«Ана тілі» қоғамы:
құрылу мақсаты, міндеттері, пікірлер
Республикада қазақ және басқа да ұлт тілдерінің қызметін дамыту
үшін әлі де болса нақты шаралардың, батыл қадамдардың қажет
екендігі күннен-күнге айқындала түсіп отыр. Осыған орай бұдан екі
айдай бұрын Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институты
және басқа да ғылыми мекемелер, қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып,
«Ана тілі» қоғамын құру туралы бастама көтерді. Болашақ Қоғамның
Жарғысы (Уставы) жоба ретінде республикамыздың орталық,
облыстық газеттерінде түгелдей дерлік қазақша және орысша нұсқада
жарияланды.
Газет беттерінде Уставы (Жарғысы) жарияланған Қазақ
республикалық «Ана тілі» қоғамының құрылуы – Қазақстан
жұртшылығының мәдени, рухани және әлеуметтік өміріндегі елеулі
206
оқиғалардың бірі болып саналмақшы. Бұл қоғамның дүниеге келуінде
де белгілі бір заңдылық пеи қажеттіліктің бары сөзсіз. Өйткені қоғам
өміріндегі қандай да өзекті мәселе болмасын, оның ендігі жерде
қалың көпшіліктің қалауынсыз, қолдап-қуаттауынсыз бұрынғы
дәстүрмен, елді әбден ығыр еткен әкімшілік-бюрократтық тәсілмен,
өкірек-өктемдікпен дұрыс шешілуі мүмкін емес. Халық өз тағдырын
демократиялық жолмен шешу күші өз қолында екенін аңғара бастады.
Осы орайда халықтың қабырғасына батып, жүрегін сыздатып,
бітеу жарадай уыты ішіне түсіп, ауыр дертке айналған көп жағдайдың
беті ашылып, айқындалып отыр. Ел тағдыры, жер тағдыры, тіл тағдыры
сияқты өзекті мәселелер бүгінде ер-азаматтың, ел-жұрттың бойындағы
қажыр-қайраты мен ой, парасатын сынайтын, сарапқа салатын сәттер
келген сияқты. Өйткені, елдің елдігі де, оның болашағы да осы бір
қасиетті үш ұғымға тығыз байланысты болса керек. Аса дарынды
ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың «Ең бірінші бақытым – халқым
менің... Ал екінші бақытым – тілім менің», «Үшінші бақытым бар – Отан
деген...» деп бекер айтып отырған жоқ. Сондықтан да болар, қарнының
тоқтығымен, көйлектің көктігімен өлшенбейтін, бірақ барында
бағалай бермейтін, жоқ болса, қасіретке айналатын өзара астарлас үш
бақытымыздың бүгінгі халі, жасыратыны жоқ ер-азаматтың намысын
қозғап, қалың қауымның санасын оятып отыр. Аралымызды апаттан
арашалауға, атамекенімізді атом жарылысынан қорғауға, тарихымызға
таңба болған «ақтаңдақтармен» күресуге шеру тартып шыққан
халқымыздың ендігі бір асыл мұраты, алатын белесі – елдің елдігін
танытатын рухани байлығымыз бен ұлттық мәдениетіміздің қайнар
бұлағы – ана тілімізді шалдыққан дертінен арылтып, сақтап қалу, қадір-
қасиетін арттыру, беделін көтеру болса керек. Осы мүддені ел болып,
жұрт болып, қауымдаса, қоғамдаса отырып қорғайтын жалпыхалықтық
ерікті ұйым Қазақ республикалық «Ана тілі» қоғамы болмақ.
Құрылғалы отырған бұл қоғамның программасы, алдына қойған
игілікті мақсаты, оған мүше болатын азаматтардың құқы мен міндеті,
қоғамның құрылымы мен қаражаты, статусы мен символы – бәрі де
жарияланған жобада айтылған. Ол туралы қалың көпшіліктің пікірлері
хат арқылы да, газет-журнал беттерінде де айтылып келеді.
Ендігі мәселе: «Қоғамды қашан құрамыз, қоғам құратын Құрылтай
съезі (учредительный съезд) қашан шақырылады, оған қандай
дайындық жүріп жатыр?» деген заңды сұрақтарға байланысты. Біз осы
сұрақ-сауалдарға қысқаша болса да жауап бергіміз келеді.
207
Болашақ Қоғамның Уставы (Жарғысы) жарияланғаннан бері үш
айдай уақыт өтті. Осы мерзім ішінде Қоғам құруға инициатор болған
Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институты тарапынан оның
басқа да қамқоршыларының қолдауымен Құрылтай өткізуге мұрындық
болатын Ұйымдастыру комитеті құрылған болатын. Бірнеше секциядан
тұратын бұл Комитеттің жұмыс программасы анықталып, оның
нақтылы ұсыныстары республиканың партия-совет директивалық
органдарының алдына қойылды. Ұйымдастыру комитеті атынан
жасалған бұл ұсыныстар негізінен мыналар:
а) «Ана тілі» қоғамын құруға байланысты шақырылатын Құрылтай
съезін аса маңызды әлеуметтік-саяси оқиға түрінде жоғары дәрежеде
өткізу;
ә) съездің өткізілетін мерзімін анықтау: бұл съезге делегаттар
шақыру, оларды қарсы алу, орналастыру бір өте күрделі мәселе; өйткені
қонақтар тек 17 облыстан ғана емес шамамен 170 адам республикадан
тыс жерлерден де 130 адам келуі жобаланып отыр;
б) сьездің күн тәртібін анықтау: оған съезд ашуға байланысты
кіріспе сөз: «Республикадағы тілдік ахуал және «Ана тілі» қоғамын
құрудың қажеттілігі» атты негізгі баяндама, «Қоғамдық пікір
және Қоғам Уставын жетілдіру мәселесі», «Қоғам программасы
туралы» деп аталатын екі қосымша баяндама, сондай-ақ жарыс сөзге
шығып, баяндамаларды талқылау. Қоғам Уставы мен Программасын
қабылдау. Қоғамның басқармасын, төрағасын, тексеру комиссиясын,
облыстық ұйым бастықтарын сайлау штатын, статусын, символдарын
бекіту, сондай-ақ Қоғамның органы ретінде «Қазақ тілі» газетінің
редколлегиясын және оның ғылыми мінбері ретіндс «Сөз өнері» атты
Халық университетінің жетекшісін белгілеу т.б. ұйымдық мәселелер
кіреді;
в) Құрылтайға келген делегаттардың мәдени түрде демалысы да
еске алынбақшы.
Әрине, бұлардың бәрі ел-жұрт болып отырған игілікті ісіміздің
тек бастамасы, жобасы ғана. Ал болашақ Қоғам тарапынан елмен
ақылдасу үшін жарияланған Устав пен қысқаша Программа оның бүкіл
болмысын түгел анықтап, міндетін толық айғақтап береді деп айтуға
болмайды. Тіл білімі институтына және газет редакцияларына келіп
түсіп жатқан хаттардың авторлары бұл Қоғамның құрылуын қолдап-
қуаттай отыра оған үлкен үміт артады, оны тек ана тілге (тілдерге) ғана
емес, сонымен қатар халықтың бүкіл рухани, мәдени өмірінің жарқын
208
болашағына жол ашатын қоғамдық құдіретті күш деп таниды. Оны бір
ел санасынан туындап жатқан небір тамаша ұсыныстар мен пікірлерден
айқын көріп отырмыз. Зерек ойдан, зейінді көңілден шығып, толастамай түсіп
жатқан ақыл-кеңестер кейбір мәселелерді тереңнен ойлап, түбегейлі шешуді
талап етеді. Соның бірі – съездің шақырылу мерзімі «Ана тілі» қоғамының
Құрылтай съезі 20–21 октябрьде Алматыда өтпек.
Екінші бір мәселе. Қоғам атының «Ана тілі» аталуында үлкен мән бар.
Әр халықтың өзіне тән ардақты да абзал ана тілі бар. Біз құрғалы отырған
Қоғамның үлкен мақсаты тек қазақ тіліне ғана емес, сол сияқты басқа
тілдерге де қамқорлық жасау. Бұл Қоғамның гуманистік, интернационалдық,
демократиялық бейнесін көрсетеді. Алайда пікір айтушы қауым «Қоғамды
мемлекет тілімен атап, басқа аз санды халықтар тілдеріне қажетті
қамқорлықты Алматы қаласында ашылып жатқан ұйғыр, неміс, корей,
дүнген, татар, украин, т.б. ұлттық-мәдени орталықтарға жасаған жөн емес
пе? деген ұсыныс айтады. Бұл да ойланатын жағдай.
Жалпы алғанда алдымыздағы Құрылтай жиналысында қоғам болып
кеңесетін осындай жайттар, шешетін проблемалар, қолданылатын шаралар
аз емес. Ендігі міндет – осыған біз, әсіресе съезге қатысатын делегаттар,
саналы азаматтар мен зейінді зиялылар үлкен дайындықпен келуіміз керек
сияқты. Егер қабылданған Заң республикадағы халықтардың ана тілдеріне
ресми түрдегі мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық болса, «Ана
тілі» Қоғамының қамқорлығы қарапайым халық атынан жасалатын ерекше
қамқорлық. Тілдер жөніндегі Заңды іс жүзіне асыратын да, сол тілдерді
өзіне тән статус шеңберінде жұмыс істететін де, сайып келгенде, осы Қоғам
болмақшы.
Сондықтан да біз қалың көпшілік арасында Қоғам атынан қызметін
атқаратын ана тіліміздің (тілдеріміздің) шынайы жанашырларына үлкен
үміт артамыз. Қоғамды ресми дүниеге келтіретін Құрылтай съезіне қатысу
үшін барлық облыстардан келетін делегаттар мен қонақтардың қатарынан
біз ана тіліне деген сезімі мол, азаматтық позициясы айқын, саналы да
білімді жандарды көргіміз келеді. Ондай адамдар барлық жерде баршылық.
Тіпті кейбір облыстарда (Жезқазған, Целиноград, Ақтөбе, т.б.) бүгінде
өз инициативаларымен тіл қоғамдарын ашып, Қоғам Уставын мойындай
отыра, өз бетінше жұмыс жүргізе бастаған азаматтар да бар. Біз оларға зор
ризашылық білдіреміз. Елдің елдігі мен ердің ерлігі танылатын, сарапқа
салынатын сәттер, міне, осы. Құрылтай съезі үстінде қабылданатын
үлкен Программа осындай азаматтардың жер-жердегі инициативасына,
тапқырлығына, талапкерлігіне, іскерлігіне байланысты.
209
Ал енді Қоғам туралы сөзді келіп түскен хаттардың иелеріне
берелік.
«Ана тілі» Қоғамы туралы немесе хаттар үніне құлақ түрсек осы Жоба
жөнінде, болашақ Қоғам жайында өздерінің талап-тілектерін білдірген
еңбекші жұртшылықтың хаттары Тіл білімі институтының атына көптен
келіп жатыр. Хат иелерінің барлығы дерлік «Ана тілі» Қоғамын құруды
дер кезінде қолға алынған игілікті іс деп, қуана құптайтынын білдіреді.
«Ана тілі» Қоғамының құрылуы республикамыздың мәдени өміріндегі
аса бір елеулі оқиға болмақ деп бағалайды.
Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар облыстарының педагогтері
Ф.С.Тәшімова,
Ж.Н.Әбдуәлиева,
М.М.Әйтиева,
Д.С.Есілбаев,
М.Ж.Жамалиденова, С.Х.Жұмабаев т.б. жолдастар осы өлкелердегі
қазақ және орыс тілдерінің қолданылу күйін зерттей келіп, қазақ тілінің
мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік институттарда қолданылмауы
оның қоғамдық қызметін мүлде құлдыратып жіберді дейді. Мұның өзі
тілдің болашағы үшін үлкен қауіп. Қазақстан – қазақ халқының тарихи
қалыптасқан территориясы әрі қазақ ұлтының, қазақ тілінің, қазақ
мәдениетінің бірден-бір сақталатын және дамитын жері. Қазақ тілінің
қазіргі мүшкіл ахуалын түзету үшін ең алдымен оған мемлекеттік тіл
статусының берілуі қуанарлық жәйт, – дейді. Аталмыш хатқа 49 педагог
қол қойған.
«Мен, – деп жазады Алматы қаласының тұрғыны, жұмысшы
Сайлайқұл Нұрланов, – төрт баланың әкесімін, немере сүйген атамын.
Балаларым, келінім, күйеу балам қазақша білмейді. Олар өз тілін
білмеген соң, балаларын ана тіліне қалай үйретпек? Ең болмаса
немерелерім қазақ тілін білсе деймін. Қоғам осыған нақты жәрдем
етсе», – деп тілек-талаптарын білдірген.
Хат жолдаушылардың енді бір тобы – Махмұтов Әбдіғапар (геолог,
доцент), Мералиев Н.Т. (студент), Әбдәкәрімов Ә. (Алматы), Нүсіпов
Рамазан (Семей обл. Мақаншы ауданы): жазушылар Қ.Бұғыбаева,
С.Ғаббасов, т.б. және Жамбыл аудандық мәдениет қызметкерлері
Қарашев Қ., Әжіғожаева Б., Жарқынбаева Ж. (Алматы обл) т.б. қазақ
тілінің құлдырап кеткен қоғамдық қызметін тілге тиек етеді. Қазақ тілі
от басы, ошақ қасында ғана қолданылатын тілге айналды. Өйткені саяси
өмірде, өндірісте, ғылым мен техника саласында қызмет етіп, қарым-
қатынас мұқтажын өтемегендіктен, тіпті интеллигенциямыздың өзі
қазақ тілін қажетсінбеуге айналды. Мұның өзі тілдің болашағына үлкен
қауіп.
210
Ана тілінің тағдыры Арал тағдырына ұқсамасын. Ана тілін білгенде
ғана шынайы интернационалист болады. Өз халқының мәдениеті мен
дәстүрінен қол үзген жан өзге елдің мәдениетін біліп жарытпайды.
Расында, ұзақ жылдар бойы елімізде тіл құрылысы тек жақсы
жағынан айтылып, оның шешілмей жатқан проблемалары, қиын халі
мүшкіл жағдайы бүркемеленіп, өткір қырлары қырланып-сырланып
жып-жылмағай көрсетіліп келді. Тіл жағдайының төменде жатқан
мәселелері жөнінде жауырды жаба тоқымай, ашық айту қажет. Міне,
осындай дәлелді пікірді, уәжді сөз айта келіп хат авторлары тарихшы
Әбсәлімов Төлеміш (Жамбыл), инженер Ысқақов Мұхит Мырзатұлы
(Қызылорда), А.Атағұлов (Алматы), Жазықбаев Ерғазы (Қарағанды),
Ахметқалиев Меліс (Екібастұз), еңбек ардагері Шорабеков Шернияздан
(Шымкент обл. Қызылқұм ауданы), Жылқышиев Н.А. (Шымкент), т.б.
қазақ тілінің мемлекеттік заң арқылы қорғалып, қазақ тіліне мемлекеттік
тіл статусының берілуін қуана қоштайды.
Тіл мәселесіне қатысты тағы бір қиындық: хат жолдаушылардың
пікірінше, ана тілінен қол үзген, не орыс тілін жеткілікті дәрежеде
меңгермеген шала тілділердің әлеуметтік тобы пайда болды. Бірақ
оларды кінәлай беруден гөрі, қол ұшын беріп, тіл үйренуге мүмкіндік
жасау қажет деген ойға саяды. Сондықтан болашақ қоғамның мүшесі
кем дегенде бір адамға ана тілін үйретуді бағдарға алады. Мұндай
пікірді қуаттай отырып, хат иелері Қарамендин Сейітқали (Алматы),
педагогтер: Аманқұл Әлімбекова (Шымкент), Уанбаев Дәурен
(Өскемен), кәсіподақ қызметкері Сапаров Төлепберген (Жезқазған) тіл
үйірмелерін ашуды, фольклор журналын, қазақша тілашар, сөздік, т.б.
шығару қажет және қоғамның жанынан қазақ-орыс, орыс-қазақ тілдерін
оқып-үйренуді ұйымдастыратын шаруашылық есептегі ғылыми-
методикалық орталығын ашу қажет деген нақты ұсыныстар айтады.
Қазақ тілінің тағдыры, бүгінгі проблемасы жөнінде тек қазақтар
ғана емес, өзге ұлт өкілдері де өз ойларын ортаға салып, достық
сезімдерін білдіріп хат жолдауы интернационализмнің бір көрінісі
деуге болады.
Менің ұлтым – орыс, мамандығым – бухгалтер, деп жазады
Семенов Валерий Талдықорған облысы, Панфилов қаласынан.
– Барлық өмірімді қазақтардың арасында өткізіп келемін. Қазақ
ұлтын құрметтеймін. Менің өзім және семьям үшін қазақтар көп
жақсылық істеді. Орыс болсам да кейбір қазақтардың, әсіресе қазақ
жастарының ана тіліне ұқыпсыз қарайтынына жаным ауырады.
211
Қазақ тілінің беделін көтеру үшін оқушылар мектеп табалдырығын
аттағаннан бастап, мектеп бітіргенше қазақ тілін міндетті түрде оқып-
үйренуі керек. Жоғары оқу орындарына түсу үшін қазақ тілінен емтихан
тапсыру қажет және жоғары мектепте де қазақ тілі оқытылатын болсын,
– дейді.
Сондай-ақ Жетісай қаласы, Горький атындағы мектептің мұғалімі Рудяк
Ю.И. орыс мектептеріндегі қазақ әдебиеті жайын айта келіп: «Программаға
сәйкес қазақ әдебиетінен оқу құралдары мүлде жоқтың қасы, мысалы,
Көбеев, Дөнентаев, Өтемісов творчествосы жөнінде толық мағлұмат
алатын кітап орыс тілінде жоқ. Орыс мектептерінің оқушылары алдында
қазақ мәдениетінің осындай өкілдері туралы жан-жақты біліміміздің
жоқтығына қызаруымызға тура келеді. Әсіресе ХVІІ – ХІХ ғасырлардағы
қазақ әдебиеті бойынша орыс тілінде кітаптар шығаруды ұлғайту керек.
Егер «Ана тілі» Қоғамы қазақ халқының мәдениетін насихаттайтын болса,
мен ондай қоғамды қолдаймын және менің пікіріме Жетісай қаласындағы
Горький атындағы мектептің орыс тілі пәнінен сабақ беретін мұғалімдер
толық қосылады», – деп жазады. Ю.Н.Рудяк жолдастың пікірі, ғалымдар
атына айтқан сыны, қоғам қызметі жөніндегі ұсынысы өте орынды. Мұндай
пікірлер, ұсыныстар Қоғамның болашақ программасында ескерілетіні
сөзсіз.
Болашақта құрылмақ Қоғамның атына келіп жатқан хаттар алуан түрлі,
көптеген ұсыныс бар.
Достарыңызбен бөлісу: |