Issn 1607-2782 Республикалық



Pdf көрінісі
бет6/17
Дата15.03.2017
өлшемі1,83 Mb.
#9918
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

Key  words:  Koken  Batyr  Nazaruly  ,  Aliken  Khan,  Kokand  exploitation,  Russian 
colonization, institute of  batyrs warriors. 
 
Өлкетану  тақырыбының  ең  өзекті  мәселелерінің  бірі  –  тұлғалануға  тікелей 
байланысты.  Өйткені,  өлке  тарихы  көбіне  аңыз-әңгіме,  шежірелік  деректерден 
құралатындығын ескерер болсақ, осы тарих  ғылыми жүйелеуді  қажет етеді.  Өлке тарихы 
көбіне  жеке  тұлғаны  алдыңғы  орынға  шығарады  да,  сол  жеке  тұлғалардың  соңындағы 
халық  таңдау  түскен  тұлғаның  ерлігі,  шешендігі  немесе  билігі  арқылы  танылады.  Бұл 
дәстүрлі тарихи жадымыздағы бір ерекшелік. Интеллектуалды тарих осы мәселелерді жіті 
ескеріп  отырмаған  жағдайда  мифологизация  алдыңғы  орынға  шығып  кетеді  де,  шынайы 
тарих тасада қалады. 
ХІХ ғасырдың екінші жартысы Сыр бойының тарихында тағдыршешті оқиғалармен 
бетпе-бет  келуімен  ерекшеленеді.  Бұл  оқиғалар  қазақ-қоқан,  қазақ-орыс  қатынастары 
түрінде көрініс тапты. Осы этносаяси  үдерісте халық жадында тұлғаланғандардың бірі   – 
Көкен  батыр  Назарұлы.  Ол  қазіргі  Қызылорда облысының  Жаңақорған  атырабында  1775 
ж. туып,  1863  ж.  сексен  сегіз  жасында  қайтыс  болған  [1,  9-б.].  ХІХ  ғасырдың ортасында 
Сыр  бойындағы  Бұхар,  Қоқан  хандықтарының  езгісіне  қарсы  ұлт-азаттық  қозғалысқа 

46 
 
белсене  араласқан  тарихи  тұлға.  Оның  осы  жауынгерлік  ерлігінің  ең  үлкен  маңызы  -  
Қоқан  хандығына  қарсы  Қазақстанның  оңтүстігінде  барынша  шиеленісті  сипат  алған 
1853-1861  жылдардағы  көтерілісте  Түркістан  төңірегіндегі  ру-тайпалардың  батырлары 
мен билерінің, рубасы ақсақалдарының ұйғарымымен Қарабас сұлтанның кіші ұлы Көшек 
ханның  шөбересі  Әликенді  (Әлиакбар,  Шалекен  (т.-ө.  ж.б.))  хан  сайлауға  ықпал  жасауы 
еді.  Өзі  шау  тартқанымен  елдің  бірлігіне  ұйытқы  болған  Көкен  батырдың  бұл  әрекеті 
«бас-басына  би  болған»  сепаратистік  пиғылдан  туған  жоқ,  берекесі  қашқан  елге  басшы 
іздегендік  еді.  Әликен  35  жыл  бұрын  Түркістанды  билеген,  кейін  қоқандықтардың 
аймақты  жаулап  алуымен  биліктен  кетіп,  Бұхарада  қайтыс  болған  Тоғай  сұлтанның  інісі 
болатын. 
Әликеннің  хан  сайлануы  көтеріліске  ұйымдық  сипат  берген.  Оның  қарамағындағы 
елдің  және  әскерінің  негізін  құраған  ру  болғандықтан  Әликенді  кейбір  деректерде 
қоңыраттардың  ханы  деп  те  атайды.  Туған  жылы  белгісіз,  қайтыс  болған  жылы  1859  ж. 
кейін. Билік  құрған  уақыты 1858 ж. мамыр айы  - шамамен 1859-1860 жж. аралығы [2, С. 
95]. 
Әликен-Әліакбар  хан  Қазақ  хандығының  негізін  қалаған  Жәнібек  ханның 
тоғызыншы  ұлы  Жәдіктен  тарайтын  әулетке  жатады.  Әліакбар  ханның  әкесі  ХVIII 
ғасырдың  соңғы  ширегінде  қоңырат  тайпаларын  басқарған  Қарабас  Мұхаммед  сұлтан. 
Әліакбар  ханның  атасы  Сейіт  -  Семеке  ханның  үлкен  ұлы,  Тәуке  ханның  немересі. 
Сейіттің  өзі  хан  сайланып,  1741-1745  жж.  Түркістан  қаласы  мен  оның  айналасындағы 
аймақта билеуші болған. Арғы бабалары – атақты Салқам Жәңгір хан, «Еңсегей бойлы Ер 
Есім» хан. Атақты ақын Майлықожаның мәліметі бойынша «Әліакбар інісі Тоғай ханмен 
атасы бір, анасы басқа болған» [3, 208-б.]. 
Әликен  басқарған  әскер  қоқан  әскерлерімен  бірнеше  мәрте  соғысып,  1858  ж. 
Түркістан қаласын қоқандықтардан азат етуге әрекет жасайды. Жаңа сайланған хан өзінің 
туған  ағасы  Тоғайдың  Түркістанда  хан  болғанын,  қаланы  35  жыл  бұрын  қоқандықтар 
басып  алып  оның  ағасынан  тартып  алғанын  алға  тартып,  Түркістан  қаласын  қазақтарға 
қайтаруды талап етеді. Алайда қаланы тіке басып алуға Түркістан ішінде қазақтың белгілі 
азаматтарын аманатқа алу да кедергі етті. Қоқандықтар Қожа Ахмет Ясауи басына зиярат 
жасауға  келген  қоңыраттың  билері  Қоныс  датқа  мен  Ақсақ  датқаны,  Ұлы  жүзден  келген 
Қарақұл датқаны, қыпшақтың Тубақабыл атты жақсыларын аманат ретінде ұстап отырды. 
Әликен басқарған көтерілісшілер 15 мамырда  қала бекіністеріне шабуыл жасады. Алайда 
қоқандықтар  әскери  тұрғыдан  басым  болды.  Зеңбіректерден  от  шашып  көтерілісшілерді 
атқылап отырды. Қазақ әскері бір айдай Түркістанды  қоршап тұрды. Бірақ оны басып ала 
алмады.  3  маусым  күні  Мырза  Нияз  басшылығымен  Түркістандағы  қоқан  әскері 
қазақтарды  жарып  өтуге  әрекет  етеді.  Алайда  қоқандықтар  үлкен  шығынға  ұшырайды. 
Кейбір  мәліметтерге  қарағанда  қоқандықтар  жағынан    500-800-ге  дейін  адам  шығын 
болады.  1858  ж.  20  маусымдағы  орыс  хабарламасында  «хан  конградский  с  своим 
ополчением  и  стоит  еще  под  стенами  Туркестана»,  яғни  «қоңырат  ханы»  Әликен  әлі  де 
Түркістанды қоршап тұр деген хабар кездеседі [3, 209-б.]. 
Әликеннің Қоқан хандығы мен Ресей отаршылығына қарсы Бұхар хандығымен одақ 
құру  мақсатында  келіссөздер  жүргізуі  оның  қайраткерлігін  танытады.  Ханның  кейінгі 
тағдыры әзірге белгісіз. Мүрдесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. 
Көкен  көшпелі  қоғамда  бүкіл  өмірі  соғыста  өтіп,  әскери  іс  ата  кәсібіне  айналған, 
мемлекеттік билікке ықпал жасаған әулеттер  әскери элитаның өкілі  болатын. Осы  әскери 
элита  көшпелі  қоғамда  соғыс  ісінің  тәжірибесін  жинақтайтын,  әскери  өнерді  дамытып, 
қару-жарақ  жасаудың  құпиясын  меңгеретін,  оны  қолданудың  тәсілдерін  жетілдіретін 
ерекше  әлеуметтік  топ.  Осындай  әлеуметтік  топтың  арасынан  шыққан  батырлардың 
міндеті  -    ел  мен жерді  жаудан  қорғау  болды.  Елі  үшін  жанын пида  еткен  Көкен  сияқты 
батырлардың есімі ұранға айналып, халқы олардың аруақтарына сыйынған. 
Отарлық  езгінің  бұғауында  рулық  бөліністің  әкімшілік  бірлік  ретіндегі  маңызы 
жойылды.  Осыған  байланысты  Ахмет  Байтұрсыновтың  «Россия  қол  астына  кіргенше 

47 
 
қазақтың  тіршілік  істері  ру  ыңғайынша  еді... Малың  рудікі  еді.  Құнды  туысқандары  ғана 
емес, ру болып төлеуші еді. Айыптаса ру болып айыптаушы еді.  Қысқасы, ру намысы, ру 
пайдасы  болып  жоқталушы  еді»  [4,  291-б.]  дегеніндей,  Алтыата  руының  басиесіне 
айналған  Көкен  батыр  Назарұлының  осы  кезеңдегі  атқарған  қызметі  дәстүрлі  қоғамның 
әлеуметтік  талаптарына  сай  өрбіді.  «У  ішсең  -  руыңмен»  деген  қағиданы  басшылыққа 
алған  дала  батырының  жанкешті  әрекеті  отарлық  биліктің  өктемдігіне  жұтылып  бара 
жатқан ұлттық құндылықтарды жанын сала қорғау екендігін танимыз. Осындай әрекеттер 
арқылы шыңдалған қазақ рухы өзінің ұлттық болмысын отарлық езгінің өктемдігіне қарсы 
қоя алды. 
Соңына  ерген  Алтыата  ұрпағы  ғана  емес,  иісі  қоңыраттың,  Жаңақорған-Түркістан 
атырабын  мекендеген  барлық  рулардың  панасы  да,  ағасы  да  болған  батырдың  заманы 
бодандықтың  қамытын  киген  елдің  отарлық  дүлей  күштің  лықсып  келген  толқынының 
ығына  ескен  заман  болды.  Көкен  батыр  «қырын  боп  келген  заманның»  ағысына  қарсы 
тұра алды. 
Атадан балаға жеткен ауызша тарих – шежірелік аңыз, әңгімелердің көпшілігі түрлі 
өзгерістерге  ұшырап,  көз  көргендері  мен  шежірешілердің  өз  тарапынан  алып-қосқан 
ақпараттарын  бойына  жияды.  Айтушысы  мен  жырлаушысы  табылса  ол  аңыз-әңгімелер 
эпикалық  сипат  алып,  батырлар  жырына,  тарихи  дастандарға  ұласады. Көкен  батыр 
жөніндегі  аңыз-әңгімелер  жөнінде  де  осыны  айтуға  болады.  Көкен  батырға  қатысты 
шежірелік  аңыз-әңгімелердің  осындай  желілерінің  мазмұнын,  ондағы  ақпараттық 
қатпарларды  жазба  деректердің  мәліметтерімен  салыстыра  қарастыру  батыр  тұлғасын, 
оның өмірі мен  қызметін  ғылыми тұрғыда  қалпына келтіруге мүмкіндік береді.  Мұрағат 
қорларында  сақталған  Көкен  батырдың  заманына  қатысты  деректерге  сүйеніп,  тұтас 
өңірдің  тарихы  туралы  тың  тұжырымдар  жасалды.  Осы  өңірлік  тарихтың  мазмұнында 
Көкен батыр Назарұлының тұлғасы ерекше. 
Көкен  батыр  Назарұлы  туралы  ең  алғашқы  тарихи  дерек  1838 жылы  қағазға  түскен 
екен.  Орынбор  шекаралық  комиссиясының  мәліметтерінде  Қызылқұмды  мекендеген 
қоңыраттардың  арасында Көкен Назаров дегеннің 200  шаңырақпен көшіп жүретіндігі, ол 
өз  аумағында  Бұхариядан  шыққан  сауда  керуендерінің  қауіпсіздігіне  бақылау  жасайды 
деген  деректер  кездеседі  [5,  л.35].  Ендігі  бір  деректерде  орыс  шенеуніктері  онымен 
жолығып, байланыс орнатуға мүдделі болғандығы жазылады. Сол сияқты Көкен Назаров 
1840 жылы Сырдың оң жағалауында  қоқандықтардың қолына түсіп, тоналған орыс сауда 
керуеніне  қатысты  келіссөз  жүргізуге  көмектесіп,  Түркістан  бегіне  өз  адамдарын 
жұмсағандығы  айтылады  [4,  л.741].  Орынбор  облыстық  мемлекеттік  архивінен  табылған 
осы аз ғана деректердің өзі Көкеннің Жаңақорған атырабында Сырдың екі жағалауына да 
бақылау  жүргізген  беделді  тұлға  болғандығын  айғақтайды.  Ал  Түркістан  өлкесіне 
қатысты  құжаттардың  басым  бөлігі  Өзбекстан  мемлекеттік  Орталық  архивінде 
сақталғандығын ескерер болсақ, осы архивтен де Көкен батырдың  қызметін айғақтайтын 
құнды деректер кездесері сөзсіз. 
Батырлықтың  өзі  бірнеше  сатыдан  тұрады.  Батыр  осы  сатылардың  бәрінен  де  өтуі 
тиіс.  Батыр  болудың  бұл  үдерісі  батырлар  жырында  әдемі  айтылады.  Батыр  күн  сайын 
өседі, әуелі қатар құрбыларының арасына өжеттігімен, қайраттылығымен көзге түседі. Ер 
қаруы  –  бес  қаруды  меңгереді.  Асауды  құрықтап,  ер  қанаты  болатын  тұлпарын  таңдап 
мінеді,  махаббат  майданында  сынға  түсіп,  қыз  жүрегін  жаулап  алады.  Ағайынның 
арасындағы  дауға  төрелік  айтып,  билікке  сыналады.  Жекпе-жекке  шығып,  жанын 
шүберекке түйеді. Қол бастап барып жауын жеңеді. Міне, осы сатылардың бәрінен өткен 
батырды  ел  мойындайды,  халық  таниды.  Батыр  осылайша  ханға  сүйеу,  биге  медет,  елге 
тұтқа мемлекет қайраткеріне айналады. Көкен де батырларға тән осы сатылардың бәрінен 
өткен. Оған қатысты ел жадындағы аңызға бергісіз әңгімелер осылай дейді. Әсіресе оның 
жекпе-жектегі  найзагерлігі  мен  құралайды  көзге  атқан  мергендігі  ерекше  аталады. 
«Көкжал  Көкен  батыр»  атандыратындай  «желкесінде  жалы  бар  еді»  деген  деректер 
батырдың эпикалық тұлғалануының бір көрінісі еді. Ат жалын тартып мінгенінен Қоқанға 

48 
 
қарсы  күреске  елді  ұйыстыруда  Әликенді  хан  сайлап,  оның  ақылманы  болғанға  дейінгі 
ұзын  сонар  мемлекетшілік  эпопеясында  Түркістан-Жаңақорған  атырабында  Көкен 
Назарұлы дәстүрлі батырлардың соңы болса, дәстүрлі биліктің соңғы ханы болу Әликенге 
бұйырған сыңайлы. Заманы бір тағдырлас тұлғалар тарих алдында құрбандыққа шалынған 
малдың тұяқ серпігеніндей деп бағалауға болатын өз миссияларын атқарып кетті. 
Тұяқ  серпудің  мәнісі  -  Көкеннің  заманы  «Елдің  басынан  бақ-дәулет  ұшқан  заман 
еді».  Қазақ  хандығының  бұрынғы  күш-қуаты  сарқылып,  қуатты  көрші  мемлекеттердің 
саяси-экономикалық  ықпал  аймағына  айналды.  Айтқаны  екі  болмайтын  хандардың 
дәурені өтті, қас дұшпанымен жекпе-жек шығып, ашық шайқасатын батырлардың мәрттігі 
келмеске  кетті.  Көкеннің  заманы  бұқпантайлап  келген  жаудың  аңысын  аңдып,  бұқпалап 
соғысуға  мәжбүр  етті.  Қарағай  найза,  қайың  садақты  от  шашып,  оқ  құсқан  зеңбірек  пен 
мылтық  ығыстыра  берді.  Дәстүрлі  қоғамда  батырлығын  мәрттікке  жалғаған  қазақ 
батырын  орыс  отаршыларының  шала  мас  солдаты  жалғыз  оқпен  жайрататын  күн  туды. 
Осындай  жағдайда  елі  мен  жерін  қорғап,  батыр  атанған  Көкен  сияқты  батырлардың 
қызметін  бағалауға  жаңа  көзқарас,  тың  таным  қажет.  Олай  дейтініміз,  батыр  -  қандай 
жағдайда да батыр болып  қала бермек. Көкеннің  батырлығы үлкен  ұрыстарда  қол бастап 
жауға  шапқан  батырлық  емес,  соғыс  өнерінің  тактикасы  өзгеріп,  соғыс  құралдары 
жетілген кезеңдегі оңтайын тауып, орайын келтіріп, ел мен жерді  қорғаған жаңа сипатты 
күрестегі батырлық деп бағаласақ керек. 
Батырлық  пен  қаһармандық  бір  күн,  бір  сәтте  даритын  қасиет  емес.  Оны 
қалыптастыратын  көшпелі  қоғамның  өзіндік  дәстүрлер  жүйесі  бар.  Бұндайды  дана 
халқымыз «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп тұжырымдаған. 
Көкенге 
де 
батырлық ата-тегінен дарыған қасиет. Самарқанд қаласында жаужүрек ерлігімен танылған 
бабасы Кейден мен өз әкесі Назардың аралығында Сырғақ пен Тәукебай, Қазы мен Мәмек, 
Тайлақ  пен  Нияз  сияқты  батырлардың  ерлік  өнегесі  -  бір  әулеттің  ғана  емес, тұтас  елдің 
мақтанына  айналды.  Көкенді  батыр  еткен  берісі  осы  өскен  ортасы,  батыр  бабаларының 
өнегесі  болса,  әрісі  қанына  сіңген  дұшпанға  бас  имеген  ұлттың  өршіл  рухы.  «Назардың 
тоғыз  баласы  тізе  қосып  тиіскенде  жау  аман  қала  ма»  деген  де  сөз  бар  көнеден  жеткен. 
Демек, Көкен батыр – «жауға шаптым ту байлап» дейтін батыр елдің перзенті. 
Абылайдан соң хандық биліктің іргесі сөгіліп, отарлық басқыншылық күшейе түскен 
кезең  өмірге  бұрынғы  батырларының  сарқынындай  болған  Көкен  батыр  сияқты  тұлғалы 
азаматтарды  дүниеге  әкелді.  Тағы  да  оларды  жаудың  өтіне  қойды.  Көкен  батырдың 
пешенесіне  жазылған  батырлық  Бұхар  мен  Қоқан  басқыншылығына  қарсы  күрес  болды. 
Ендігі жердегі күрес елдің бірлігінен бұрын тірілігін сақтауға ұласты. Бұл жағдай әр ру, әр 
тайпаның өз жері, өз елі үшін отаршылармен бірде қату, бірде тату тіршілік етуі еді. Саяси 
биліктен  айрылған  елдің  бытырыңқы  ахуалы  осылайша  өңірлердің  өз  тіршілігін  өзі 
қамдаған жанкешті әрекетіне ұласып, ұсақталып бара жатты. 
Оңтүстіктегі  көтерілістің  басылмауынан  қауіп  ойлаған  Түркістандағы  Қоқан 
билеушісі  Мырза  Нияз  көтерілісшілермен  ымыраға  келу  үшін  қарамағындағы  қоңырат, 
қыпшақ,  бестамғалы  руларына  шариғат  заңына  сәйкес  қысым  көрсетілмейтінін  және 
оларға рақымшылық жасалатынын хабарлайды. Өгей шешесіне үйленгендігі үшін Мәдәлі 
ханның  өзі  кәпір  деп  жарияланып  отырғанда  оның  өкіліне  көтерілісшілер  қайдан  сене 
қойсын?  Көтерілісшілер  бұған  жауап  ретінде  Түркістанды  билеуге  өздері  хан  сайлаған 
сұлтан Әликен Қарабасовтың толықтай құқы барын және Мырза Нияздың биліктен кетуін 
талап еткенімен олардың талабын Қоқан билеушісі қабылдамайды [6, 187 п.]. 
Көкеннің  Айтөре,  Жантөре,  Әбді,  Бекжігіт,  Аманжол,  Күзербай,  Қыйлыбай  атты 
жеті  ұлы  болған  [1,  128-б.].  Осы  балаларының  арасында  билікке  араласып,  танымал 
болғаны Жантөре еді. Ол  Қоқан хандығынан датқа шенін алған қоңыраттың санаулы игі-
жақсыларының  бірі.  Оның  есімі  орыс-қоқан  қатынастарына  қатысты  құжаттарда  жиі 
аталады. Сондай құжаттардың бірінде жергілікті тұрғындардың наразылығы өршіп тұрған 
1859  жылы  Түркістандағы  Қоқанның  бегі  Рүстембек  Перовскіге  бағынышты  Жантөре 
датқа  басқарған  қоңыраттың  көтенші  бөлімінің  ауылдарына  шабуыл  жасап,  жылқы, 

49 
 
түйелерін барымталаған және осы жорықта бірнеше адам  қаза тауып, жарақат алғандығы 
жазылған  [7,163  п.].  Негізінен  қазіргі  Жаңақорған  атырабындағы  руларға  шабуыл 
жасағандар  орыс  отаршыларына  қарсы  қозғалыста  қоқандықтардың  жағында  соғысқан 
Қасым  төренің  ұрпақтары  болатын.  Олардың  әскерінің  бір  бөлігі  Сарықұдықта  қалса, 
келесі  бөлігі  Сауран  түбіндегі  қоңырат  руының  ауылдарына  шабуыл  жасап,  мың  түйе 
барымталаған.  Осы  шабуыл  барысында  Жантөре  бастаған  қоңыраттар  қуғынға  түсіп, 
нәтижесінде 20-ға жуық адам қаза табады [8, 330 п.]. Осы шайқасқа Көкен батырдың өзі 
қатыспағанымен  малы  барымталанған  оның  қарамағындағы  елден  Көкеннің  ұлдары 
Айтөре,  Жантөре,  Әбді,  Бекжігіт,  Аманжол,  Күзербай,  Қыйлыбай  бастаған  жігіттер 
Сыздық Кенесарыұлының қарауындағы қоқандықтар әскерімен аяусыз шайқасады. 
Қоқан  хандығының  өз  ішіндегі  билік  үшін  ішкі  таластар  және  хандықтың  Бұхар 
әмірлігімен бірнеше жылдарға созылған аймаққа ықпал жасау үшін жүргізген соғыстары, 
Сыр  бойындағы  қоңырат  пен  бестамғалы  руларының  арасында  орын  алған  қақтығыстар 
орыстардың  аймақты  күшті  қарсылықсыз  отарлап  алуын  мүмкіндік  берген  еді.  Содан  да 
Сырдың  жоғары  ағысындағылар  көтерілісті  жалғастырып  жатқанда  Жаңақорған 
маңындағы қоңыраттар аймақтың Ресей ықпалына  өтуінен кейін  қоқандықтардың  немесе 
бұхарлықтардың  ықпал  аймағына  көшу,  көшпеу  мәселесін  талқылаған  билер  кеңесін 
өткізді.  Олар  қоңыраттың  бірнеше  ықпалды  билерін  орыстарға  аттандыру  арқылы, 
олардың ықпал аймағында кедергісіз көшу құқын алу үшін түтін салығын төлеуге міндет 
алады  [9,  34  п.].  Осы  билер  кеңесіне  қатысқан  Көкен  батыр  бастаған  ықпалды  батырлар 
мен  билер  Қоқанның  билігінен  біржола  құтылу  үшін  орыстардың  көмегіне  сүйену 
керектігіне бәтуа жасайды. 
Батыр өз халқын қалай сыйласа, халқы да оған солай құрмет көрсеткен. Көкеннің өз 
кезінде  етене  араласқан  тұлғаларының  бірі  Айқожа  ишан  Темірұлы  (1773-1857)  еді.  Ол 
Сыр  бойындағы  елдің  мәдени-рухани  өміріне  дем  берген  діни  элитаның  көрнекті  өкілі 
болатын.  Орта  Азиядағы  үлкен  діни  орталық  -  Бұхарада  білім  алып,  оқуын  Ауғанстанда 
жалғастырған Айқожа туған топырағына оралып, Сыр бойындағы ата қонысы Жаңақорған 
өңiрiнде мешiт салып, медресе ашып, діни ағартушылықпен айналысқан. Осы төңіректегі 
қоңырат  тайпасымен  қатар  Орта  жүз  руларының  да  ата  піріне  айналған.  Айқожа  өз 
заманында  ғұлама  діндарлығымен,  елдің  саяси-рухани  өміріне  белсене  араласқан 
қайраткерлігімен  танылған.  Бұхарада  қатар  білім  алған  замандастары  Керей  Марал  ишан 
Қармақшыда,  Құлболды ишан Тереңөзекте,  Қосым ишан  Қазалыда отарлыққа қарсы  ұлт-
азаттық қозғалыстарға дем берген тұлғаларға айналса, Көкен батыр Назарұлы мен Айқожа 
ишан Темірұлы Жаңақорған-Түркістан атырабында осындай тарихи жағдайда бір-бірімен 
етене араласқан, тізе қосып ел басқарған. 
Ел  аузында  айтылып  жүрген  Көкен  батыр  мен  Айқожа  ишанның  арасында  орын 
алған түсінбеушілікті сол қоғамдағы саяси шиеленістің көрінісі деп бағалағанымыз дұрыс. 
Ол  түсінбеушілік  аңызда  айтылатындай  жеке  бастың  өкпе-реніші  емес  еді,  оның 
астарында  үлкен  әлеуметтік  мәселелердің  сорабы  жатқан  болатын.  Елі  «пірім»  деп  қол 
берген  ишанмен  түсініспеушілікке  осындай  белгілі  бір  саяси-әлеуметтік  негіз  болғаны 
даусыз.  Батырлық  тек  көзжұмбай  ерліктің,  қара  күштің  ғана  белгісі  емес.  Ол  – 
адамгершілік  пен  ақыл-парасаттың  да  өлшемі.  Мәрттік  пен  жомарттықтың  да  биігі. 
Көкеннің  ата  пірінен  кешірім  сұрап,  бітім-батуаға  келу  әрекеті  батырға  тән  мәрттік  деп 
бағаланса керек. 
Бұл  жердегі  түсінбеушіліктің  саяси  астары  Айқожаның  бәрін  де  бір  Аллаға 
тапсырған  тағаттылығы  мен  елжанды  Көкен  батырдың  отаршылардың  қысымы  мен 
қорлығына  төзбеген  өршіл  рухында  жатқандығында  екендігіне  көз  жеткіземіз. 
Шариғаттың  үкімімен  барға  қанағат,  жоққа  сабыр  етуге  болар.  Бірақ  өңмеңдеген 
дұшпанның зорлығы мен қорлығына бас иіп, қол қусырып, қарап отыруға бола ма? Көкен 
батырдың  қас  дұшпанына  аяусыздығы  мен  «Алаш  деп  ұран  салмаса,  атаң  да  болса  ұрып 
жық»  деп  дегеніне  көнбей,  ұлттың  мүддесінен  қия  тартқан  ағайынға  қаталдығы 
Айқожаның  елді  имандылық  пен  тағаттылыққа  шақырған  ұстанымына  қайшы  келген 

50 
 
сыңайлы.  Мысал  үшін  айтар  болсақ,  Кене  ханның  да  көтеріліске  қосылмай,  орыс 
отаршыларына  бүйрегі  бұрған  қандастарына  қатал  болғаны жасырын  емес  қой. Тарих  ол 
үшін Кенесарыны айыптамайды. 
Көкен  батырдың  өршіл  рухы  мен  Айқожа  ишанның  биік  парасаты  екі  тұлғаның 
бітіспес  қайшылығы  емес,  керісінше  бодандық  психология  тудырған  қарама-қайшылық 
бірлігінен  сомдалған  дүнияуи  біртұтас  болмыс.  Содан  да  Көкен  мен  Айқожа  тұлғасын 
бодандықтың  қайыс  ноқтасына  маталып,  екіұдай  халге  түскен  ұлт  рухының  тұтас  бітімі 
деп танимыз. Олжас Сүлейменовтің «Тауларды аласартпай даланы асқақтату» қағидасына 
жүгінсек  Көкен  батыр  мен  Айқожа  ишан  –  кемшіліктерімен  де,  жетістіктермен  де, 
ұлағатты  өнегесімен  де  бірін-бірі  толықтырған,  бірінсіз  бірі  толық  таныла  алмайтын  өз 
заманындағы әлеуметтік симбиоздың жарқын мысалы. 
Мың  жылдарға  созылған  қазақтың  дәстүрлі  қоғамы  отарлық  биліктің  боданына 
түсумен  аяқталды.  Енді  жаңа  заман  орнады,  жаңа  заң  орнықты,  жаңа  тұрпатты  адамдар 
тарих  сахнасына  шықты.  Көкен  мен  Айқожаның  заманы  келмеске  кеткен  дәстүрлі 
қоғамның  соңы  болатын.  Солай  дегенмен,  олар  өздерінің  пешенесіне  жазылған  тарихи 
миссиясын  атқарып  кетті:  бірі  тәуелсіздікке  ұмтылған  ұлттың  өршіл  рухының  өнегесін 
қалдырса,  екіншісі  имандылыққа  ұйыған  елдің  биік  парасаты  мен  тағаттылығын  бүгінгі 
ұрпаққа  өнеге  етіп  қалдырыпты.  Осы  тұрғыда  бағалар  болсақ,  Жаңақорған-Түркістан 
атырабындағы  дәстүрлі  батырлардың  соңы  – Көкен  батыр  болса,  батырлық институттың 
өнегесін жаңа қоғамға ұластырған батырлардың алғашқысы да Көкен. Айқожа ишан да өз 
кезегінде  дәстүрлі  қоғамдағы  діни  элитаның  осы  атыраптағы  соңғы  өкілі,  әрі  жаңа 
қоғамдық-саяси  қатынастарға  бейімделген  діни  элита  өкілдерінің  алғашқысы  болды. Бұл 
мәртебе  –  ұрпақтан-ұрпаққа,  заманнан  заманға  ауысқан  осындай  дәстүр  сабақтастығы 
Көкен батыр мен Айқожа ишан сияқты тарихи тұлғалардың пешенесіне бұйырған бақ. 
Тәуелсіздік жылдары ел  қорғаған батырлардың қатары толыға түскенімен есімі осы 
күнге  дейін  елеусіз  қалып  келе  жатқандары  аз  емес.  Батырлардың  бәрін  Қанжығалы 
Бөгенбай,  Қаракерей  Қабанбай,  Шапырашты  Наурызбайлардың  өлшемімен  бағалау 
бекершілік  болар.  Ал  қазақтың  қолын  басқарған  қолбасшылардың  соңында  жүздікті, 
мыңдықты  басқарған  жүздеген,  мыңдаған  батырлар  -  қазіргі  ұғыммен  айтсақ  офицерлік 
корпус  тұрған  жоқ  па  еді?!  Әр  рудың  әскерін  басқарған  батырлардың  есімдері  сол 
рулардың  жауынгерлік  ұранына  айналып  жатты.  Осы  тұрғыдан  алып  қарағанда  ХІХ 
ғасырдың  ортасында  есімі  рулар  бірлестігінің  жауынгерлік  ұранына  айналған 
батырлардың соңы Көкен Назарұлы болып шығады. Есімін ұран етіп алу – ол батырларға 
берілген  халықтың  марапаты,  наградасы  болатын.  Демек,  батырлардың  танымалдығын 
олардың  есімінің  ұранға  айналуына  қарай  бағаласақ  та  жазба  дерегі  жұтаңдау 
тарихымызда көп нәрсе айқындала түсер еді. 
Көкен  батыр  Назарұлы  көзсіз  ерлігімен,  жаужүрек  батылдығымен  қол  бастап  елін, 
жерін  жаттан  қорғады.  Осы  ерлігінің  өнегесі  оның  есімін  Алтыата  руының  жауынгерлік 
ұранына  айналдырды.  Осы  бір  дәйектің  өзі  Көкен  батыр  Назарұлының  қалың  бұқара 
арасынан  шығып,  елдің  құрметіне  бөленердей  қызмет  еткенінің  айғағы.  ХVІІІ  ғасырдың 
соңы  –  ХІХ  ғасырдың ортасында  туған  жерін  жат  жерлік  басқыншылардан  қорғап,  ерлік 
пен  елдіктің  үлгісін  танытқан  Көкен  батыр  Назарұлының  өнегесі  тарихи  бағасын  алып, 
бүгінгі ұрпақтың санасында тұлғалануы керек. 
 
Әдебиеттер: 
1.Байтұрсынов,  А.   Ақ  жол  :  Оқу  құралы.  -  Алматы:  Жалын, 1994.  –  464  б.;
 
22  см.: 
ISBN 5-1258--4227-6; 50000 дана. 
2.Ерофеева  И.В.  Казахские  ханы  и  ханские  династии  в  ХVІІІ  -  середине  ХІХ  вв.  // 
Культура  и  история  Центральной  Азии  и  Казахстана:  Проблемы  и  перспективы 
исследования.  Материалы  к  Летнему  Университету  по  истории  и  культуре  Центральной 
Азии  и  Казахстана  (4-23  августа  1997  г.).  -  Алматы,  1997.  –  297  с.;
 
22  см.: ISBN  5-7975-
0223-2;  50000 экз. 

51 
 
3.Қазақ  хандары.  Энциклопедиялық  анықтамалық  жинақ.  /  Жауап.:  ред.  М.Қожа, 
Х.М.Тұрсын.-  Алматы:  "Қазығұрт"  баспасы,  2015.-  224  б.:  60х90.  (Қожа  Ахмет  Ясауи 
атынд. Халықаралық қазақ-түрік унив-ті; Түркология ғылыми-зерттеу инст-ты); ISBN 978-
9965-22-498-0:  1000 дана 
4.Шалысбайұлы Н. Ата-бабаның ауызша шежіресі. –Алматы: Жазушы, 2000. - 127 б.; 
22 см.: ISBN 5-2727-3489-1;  50000 дана 
 
 
 
ӘОЖ:323.32(049.3)(574) 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет