Байланысты: В1. Қазақ тілі. Асанова, Абдуова, Әділбек, Мағзұмбекова
Саз аспап шебері Нұрлан Абдрахман Саз аспаптарын жасаушы шебер ретінде 40 жылдан
артық еңбек етіп келеді. Аспаптарын осы күнде елімізде танымал «Отырар
сазы», Құрманғазы атындағы Академиялық ұлт аспаптары оркестрі, «Сазген
сазы» ансамблі, одан бөлек еліміздің барлық аймақтарындағы мәдениет
үйлері, ансамбльдер мен оркестрлер қолданып жүр.
Шебер: «Саз аспаптарының шебері болу үшін ең бастысы
шыдамдылық керек. Аспаптың сыртқы формасын ұқыпты жасаумен қатар
оның дауысын жақсылап шығару ұзақ ізденісті талап етеді. Екінші –
байқампаздық пен сезімталдық, яғни ішкі түйсік қажет. Әрбір пайдаланған
ағашың қандай қалыңдықта тілінуі керек, оның қаттылығы мен жұмсақтығы,
жылдық сақиналарының жиілігі дыбысқа қалай әсер етеді деген сынды
көптеген ерекшеліктерді байқап, іштей сезіне білу өте маңызды. Үшіншіден –
жаңа білімді меңгеруге деген талап керек. Қазақтың ұлттық саз аспаптарын
қазіргісінен де жақсарта түсу үшін техниканың, ғылымның соңғы
жетістіктерін меңгеруге талпыныс қажет», - дейді.
Қазір музыкалық аспап жасауда қолданылатын материалдар
бұрынғысына қарағанда әр алуандылығымен ерекшеленеді. Бұрынғы
шеберлер өздері тұрған жерлеріндегі үйеңкі, арша, алмұрт, шырша сияқты
тек қазақ жерінде өсетін ағаш түрлерін пайдаланса, осы күнде шеберлеріміз
Латын Америкасы, Африка сияқты өзге құрлықтарда ғана кездесетін қызыл
ағаш, эбен, палисандр сияқты ағаш түрлерінен аспап жасап жүр. Қазір
қаласаңыз 3D форматтағы станоктардың көмегімен өте күрделі жұмыстардың
өзін компьютерлік бағдарламалар арқылы жоғарғы деңгейде орындауға
болады. Осы құралдардың көмегімен әртүрлі формаларды, иірімдерді,
өрнектерді жасау бұрынғысынан әлдеқайда жеңілдеді.
https://el.kz/news/archive/