Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы



Pdf көрінісі
бет34/38
Дата06.04.2017
өлшемі3,75 Mb.
#11193
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38

-мақ жұрнақты тұлғасымен беріледі. Оның үстіне бір өлеңнің 

503

тұтас бойына немесе оның үлкен бір бөлігінде етістік сөздер 

ұйқас  құрап,  шоғырымен  қатысады.  Мысалы,  «Қартайдық, 

қайғы  ойладық,  ұйқы  сергек»  деп  басталатын  өлеңінің  12 

шумағының  10-ы  -мақ/-мек  жұрнақты  етістік  ұйқастармен 

берілген.  Көптеген  өлеңдерінде  -ып  жұрнақты  көсемше 

тұлғасы тұтас ұйқас құрап, бірде қимылдың сынын, бірде іс-

әрекеттің өзін білдіріп, өлеңдерді нағыз «қимылға» толтырған. 

Айталық,  «Жаздыгүн  шілде  болғанда»  деген  өлеңінде  жаз 

картинасын  осы  кезеңдегі  табиғаттың  жан-жануарлардың, 

адамдардың  іс-әрекеттерін,  қимыл-қозғалыстарын  бейнелеу 

арқылы береді.

Абай  поэтикалық  құрал  ретінде  кейбір  морфологиялық 

тұлғаларды  да  қолдануға  жол  ашқан.  Бұған  жағымсыз  об-

раз  жасауда  -сы  жұрнағымен  келген  сөздерді  (жер  тәңірісу, 

қалжыңбассу)  қолдануы,  -мақ  жұрнақты  етістіктерді  өлең 

тіліне  актив  қатыстыруы  дәлел  бола  алады.  Алдыңғы  тұлға 

көбінесе көлгірсу реңкі бар модальдық құрал ретінде жұмсалса, 

соңғы  -мақ  жұрнақты  сөздер  өлеңге  динамикалық  сипат  

беру  мақсатымен  немесе  дерексіз  ұғым  атауларын  молы-

нан  сөз  ететін  өлеңдерінің  философиялық  мазмұнын  таны-

ту  мақсатымен  жұмсалған.  Сұраулық  шылауымен  келген 

сөйлемдерді  қолдану  да  Абайда  жай  сұрай  салу  мақсатында 

емес,  белгілі  бір  стильдік  мақсатта  поэтикалық  жүк  арқалай 

қолданылған.  Мысалы,  Сұм  дүние  тонап  жатыр,  ісің  бар 



ма?  Баяғы  күш,  баяғы  түсің  бар  ма?  Алды  –  үміт,  арты  – 

өкініш,  алдамшы  өмір  Желігін  жерге  тықпас  кісің  бар  ма? 

Балалық өлді, білдің бе? Жігіттікке келдің бе? Жігіттік өтті, 

көрдің бе?... сияқты жолдардағы сұраулық шылауымен келген 

сөздер алдыңғы айтылған идеяны (сұм дүние тонап жатыр... 



балалық  өлді)  күшейте  түсіп,  өзіне  назар  аудартады,  яғни 

бұлар – құр шындықтың констатациясы (баяндалуы) емес, сол 

шындық арқылы «өмірі баянсыз, мақсатсыз, күйбеңмен өткен 

адамбысың әлде керісінше ме?» деген идеяны білдіреді.

Абай  поэзиясында  кейбір  нақтылы  ұғым  атауларын  поэ- 

тизмге  айналдыру  көзге  түседі.  Мысалы,  ақын  өлеңдерінде 

бейтарап  мағыналы  жүрек,  сөз  деген  сөздер  әрі  өте  жиі 


504

қолданылып  (жүрек  –  156  рет,  сөз  –  376  рет),  әрі  өздерінің 

тура  мағынасынан  гөрі  ауыспалы  мағынада  келген:  жүрек  – 

«адамның өзі, ішкі дүниесі, қасиеті», сөз – «поэзия, ой-пікір».

Суреттеліп отырған заттың, адамның, құбылыстың белгілі 

бір  сипатын  көрсететін  бейнелі  сөз  эпитет  болатын  болса, 

эпитетсіз көркем әдебиет, әсіресе, поэзия болмайды.

Абайда объектіні әр тұрғыдан сипаттау басым, сондықтан  

ол эпитеттің дәстүрлісін де (ақ торғындай мойын, алпыс екі  

айлалы түлкі, ала жылан, аш бақа күпілдектер, қарсақ жорт-

пас қара адыр т.б.), өзі қолданған жаңаларын да пайдаланды. 

Мысалы,  ет  жүрек,  жау  жүрек,  ит  жүрек,  ыстық  жүрек 

дегендерде  кәнігі  эпитеттерді  қолданса,  асау  жүрек,  асыл 

жүрек,  мұз  жүрек,  жылы  жүрек,  ыстық  жүрек,  үрпейген 

жүрек, қырық жамау жүрек дегендерде жаңа белгілерді, тың 

эпитеттерді келтіреді. Абай тіліндегі жаңа эпитеттер ауыспа-

лы  мағынада  келтірілген  образды  сөздер  болып  танылады: 

үрпейген жүрек, кірленбеген көңіл, нұрлы ақыл дегендегі эпи-

теттер  –  өздері  сипаттап  тұрған  нәрсенің  бойына  тән  табиғи 

қасиеттері  емес,  бұлар  –  ауыспалы  мағынада  жұмсалған 

анықтамалар.  Абай  тіліндегі  бірқатар  эпитеттер  күрделі, 

яғни  сөз  тіркесінен  жасалғандар  болып  келеді:  сүтпен  енген 

надандық, іші – алтын, сырты – күміс сөз, толғауы тоқсан 

қызыл тіл, ку тілден қулық сауған қыртың (адам). Поэзия та-

лабын өтеп тұрған өте бейнелі бұл эпитеттердің экспрессивтік 

бояуы  жеке  сөздермен  келгендерден  де  қалыңырақ,  олар  – 

нағыз метафораланған тіркестер.

Тың  эпитеттерді  молынан  қолдану  алдымен  қазақ  тілінің 

поэтикалық  құралдары  қазынасын  байытты,  сөздердің  мета- 

форалық  мағынасын  кеңітіп,  бір-бірімен  тіркесу  мүмкін- 

дігін ұлғайтты.

Теңеу – көркем шығарманың, әсіресе, поэзия тілінің ерте-

ден  қалыптасқан  күшті  құралдарының  бірі.  Абай  поэзиясы 

теңеулердің  молдығымен  ғана  әсерлі  емес,  соны  түрлерімен 

де  құнды.  Өмір  жолын  тар  соқпаққа,  қартаң  тартқан  кезді 

сұрғылт тартқан бейуаққа, пысықтарды күшік итке (үруге бар, 

қабуға  жоқ  «қайраткерлер»),  тыңдаушысы  мен  оқушысына 

сөзін ұқтыра алмаған ақынның күйін жалғыз тұрған бақсының 


505

моласына,  әнді  шартарапқа  құйқылжыған  көңіл  құсына, 

ақын  ой-толғауын  ұлып  жұртқа  қайтқан  адасқан  күшікке 

теңеуі – баршасы ақынның дүниетанымының, философиялық 

тұжырымдарының айнасы, сол айнаны тіл құралымен көрсетуде 

теңеулерді пайдаланған және бұл қолданыстың бір ерекшелігі 

–  теңеудің  әдеттегі  тілдік  амалы  -дай  жұрнақты  тұлғаны  не-

месе  секілді  (сияқты,  тәрізді)  сөздерін  көп  қолданбауы,  ол 

теңеуді  көбінесе  тұжырым,  констатация  арқылы  беретіндігі. 

Мысалы:  төңкеріліп  құбылған  жұрт  –  бір  сағым,  жүрек  – 



теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас, өткір тіл – бір ұялшақ қыз 

болмай ма? т.б.

Сөйтіп, Абай өзіне дейінгі сан ғасыр «эстетикалық таңба- 

лардың»  шоғырын  жинап  келген  қазақ  поэзиясы  мектебінің 

барша  көркемдеуіш-бейнелеуіш  құрал-тәсілдерін  дұрыс 

танып,  жақсы  қабылдап  қана  қоймай,  оның  көп  тетігін 

қайта  бұрап,  көп  кетігін  жаңадан  қалады,  яғни  поэтикалық 

құралдарды  пайдалану  принциптеріне,  әдіс-тәсілдеріне 

өзгерістер  енгізді,  кейбіреулерін  жүйеге  айналдырды,  жаңа- 

ларын  қосты,  барларының  аясын  кеңейтті.  Абай  поэтикасы 

–  қазақ  өлеңінің  бұрынғы  көркемдік  дүниесінің  синтезі  ғана 

емес,  жаңа  кезеңінің,  классикалық  жазба  түрінің  бастамасы, 

кейінгіге жол салған үлгісі болды.



«Қазақ тілі мен әдебиеті». - 1993.- №5.- 3-8-б.

506

Абай және қазақ ұлтының әдеби тілі

Қазақ  халқының  рухани  және  мәдени  өмірінің  тарихын-

да  ерекше  орын  алған,  биыл,  1995  жылы  туғанына  150  жыл 

болғанын бүкіл әлем айрықша атап жатқан ұлы Абайдың есімі 

және  бір  тұста  зор  ілтипатпен  аталуға  тиісті.  Ол  –  қазақтың 

ұлттық жазба әдеби тілінің даму барысындағы Абайдың орны, 

істеген кызметі мен атқарған рөлі. 

Белгілі  бір  халықтың  ұлттық  қазынасының  бірі  –  әдеби 

тілі болса, оның тағдыры мен табысы жазушы, ақын атанған 

алыптардың  адымына  тікелей  ұштасып  жататындығы  ай-

тылып келеді. Халықтың әдеби тілін бір адам, жеке адам бір 

мезгілде, бір сәтте жасамайды. Бірақ осы әдеби тілдің әр алу-

ан кезеңдерін, сан салалы тармақтарын (стильдерін) бастауда, 

оның  даму  барысында  жаңаша  бағыт  сілтеп,  жаңа  идеялар 

ұсынуда жеке қаламгерлердің қызметі, орны, үлесі зор болуы 

әбден  мүмкін.  Абайдың  есімін  қазақ  әдеби  тіліне  жанастыра 

сөз еткенде, осы тұрғыдан келу қажет. 

 Алдымен, бір мәселенің бетін ашып алуға тура келеді. Ол 

–  «Абай  –  қазақ  әдеби  тілінің  негізін  салушы»  деген  тұжы- 

рымның  мән-мәнісі.  Бұл  фразаның  1950  жылдарда  едәуір 

орнығып,  тіпті  кейбір  мақалалар  мен  тақырыптардың  атына 

айналғаны мәлім. Осы түйінді екіұдай ұғушылық болды. Бірі 

–  дәл,  тура  мағынасында,  яғни  қазақтың  әдеби  тілі  тұп-тура 

Абайдан  басталады  деген  түсінік,  екіншісі  –  Абай  бұрыннан 

бар қазақ әдеби тілінің бір кезеңнің – жаңа кезеңінің бастамасы 

деген мәнде танушылық. Абайдың қазақ әдеби тіліне қатысы 

жайында  пікір  сайыстырушылардың  бірқатары,  оның  ішінде 

біз де осы соңғы көрсетілген мәнде ұғынуды қостаймыз, яғни 

Абайға дейін де қазақ халқының әдеби тілі болып келгенін ай-

тамыз.


Абайдың тек жазушылық, суреткерлік мұрасы емес, бүкіл 

ой-арманын,  бағыт-бағдарын,  тұтас  жазушылық,  азаматтық, 

ағартушылық қызметін өте жақсы таныған да танытқан Мұхтар 

Әуезов бұл пікірді ашып айтады: «Абайдың алдындағы қазақ 

халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостардағы, ұзынды-

қысқалы салттық, тарихтық жырларындағы шебер, көркем өлең 



507

үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма? Бұхар, Махамбеттер-

де әдеби тілдің үлгі-өрнектері жоқ деуге бола ма?» (М.Әуезов 

Қазақ  әдеби  тілінің  мәселелері  //Қазақ  ССР  ҒА  Хабаршысы. 

- 1951. - №3 (72). - 97-98-беттер). Бұл жерде Мұхтар Әуезов 

Бұхар,  Махамбеттерді  атау  арқылы  қазақтың  Абайға  дейін 

өткен және онымен тұстас қыруар ақын-жырауларының өлең-

жырлары да әдеби тілді танытатын үлгілер екенін білдіреді.

«Абайға дейінгі қазақ әдебиеті дегенде нені танимыз? Оның 

сыр-сипаты,  үлгілері  қандай?»  деген  екінші  мәселе  және  ту-

ады. Бұған жауап беру үшін «әдеби тіл» деген категорияның 

өзін  айқындап  алмақ  қажет.  Әдеби  тіл  –  өңделген,  екшелген 

нормалары  бар,  олары  біршама  тұрақталған  және  көптеген 

үлгілерге  ортақ  тіл.  Ол  ауызекі  сөйлеу  тілі  мен  сол  тілдің 

ірі-ірі  территориялық  диалектерінің  (егер  бар  болса)  қарама-

қарсысында тұруы шарт. Бұл – жалпыхалықтық сөйлеу тіліне 

негізделген ұлттық әдеби тілдің белгісі. 

Әрине,  норма  дегеннің  өзі  әдеби  тілдің  даму  барысының 

барлық дәуірінде бірдей болмайды және сол нормалар тілдің 

барлық  қаттауында  (фонетика,  лексика,  грамматика)  бір  ша-

мада теп-тегіс орнықпайды. Әдеби тілді қалыптастыруда әде- 

биеттің  әртүрлі  жанрлары  қатысады.  Бұл  жанрлардың  өзара 

арасалмағы, яғни қайсысының басты, доминанттық рөл атқаруы 

барлық дәуірде және бір қалыпта болмайтындығы – шындық. 

Дегенмен  ұлттық  әдеби  тілдің  алғашқы  қалыптасуында  көр- 

кем  әдебиеттің  рөлі  мен  орны  айрықша  болып  келгендігін 

көптеген  мамандар  айтып  өткен  болатын.  Әр  ұлттың  даму 

тарихының өз ерекшеліктеріне орай, тілінің, сол тілдің әдеби 

немесе ресми түрінің сипаты да, барысы да өзге халықтардан 

өзгеше түсуі тағы сөзсіз. 

Әдеби  тіл  дамуындағы  тарихи  процестердің  күрделі 

болатындығы, тілдің әдебилігін танытатын белгілердің мол, әр 

алуан болып келетіндігі, сол әдеби тілді қоғам қажетінің қай 

түріне  қалайша  жаратуға  орай  стильдік  қырларының  пайда 

болып тарамдалуы – осылардың баршасы әдеби тіл дегеннің 

әлі  де  аса  қиын,  ашылмаған  сырлары  көп  категория  екенін 

танытады.  Қала  берді,  әдеби  тілдің  жазу-сызу  тәжірибесінде 

байланыс дегеннің өзі – талас мәселе. Бұл қағида «жазу жоқ 



508

жерде әдеби тіл жоқ» дегенді үзілді-кесілді білдірсе, екіншісі 

«қоғам  тарихындағы  әртүрлі  факторларға  байланысты  жа-

зу-сызу тәжірибесі әлсіз халықтарда да әдеби тіл өмір сүрді» 

дегенді қуаттайды. Әрине, әдеби тілде пайда болған үлгілердің 

ауызша және жазбаша қолданысының өз ерекшеліктері бола-

ды. Ол ерекшеліктер әдеби нормалардың тұрақтала түсуі, та-

ралуы дамуы сияқты сәттерінде өз іздерін қалдырып отырады. 

Дегенмен әдеби тіл екі жағдайда да ғасырлар бойы қызмет етіп 

дамуы мүмкін. 

Біз «Абайға дейінгі қазақ әдеби тілінің көрсетілген әр түрі 

де болды» деген пікірдеміз. Қазақ халқында белгілі бір әдеби 

дәстүрге  байланысты  поэзия  жанрының  өте  ерте  замандар-

дан  айрықша  етек  жайып,  дамығандығын  білеміз.  Халықтың 

тәуелсіздік үшін жер-суын қорғап, сыртқы жаулармен күресіп 

келгенін танытатын үлкен-үлкен эпикалық жырлардан бастап, 

жеке  ақын-жыраулар  шығармашылығында  көрінген  қазақ 

поэзиясы  ғасырдан  ғасырға,  ұрпақтан  ұрпаққа  өткен  сайын 

күрделене, көркемделе, тұрақтала түсті. Көпшілігіне ортақ өлең 

жолдары,  ғажап  тіркестер  болды.  Күнделікті  ауызекі  сөйлеу 

тәжірибесінен  ерекшеленетін  тұрақты,  әлдеқайда  «әдеби», 

яғни  көркем  поэзия  талабын  өтейтін  тілдік-эстетикалық 

құралдары болды. Қазақ поэзиясы негізінен ауызша сақталды, 

ауызша таралды.

Ауызша  тіл  үлгілерінің  ауызша  фиксациясының  (сақта- 

луының)  өз  тәртіптері,  өз  шарттары,  тіпті  өз  мектебі  болды. 

Бұлар тілдің әдеби түрінің үзілмей дамуына көмектесті.

Қазақ қоғамында әдеби тілдің екінші жазба түрі қолданы- 

лып келді. Бұл түрі ортаазиялық түркі халықтарының бірсы- 

пырасына  ортақ  болған  жазу  дәстүріне  ұштасып  жатты.  ХV-

ХҮІ  ғасырлардан  келе  одан  ортаазиялық  жазба  әдеби  тілдің  

(Еуропа  ғалымдарының  атауы  бойынша,  шағатай  тілінің) 

кейбір  қалыптасқан  лексика-грамматикалық  және  орфогра- 

фиялық  нормаларының  басым  көпшілігі  қазақ  жазбасына  да 

ортақ болды. Сондықтан ол белгілердің дені қазақ халқының 

күнделікті сөйлесу тілінен, соған негізделе дамып отырған по-

эзия  тілінен  өзгеше  түсіп  тұрды.  ХІХ  ғасырдың  ІІ  жартысы-

на дейінгі қазақтың жазба әдеби тілі, әсіресе, көркем әдебиет 



509

саласына тұтас жайыла алмады. Жазба дәстүр негізінен ресми 

құжаттар  мен  эпистолярлық  стильді,  ішінара  білім-ғылымға 

қатысты  ол  әдебиетті,  діни  мазмұндағы  кейбір  үлгілерлі 

қамтыды.

Абай тұсына келгенде, қазақ әдеби тілінің түрлері, даму си-

паты,  қызмет  ету  аясы  әлдеқайда  күрделене  түскен  болатын. 

Абай заманы – қазақ халкының әлеуметтік, саяси-экономикалық 

және мәдени өмірінде болған тарихи актілердің, өзгерістердің, 

жаңалықтардың,  шиеленісе  түскен  тартыстардың  заманы. 

Өткен ғасырдын ІІ жартысы – қазақ тілінің күй-қалпы (стати-

касы) мен дамуына (динамикасына) қоғам тіршілігінің қатты 

әсер еткен дәуірі. Бұл кезеңде Қазақстанда кітап бастырудың 

етек ала бастауы әдеби тілдің жазба түрін жандандырды. Осы 

тұста  діни  және  азаматтық  оқу-білім  көздерінің  ашыла  ба-

стауы,  мерзімді  баспасөздің,  көпшілікке  арналған  ағартушы-

танымдық  әдебиеттің  пайда  болуы  қазақтың  жазба  тілінің 

функционалдық  стильдерге  тарамдалу  процесін  туғызды. 

Мұсылманша  діни  оқудың  да  осы  кезеңде  қазақ  қауымында 

едәуір жандануы араб-парсы тілдері мен шағатай тілінің таныс 

бола түсуіне, бұлардың қазақ тіліне әсер етіп, ауыс-түйіс бола 

бастауына  себепкер  болды.  Осы  жайттардың  күллісі  әдеби 

тілдің  әлеуметтік  қызметін  көтерді.  Сондықтан  тіл  саясатын 

жақсы танып, оның арта түскен қызметін дұрыс түсінген қалам 

қайраткерлерінің ісі мен рөлі күшейді. Қазақ халқының руха-

ни дүниесіндегі Абайдың және бір қырын сөз ете қалсақ, осы 

орайда әңгімелеу қажет болады.

Абай да – заманының перзенті. Абайдың азаматтық, жазу- 

шылық бет-бейнесін жасаған – өз тұсындағы қазақ қоғамының 

мүддесі мен талабы.

Тіл қозғалысындағы Абайдың орны мен қызметін белгіле- 

ген де – сол тілдің өзіне дейінгі бары мен барысы. Абайдың 

тұсында  және  сәл  алдында  қазақ  халқының  мәдени-рухани 

дүниесінде  ауызша  да,  жазбаша  да  тараған  әр  алуан  әдебиет 

саласы барлық жағынан екі топқа бөлінді. Тақырып жағынан 

азаматтық және діни әдебиет; жанр жағынан: көркем әдебиет, 

көне өзге жанрларға жататын әдебиет; тегі жағынан төл және ау-

дарма әдебиет, тілдік негізі жағынан: қазақтың халықтық сөйлеу 



510

тіліне сүйенген және ортаазиялық түркіге иек артқан әдебиет 

түрлері.  Осы  шартты  түрдегі  екіұдайылық  әрдайым  бірін-

бірі  жоқка  шығара  бермесе  де,  тіл  саясатының  күн  тәртібіне 

қойылуына  себепкер  болды.  Абайдың  тілге  қатысты  талабы  

мен  талғамы  осындай  фонда  белгіленді.  Аталған  жағдаятты  

(ситуацияны) жақсы аңғарған Абайға енді өз шығармашылығы 

үшін  де,  жалпы  әрі  қарайғы  қоғам  мүддесі  үшін  де  екіұдай- 

ылықтың  кейбір  сәттерінің  бір  жағын  қолдау  қажет  болды: 

ұлттық  жазба  әдеби  тілдің  негізі  етіп  бір  ғана  түрін  қостап, 

соны  дамыту  қажет  болды;  дүниетанымы  мен  суреткерлік 

бағдарында  демократтық-прогресшіл  идеологияны  ұстанды; 

поэзиясы мен прозасына азаматтық тақырыпты қалады. Бұлар 

тілге келгенде де Абайды демократтық платформаға алып келді: 

ол қазақтың ұлттық жазба әдебиет тілі үшін жалпыхалықтық 

сөйлеу тіліне негізделген қолтума әдеби тілді, яғни қазақтың 

санғасырлық поэзиясының тілін таңдады.

Бұл таңдаудың себептері де осал емес. Абай өзіне дейінгі 

және  өзімен  тұстас  өмір  сүрген  түркі  жазу  дәстүрін  («кітаби 

тілді») акындық дүниесінің есігін қағар шақта, таңдаудан гөрі 

тамашалауы  басым  кезде,  5-19  жастарында  байқап  көрді.  Ол 

лабораториядан бізге үш өлеңі келіп жеткені мәлім. Кейін са-

налы,  мақсатты  зор  шығармашылықка  бет  алғанда,  шағатай 

тілінен, шағатай әдебиетінің дәстүрінен бас тартты. Бірақ Абай 

көптеген түркі халықтарының мұқтажын өтеп келген тұрақты 

дәстүрі бар шағатай тілін қаламағанда, оның себебі – бұл тілдің 

«жамандығынан» емес, өзге жайттардан. Ең алдымен, бұл жер-

де тілдегі демократия бағыты, яғни, жазба әдеби тілдің негізі 

сол халықтың өз тіліне бет бұру бағыты басты фактор болды. 

Қоғамның  өсіп  келе  жатқан  рухани-эстетикалық  мұқтажын 

өтеуде сол қауымның қалың Бұхарасына ортақ түсінікті сөйлеу 

тілін таңдау қажеттігін Абай жақсы түсінді.

 Халықтың ұлт ретінде әбден қалыптасуына ұйытқы бола-

тын құралдың бірі – жазба тіл болуға тиіс. Абай қазақ халқы 

үшін  мұндай  ұйытқы  қасиетті  шағатай  тілінен  алмады.  Ол 

белгілі қазақ поэзиясына сан ғасыр қызмет етіп келе жатқан, ау-

ызша дамыған байырғы қазақ әдеби тілі мен халықтың сөйлеу 

тілінен көріп тапты. Бірақ Абай үшін шағатай тілі немесе оның 



511

қазақ топырағындағы локальды түрі – «кітаби тіл» жазба тіл 

ретінде  әрі  қарай  қызмет  ете  алмағанымен,  құбыжық  емес, 

қосалқы құрал болды. Прозалық стилъдердің шағатай тілінде 

ертеден қалыптасып дамуы XIX ғасырда пайда бола бастаған 

қазақ  статикасы  мен  тарихи-ғылыми  әдебиетіне  тікелей  әсер 

етіп, таңбасын басып отырғанын жоққа шығаруға болмайды. 

Әсіресе,  Абай  шағатай  жазу  дәстүрінің  кейбір  элементтерін 

стильдік құрал ретінде пайдалануды көреді. Оның бүкіл про-

засы  емес,  «38-сөз»  деген  шығармасында  шағатайшыланған 

тұстар кездеседі, «Алла» тақырыбын сөз еткен өлеңдеріне ақын 

шағатай  тілінің  бірқатар  лексика-гармматикалық  белгілерін 

қолданады.  Демек,  Абай  шағатай  тілінен  жалпы  безуді  емес, 

оны  белгілі  бір  стильдік  мақсатта  пайдалануды  ұсынады. 

Сөйтіп, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың байырғы 

ауызша әдеби тілі жаңа кезеңге көтерілді. Тіл өз дәуірінде жаңа 

сатыға  көшкенде,  оның  алдыңғы  кезеңдерден  ерекшеленетін 

белгілері болуға тиіс. Ол белгілердің пайда болуына Абайдың 

қосқан үлесі қандай деген жауап іздеуге тура келеді. 

Біріншіден,  жазба  тілдің  қызмет  ететін  аумағы  кеңейеді. 

Бұрын  қазақ  әдеби  тілінің  қолданылу  аясы  шағын  болатын. 

Ол негізінен көркем әдебиет (оның поэзия) жанрын қамтитын. 

Абай енді бұл тілді қазақ қоғамдық өмірінің өзге салаларына да 

қызмет етуін ұсынады. Бұған ол өзінің «Қара сөздер» деп ата-

латын шығармаларын жазу арқылы қатысты. «Қара сөздердің» 

дені  қазақтың  халықтық  тілінің  негізінде,  жазба  әдеби  тіл 

үлгісінде  жазылған.  Абайдың  туындыларының  тілі  публици-

стика мен ғылыми стильдерге және көркем шығарма үлгісіне 

жатады.  Осы  жерде  қазақ  әдеби  тілінің  жалпыхалықтық 

негізге түсуімен бірге, оның ұлттық сипат алғанын атауға бо-

лады.  Белгілі  бір  әдеби  тілдің  ұлттық  тіл  болып  қалыптасуы 

бірер  қайраткердің  қызметімен  жүзеге  аспайтыны  мәлім. 

Тілдің  ұлттық  түрі  сол  халықтың  ұлт  болып  топтасуы  (кон-

солидациясы)  деген  социологиялық  мәселемен  тығыз  бай-

ланысты. Солай бола тұрса да, тілдің ұлттық сипат алуы ұлт 

болып қалыптасуымен тепе-тең, бір мезгілде дүниеге келетін 

құбылыс  емес  екенін  есте  мықты  тұту  қажет.  Осы  тұрғыдан 

алғанда, қазақ әдеби тілінің белгілері халқымыздың ұлт болып 



512

әбден қалыптасқаннан едәуір бұрын басталғанын айту керек. 

Сондықтан Абай тұсында қазақ қоғамының объективтік даму 

заңдылықтарына орай қазақ әдеби тілінің ұлтық белгілері одан 

сайын айқындалып, беки түскен дейміз.

Әдеби  тілдің  ұлттық  түрге  ие  болу  белгісінің  бірі  – 

жалпыхалықтық  сипаты  болса,  XIX  ғасырдың  екінші 

жартысында-ақ  қазақ  тілінің  диалектілік  бөліністерсіз  ортақ, 

біртұтас нормалары бар тіл екенін, әрине, бұл – өте қарапайым, 

жалпы тұжырымды дәлелдеу үшін жалпыхалықтық қолданыс 

тапқан нормалардың көрінісін тек көркем әдебиеттен (поэзия-

дан) емес, сол тұстағы өзге әдебиет түрлерінен талдау қажет. 

Дегенмен  сөз  етіп  отырған  кезеңде  қазақ  әдеби  тілінің  до-

минант (басым) жанры көркем әдебиет (оның ішінде поэзия) 

болғандығын ескерсек және Абай, Ыбырай тәрізді орны ерек-

ше  қалам  қайраткерлерінің  тіліне  үңілсек,  олардан  жоғарыда 

айтылған  барлық  өңірге  ортақтық  түсініктілік,  нормалылық 

сипатты табамыз.

Әдеби  тіл  ұлттық  статусқа  ие  болу  үшін  оның  топтас- 

тырушылық  рөлі  күшті  болуға  тиіс,  бұл  жағынан  Абай 

заманындағы  қазақ  әдеби  тілінің  ұлттық  сипаты  едәуір 

болғанын  байқаймыз.  Сөйтіп,  тілдің  қызметі  кеңеюі  оны 

әрі  жаңа  сатыға  көтерді,  әрі  жалпыхалықтық  ұлттық  сипа-

тын  күшейте  түсті.  Бұл  процесте  Абайдың  рөлі,  біріншіден, 

әдеби тілдің әлеуметтік қызметін қоғамның заманына сай та-

лабына  ұштастыра,  сәйкестендіре  дұрыс  тани  білуінде  бол-

са,  екіншіден,  әдебиеттің  өзге  жанрларын  қалыптастыруға 

атсалысқан нақтылы қызметінде болды. 

Жаңа  әдеби  тіл  өзінің  лексика-фразеология  саласындағы 

көркемдеу  тәсілдерінде  сапалық  өзгерістерге  ие  болады.  

Олардың  басты-бастылары,  біздіңше,  мыналар:  қазақ  лекси- 

касының  кірме  сөздермен  толысу  бағыты  берік  орын  тепті. 

Бұл  принципті  Абай  әрі  қарай  дамытты.  Кірме  сөздерді 

бұрынғыдай ауызекі сөйлеу тілі арқылы емес, шағатай, орыс 

жазба  әдебиеттерінен  тікелей  алу  амалы  да  іске  қосылды.  

Кірме элементтерді қазақ тілінде жоқ тың ұғымдарды білдіру 

үшін ғана емес, стильдік мақсаттарды өтеу үшін де пайдалан-

ды. 


513

Қазақ  әдеби  тілінің  жаңа  кезеңінде  жаңа  сөздер  бұрынғы 

кезеңдерге  қарағанда  әлдеқайда  молынан  ене  бастады,  бұған 

Абай,  Ыбырай  тәрізді  жеке  қалам  иелері  де,  баспасөз  де 

қатысты. Абайдағы жаңа сөздердің көпшілігі – абстракт ұғым 

атаулары  болса,  ол  –  жазушының  философия,  этика,  мораль, 

теология тақырыптарын прозамен сөз етуінің жемісі деп таба-

мыз. Жаңа атаулар жасауда Абайда бірінші орында төл сөздерге 

жұрнақ жалғау тәсілі тұрады, содан соң мағына жаңғырту мен 

сөз тіркестіру амалдарын пайдаланады. 

Қазақтың жаңа кезеңдегі жазба тілінде көптеген сөздердің 

мағыналары айқындалып, тұрақтанады, сөз мағынасының та-

рылу не кеңею процесі активтенеді. Мұнда Абайдың қызметі 

айрықша. Әсіресе, Абайда белгілі бір ұғымды өзге ұғымдармен 

шатастырмай,  дәл  атау  принципі  күшті  сезіледі.  Соның 

нәтижесінде  бір-біріне  тең  түсетін  құбылыс  атаулары  бөлек-

бөлек  беріледі.  Мысалы,  Абай  қазақтың  әдет-ғұрып  заңына 

байланысты  жерде  би  сөзін,  орыс  империясының  заң-сотына 

қатысты  әңгіме  болған  жерде  судья  сөзін,  шариғатқа  байла-

нысты әңгімеде қазы сөзін қолдануды қол көреді. Сол сияқты 

мұсылманша  оқуды  әңгімелесе  түркі  тану  дегенді,  жалпы 

азаматтық  білім  алуды  сөз  ете  қалса,  оқу-білім,  ғылым-білім, 



ғылым оқу, ғылым табу деген сөздерді жиірек пайдаланады, ал 

орысша ағарту ісін айта қалса, орыстың ғылымын кейде тіпті 



образование деп те жібереді. Сөйтіп, қазақ әдеби тілінің Абай 

негізін  қалаған  жаңа  кезеңіндегі  сөздік  құрамының  бұрынғы 

кезеңдермен салыстырғанда, сапалық ерекшеліктері болды. 

Жаңа  сатының  үшінші  үлкен  өзгешелігі  –  поэзия  тілінің 

тың белгілерге, соны сипатқа ие болуында еңбек те, абырой да 

тек қана Абайдікі. Қазақ поэзиясы тілін жаңа кезеңге көтеруге 

Абайдай қызмет еткен өзге есімді атай алмаймыз. Өзіне дейінгі 

санғасырлық  дәстүрі  бар  қазақ  поэзиясының  тілі  –  Абайдың 

зор мектебі. Оның арқасүйер тірегі де, «сөзін түзетіп», «өзін 

қинаған» осалы да – осы тіл.

«Қазақ поэзиясының тілі қалайша қырналды, қалайша бары 

кәдеге  асып,  жоғы  толтырылды?»  деген  жәйттерге  келгенде, 

мыналарды айтуға болады. Өлең тілінің ертеден қалыптасқан 

жалпы  заңдылықтарын  сақтай  отырып,  Абай  қазақ  поэзия-



514

сына  көптеген  жаңалық  әкеліп,  өзгерістер  енгізді.  Олардың 

бірқатары Абайға дейінгі қазақ өлеңі тілінде мүлде жоқ құбылыс 

болса, барларын ақын белгілі бір жүйеге айналдырып, норма 

етіп ұсынды. Поэзия тіліне Абай енгізген өзгеріс-жаңалықтар 

суреткерлердің өз қолтаңбасын көрсету, өлеңдегі сөзқолданыс, 

өлеңді айқын, ықшам және әуезді етіп ұсыну сияқты салалар-

ды қамтиды. Бұлардың әрқайсысын шағын мақалада тарамдап 

көрсету  мүмкіндігіміз  болмағандықтан,  білгісі  келгендерді 

біздің Абай тіліне арналған еңбектерімізге сілтейміз. 

Абай қазақ өлеңі сөздік құрамының түрін өзгертті: бұрын 

өлең  тілінде  көп  қолданылмайтын  сөздер  тобын  енгізді,  по-

эзия  сөздігі  оның  тақырыбы  мен  стиліне  сәйкестендірілді. 

Осы арқылы өлең тіліне қатысқан сөздердің бір-біріне «иек ар-

туы», стильдік жүк арқалауы, экспрессоидке айналуы күшейді. 

Абай ақын, дәл, жинақы (аз сөзді) болу принципін ұсынды. Ол 

үшін  қазақ  қауымына  бейтаныс,  айналадағы  шындыққа  жа-

наспайтын  образдар  тәсілін  ұстайды.  Айтпақ  идеясын  басы 

артық қосар образдарсыз жеткізу өлең тілінің аз сөзді болуы-

на жәрлемдеседі. Поэзия тілін жинақы етіп беруде Абай өлең 

шығару  (жасау)  техникасын  да  пайдаланды,  өлеңнің  жеке 

тармақтары мен шумақтарының, сыйымдылығын арттырады.

Ең  үлкен  өзгеріс-жаңалықты  Абай  қазақ  поэзиясы  тілінің 

фразеология  (бейнелі  тіркестер)  саласына  енгізді.  Атап 

айтқанда,  қаламгер  қазақ  көркем  сөзіне  сандаған  жаңа  фра-

зеологизм  (тіркестер)  ұсынды,  ол  үшін  ойдың  мөңіреуі, 



жапырақтың жамырауы, қайғының заңғар басынан жығылу, 

кермек ой, асау той сияқты мағыналары жуыспайтын сөздерді 

тіркестерді,  белгілі  бір  заттың,  құбылыстың  өзін  атамай, 

оны  өзге  образбен  беру  тәсілін,  яғни  перифрастиканы  мол 

қолданды.  Сөйтіп,  Абайға  дейінгі  қазақ  әдеби  тілі  мен  Абай 

поэзиясы  тілінің  ерекшелігін  сол  поэзияның  тақырыбы  мен 

жанрына қарай және бұрынғы дәстүрді жалғастыру дәрежесі 

мен  жаңа  дәстүрді  енгізу  сипатына  байланыстыра  іздеу  ке-

рек.  Абай  поэзиясының  тақырыбы  мен  түрлерінің  кеңеюі 

жаңа образдарды талап етті. Ал тың образдар өлең тіліне жаңа 

тіркестер  әкелді,  жеке  сөздердің  стильдік  жүгін  арттырды, 

олардың  эмоциялық-экспрессивтік  бояуы  кәдеге  асырылды, 


515

кейбір сөздер өлеңде өзгеше, үстеме мағынаға ие болып, енді 

біреулері мағыналары сараланып, әр алуан поэтикалық қызмет 

атқаруға  көшті.  Өлеңнің  идеялық-көркемдік  сырын  ашуға 

грамматикалық тұлға-тәсілдер де қатыстырылды. Осылардың 

баршасы – Абайдың поэзия тіліне әкелген жаңалығы, қосқан 

үлесі, өзгерісі болды.

Реформа  іспеттес  өзгеріс-жаңалықтарды  Абай  тілдің  син-

таксис саласында жасады. Бұл тұжырымды поэзиясына да, про-

засына да қатысты айтуға болады. Прозасының синтаксисінде 

құрмалас сөйлемдерді, төл сөзді конструкцияны құрауда және 

мүшелері  мен  сөйлем  компоненттерін  орналастыруда  Абай 

осы күнгі қолданысымызға көптеген норма ұсынды. Ал өлең 

синтаксисінде  Абай  төңкеріс  жасады  деуге  болады.  Ол  жеке 

ситуацияға  (мазмұнға)  ырғағы,  өлшемі  тән  өлеңнің  соны 

түрлерін  іздеп,  табады.  Демек,  жаңа  ырғақ,  жаңа  өлшемдер 

енгізеді. Ал бұлар өлеңнің синтаксистік құрылысының өзгеше 

болып келуін талап етеді. Мысалы, Абайдың аралас буынды, 

әрқилы  тармақты  «Қатыны  мен  Масақбай»,  «Тайға  міндік», 

«Кешегі  Оспан»,  «Ем  таба  алмай»,  «Сен  мені  не  етесің?», 

«Қызарып, сұрланып» тәрізді өлеңдерінің синтаксистік түзілісі 

– қазақ поэзиясында бұрын болмаған, мүлде тың құбылыс. «Сөзі 

түзеліп», оқырманын «сен де түзел» деп шақырған ақын ойшыл 

лирикалық жаңа кейіпкердің, яғни өзінің моральдық-этикалық 

азаматтық  талап-талғамын,  күйініш-мұңын  білдіретін  «Сегіз 

аяқ», «Бай сейілді» сияқты өлеңдерінің өлшемі мен ырғағының 

сонылығына  орай  олардың  синтаксистік  құрылымы  да  жаңа, 

өзгеше болып ұсынылған.

Абай өлеңді композициялық бөліктерге ажыратуды енгізді, 

өлең  құрылысына  инверсия  (сөздердің  орын  алмастырып 

қолданылуы) мен оның жаңа түрлерін кіргізді. Қысқасы, Абай 

өлең  синтаксисін  оның  тақырыбы,  идеясы  және  стилімен 

үндестірді,  сондықтан  бұрын  болмаған  тың  құрылымдарды 

ұсынды. Бұлар да қазіргі қазақ поэзиясына келіп жалғасты.

Қазақтың ұлттық әдеби тілінің жаңа кезеңін бастауда Абай 

жалғыз болған жоқ: бұл істе Қазақстанның екінші қиырында 

мәдени-рухани дүниенің екінші саласы – оқу-ағартуда Ыбырай 

Алтынсарин қызмет етіп, тілге келгенде Абаймен үндес бол-



516

ды, қазақтың тұңғыш баспасөзі де тіл жөнінде демократиялық 

бағыт  ұстады,  жас  қазақ  интеллигенциясы  да  жазба  әдеби 

тілдің  жалпыхалықтық  сөйлеу  тәжірибесіне  негізделуін 

қостады.  Бірақ  Абай  заманында  қазақ  тілі  тағдырына  әлеу- 

меттік  күштердің  саналы  түрде  араласуы  болған  жоқ,  яғни 

әдеби нормаларын көрсетіп, оны тұрақтандыруға күш салған 

белгілі  бір  оқу  орындары  мен  ғылыми  орындар  болмады, 

тілдің дұрыс қолданысын тәртіптеп отыратын грамматикалық 

құралдар мен нормативтік сөздіктер және болған жоқ. Әдеби 

үлгілердегі сөздердің дұрыс-бұрыс қолданысы мен байлығына 

назар аударып, пікірлерін әлеумет сарапына салып отыратын 

қайраткерлер  бұл  кезде  болмады.  Бұл  жағдаяттар,  сөз  жоқ, 

жаңа  кезеңдегі  қазақ  тілінің  даму  процесін,  оған  қатысушы 

Абай, Ыбырай тәрізді қалам қайраткерлерінің қызметін ауыр-

латпаса, жеңілдетпеді.

Өзінен кейінгі буынның өкілі – баласы Әбдірахманды «жаңа 

жылдың басшысы ол» деп, өзін «мен ескінің арты едім» деген 

Абай жаңа жылдың – жаңа кезеңнің, әсіресе қазақ әдеби тілінің 

жаңа дәуірінің басшысы өзге емес, өзі болғанын аңғармай да 

қалған болар. Оны кейінгі ұрпақ жақсы аңғарып, баға берсек, 

ол – тек шындықты тану, ғылымның дұрыс сөзін айту ғана емес, 

Абайдай  алыпқа  деген  алғысымыз  да  болмақ,  өйткені  Абай 

бағытын нұсқап, нормасын ұсынған қазақтың жазба әдеби тілі 

әрі қарай ұласып, біздің дәуірімізде жақсы дамыған, сан сала-

лы ұлттық мемлекеттік жазба әдеби тілге айналып отыр.



«Егемен Қазақстан». - 1995, 19 мамыр

517


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет