ДИДАХМЕТ ӘШІМХАН ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ СЮЖЕТ ЖӘНЕ ХАРАКТЕР
Бахи Алтынай
Ғылыми жетекші: Кажибаева Г.К., филология ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Көкшетау қ.
altynajbahi@gmail.com
Қазақ әдебиетінде ойып алар орны, қайталанбас өзіндік жазу мәнері бар тұлға –
Дидахмет Әшімханұлы. Оның әңгімелері оқырманға терең ой салады, үлкен әсер етеді. Ол өз
әңгімелерінде ұлт мүддесі мәселелерін көтерді. Жазушы қаламынан туған шығармаларынан
ұлттық характер көрініс табады.
Характер – адамның өмірге деген дүниетанымы, өзіндік көзқарасы, мінезі. Дидахмет
Әшімханұлының шығармаларындағы характерлер – қазіргі заманның кейіпкерлері. Мәселен,
ана тілі тақырыбында жазылған «Тасқала» әңгімесінде замана шындығын ащы бейнелейді.
Әңгіменің сюжеті тіпті қызық. Ауылдан қалаға келген Сәнтай адасып қалады. Бірақ
айналасында жүрген адамдар оның қазақша айтқанын түсінбейді. Қалада тентіреп, ата-әжесін
сағынған, үйге асыққан балаға неше түрлі адамдар кезігеді. Санада бірден «ауыл баласы неге
жалғыз сорлап жүр, ол мұндай халге қалай жетті, неліктен Тас қала?» деген сұрақтар
туындайды. Адасып келе жатқан Сәнтай қаланы былай бейнелейді:
«.Сондағы жұмақтай көрген қаласының сиқы осы ма? Бәрі сұрғылт, бәрі сұсты, «Тас»
қала десе, тас қала екен. Бензин иісі мүңкіген көшесі де, біріне-бірі мінгескен биік үйлері де,
жапыраған шаң басқан ағаштары да, тіпті екі иықты басып тұрған аспандағы бұлттары да –
сұп-сұр. Неге екені белгісіз, күн кешкірген сайын адамдардың бет-жүзі де Сәнтайға бір түрлі
сұрғылт, сұсты көріне түскендей...» [1; 76-бет]
Сәнтай бала әбден қалжыраған. Оның адасуы – ұлттың адасуы. Бала қаланы жат санаса,
қала баланы жатсынады.
Келесі сюжетте жазушы этнодеталь ретінде «қара сақал» мен «көк тақияны»
пайдаланады. Сәнтайдың алдынан қара таяқпен шыққан атаның кенеттен «-Ты че, слепой что-
ли!» - деп қырылдағаны жүрекке тиеді. Осы бір сәттен ұлтсыздану мәселесін көруге болады
әрі жазушы қала мен ауылды Сәнтай көзімен сипаттайды. Бала кейіпкер жай қалаға емес,
орыстанған қалаға келді десек болады. Екінің бірінің қатынас тілі – «Че?». Оқиға Тасқаладағы
тасбауыр адамдардан қол ұшын сұраған балаға Кирилл – орыс қариясы көмектесуімен
аяқталады. Қорытындыны автор оқырманға қалдырады.
Бүгінгі ұрпақ қамын ойлап жазған туындыларының енді бірі – «Жынды жел». Жазушы
Қазақ елінің басындағы жағдайды Алас деген тайпаның тарихын баяндау арқылы аңыз түрінде
береді. Ынтымағы жарасқан Алас тайпасын құртуды ойлаған көрші үш – Орман, Обыр, Жебір
тайпалары түрлі айла-тәсілдермен ұмтылады. Орман тайпасы жындысумен, Обыр тайпасы
алақандай айнамен алады. Жебір тайпасы болса, қардай аппақ әйелді жібереді.
«.Балалар әке-шешесімен емес, қолдарындағы айнамен сөйлеседі. Олардың не деп
отырғанын ешкім түсінбейді. Тілдері басқа болады. Осының бәрін көріп-білген тайпа
ақсақалы: – Бұлар енді тірі өлік. Тайпаның күні батты, – дейді күңіреніп. Бұл оның соңғы сөзі
болады» [2, 39-бет].
Көріп отырғанымыздай, әңгімедегі сюжеттік көрініс – дәл бүгінгі таңдағы ұялы
телефон, интернет. Таңнан кешке дейін адамдар алақанын сипап жүре береді.
Жебір тайпасы жіберген әйелдің тарихы да қызық. Ол әйел Алас тайпасының әйелдері
арқылы айтқанын істетіп, іргені ашып, киіздерді кесіп, тұс-тұстан тесік жасау керектігі, сонда
ғана желге де, жарыққа да қарық болатындығы туралы ақыл береді. Сөйтіп, «Мал бағусыз,
әйел қараусыз қалады». Ұлт болашағы – әйелдің қолында. Әйел тозса – ұрпақ азады.
Әрі қарай жазушы «Бала-шаға күндіз-түні алыстағыны алақандағыдай көрсететін
ғажап айнаға қарайды да отырады! Ал ол не көрсетпейді десеңші! Жалаңдаған пышақты, жын
қаққандай биді, құтырынған күйді, бәрін-бәрін көрсетеді шіркінің. Оны көрген қыз-жігіт
76
тепең-тепең етеді» дейді. Мұнда жынды желдей елге келген музыкалар айтылған. Қазақтың
ән-күйлері шетте қалып, жастардың шет елдерге еліктеуі бейнеленген. Б.Момышұлының
сөзімен айтсақ «Қазақтың әні мен күйін естімеген ұрпақ -керең ұрпақ».
Бұлардың ізін ала, әдебиетке түрлі ағым, бағыттар келді. Жазушының сөзімен айтсақ:
«Модернизм, постмодернизм ағымымен жазып жүргендерден мен бір-ақ нәрседен қорқамын.
Ол – адам үлкен ой айтамын, әлемдік әдебиет не жазса, соны жазам деп жүргенде, ол тек
мимен, баспен ғана жазады. Жүрек көбінде оған ілесе алмай, қосылмай қалады. Жүрек
қосылмаған жерде, сезім болмайды, шығарма күшпен жазылады. Әдебиет – сезімнің дүниесі.
Сезім болмаған жерде әдебиет болмайды. Оның үстіне күшпен жазылған шығарманың тілі де
қасаңданады» [3, 79-бет].
Қоғам ғылыми-техникалық процесс, яғни ғылыми технология дамуының теріс
ықпалына тәуелденді, ой-өріс тарылды, ұлттық құндылықтар, әдебиет, мәдениеттің барлығы
сырт қалды, қазіргі ұрпақта патриоттық рух әлсіреді. Қоғам «алақандай айнаға» табынып,
мәңгүрттенудің аз-ақ алдында тұр. Айналаның бәрі – тасқын. Оның қандай тасқын екені
жоғарыда санамалап берілді. Ұлттық тәрбие де соның астында қалды. Сол тасқынның, жынды
желдің жетегінде жүрген жастардың жайы, ұрпақтың қамы не болады деген ой тастайды.
Жазушының жеткізбек болған негізгі идеясы осы. Сан қилы тағдырды бастан өткеріп, ата-
бабаға арман болған тәуелсіздікке арып-ашып әрең жеткенде, жаһандану үрдісінің құрбаны
болып бара жатқан бүгінгі жай-күйіміз мынау. Жазушыны ұлттың осындай жайы қатты
толғандырған. Д.Әшімханұлының «Жынды желі» – бүгінгі ұрпақ қамын ойлаған ескертпе
әңгіме болмақ.
Қазақы руханиятты бейнелеген келесі бір кесек туындысы – «Жер аңсаған Сарыатан»
деп аталады.
Сюжеттік желі Есбергеннің Қожыққа мынадай әңгіме айтуынан басталады: «Әкемді
ойладым...Өлерінен бір жыл бұрын Метрейдің үйіне келген орыстармен карта ойнап,
астындағы күмістелген ерін, аяғындағы әмірқан етігін ұттырып алып, кейін қатты қапаланып
еді. Сонда аяғына шәркей киіп отырып: «Ерден айрылдым – жайдақ болдым, етіктен
айрылдым – маймақ болдым, жерден айрылдым – бейбақ болдым. Сірә, мен оңбайтын
шығармын дегені, бүгін тақымым қажалып, құйрығым ойылып келе жатқанда есіме түсті.
Таңертең жолға шықпай жатып, ерім сынды. Бұл жақсы ырым болмас, аға. Сосын ... ата-баба
жерін тастап кетсем – мен де оңбайтын шығармын.Ұлықсат берсең, мен кейін қайтайын, аға»
[4, 112-бет]. Осы мәтіннен Есбергеннің Қожықты жанына тартып, онымен туыстық қатынасы
жоқ болса да, туғанындай көретінін аңғарамыз. Қазақ халқының бауырмалдық, кеңпейіл
мінезін Дидахмет Әшімханұлы осы характер бойынан танытқандай.
Ұрпағы азған, әйелі тозған өткен шығармамен сюжеті ұқсас осы туындыда да Ғазиза
сынды қазақ әйелінің характері ақкөңіл, ұяң мінезі ашылған. Есберген мен Ғазизаның өмір
тіршілігінен автор қазақтың қарапайым барға қанағат, азға сабыр етіп өмір сүретін
қарапайымдылығын көрсетеді. Есбергенге жар болған Ғазиза үйінің кем-кетігін түзеп,
ошағының отын сөндірмеген. Қазақи тұрмыста әйелдің орны ерекше екені белгілі, онсыз
отбасының жылуы болмайтыны да рас.
Сюжеттік желінің ары қарай өрбуі – үйге Ақсопы шалдың келуі. Ғазиза мен
Есбергеннің араларында бала болмауы, осы дәруіш шалдың келуімен нәтижесінде ұлды болуы
– қазақ халқының кез-келген қонақты сыйлауын көрсетеді. «Қырықтың бірі – қыдыр» деп
бекер айтылмаған. Қазақ халқында осындай әулиелер көп болған. Оларды кездестірген жандар
елдің берекесі, құты деп санаған. Есберген мен Ғазизаның бойынан қазақтың қоңыр, қонақжай
мінезін байқаймыз.
Шығарманың ең негізгі тақырыбы – туған жер, Отан. Елде аштық жайлап, ел ауған
шақта Есберген Қытай жеріндегі Көкен тауға қарай қоныс аударады. Сол уақыттан бері туған
жерін аңсап, бір көрсем екен деген тілегі ойларынан шыққан емес.
«Түнде адам не көреді. Есімде қалғаны – ар жағынан со тауға жеткенімізде артымызда
күн қып-қызыл болып батып бара жатқан. Одан бергінің бәрі қараңғы ғой... Айтпақшы, бүгін
түсімде Мойылдысайды көрдім. Өзің айта беретін әлгі Бұқтырманың жағасындағы
77
Мойылдысай ше... Сайдың ішінде сарқырап өзен ағып жатыр екен деймін. Сен өзен
жағасындағы бір түп мойылдың уылжыған қап-қара жемісін ат үстінен үзіп жеп тұр екенсің.
Маған да бір сабағын әперші деп жатып оянып кеттім» [4, 221-бет] – деген жолдардан
Ғазизаның да сағынышын байқаймыз.
Келесі характер – Қожық. Қазақтар «тектіден текті туады» деп білген. Қаншама жыл
Есбергенге қол бала болып жүрген ол, шығарманың соңында өзінің текті адамның ұрпағы,
тұяғы екенін танытады.
Таудан аққан тас бұлақ,
Тасты құяр теңізге,
Жақсыдан жаман туса да,
Жаманнан жақсы туса да,
Тартпай қоймас негізге, – деп әр қазақтың тегіне тартып туатынын данышпан жырау
Бұқар айтып кеткен. Осы секілді, Қожық та өз тегіне тартып туған текті атаның баласы. Әкесі,
Сейдалы жас күнінде сері, ақын болып, елді шулатқан адам болған екен.
Шығарманың өн бойындағы қазақы қасиет көрініп тұрады. Қай кейіпкердің бойынан
болмасын, қазақы сипат, қазақы қарапайым мінезді көре аламыз. Қазақ деген өте ырымшыл
халық. Бұл жағы да шығармада қалыс қалмай, айтылады. Мысалы, Есбергеннің Қожықты
ырымдап асырап алуы және де ол аңнан келгенде мама ағаштың құлап қалғаны, алыс сапарға
аттанарда Қожықтың ерінің сынып қалуы сияқты жәйттер сюжеттің көрінісі.
Кез келген ұлттың толыққанды ұлт болып қалыптасып дамуы үшін оның ұлттық
санасы, ұлттық құндылығы және ұлттық мүддесі болуы керек. Сол мүдделерді сақтау – біз
сынды жастардың міндеті. Тәуелсіздігіміздің баянды, елдің мәңгі, ұрпақтың зиялы,
болашақтың айқын, келешектің кемел болуы үшін ең қажетті саналатын дүниелердің бірі де
бірегейі – ұлтымыздың құндылықтары. Дидахмет Әшімхан әңгімелерінің қай-қайсысы
болмасын тұнған ұлттық менталитет, ұлттық мінез, қазақы тәрбие.
Әдебиет
1. Әшімханұлы, Д. Көптомдық шығармалар [Мәтін] / Д. Әшімханұлы. - Астана : Нұра-
Астана, 2015-2016.
Т. 1 : Тасқала : повестер мен әңгімелер. - 2015. - 480 б.
2. Әшімханұлы, Д. Шығармалары [Мәтін] / Д. Әшімханұлы; Шығыс Қазақстан облысының
әкімдігі. Т. 1 : повестер мен әңгімелер. - Астана : Фолиант, 2011. - 392 б. - (Мәдени мұра)
(Алтай-Ертіс кітапханасы). - Мазмұны: Жер аңсаған Сарыатан ; Он бірінші күз ; Босаға :
повестер.
3. Ашимханулы Дидахмет [Текст] // Литература Казахстана : энциклопедический
справочник. - Алматы: Аруна : Қазығұрт, 2010. - С. 88.
4. Әшімханұлы, Д. Шығармалары [Мәтін] / Д. Әшімханұлы; Шығыс Қазақстан облысының
әкімдігі. Т. 1 : повестер мен әңгімелер. - Астана : Фолиант, 2011. - 392 б.
Достарыңызбен бөлісу: |