Байланысты: В1. Қазақ тілі. Асанова, Абдуова, Әділбек, Мағзұмбекова
Отбасын неше жаста құру керек? Отбасы – шағын мемлекет. Осы шағын мемлекетті құру, онда өмір
сүру адамнан үлкен ептілікті, көрегенділікті, шыдамдылықты талап етеді.
Жаһандану заманында тұрмыстан бұрын жұмыс пен мансап жолында жүрген
бойжеткендер мен бозбалалар қаншама?! Жайлы жар іздеп, адам бойынан
мін іздей беретін қаншама жас азаматтар шаңырақ көтеруге асықпайды.
Қызмет жолында ісі табысты болып отырған қыздардың да саны аз емес.
Мінсіз адам болмайтыны белгілі, алайда өмір заңдылықтарынан қашпай,
бақытты ғұмыр кешуге ұмтылу керек.
Әрине, нақты осы жасқа толғанда үйлену керек деген жазылып қойған
қағида жоқ, бірақ өмір заңы солай. Үй болу керек, отбасын құрып, ата-ана
атанып, ұрпақ жалғастыру керек. Енді отбасын неше жаста құру керек деген
мәселеге тоқталайық.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Отбасы институтын зерттеу орталығының
мамандары: «Зерттеу барысында ерте жастағы неке – бүгінгі қоғам үшін өте
үлкен проблема. Стастиканың өзі де ерте жастағы некелердің 90 пайызының
болашағы жоқ екенін, арты ажырасуға апарып соғатынын көрсетіп отыр.
Өйткені отбасылық өмірге психологиялық тұрғыдан дайын болмаған
бозбалалар мен бойжеткендер өздеріне түскен салмақты көтере алмай
жатады», - дейді.
Жүргізілген әлеуметтік зерттеуге қатысқан жауап берушілердің
көпшілігі неке құру үшін ең оңтайлы жас – 25 және одан жоғары дегенді атап
өтті. Яғни, алдымен білім алып, одан кейін мансап құрып, өмірлік тәжірибе
алған соң ғана көтерген шаңырақтың баянды болатынын меңзейді.
Ал
психолог мамандар: «Болашақ отбасын құруда ерлі-зайыптылардың жас
ерекшелік дайындығы ғана емес, олардың психологиялық даярлығы да
маңызды. Отбасының берік болуы болашақ ерлі-зайыптылардың өзіне
байланысты. Олар болатын қиыншылықтарды алдын-ала сезіп, саналы түрде
соны жеңіп шығуға бел бууы қажет. Отбасында түрлі экономикалық,
әлеуметтік және жеке тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты мәселелер
туындамай тұрмайды. Ондай қиыншылықтардың соңы отбасының
ыдырауына әкеп соғатыны да белгілі. Осы ретте, жастардың 26-30 жаста
отбасын құрғаны дұрыс. Сонымен қатар қыз балалардың ерте есейетінін
ескерсек, 22-25 жас қыздар үшін қолайлы» деп отбасын құру үшін әр адам
моральдық, материалдық және психологиялық тұрғыдан отбасылық өмірге
дайын болу керек екенін айтады.
(Айгерім Таубай, https://qamshy.kz/article. ақпарат бейімделіп алынды)