1 балуан шолақ шығармалары (Әндері, өлең-жырлары. Естеліктер, мақалалар, аңыз) Құрастырған Балжан Хабдина



Pdf көрінісі
бет15/29
Дата15.03.2017
өлшемі1,52 Mb.
#9852
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   29

173
Құрбы-құрдас!..  Балуан  Шолақтың  олар,  олардың  Балуан  Шолақ 
қат-қабат думаны!.. Олар Балуан Шолақты, Балуан Шолақ оларды 
шын жүректен сүйеді... 
Ал ояздың «бар» деген сапары, ауылынан ұзап шықпаған Ба-
луан  Шолаққа,  аржағында  не  бары  мəлімсіз  қараңғы  үңгір  сияқ-
танды. «Сондай белгісіз үңгірден алтын іздегенде, атақ іздегенде 
не болмақ? – деп ойлады ол. – Іздегенім табыла қойса жақсы. Егер 
табылмаса, босқа əуре болу ғой ол. Ендеше, өмірдің ащысын да, 
тұщысын да туған халықпен неге бірге татпаймын?» 
Қараңғы ойы осыдан ұзаққа бара алмаған ол, «белгісіз үңгірден 
бақ іздеуден, бақ тапсам да, сор тапсам да туған жерде табайын!» 
деп бекінді. 
Ойының бұлай бұрылуы атының да басын кейін бұрғызды оған. 
Ол Көкшетау қаласының түбіндегі шалқар көлінің арғы жағасында 
қыбырлаған қалың базаршыларға қарай шаба жөнелді... 
Балуанның бұл шабуы не шабу екенін айтпай-ақ түсінгендей, 
біраз  адам  жолдан  қосыла,  жанамайлай  шапты,  құрғақ  жердің 
шаңы бұрқырай аспанға көтерілді... 
Тұмандай тұнжырап, борандай сапырылған қою шаңның ара-
сында шауып келе жатқан Балуан Шолақ: «Апыр-ау, дүбір күшейді 
ғой, жарысқан адам көбейді білем», – деп жан-жағына қараса, қою 
шаңды бұрқыратқан адам илеуінде қайнаған құмырсқадай!.. 
Көптің  дүрмегімен  шауып  келе  жатқан  Балуан  Шолақ  бір 
кезде  жан-жағына  қараса,  əркімдер  басып-озып  барады!  Өз  аты-
на қараса, қарқындап, жайылып қалған сияқты... Аздан кейін ол, 
құнан-тай, байтал-сайтал, арық-тұрақ сияқты кəкір-шүкір жабайы 
аттардың арасында қалып қойды. 
«Шапқанда  байдың  ұлы,  тоқтағанда  еске  түседі»  деген  ма-
қалдың шындық екенін ол осы арада ғана білді. «Ə-ə-ə... – деп ой-
лады ол, атының басын тежеп, – рас сөз екен. Қай кедейдің баймен 
жарысқысы келмейді дейсің? Баймен талай кедей жарысады екен 
де, осы мен сияқты аты болдырып, тоқтап қалады екен ғой! Мына 
мақал содан шыққан екен ғой!» 
Балуан Шолақ атын тежеп аяңдатқанда, одан жұрттың бəрі озып 
кетті. Қошеметтеп ортаға ала шапқан көпшілік, енді оған табалау-
шы сияқтанып кетті. «Қайтем, ілгері барып?.. Қайтсам қайтеді осы 
арадан?» деген ой кеп кетті оған. Егер, біреулер алдынан оралып 
кеп, «неге кейін қалдың?» деп, тағы да ортаға алмағанда, ол кейін 
қайтып та кететін еді. 
Қоршаған көпшілік Балуан Шолақтың неге тоқтағанын білген 
жоқ, сондықтан тағы да анау-мынау деп қошемет сөздер айта бас-

174
тап еді, Балуан қабақ шытып, ажарын бермеді, сұрауларына қысқа 
жауап  қайырғаннан  басқа  кеңеске  аузы  бармады.  Сөздің  көбін 
оның құлағы естімеді. Оны саңырауландырған ой – ат. 
Оның  есі-дерті  жақсы  атта  болды. «Ер  қанаты – ат»  деген 
мақал  түсті  оның  ойына.  Аздаған  сауаты  бар  ол,  батырлар  жы-
рын жақсы көріп оқитын еді. Сонда Қобыландының Тайбуырылы, 
Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, шапса құстан 
озатын, болдыруды білмейтін, кезеңді жерде иесіне адамнан артық 
серік болатын, иесінің қуанышына қуанып, қайғысына қайғыратын 
аттарға ол аса қызығатын еді. 
«Шіркін, сондай аты бар батырда арман бар ма екен!» деп ой-
лайтын  еді  Балуан  Шолақ. «Құдай-ау! – деп  тілейтін  еді,  дінге 
сенетін ол. – Сенен байлық сұрамайын, тақымыма басатын солар-
дай бір ат бер!» 
Miнe енді, жарысқан көптің артында қалғанда, сол қынжылуға 
Балуан Шолақ тағы да түсті. «Ер қанаты – ат» деген бұрынғылар-
ай! – деді  ол  ауыр  ойда,  топтың  арасында  аяңдап  келе  жатып. –
Аузыңнан  айналсам  болмас  па!..  Жүйрік  көңілді – жаман  ат 
тұсады!.. Атсыз кісі – қанатсыз құс екен!..» 
Ендігі  оның  бар  арманы  өзіне  қанат  боларлық  бір  ат  тауып 
міну болды... 
11. АҚБОЗ AT
Мен Шолақ он сегізде өнер тапқан, 
Үкілеп Ақбоз атқа тұмар таққан. 
Басымда – пұшпақ бөрік, шекемде – үкі, 
Үстіме кидім жібек шымқай ақтан.
(Балуан Шолақтың өлеңінен) 
Шалқар  көлінің  Қылшақты  өзені  құятын  тұсында  «Қарауыл» 
аталатын  шоқы  бар,  көктемде  су  жайылатын  маңайы – қалың 
шабындық. Ол арадан мыңдаған мая тұрады десе де болатын-ды. 
Биылғы сентябрь базарының алдында сол маяларды базаршылар 
малына  жегізеді  деп,  иелері  маяларын  күн  бұрын  тартып  алып, 
тақырланған  кең  алқап  бос  тұрды,  шабылмаған  шырмауық  пен 
жоңышқа  талдардың  арасындағы  оймыш-оймыш  алаптарда  ғана 
қалды. Балуан Шолақ ерген топ осы талдардың арасына жеткен-
де, əр жерде шоғырланған базаршылардың Балуанды танығандары 
тоқтатып, қосынан дəм татырды. 

175
Базаршыларды  бір  топ  серіктерімен  осылай  аралап  келе 
жатқан  Балуан  Шолақтың  алдынан  тоғай  арасына  тіккен  ақ  ша-
тыр  кездесті.  Шатырдың  алдында,  бірнеше  кісінің  ортасында, 
шоқтығына адамның созған қолы əрең жететін қара арғымақ тұр. 
Балуан жақындап кеп қараса – айғыр. Біреуден «не қылған айғыр?» 
деп  сұрап  еді, «сатылатын»  деп  жауап  берді  ол.  Сатушы – орыс, 
саудалаушы – Көкшетау елінің атақты байы Неғметжан. Жабайы 
жылқы  базарда  жиырма  бес,  отыз  сом,  айғыр  иесінің  сұрауы  үш 
жүз сом. 
–  Айғырға  қызығам! – деді  Неғметжан  көпке. – Бағасын  да 
ауырсынып тұрғам жоқ. Базарға сатуға елу ат əкелдім. Азар болса, 
солардың он бесін алар. Үйдегі үш мың жылқым аман болсын. Бір 
жылғы төлімнің жүзден бірі емес пе ол? 
– Ендеше, неге алмайсың? – деді Балуан Шолақ Нығметжанға. 
– Таңдамалы биелеріме үйірге салайын деп, осы айғырды ай-
нал  дырғаныма  екі  күн, – деді  Неғметжан, – алғым  келеді,  бірақ 
жақсы айғырды иесі, ақауы болған соң сата ма деп ойлаймын. Ал 
аяғында, не тісінде ақауы бар ма деп, байқайын десем, алпарысқан 
бір жануар, алдына барса тістеп, артына барса теуіп, маңына жо-
латпайды.  Тіпті  ақауы  болмаған  күнде  де  кескекті  аюдай  мұны 
қалай малданам деп ойлаймын. 
Неғметжан мен Балуан Шолақ құрдас еді. Соны пайдаланған 
боп: 
– «Түк жаңылып көкке бітеді, мал жаңылып итке бітеді» деген 
мақал рас-ау, – деді ол, – мал сендей иттерге бітеді де, қорықпай 
басынады. «Аюға намаз үйреткен таяқ» демей ме атаң қазақ? Мал 
аюдан  асау  боп  па?  Тізгінін  менің  қолыма  бір  тигізші,  қайтып 
тентектік мінез көрсетер ме екен? 
– Ендеше, тізгінінен ұста да жуасыт! 
Балуан Шолақ тізгінді иесінің қолынан алды да, айғырға жа-
қындады.  Басқа  кісіге  құлағын  жымпитып,  аузын  ашып  ұмты-
латын  айғыр,  Балуан  Шолақтың  зор  денесінен,  я  оқтай  шан-
шылған  көзқарасынан  сескенгендей,  тарпа  бассала  алған  жоқ. 
Айғырға  Балуанның  өзі  соқтықты.  Ол  ноқтаның  үш  дөңгелек 
темір  шығыршықпен  қосқан  тұсын  бұрап,  айғырдың  аузын  аша 
алмастай тас қып бекітіп тастады. Содан кейін ернін саусағымен 
ашайын деп еді, тістеуге шамасы жоқ айғыр, басын бұлғаңдатып, 
ырыққа көнген жоқ. 
–  Ім-м-м,  ерегісемісің? – деді  Шолақ  айғырдың  аузын  боса-
тып. – Сенің  жыныңды  өз  еркіңе  жіберіп  басайын.  Ал,  екеуіміз 
ерегістік!.. 

176
Басы  босаған  соң, «мені  басынамысың»  дегендей,  Балуан 
Шолаққа қайрат көрсетпек боп, айғыр аспанға тік шапшыды. Тіз-
гінді ұшынан ғана ұстаған Балуан шапшыған айғырдың бауырына 
кіре беріп еді: 
– Тарпиды!.. – десті қарап тұрғандар шулап.  – Кейін шегін!.. 
– Адам баласын жығып болған соң, енді хайуанды да жыққысы 
келген екен, көрейік əуселесін, – десті біреулер. 
Сақтандырушының  сөзіне  құлақ  аспаған  Балуан  Шолақ,  тар -
пымақ болған айғырдың алдыңғы екі аяғын жуан бақай тұсы нан 
шап беріп ұстай алды да, кең кеудесін иығына мінгізіп, оң жаққа 
қарай сілтеп кеп қалды, айғыр оң қабырғасына құлап түсті. Айғыр-
дың  тұруға  жанталасып  көтере  берген  басын  Балуан  құлағынан 
басып жерге қайта жастады да, дəл сағалдырық тұсынан тізерлей 
қойды. Бүркіт басқан түлкідей, мойны жерге жабысқан айғырдың 
бөксесі шоршаң-шоршаң етті... 
Балуан  Шолақ  айғырдың  ұртына  бармағын  батырып,  аузын 
аштырды да:
– Міне, қараңдар, тістерін! – деді көпке. 
–  Құлын  күнінде  сақау  шыққан  мал  екен, – деді  Шолақ,  ай-
ғырдың аузына үңілген көпке, – күрек тісінде дағы қалыпты. Бірақ 
мал  екен,  жануар!  Қасқыр  азу  жылқы  екен.  Өзі  жүйрік  жылқы. 
Бірақ ұзаққа шаба қоймас – тісінің сыздығы қысқа. Ал бұдан туған 
қарабайыр  құлыннан  талай  тұлпар  шығуы  керек.  Аяғында  ақау 
жоқ. 
Шолақ  айғырды  босатты.  Түрегелген  айғырға: «Тісіңді  енді 
көрсетші», – деп  қол  созып  еді,  беті  қайтқан  адамға  жылқының 
бағыныштылығы  қандай, – жай  ғана  кекжигені  болмаса,  бұрын-
ғыдай шапшымады. 
Айғырды 300 сомға Неғметжан алды. Сатып алған жылқының 
«құйрығын майлау» əдеті бар. 
– Ал, Балуан, – деді Неғметжан сол əдетпен, – бір тоқтының 
еті біздің шатырдың алдында асулы тұр еді, бүгін соны жейік. Өз 
сыбағаң басқа. 
Серіктерімен  Балуан  Шолақ  Неғметжанның  шатырына  кіріп 
қымыз  ішіп  отырғанда,  есік  арқылы,  бұйра  талдардың  арасынан 
көзіне шымқай боз жылқы шалынды. «Бұндай да боз жылқы бола-
ды екен!» деп таңданған Балуан Шолақ, əлденені сылтау қып тысқа 
шығып, үйездеген бір топ аттың ортасында басын түйістіре тұрған 
боз жылқыға жақындаса, талай сұлу жылқыны көре-жүре, көзіне 
бұрын түсіп көрмеген тамаша ақбоз ат!.. Бұл топтағы жылқының 
бəрі де құр ат болу керек – еттері тым семіз... 

177
Ақбоз  атқа  қызыққан  Балуан,  анықтап  көруге,  мүмкін  болса 
ұстап  көруге  таяна  беріп  еді,  аттар  да,  ақбоз  ат  та  жақындатпай, 
ығыса  жөнелді. «Міне,  ат!»  деп  ойлады  Балуан.  Ол  қосқа  қайта 
кіргенде, аттар нақ қостың аузына қарсы үйездеп тұра қалды. 
– Неғметжан! – деді Балуан Шолақ. – Анау Ақбоз сенікі ме? 
– Менікі. 
– Асау ма, өзі? 
– Жүген-құрық тимеген. 
– Сатуға əкелдің бе? 
– Əрине. 
– Сол сияқты атты сата ма кісі? 
– Өзім де қимаймын. Бірақ – ит мал!.. Биыл тоғызға шығады. 
Үйрете  алмай-ақ  қойдық.  Далада  асау  айғырды  ұстап  мінетін 
жылқышылар да үйрете алмады. Ең алдымен – шығаннан шыққан 
қашаған,  атпасаң  ұстатпайды,  екінші – бұғалыққа  бойлауық,  он 
жігіт тартып тоқтата алмайды; үшінші – төрт аяғын буып, аузын 
тұмшаламасаң  ерттетпейді – тебеді,  тістейді;  төртінші – үстіне 
адам мінсе, басын билетпей, тұмсығын төсіне тұқыра тығып алады 
да, орғып тулай береді, мінген адамды жықпай қоймайды. Қанша 
жыл  азаптанып,  үйрете  алмаған  соң,  амал  жоқ,  сатпақшымын. 
Əйтпесе, сатуға адам қияр жылқы емес. 
Балуан  «маған  сат!»  дей  алмады.  Бұндай  аттың  бағасы  кем 
дегенде 40-50 сом. Балуан Шолақта ондай ақша жоқ. Сондықтан 
Неғметжанды сөзбен торлап: 
– Егер біреу осы атыңды үйрете қалса қайтер ең? – деді. 
– Қалағанын берер ем, – деді Неғметжан. 
– Егер аттың өзін қаласа ше?. 
Неғметжан күмілжіп қалды. 
– Біреуге сататын атын қимай ма? – десті тыңдаушылар, Неғ-
метжанның, аузына сөз сап. – Жай бермес, бұлын алып берер. 
– Сөзіңнің сарынын аңғарып отырмын, – деді Неғметжан Ба-
луан Шолаққа, – көңілің кетіп отыр екен. Əйтеуір сататын атым, 
саған-ақ берейін. Ойдағы бағамды да сұрамайын. Менің қолқам –
осыны  өз  көзімше  үйретіп  мін!  Мұның  ең  кем  дегенде  екі  жуан 
аттық  құны  бар.  Егер  үйретсең – бір  аттың  ғана  ақшасын  төле, 
екінші аттың ақшасы – үйреткен еңбегің болсын. Осы атта кетіп 
баратқан  кегімді  əперсең  болғаны.  Расымды  айтайын:  тұлғасына 
қызыққанмен, мінезінен қорқып, базарда ешкім алмады. Осымен 
базарға  үшінші  рет  əкелдім.  Егер  сен  алмасаң,  амал  жоқ,  биыл 
соғымға сойып, басын мүжимін. 

178
–  Бұл  сияқты  аттың  басын  мүжігенше,  өз  басыңды  неге 
мүжімейсің? – деді Балуан Шолақ қалжыңдаған боп. – Мен саған 
мүжітпейін ол басты. Кəне, бұғалық қылатын арқан əкел! 
Арқан  берілді.  Балуан  дамбалдан  басқа  киімін  түгел  шешті 
де, балағын ышқырына түріп, бұғалық таққан құйрықты сүйрете 
ұстап, қабанға шабатын жолбарыстай аяғын еппен басып, үйездеп 
тұрған аттардың Ақбоз жағынан барды. Оң жақ қолының білегіне 
бүлдіргесінен ілген он сегіз таспа жуан қамшы. 
Аттар  оны  абайламай  қалды.  Жақындаған  кезде  аттарды  ол 
дыбыс  беріп  үркітті  де,  қаша  жөнелген  Ақбозға  бұғалық  тастап 
кеп  жіберді.  Мойнына  бұғалық  түскенін  сезген  Ақбоз  қарғи 
кеп  жөнелгенде,  Балуан  Шолақ  жерге  отыра  қап,  жұлқи  тарт-
ты.  Шап шыған  ат  тегеурінді  қолдың  екпінімен  шалқасынан 
түсті.  Ат  түрегелгенше,  Шолақ  сап  етіп  құлағынан  ұстай  алды. 
Ақбоз  алдыңғы  екі  аяғын  ербитіп,  көзі  шатынап  тұра  берген-
де,  Шолақ  құлағынан  төмен  қарай  тұқырта  басып  қалып  еді,  ат 
етпетінен түсті. 
Ақбоз  жанталасып  екінші  рет  тұра  бергенде,  Шолақ  оның 
құлағын босатып, тізесіне төгіле өскен шоқтығына сол қолын орап 
алды да, жұқа шаптан дырау қамшымен тартып кеп жіберді. Бұрын 
етіне бұндай таяқ тиіп көрмеген Ақбоздың жаны ышқынып, орны-
нан тұра, ыта жөнелгенде, Шолақ үстіне қарғып шығып кетті. 
Ақбоздың  мөңкігісі  келді.  Бірақ  аттың  еркіне  Шолақтың 
тегеуірінді  қолы  жібермеді,  бауырын  ала  дыраумен  тартып-тар-
тып жіберіп еді, денесін пышақпен тілгендей болған ат, беталды 
құла  дүзге  көсіле  жөнелді.  Үстіне  жабысқан  «пəлені»  түсіре  ал-
майтынын сезген Ақбоз, жан сауғалап өзенге қорғалайын деп еді, 
жақты қамти мойынға соққан қамшы жазық жаққа бұрып əкетті. 
Ол маңда Шолақ пен Ақбозға қарамаған жан жоқ. Əне жерде де 
шоғыр, міне жерде де шоғыр, бəрінің аузында: 
– Апыр-ай, мынадай да ат үйретімпаз жан болады екен! 
Аздан  кейін  Балуан  Шолақ  атты  билеп  алды.  Ол  қамшымен 
қалай  жасқаса,  жүгенсіз  ат  солай  қарай  шапты.  Бар  шабысымен 
көсіле  сілтеп  жүрген  аттың  үстінде  Шолақ  ойнауға  айналды:  ол 
біресе аттың оң жағынан, біресе сол жағынан қарғып түсіп, қайта 
үстіне шықты, арқасына алақанын тіреп, төбесімен тік тұрды, кей-
де арқаға аяғын басып түрегеп шапты, кейде жаядан сыпырылып 
түсіп, қыл құйрығына жабыса, үстіне қайтадан қарғып мінді. 
Тоғыз  жылғы  ту  аттың  өкпесі  ентікті,  жүрегі  алқынды.  Бар 
денесі отқа қақталған мұз сияқты еріп кеткендей, қара тер шаша-
сы мен иегінен судай сорғалады. Сөйтіп жүріп ат болдырып, ша-

179
быстан  желіске,  одан  аяңға  түсті,  аздан  кейін  сенделіп  тұрды  да 
қалды. 
Балуан  Шолақ  шатырға  жақындаған  жерде  аттан  түсті. 
«Шідер!..» деп айқайлады ол атты мойнынан құшақтап, жағынан 
сипап тұрып. Бір жігіт жүген мен шідер апарып берді. Шолақ атты 
жүгендеп, аяғына өре салды да, басын кекжите тізгінді шоқтығына 
қақтарып, өзі ентелей басып Неғметжанның қасына келді. Ақбоз-
ды  беруін  берем  десе  де,  ішінен  қимаған,  бірақ  уəдені  бұзудың 
орқанын  таба  алмаған  Неғметжан  бұрынғыдай  жайраңдамады, 
өзге көпшілік айтып жатқан мақтау сөздерді айтпады. 
–  Ал,  мырза! – деді  Шолақ,  шатырға  кеп  сусындаған  соң. – 
«Уəде – құдай аты» деген сөзге тоқтаймыз ғой? 
– Солай болады да, – дей салды Неғметжан. 
– Неге күмілжіп айттың? Əлде қимаймысың? 
– Айтқаным айтқан, ат сенікі, егер сыйлаймын десең, өзің біл! 
– Сен олай солқылдама! Қимасаң тартып алмаймын. Не деп сый-
лаймын, саған? Атың аз деп пе? Əлде мұндай ат менің тақымыма 
жақпайды деп пе? Уəде қылған өзің, сөзіңді жұтам десең, мейлің! 
– Ашуланғаның ба, бұл? 
– «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» дейді атаң қазақ. Ашу-
ланып мен сенімен төбелеседі деп отырмысың? Əлде, жалынады 
деймісің? Арымның садағасы кетсін! 
– Бердім, атты! Уəдем – уəде! 
– Тəңір жарылқасын! – деді Шолақ. – Мен құнерездік қыл май-
мын. Қайыр сұрайтын дəрежеге жеткенім жоқ. Қолқамды алдым. 
Ал, енді, менен атыңның толық бағасын ал. Қалағаның сенікі бол-
сын: не астымдағы атыммен 25 сом, не 50 сом сап ақша!.. 
Неғметжан  ақшаны  алмақ  болды.  Балуан  Шолақта 50 сом 
түгіл, 50 тиын да жоғын білетін серіктері, атаулы ақшаны сол ара-
да қалталарынан суырды да берді. 
Ac ішкен соң Шолақ көп кідірген жоқ. Астындағы атының ноқ-
тасын Ақбозға кигізіп, Ақбозды жетекке алып жүріп кетті. 

180
12. ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ 
Қожаның бір қызы бар, аты – Балқаш,
Лебізі кейде шекер, кейде орғаш. 
Жігіттер, қатын алсаң, осындай ал, 
Бота көз, оймақ ауыз, қиылған қас. 
Ахау, Балқаш, əрида, қалқаш-ай! 
(Балуан Шолақтың өлеңінен) 
Ақбоз ат айта қалғандай болды. Семізден жарап, бауыры тар-
тылғаннан кейін, маңайынан өткен кісі оның сұлулығына тоқтап 
қарамай кете алмады. Аяңдаса да, желсе де, шапса да ол алдына 
жылқы  түсірмеді.  Бірақ  Шолақ  оны  «бір  мінгенім – бір  дəурен 
емес пе?» деп бəйгеге қоспады. 
Ақбоз өте мінезді болды: Шолақтан басқаға атпаса ұстатпады, 
Шолақтың қолына құрықсыз тұрды, ерттеулі қалпында қаңтарусыз 
қойса  қозғалмады,  бос  жіберсе  қашпады,  бейбіт  оттамады,  ішін 
жинақ  қалпынан  түсірмеді, «жат,  кел,  бар,  отта,  жуса!»  деген 
сияқты сөздерді ұғып, бұлжытпай орындады. 
Ақбозды  Шолақ  аса  еркелетеді:  мезгілінде  оттатты,  суарды, 
тамағын тəтті ғып берді, денесін кірлетпей күн сайын жуды, жал-
құйрығын  төгілдіре  күн  сайын  тарады,  атасынан  қалған  күмісті 
қалмақы  ер-тоқымнан  басқа  тұрманды  денесіне  жолатпады, 
кекіліне үкі, құйрығына шолпы тақты, мінгенде денесіне қамшы 
тигізбеді.  Солайша  мəпелеген  иесінің  «аяңда,  жел,  жорт,  шап!» 
дегенін Ақбоз тізгінді ұстаудан аңғарды да, бұйрығын қалт етпеді. 
Əсем  Ақбозбен  ел  аралап  думан-сауықпен  күн  кешірген 
Шолақ, бір күні бір ауылда қыз ұзататын тойға кез келді. Ауылдың 
əдетімен,  кешкі  ойында  қыз-бозбала  аралас  отырғанда,  Шолаққа 
ұзататын қыздың қасынан орын тиді. Бұл кезде Шолақ 23-те еді. 
Қасына  отырған  қызға  қараса:  аршыған  жұмыртқадай  аппақ 
жүзді, мөлдір көзді, мінезі ойнақы біреу екен. 
Қызға  қылықты  Шолақ,  шүйіркелесіп  отырып  сырын  біліп 
алды:  ұзатқалы  отырған  күйеуін  менсінбейді  екен,  амалсыз 
барғалы отыр екен. Аты – Балқаш, əкесінің аты – Қожа. 
Балуанның бала жасынан бойына біткен бір мінезі – аяғыштық 
еді. Сол қалпына бүгін де бағып, сырласқан қызының қақпанына 
қалай түскенін аңғарған да жоқ. 
Күйеуіне наразылық зарын айтқан қыз, көз жасын көптен жа-
сыра, Балуанға көрсете маржандай төгіп отырды да, «бүгіндік қана 

181
емес, өмірлік панаңа ал!» деген өтінішін айтты. Ұзақ сырдың аяғы 
серт  байлаумен  тынды.  Уəде – ертең  түнде  қыз  үйінен  ұрланып 
шығады да, екеуі Балуан Шолақтың еліне аттанады. 
Осыған  уəде  байлаған  Шолақ,  күтіп  алмақ  болған  сайға 
ертеңіне ымырт жабыла келді де, қаңтарған атын тізгінінен ұстап, 
жамбастай жатты. Қыздың уəделі кезде келуіне күдігі жоқ ол: 
– Апыр-ау, мен енді үйленем-ау! – деді күліп. 
Ілезде ол күлкіні басқа бір ой басып, Балуан Шолақ тұнжырай 
қалды. 
Ол кездегі ауылдың əдетінде ең алдымен үлкен ұл үйлену ке-
рек. Ендеше, Балуаннан бұрын ағасы Төлебай үйлену керек қой. 
Ол əлі үйленген жоқ. Барлық бөгет – қалыңмал. Балуан орыс се-
лосында жұмыста жүргенде мал басы біраз құралып, Төлебайдың 
қалыңын төлеу үміті бұл үйдің басына орала қалған еді. Қазір ол 
үміт  бұлдырлана  бастады – Балуан  жұмыстан  амалсыздықтың 
күніне  қол  үзген  соң,  үйінің  тоғы  қайта  шайқалып,  қалың  төлеу 
былай тұрсын, күнкөрістің өзі тағы да тақыл-тұқылға айналды... 
Сайда,  түнде,  Балқашты  күтіп  отырып  осы  ойға  шомған 
Балуанның басына үш сұрау туды: 
Бірінші  сұрау – «Төлебайдан  бұрын  қатын  алғаным  ұят  емес 
пе? Əке-шешем не дейді? Ел не айтады?» 
Екінші  сұрау – «Əйел  жігіттің  аяғына  тұсау  дейтін  еді,  сол 
тұсауға өз еркіммен түскенім бе бұл?» 
Үшінші  сұрау – «Ол  біреудің,  біреу  болғанда,  дүмді  байдың 
жесірі, ертең дау болады, мүмкін барымта алуы. Сол дауға қарсы 
тұрар менде күш бар ма, дауды көтерер мал бар ма?» 
Осы ойлардан көңілі толқыған соң оның аттанып кеткісі келді. 
Бірақ  серт  қайда?  Есін  білгелі  екі  сөйлеп  көрмеуінен,  бір- 
беттілігінен бүгін тая ма? «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» емес 
пе? Бір бұзылып дағды алған серт қайтып түзеле ме? Бір өлген ұят 
қайтып тіріле ме? 
– «Бақ түссе маңдайымнан, тас түссе таланымнан», – деді Бал-
уан Шолақ, ойының солқылдақ буынын бекітіп, – тəуекел, шыда-
дым, жеттім сертіме! 
Бойын бекіткен Балуан Шолақ Балқашты асыға күтіп еді, келе 
қоймады...  Шыдамы  тозған  оған  мерзімді  уақыт  əлдеқашан  өтіп 
кеткен сияқтанды... 
Асыққан  Балуанға  жаздың  қысқа  түнінің  өзі  жылдай  болды. 
Егер  бір  қырдың  астындағы  қопалы  көлден  шулап  қасқырлар 
ұлымаса,  не  бұны,  я  басқа  бірдемені  бүрмек  боп  əуреленген 
жапалақ біраз уақыт үстін көлбей жалп-жалп ұшпаса, я əлдене бір 

182
қауіпті  сезгендей,  Ақбоз  пысқырып  елеңдей  бермесе,  бұл  түнге 
шыдау аса қиын еді... 
...Бір кезде, «бақыт жұлдызыңмын» дегендей, жарқырап шол-
пан  туды.  Таңнан  тіл  əкелгендей  самал  жел  жұмсақ  алақанымен 
Балуанды  бетке  сипап,  құлағына  əлденелерді  күбірледі. «Біз  де 
хабаршыңбыз, күткенің кешікпей келеді» дегендей, қараңғы аспан-
да елестеп, сымпылдаған үйректер, қаңқылдаған қаздар ұшты. 
Түн  салмағы  басып  ауырлатқан  денесі  сергіп,  ұйқысы  қанып 
тұрғандай  болған  Балуан  Шолақ  отырған  жерінен  түрегелді  де, 
атын маңдайдан, сауырдан сипап, қасындағы жылжыма бұлақтан 
суарды. Содан кейін, аздап шалсын деп тұсады да, «мұнша кешік-
кені несі?!» дегендей, бір биікке өрмелеп шығып, ауыл жаққа көз 
тікті.  Іле  оның  көзіне  ұшқан  құс,  жортқан  аң  екені  белгісіз,  жер 
бауырлай зымыраған бірдеме ұшырай кетті... 
Күңгірт  сəуледен  көзі  еркін  жете  алмай  қадала  қарап  тұрған 
Шолақтың құлағына аттың дүбірі шалынған сияқтанды. Көп уақыт 
өткен жоқ, біреу ызғытып келе жатыр. 
«Осы болу керек!» – деп, ол төмен түсіп атын тез ерттеді де, же-
тектеп, қайта əлгі жотаға шықты. Күткені келіп қалды – Балқаш!.. 
Қыз  екпінімен  өтіп  бара  жатып,  Балуанды  көрді  де,  қайырылып 
тұра қалды. 
–  Сертіңде  тұрған  екенсің, – деді,  сайға  төмендей  атынан 
түсе қалған қыз Балуанды құшақтай ап, – ризамын. Кешіккеніме 
ренжіме, – деді қыз жаутаңдап, – себебі болды, кейін айтам... Тез 
жөнелейік, қуғыншы келіп қалуы мүмкін... 
– Осындай ерте шақта ма?! 
–  Кеше  күдікті  боп  қалса  керек,  аңду  көбейіп,  əрең  дегенде 
ұрланып шықтым... 
Бұл  кезде  бозара  бастаған  таңның  етегі  жоғары  көтеріліп, 
төңірек  қылаңдана  көрініп  қалған  еді.  Балуан  мен  Балқаштың 
елеңдеген  құлағына  дүсір  естілген  сияқтанды.  Елегізген  олар, 
биіктен бастарын қылтитып қараса, ұбақ-шұбақ қалың қол шауып 
келеді. 
Қыз құп-қу боп кетті. 
–  Сен  сайға  түс  те,  көрінбей  тұр, – деді  сұрланыңқыраған 
Шолақ Балқашқа, – мен жауға қарсы шабайын! 
– Қой, ойбай! – деді кескініндегі қорқыныш үдей түскен қыз. – 
Топырақ шашамысың көпке? Қолыңда қамшыдан басқа қаруың да 
жоқ!.. Одан да, ат жараса, қашып құтылайық! 
– Оның жігіті мен емен! – деді Балуан күліп. – Ертедегі батыр-
лар айтады дейтін еді – «құрулы мылтық, құрсаулы жауға кезіктір» 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет