрнақтар,
жалғаулар арқылы, яғни синтаксистік және морфологиялық тәсілмен де жасалады. Қайталама қос
сөздер барлық сөз таптарынан жасалады да, қосымша олардың барлық түріне қосыла береді. Қайталама
қос сөздердің ең көп қолданылатын түрі-қосымша арқылы жасалатын қос сөздер. Мұндай жағдайда
қосымша түбірдің екі бөлігіне де жалғана береді. Осының арқасында қайталама қос сөздің
эмоционалды мәні арта түседі, ырғағы күшейе түседі. Мысалы; бетпе-бет қос сөзі –пе қосымшасы
арқылы жасалып, сол сөзге ерекше эмоция, екпін беріп тұр. Қысып-қысып деген қайталама қос сөздер
де қосымша арқылы және қосымшасыз жасалған. Олар сөйлемдердегі белгілі бір ұғымға үстеме күш
беріп, тыңдаушысына ерекше әсер етіп тұр. Редупликация (қайталану) ағылшын тілінде де жиі
кездеседі. Бұл тілде редупликация көбіне сілтеу сөздерін жасауға қолданылады. Жапон тілінде де бұл
тәсіл еліктеу сөздерін жасауға жұмсалады. Мәселен; куни ел, куни-чуни елдер, варэ мен, варэ біз.
Демек, редупликация тілдердің көпшілігінде кездеседі де, барлығында бірдей қызмет атқарады. Жаңа
айтқанымыздай, жапон тіліндегідей редупликация армян, малай, т.б. тілдерде көптік жалғауларды
алмастырады. Жоғарыдағы мысалдардан көріп отырғанымыз, қос сөздер барлық тілдерде кездеседі,
олардың жасалу жолдарының кейбір ерекшеліктері басқа топтағы тілдерден, кейде грамматикалық
мағыналары да шамалас келеді. Оның үстіне редупликация қай тілде болса да сөз қорын байытып қана
қоймайды, ол барлық тілдерде өзіне тән түрліше коммуникативтік қызмет атқарады.
Қайталама қос сөздердің жасалу жолдары:
1.Қосымшасыз және қосымшалы түбірдің түгелдей қайталануынан жасалған.
Мысалы: Нашалніктің алдында аузы-аузына жұқпай судыратқанда, кісілер таңғалмаушы ма еді
(Қартқожа)?
Сөзді түйдек-түйдегімен тастап-тастап жіберіп, қарақшыдан ағып өткен жүйрікше, басын
әнтек еңкейтіп шұлғыды (Ақбілек).
Таласып-тармасып, күніне жарты қадақ нан, бұлдыры жоқ картоп салған сорпа ішесің
(Ақбілек). т.б.
2.Бір сыңары қосымшалы, бір сыңары қосымшасыз бір түбірдің қайталануынан жасалған.
Мысалы: Жасынан қалың беріп, жыл сайын аз-аздап малынан құтылып, тұңғышының аяғын шырмады
(Қартқожа).
Астауға үймелеп, бірін-бірі арт жағынан іліп тастап, су ішіп жатқан жолдасының бүйірінен
жайқап қалып, мүйіздері соқтығысуда (Қартқожа).
Жолда келе жатқанда Әмір ағалары дуананың кез болып алып келгені жақсы бопты десіп,
дуананың да пайдасы тигендігін, оның жүрмейтін жері жоқ екенін, бірақ тіленшілік қылмайтынын,
жалаң аяқ жүретіні тегіннен-тегін еместігін айтысты. (Ақбілек). т.б.
3.Бір түбірдің әр түрлі қосымша жалғанып қайталануынан жасалған. Мысалы: Жылдан-
жылға Жұман үйінің шаруасы тұжырылып, тұқыра берді (Қартқожа).
Шынымен оқи алмай қалғаным ба? деп, үй ішін ойлағанда, терең үңгірдің кемеріне келіп
қалғандай, өзінен-өзі қорқып, енді қайтып оқуды ойламайын деп тырысты (Қартқожа).
Ақсақал сәні тақтайға отырар-отырмаста даяршы жып етіп, етігін тартты (Ақбілек).
Маған да көзі түсер ме екен деп отырмын. Білмеймін көрген-көрмегенін (Ақбілек). т.б.
4.2-сыңары 1-сыңарына еліктеу мәнінде келіп, дауысты дыбыстан басталатын сөздің
алдына М, Ж дыбыстары қосылып жазылады. Мысалы: Ұшып түскен бөркін ала-мала басын
сипалап, тоқтан атып шықты (Қартқожа).
Боқтықтан, күлден, көңнен, көз жылтыраған, жалпиған үйме-жүйме бірдеме (Қартқожа). т.б.
5.Етістіктердің түбіріне көсемшенің –а, – е, - й, - ып, - іп, - п жұрнақтары арқылы
жасалатын қос сөздер жиі кездеседі. Мысалы; Үзіп-жұлып шығатын артық білімі де жоқ, әйткенмен
бір қазақтан ақылсыз да емес, желікпен, бұзықпен ісі жоқ (Қартқожа).
«Үзіп-жұлып» қос сөзіндегі «үз, жұл» етістектеріне көсемшенің «–іп, -ып» жұрнақтары жалғану
арқылы қос сөз жасалып тұр. Көздері аларып, аузын толтыра-толтыра, таласа-тармаса, өлердей
жұтып жатыр (Қартқожа).
Шідербайдың ойлап-ойлап тапқан, «жеңіл қол» жылқысы түйішінің жалғыз торы шолағы болып
шығыпты, Қартқожа торы шолақты көргенде: -Әй, құдайдан қорықпайтын доңыз-ай,-деді (Қартқожа).
«Ойлап-ойлап» қос сөзі «Ойла-ойла» деген етістіктерге көсемшенің «–п» жұрнағы жалғану арқылы
жасалып тұр.
Сараны жетелей-жетелей, Ақбілек ағыл-тегіл боп Ұрқиянікіне барды (Ақбілек). «жетелей-
жетелей» қос сөзіндегі «жетеле» етістігі көсемшенің «– й » жұрнағы арқылы қос сөзге бірігіп тұр.
Төмен қарап маңдай терісін үш саусағымен уқалап біраз отырған соң, оң қолын сілкіп қалып,
ұшып түрегелді де, өз кеудесін өзі түртіп-түртіп, Ақбілекке қолын ұсынды: «Жүр» дегені (Ақбілек).
Бұл сөйлемдегі «түртіп-түртіп» қос сөзі «түрт» деген етістікке көсемшенің «– іп» жұрнағы жалғану
арқылы жасалып тұр. Бір сөзді түрлі жұрнақтар жалғау арқылы қайталау сөзге үстеме мағына беріп
отыр.
Екі түбірден қосарланып жасалған қос сөзді қосарлама қос сөз дейді. Әдетте мағыналары бір-
біріне жақын синоним сөздер немесе мағыналары бір-біріне қарама-қайшы келетін антоним сөздер
қосарланады. Мысалы, аяқ-табақ, құрт-құмырсқа, құрбы-құрдас, әке-шеше т.б. Қосарлама қос
сөздердің жасалу жолдары:
1.Мағыналары бір-біріне жақын (синоним) я қарама-қайшы (антоним) сөздер. Мысалы;
Азды-көпті 4-5 жылқы –бәрі соның балалары ғой, ұстамай қоя берсе, әлдеқащан айғыр үйір жылқы
болмас па еді? (Қартқожа).
Өрік үкідей ұшып, Ақбілекке келіп:
– Әкең бұл үйден кетсін деп жатыр! Тұр жылдам! Кет! Бар ана сырласыңа. Келімді-кетімді кісі
бар. Сені жайратып отыра алмаймыз?.. Сенің қағанағыңды жуатын мұнда кісі жоқ, – деді (Ақбілек).
Өз басын құрбы-құрдастары талай кемсітіп, мазақ етіп қорлағаны, зорлық көрсеткені бар
(Қартқожа). т.б.
2.Бір сыңары мағыналы, екінші сыңары мағынасыз сөздер. Мысалы; Тышқанның шөп жинауы
бұзық, інінің төңірегін тап-тақыр қып тастапты (Қартқожа).
О жер, бұ жерде үйме-жүйме топтанысқан, бүкшеңдеп дәрет алысқан кісі (Қартқожа).
Мен келгенде қызыл көзді пәле келе жатқандай атын, дүниесін тыққыштап, өп-өтірік
жалпақтауды шығарды (Ақбілек). т.б.
3.Екі сыңары да мағынасыз сөздер. Мысалы; Некен-саяқ жолсыздық болмай тұра ма? Анда-
санда ауылнайдың кішкене зорлығы болады (Қартқожа).
Жадағай, алқам-салқам күйінде, «құдай сақтар» деп жүріп, кәрлі қысқа маңдайы тақ еткенін бір-
ақ білді (Қартқожа).
Ала ат мінген терең шаттың дәл аузына аттағанда алақ-жұлақ қаранды да, тоқтады (Ақбілек).
т.б.
4.Екінші компоненті фонетикалық өзгеріске ұшырап, деформациялық жолмен жасалатын
қос сөздер: Мысалы;
Арғы шетте бір оттың басы үйме-жүйме кісі: тау жаңғырықтырған шаң-шұң темір даусы шығады
(Қартқожа).
Жарты шақырымдай шыққанда дуан жақтан қара жолмен бұрқыратып бір пәуеске, бір
трашпенке келе жатқанын көрді. Ұстап алатындай, жалт-жұлт қарап, байталына қамшы салды
(Қартқожа).
Кісі-місі көрінер ме екен деп, Қартқожа төбеге шықты (Қартқожа).
Екі атты есік пен төрдей жерге келіп қалды. Тау сатыр-сұтыр етті `(Ақбілек).
«Кісі-місі» деген қос сөздегі «кісі-місі» сөзінің өзгеріске ұшыраған, яғни деформацияланған түрі.
5.Кей қос сөздің екінші бөлігі біріншісінің ритмикалық жаңғырығын құрайды. Әдетте мұндай
компоненттер ешқандай лексикалық ұғым бермейді, тек бірінші компонентке қосымша рең ғана береді.
Мысалы; «шай-пай» т.б. Бірақ, бұл романдарда осы тәсілмен жасалған қос сөздер кездеспейді.
6.Тілімізде күшейткіш буынды қос сөздер кездеседі. «Қып-қызыл, тап-тақыр, өп-өтірік, дөп-
дөңгелек, бүп-бүтін, тым-тырыс» сияқты сөздер. Мұнда «қызыл» деген сын есімге, «қып» деген
күшейтпе сөз қосылып, заттың шамадан тыс қызыл екенін көрсететін қос сөз жасалып отыр. Сөйтіп қос
сөздердің бұл түрі үстеме немесе күшейтпе мағына беретін қос сөздер деп есептеледі. Сын есімнен
жасалған мұндай қос сөздердің алғашқы бөлігі ықшамдалып, соңына «п» жұрнағы қосылып бітеу
буынға айналдырады. Сондықтан да кейде мұндай қос сөздерді үстеме буынды қос сөздер деп те
атайды.
Тышқанның шөп жинауы бұзық, інінің төңірегін тап-тақыр қып тастапты (Қартқожа).
Бәрі де құлаққа ұрған танадай, тым-тырыс сап бола қалды.
Жар қабақтау келген жауырынды қара сұр жігіт, көзі қасқырдай көзіндей қып-қызыл, омырауын
ашып, келдектей сары қамшысын білеп:
– Егер бермеді бар ғой, қамшының астына алыңдар! Көк ала торғайдай қып тартып алыңдар! –
деді (Қартқожа).
Мен келгенде қызыл көзді пәле келе жатқандай атын, дүниесін тыққыштап, өп-өтірік
жалпақтауды шығарды (Қартқожа).
Кешікпей-ақ қара түнде қаз қатар, дөп-дөңгелек екі көз пайда бола кетті. Екеуі де қып-қызыл,
жайнаған от (Ақбілек).
Қадалары бір-бір кісідей көш құлаш дөңбекпен, сыбысы шырышпен жабылған бүп-бүтін оқтай
заңғар қораға кіріп келгенде недәуір-ақ денелі баладай боп кетті (Ақбілек).
7.Үндес қос сөздер немесе сөздердің соңғы дыбыстарының ассонанс жолымен ұйқасып келуі.
Мәселен; «түшкірініп-пысқырынып, көрмей-білмей, өлдім-талдым, жетелей-жетелей, ағыл-тегіл »
деген қос сөздер.
«Мен де ояумын» дегендей, боз бойдақ түрегеліп, түшкірініп-пысқырынып зікірін салып
басылды (Қартқожа).
Сендер кетсеңдер қабырғамыз қайысады, бүйіріміз сөгіледі...оны көрмей-білмей отырған жұрт
бар ма (Қартқожа)?
Өлдім-талдым дегенде, көздің жасы иіп, бір бұзаулы сиыр бермек боп, бүкірді алып қайтқан
(Қартқожа).
Сараны жетелей-жетелей, Ақбілек ағыл-тегіл боп Ұрқиянікіне барды (Ақбілек).
8.Аллитерациялық жолмен жасалған қос сөздер. Бұларда сөздердің бастапқы дыбыстары
қайталанып қиылысады. Қазақ тілінде кездесетін «тебен-теңгесіне, сай-сүйегін, қалбаң-құлбаң,
жалма-жан, бүлк-бүлк, жермен-жексен, қыбыр-қыбыр, сыбыр-сыбыр» деген қос сөздерді алайық.
Бала отып тапқан, тебен-теңгесіне қырық шақты кездей нәрсе алып, елге баратын қалашыдан
әжесіне сәлемдемеге жіберіп отырған бауырмал жігіт кім (Қартқожа)?
Ағып тұрған сөз екен: неше түрлі жалынды, жігерлі, үмітті сөздерді соғып еді кеп, адамның сай-
сүйегін сырқыратты (Қартқожа).
Қартқожа қалбаң-құлбаң, қамыт доға, қорадан қара, шошақ үйде үш солдат, ортасында, жабу
үстінде жас қатын...зәресі ұшты (Қартқожа).
Сол кезде торы шолақ басын бір изеп, екі адымдай ғана бүлк-бүлк борсаңдайды да, жорғасынан
жаңылып кеткен немеше, жалма-жан қыбыр аяңына түседі (Ақбілек)
Қара түн жан-жағын қамап жұтып қоятындай ұмтылып келе жатыр. Таулар бұлдырап барады.
Айдалада жермен-жексен қыбыр-қыбыр етіп, домалаңдап Қойтеке келеді (Ақбілек).
Шам сөнсе Өрік сыбыр-сыбыр етіп, ақсақал «е, е, е» дей беруші еді (Ақбілек).
9.Қосарлама қос сөздердің компоненттерінің бірінші немесе соңғы дауыссыз дыбыстарының
үйлесуі арқасында консонанс жолымен жасалады. Мысалы; « тергеп-тергеп, ағыл-тегіл, кедір-
бұдыр, күр-күр, қыз-қыз, бойлап-бойлап» деген қос сөздерді алайық. Мұнда қос сөздің алғашқысы да,
екінші компонент те «п, л, р, з» дауыссыз дыбыстарымен аяқталып, өзара үйлесіп тұр.
Жуандарды тергеп-тергеп, ертең Керекуге жүресіңдер деп, қолдарынан қағаз алып босатты
(Қартқожа).
Ақтар Алаш қаласын басып, ағыл-тегіл боп жатыр. Ар жақта күрс-күрс мылтық атылады
(Қартқожа).
Жерінде не шабындық, не егіндік, не бір тау, не бір көл, өзен жоқ, кер бетегелі кедір-бұдыр
жалтаң, сортаң, шөлейт, құба жол (Қартқожа).
Сауған сайын сүт молайып, шелегі күр-күр етіп ән салады, шелектің әнін тыңдап отырып
Алтынайдың қызыл бұзауына мықты бас жіп қайдан табылар екен деген ойға батады (Ақбілек).
Оның есесіне қыстыгүні сорпаға, көжеге сарқасқа қылып құрт езіп, тойып алса, қора ішіне
қамзолмен көйлекшең шыққанда бойы қыз-қыз қайнап жүреді (Ақбілек).
Өзеннің о жақ, бұ жағына бойлап-бойлап қарады да, өткел іздеп, кебісі тырпылдап тағы жағалады
(Ақбілек).
Қорыта келгенде айтарымыз, Жүсіпбек Аймауытов – ұзақ жылдар бойы жазықсыз жазаға
ұшырап, жазған шығармалары халқына жетпей келген талантты жазушылардың бірі және бірегейі.
Өзінің өмірінен елінің бүгіні мен ертеңін артық көрген, ұлт мүддесі үшін аянбай тер төккен ұлтжанды
арысымыз – Жүсіпбек Аймауытовтың қазақ әдебиеті төрінен ойып орын алары сөзсіз. Өзі бір төбе
болса, шығармалары да бір төбе. Қай-қай шығармасын алып қарасақ та күйттеген мәселесі – ұлт
мүддесі. Сол кездегі халықтың тартып жатқан азабын, тауқыметін жазушы шығармаларынан айқын
аңғара аламыз.
Әдебиеттер
1. Сағынбекұлы Р. Жүсіпбек. – Алматы: 1997. – 256 б.
2. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. – Алматы: 2002. – 213 б.
3. Жүсіпбек Аймауытов шығармалары. – Алматы: 1989. – 559 б. 4.Ж.Аймауытов таңдамалы
шығармалары. І том. – Алматы: 2002. – 278 б.
5. Ж.Аймауытов таңдамалы шығармалары. ІІ том. – Алматы: 2003. – 312 б.
6. Ж.Аймауытов шығармалары. ІІІ том. – Алматы: 2005. – 304 б.
7.Кәріпжанова Г.Ж. Аймауытов прозасы тілінің көркемдік ерекшелігі. Автореферат.
Алматы: 2004. – 24 б.
8.Мекебаева Л. Жүсіпбек Аймауытұлы прозасындағы көркемдік ізденістер.Автореферат.
Алматы: 2006. – 24 б.
9.Ысқақұлы Д. Әдебиет алыптары. – Астана: 2004. – 316 б.
10.Нұрмағамбетов Ә. Қос сөздердің құпиясы. – Алматы: 1991. – 115 б.
Достарыңызбен бөлісу: |