64
Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының құрамында Терминология және
аударма теориясы бөлімі құрылды және бұл өз кезегінде терминологиялық жұмыстарға
академиялық сипат берді, жұмыс бағыты түбегейлі жаңа арнаға түскендігі шындық. Картотекалық
қор жасалды, кейініректе терминологиялық сөздіктер жасау ісіне электронды есептеу машинасын
пайдалану көзделді. Терминологиялық зерттеу жұмыстарының бағыт-бағдары да өзгере бастады.
Аталған мерзімде терминология бойынша да орталықтандырылған саясаттың шарпуына
қарамастан, ілгеріде де ескертілгендей, бастамашылдығымен танылған оқымысты тұлғаларымыз
болды.
Ә.Сатыбалдиев,
Е.Аққошқаров,
И.Нұғыманов,
А.Әбдірахманов,
С.Аманжолов т.б. мақалалары – соның дәлелі.
Аталмыш ғалымдар терминдерді қалыптастыру барысында өзіндік ойларымен, ең бастысы,
ана тіліне деген парасатты түсінігімен ерекшеленді. Олардың пікірлері баз бір тұстарда өз кезеңінің
қатаң қағидасына қайшы да келіп жатты. Айталық, И.Нұғыманов «Пәнаралық терминдер жайлы
бірер сөз» атты мақаласында терминдерді халықаралық сипатына байланысты мынадай ой айтқан:
«Интернационалдық терминдерді бір ыңғай қабылдап алып, сөздік қорымызды молайту жайлы
мәселелені түйіндей келіп, Е.Аққошқаровтың (Білім және еңбек, 1971 жыл, №10)
«интернационалдық термин ұғымын абсолюттік емес, салыстырмалы ұғым деп қарау қажет» деген
пікіріне қосыламыз. Бұдан кейбір баламасы табылатын ғылыми терминдерді батыл аударуымыз
керек деген қорытынды шығады» [9, 207-б.]. Кеңестік идеологияның қылышы жерге түспей тұрған
қысылтаяң кезеңде мұндай ой айту өз ана тілін шын сүйген адамның ғана қолынан келері хақ.
60-80-жылдардағы қазақ терминологиясының бет-бейнесін аңғару үшін белгілі аудармашы
Ә.Сатыбалдиевтің «Терминология принциптері туралы» атты көлемді мақаласын ерекше атап өту
керек [10, 160-178 б.]. Бұл мақаланың негізгі идеясы – ана тілінің ішкі мүмкіншілігін термин жасау
және қалыптастыру барысында сарқа пайдалану.
Автордың өз сөзімен айтсақ: «Ана тілінің әрбір сөзін де, әрбір жұрнағын да халықтың аяулы
асылына балап, сол бір қазынаны қамқорлықпен мәпелеп сақтауға, әр сөздің ішкі сырын ашып,
мағынасын жетілдіре беруге атсалысу ана тілінде сөйлейтін әрбір кісінің азаматтық борышы» (160-
б.). Демек, ұлттық сөздік қорды термин шығармашылдығында барынша дұрыс пайдалану –
аудармашының да, маманның да, тілші ғалымдардың да тікелей міндеті. Осы пікірге сәйкес
Ә.Сатыбалдиев қазақша жаңа ұғымдар тудырудан қорықпауға шақырады: «...термин дегеніміз
халықтың жалпы әдеби тілінен оқшау тұрған бірдеңе емес, сол тілдің өзі, өзімен біте қайнасып
жатқан қаны мен тәніндей бөлінбес бөлшегі. Олай болса, бізде осы уақытқа дейін «термин» десе,
оған халықтың жалпы тілінен оқшау тұрған бірдеңе деп қарау, сол себепті оны қолдануда немесе
жаңа атаулар жасауда әдеби тілдің ежелгі дәстүрінен, ішкі заңдылығынан шығып кетсе де болады
деген сияқты бір теріс ұғымдардың болып келгенін де айта кетуіміз керек.
Ә.Сатыбалдиев былай деп жазады: «Термин деп аталған сөздерімізге балама іздегенде, ең
алдымен, өз тіліміздің қазынасын сарқа пайдалануымыз керек. Өйткені сол айтылған ғылыми
ұғымдардың көбі біздің тілімізде ескі заманнан бар. Ғылыми ой, ғылыми ұғым дегендер қазақта тек
бүгін ғана туды деп ешкім айта алмайды. Олар тілдік негізінде әуел бастан бірге жаралып, бірге
дамып отырған. Сол себепті біз ғылыми ұғымдарын, атауларын саралағанда, өзімізде ежелден бар
және күн сайын туындап, толысып жатқан ғылыми атауларды өз орындарына қоя білуді, сондай-ақ
орыс сөздерімен салыстыра отырып, кейбір сөздердің ұғымдық шектерін ажыратуды, сонан соң өз
тіліміздің заңды жүйелерін пайдалану арқылы оның қазіргі бар мүмкіншіліктерін де болашақ
потенциалдық мүмкіншіліктерін де аша білуді бірінші мақсат етіп қоюға міндеттіміз».
Автор термин қалыптастыруда ежелгі сөздік қорды, кәсіби сөздерді, жергілікті тіл
ерекшеліктерін, тілдің қойнауында жатқан, ұмыт болып жатқан ескі сөздерді жаңартудан,
пайдаланудан қашпауды ұсынады. Оны мына жолдардан көреміз.
«Ғылыми терминдердің негізін бұрынғы ауыз әдебиетінен бастап іздеу керек. Халықтың ежелгі
салт-санасы, әдет-ғұрып, қарым-қатынастарында да солардың негіздері жатыр».
«Халық тілін термин сөздермен байытудың тағы бір арнасы – сол халықтың өз диалектілері екені
мәлім». Көптеген мысалдары бүгінгі күні тілімізде терминдік лексикадан тиянақты орын тепкен
сөздер. Айталық, егіншілік, мақта шаруашылығы дамыған кәсіптік мәндегі көптеген сөздер алынды,
суландыру
жүйесінде
Достарыңызбен бөлісу: