Байланысты: В1. Қазақ тілі. Асанова, Абдуова, Әділбек, Мағзұмбекова
Әміре ...Әміренің өзін көруден бұрын алдымен атына, атағына әбден қанық
болатынбыз. «Семейден шыққан Әміре деген әнші сонау Еуропаға, Парижге
барып келіпті, жер жиһанның сол өнер жарысында екінші бәйгені алып
келіпті, дауысы ғажап екен» деген сөз ауыздан-ауызға тарап, Әміре аты
аңызға айнала бастаған. 1925 жылы Әміренің өзін көрудің де сәті түсті.
Халық Комиссариаты қазақ театрын ашуға қаулы қабылдап, арнайы
шақыртқан соң келсем, онда Иса Байзақов отыр екен, кешікпей Әміре де
келді. Жанында әйелі бар. Алғашқы жүздескеннен кейін-ақ өзін жоғары
ұстамай, Парижге барғандағы әңгімелерін айтып отырды. РСФСР Халық
ағарту комиссары Анатолий Васильевич Луначарскийдің Әміренің
домбырасын да қайта жасатып беріпті. Қолындағысы үні жақсы болғанымен,
сырт көзге қораштау екен, Луначарский: «Мына домбырамен бару ыңғайсыз.
Ондағы жұрт әр қадамыңа сын көзбен қарайды, мен шеберлерге айтайын, дәл
осындай домбыра жасап берсін», - депті. «Кешікпей-ақ пернесіне перне
қосылмаған, әдемі ағаштан шабылған, кәдімгі қазақтың қара домбырасын
алып келді, тартсам күмбірлеп тұр, бұрынғысынан да жақсара түскен», - деді
Әміре сол кездесуде. Ол домбыра қазір Қазақ Орталық музейінде сақтаулы
тұр.
Әншілігімен осыншама әйгілі Әміренің адамгершілік қасиеттері де
бөлек еді. Ашулану дегенді білмейтін, жолдастыққа риясыз жан болатын.
Әсіресе, кісі көңілін құрметтеуі әлі күнге таңдандырады. Егер көшеде келе
жатқанда бір адам тоқтатып: «Сіздің әніңізді ести алмай жүрмін», - десе,
«Қай әнді қалайсың?» - дейді де, сол жерде тұрып алып бес-алты ән салып
беретін.
122
1934 жылы дүние салған Әміре музыкалық театрдың сахнасына шыға
алмай кетті. Әттең әнші өмірі ерте үзілді...
(«Әнші Әміре» мемуарынан бейімделіп алынды)