Құрметті жарысқа қатысушы оқырман!
Асхат Ӛмірбаевтің «Аялдама» әңгімесінің осы
электронды нұсқасын таратуға рұқсат бермеймін. Бұл
шығарма kitapjaris ұйымдастырған кітап сайысында
оқытылды. Ӛзіңіз ғана оқыңыз. Еңбегімді бағалаңыз.
Аманатқа қиянат жасамайсыз деп сенемін.
Дала үскірік аяз. Бет қариды. Апта бойы жапалақтап
жауған қар екпіні басылғанымен, ауа-райы күрт бұзылып,
соңы алай-дүлей боранға ұласқан. Теріскейден соққан желдің
түрі жаман. Жолдың ана бұрышына күртік қарды үйіп-тӛгіп
салады да, кісі омбылатады. Кейбір жері қу тақыр; мұндайда
табанының асты тайғанақтап, ӛкпектен соққан ызғарлы жел
әрі-бері теңселтіп, құлата жаздайды. Шығыстың табиғаты
қатал.
Тарбағатай тауының әсері ме екен, Үржар ӛңірінде қар
қалың жауады. Кей жерлерде тіпті күресінге лақтырылған
қардың кӛптігі сонша, тӛннелдің ішімен келе жатқандайсың.
Әрине, бұл үй маңындағы жағдай. Ал жолдын бойын
зымыстан үрлегендей күртік қар қатпар-қатпар етіп жауып
тастайтынын қайтерсіз. Мұндайда кӛлік қатынасы қиындайды.
Ауылдан аудан орталығына жетіп, азық-түлік алудың ӛзі мұң
болады. Тау етегіндегі ауылдар үлкен қар тазалағыш техника
келгенін күтіп жата ма, 4-5 атты белуарадан келетін қарға
қарай айдап, жол ашып жатқаны. Қысқасы, қыс келсе бейнетті
тірлік басталады.
... Таңертең ауылдан аудан орталығы Үржарға автобуспен
жетіп алмақ болған ана мен бала ерте қамданды. Шамның
жарығымен апыл-ғұпыл шайларын ішіп, кӛліктен қалып
қоймауды ойлап, үйден жолға жаяулатып шықты. Аспанды
бозғылт тұман торлаған. Дала әппақ. Кеше ауылға келген
кӛліктің жолын боран үрлеп, жан жүрмегендей жым-жылас
қалған. Бала Жалғас артына қараса, жаңа басқан іздерін жел
қуып жетіп, ӛшіргіштей ӛшіріп барады. Әйтеуір жолдың үсті
ашық екен. Әкесі Қанай бүгін таң бозынан ауылдың арғы
бетіне мал бағуға кеткен.
Шешесі Жұмагүл үнсіз келе жатыр. Мұның қолынан
ұстап, адымдай түскен. Отыздан жаңа асқан ананың үстінде
қоңыр ескілеу пәлте, басында қоңыр шәлі, аяғында қара пима.
Жалғастың үстіне кигені кӛк куртка, басында сәнді малақай.
Үйден аяғындағы былғары етігінің ішінен қабаттап жүн нәски
киіп шыққан. Әйтеуір, тоңып қалмаудың амалы. Екеуі беттерін
қолғаппен бүркесе де, суық жел бет шыдатпайды. Ал
аялдама... Аялдама ауылдан бір шақырымдай жерде. Бүгін
аудан орталығына баратын ешкім кӛрінбеді; жол үстінде тек
екеуі ілбіп келе жатты. Бастарын ақ қырау шалған қарағайлар
мен қарағаштар ғана қараңдап кӛрінеді. Бір-бірінің қолынан
ұстап, аялдамаға да жетті-ау, әйтеуір. Аялдаманың ішіне кіріп
паналағандай болды. Әйтсе де, қар ұшқыны мұнда да кіріп
кетіпті. Сәндік үшін жасалған саңылаулардан желпініп жел
үреді. Ана мен бала күрк-күрк жӛтеліп келетін сары автобусты
күткелі жарты сағаттан асып кетіпті.
- Мама, автобус бүгін де кешігіп жатыр ғой, - деді
Жалғас суықтан үрпейісіп, екі аяғын алма-кезек ұрғылап.
Қолғабын шешіп, жаурағаннан қызарып кеткен қолдарын
үрледі.
- Кішкене шыда, балам. Қазір келіп қалар... Жарықтық,
мына жолда қардан шыға алмай жатқан шығар, әйтпесе ендігі
келер еді.
Жалғас биыл алтыншы сыныпқа кӛшкен. Оқуда озат,
тәртібі жақсы. Сыныптастарының алдында беделді, оку
секторы. Арманы тезірек оку бітіріп, әкім болу. «Шіркін,
тезірек әкім болсам ғой» деді іштей. «Егер мен әкім болсам,
ауылға жиі жаңа автобус жіберіп, жолдың екі қапталын жел
қар үрлемейтіндей етіп қорған салар едім. Немесе екі жиегіне
кӛп қылып ағаш ектірер едім. Сонда адамдар да, балалар да біз
сияқты тоңбас еді».
Екеуінің кӛзі жолда. Қанша қарайлағанымен бірде-бір
кӛлік кӛрінбеді.
- Мама, үйге қайтайықшы. Мен қатты тоңып кеттім.
Автобус кеше келген жоқ, бүгін де келмейтін шығар.
- Тоңып қалдың ба, құлыным. Келші бері, беті-
қолыңды жылытайын, сосын үйге қайтамыз. Анасы баласының
беті-қолын ысқылағанда әжептеуір жылынып қалған сияқты.
Олар аялдаманың ішінен шығып, үйге қайтпақшы болды.
Кенет ана жүрегі селк етті. Әлденеден секем алғандай бір уыс
жүрегі дүрсілдей жӛнелді. Жалма-жан жан-жағына қараса,
қарағайлардың арасынан бір топ қасқыр анталап келе жатыр
екен. Шамасы, бұлардың ешқайда қаша алмасын сезіп,
асықпай жемтігін аңдып келетін секілді.
- Ойбай, Жалғас! Қасқыр! Тезірек аялдаманың үстіне
шық! Бол! Бол, тезірек!
Ана аялдамаға бірінші ӛзі емес, баласын шығармақ
болды. Қас пен кӛздің арасында Жалғас аялдама саңылауынан
ұстап, жоғары ұмтылды. Жалғыз ұлын жоғары итермелеген
ана бар күшін салды. Осындай қысылтаяң сәттерде адамның
бойында күш-қуат кӛбейіп кете ме, баласының аяғын иығына
қойып, бар күшімен аялдама үстіне мінгізбек болды. Қос
қолымен жоғары итергенде Жалғас қар басқан тӛртбұрышты
плитаның үстіне шықты-ау, әйтеуір. «Енді анамды
қасқырларға тиіскізбей шығарып алу керек» деп ойлады
жүрегі шошынған бала. Қараса, маң даланың аш бӛрілері
жақындап қалыпты.
- Мама, қолыңды бер! Жалғас плитаға жата кетіп, қос
қолын бірдей ұсынды. Қолдарын анасына созғанда үлпілдек
қардың күміс ұшқындары шағылысып, Жұмагүлдің бетіне
шашырады. Ананың тыныс алуы қиындап, аяғы тартылып
қалғандай қозғалар емес.
- Маматай, қолыңды бер! Қасқырлар келе жатыр! Тез
болсаңшы! - Жалғастың кӛзінен ыстық жас ыршып шықты.
Анасы аялдаманың саңылауына екі қолымен тырмыса ұстап,
бір қадам алға ұмтылмақшы болды. Кенет жайбарақат келе
жатқан қасқырлардың біреуі анталай ұмтылып, ананың аяғын
бас салған. Екпінмен келген арлан Жұмагүлдің қара
пимасының дал-далын шығарды. Шошынған ана ойбайға
басты.
- Мама! - Жалғас даланы басына кӛтеріп айғайлап
жіберді. Басы тӛмен салбырап, қос қолын анасына соза түскеп
ол тӛбеден жерге ауып кете жаздады. Қолы анасының
алақанына сәл жетпей қалды.
- Мама, қолыңды соз, кӛмектесемін! Мама...
қолыңды... Жұмагүл ӛзі аялдама үстіне шыға алмасын, әрі
баласының кӛмектесе алмайтынын біліп, саңылаудан мықтап
ұстай берді. Ішінен «Жаным баламнан артық па? Тӛбеге ӛзім
бірінші шықсам, баламды қасқырлар жеп кетпей ме? Жалғас
итеріп кӛмектессе, ӛзім тырбынсам, бірдеме қылып тӛбеге
жетер едім. Бірақ, қасқырлар жақындап қалды. Үлгермес едім.
Жас ӛмірді жауыздарға қия алмаймын. Алса, менің жанымды
алсын!» деді күбірлей. Ӛлім мен ӛмір арасы бір-ақ қадам
екенін сезгенде Жұмагүл еңіреп жылап жіберді. Мына аялдама
соның ӛліарасы секілді. Ойы сан-саққа жүгірді. «Баламның
қолынан ұстасам, жалғызым тӛбеден құлап кетіп, мына аш
бӛрілерге жем болмақ. Ӛзімді-ӛзім құтқара алмасам, шиттей
бала қалай кӛмектеспек? Жоқ, баламнан кӛмек сұрап, оны аш
бӛрілерге азық қыла алмаймын». Ананың қолы еркін жетіп
тұрса да баласының кӛмегін алмады. Осы кезде қасқырлар да
жетіп, екпінмен секіріп, ананың аяғына ұмтыла берді. Әккі
кӛкжал қайралған пышақтай тістерін ақситып, ананың аяғынан
кірш еткізіп тістегенде даланы күңіреткен азалы дауыс шарлап
кетті. Ана қас-қағым сәтте есінен ауысып, аяқ-қолы әлсіреп,
жердегі аппақ қарға шалқасынан құлай кетті.
- Мама! - күңіренген бала дауысы тірі адамның сау-
сүйегін сырқыратардай. Анасының денесін паршалап жатқан
бес-алты қасқыр жаққа қарай алмады. «Кӛмектесіңдер! деп бар
дауысымен айғай салды. Етпетінен қарға жата кетті. Жып-
жылы беті қарға енгенде суықты түк сезбеді. Кӛзінен
сорғалаған ып-ыстық ӛкініш жасы қарды ерітердей. Қар ішінде
ӛксіп, ӛкіре жылады. Анасына кӛмектесе алмағына бір ӛкінсе,
ӛзінің тым кішкентай болғанына екі ӛкінді. Анасынын ӛлі
денесін бӛлшектеп жатқан қасқырларды үркітем деді ме,
Жалғас кӛк бӛріше ұлып сала берді. Ұли берді, ұли берді...
Зарлы дауысы мал жайғауға шыққан ауылдықтарға да жетті.
Аялдама жақтан естілген айғайдан бір жамандықтың болғанын
сезіп, жұрт жағасын ұстады. Жалғастың бақырғаннан дауысы
қарлығып, талықсып кетті.
Арада сүт пісірім уақыт ӛткенде жандарында ерткен
тазылары мен тӛбеттері бар, мылтықтары оқтаулы үш- тӛрт
салт атты осылай қарай шапты. Ауылдастар атқа қамшы салып
аялдамаға жетіп келсе, айнала түгел қан. Ақ қар қызыл қанға
боялған. Қасқырдың иісін сезді ме, ауыл иттері абалай
жӛнелді. Жігіттер қасқырлардың ізін кӛріп, қарға шашыраған
қанды бойлай жоғары ӛрлей бергенде киімі жыртылған, етінің
парша-паршасы шығып сүйегі ғана қалған мүрдені кӛрді. Бет-
әлпетінен ауылдағы Қанайдың әйелі Жұмагүлдің ӛлігі екенін
таныды. Жігіттер терең демін алып, беттерін сипады.
Батылырақ біреуі ӛліктің үстін үнемі аттың артындағы
мӛшектің ішінде жүретін ескілеу материалмен жапты.
Барлығы жиылып бір жотаның үстіне шықса, қасқырлар ізім-
ғайым жоғалыпты. Иттердің үрген дауысынан Жалғас есін
жиып, аялдаманың үстінде тізерлей отырып, «Ма-а-ма!» деп
айғайлап жіберді. Арт жақтан шыққан оқыс дауыстан салт
аттылар кері бұрылды. Біреуі тезірек шауып келіп, аялдама
үстінде үсікке ұрынып, анасынан айрылып еңіреп тұрған
Жалғасты кӛтеріп алды. Үсті-басын тоңмен қымтап,
ертоқымның алдына салып, ауылға қарай шапты.
...Әбден шошынып қалған Жалғас екі айдан астам
уақыттан соң қалыпқа келіп, есін жиды. Жәміш апасы ем-
домын жасап, жанын аман алып қалды. Атасы Балқыбек
қайыстан қамшы ӛріп қойыпты. «Немерем ӛскенде осы
қамшымен қасқырлардың жонынан таспа тіледі» дейді. Әкесі
Қанайдың жүзінде әжім шалып, бүгіліп қалыпты. Кӛктем
шығып, жер аяғы кеңіген соң анасына - ӛлім, ӛзіне - ӛмір
сыйлаған аялдамаға жүрексініп әрең барды. Әрине, жалғыз
барған жоқ, әкесімен бірге. Жалғыз баруға жүрегі дауаламады.
Қыста алай-дүлей болған осы маңай түк болмағандай тынши
қалыпты. Адырлардан кӛк шығып, жылғалардан су ағып,
кӛктемнің самалы еседі. Анасын қасқырлар тартқан жерлерге
қып-қызыл қызғалдақтар гүлдепті. Жалғас аялдамаға кӛз
тастап, ұзақ үңілді. Іштей «Анам-ай, қайран анам-ай! Егер
кӛктем кезінде қасқырларға тап болсаң жеңіл киіммен аялдама
үстіне оңай шығып кетер ме едің. Саған кӛмектесе алмағаным
үшін кӛп ӛкіндім. Ӛз-ӛзіме әлі ӛкпелеп жүрмін. Сен мәңгілікке
бізден алыстап кетсең де, жанымда жүр деп сенем. Бақұл бол,
жан ана! Сенің арқаңда әлемнің жарығын кӛріп келем. Ана,
мен сені сағындым. Ӛзіңді ешқашан ұмытпаймын!» дегені сол
еді, кӛзіне жас үйірілді. Бірақ әкесіне кӛрсетпей жеңінің
ұшымен сүртіп тастады. Қыста кӛкжалдар анасын сүйреп
кеткен жаққа қарайлап, ноқатқа бетін сипады. Кӛк бӛрі секілді
ұлығысы келді.
Достарыңызбен бөлісу: |