Қазақ фольклоры: МӘНІ, теориясы, тарихы


ФОЛЬКЛОРДЫҢ ТАРИХИ ДАМУ ЖОЛДАРЫ МЕН КЕЗЕҢДЕРІ



Pdf көрінісі
бет7/122
Дата19.09.2023
өлшемі2,12 Mb.
#108500
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   122
Байланысты:
фольклор

ФОЛЬКЛОРДЫҢ ТАРИХИ ДАМУ ЖОЛДАРЫ МЕН КЕЗЕҢДЕРІ 
 
 
Ежелгі замандағы рухани мәдениет 
(Рулық қауым кезеңі).
 
Фольклордың тарихын дәуірлеудің өзі мейлінше шартты, өйткені оның жеке 
бір шығармасы дәл қай уақытта туды деп қарастыруға әсте болмайды. 
Фольклордың ең алғашқы нұсқалары қандай болғанын нақтылап анықтау да, 
сипаттау да қиын. Оның себебі, – біріншіден, адамзаттың ерте замандағы 
рухани мұрасы бізге сол күйінде жеткен жоқ; екіншіден, ежелгі дәуірдегі 
руханият бүгінгідей сала-салаға бөлінбей, біртұтас, синкретті дүние болған, 
оның құрамында ырымдар мен ғұрыптар, діни нанымдар мен жәй әңгімелер, 
мифтер мен арбау, жалыну, жалбарыну, алғыс, қарғыс сияқты алуан түрлі 
ұғымдар мен нанымдар, түсініктер мен іс-әрекеттер аралас, бір-бірінен 
ажыратуға келмейтін рухани әлем болған. Сол себепті біз рулық замандағы 
мәдениет (фольклор ғана емес) деп жиынтық мағынада айтамыз. Осы 
мәдениеттің, сол арқылы кейбір жанрлардың шығу мезгілін шамалап 
анықтауға болатын секілді. Тарих пен этнология, фольклортану 
ғылымдарының дәлелдеуі бойынша, адамзаттың рухани мәдениеті есте жоқ 
ерте заманда орныққан рулық, тайпалық қауымда пайда болғанға ұқсайды 
(«алғашқы қауым» деп те аталады). Жер бетінде пайда болған тұңғыш рулық 
қауымның түрі – матриархат (анаеркі) деп саналады. Рас, бұл туралы соңғы 
20-30 жыл бойы үлкен пікірталас орын алып келеді, алайда, матриархаттың 
болмағандығы туралы пікір әлі толық дәлелденген жоқ. Осыған байланысты 
және этнографиялық, фольклорлық деректерге сүйеніп, әзірше дәстүрлі, 
ғылымда қалыптасқан тұжырымды негізге алуға тура келеді. 
Анаеркі (аналық) рудың басты-басты сипаттары не десек, ең алдымен, 
сол шақтағы биліктің әйелдер қолында болуын, неке мен отбасының 
матрилокальдық болғанын, мұрагерліктің әйел балаларға тиесілі болғанын 
және балалардың ана (нағашы) жұртында өсуін,сондай-ақ алуан түрлі 
әйелдерді қастерлейтін әдет-ғұрыпты, ұғым-түсінікті айтуға болады. 
Авункулат, кувада сияқты дәстүрлердің, анимизм, тотемизм секілді 
нанымдардың сол матриархат дәуірінде пайда болғаны ғылымнан белгілі. 
Матриархаттың орнығу себебі – сол замандағы адамдардың күнкөрісіне 
байланысты еді, яғни алғашқы ру адамдары өздері ештеңе өндірмей
табиғаттағы дайын нәрселерді, жеміс-жидекті, құстардың жұмыртқасын, 
ағаштағы алма, өрік сияқтыларды қорек еткен. Ғылымда мұны – иемденуші 
шаруашылық (немесе терімшілік) дәуірі дейді. Мұндай азық жинауға әйелдер 
епті болғандықтан үстемдік құрған. Осы дәуірдің көріністері Австралия, 
Океания, Африка байырғы тұрғындарының тұрмысында да, мәдениетінде де 
сақталған. Сол көне заманның елесі біздің фольклорда да байқалады, әрине, 
көркем сананың екшеуінен өткен түрде. Егер нақтылап айтар болсақ, 
жалмауыз-кемпір мен көріпкел сәуегей әйелдердің, айдаһардың бейнелері, 
ғайыптан (ғажап) туу, кәмелеттік сынақтан өту, баланың әкесі үйде жоқта 
тууы, қаһарманның қалыңдықты алыстан іздеуі, оның болашақ қайын 
атасымен қақтығысуы сияқты мотивтер атам заманғы матриархат салттары 


14 
мен ұғым-түсініктерінің елесі. Ең көне мифтердің, тұрмыстық әңгімелер мен 
қарапайым ән-өлеңдерінің пайда болу мезгілі – ежелгі рулық қауым уақыты 
деп ойлауға болады 
[1]

Ең көне мифтер – алғашқы қауым адамдарының өзін қоршаған ортадағы, 
маңайындағы әртүрлі объектілер мен табиғат құбылыстары турасындағы 
түсіндірме әңгімелері түрінде болып келеді. Ондай әңгімелерде заттардың, 
аңдардың пайда болуы мифтік сана бойынша түсіндіріледі. Ал, мифтік 
сананың өзі екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең – «адам мен табиғаттың 
бірлігі» жөніндегі түсінік. Яғни адам өзін жан-жануардан, табиғаттан 
бөлмейді, адам мен жануар, адам мен зат бірдей деп түсінеді, өлі мен тірінің 
арасына да жік қоймайды. Дәл осы кезеңде анимистік наным жұмыс істеп, 
мифтерде адамның аңға, басқа бір затқа, немесе керісінше жануардың, 
заттың адамға айналуы – заңды құбылыс ретінде қабылданады. Мифтік 
сананың екінші кезеңі – «адам мен табиғаттың бірлігі» туралы ұғымның 
бұзылуы. Бұл уақытта адамдар өзінің жануарлардан, қоршаған табиғаттан 
өзгеше екенін түсінеді де, тотемистік нанымға негізделген мифтер шығарады. 
Сөйтіп, тотемистік және этиологиялық мифтер дүниеге келеді. Алғашқы 
кезеңде жер бетіндегі нәрселердің, аспан шырақтарының қалай пайда 
болғанын баяндайтын жасампаздық және космогониялық мифтер шықса, 
екінші кезеңде тотемистік, дуалистік мифтер туады 
[2]
.
Мифтердегі басты кейіпкерлер – ілкі ата мен жасампаз қаһарман, тотем-
баба мен шаман (бұл кейінірек). Олардың іс-әрекеттері, көбінесе, 
жасампаздық болып келеді, жердегі заттарды, аң-құсты, т.б. жаратқан солар 
болып көрсетіледі. Мифтер, әрине, бір қалыпта тұрмай, өзгеріп тұрған. Әу-
баста олар қасиетті әңгіме-шежіре түрінде құпия айтылса, бірте-бірте 
сакралдық сипатынан айырылып, фольклордың кейбір жанрларына кірігіп 
кеткен. Мифтік сананың екінші кезеңінде қалыптасқан діни нанымдар мен 
ұғымдарға, солардың іс жүзінде атқарылатын ырымдары мен ғұрыптарына 
негізделген (мифтермен қатар) әр алуан тұрмыстық, кәсіптік, т.б. әңгімелер 
де туады. Олар сол уақыттың фольклорлық жанрлары десе де болады. 
Олардың басты ерекшелігі утилитарлық функциясында, яғни ондай 
әңгімелер жеке айтылмайды, белгілі бір ырымды, ғұрыпты атқару барысында 
айтылады. Демек, ондай әңгімелер практикалық (тәжірибелік) мақсат 
көздейді. Сондай фольклордың үлгісі ретінде терімшілік, аңшылық, 
малшылық пен егіншілік кәсіптерге қатысты шығармаларды айтуға болады. 
Олардың бәрі бізге алғашқы күйінде жетпеген, олар талай өзгеріске 
ұшыраған, әрі өте кеш хатқа түскен. Сол себепті біздің қолымыздағы әңгіме, 
өлең-жырларда көркемделу күшті де, әу-бастағы ұғым-нанымдардың ізі ғана 
сарқыншақ ретінде көрініс береді. Соған қарамастан ол шығармалардан 
ежелгі анимизмнің, тотемизмнің, магияның түбірін тауып, зерттеуге болады. 
Сондай магиялық қызметі айқын фольклорға алғыс, қарғыс, арбау, жалыну, 
жалбарыну, бәдік сияқты жанрлар жатады. Әлбетте, қоғамдағы даму мен 
өзгеру барысына қарай олар да жаңа сипат алып отырған. Мысалы, ежелгі 
алғыс ислам діні енгеннен кейін бата болып, екеуі қатар өмір сүрген. Жалпы, 


15 
магиялық функция рулық замандағы мифтік сананың екінші сатысында 
үлкен рөл атқарған. 
Алғашқы қауым адамдары бірте-бірте табиғатта бар нәрсені ғана 
пайдаланбай, енді өздері өнім жасай бастайды, яғни иемденушіден 
өндірушіге айналады, Бұл әсіресе аңшылық пен аушылық, егіншілік пен 
малшылық (бақташылық) кәсіптерін тудырып, енді өмірде еркек адамдардың 
күш-қуаты қажет болып, олар үстемдік етеді. Сөйтіп патриархат (атаеркі, 
аталық) орнығады. Бұл шақтағы рудың ең негізгі белгілері – бір атадан 
тараған ұрпақ қауымы, осы руға ортақ таңба, ортақ ұран, ортақ зират, бірі 
үшін – бәрі, бәрі үшін – бірі жауаптылығы, қанға-қан, жанға-жан шартының 
болуы, т.б. Осыған сәйкес қоғамдық қатынастарда өзгеріс пайда болады. 
Отбасы – ер адам үйінде орналасады, некелік пен мұрагерлік, басқа да әдет-
ғұрыптар патриархаттық сипат алады. Ру мен отбасының ара-қатынасы, билік 
жасау жүйесі жаңа арнаға көшеді. Рубасылары мен бақсы-абыздар 
тұрмыстық және идеологиялық салаларға билік жүргізіп, әскери іс-
шараларды, ырым-кәделерді басқаратын болады. Қауым өсе келе тайпаға 
айналады, тайпалар одағы құрылады, әскери демократия орнығады. 
Бізге жеткен фольклорлық әрі этнографиялық материалдарда аталық ру 
өмірінің көптеген белгілері көрініс береді. Мысалы, дана ақсақалдар мен 
қайсар батырлар басты кейіпкерлер болып суреттеледі, тіршілікте 
туындайтын барлық мәселелерді талқылау, шешу – солардың құзырында 
болады. Кейіпкерлердің ежелден келе жатқан керемет көмекшілері де – ер 
адам болып шығады. Патриархат заманында пайда болған көптеген салт-
дәстүр, әдет-ғұрып фольклорда айқын сақталған. Солардың ішінен, мәселен, 
құда түсу, келін түсіру, қалың мал төлеу, көп әйел алу, қонақ күту, көрімдік 
беру, 
сый-сыяпат 
жасау 
сияқтыларды 
айтуға 
болады. 
Бұлар 
фольклорымыздың әр жанрында ұшырасады, әсіресе, ертегі мен эпоста әдемі 
баяндалады. 
Рулық заманның бұл кезеңінде неше түрлі ежелгі мифтік ұғымдар мен 
діни нанымдарға негізделген бұрынғы мифтермен қатар жаңа мифтер пайда 
болады, оларда да ескі сана өзгеріске ұшырап, кейіпкерлер ер адамдар болып 
шығады. Бұл уақытта аңшылық жайындағы әңгімелер құпиялықтан арылып, 
ғажайып аңшы-мергендер мен олардың серіктері – тылсым керемет 
қасиеттері бар арғымақтар мен сырттандар туралы баяндайды. Оқиғалар көп 
жағдайда мергеннің басынан кешкендері хақындағы меморат түрінде 
әңгімеленеді. Мұндай әңгімелер кейінгі замандарда хикая жанрымен 
араласып кетеді. Мемораттың кейбірі тұрмыстық әңгіме формасында болып 
келеді. Ондай шығармаларда ежелгі діни нанымдар басқа қырынан көрініп, 
күлкілі жағдайлар ғұрыптық (ритуалдық) мәнге ие болады. 
Еңбек-кәсіпке байланысты фольклор патриархат заманында қайта 
қаралып, жаңаша айтылады. Ежелгі мифологиядағы әр заттың рух-иесі енді 
пірге, алғашқы ата-бабаға айналады (кейін көркем образ болады). Мұны, 
әсіресе, меморатта (кейін хикая мен хикаятта), малшылық (бақташылық) пен 
егіншілік (диханшылық) туралы әңгімелерде, өлеңдерде көреміз. Бұрынғы 
діни-нанымдар да, салт-ғұрыптар да, ырымдар да фольклорда басымдық 


16 
рөлде емес, көлеңкеде жүреді. Үйлену салтына және жерлеу рәсіміне 
қатысты әдет-ғұрыптар атқарылған кезде орындалатын фольклор енді 
біршама өзінше, кей-кейде ана ырымдардан жеке айтылып, көркемдік-
эстетикалық та мақсат көздейді. Олардың мазмұны да, орындалу мәнері де 
басқаша болып, бейнелік жағы күшейе түседі. Жар-жар, сыңсу, беташар, той 
бастар секілді шығармалар ендігі уақытта тек ырым мен ғұрыптың сөз-серігі 
ретінде ғана емес, сондай-ақ адам сезімін көрсететін көркем өлең түрінде де 
айтылады. Сол сияқты жерлеу рәсіміне байланысты орындалатын жоқтау, 
көңіл айту, жұбатулар да салт бойынша орындала отырып, көркемдік-
эстетикалық та мақсатты ұмытпайды. Бұл айтылғандардың бәрі – 
патриархалдық рудың дамыған кезінде орныққан руханият еді. 
Рулық заманда пайда болған рухани мәдениеттің бір саласы – халықтық 
білім мен халықтың өнері. Кең мағынада алғанда бұлар да – фольклордың 
түрлері болып саналады. Сондықтан да әлемдік фольклортануда оларды 
музыкалық фольклор, пластикалық фольклор, халықтың қолөнері, халық биі 
деп атау орныққан. Фольклордың бұл түрлері, сондай-ақ халық 
астрономиясы мен календары, қарапайым математика мен механика, 
халықтық медицина мен мал емдеу ісі, сөз жоқ, өмір тәжірибесінен 
туындаған құндылықтар. Аңшылық құрған, мал баққан, егіншілікпен 
шұғылданған, көшіп-қонып жүрген жұрт табиғаттың алуан сырын, ауа 
райын, жұлдыздардың жылжу ретін үнемі қадағалап, біліп отырған. 
Сондықтан олар аспан шырақтары туралы, төрт түлік малдың ерекшеліктері 
жөнінде, дәнді дақылдардың айырмашылықтары жайында тәжірибелік білім 
қалыптастырған және неше түрлі әңгіме-жыр шығарған. Бұл әңгіме-
өлеңдерінде объектісінің түр-түсін, мінез-құлқын, т.б. қасиетін тәжірибеге 
сүйеніп сипаттау да, сондай-ақ ежелгі мифтік, діни нанымдарды пайдалану 
да бар. Сөйтіп, өзінің мінез-құлқын, тұрмыс-тіршілігін әңгімелеп отырған 
объектісіне көшіріп, әрі танымдық пайдасы, әрі көркемдік мәні бар шығарма 
тудырып отырған. Халық календары мен астрономиясы – фольклорды 
зерттеуде өте құнды материал болатыны себебі – осы. 
Халықтың қарапайым математикасы да, механикасы да – күнделікті 
тіршіліктің қажеттілігінен туған руханият. Малдың есебін білу, жорыққа 
шығарда адам санын анықтау – халық математикасының негізін құраса, киіз 
үйді жасау, оны тең-тең етіп, түйеге, көлікке арту, көліктің өзін оңтайлы етіп 
жасау – қарапайым механиканың түрі. Ал, киіз үйдің жабдығы тек қана 
практикалық мақсат орындамайды, оның әсемдігі, үйдің безендірілуі – 
белгілі дәрежеде эстетикалық талапқа жауап береді. Ендеше, халық қолөнері 
– фольклордың әрі утилитарлық, әрі эстетикалық қызмет атқаратын түрі. 
Сонымен, рулық замандағы мәдениет – ұзақ уақыт бойы қалыптасқан 
руханият. (Тарих ғылымының дәуірлеуі бойынша 30 мыңдай жылды 
қамтиды). Оның салалары мен түрлері көп. Олар бірі-бірімен тығыз 
байланыста, біртұтас, синкретті жүйе қалыбын да дамып, қоғамның, ой-
сананың жетілуіне сәйкес қарапайымдықтан көркемдікке қарай күрделі де 
қиын жолдан өтті. Оу-баста тек қана утилитарлық-тәжірибелік және 
танымдық қызмет атқарған алғашқы фольклор үлгілері бірте-бірте тәрбиелік 


17 
және көркемдік мақсатты көздейтін шығармаларға айналды. Алайда, олар әлі 
нағыз көркем фольклор дәрежесіне көтеріле алған жоқ-ты. Бұл үрдіс кейін 
көпке созылып барып, тек мемлекеттік қоғамдар тұсында жүзеге асқан еді. 
Соның өзінде де фольклор қаншалықты көркем болғанымен, онда сол ежелгі 
рулық замандағы салттар мен ғұрыптар, діни нанымдар мен ұғымдар бірде 
көркемдеуіш құрал, бірде бейнелі сөз, бірде әсіреленген образ түрінде көрініс 
тауып, шығармаға поэтикалық, эстетикалық, эмоциялық реңк беріп тұрады. 
Осының бәрі қосыла келіп, бізге жеткен фольклорды, – бір жағынан, ежелгі 
заманның дүниетанымы, көне мәдениеті әрі мұрасы; екінші жағынан, ел 
тұрмысының бір бөлшегі; үшінші жағынан, халықтық сөз өнері деп 
сипаттайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   122




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет