УДК 821.512.122.0
ББК 83.3 (5 Қаз)
С 94
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрлігі
Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің
тапсырысы бойынша
«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың
2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы»
аясында шығарылды
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Жауапты шығарушы: филология ғылымдарының докторы О.Жұбаева
Сыздықова Рәбиға
С 94 Абайдың сөз өрнегі. Көптомдық шығармалар жинағы/ Рәбиға
Сыздықова / – Алматы: «Ел-шежіре», – 2014.
ISBN 978-601-7317-88-1
Т. 2: – 580 бет.
ISBN 978-601-7317-90-4
Кітапқа «Абайдың сөз өрнегі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік
құрылысы» атты зерттеулері еніп отыр. Абай тілінің көркемдік
бітімі, «өткірдің жүзі, кестенің бізі» сала алмайтын сөз өрнегін
толғауы тоқсан қызыл тілмен салудың құдіретін танытқан ұлы
Абайдың сөз қолдану, сөз таңдау, сөз құбылту, сөз үйлестіру, сөз
үндестіру тәсілдері мен тәжірибесі талданады. Жалпы әдеби тіл мен
поэзия тілі заңдылықтарының Абай өлеңдері мен поэзиясындағы
көрінісі, ондағы дәстүрлі нормалары мен Абай ұсынған жаңалықтар
танылады. Абайдың поэтикалық тіл үлгісінің жалғасын тапқандығы
Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Ілияс, Қасым өлеңдерін ішінара талдау
арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ ғылыми ойларды одан әрі ширата түсу
мақсатында кітаптағы негізгі тақырыпқа үндес, әр жылдары жарық
көрген Абай шығармашылығына қатысты мақалалар да беріліп отыр.
Кітап Абайдай сөз алыбының «жүрекке жылы тиетін» көрікті
тіліне сүйсіне түскісі келетін студенттер мен ұстаздарға, сондай-
ақ поэтикалық тіл дегенді танытушы ақын-жазушылар мен ғалым
мамандарға арналады.
УДК 821.512.122.0
ББК 83.3 (5 Қаз)
ISBN 978-601-7317-90-4 (Т.2) © Сыздықова Р. , 2014
ISBN 978-601-7317-88-1 © «Ел-шежіре» ҚҚ., 2014
3
АБАЙДЫҢ СӨЗ ӨРНЕГІ
4
СӨЗ БАСЫ
Көркем әдебиет, оның ішінде поэзия – өнер дүниесі. Ал
бұл дүние әсемдік, үйлесімдік, көркемдік деген сипаттарымен
өнер аталады. Сондықтан да «өнер» деген жерде «көркем» де-
ген анықтама сөз қоса жүреді. Көркемдік – кең ұғым. Әсіресе
поэзия әлеміне келгенде, ол тек «сыртқы сұлулықтың» көрінуі
емес, яғни өлең қызыл сөздің жиынтығы емес, ең алды-
мен, ғылым тілімен айтсақ, мазмұн мен түрдің сәйкестенуі,
түсіндіре айтсақ, ақынның білдірмек ойына (поэтикалық иде-
ясына) оны беретін тілінің сай келуі. Поэзиядағы көркемдік –
тіл деген құбылыстың (құралдың) адам баласының өміріндегі
құдіретін, күшін көрсететін белгі. Демек, осы белгі қандай
тәсілдермен, тілдің қандай заңдылықтарымен жүзеге асады,
қай ақын қалайша жүзеге асырады деген сұрақтар алдымыз-
дан шығады. Бұл сауалдың ақындардың ақыны, «қазақтың бас
ақыны» Абай тіліне келгенде қойылуы әбден заңды. Абай тілін
зерттеу – бүгінде қазақ филологиясы ғылымының ауқымды
саласы болып қалыптасып отырған абайтанудың өз алды-
на маңызы зор бір тармағы. Абай тілін танып-таныту сала-
сы өзінің зерттеу нысаналары мен әдістерін, сондай-ақ жеке
және жалпы мәселелерін біршама анықтап, бір алуан еңбектер
ұсынғанымен, әлі де арнайы жүргізілетін зерттеулердің
қажеттігі даусыз. Солардың бірі – ұлы суреткердің сөз өрнегін
тіл білімі тұрғысынан тану, яғни ғылымның «лингвистика-
лық стилистика» деп аталатын саласы бойынша талдау деп
білеміз. Бұл сипаттағы ізденістер енді-енді басталып отыр.
Осы кітап сол бастамалардың бірі болмақ.
Көркем әдебиетте, оның ішінде поэзияда сөз әрдайым тура
(жалпы тілдік) мағынасында жұмсалмай
,
әр алуан мақсатта
құбылып, өзгеріп, қосымша реңк үстеп, негізгі тілдік мағына-
сын ауыстырып немесе тарылтып, я кеңейтіп қолданылып
жатады, бірақ бұл құбылулар бейберекет емес, тілдің белгілі
бір заңдылықтарымен, нормасымен жүзеге асады. Лингвости-
5
листика қалам иесінің осы заңдылықтармен дүниеге әкелген
«әсем бұйымдарын» зерттейді. Осы себептен біз бұл еңбекте
ұлы ақынның «өткірдің жүзі, кестенің бізі – толғауы тоқсан
қызыл тілімен» салған өрнегін тіл маманы танымымен талдау-
ды мұрат тұттық.
Әдетте бір нәрсені, айталық, ақынның тіл көркемдігін зерт-
теуде негізінен үш түрлі тәсіл қолданылады: бірі – зерттелетін
объектіні, мысалы, сөздерді, сөз тіркестерін, ұйқасты, өлшемді
т.б. тауып, жүйелеп көрсетіп беру (орысша описание), екінші-
сі – талдау (орысша анализ) зерттеген объектілердің, айталық
сөздердің, тіркестердің т.б. әр ыңғайдағы қызметін талдау.
Үшіншісі – түсіндіру (интерпретация) – мағыналық құбылыс-
тарды түсіндіру. Осы тәсілдердің ішінде біздің көбірек ден
қойғанымыз – соңғы екеуі болды. Бұл үшін, әрине, бірінші
амалға да жиі барып отырдық.
Сөз жоқ, бұл шағын еңбекпен Абайдай алыптың тілін зерт-
теп тану тәмамдалмайды. Суреткер тілін танудың біз бармаған
қырлары әлі де аз емес екенін айтамыз, ол қырлар (зерттеу
аспектілері) жеке танымдық ізденістермен қатар, көркем тілдің
жалпы теориялық мәселелеріне де қатысты болатынын және
айтамыз. Бұл – алдағы шаруалар, бізден кейінгі зерттеушілер-
дің, әсіресе жас талаптардың қолына алатын игілікті ісі деп
білеміз.
Ұсынылып отырған жұмыста сөз болған тақырыптар
едәуір, бірақ соларды мазмұнына қарай былайша топтастырып
бердік. Әуелі «Абай тілі» деген ғылым тармағының зерттеу
нысаналарын анықтап алуға тура келді, бұл орайда жалпы по-
эзия тілін танудың мақсат-мұраттарын сөз ету де қажет болды.
Бұған «Абай тілін танудың қырлары» деген тарау арналды.
Поэзия ғимаратының негізгі «кірпіші» – сөз. Сөздің үш
түрлі: 1) тура немесе номинативтік, лексикалық, 2) ауыспалы,
3) символдық мағыналарын ақын Абай қалай жұмсады деген-
нің сырына үңілу керек болды. Ол үшін кітаптың «Сөз –
өлеңнің арқауы» деген тарауы жазылды.
Ақын өзінің айтпақ ойына тілінің әрі сай, әрі әсем, әсерлі
болып шығуы үшін керекті тәсілдер мен сөздерді таңдайды.
Бұл таңдаудың бір ұшы көркемдік талабында жатады. Абай
6
сөздерді не үшін таңдады, қалай талдады, таңдаған сөзін
қалайша жаратты – бұған «Сөз таңдау» деген тарау арналды.
Көркем тілде, әсіресе поэзия тілінде сөздің мағынасын
түрлендіріп қолдану – бірден-бір қажетті шарт. Бұл – көркем
сөз дүниесі жиі жүгінетін амалдардың бірі. Абайдың сөз
құбылту шеберлігі жөніндегі талдауларымыз бен ойларымыз-
ды осы аттас тарауда ортаға салдық.
Тілдің әсемдік құдіретін өлең үнінің құлаққа жағымды,
тілге икемді келуі, яғни сөздердің әуен жағынан бір-бірімен
үндесуі, өлеңнің тұтас өн бойындағы мақам гармониясы да та-
нытады. Абай өлеңдері тұнып тұрған «музыка». Бұл жайында
«Сөз үндестіру» тарауында әңгіме болады.
Абай – ақын ғана емес, прозамен де қалам тартқан сурет-
кер. Абай прозасының тілі көркемдік тұрғысынан кеңінен
сөз болған емес. Сондықтан зерттеуіміздің бір өзегін «Қара
сөздердің» стильдік-тілдік болмысына бұрдық. Мұнда
қаламының көркемдігімен қатар, қаламгердің өзге тұстардағы
шеберлігі сөз болады, яғни қазақтың ұлттық тіліндегі публици-
стика мен ғылыми және геологиялық (діни) әдебиет үлгілерінің
алғашқы нормалары талданады.
Ең соңында Абай салған тілдік-стильдік жаңа арнаның
жалғасын тапқанын әңгімеледік. Ол үшін Шәкәрім, Сұлтан-
махмұт, Ілияс, Қасым ақындардың тіл өрнегінен мысалдар
келтіріп, ішінара талдаулар жасадық. Бұл тарауға «Абай тілінің
тағылымы» деп ат қойдық.
Бұл еңбекпен танысу үстінде оқырманнан мына ескертпе-
лерімізге құлақ асуларын өтінер едік. Жұмысымыз ең алды-
мен ғылыми зерттеу болғандықтан, жазу стилімізде біраз
«икемсіз» сөз қолданыстарына орын беруге тура келді. Мыса-
лы, «өлең жасау», «өлең құрау немесе құрастыру» дегендерді
кездестіресіз. Әдетте қазақ өлеңді жасады демейді, өлең жазды,
өлең шығарды дейді, ал өлең құрылымын сөз ету керек болған
тұста еріксіз жасау, құрау, құрастыру етістіктерін қолдандық,
өйткені құрылымды шығармайды, жазбайды, жасайды,
құрайды, құрастырады. Бұл сияқты «сірескен» сөздеріміз бен
таза ғылыми терминдік «орысшылдау» сөз қолданыстарымыз
қалың оқырман құлағына жаттықтау тиюі үшін кейде жақша
7
ішінде оларды «жалпақ» тілге аударып (дәлірек айтсақ, ша-
мамен түсіндіріп) отырдық және, керісінше, жаңадан қазақша
ұсынылған ғылыми терминіміздің күні бүгінге дейін жиі
қолданылып келген орысша (интернационалдық) баламасын
да жақша ішінде кейде көрсетіп отырдық.
Текстің жазылуы бойынша ескертеріміз және бар. Талдау
барысында өлең тармақтары (жолдары) «өлеңше» жазылмай,
жол бойында қатарынан жазылып берілді, бірақ әр тармақ
бас әріптен басталып жазылғандықтан, ара жіктерін айыру
мүмкіндігі бар екендігін ескертеміз. Ал өлеңнің тармақ, шумақ,
ұйқас сияқты кұрылымдық бөліктері сөз болған тұста өлең
тексі «өлеңше» берілді.
Сондай-ақ өлең тексі мен өзіміздің баяндау тексіміздің
жігін айқын көрсету мақсатымен араларына сызықша қойып
отырдық (ол, әрине, төл сөз бен автор сөзі сияқты ережеге
бағындырылған сызықша емес, «стильдік» деп аталатын ты-
ныс белгісі). Мысалға алынған текст ішінен тек талданатын
объектілер: сөздер мен тіркестер, қосымшалар мен жеке дыбы-
стар сияқтылар ғана курсив деп аталатын шрифтімен берілді.
Әр өлеңнің тексінен немесе бір өлеңнің әр жерінен бөліп алып
қатарынан көрсетілген тармақтар, үзіктер, фразеологизмдер
т.б. бір-бірімен қосылып кетпесі үшін көп нүктемен ажыраты-
лып берілді.
Сөйтіп, бұіл ескертпелеріміз ғылыми және танымдық
мақсатпен жазылған осы жұмысты әдебиет пен тіл тану-
шы мамандар ғана емес, қалың жұртшылық та оқиды деген
үмітімізбен айтылды. Сондықтан қазымыз – оқырман қауым:
ең алдымен, «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абайдың өзі
айтқандай, «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» ұсынып келе
жатқан бүгінгі ақын-жазушылар қауымы, ғылымның әр сөзін
қадағалап отырушы ғалымдар ортасы, одан қалды, поэзия-өлең
атты құдіретті дүниені жанымен қалап, жүрегімен қабылдап
оқитын, оның ішінде Абайындай ұлттық мақтанышын сүйсіне
оқитын қалың жұртшылық. Егер Абайдың классикалық биіктен
көрінген тілі жайында жалпылай айтылған мадақ сөз емес,
талдап-таратқан ғылым сөзі керек болса, оқырман қауымнан
осы еңбекті соның бір үзігі деп қабылдауын қалаймыз.
8
АБАЙ ТІЛІН ТАНУДЫҢ ҚЫРЛАРЫ
Абай – қазақтың бас ақыны.
(Ахмет Байтұрсынұлы)
Біздің бұл еңбегіміздің тақырыбы – Абай өлеңдерінің тілі,
дәлірек айтсақ, тіл өрнегі, сөз кестесі. Демек, алдымен, өзекті
әңгімемізді бастамас бұрын, нақты зерттеу нысанамызды
көздеп алсақ, талдайтын материалдарымызды іріктеп, анықтап
алсақ дейміз. Ол үшін поэзия тілін жеке бөліп зерттеудің қажеті
қандай болмақ? Зерттелсе, қай қырынан келу керек, қандай
мақсат көздеу керек деген мәселелерді айқындап алу керек бо-
лар. Өлең тілін зерттеуде назарға алынатын негізгі объектілер
неменелер және осы мәселелер жайында ғылым не деп келді
деген сияқты сұрақтар да көлденең тартылады.
Жоғарғы сауалдарға филология ғылымы мен оның тіл
білімі саласы жауап іздеп, өлең тілін жеке-дара әңгіме етудің
қажеттігін дәлелдеген болатын. «Прага мектебі» деп аталған
лингвистикалық бағыттың өкілдері өлең тілі дегеніміз бір
төбе де, әдеби тілдің қалған қолданыстары («практикалық
стильдердің тілі») бір төбе деп бөліп қарайды
1
. Бұл – жаны бар
тезис, өйткені поэзия – көркемдік әлемінен. Ал көркемдікке
ие болу үшін мұнда тілдік-көріктеу құралдарының айрықша
қалыпта қолданылуы шарт. Оның үстіне өлең техникасына,
яғни өлеңді жасауға (жазуға, шығаруға) қажет ұйқас, ырғақ,
шумақ, шоғыр (тирада) сияқтылар поэзия дүниесін көркем
сөздің өзге түрлерінен: көркем прозадан, драматургиядан,
көркем публицистикадан бөліп тұрады.
Көркем шығарманы, айталық өлеңді, тұтас бір эстетикалық
дүние деп қарастыратын болсақ, оның айтпағын (мазмұнын)
білдіретін құрал – поэтикалық тілін тану қажет. Поэтикалық
тілдің жақсы көрінетін жері – поэзия, өлең – жыр. Өлең
– тілмен берілген контекст, демек, сол контекстегі көркем
1
«Прага мектебі» – о баста, 1926 жылы, В. Матезиус сияқты чехословак тіл
мамандары ұйымдастырған үйірме негізінде пайда болған лингвистикалық бағыт.
Кейін бұл бағытқа Н.С. Тубецкой, Р.О. Якобсон, Г.О. Винокур, Е.Д. Поливанов,
Б.В. Томашевский, Ю.Н.Тынянов, Л. В. Шерба, И.А. Бодуэн де Куртенэ сияқты орыс
ғалымдары да ден қойған.
9
құралдардың көрінісін зерттеу қажеттігі туады, жалпақ тілмен
айтсақ, ақынның көркемдік сөз кестесін тану мақсаты тұрады.
Әдетте тіл – адамдардың бір-бірімен жасайтын қатынас
құралы болып табылады дейміз де, оның осы қызметін көбірек
сөз етеміз. Ал тіл – сонымен қатар эстетикалық құрал, көркем
дүние құралы. Тілдің бұл екі қызметі – бір-бірімен тоғыспайтын
екі бөлек нәрсе емес. Керісінше, тілдің поэтикалық қызметі
коммуникативтік (қатынас құралы ретіндегі) қызметіне
негізделеді, сонымен қатар ол тілдік тәсілдердің өнерге тән
эстетикалық және әлеуметтік-тарихи заңдылықтарға бағынған
жаңа әлемін жасайды
2
. Демек, негізінде қарым-қатынастық
жүк арқалағанмен (көркем шығарманы жазушы, ақын өзі үшін
жазбайды, өзгелер оқысын деп, өзгелерге ойын білдіру үшін
жазады ғой, сондықтан бұл да қарым-қатынас), көркемдік-
поэтикалық қызмет атқаруға келгенде, оның өзіне тән тәртіп-
заңдылықтары болады, тіпті әдеби нормадан ауытқитын
«орынды қыңырлықтары» да табылады. Міне, бұлар өлең тілін
зерттеудің өзіндік қырларынан келуді талап етеді.
Поэтикалық тіл әрдайым метафора, эпитет, теңеу сияқты
көріктеу құралдарының санымен (көптігімен), тіпті сапасы-
мен (аса көріктілігімен) танылмайды, суреткердің өз міндетіне
алған эстетикалық талаптарына сәйкес болмысты тіл арқылы
әсерлі де бейнелі түрде көрсете білуінен танылады. Ал
әсерлілік пен бейнелілік көркем әдебиетте, оның ішінде поэзи-
яда әрқашан образды метафора, теңеулермен берілмей, ешбір
экспрессивтік бояуы жоқ сөздермен немесе сөз тіркестерімен
берілуі де мүмкін. Әңгіме көріктеу құралдарының материалдық
көрінісінде ғана емес (әрине, ол да орын алуға тиіс), шығармада
сол көркемдіктің бар болуында, оның оқырман сезіміне әсер
ететіндігінде. Міне, өлең тілін зерттеуде осы жайтқа да назар
аудару қажет.
Сөйтіп, сөз патшасы – өлеңнің көркемдігін оның поэтика-
лық тілі көрсетеді. Көркемдік дегеніміз – өлең тілінің сыртқы
жылтырақтығы емес. Көркемдік – ең алдымен, мазмұн мен
қалыптың (форманың) сәйкестігі, яғни ой мен тілдің гармония-
2
Виноградов В. В. Стилистика. Теория поэтической речи. Поэтика. - М., 1962. - С.
155.
10
сы: ақын идеясын білдірген сөздердің оқырман сезіміне әсер
ететін экспрессиялылығы мен эмоциялылығы. Ал бұл белгі-
лерді жүзеге асырудың амал-тәсілдері сан алуан. Ол амал-
дарды таңдай білу суреткер шеберлігінің сыны болмақ. Де-
мек, поэтикалық тіл дегеніміз – бір жағынан, сөзбен түскен
әсем кестелер болса, екінші жағынан, сол кестелерді төгетін
амалдардың көрінісі.
«Поэтикалық тіл» мен «өлең тілі» деген ұғымдар бір-біріне
мүлтіксіз пара-пар емес. Поэтикалық тіл тек өлең тексінде
емес, қара сөзде де, ауызекі сөйлеу барысында да орын ала ала-
ды. «Поэтикалық» деген анықтауыш тіл көркемдігінің, дәлірек
айтсақ, көркемдік үшін қолданыстың биігін, идеалын білдіреді.
Сондықтан өлең біткеннің барлығында поэтикалық көрініс
тұнып тұрмайды. Көріктеу құралдары қолданылған текстің
өзінде әрдайым мазмұн мен қалыптың сәйкестігі бола бермеуі
мүмкін, демек, текст әсемдік биігінен көрінбеуі ықтимал. Өлең
тілін сөз етуде бұған да көңіл қою керек болады.
Өлең тексін талдауда жеке сөздерді нысанаға алу – белгілі
бір поэтикалық (стильдік) жүк арқалаған сөздерді айырып
тануға алып барады. Ал сөздің жеке тұрғандағы беретін атау-
ыштық (номинативтік) мағынасы жалпы тілдік хабарлама-
лық (информативтік) болса, көркем әдебиеттегі, оның ішінде
өлең тіліндегі мағынасы өзгеше болуы мүмкін, яғни өлеңде сөз
мағынасы ауыспалы, қосалқы, бояулы сипаттарда келуі зан-
ды. Мұндайда сөз экспрессивтік мәнге ие болып, тыңдаушы
(оқырман) сезіміне белгілі бір әсер беретін элемент ретінде
жұмсалады. Ол сөздердің бірқатары тек осындай әсерлі,
экспрессивті мәнімен жиі қолданыла келе тұрақтала түседі
де, ғылымда «поэтизм» деп аталатын топ құрайды, бейнелеп
айтсақ, оларға қазақша «көрікті сөздер» деген айдар тағуға бо-
лар. Мысалы, қазақ тіліндегі ару, пәк, арзу, әз сияқты сөздер
негізінен поэзияда кездеседі де, сұлу, таза, қымбатты,
құрметті деген сөздердін поэтикалық вариантын түзеді және
осы мағыналарда тұрақталған поэтизмдер болып танылады.
Ал енді бірсыпыра сөздер тек сол контексте, сол өлеңнің
ішінде ғана ауыспалы-бейнелі мағынаға ие болады. Мысалы,
Абайдың: «Сен де бір кірпіш дүниеге Кетігін тап та, бар қалан»
11
деген жолдарындағы кетік сөзінің атауыштық – мағынасы
«белгілі бір заттың, айталық, үй қабырғасының толмай тұрған
үңірейген тұсы» немесе «ағаш тостағанның сынған (кетілген)
жері» дегенді білдірсе, ақын бұл сөзді осы контексте «адамдар
қауымының қажет бір мүшесі» деген ауыспалы мәнде, бейне-
леп қолданып отыр.
Өлең тіліндегі жеке сөздерді зерттеу объектісі етуде тек
олардың поэтикалық қызметін ғана емес, информативтік
қызметтерін де талдауға тура келеді. Бұл – өлеңнің мазмұны
мен оның тілдік көрінісі арасындағы сәйкестікті анықтауға
алып барады. Мысалы, Абай тіліндегі болыс, ояз, пысық, са-
удагер, білім-ғылым, медресе, қазы, би, тілмаш деген сөздер
өздерінің номинативтік тура мағыналарында қолданылған,
бұған Абай өлеңдерінің тақырыбы (мазмұны) себепкер бо-
лып тұр. Демек, бұл топтағы сөздердің актив-пассивтігі, өзге
сөздермен тіркесу қабілеттері және образ жасауға қатысы жай-
ында да әңгіме болуға тиіс.
Суреткердің, айталық ақынның, поэтикалық тілін зерттеуде
өз алдына бөлініп шығатын дербес тақырып – ақынның өзіне
тән көркемдік қолтаңбасы, мұны ғылымда «шығармашылық
контекст» деп те атайды. Бұл орайда ақын тіліндегі сөз-сим-
волдарды, өзі сүйіп, жиі пайдаланған троптарды және өзге де
тіл элементтерін эстетикалық қызметте жұмсауының принцип-
терін, стильдік ерекшеліктері арқылы көрінетін «автор обра-
зын» ашып талдау қажет болады. Бұлардың үстіне поэзиядағы
дыбыстық символизм немесе дыбыс арқылы жасалған образ
деген де кеңінен сөз болмақка керек. Грамматиканың поэзия-
дағы үлесі (И.Д.Благойша айтсақ, «поэзияың грамматика-
сы») деген қызық тақырып зерттелер болса, поэтика саласы
қарастыратын мәселелер көбейе түседі. Бұлардың көпшілігі
қазақ ғылымында жеке-жеке арнайы сөз болмай келеді.
Поэзия тілін талдауда образ (бейнелілік) проблемасы ба-
сты тақырып екені мәлім. Поэтикалық образ көркемдік
құралдармен де, стильдік бояуы бар сөздермен де, бейтарап
(бояусыз) сөздермен де берілетін сәттері болады. Поэтикалық
образдың тілдік көрінісін зерттеу – өлең тілін талдаудың бір
мақсаты.
12
Текстің фоникалық (музыкалық, әуезділік) құрылымын
(оркестровкасын) зерттеу де қазақ ғылымында әлі бел алып
кеткен жоқ. Бұл жөнінде ішінара З. Ахметовтің «Казахское
стихосложение» (1964) және біздің «Абай өлеңдерінің синтак-
систік құрылысы» (1971) деген монографияларымызда сөз бо-
лады. Ішінара дейтін себебіміз мынада. Текстің әуезділігі не-
месе дыбыстық эффект тек қатар келген сөздердің басқы ды-
быстары, я болмаса өлең жолдарының бірінші сөзі біркелкі
дауысты дыбыстан басталып, ассонанс, біркелкі дауыссыз
дыбыстан басталып, аллитерация құралуы арқылы ғана пайда
болмайды. Өлең жолдарында не бір жолдың ішінде түбірлес
сөздердің қатар келуі де өлең үнінің әсерін ерекше етеді. Мы-
салы, Абайдың: «Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын» деген
өлең жолында қу, қулық сөздері қатар келіп, дыбыс әуезділігін
күшейтіп тұр. Ал бұл құбылыс – қазақ лингвостилистикасында
мүлде сөз болмаған тақырып объектісі.
Көркем шығарма тілін талдаудағы басты объект – сөз. Өйт-
кені сөз поэтикалық қызмет атқарғанда өзінің мүмкін (потен-
циалды) және жасырын жатқан, яғни контексте ғана көрінетін
мағыналарын ашады. Өлең тілін танудың үлкен бір мұраты
осында дейміз.
Поэтикалық тіл әңгіме болғанда, өлең тексіндегі көрік-
теу құралдары: троптардың көрінуін, перифраздардың қолда-
ныстарын, теңеулердің, образды анықтауыштардың, поэтика-
лық синоним дегендердің жұмсалуын көрсетіп, олардың
бейнелеуіш қызметтерін анықтау қажет, сонымен қатар сол
көркемдеуіш құралдардың жасалу амалдарын анықтау керек.
Бұл амалдарға сөз мағынасының ауысуы (метафоралануы),
сөздің айшықты мағынасы (орысша «фигуральное значе-
ние»), фразеологиялык тіркес құрап, оған поэтикалық өң беру
сияқтылар жатады. Осыларды қарастыру – ақынның поэтика-
лық тілін зерттеудің лингвистикалық объектілерінен саналады.
Өлең тіліндегі сөздің экспрессивтік-мағыналық бояуларын
таныту, сөздердің тіркесу барысында беретін жаңа ұғымдарын,
оның ішінде контекстік, кейде окказионалдық ұғымдарын
көрсету, синтаксистік құрылымдағы жарыспалы қатарларын
(варианттарын) қарастыру – бұлар да тілдік поэтиканың проб-
лемалары.
13
Қорыта келгенде, өлең тілін талдауда негізгі мақсат – жоға-
рыда көрсетілген зерттеу қырларынан келіп, ақынның сөз
кестесін: көріктеу құралдары мен көркемдеу тәсілдерін та-
нып-таныту болмақ, екінші сөзбен айтсақ, ақын поэзиясының
мазмұны мен сол мазмұнның тілдік көрінісін – тілдік
механизмін зерттеу болмақ. Ғылымда мұны суреткердің
идиостилін көрсету деп те атайды.
Жеке суреткердің идиостилін танытуда әдеби дәстүр, көркем
сөз мектебінің ұласуы, әдеби тіл нормаларының көрінісі,
ақынның тілдік-көркемдік әлеміндегі ізденістері, шеберлігі,
қосқан үлесі дегендер де әңгіме өзегіне айналады.
Міне, осы мақсат-мұраттарды көздей отырып, біз ұлы Абай-
дың поэтикалық тілін хал-қадарымызша талдап, қазақтың
көркем сөзінің құдіретін қалайша танытқанын айтпақпыз.
Абай сияқты сөз зергерінің тілін зерттеуде екі түрлі үлкен
мақсат көзделуге тиіс. Бірі – Абайдың қазақ әдеби тілінің даму
барысындағы алатын орны, яғни «Абай және қазақтың ұлттық
жазба әдеби тілі» деген тақырып. Екіншісі – оның тілдік-
көркемдік шеберлігі, яғни Абайдың сөз өрнегі, поэтикалық тілі
деген проблема. Алдыңғысы – қазақ әдеби тілі курсының үлкен
бір бөлігі, өйткені Абай дайын тұрған әдеби тілді пайдаланған
қатардағы қаламгер емес, ол – осы тілдің ұзын-сонар көшін
жаңа бағытқа салған, тілдің даму тарихының жаңа сапалы
кезеңін бастаған суреткер.
Ұлттық әдеби тілдің қалыптасу барысындағы көркем әде-
биеттің рөлі жайындағы мәселе өте күрделі, мұнда тілдердің
кай-қайсысына да тән бағыттармен қатар, әрбір әдеби тілдің
өзіндік жеке тарихи шешімдері болатындығын мойындау
қажет. Қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің қалыптасуы мен
дамуы да өзге ұлт тілдерінің басып өткен ізін жолма-жол
қайталамай, өзіне тән тарихи жолын бастан кешірді.
Егер әдеби тіл деп қоғамның қолданыс тәжірибесінде сын-
нан өткен, өңделіп-қырланған, яғни әр алуан нормаларын
қоғам санасы дұрыс деп қабылдаған әрі ол нормалары барлық
үлгілерге ортақ болып келетін тілді атайтын болсақ және он-
дай тіл қоғам мүшелерін топтастырушы қызмет атқаруға
тиіс екендігін мойындасақ, қазақтың ұзақ дәстүрлі әрі күшті
14
дамыған әдеби тілі Абайға дейін көп бұрын-ақ, тіпті сонау
қазақ қазақ болып жеке халық (этнос) ретінде тарих сахнасы-
нан көрінген кездерден өмір сүріп келгенін айтып жүрміз.
Ол тіл ауызша дамып, ауызша таралып, ауызша сақталып
келгенін, соған қарамастан жалпылық, ортақтық, тұтастық,
ұйымдастырушылық қасиеттерге (сипаттарға) ие болып, нор-
малары едәуір қалыптасқан, сөздік қазынасы бай, көркемдік
белгілері күшті дамыған әдеби тіл болды деген тезисті
де ұсынып, дәлелдеп келеміз. Бұл тілді ұлттық кезеңге
дейінгі әдеби тіл санатында қарап, оны танытқан үлгілерді
іздестіргенде, ең алдымен, мыналарды айту қажет.
Әдеби тіл статусын тану сол халықтың мәдени-рухани
болмысының, әр алуан әдебиетінің тарихын танып-білумен
тығыз байланысты. Көптеген халықтардың әдеби тілінің
қалыптасуы мен дамуы оның көркем әдебиетіне қатысты бо-
лып келеді. Соның ішінде, мысалы, қазақ әдеби тілі алғашқы
кезеңдерінде XV-XVIII ғасырлардағы ақын-жыраулар шығар-
машылығымен тікелей байланысты болды. Сондықтан Абай-
дың алдындағы сан ғасырлық қазақ поэзиясының тілі өзге
де үлгілермен қатар, қазақтың ұлттық кезеңге дейінгі әдеби
тілінің ең басты сүбелі үлгілерін танытады. Бұлардан басқа
билердің шешендік сөздері және ауызша-жазбаша түрде
тараған шежірелері де қазақтың төл әдеби тілінің үлгілері
болып саналады. Бұлардың барлығын «фольклор» деп атала-
тын халық ауыз әдебиеті мұраларынан бөлек дүние деп санау
қажет. Өйткені ақын-жыраулар мұрасы – авторлы, профес-
сионал әдебиет үлгілері, ал фольклор – авторсыз және өзіне
тән ерекшеліктерімен ажыратылатын халықтық мұраның
қазынасы. Бірақ екеуіне ортақ бір белгі бар, ол – қазақтың
ақын-жырауларының өлең-жырлары мен билерінің сөздері де,
фольклор дүниесі де ауызша тарап, ауызша өмір сүргендігі.
Сондықтан XV-XIX ғасырлардағы қазақ ақын-жыраулар поэзи-
ясы тілін «қазақтың ауызша әдеби тілі» деп, ал фольклор тілін
«ауыз әдебиеті тілі» деп бөліп атауды орнықтырып келеміз.
Абайға дейінгі қазақтың мәдениет көгінде және бір тіл өмір
сүріп келді. Ол ортаазиялық және Еділ бойы мен Кавказды ме-
кендеген бірсыпыра түркі халықтарының да жазба дүниесіне
15
қызмет етіп келген «түркі» деп аталған дәстүрлі жазба тіл еді.
XVI ғасырдың соңында жасап өткен, қазақтың тарақ таңбалы
жалайыр руынан шыққан тарихшы ғұламасы Қадырғали
бидің «Жами ат-тауарих» атты шығармасы да осы тілде, яғни
қазақтың ескі жазба әдеби тіл дәстүрінде дүниеге келген. Бұл
дәстүрді XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандарының
Ресей әкімшілігімен, Орта Азия хандықтарымен араларын-
да болған хат-хабарларда және өзге де жазба қатыныстарда
пайдаланған.
Қазақтың осындай сан ғасырлық тарам-тарамды тіл тари-
хында Абайдың орны ерекше, яғни жеке өз алдына сөз етерлік
тақырып екендігі оның осы ұлан-асыр тіл тарихы көшінде
жаңа кезеңді бастауына байланысты. Абай қазақтың байырғы
әдеби тілін ұлттық жазба тілге айналдырып, соның іргетасын
қалады, оның даму бағыттары мен принциптерін ұсынды. Бұл
ретте Абай тілін зерттеу ұлттық әдеби тілдің тарихына барып
ұласады.
Бұл тақырып қазақ ғылымында едәуір зерттеліп келеді.
Абайдың қазақ әдеби тілі тарихындағы орны мен қызметі
М. Әуезов, Қ. Жұбанов, Қ, Жұмалиев, Н. Сауранбаев,
I, Кеңесбаев, С. Аманжолов, Ғ. Мұсабаев, А.Ысқақов, Қ. Өмір-
әлиевтердің еңбектерінде жақсы көрсетілді. Сондай-ақ осы
мәселеге біз де арнайы «Абай шығармаларының тілі» атты
монография («Ғылым» баспасы, 1968) ұсындық. Бұл кітапта
Абай тілін көркемдік көрінісі жағынан емес, қазақ әдеби
тілінің жаңа ұлттық жазба тіл кезеңін бастау тұрғысынан және
XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ тілінің статикалық күй-
қалпын көрсететін материал ретінде сөз еттік. Бұл зерттеуіміз-
дің жалғасы ретінде «Абай өлеңдерінің синтаксистік құры-
лысы» атты («Ғылым» баспасы, 1971) екінші монография-
мызды да жарияладық. Бұлардан басқа ХV-ХІХ ғасырлардағы
қазақ әдеби тілі тарихына арналған кітабымызда («Ана тілі»
баспасы, 1993) Абайға жеке тарау беріп, кеңінен сөз еттік,
оның ана тіліміздің тарихындағы орны мен еңбегіне, қосқан
зор үлесіне тоқталдық.
Аталған еңбектерімізде қазақтың ұлттық жазба әдеби тілі-
нің қалыптасуы, оның негізгі арналары, бұл процестегі ескі
16
түркі жазба дәстүрдің, оның ішінде XIX ғасырдың соңғы
ширегінде қазақ топырағында орын алған «кітаби тіл» дегеннің
рөлі сияқты мәселелерді сөз еттік, сонымен қатар мұнда осы
процестердегі Абайдың ұстаған принциптері мен жөн сілтеген
бағыттары, өлеңдері мен прозасының тілі арқылы тікелей
көрсеткен үлгісі, қысқасы, бүгінгі ұлттық жазба тіліміздің
қалыптасып, әрі қарай даму барысындағы Абайдың қызметі
нақты фактілермен талданды.
Бұл аталған авторлардан басқа да көптеген ғалымдар мен
өзге де зерттеушілер тарапынан қазақ әдеби тілін дамыту-
дағы Абайдың қызметі айтылып, мүмкіндігінше әр тұстан
баяндалғанын көрсетуге болады (М. Мырзахметов құрас-
тырған, 1988 жылы шыққан «Абайтану» атты библиография-
лық көрсеткішті қараңыз, бірақ бір өкініштісі – Абайдың
тілі жайындағы еңбектер мұнда түгел қамтылмапты, мы-
салы, жоғарыда аталған, Абайдың тілін жеке монография
түрінде тұңғыш рет сөз еткен біздің екі кітабымыздың екеуі
де көрсетілмеген, сондай-ақ ұлы ақынның тіліне қатысты
жариялаған мақалаларымыз да түгел емес).
Демек, Абай тілін зерттеудің бірінші аспектісі – оның қазақ
әдеби тілінің даму процесіндегі орны мен қызметін көрсету
жақсы қолға алынып, пікірлер тұрақтала түскенін көреміз.
Ұлы ақын поэзиясы тілін танудың екінші қыры – поэтикалық
сөз өрнегі де назардан тыс қалған жоқ, бұл да танымдық және
ғылыми әңгіме арқауына негіз болып келеді. Бұған алдымен
әдебиеттанушылар барды.
Абайдың тіл көркемдігін тұңғыш рет кеңінен және арнайы
монографиялық еңбек жазып зерттеген адам – ірі әдебиеттану-
шы ғалым Қажым Жұмалиев. Ол 1960 жылы жарияланған
«Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясы-
ның тілі» атты кітабында алдымен Абай өлеңдеріндегі өзінің
тура мағынасында қолданылатын сөздерді бөліп қарап, со-
дан соң көнерген, жергілікті сөздер (диалекті сөздер), кірме
сөздер («шет сөз»), Абайдың өзі енгізген жаңа сөздер деп
көрсетіп, талдайды. Олардың Абай өлеңдеріндегі қолданылу
себептерін айқындайды, аз-көптігін айтады, бұлардың ауыз
әдебиеті үлгілеріндегі, өзге ақын-жыраулардағы (ғалымның
17
өз термині бойынша «тарихи әдебиет» өкілдеріндегі), шағатай
әдебиетіндегі көрінісін де қамтып, салыстырады. Жұмыстың
көлемді бөлігі Абай тіліндегі көріктеу құралдары (Қ. Жұма-
лиевтің терминімен «поэтик тілдердің негізгі саласы»): эпи-
тет, теңеу, троптарды (метафора, метонимия, синекдоха, сим-
вол), фигураларды көрсетіп, талдауға арналған. Зерттеуші
бұларды түр-түрге бөліп көрсетеді, тарихи әдебиет пен ауыз
әдебиетіндегі көрінісімен салыстырады. Келесі тарауында
Абай текстеріндегі ирония, сарказм, гипербола, литоталарды
(автор бұл терминдерді осы түрінде қолданған) жоғарғы үлгі-
мен талдайды, олар кездесетін мысалдарды келтіреді, Абайға
дейінгі әдебиеттегі түрлерін береді. Қысқасы, бұл моногра-
фия – Абай тіліндегі көркемдеуіш-бейнелеуіш элементтерді
тауып көрсетіп, талдау арқылы оның поэтикалық тілін зертте-
ген тұңғыш құнды еңбек. Бұл зерттеушінің негізгі мамандығы
әдебиеттанушы болғандықтан, әрине, өзі тауып талдаған
көріктеу құралдардың тілдік механизмін (сырын, амалын,
элементтерін) көрсетпеген. Ол – тіл маманының үлесіне тиетін
жүк болғандықтан, монография авторы бұл міндетті мойны-
на алмаған. Монографияның негізгі бөлігі Абайдың «поэтик
тіліне» арналып, қалған бөліктерінде ақынның аудармалары,
жалпы тіл туралы Абайдың көзқарасы, қазақ әдебиеті мен
әдеби тілінің тарихындағы Абайдың орны деген мәселелерге
де тоқталған.
Абайдың поэтикалық тілі белгілі әдебиеттанушы Зәки Ах-
метовтің еңбектерінде талданады. «О языке казахской поэ-
зии»
3
деген зерттеуінде автор Абайдың поэтикалық тілін
дәстүр мен жаңалық проблемасына жанастыра қарастырады.
Ақын тіліндегі табиғат пен адамды суреттейтін эпитеттер мен
теңеулердің мейлінше анық, дәл екендігін танытады, ол үшін
«Қансонарда», «Жазғытұрым», «Күз» өлеңдерінің көріктеу
құралдарын талдайды. Абай тіліндегі поэтикалық образдардың
символдық мағыналарын ашады. Абай енгізген жас бұлт,
кәрі жартас, тірі сөз, тентек өмір, салқын өмір, қараңғы
өмір, өткен күннің улары сияқты фразеологизмдердің аударма
3
Ахметов 3. О языке казахской поэзии. - Алматы, 1970; Өлең сөздің теориясы. -
Алматы, 1973.
18
өлеңдерінде кездесетіндігін айтады, олардың орысша балама-
ларын көрсетеді. Ал «Өлең сөздің теориясы» деген кітабының
III тарауы «Абайдың тіл ұстарту өнегесі» деп аталып, мұнда
автор Абайдың метафорамен келген образдар арқылы нені си-
паттайтынын дәлелдейді, ұйқасқа алынған сөздердің поэти-
калық жүгін танытады, өткен шақ көсемше тұлғасымен кел-
ген етістіктерді (шығындап, мығымдап
деген сияқты) талдап,
оларды эпитет деп табады. З. Ахметовтің бұл зерттеулерін
Абай поэтикасын әдебиет теориясы тұрғысынан танытатын
құнды еңбектер деп танимыз.
Абайдың поэтикалық тіл өрнегін сөз еткен А. Нұрқатовтың,
М.Базарбаевтың және тағы басқалардың зерттеулерін атау
қажет. Мысалы, М.Базарбаев қазақ поэзиясы тіліндегі дәстүр
мәселесін және дәстүрлі образдарды сөз ету үстінде Абай
шығармаларына да соғады. «Қазақ топырағындағы Абайдың
ұлы жаңашылдық орнын жаңалық пен дәстүрді бір-біріне
қарсы қою арқылы емес, қайта жаңалық сол жақсы дәстүрлер
топырағында туып қалыптасқан деп тану арқылы көрсету ке-
рек», – дейді. Бірақ ол жаңалықтардың тілдік сипаты қандай де-
генге қатысты талдаулар жасамайды. Бұл да дәлелді: зерттеуші
тіл маманы емес, әдебиеттанушы болғандықтан, «жат есікті
қаққысы келмегені» заңды. Дегенмен бұл ғалым: «Абай дай-
ын сөз орайына, бұрыннан белгілі жайтқа телміріп, көп қарай
бермейді»,
4
– дей келіп, кейбір сөз-образдарды ақынның қалай
пайдаланғанына сәтті мысалдар келтіреді.
Айқын Нұрқатов Абай шығармаларының дәстүрлік пен
жаңашылдық сипатын сөз ете отырып, кейбір көркемдік-тілдік
фактілерді ұтымды талдайды
5
. Бұлардан басқа да Абайдың
тілге келгендегі шеберлігі жайында сөз қозғап, пікір айтқан
С. Мұқанов, Е. Ысмайылов, М. Әлімбаев, Ә.Қоңыратбаев,
Т. Нұртазин және тағы басқа әдебиетшілер мен жазушылар
арнайы мақалаларында немесе әдебиеттің өзге мәселелеріне
арналған еңбектерінің жеке бөлімдерінде ұлы ақынның
көріктеу элементтері мен көркемдеу тәсілдерін пайдалану
сәттерін және осы орайдағы ерекшеліктерін қозғайды.
4
Базарбаев М. Өлең – сөздің патшасы... - Алматы, 1978. - 101-б.
5
Нұрқатов А. Абайдың ақындық дәстүрі. - Алматы, 1966
19
Сондай-ақ Қ. Жұбанов, Н. Сауранбаев, С. Аманжолов, І. Ке-
ңесбаев, Қ.Өмірәлиев сияқты тіл мамандары да қазақ көркем
сөзінің көрінеу тұрған ғажап фактілері – Абай тілінің сөз мар-
жандарын байқамай тұра алмады. Бұлар Абай өлеңдеріндегі
көріктеу элементтерін нақты көрсетіп, жүйе-жүйеге бөліп
берулерімен қатар, кей тұстарда олардың тілдік механизмін
танытуға да барады. Бірақ бұл ізденістердің қай-қайсысы да
монографиялық қалыпта жүйелі түрде арнайы жүргізілген
көлемді зерттеулер емес.
Дегенмен осы көрсетілген еңбектер мен пікірлердің бар
екендігіне, құнды екендігіне қарамастан, Абайдың поэтикалық
әлемін сөз еткенде тіл маманы ретінде назар аударатын қырлары
әлі де аз емес. Мысалы, әдебиетшілердің жоғарыда аталған
зерттеулерінде ақын тіліндегі эпитеттерді тауып көрсету бар.
Ал осы эпитеттерді ақын ұсынған образдың эстетикалық өрісі
(зонасы) тұрғысынан қарастырсақ, әр образдың өзіне тән
тілдік-мағыналық заңдылығын іздестіру керек болады. Со-
нымен қатар осы өрістің тұрақты және контекстік түрлерін
айқындау қажеттігі де туады. Немесе ақын тіліндегі көркемдік
белгілерді жалпы тауып көрсету бар да, ол белгілердің кон-
стантты (тұрақты) жиынын таныту тағы бар. Қысқасы,
Абайдың поэтикалық қазынасын көру үшін көз қырын бір
жақтан емес, екі жақтан салу керек, яғни әдебиеттанушымен
қатар тіл маманының көзімен де қарап зерттей түсетін тұстары
баршылық. Бұлайша «екі қарап, бір
шоқудың» құндылығы сон-
да, көркем шығарманың микродүниесі мен макродүниесі тұтас
алынғанда ғана оның мазмұны (идеясы) мен сол мазмұнның
тілдік көрінісі – поэтикалық әлемі ашылады. Бұл – зерттеу ба-
рысында қолданылар ұтымды жолдың бірі болмақ.
Сірә да, лингвистикалық поэтика бойынша зерттеулер тіл
мамандары тарапынан жүргізілетін ізденістер болмаққа керек.
Ал қазақ лингвистері, тегі, идиостиль, идиолект (суреткердің
өзіне тән стилі, қолтаңбасы) деген мәселелерге көп жуы-
май келеді. Қазақ тіл білімі бұларды көп уақыт назардан тыс
қалдырып, оны әдебиеттанудың құзырына беріп келе жатқан
сыңайы бар. Әсіресе Абай поэтикасын танытуда біз, қазақ
лингвистері, кешеуілдеп келеміз. Осы «кінәмызды» аздап бол-
20
са да ақтау үшін ұлы ақын тілінің көркемдік кестесіне оралып,
ұсынып отырған бұл еңбегімізде тың талдаулар жасауға, ма-
териалды өзгеше топтастырып, оған басқаша қырынан қарап,
мүмкіндігінше өз пікірлерімізді айтуға ұмтылдық. Поэтикалық
тілді зерттеудің өз ішінен туындайтын жеке мәселелері
мен метадологиялық қырлары бар. Біз осылардың ішінде
бұрынғы ізденістерді қайталамадық, жалаң мәліметнамеге
(фактографияға) бармауға тырыстық, сондай-ақ талдау
фактілерін молырақ қамтуға, оларды жүйелеуге күш салдық.
Абай мұрасымен толық танысқаннан кейін Ахмет Байтұр-
сынов тұңғыш рет «Абай – қазақтың бас ақыны» деп берген
аз сөзді анықтамасына көп мән сыйғызған болса, бұл баға тек
халқының ұлы перзенті Абайдың азаматтық (демократтық,
ағартушылық, гуманистік) портретіне емес, ақындық, сурет-
керлік биігіне де берілгенін аңғарамыз. Ал ұлы ақындықты,
асқан суреткерлікті танытатын басты белгі – тілі, «тіл ұстартып,
өнер шашқаны». Міне, осыған тіл маманы көзімен қарап, әлі
де Абайға арналып алда жазылар көп монографияның бірін
ұсынып отырмыз.
21
Достарыңызбен бөлісу: |