190
мысалдарына ерекше назар аударады. Олардың аудармалары Ы. Алтынсарин
мен А.Байтұрсыновтың, А.Е.Алекторовтың хрестоматияларында, «Дала
уалаятының газетінде» басылады. И.А.Крылов мысалдарын Абай да
аударғаны белгілі. Абай аударған Крылов мысалдары халық арасына кең
тарап, қазақ топырағында жаңаша түлеп, қайтадан фольклорға айналады да,
шығыстық үлгілер сияқты өзгерістерге ұшырайды. Орыс сюжеттері
«ұлттанып», оның моралі қазақ тұрмысына, этикасына бейімделеді. «Бақа
мен құмырсқада» («Шегіртке мен құмырсқаның» бір нұсқасы)
уақиға
қазақтың шаңқан даласында өрістетіледі. Бақа қаншалықты көңілді мінезімен
дараланса да, оның ертеңгі күнін ойламайтын әдеті және бар.
Құрғақшылықтың түскенін біле тұрып, қыс қамынан құралақан қалған бақа
құмырсқадан көмек сұрауға бел буып, дала әкімшілігінің тәртібін сақтау
әдетімен әуелі құмырсқалар патшасына келеді. Бақалардың ойын-сауықты
ғана
кәсіп қылып, еңбек етпейтінін, сондықтан берілген қарызды қайтара
алмайтынын білген құмырсқа патшасы бақаның бұйымтайын орындамайды.
Демек, қазақ ертегісіндегі құмырсқаның көмек беруден бас тартуы – олардың
желбуаздығы мен арамтамақтығын әшкерелеуден ғана емес, сонымен бірге
құмырсқаның өзімшіл психологиясынан да туған. Бұдан «Еңбек етпесең,
қарыз да ала алмайсың» деген қағида туады.
Қазақ фольклорында ауысып келген сюжеттер ұлттық сипат алған. Бұл
қасиет, әсіресе, оқиға ситуациясы мен кейіпкерлердің психологиясынан
айқын байқалады. Ауысып келген сюжеттердің желісі де, шығыстық
үлгілердің рамалық түрде өрнектелуі де бұзылмай, құрылымдық белгілері
сақталып отырады. Ең негізгі өзгерістер мысал ертегілердің идеялық мәнінде
ғана болады. Ауысып келген мысалдардағы мораль абстрактылықтан
арылып, қазақтың әдет-ғұрыптары мен түсініктеріне сай қайта құрылып, дала
жұртының философиясына жақындай түседі.
Хайуанаттар жайындағы мысал ертегілердің классикалық ертегілерден
бір ерекшелігі – жануарлар сипаттамасының біркелкі болмауы. Классикалық
ертегілердегі түлкінің өзінен күшті хайуанды үнемі жеңіп, ал,
өзінен
әлсіздерден жеңіліп отыратын тұрақты мінездемесі мысал ертегілерде
кездеспейді.
Мұнда эпикалық фон, я болмаса кейіпкердің әлеуметтік-тұрмыстық
жағдайын сипаттау болмайды. Оның есесіне ғибраттық сарын мен шартты
түрде алынған жануарлардың аллегориялық образы бар. Ертегінің құрылысы
көп жағдайда оның мазмұнынан шығатын афоризмді дәлелдеуге
бағытталады.
Көркемдігі жағынан алғанда, ішінара өлең мәтіндері
кездескенімен, аполог формалары көбінесе қарасөзді болып келеді. Ал, өлең
түріндегі фольклорлық аполог жеке жанр ретінде толық қалыптаспаған,
себебі XIX-XX ғасырда әдебиеттің жедел дамуы мысал жанрын әдеби арнаға
түсіріп жіберген.