Өгдүлміштің Одғұрмышқа [берген] жауабы
4770. Айтты Өгдүлміш: «Көрсеттің-ау мол дарын,
Ұқтым енді әдеттің
жөн-жолдарын.
Мың тыңдадым – сөзіңде жоқ мүдіріс,
Сөзді қойдым, сенің сөзің бұ дұрыс.
Айттың тура, нағыз шындық сол еді,
Басқасының бәрі қисық жол еді.
Сенікі – шын, менікі – жай ойын-ды,
Оны қойып, шынға бұрам мойынды.
Сау бол, кетем, көрем Құдай салғанды,
Ей, болжағыш екі бірдей Жалғанды!
4775. Бір Құдайдан таупық, қуат ал, бағын,
Дұғаңа қос, көңілге ауыр алмағын.
Бір Құдайдан мен туралы сен өтін,
Ол оятсын көңілімді сенетін!
Сөзі бітті, аяғынан тік тұрды,
Қоштасты да, кетуге үйге бет бұрды.
Мінді атына, қайтып үйге келді де,
Дем алды бір шешіп тастап белді де.
Ішті, жеді, өткенді еске түсірді,
Естігенін ұзақ ойлап пісірді.
4780. Күннің көзін қара бұлт торлады,
Бар әлемде қараңғылық орнады.
Рум қызы бетін жауып тұр енді*,
Бүкіл әлем қап-қара шаш реңді.
396
Көкте қою қараңғылық тұныпты*,
Ұшқан, жүрген – бәрі тоқтап, тыныпты.
Дәрет алып, оқып құптан намазын,
Төсекке кеп жатты Өгдүлміш сабазың.
Бір ұйықтап тұрды, дамыл тауыпты,
Дәл төбеден Марс – жұлдыз ауыпты.
4785. Үркер басы төмен түсіп төрлепті,
Шығыс жақтан Шаян туып өрлепті.
Жатты білмей ұйқы келер кезін ол,
Безгек бардай бір жұмбады көзін ол.
Жатты ұйқысыз, өзін түгел ой алды,
Аспан түсі қылаң түске боялды.
Хош иісін аспан шашты «еті еріп»,
Күн де шықты жерден басын көтеріп.
Ту көтеріп күн өрледі, қарады,
Нұрлы қызыл шапағы да тарады.
4790. Бұл Өгдүлміш жуынды да түрегеп,
Оқып алды намазын да түре кеп.
Бүкіл әлем толды қызыл арайға,
Кетті Өгдүлміш, кірді барып Сарайға.
Оның патша кіруіне жол берді,
Кірді Өгдүлміш, патшасына қол берді.
Патша ишарат етті керіп жай қасты,
Өгдүлміш кеп сып-сыпайы жайғасты.
Біраз тұрып, айтты патша қағытып:
Ей, ақкөңіл, айт сөзіңді ағытып!
397
4795. Ол не деді, айттың ба сен хал оған,
Келе ме дос, не болды ісің қалаған?»
Достарыңызбен бөлісу: |