Қазақ фольклоры: МӘНІ, теориясы, тарихы


Сілтемелер және ескертпелер



Pdf көрінісі
бет105/122
Дата19.09.2023
өлшемі2,12 Mb.
#108500
1   ...   101   102   103   104   105   106   107   108   ...   122
Байланысты:
фольклор

Сілтемелер және ескертпелер: 
 
 
1. Хальфин. Жизнь Чингис-хана и Тимура. Казань, 1822; Потанин Г. Н. Отрывки из киргизского 
сказання о Идыге (Из записей Ч. Валиханова // Живая Старина. 1891. Вып. IV; Мелиоранский П. 
М. Сказание об Едигее и Тохтамыше. Приложение к сочинениям Ч. Ч. Валиханова // Записки 
русского географического общества по отделению этнографии. Спб., 1905. Т. 29; Тизенгаузен В. Г. 
Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. М., 1941. Ч. II. 


202 
НОВЕЛЛАЛЫҚ ЕРТЕГІ 
 
 
Қазақ фольклорында өзінің сюжеттік құрамы мен мазмұны, 
композициялық құрылымы мен стилі жағынан оқшауланып тұратын бірталай 
ертегі бар. Алайда, ұлттық фольклортану ғылымымызда олар жеке 
зерттелмей, «тұрмыс-салт ертегілердің» тобында қарастырылып жүр. Ал, бұл 
ертегілер өзінің сипатты белгілері бойынша таза «тұрмыс-салт» ертегі емес. 
Біріншіден, онда тұрмыс-салт ертегіге тән емес қиял-ғажайыптық элементтер 
көп, оқиғалар өте таңғажайыпты, шытырман болып келеді; екіншіден, мұнда 
сюжет өте күрделі, ол бірі-бірінен асқан қым-қиғаш оқиғалар тізбегінен 
тұрады. Үшіншіден, кейіпкерлер өз мұратына қулықпен емес, ақылмен 
жетеді, дұшпандарын да ақылмен жеңеді. 
Әрине, бұл ертегілердің ерекшелігі осымен ғана шектелмейді. Қолдағы 
материалды саралап, зерттеп қарағанда, бұл топтағы мәтіндер – қиял-
ғажайып пен тұрмыс-салт ертегілердің аралығында тұрған шығармалар екені 
байқалады. Біздіңше, оларды «новеллалық ертегі» деп атаған жөн сияқты. 
Өйткені, мұнда новеллаға тән хикаялық, яғни шытырман оқиғалық сипат 
басым. Рас, бұл ертегілер көлемі жағынан новелла сияқты шағын емес, бірақ 
бұл жерде біз әдеби емес, фольклорлық жанрды атап отырмыз және бұл 
атауымыз шартты түрде алынып отыр. Қоғамның дамыған кезінде, сауда-
саттықтың, қолөнер мен өндірістің өскен шағында қиял-ғажайып ертегі 
тыңдаушысын баурап әкететін өзінің бұрынғы қасиетінен айырыла бастайды. 
Енді оның негізінде әрі онымен таласа, күресе отырып, басқа ертегілік 
жанрлар пайда болып, қалыптаса бастайды. Сөйтіп, бұл дәуірде новеллалық, 
ал, кейінірек сатиралық ертегілер өмірге келеді. Әрине, бұл бір ғана дәуірде 
пайда болған жоқ. Профессор Мәлік Ғабдуллин дұрыс айтады: 
«Халықтың тұрмыс – тіршілігіне, салтына байланысты туған ертегілері 
бір ғасырдың ғана жемісі емес. Ол талай ғасырдың жемісі. Бұл ертегілердің 
ішінде көне заманда, феодалдық қарым-қатынастар кезінде және соңғы 
дәуірде туғандары да бар. Олардың бәрі ауызша айтылып, ауызша 
тарағандықтан көптеген тарихи кезеңдер, талай таптық, қоғамдық орта 
тудырған әртүрлі көзқарастарды, сан алуан ұғым түсініктерді бойына 
жинастыра келгендері де белгілі. Бірақ солай бола тұрса да, халықтық ортада 
туған ертегілер өзінің халықтық сипатын жойған жоқ. Қайта, оны әрбір жаңа 
дәуір, жаңа кезең жағдайларына қарай өзгертіп, шыңдап, жетілдіріп 
отырғанын, өткірлеп мәнерлегенін де байқаймыз» [1]. 
Сырттай қарағанда новеллалық ертегілерде әдеттегіден тыс құбылыстар, 
яғни ертегіге тән ғажайыптық белгілер жоқ сияқты. Бірақ шындығында олай 
емес: мұнда айырықша өмір ағымы, шындық өмірде болмайтын жағдайлар 
бар. Новеллалық ертегілердегі нәрсенің көбі тосын, ерекше, мұнда 
фантастика да (ғажайып) бар, бірақ оның сапасы қиял-ғажайып ертегіден 
басқаша. Мұндағы қиял (вымысел) өте көркемделіп кеткендіктен көне 
мифтік ұғымдармен, діни нанымдармен тектік байланысын үзген. Сол 
себепті бұл ертегілердегі сиқырлық, құбылушылық сияқты нәрселер 


203 
кейіпкерлердің тек өз басының ғана қасиеттері деп саналады. 
Мұндағы баяндаудың барысы үнемі әділдік пен ақылдың жеңісіне 
бағытталып отырады, ал, күнделікті тұрмыста кездесетін қарапайым шындық 
моральдық уағыз арқылы емес, уақиғаның табиғи дамытылуы арқылы 
дәлелденеді. Рас, кейде, ертекші баяндауды афоризммен түйеді. Бірақ 
ертегіде айтылып отырған шындық былай да көрініп тұратындықтан үнемі 
мұндай әдіс қолданыла бермейді. 
Новеллалық ертегіде өте қызғылықты, қорқынышты сапарлар, шым-
шытырық жағдаяттар, адамның қым-қиғаш тағдыры, отбасы өмірі, ерлі-
зайыптылардың басынан кешкен оқиғалары, тағы да басқа небір керемет те 
сұмдық уақиғалар туралы баяндалады. Тақырыбы жағынан бұл жанрдағы 
шығармалар әралуан. Бір топ ертегі, мысалы, қарапайым қыздың өзінің 
тапқырлығы арқасында ханға, яғни хан баласына тұрмысқа шыққаны 
жайында әңгімелейді. Ал, енді бірқанша ертегіде ерлі-зайыптылардың тағдыр 
тәлкегіне түсіп, өмірдің небір тауқыметін тартқаны, әйелдің ақылдылығы мен 
сабырлылығы арқасында ері таққа отырып, бақытқа кенелгені туралы 
айтылады. Көптеген ертегілерде ақымақ еркекті ақылды әйелдің адам 
қылғаны жайлы баяндалады. 
Көлемі жағынан ұзын-сонар, мазмұны шытырман оқиғалы көптеген 
новеллалық ертегілерді «фольклорлық» немесе «халықтық роман» десе де 
болады. Олардың сюжеттері тек қазақта ғана емес, сондай-ақ бүкіл шығыс 
елдерінде кең тараған ондаған мотивтерді қамтиды. Мәселен, мұндай 
шығармаларға сотты билеп-төстеген және бидің берген жұмбақтарын лезде 
«қағып тастайтын» ақылды ағайындылардың хикаясы, патшаны ғажайып дәу 
улы жыланнан құтқарған уәзір туралы әңгіме, өлім жазасына кесілсе де, 
сабырлылық сақтаған уәзірдің тарихы, патшаның қолындағы уға толы 
тостағанды тарпып түсірген бүркіт туралы және тағы басқа көптеген 
ертегілер жатады. 
Новеллалық ертегілердің ішінде жеке топ құрайтындары – отбасы 
туралылары, ерлі-зайыптылардың бір-біріне адалдығы, я болмаса бірін-бірі 
алдайтындығы жайында баяндайтын ертегілер. Осылардың ішінде әйелдің 
күйеуінің көзіне шөп салып, оны ақымақ қылатынын әңгімелейтін ертегілер 
де бар. Сонымен бірге басқа әйелге көңілі ауып, неше түрлі қолайсыз 
жағдайға түсіп, әлек болатын еркектер жайлы да ертектер бар. Ертегі адам 
бойындағы қызғаныш пен күдік сияқты сезімдерді әшкерелеп, болашақтан 
күдіктенушілік пен қорқушылықтың негізсіз екенін де көрсетеді. Мысалы, 
әйелдердің көзге шөп салушылығы туралы әңгімені естіген хан өзінің жаңа 
ғана үйленген жас жұбайын сынамақ мақсатында үйінен аттанып, өзі 
келгенше әйеліне ұл тауып қоюды бұйырады. Әйелі еркекше киініп, ханның 
соңынан барады да, біресе ханның жақын жолдасы, біресе оның қарындасы 
болып, екі жеп, биге шығады. Сөйтіп, ханның тапсырмасы орындалып, 
шынайы махаббат пен тазалық күдік пен сенімсіздікті жеңіп шығады 
(«Уәзірдің қызы»). 
Отбасы жайында баяндайтын новеллалық ертегілер сан жағынан 
бірталай. Олардың басты ерекшелігі – қиял-ғажайып ертегілермен 


204 
байланысын үзбегендігі [2]. Осындай ертегінің бір үлгісін талдап көрейік. 
Оның фабуласы мынадай: 
Ертеде Жүніс деген кісі қажыға кетеді, үйінде сұлулығы елден асқан 
Мархұма деген әйелі қалады. Бірақ күйеуі кеткен соң Мархұмаға қайнысы 
сөз салып, мазасын алады. Жеңгесі көнбеген соң қайнысы оған жала жауып, 
қазыға барып: «Жеңгем бұзылды. Ағам кеткелі үйінде күндіз-түні ойнақ!» – 
деп, өтірік айтады. Қазы шариғат бойынша Мархұманы таспен атқылап 
өлтіруге үкім қылады. Жендеттер таспен ұрып, әбден мыжғылап, Мархұманы 
ит пен құсқа жем болсын деп, далаға тастап кетеді. 
Ыңырсып жатқан Мархұманың дауысын Ағраби деген жолаушы естіп, 
оны үйіне әкеліп емдейді. Мархұмаға Ағрабидің құлы ғашық болады, әйелді 
көндіре алмаған соң ол иесінің баласын Мархұманың бөлмесіне әкеп өлтіріп, 
қанын Мархұманың киіміне жағып кетеді. Ағраби баласының өлгенін 
Мархұмадан көрмейді, бірақ әйелім зияндық қылар деп, 400 дирхем беріп, 
Мархұманы шығарып салады. 
Мархұма басқа шаһарға келеді. Келсе, алаңда бір жігітті патшаға қарыз 
400 дирхемін төлемегені үшін дарға аспақ болып жатыр екен. Мархұма жаны 
ашып кетіп, әлгі жігіттің қарызын төлеп, босатып алады. Бірақ жігіт 
Мархұмаға ғашық болып, соңынан қалмайды. Мархұма қашып береді, анау 
қуып береді. Мархұма қашқан бойда бір дарияның жағасында тұрған кемеге 
келеді, жігіт артынан қуып жетіп, Мархұманы саудагерге сатып жібереді. 
Енді оған керуенбасы ғашық болып, маған ти дейді. Осы кезде Мархұма 
дәрет алып, намаз оқып, Аллаға сиынып: «Мені қияметте қара жүзді қыла 
көрме! Я, Алла, бұл залымдардан құтылатын бір керемет көрсет!» - деп 
жалбарынады. Осы сәтте дауыл тұрып, бүкіл кеменің бәрі суға кетеді, тек 
Мархұма отырған кеме аман-есен жағаға келіп тоқтайды. Мархұма кеме толы 
алтын мен күмісті көріп, еркекше киініп, көрініп тұрған шаһарға барады. 
Шаһардың патшасына өзінің басынан өткен істің бәрін айтып береді. 
Патша оған сарай салдырып береді, Мархұма дария жағасында тұрып, 
тәуіптік жасайды, дұғагөйлікпен елді емдейді. 
Мархұма мұнда жүргенде, күйеуі Жүніс қажылықтан үйіне келеді. Әйелі 
туралы інісінің айтқанына сенеді. Арада біраз уақыт өткен соң, інісі
айықпайтын ауруға шалдығады. Дария жағасында тұратын әулие әйел
туралы естіп, інісін соған апаруға алып шығады. 
Жол бойы баяғы Мархұманы аман алып қалған Ағрабидің үйіне соғады, 
оның (Мархұмаға қастандық істеген) құлы да ауруға шалдыққан екен. Соны 
да Ағрабимен ертіп жүреді. Жолаушылар баяғы Мархұма босатқан, бірақ оны 
сатып жіберген жігіттің үйіне қонады, ол да ауру екен, оны да ертіп жүреді. 
Бәрі тәуіп әйелге келеді. Оларды таныған Мархұма өзінің шаһарының 
патшасына елді жинатып, қалың жұрттың алдында үш ауруға өзіне жасаған 
қылмыстарын айтқызады. Оларды кешіріп, күйеуіне қосылады [3]. 
Осындай жарына адал әйелдер туралы новеллалық ертегілердің өзі бір 
топ. Әйелдер жаланың кесірінен қаншалықты азап шегіп, адам айтқысыз 
қорлық көрсе де, адамгершілік, имандылық қасиеттерін жоғалтпайды, 
барлық ауыртпалыққа төзе біледі, ақыл мен сабырлық арқасында 


205 
қиыншылықтың бәрін жеңіп, мұратына жетеді. 
Ал, олардың қастары нағыз зұлым, екіжүзді болып көрсетіледі, алайда – 
жағымсыз кейіпкерлердің қылықтары ашық мінелмейді, ащы сынға да 
алынбайды. Оларды новеллалық ертегі өзінің бас кейіпкерінің байыптылық, 
кеңпейілділік сияқты қасиеттері, өнегелі өмірі арқылы әшкерелейді. 
Сондықтан да ертегіде жәбірленген кейіпкер ол жауыздардан кек алмайды, 
оларды аяп, мүсіркейді, кешірім қылады. Мұның бәрі новеллалық ертегіні 
жанрлық тұрғыдан сипаттайды. 
Новеллалық ертегілердің қаһармандары батыр да, мерген де емес. Ол – 
хан мен қолөнерші, уәзір мен кедей, би мен ұста. Өздерінің әлеуметтік тегіне 
қарамастан қаһармандар қайырымдылық пен әділеттілік идеясын қорғайды. 
Кей жағдайларда қаһарман қателесіп те жүреді, бірақ ертегінің соңында ол 
өзінің аяғын шалыс басқанын түсініп, ақырында, адалдық пен әділеттілік 
жолына түседі. Бақыт, әдетте, ақылды да тапқыр, адал әрі өзінің кемшілігін 
мойындап, одан арыла алатын адамның басына ғана қонады. Мұратқа 
ұмтылу – қазақ новеллалық ертегілерінің көпшілігіне тән қасиет. Мұнда не 
туралы айтылса да – кездейсоқ, я ақыл күшімен табылған бақыт болсын, дана 
би туралы немесе әдеттен тыс қаһармандық болсын – жеңіп шығатын білгір 
де байыпты, әділ де ақылды адам болып келеді. Оның басты қасиеті – 
тапқырлық, ақылдылық және сабырлық. Сондықтан да бұл жанрдағы 
шығармаларда ылғи ақыл мен адамгершілік жеңеді, ал, арамзалық арқылы 
өзіне бақыт әкелгісі келгендер үнемі жеңіліске душар болған. 
Бұл жанрдың функциялық нысанасы – ғибрат айту, тәрбие беру. Өмірде 
тек ақылмен, еңбекпен ғана бәріне жетуге болады деген идея – негізгі айтар 
ойы. Тіршіліктің көлеңкелі жағын ащы мысқылмен емес, өнегелі өмірмен 
көрсетеді. Ол өмір – бас кейіпкердің ғұмыры. 
Қазақ новеллалық ертегілерінің енді бір тобы пайдалы кеңес, данышпан 
адам, ақылды қыз жайлы болып келеді. Ертегінің айтуынша, қиындықтарды 
жеңуге көмектесетін ақылды да, қайырымды кеңестерден бас тартуға 
болмайды. Пайдалы кеңес туралы бір топ ертегілерде («Үш өсиет», «Әке 
өсиеті», «Ақылды кеңес», т. б.) тапқырлық пен алғырлық сияқты қасиет 
айрықша дәріптеледі. Әділ патша базардан «бір нәрсені жасау үшін әуелі 
ойланып ал, ойланбай жасасаң, күйесің», – деген ақыл сатып алады. 
Жауыздыққа тартылған шаштараз қабырғада жазулы тұрған кеңесті оқып, 
патшаға уәзірінің сатқындық әрекеті туралы айтады. Сатқын олардың құрған 
торына түсіп, мерт болады («Әділ патша туралы ертегі»). 
Қазақтардың аса қастерлейтін фольклорлық үлгілерінің бірі – даналық 
пен алғырлықты дәріптейтін новеллалық ертегілер болып келеді. Дүниедегі 
құстың, шөптің, адамның ең жаманын тауып әкеліңдер деп уәзірлеріне 
берілген хан жарлығына дұрыс жауап табатын адам – сіңірі шыққан кедей 
мен біреудің босағасында жүрген жалшы болып шығады. Даналығына дән 
риза болған хан тапқыр жарлыны өзінің басты уәзірі етіп тағайындап, оның 
ақылдылығын сынау үшін басқа уәзірлері жауап бере алмайтындай сұрақтар 
беріп отырады. Қастарының жасаған қысасына шыдамаған дана уәзірдің кей 
жағдайларда ханға қызмет етуден бас тартатын кездері де болады, бірақ 


206 
кейіннен оның адалдығы анықталып, өз ханына қайтадан абыроймен қызмет 
ететін болады [4]. 
Новеллалық ертегілердің құрамында бүкіл Шығысқа тараған сюжеттер 
де кездеседі. Олар қазақ өмірінің шындығы мен ерекшеліктерін бейнелейді. 
Сан ғасыр қазақ фольклорының жанрларымен аралас өмір сүрген бұл 
сюжеттер қазақ ертегілерінің айрылмас бөліктерінің біріне айналып кеткен. 
Оның үстіне ондағы дәріптелінетін адамдық қасиеттер қазақ халқының 
мораліне өте жақын-тын. Қазақ топырағына түскен бұл сюжеттер, әрине, 
өзгеріске ұшыраған. Мысалы, ертегілердегі қала тұрмысының көптеген 
сырлары мен детальдары жойылып, шығармалар барынша шымыр әрі 
жинақы баяндалады. Шығыстағы көптеген новеллалық ертегілер белгілі бір 
қаламен байланысты болса, мұнда ол міндетті деп саналмайды, қаланың аты 
аталмауы да мүмкін. Ертекші оқиғаны көбіне қазақ елінде, қазақ қаласында 
өрбітеді, оны көрнекілей түседі. Мұның өзі қазақ ертегілеріне тән сипатты 
белгілердің бірі. 
Жалпы алғанда, қазақ новеллалық ертегілерінде ауысып келген 
сюжеттер өзінің бояуын жоғалтып, қазақ халқының талғамы мен көзқарасына 
сай өзгертіліп баяндалады. Олар әдеби шығармаларға тән уақиғаны нақтылай 
түсу қасиетінен айрылып (көптеген шығыстық сюжеттердің Қазақстанға 
әдеби өңдеуден өтіп, жинақтар құрамында келгенін де ұмытпаған жөн), 
қайтадан фольклор шығармасына айналады. 
Новеллалық ертегіде композициялық құрылым өте күрделі болып 
келеді, бір эпизодтың үстіне екінші эпизод тіркеледі, ол эпизодтың әр 
қайсысы кейіпкердің басынан кешкен бір оқиға болады. Оқиға көбінесе 
шаһарда, хан сарайында өтеді, оған сырттан ешбір керемет күш араласпайды. 
Ал, кейіпкер қайырымды, сөзі мен ісіне берік, сүйгеніне адал болып 
суреттеледі. 
Кейде 
кейіпкер 
бейнесінде 
ғашықтық 
дастанның 
қаһармандарына тән мінез-құлық кездеседі. Сол себепті кейбір жағдайларда 
кітаби стиль көрініс беріп қалады. Кейіпкерлер жұмсақ мінезді болып 
көрінеді. Олардың сөйлеу мәнері де өзгеше, ойын әрлеп, әсемдеп айтады. 
Міне, мұның бәрі новеллалық ертегінің жанрлық белгілеріне жатады. 
Новеллалық ертегіде ғұмырнамалық (биографиялық) тұтастану 
болмайды, онда кейіпкердің туғанынан бастап, тірлігінің соңына дейін 
айтылмайды, кейіпкер өмірінің бір, яки бірнеше кезеңі ғана көрсетіледі. 
Сондықтан новеллалық ертегідегі оқиғалар кейіпкердің азамат ретінде 
қалыптасу тарихымен, я болмаса соның бір маңызды кезеңімен байланысты 
болмайды. Мұның бәрі бұл жанрдың табиғаты мен көркемдік нысанасынан 
туған деп ойлау керек, өйткені, егер бұрынғы батырлық және қиял-ғажайып 
ертегілерде басты мақсат – кейіпкерді мадақтау болса, новеллалық ертегіде 
кейіпкер арқылы өмірдегі кемшіліктерді сынау – негізгі шарт болып отыр. 
Егер бұрын халық идеалы дәріптеліп, ал, әлеуметтік мәселе көп қозғалмаса, 
енді ол бірінші орынға қойылады. 
Осы айтылғанның бәрі новеллалық ертегінің айтылу мәнерін де, яғни 
стилін де өзгертеді. Енді бұрынғы эпикалык пафостың орнына жай баяндау, 
ғажайыпты түрде әсірелеудің орнына көркем түрде сынау пайда болады. 


207 
Ертегінің шыншылдығымен бірге сыншылдығы да артады: ежелгі діни 
нанымдар мен түсінік-пайымдар жоғалады, я болмаса күлкіге айналады. 
Бұрынғы хайуанаттар жайындағы ертегілерде де осындай көне түсініктерді 
күлкі ету бар-ды, бірақ ондағы сын (сатира) көркем шарттылықпен шектеулі 
еді, сондықтан шындықты бейнелеу толық болмайтын. Ол ертегілер 
шыққаннан бергі уақытта өмірде сан алуан өзгерістер болды, соған сәйкес 
тіршілік, іс-әрекеттер, адамдар пайда болды. Оларды сынап көрсету қажет 
болған кезде бұрынғы стиль мен тәсіл жеткіліксіз болды. Сөйтіп, күнделікті 
болмыста өзінен әлсіздер мен кедей-кепшіктерге үстемдік жүргізіп, оларға 
зорлық жасаушылардың және өмірде кездесетін алдау, өтірік айту, ұрлау 
тәрізді жағымсыз қылықтарды сынап-мінеу үшін жаңа жанрда жаңа тәсілдер 
пайда болды, ертегінің стилі жаңа тақырыптар мен дүниетанымға 
сәйкестенді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   101   102   103   104   105   106   107   108   ...   122




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет