Оныншы тарау
Сол күннің кешінде Мартин Морздардың үйінен қонақасы ішкен. Бұған
Руфьтің өте риза болған бір жері Мартин əкесіне қатты ұнап қалыпты. Ac
үстінде əңгіме теңізшілердің төңірегінде болған. Бұл жайды Мартин өзінің
бес саусағындай жақсы біледі. Кейін мистер Морз Мартинді өте зейінді,
естияр жігіт екен десе керек. Сол күні ол оғаш сөз айтпауға барынша
тырысып, пікірін асықпай, ойланып айтып баққан. Мұнан бір жыл бұрынғы
бірінші рет болғандағыдай емес, Мартин өзін стол басында да еркін ұстап,
кішіпейіл, тіпті ибалы қалып көрсеткен. Ал мұнысы миссис Морзға
ұнайды. Ол кісі жігіттің мүлдем өзгеріп, ысылып қалғанына əрі сүйсінеді,
əрі таң қалады.
— Бұл Руфьтің назары түскен бірінші еркегі,— деді кейін ол кісі өзінің
жұбайына,— бұған дейін еркек атаулыға өзі тым селқос, салқын қараушы
еді ғой. Соңғы уақытта бұл қылығынан тіпті қорқып жүруші едім.
Мистер Морз зайыбына таңырқай қарады.
— Немене, мынау жас матрос уыздай баланың əйел сезімін оятсын
дегің келе ме?
— Мен балапаным кəрі қыз атанып, бұл дүниеден қу тізесін құшақтап
өтпесе екен деймін. Егер Мартин Иден арқылы оның жалпы ер адамға
мейірі оянса — тым жақсы.
– Өте жақсы! – деді мистер Морз да.—Бірақ, біршама болжал айталық,
иə, қымбаттым, кей-кейде осылай тұспалдауға да тура келеді. Мəгəрки,
қызыңның жалпы еркекке емес, бір ғана кісіге мейірі түсіп кетсе қайтесің?
– Бұл мүмкін емес,— деді күліп миссис Морз.— Жігіт Руфьтен үш жас
кіші, олай болатын ешбір реті жоқ. Жаманатқа жорымай-ақ қой. Маған сен.
Сонымен, Мартин Иденнің атқаратын ролі анық болды. Ол тұста ол
əдеттен өзге бір ермек ойлап тапқан. Оны есіне салған Артур мен Норман
еді. Əңгіме жексенбі күні қала шетіне велосипедпен серуенге шығу туралы.
Бəлкім, Руфьтің баратынын естімесе, Мартин де еліге қоймас еді. Ал өзі
бұрын-соңды велосипед жүргізіп көрген емес. Руфь жүргізе біледі екен,
олай болса мұның да үйренуі керек. Сондықтан, үйіне қайтып бара жатқан
бетінде ол жолыңғай магазинге кіріп, қырық долларға велосипед сатып
алды. Қиналып бір ай жұмыс істесе де ақысына мұнша сома ала алмас.
Əрине, бұл шығыны өзіне оңай тиген жоқ. Дегенмен «Барлаушыдан» алуға
тиісті жүз долларының үстіне «Жастар серігінен» алашақ төрт жүз жиырма
долларын қосып, бұл ақшам бір мұқтажыма жарады деп қуанып қойды.
Велосипед үйренуге шыққан бойда-ақ үржаңа шалбары мен пенжегін
жыртып алғанын елең қылған жоқ. Хиггинботамның дүкенінен тігіншіге
телефон соқты да, жаңа костюм тігуге заказ берді. Сонан соң велосипедін
сыртқы тар басқышпен бөлмесіне алып кірді. Оны қою үшін керуетін
қабырғадан бері жылжытты. Сонымен, бөлмесінде өзі мен велосипедінен
басқаға ұлтарақтай да орын қалған жоқ.
Жексенбі күні ол емтиханға əзірленбек болған, бірақ інжу іздеушілер
туралы əңгімеге зейіні түсіп, ұзақты күн бас алған жоқ, санасын оттай
жарқыраған суреттердің сұлулығын қағазға түсіргенше қиялы алас ұрды.
«Барлаушы» бұл жексенбіде де қазына іздеушілер жайындағы əңгімесін
баспаған екен. Оны да елең қылған жоқ. Тегі, қиялдың пырағына мініп,
шығаннан шығып кеткен ғой, үй ішінің екі рет асқа шақырғанын да
естімепті. Сонымен, мистер Хиггинботамның əдетте жексенбі күндері ғана
əзірленетін жылы-жұмсағынан құр қалды. Мистер Хиггинботамның
ойынша, осылай қонақасыға сылқита бір тойғызу – молшылық пен
берекенің белгісі. Мол дастарқан үстінде отырып, ол өз-өзінен бөсер еді.
Əсіресе, американдық тұрмыс салтының артықшылығы туралы, сол
керемет дəстүрдің адамға берешек мүмкіншіліктері жайлы мəселен, оның
алабөтен тамсанып айтатыны, овощ сататын дүкеннің приказчигінен сауда
кəсібінің қожайыны болып көтерілуге де болатындығы турасында сөкет
бірдемелерді сөйлеп отыратын əдеті еді.
Дүйсенбі күні таңертең Мартин Иден інжу іздеушілер туралы бітпей
қалған очеркіне іші ашығанымен, Оклендтегі мектепке барды. Арада
бірнеше күн өткеннен кейін қорытындысын білмекке тағы барды,
ондағылар грамматикадан өзге пəннің бəрінен құлағанын айтты.
— Сіздің грамматикадан түсінігіңіз тым жақсы,— деді оған профессор
Хилтон əйнегі қалың көзілдірігі арқылы тесірейе қарап,— бірақ басқа
пəннен дəнеме білмейсіз, Құрама Штаттардың тарихы туралы берген
жауабыңыз тіптен сорақы, басқаша айтуға болмайды. Сізге берер кеңесім...
Профессор Хилтон үндемей қалды, Мартинге өзінің толып жатқан
шөлмегінің бірі сықылды немқұрайды селқос қарады. Профессор мектепте
физикадан сабақ береді, семьясы көп, жалақысы аз, тоты құстай сайрап,
қайта-қайта айта беретін бірсыдырғы жаттанды ғана білімі бар адам.
— Солай ма, сэр — деді Мартин жүні жығылып, ішінен профессор
Хилтоннан гөрі анықтама бөліміндегі кітапханашымен ақылдасқаным
артық еді деп ойлады.
— Сізге берер кеңесім: бастауыш мектепте əлі де болса бірер жыл
оқыңыз. Ал, жолыңыз болсын!
Мартин онша ренжімеді. Кейін профессор Хилтонның сөзін Руфьке
айтқан еді, ол ренжіп қалды. Руфьтің шын қынжылғаны сонша, Мартин
болған іске емес, қыздың қайғырғанына қатты өкінді.
— Міне, көрдіңіз бе, менің айтқаным келді ғой,— деді қыз оған.—
Біліміңіз анау-мынау студенттен кем болмағанымен, емтиханнан өте
алмадыңыз. Себебі, сіз жүйелі білімі жоқ, тек тиіп-қашып оқыған адамсыз.
Сізге жүйелі білім алу лазым. Ол үшін жақсы оқытушыңыз болуға тиіс.
Түбінде тиянақты білім алмай болмайды. Профессор Хилтон дұрыс айтқан.
Мен сіздің орныңызда болсам, кешкі мектепке түсер едім. Оны жыл
жарымда бітіріп шығасыз, алты ай уақыт үнемдейсіз. Күндіз жазу
жазарсыз, ал қаламақымен күн көре алмасаңыз, басқа кəсіппен айналысуға
да уақытыңыз болады.
«Егер мен күндіз жұмыста, кешке мектепте болсам, сізбен қай уақытта
көрісем?»—деген ой келді ең алдымен Мартинге, бірақ бұл ойын айтуға
бата алмай, оның орнына:
— Кешкі мектепке жүгіріп жүру баланың ісі ғой,— деді.— Егер түбінде
еңбегім жанатынын білсем, бұған да қарамас едім. Бірақ, осынан, меніңше,
ештеме өнбесе керек. Мен мектеп мұғалімдерінен оқығаннан да, өз
бетімше оқысам, тез үлгеремін. Мектепте көп уақытым зая кетеді (бұл сөзді
уақытын қимағандықтан емес, қызды қимағандықтан айтты), ал мен
уақытымды босқа жұмсай алмаймын. Бос уақытым жоқ та!
– Орындайтын жұмысыңыз да аз емес қой.
Қыз мейірлене қарады. Мартин бірден көне салмай, қарсы келгеніне
қатты өкінді, «нағыз есерсоқпын-ау»,— деп ойлады.
– Физика меи химия оқу үшін лабораторияға қатынап тұрмай болмайды,
– деді қыз.— Алгебра мен геометрияны өз бетіңізше еш уақытта меңгере
алмайсыз. Сізге жетекші керек, тəжірибелі маман-педагог керек.
Мартин енді оның осы сөзіне бір жақсы жауап қайтарайыншы деп,
əжептəуір ойланып қалды.
– Мені мақтанып отыр екен деп ойламаңыз, мəселе онда емес, – деді ол.
– Менің не нəрсеге болса да тез үйреніп кетем ғой деген үмітім бар. Қай
білімге де өздігімше жетіліп кете берсем. Айдын сусыз күні жоқ үйректейін
мен оқуға əбден шөлдеген адаммын. Грамматиканы қалай тез меңгердім,
көрдіңіз ғой. Онын өзге талай дүниені де оқып білдім. Көп нəрсеге көзім
ашылды. Ал менің шындап оқи бастағаным енді ғана. Маған əлі жетіспей
жүрген тағы бір нəрсе бар... – деп сəл кідіріп қалды, – ол, инерция. Мен
линияға жаңа тұра бастаған жанмын.
– Линияға тұру деген неменесі тағы?—деді қыз сөзін бөліп.
– Ненің не екенін енді аңғара бастадым дегенім ғой.
– Бұл мағынасыз фраза.
Мартин басқаша айтып түсіндірмек болып:
– Мен ішімдегі бағытты жаңа-жаңа түсініп келем,— деді.
Бұл жолы қыз аяғаннан ғана үндеген жоқ.
– Меніңше, ғылым карта сақтайтын штурманның рубкасы сықылды.
Кітапханаға барсам, үнемі ойыма осы келеді. Мұғалімнің мақсаты
шəкіртіне сол дайын тұрған картаның бəрін рет-ретімен таныстыру. Сол
ғана. Ол жол бастаушы, жетекші, жанынан ештеңе қоса алмайды, жаңалық
айта алмайды. Картада бəрі бар. Оның міндеті жаңа келген шалағай шəкірт
шатасып жүрмесін деп, қайсысының қайда жатқанын айтып беру. Мен
шатаспаймын, адаспаймын. Жершілмін. Немене істейтінімді өзім білем...
Мен тағы қателесіп кеттім бе?
– «Немене істейтінімді» емес, «не істейтінімді» деу жөн,— деді Руфь.
– Дұрыс айтасыз, «не істейтінімді» екен ғой,— деді ол түзеткеніне разы
болып.— Мен əлі не айтып едім? Иə, теңіз карталары турасында екен ғой.
Сонымен: қайсыбіреуге...
– Қайсыбір кісіге,— деп тағы да түзетіп қойды Руфь.
— Қайсыбір кісіге жетекші керек. Солай ғой. Маған керек емес. Мен өз
жөнімді өзім білем, картаның да талайын көргем. Қай жағалауды қалай
зерттеуді ешкімнен сұрамаймын. Жəне өзім зерттесем, тез үлгіремін.
Флоттың жүйріктігін ақырын жүзетін кеменің жүрісімен өлшейді.
Мектепте де солай. Мұғалімдер нашар оқитын шəкірттерінен озып кете
алмайды. Ал мен жеке оқысам, ешкімге қарайламай, озып жүре берем.
— «Жалғыз жүрсең, тез жүрерсің,»— деген ғой деді қыз.
«Жоқ, жалғыз жүргім келмейді, сізбен бірге болғым келеді», дей
жаздады Мартин. Көз алдында күн нұрына шомылған шексіз кеңістік пен
жұлдызды аспан сапары елестеді, өзі қызбен қол ұстасып, ұшып барады,
оның желбіреген алтын шашы бетін қытықтайды. Жігіт тілі мүкі, с өзге
долаң екенін сезеді. Па, шіркін, мына ғажайып суретті бұлжытпай сөзбен
қыздың көз алдына келтіре қояр ма еді! Қиялындағы елесті қызға суреттеп
бергісі келгені сонша, тұла бойы тітіркеніп, тебіреніп кетті. Бір ой caп ете
түсті. Тоқта, түсіндім! Құпия сырдың кілті табылды. Ұлы шеберлер ақын-
жазушылар өстеді. Олардың ұлылығы осында. Олар көргенін, сезгенін,
ойындағысын сөзбен айтып бере алады. Күн шуақта қалғып отырған ит те
түсінде қыңсылайды, үреді. Бірақ бұған не нəрсе себеп болғанын білмейді!
Өзі сол күн көзінде қалғып отырған төбет тəрізді. Ертегідей таң ғажайып
түс көргенімен, Руфьке оны бейнелеп айтып беруге тіл дəрмені жетпейді.
Мұнан былай маужырай беруге болмас. Көкірегі оянып, көзі ашылып, тіл
күрмеуі шешілгенше, өзі көрген ертегідей елестерді қызға айтып беру
дəрежесіне жеткенше ол оқиды, жалықпай жұмыс жасай береді. Ой-пікірін
айта білу сыйқырына жетілген, сөзді өзінің құлы еткен, сөз тіркесін
түрлендіріп, онан айрықша бір жаңалық жасай білетін, сол жаңалығынан
жеке мазмұндардың жабайы жиынтығынан гөрі анағұрлым əсем дүние
жасай білетін адамдар бар. Көптен бері таптырмай, шыбын жанын қинаған
осы құпияның қас пен көздің арасында сырын ашқанына өзі қайран. Тағы
да жұлдызды, нұрлы əлем елес берді. Бір уақытта есін жиып, үн-түнсіз
отырып қалғанын сезіп, таңырқап, айналасын аңдаса, Руфь бетіне қарап,
жымың қағып отыр екен.
— Мен жаңа ғана өңімде түс көрдім,— деді Мартин жүрегі əлденеге
тайдай тулап. Бұл сөз аузына қалай түскен! Үндемей қалғанын дұрыс, дəл
түсіндірді ғой. Ғажап! Ешуақытта көркем ойын сөзбен айтып көрген емес
еді. Айтуға талпынған да емес еді. Ия. Түсінікті. Бұрын мұны машық
етпеген ғой. Суинберн, Теннисон, Киплинг тағы сондай ұлы ақындар
талпынған, еңбегі далаға кетпеген. Өзінің «Інжу іздеушілері» есіне түсті.
Рас, көкейіндегі көркем сұлулықты сөзбен бейнелеуді ешқашан мақсат
етпепті. Олай етсе, əңгімесі де əдемі болып шығады екен. Қилы-қилы
қызық дүниені жазып тастауға болатын сияқты. Тосыннан түскен ой
сескендірді де. Қиял тоқтаусыз самғайды. Сұлулықты ұлы ақындарша сөз
асылы, құлаққа жайлы, жүрекке жылы өлеңмен жыр етсе қайтеді? Ең
болмаса өзінің Руфьке махаббатын, оның қасиеті мен мөлдірлігін айтып
берсе ше? Басқа ақындардың қолынан келгенде мұның қолынан келмей ме?
Олар ғашықтық шерін шертсе, бұл неге шертпейді. Əлі-ақ шертермін,
шайтан алғырыңды!
Бұл сөздер күркіреген күндей күңіреніп естілді. Қиялға еріп кеткен
Мартин соңғы сөздерін дауыстап айтып жіберген еді. Тотыққан беті
нарттай болып қызарып кетті.
– Мен... мен... кешіре көріңіз,— деді ол сыбырлап,— ойға шомып
кетіппін...
– Бұл сөзіңіз маған «тəңіріге ғибадат етіп, ұйып кетіппін» дегендей
болып естілді, – деді қыз əзілдегендей, бірақ əлденеге іші-бауыры қалтырап
кетті оның.
Мұндай былапыт сөзді таныс кісіден тосын естіген Руфь қатты
қобалжыды, сыпайы лебізге үйренген құлағы мен сезіміне бұл сөздің өте
оғаш естілгендігінен де емес, оны шошындырған өзінің қымтаулы, бұйығы
өміріне лап қойған осынау өткір желдің ызғары еді.
Дегенмен, қыз Мартинге кешірім етті, кемшілігін жаба тоқығанына
өкінді де. Бірақ, өзгеден гөрі бұған кеңшілік жасауға болатын шығар,
себебі, ол өмірдің опық жеген өгей баласы. Құлашын кеш сермегенімен,
көп нəрсеге енді ғана қолы жетіп отыр. Əлбетте, Руфьтің жігітке жаны
ашуының шын себебін басқаша оп-оңай түсіндіруге де болар еді. Ол өзге
сылтау Руфьтің қаперіне келген жоқ. Ал жігітке көңілі ауып жүргенін
абайламады Қайдан абайласын-ау. Жиырма төрт жыл ғұмырында ғашық
болу түгіл, жігітті жарату дегеннің не екенін білмепті. Əлі ғашық отының
шарпуы тимеген қыз енді соның мейірі жүрегіне жылы тиіп жүргенін
түсінбеді.
|