Он бірінші тарау
Мартин «Інжу іздеушілеріне» қайтадан отырған. Оны тез арада бітіріп
тастауға жағдайы бар еді, əлдеқалай өлең жазуға аңсары ауып кетті. Бұл —
Руфьке ғашықтық сезімінен туған шабыты. Бірақ өлеңнің ешбірін аяқтай
алған жоқ. Аз уақытта поэзия өнеріне жетіле қою оңай ма. Өлеңнің
ырғағын, өлшемін, жалпы құрылысын қиыстырудың өзі қиын. Оның үстіне
ұлы ақындардың өлеңінде кездесе беретін, бірақ өз өлеңіне əлі енгізе алмай
жүрген бір қасиет бар. Ол уысына оралмай кеткен поэзияның рухы.
Мартинге осы рух жарқын нұр, құбылмалы мөлдір мұнардай көрінеді, қолы
тисе ыдырап, жоқ боп кетеді де, ең сəті түсті дегенде уысына сілемі ғана
ілігіп, көңіліндегі күмбірлеген музыкаға ұқсас өлеңнің бірен-саран тармағы
ғана аузына түседі немесе көз алдынан тек елес беріп өте шығады. Сөйтіп
қинайды. Нелер көркем сезім тілінің ұшында ғана тұрғанымен, ауыздан
шықса, ажары кетеді. Кейде Мартин өлеңін дауыстап оқып қарайды.
Өлшемі қағидаға сай, ұйқасы мен ырғағы дұрыс, əттең, татуы жоқ, əсерлі
рухы жоқ. Неге бұлай? Осының себебін біле алмай-ақ қойғаны... Кей
уақытта күдер үзіп, очеркіне қайта оралады. Тегі, ыңғайға оңай көшетін
құрал проза ғана болса керек-ті.
Інжу іздеушілер туралы очеркін жазып бітіргеннен кейін Мартин
теңізшінің кəсібі жайында, тасбақа аулау жайлы, солтүстік-шығыс пассаты
турасында тағы бірнеше очерк жазған. Мұнан соң тəжірибе ретінде
сюжетті, ықшам əңгіме жазуға талаптанып, қыза-қыза алтауын жазып
тастады. Оның бəрін журналдарға жөнелтті. Ара-тұра кітапханаға немесе
Руфьке барғаны болмаса, қалған уақытында таңертеңнен кешке дейін тіпті,
түн ортасына дейін тапжылмай отырып, жемісті еңбек етті. Мартиннің бұл
творчестволық құмары ешуақытта тарқамаған, қызықты тамашалары мол,
айрықша бақытты күндері еді. Бұрын жаратушылық деген тек тəңірінің ісі
шығар дейтін. Енді оның қуанышына өзінің де қолы жеткендей.
Айналасындағы бəрі – шіріген овощ пен сабын судың исі, соңғы кезде
болжырап, сары кідір тартқан апасы, мистер Хиггинботамның зымиян,
зəрлі кескіні ұйқыда көрген түс сықылды. Ал ақиқат, шын дүние тек өз
миында. Жазып жүрген əңгімелері сол дүниенің сілемі тəрізді.
Көп білмекке айрықша құмартуынан ұзақты күн қысқа көрінеді оған.
Енді күн тəулігіне бес сағаттан артық ұйықтамайтын болды. Төрт жарым
сағат ұйықтап та байқаған. Бірақ бұрынғы бес сағаттық нормасына амалсыз
қайта көшті. Басқа уақытының бəрін, барша зейін-ықыласын жазуы мен
оқуына жұмсайды. Жазуынан əзер бас көтеріп, оқулығын қолға алады, оны
тастай беріп, кітапханаға жүгіреді, кітапхана сынды ғылымның
штурмандық рубкасында жатқан əртүрлі əңгіме басылған журналдарды
қарамай кетуге көзі қимайды. Себебі, жазушылардың журналға не
қасиетімен ұнап жүргенін білмек керек. Ал Руфьтің үйіне барса, қайтқысы
келмес еді, далаға шықса, аңсаған кітаптарына асығып, қараңғы
көшелердің бойымен жүгіре жөнеледі. Бірақ, бəрінен де уыз ұйқы ұялаған
көз шырымын алу үшін алгебра мен физика оқулығын немесе қалам мен
қағазын тастап, тұрып кетуден қиын нəрсе жоқ. Ұйқыға өмірінің аз
уақытын да қиғысы келмейді; жатарда бес сағаттан кейін будильник оятады
ғой деп көңілін жұбатады. Бар болғаны бес сағат уақытым зая кетеді екен,
көп ұзамай сағаттың шыр еткен ащы дауысы оятып жібереді, сонда
алдымда он тоғыз сағат жұмыс істейтін уақытым бар екен, деп ойлайды.
Уақыт шіркін зымырап өтіп барады. Ақша болса азайды. Ешқайдан
қаламақы келген жоқ. «Жастар серігіне» жіберген қолжазбасы бір айдан
кейін қайтып оралған. Қабылдамау себебін тым-ақ майдалап жазған екен,
Мартин баспаса да риза болды. «Сан-Франциско барлаушысын» мүлдем
құдай атты. Онан екі жетідей жауап келмеген соң, Мартин хат жазған. Тіпті
болмаған соң, редакторымен жүзбе-жүз жолығайын деп өзі барған. Барса
есігінің алдында қалшиып, қырағы сақшы тұр екен. Жирен шашты балаң
жігіт редактор сынды ел азаматымен дидарласуына рұқсат етпеді. Бес
аптадан кейін, ешбір сылтау-себебін айтпастан, қолжазбаны почта арқылы
қайтарыпты. Не жақсы, не жаман деген бір ауыз сөз жоқ. Сан-
Францисконың ірі-ірі газеттеріне жолдаған өзге қолжазбалары да көп
ұзамай осының ізін құшты. Сонан кейін Мартин шығармаларын
шығыстағы штаттардың журналдарына жөнелткен, бірақ көзді ашып-
жұмғанша бəрі де ұбап-шұбап, өзіне қайтып келді. Рас, əрқайсысының
ішінде пайдалана алмадық деген тасқа басқан бір жапырақ қағаз бар екен.
Əңгіме атаулы да осының кебін киді. Мартин қайтадан бəрін бір емес,
бірнеше рет оқып шыққан еді, өзіне ұнады. Ал журналдардың қаламаған
себебін ешбір дəлелге сыйдыра алған жоқ. Сөйтіп жүргенде, газеттен
қолжазбаны машинкаға бастыру шарт деген жаңалық оқып, көңіліндегі
күдігі тарқағандай болған. Əлбетте, əлдекімнің адам танымайтын
жазуымен əуреленіп жатуға редактордың қолы тимейтіні рас шығар.
Сонымен, Мартин жалға жазу машинкасын алып, күнұзын басып
үйренумен болды. Ол енді күндіз жазғанының бəрін күн сайын кешке
машинкаға көшіріп басады. Жəне бұрын жазғандарын да біртіндеп көшіре
берді. Кейін осының өзін ешкім қабылдамай қойғанда, зықысы шыққан
Мартин ерегісіп, иегі көстиіп, қайта келген қолжазбаларының адресін
өзгерте салып, басқа жерге жіберуден жалықпады.
Ақыры бір күні өз шығармасына өзінің дұрыс баға беруі алмағайып
нəрсе екенін ойлап, Гертрудаға сынатпақ болды да, бірер əңгімесін оқып
берді. Гертруданың екі көзі жайнап, інісіне мақтана қарап:
— Ойпырмай, осыны өзің жаздың ба,— деді.
— Иə, иə,— деді Мартин аптығып, апасының сөзін бөліп.— Айтшы,
кəне ұнай ма өзіңе?
— Тəңірі шұнақ-ай! Ұнамағанда ше — өте ұнайды, көңілім қобалжып
кетті ғой, мұқым!—деді.
Бірақ, Мартин əңгімеге оның түсіне қоймағанын байқады. Ақкөңіл
апасының аңқаулау кескініне қарағанда, ішінен «қайдам» деп тұрғандай
көрінеді. Бірақ, Мартин ақырын күтті.
— Əңгіменің аяғы немен тынады, Март?— деді біраз кідіріп қалған
Гертруда.— Немене, əлгі таңдайы тақылдаған жігіт... қызға үйлене ме?
Мартин əңгіменің немен аяқталатынын жəне оны сюжеттің төркінінен
де тануға болатынын түсіндіріп еді, Гертруда:
— Оның рас, сонда да турасын айтқаның жөн еді,— деді.
Он шақты əңгімесін оқып бергеннің соңында Мартиннің байқағаны
апасы, сірə, əңгіменің ылғи «бай болып, барша мұратына жеттімен»
аяқтала бергенін жақсы көретін сияқты.
— Айтып-айтпай не керек, əңгімең жақсы-ау,— деді астауға кір салып
жуып жатқан Гертруда бойын жазып, күрсініп, баржиған қып-қызыл
қолымен маңдай терін бір сүртіп қойып,— бірақ, тым қайғылы екен.
Көңілім босап кетті. Қайғы мен зар аз емес қой онсыз да. Зəуде бір жақсы
лебіз естісем, көңілім көтеріліп қалады. Егер əлгі екеуінің көңілі жарасып,
отасып кетсе, қандай жақсы болар еді... Немене, Март маған ренжіп қалған
жоқсың ба?— деді қипақтап.— Мүмкін қажып жүргесін, маған солай
көрінген шығар. Шынын айтсам, əңгімең тəп-тəуір, əп-əсем. Қайда
бастырмақсың?
— Бұл өзге мəселе,— деді ол күлімсіреп.
— Егер бастыра қалсаң, қаламақысына қанша төлер екен?
— Жүз доллар төлейтін шығар, кемінде.
— Оһо! Илаһи, бір жерге бастыра гөр!
— Аз емес қой деймін, ə?—деді ол, сонан соң желпіне сөйлеп:— есіңде
болсын, мен мұны бар-жоғы екі күнде жазып тастағам. Сонда күніне елу
доллардан келгені ғой!
Мартин əңгімелерін Руфьке оқып беруге де құштар. Тек бата алмай жүр.
Бірлі-жарымы əуелі басылып шықсын — сонан кейін қыз өзі бағалар, деп
үміттенеді. Сөйте жүре оқуын да ұмытқан жоқ ол. Білімнің зерттелмеген
нуын аралаудан өзге не қызық бар. Физика мен химия оқулығын сатып
алып, алгебраға қоса физика заңдарына жетілді, қағидалардың шындығын
өзінше дəлелдеуге жаттықты. Ал экспериментті өзі жасамай-ақ,
жасағандардың айтқанына сене береді, себебі, жүйрік қиялы химиялық
түрлі реакцияны көзіне өзі көргендей елестететін де, оны тəжірибе жасауға
қатысқан студенттерден артық түсінетін. Оқулық бетін аударған сайын
Мартин табиғат пен дүние хикметінің пердесін бірте-бірте ысырып
ашқандай болады. Бұрын дүниені бір тұтас болмыс деп таныса, енді оның
құрылысын, энергия мен материяның бір-біріне қатысы мен əсерін ұға
бастады. Оның ақылы көптен таныс жайттардың түпкі төркінін аңғарып
отыратын болды. Мəселен, рычаг пен блог теңізде өзі талай айналысқан
лебедка мен жүк кранын есіне түсіреді. Теңіз айдынында кемені жолынан
жаздыртпайтын навигация қисынын да бірден оңай түсінді. Дауылдың,
жаңбырдың, топанның сыры мəлім болды; пассат желдерінің пайда болу
себебі айқындалды; осыған орай өзінің солтүстік-шығыс пассаты туралы
бұрын жазған очеркін тым асығыс жаздым ба деп, дұрыстығына шүбə
келтіре бастады. Мұнан былай пассат туралы жазса, анағұрлым жақсы
шығатынын сезеді. Бірде ол Артурға еріп, университетке барған, онда
лабораториялық
тəжірибелерге
айрықша
зейін
аударған,
физика
профессорының лекциясын ұйып тыңдаған.
Ол əдебиетпен де шұғылдануын қойған жоқ. Очерк пен əңгімелер
қаламының ұшынан тоқтаусыз төгіліп жатады. Ара-арасында журналдарда
басылып жүрген қара өлең сықылды қарапайым дүниелерді де жазып
тастайды. Əлдеқалай шабыты келіп, екі жұмада ұйқассыз өлең түрінде
трагедия да жазған еді. Бірақ бірден бес-алты баспашының қабылдамай,
қайтарып жібергеніне таң қалды. Бір күні Гэнлидің шығармасын оқып,
«Ауруханада жатып жазған поэмаларының» үлгісімен теңіз туралы бір
цикл өлең жазды. Бұл романтикаға толы, айбынды, мөлдірдей таза, əдемі,
бірақ, қарапайым өлеңдер еді. Оны Мартин «Теңіз толғаулары» деп атады,
бұрын-соңды жазғандарының ішіндегі ең тəуірі деп бағалады. Цикл отыз
тарау өлеңнен тұрады. Соның бəрін əр кеште бір тараудан жаза келе, бір
айда бітірген. Ал күндіз ұзақты күнін прозаға арнады Оның бір күн бітірген
жұмысына жұрт əуес көріп жүрген жазушының қай-қайсысы да бір жетіден
кем отырмас еді. Бірақ, Мартин мұны шопақ құрлы көрген жоқ. Айта берсе,
еңбекке санаған емес. Əншейін көп жылдан бері көкірегінде булығып
жатқан көркемдік туралы ой-арманы бір күнде күркірей тасып, сыртқа
шыққандай көрді.
Мартин «Теңіз толғауларын» ешкімге көрсетпеді де, редактор атаулыға
сенімі кетуі сонша, ешқайда жібермеді де, бірақ бұл жолы шығармасын
жібермей қоюына сенбестігі ғана себеп болған жоқ. Өлеңі өте жақсы
шыққанына қуанышты еді ол. Қуанышына өзімен бірге Руфьтің де ортақ
болғанын тəуір көріп, оқып беруге қолайлы сəтін күтті. Оған дейін өлеңін
өз бойында ғана сақтамақ. Мезгіл-мезгіл оңашада дауыстап оқып, ақыры
түгел жаттап та алды.
Өмірінің ояу уақытында Мартин Иден тыным көрмейді. Еңбек тынысы
тіпті түсінде де тынбайтын тəрізді. Көз шырымын алуға лажсыз бөлген бес
сағат уақыттың əрекетсіз өткеніне көнгісі келмегендей, ой-санасы күні
бойғы толғанысын ұйқыда жатқанда да ақылға сыймастай қисынсыз қиялға
айналдырып, тыным бермейді. Ынжық біреу болса, əлдеқашан сүре
жығылар еді. Ол, тіпті, Руфьпен кездесуді де сиретті. Июнь айы таянып
келеді. Көп ұзамай емтихан да басталады. Руфь университеттен дипломын
алуға тиіс. Көркемөнер бакалавры болашақ! Сол есіне түссе, Мартинге
Руфь өте алыстап, енді қайтып оған қолы жетпейтіндей көрінеді.
Əйтсе де, Руфь Мартинге жетісіне бір күнін қиды. Сол күні Мартин
Морздардың үйіне түстеніп, түстіктен кейін музыка тыңдайды.
Бұл бір қызық мереке. Морздардың тұрмыс салтанаты Мартиннің
тіршілігіне ұсамайтыны сонша, бұл үйде Руфьтің қасында болса, бойы
жазылып, көңілі бір көтеріліп қалады. Сондықтан, тар, тымырсық
бөлмесіне оралған сайын Мартин, мен де биікке өрмелеп шығамын деп ант
етуші еді. Творчество алауына күйіп, сұлулықты айрықша аңсауына
қарамастан ол, сайып келгенде, Руфь үүшін ғана еңбектенеді. Арманы —
ғашығы, өзгенің бəрі осыған бағынышты. Сол бір іңкəрі білімге деген
ықыласын жеңіп кеткендей. Мартин үшін дүние əлемнің ғажайыбы оның
молекула мен атомнан құралуында емес, өзінің сиқырлы құпия заңдарына
ғана бағыныштылығында да емес — сол дүниеде Руфьтің болуында. Руфь
бұрын түн ұйықтаса түсіне кірмеген керемет.
Бірақ, Мартиннің көңіліне кірбің салған екеуінің арасының алшақтығы.
Руфьке қолы жетпестей көріп, онымен қайтсем терезем тең келер деп, ойы
отызға бөлінді. Өз табының əйел-қыздарына жұлдызды-ақ еді. Зəуде,
олардың ешқайсысына елжіреген жоқ. Руфьке ғашық болды. Бұған себеп
Руфьтің өзге тапқа жатуы да емес. Мартиннің сүйіспеншілік сезімі қызды
тап шеңберінен жоғары қояды. Ол үшін Руфь елден ерек тұрған жан. Оның
ешкімге
ұсамайтыны
соншалық,
ғашықпын
деп,
қасына
қалай
жақындаудың ретін таппады. Қазір əжептəуір білімі артып, тілі ұстарып,
қызға бір табан жақындағандай, екеуі өзара тіл тауып, пікірі жарасып,
талғамы мен тілегі табысқандай. Бірақ, осының бəрі оның ғашықтық
құмарын тарқата алған жоқ. Ғашығын көксегенде қиялы қызды періштедей
денесіз қуатқа айналдырып, тəн жақындығы туралы ойға əсте жол
бермейді. Асылы, жігіттің ғашықтық сезімі аңсаған лəззатын жеңіп кетулі.
Күндердің күнінде екеуінің арасындағы түпсіз шыңырау өткел берді де,
көзді ашып-жұмғанша ғайып боп кетті. Сонан тұңғиықтан өтетін көпір
табыла ма деген үміт туды. Оқиға былай болған. Бір күні екеуі шараптай
тіл үйіріп, ауыз қуырған қара күрең шие жеп отырды. Кейін қыз
«Шаһизаданы» оқи бастағанда, Мартин оның ерніне шиенің шырыны
жұққанын байқады. Сол арада қыздың періште емес, ет пен сүйектен
жаралған кəдімгі адам екені, оның тəні де өзінің немесе өзге адамның
тəніндей табиғат заңдарына бағынышты екені ойына орала кетті. Қыздың
ерні де өзінің ерні секілді тəн ағзасы екен, шиенің шырыны оған да жұғады
екен. Егер ерні ондай болса, өзінің қандай болғаны. Оның заты əйел,
ендеше өзге əйелден айырмасы болмағаны ғой. Бұл ой жасылдың
жарығындай құйқа тамырын шымырлатты. Ол зор жаңалық ашқандай,
күннің аспаннан жерге құлап түскенін немесе біреудің күпірлік жасап,
құдайды қорлағанын көргендей сезінді.
Оны жаңалығының түп мəнін түсінгенде Мартиннің жүрегі лүпілдеп
кетті. Осы қызбен шүйіркелессем, шүңкілдессем деген арман пайда болды.
Өйткені, ол-дағы көктен түскен періште емес, ерніне шиенің шырыны
жұққан кəдімгі əйел екен ғой. Өрескел ой шошындырған да. Бірақ, ақыл
үніне жүректің дүбірі қосылып, екеуі бірдей ұранды жеңіс гимніндей
күңіренді: сенікі дұрыс, сенікі дұрыс дегендей болды. Руфь жігіттің ойын
сезе қойғандай кітаптан кенет көзін алып, Мартиннің бетіне жымия
қарады. Мартиннің көзі қыздың көгілдір көздерінен ерініне, онан кейін
ерніндегі өзінің тағатын кетірген титтей шие дағына тоқтады. Бұрынғы
əдепсіз кезіндегі əдеті бойынша, өзге əйелдерге көрсеткен қылығы есіне
түсіп, қызға қол жұмсағысы келді. Қыз да сəл иіліп ыңғай көрсеткендей
болған. Бірақ Мартин өзін-өзі тоқтатты.
– Сіз мені, тіпті, тыңдаған жоқсыз,— деді қыз бұртиып.
Жігіттің ұялып қалғанына мерейі тасып, ол тағы күлді. Мартин оның
жаудыр көзіне қарап, ойында дəнеңе жоғын, ешнəрседен хабарсыз екенін
сезгенде ұялып қалды. Сірə, қиялында болса да өзі тым ағат кеткенге
ұқсайды. Басқа біреу ойындағысын сезе қояр еді, ия, Руфь емес, өзге бір
қыздар болса жып-жылдам түсіне кетер еді. Бұл түк сезген жоқ. Оның өзге
əйел затынан айырмашылығы да осында! Ол ешкімге де ұқсамайды!
Мартин өзінің рабайсыздығын, қыздың нəзік, кіршіксіз таза екенін түсініп,
өз-өзінен пұшайман болды. Осынан кейін екеуінің арасында тəрізі тағы да
шыңырау пайда болғандай, көпір құлағандай көрінген.
Дегенмен, осы оқиға оны бір табан жақындатты да. Бұл сəт есінен
кетпей, күдік торлағанда əманда көңіліне демеу болды. Өткел бермес
шыңыраудан өтуге болар деген үміт туды. Осы үмітіне жету үшін Мартинге
талай қиын асулардан өтуге тура келген. Оның қасында көркемөнер
бакалавры деген атаққа апаратын жол ойыншық сықылды. Қыздың заты
асыл, кіршіксіз таза адам екені рас. Бірақ, оның ерніне де шиенің шырыны
жұғатын көрінеді. Ол да дене заңына бағынышты екен. Олай болса, өмір
сүру үшін ас ішуі керек, суық тисе, ауырып қалуы мүмкін. Тіпті, істің мəні
мұнда да емес, қыз ашығу, шөлдеу дегеннің не екенін біледі, сезеді,
ыстыққа күйеді, суыққа тоңады. Олай болса, ғашық болу, еркекті сүю оған
жат сезім болмасқа керек. Мартин де еркек емес пе! Ендеше, ол неге
қыздың қалаулысы бола алмайды? «Мен дегеніме жетемін, бақыт құсын
қолыма қондырамын,— деді ол қалшылдап, сыбырлап.— Қыздың
қалауласы мен боламын! Қайткен күнде де бақыт құсын қолыма
қондырамын!»
|