182
Қазақ тілінің түп-төркіні мен таралу шеңбері, қолданыс аясы мен
қызмет ауқымы жайында. Қазақ тілі ірілі-кішілі 40 шақты түркі тілдерінің
ішіндегі қыпшақ тобына жататын ең ірісі болып саналады. Қазақ тілінің
өзіндік ерекшелігі қыпшақ тобына жататын ондаған тілдердің бәріне
(ноғай, қарақалпақ, қарашай, балқар, құмық, қарайым, қырымшақ, татар,
қырым татарлары, башқұрт, сондай ақ қырғыз т.б.) еншісі бөлінбеген
бауырдай етене жақын екендігінде. Бұл туыстардың арасында қазақ
өзін еркін ұстайды, тілмәшсіз тіл табысады. Оның тарихи себептері
де жоқ емес. Ертіс бойынан сонау Дунай өзенінің жағалауына дейінгі
Еуразияның кең-байтақ даласын алып жатқан Дәшт-и Қыпшақтың жон
арқасы қазақ жері болса, кейінірек өсіп-өрбіген қыпшақ тілдерінің
ішінде ең құнарлысы да, қордалысы да бүгінгі қазақ тілі. Қыпшақ
текті түркі туыстарын іздеген адам ар жағына бармай ақ, тек Көк түрік
бабамыздан тараған әулет, ру-тайпалардың тарихынан қаншама ортақ,
етеңе жақын рухани, мәдени дүниелерді кездестіруі сөзсіз.
Сонау V-VIII ғасырларда жазылып, бүкіл түркі дүниесіне мұра
болып қалған тас ескерткіштердегі бабаларымыздың ұлағатты сөздері
әрбір қазақтың құлағына сіңіп, жүрегінде сақталған. Бұл ескерткіштерді
оқысаң, сол дәуірлерде жасаған ақылгөй, дана басшы, Тоныкөк пен
Білге қаған, Көк түріктің көк семсеріндей өткір де ержүрек әскер басы
Күлтегіннің өзімен сөйлескендей боласың. Бүгін де Моңғол жерінде
жатқан осы бір сәулетті тас мүсінді ескерткіштеріміздің мұрагері ар
жағы көне қыпшақ, бер жағы қазақ екендігіне ешкім дауласа алмайды.
Қыпшақ тегіне тән, қазаққа туыс әулеттерді, оларға ортақ мұралар
мен мәдени орталықтарды, қағанаттар мен мемлекеттерді іздеп, кең-
байтақ Еуразия даласын алып жатқан Түркі дүниесін шарласаң, әр
жерден-ақ кездестіресің, тұнып жатқан талай тарихи бұлақтың көзін
ашуға болады. Солардың біразы қазақтың төл топырағында жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: