35
Сөйтіп, батырлар жыры тарихи тұтастану процесін бастан кешірді, яғни ерте
замандағы оқиғалармен бірге кейінгі қақтығыстар туралы да әңгімеленді,
бұрынғы ындыс, қызылбас сияқты жауларға енді қалмақ қосылды. Алайда,
байырғы эпос жаңа заман талабын толық қанағаттандыра алмады, өйткені
ондағы батырларды жырдан және ел жадынан шығарып тастау мүмкін емес
еді. Енді қалмақпен соғыста асқан ерлік көрсеткен батырлар туралы арнайы
жырлау қажет болды. Сөйтіп, жаңа эпикалық туындылар, яғни тарихи жыр
дүниеге келді. Оның ескі батырлық жырдан өзгеше бірнеше белгісі болды.
Біріншіден, мұндағы бас кейіпкер – көпшіліктің өз көзімен көріп, ерлігіне
тамсанған тарихи тұлғалар еді; екіншіден, бұл жырларда нақты оқиғалардың
баяндалуы басым еді; үшіншіден, тарихи жырда ғұмырнамалық сипат толық
емес, яғни батырдың керемет туып, жедел өсуінен бастап, бүкіл өмірін
суреттеу өте сирек, көбінесе, батырдың екі-үш ерлігі ғана әңгімеленеді;
төртіншіден, мұнда батыр ғажайып жағдайда туған ерекше адам емес, ол
кәдімгі ел арасынан шыққан қолбасшы, әрі ол бұрынғы батырлар тәрізді
алып күштің де иесі емес, қалың жауды бір өзі қырып салмайды, бесіншіден,
бұл жырларда мемлекеттік белгілер бар, батырлар бір орталыққа,
дәлірек айтқанда, бір әміршінің маңайына жиналған, соның қол астында
болған, т.б.
Әрине, тарихи жыр бұрынғы эпостың әдіс-тәсілдерін пайдаланған,
әсіресе, оның поэтикасына арқа сүйеген. Батырды дәріптеген, тарихтағы
әміршіні эпикалық билеуші дәрежесіне көтерген. Абылай, Бөгенбай,
Қабанбай, Олжабай туралы жырлардағы тарихи шындық пен эпикалық
суреттеудің ара-қатынасы бұрынғы батырлық жырдан өзгеше. Осы
өзгешелік кейініректе тарихи жырдың жаңа түрін – реалды-тарихи эпосты
туғызады. Бұл, негізінен, XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасыр фольклорына
тән. Реалды-тарихи эпос тек жаугершілікті, тек ерлікті ғана суреттемейді.
Онда ерлік жырларымен бірге көтеріліс жырлары, сондай-ақ сүйіспеншілік
туралы да шығармалар бар ("Арқалық батыр", "Хан Кене", "Қаншайым-
Наурызбай", "Мырзаш батыр", "Түкібай-Шолпан").Бұлардың сюжеттік
баяндалуы, композициялық құрылымы, бейнелеу мен көркемдеу қүралы,
образдарының суреттелуі, - осының бәрі эпос үрдісіне, әсіресе, тарихи жыр
мен ғашықтық жырдың дәстүріне сай.
Достарыңызбен бөлісу: