Қазақ фольклоры: МӘНІ, теориясы, тарихы



Pdf көрінісі
бет48/122
Дата19.09.2023
өлшемі2,12 Mb.
#108500
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   122
Байланысты:
фольклор

Жадылаушылар 
тұтқынның шашынан бірнеше талын
(астын сызған біз — С.Қ.) жұлып 
алады, сонан соң оның атын сұрайды да, оны киіз үйдің орта тұсындағы 
тазартылып, тұз себілген, әдетте олар от жағатын жерге қояды. Одан кейін 
арбау сөздер айтады да тұтқынға үш рет кейін шегінуді, артына қарап, өзінің 
іздеріне түкіруді, содан соң киіз үйден жүгіре шығуды бұйырады. Ең 
соңында тұтқынның тіліне өзі басып тұрған күлдің бірнеше түйірін себеді" 
[43]. 
"Қырғыздар (қазақтар — С.Қ.), - деп жазады Г.Н.Потанин, -тұмардың 
ішіне 
жеті қара тас
салып тігеді; олардың атқаратын қызметі — көз тиюден 
сақтау" [44]. 
Сол сияқты Р.Карутц та қазақтардың "ауыр толғақтар кезінде 
босанғалы жатқан әйелдің алдына 
қылды тұтатып қойып шаш 
жагатынын
, сол сияқты қазақтарда 
жануарлардың сүйектері де тылсым 
күшке ие екендігі
туралы жазады" [45]. 
Осының бәрі қазақтар ертеде сөзге, шашқа, қылға (жүнге), отқа, тасқа 
және жануарлардың сүйектеріне магиялық қасиет таңғанын көрсетеді. Оның 
басты себебі - зиянкестік магиядан қорқу. Аталған заттар өте қауіпті деп 
саналған, өйткені олар адамның өзімен тікелей байланысты. Әсіресе, шаш, 
тырнақ, киім-кешек, т.б. 
Ертегіде шаш, жүн, құстың қауырсыны да магиялық күшке ие. Бұл 
заттарға қаһарман айрықша еңбегін сіңіру арқылы қол жеткізеді. Олардың 
иесі — теңдесі жоқ сұлу, күшті, алып. 
Бірер мысал келтірейік: алып құс Самұрық (кейде Қарақұс) өзінің 
балапандарын кұтқарғаны үшін қаһарманды жер астынан алып шығады, оған 
өзінің қауырсынын (жүнін) қалдырып, қиындыққа тап болғанда, соны тұтату 
керектігін айтады [46]. 
Қаһарманға риза болған үкі өзінің бір тал қауырсынын, ат қылын, 
арыстан жалының бір тұтамын тарту ретінде береді, ал кейіпкер қиын сәтте 
соны тұтатады, - сол кезде олардың иелері келеді де, қаһарманға көмектеседі 
[47]. Бұл жағдайлардың барлығында шаш (қауырсын, жүн) магиялық күшке 
ие, яғни, риза болған жануарлармен тек солар арқылы ғана байланысуға 
болады. Тек бір ғана шартты орындау керек — оларды міндетті түрде тұтату, 
жағу қажет. Тек осыдан кейін ғана көмекші-жануарлар келеді. Басқаша 
айтқанда, от магиялық заттар мен олардың иелерінің арасын жалғастырушы 
ретінде қызмет атқарады. Демек, отқа магиялық күш таңылады. 


86 
Қазақтар бұрын денесін түк басқан адамды ерекше, нысаналы кісі деп 
санаған. Адамның батылдығын білдіретін "Жүрегінің түгі бар" деген бейнелі 
сөз тіркесі осы ұғымға байланысты пайда болған тәрізді. Ескі ұғым бойынша 
ер адамның аяғы мен қолындағы қалың түк, ерекше шаш — батырлық пен 
байлықтың символы, сондықтан ертегі қаһармандары ерекше шашқа ие 
болып келеді. Шаш магиялық күшке ие болғандықтан, оны қастерлеу, аялау 
керек. Бір тал шашты жоғалту - қаһарманның басына міндетті түрде түсетін 
бақытсыздық: алтын шашты Қарашаш абайламай бір тал шашын жоғалтып 
алады, соның салдарынан бақытсыздық орнайды — жоғалған шашты көріп, 
оған жауыз хан ғашық болып, мыстан кемпірдің көмегімен сұлуды күйеуінен 
ажыратады. 
Сонымен, ел арасында бертінгі кездерге дейін сақталған магиялық 
түсініктердің халық ертегілерінде бейнеленгеніне көз жеткіздік. 
Ғажайып заттардың қасиеттері ертегі мен ғұрыптық магияда әрқашан 
біркелкі бола бермейтінін атап өту қажет. Ертегі ғұрыптық магиямен 
әлдеқашан байланысын үзген және поэтикалық қиялға ерік берген. Ал, 
ертекші-халық кереметі заттардың қатарына ғұрыпта бұрын белгісіз болған 
нәрселерді де қосып жіберген. Осылайша қазақ ертегілерінде адамды 
бақытқа жеткізетін сиқырлы жүмыртқа, ал, бертінгірек дәуірлерде табын-
табын мал шығатын ғажайып сандық пайда болады. 
Қазақ халқының руханиятында біршама толық сақталған өте көне діни 
нанымдардың бірі — шамандық. Бұл — табиғаттан тыс тұрған жақсы және 
жаман рухтарға, олардың күресіне, әлемдердің көптігіне, адам өмірінің о 
дүниеде жалғасатынына сену, басқаша айтқанда бүкіл табиғатқа табыну. 
Діннің көне түрлері — анимизммен, тотемизммен, магиямен тығыз 
байланыста бола отырып, шамандық наным-сенімдер: аспанға, айға 
табынуды, отты, әр түрлі желеп-жебеуші аруақтарды, өлілерді, сол сияқты 
белгілі бір мекенді және заттарды кие тұтып, қастерлейтін тұтас бір жүйені 
құрайды. 
Шамандық біршама таза түрде бізде XIX ғасырдың екінші жартысына 
дейін сақталғанға ұқсайды. Оның бірінші себебі — шаман дінін ұстанушылар 
өкілдерінің көп болуы, ал екінші себебі — исламның бұқараға терең әрі кең 
тарап үлгермеуі. 
ХVШ-ХІХ ғасырларда Қазақстанда болғандардың барлығы қазақ 
шамандарын олардың қызметі мен болашақты болжау тәсілдеріне қарай 
бірнеше типке бөледі. Бұл - әр түрлі балгерлер, жауырыншылар, 
құмалақшылар, ырымшылар, жадылаушылар, диуаналар, бақсылар және т.б. 
Олар өз бойына халықтың исламға дейінгі, бұрынғы наным-сенімдерінің 
барлық белгілерін сақтаған және XX ғасырдың басына дейін қазақ даласында 
елеулі рөл атқарған.
Осылардың ішінен бақсылар оқшау тұрады, мұны барлық зерттеушілер 
айғақтайды. Мәселен, А.Левшин: "Бәрінен ең қызықтырағы және 
қорқыныштысы - сібірлік шамандарға өте ұқсас Бақсы немесе Бахши", - деп 
жазады [48]. Ш.Уәлиханов былай дейді: "Болашақты алдын ала болжап 


87 
айтатын сәуегей адам қазақтарда бақсы деп аталады..., және олар барлық 
көріпкелдік болжауларын өздерінің жындарының атынан айтады..., ал 
халық... олардың (жындардың — С.Қ.) қасиетіне, жамандық жасай алатын 
құдіретіне сенеді, - соған сәйкес барлық аурулар мен келеңсіздіктер 
жындардың ықпал етуінің және бүлдіруінің салдары, ал, бақсылар, олардың 
(жындардың - С.Қ.) сүйіктілері, өзінің желеп-жебеушілерінен (жындардан — 
С.Қ.) өз құзыретіне айрықша рухты қалдырып кетуді өтініп, тілегін орындата 
алады деп иланады. Мұның үстіне бақсылардың табиғаттан тыс 
тұрғандығына және Тәңірдің қалаулысы екендігіне сенетін адамдар әлі күнге 
дейін баршылық. Бұл жындардың ... ұлылары, орташалары және ұсақтары 
болады, соған орай бақсылар... және олардың күші әркелкі болады. Ұлық 
бақсылар барлық ауруларды емдейді... қарынды тіліп жарады, өз жындарын 
албастыны қууға мәжбүр етіп, толғақ кезінде көмектеседі, өз жынын саз 
аспабында ойнауы арқылы шақыра отырып бал ашады. Зор бақсының 
белгілері мынадай: ойын үстінде ішіне және көмейіне қылыш сұғады, 
қылышты балдағына дейін бойлата тығады, қыздырылған темірді жалайды, 
өз кеудесін барлық күшін салып балтамен ұрады және осының бәрі Қорқыт 
әулие жасаған қобыз аспабын тарту мен "сарын" деп аталатын әнді айту 
арқылы сүйемелденеді. Аспапта ойнау — бұл жындарды олардың аттарын 
атай шақыру; ойын кезінде (бақсы) бірте-бірте жындана түседі, долданады 
және құлайды. Біраздан кейін ол түрегеледі де, осы талып жатқан кезінде 
оған жынының не дегенін айтады... Бұл — көріпкелдік. Кейбіреулерінде 
(бақсыларда) ойын кезінің өзінде маңдайында, беттерінде темір инелер және 
қолдарындағы тырнақтың орнында пышақтар пайда болады. Жындардың 
жеке тұлғалар ретінде меншікті есімдері болады және олар өз иелеріне 
кемпір, шал, қожа немесе қыз — сары қыз кейпінде көрінеді [49]. 
Қазақтардың тұрмысында аса елеулі рөл атқаратын бақсы қазақ 
ертегісінде шамандықты ұстанушы типтердің басқаларына қарағанда көбірек 
көрінеді. Әдетте ол ертегілерде болашақты болжап айтады, қаһарманға кеңес 
береді, ауруларды емдейді және т.б. Осылайша, мысалы, жезтырнақгы 
өлтірген қаһарман бақсыдан болашақты болжап айтуын өтінеді. Бақсы күллі 
ауылдың екінші жезтырнақтың қолынан өлетінін көріпкелдікпен айтады 
және бұл шындыққа айналады, немесе ауру адамдар бақсыға келеді, ол 
сырқатты еш қиындықсыз емдеп, жазады және т.с.с. [50] 
Осылайша бақсы ертегіде барлығын білетін, бал ашатын, болашақты 
көріпкелдікпен болжап айтатын және ауруларды емдеп, жазатын шаманның 
рөлін атқарады. Бір сөзбен айтқанда, ол ертегіде тұрмыста атқаратын 
қызметімен көрінеді. 
Қазақ ертегісінде үш әлем туралы шамандық түсінік жақсы сақталған. 
Сол себептен қазақтар аспанда тұратын адамдар бар деп есептейді. "Олар 
белдікті алқымының астынан буынады, біз ортада - жерде өмір сүреміз және 
белдікті денеміздің орта тұсынан буынамыз, өздерінің күні, айы және 
жұлдыздары бар жер астының адамдары белдігін аяғына буады" [51]. 
Шамаңдықтың бұл төменгі, ортаңғы және жоғарғы әлемдеріне ертегілік 
жер асты, жердегі және аспандағы әлемдер сәйкес келеді. Қазақтарда 


88 
қаһарман жер асты патшалығына тап болатын, аспан патшалығына дейін 
ұшып жететін немесе сырлы әлемнің ар жағына кететін ертегілер аз емес. Ізгі 
немесе кесірлі жындардың патшалықтарын шарлай жүріп, ол ақырында 
өзінің пешенесіне жазылған қалыңдығын тауып, қайын атасының қиын 
тапсырмаларын орындайды да, сүйіктісіне үйленеді. Ертегі қаһарманының 
бұл жиһангездігінің барлығы шаманның жындарының үш әлемді жаман 
жыңдарды іздеп шарлауын еске түсіреді. 
Қаһарманның әдеттен тыс (Көлтауысар, Желаяқ және т.с.с.) 
көмекшілері және қарсыластары (диюлар, зұлым перілер және т.б.) 
шамандық әлемнің рухтары секілді тек өз мекенінде ғана өмір сүретіні және 
оның шегінен шықпайтыны - көңіл аударарлық жәйт. 
Шамандық наным-сенімдер шеңберінде біз мұның үстіне о дүниемен 
байланысты марқұмдарды кие тұтуды да аңғарамыз. Қайтыс болған адам өз 
өмірін о дүниеде жалғастырады деп пайымдай отырып, қазақтар XIX ғасырға 
дейін мәйітпен бірге қару-жарақ, аттың әбзелдерін және марқұмның өзі 
тұтынатын заттарды жерлеген; марқұмның атын да сойып, оның сүйектерін 
өртеп жіберетін болған" [52]. Егер ежелгі адамдар түсінігі бойынша оттың 
жердегі және о дүниедегі әлемдердің арасын жалғастырушы қызметін 
атқарғанын ескерсек, аттың сүйегін өртеу — түсінікті жағдай: от арқылы 
марқұм атпен өлілер патшалығына жететін. 
Оның үстіне қазақтар қайтыс болған адам үшін міндетті түрде 
құрбандық ас беру қажет деп есептеді, ас берілмеген жағдайда марқұм 
ашығады және қиналады, ал, марқұмның өлген адамға қатысты борышын 
атқармаған жақындарының (ұлының, бауырларының) үйін ауру мен 
кедейшілік басады деп пайымдады. 
Демек, тірілер өлілерден қорыққан және құрбандық беру арқылы 
марқұмдардың аруақтарын риза етуге тырысқан, сонда ғана аруақгар 
тірілерге қамқорлық жасауы мүмкін деп ойлаған. Оның үстіне құрбандыққа 
міндетті түрде боз, тіпті болмағанда, төбелі бар жылқы шалынған. Ал, ақ түс 
қазақтарда өлілердің түсі екені белгілі. 
Боз ат (жалпы ақ түсті жануар), өз кезегінде, тағы да екі дүниенің 
арасын жалғастырушы. Тек сол ғана өлілер патшалығына кедергісіз бара 
алады және марқұмға оған ас берілгені туралы хабарды тез жеткізе алады. 
Шамандық түсінік бойынша тек содан кейін ғана аруақтар риза болады және 
тірілерге қөмектеседі. 
Осы ұғымдарға орай қазақтың кейбір ертегілерінде өлілер үшін 
берілген ас үстінде көмекші болып өлген адам көрінетіні осыдан. Мәселен, 
қаһарман өлген адамның борышын өтеп, оның о дүниеде тыныш өмір сүруіне 
мүмкіндік бергені үшін аруақ оған көмектеседі немесе өзіне көңіл бөлінгені 
және құрмет көрсетілгені үшін марқұм ертегінің кейіпкеріне сиқырлы зат 
береді, оның көмегімен ол мұратына жетеді. 
Өлілерді кие тұту дәстүрі бірте-бірте ата-баба культін туғызған. Ата 
аруағын сыйлау бұрынғы рулық культті ығыстырып, кең етек жайған. Сол 
себепті ата-әке образы ертегіде берік орын алған. Бұл ғасырлар бойы 
үстемдік еткен патриархалдық өмір салтының ықпалы. Әке аруағының ұлына 


89 
істеген жақсылығы - әлбетте атаның батасы. Тек осы батаның арқасында ғана 
қаһарман мақсатына жетеді. 
Ертегіде өлілерді кие тұтудың тағы бір жағы байқалады. Бұл — жалғыз 
ағаш, киелі бәйтерек мотиві. Өлілер культі халық арасында тағы бір наным 
туғызған: айырықша қасиеті бар адамның бейітінің үстінде керемет ағаш 
өседі және ол ағаш сол марқұмды қастерлейтін адамға жақсылық жасайды. 
Мұндай түсініктің сарқыншағы жеке өсіп тұрған ағашты әулие 
санайтын, қастерлейтін және оған әр түрлі шүберекті байлайтын қазақ 
арасында әлі күнге сақталған. Қазақтардың түсінігі бойынша жалғыз ағаштар 
әулиелер моласының үстінде өседі. Ауру және перзентсіз адамдар бұл 
бейіттерге және ағаштарға зиярат етеді, олардың басына түнеп, құрбандыққа 
мал шалады, сөйтіп марқұмға, оның аруағына, (тіпті молада өсіп тұрған 
ағашқа ақтық байлап) сиынады. Ертеде ғана емес, бүгінде жиі кездесетін бұл 
ырым қазақтың фольклорында бұрыннан бейнеленіп келеді. Бұған Алпамыс 
пен Қобыландының перзентсіз ата-анасы мола басына түнеп, бала 
сұрайтынын айтсақ та жеткілікті. Мұны ертегіден де көреміз. Мысалы 
жиһанкез қаһарман далада (жер астында, су жағасында) жалғыз ағашты 
кездестіріп, оның астында ұйықтайды, содан кейін соңынан өзіне 
көмектесетін мифтік құс Самұрықтың балапандарын айдаһардан
кұтқарады. Бұл сарында шамандық үш әлем түсінігі және мифологияда 
жиі кездесетін космостық ағаштың ролі жаңғырған түрде пайдаланылғанын 
көреміз. 
Сонымен, зерттеуіміздің нәтижесінде мынадай қорытынды жасауға 
болады. Қазақ ертегісі алғашқы қауымдағы ежелгі өмір шындығының 
белгілерін өз бойында фольклор поэтикасына, эстетикасына сәйкес, өзгерте, 
көркемдей сақтаған. Айталық, матрилокальды неке, кувада, экзогамия, 
эндогамия, авункулат, кәмелеттік сынақтардан өткізу сияқты ежелгі 
ғұрыптардың іздері қылаң береді. Ал, осының бәрі фольклорда, ертегіде 
адамдар нанбайтын, өмірде болмайтын құбылыс ретінде көрсетіледі. Сөз 
жоқ, ертегіде қиял араласпай тұрмайды, сондықтан ол ескі салттардың 
көпшілігі қайта қарастырылады, әр дәуірге сәйкес трансформацияланады, 
өзгеріске ұшырайды; қаһарманның бір кездері ежелгі салт-дәстүрлермен 
байланысты болған кейбір қылықтары ертегіде ертекші өмір сүрген дәуірдің 
ұстанымдары тұрғысынан түсіндіріледі. 
Бұлармен қатар ертегі алғашқы қауымдағы анимистік дүниетанымға 
тән синкреттік ойлаудың да іздерін біздің заманымызға алып келіп отыр. 
Қаһарманның көптеген іс-әрекеті, жәрдемшілердің қызметтері, жаулардың 
істері осы ұғымдарға негізделген. Бірақ қазіргі заман ертегісінде көптеген 
тотемдік және анимистік мотивтер қаһарманды идеализациялау тәсілі ретінде 
пайдаланылады. Сондықтан кейбір мотивтер мен сюжеттердің ежелгі діни 
негіздері ұмытылады, бертінгі дәуірде көркем жанрға айналған ертегінің өзі 
мифологиялық түсініктер мен ұғымдарды өңдейді, өзінің жанрлық 
ерекшеліктеріне сәйкес оларға қиял-ғажайып және поэтикалық сипат береді. 


90 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   122




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет