Әдеби KZ жиде қойнауынан шыққан көк сауытты, мұздай боп қару-жарақ асынған жүзге
тарта кілең жас жігіттерді көрді. Алдарында үш күреңнің біреуіне мінген батыр
Саян, жанында екінші күреңге мінген өзінің туған қызы Гүлбаһрам-Патшайым...
Хан жолбарыс көргеннен бетер, не істерін білмей сасып қалды. Саянның
қолындағы садақтың жебесіз екенін көріп, өзін құтқарған қас батыр осы екенін
білді. Енді біржолата абыржыды. «Ханды ажалдан алып қалған жас батырға алғыс
айтып басын ию керек пе, әлде өзі өлім жазасына бұйырған, рұқсатсыз қызын
қатын қылған қас жауына жалаңаш қылышын жарқылдата қарсы шабуы керек
пе?»
Хан осылай шешім таба алмай абыржып тұрғанында, қызы Гүлбаһрам садағын
алып, қорамсақтан қозы жаурын жебені әкесіне қарай кезей бастады.
Әбілқайырдың жүрегі дір ете қалды. Өзіне шапқалы жатқан жолбарысқа ең
болмаса бетін қорғай жалаңаш алдаспанын қарсы көтеруге жараса, бұ жолы
өйтуге де күші жетпеді. Бүкіл денесіне қорғасын құйғандай қозғала алмады.
Жанының тәттілігі де, дүниенің қымбаттылығы да, аңға сауыт киіп шықпағаны да
— бәрі осы көзді ашып-жұмғандай мезетте, жүрегін удай ашытып өкіндіре
санасында жарқ етті де, кенет сөне қалды. Шыңғыс тұқымының мейірімсіз келетіні
өзіне мәлім, көзін жұма берді. Бірақ жүрегіне көк құрыш сүйір ұшты жебе
қадалмады. Аздан кейін жанынан өтіп бара жатқан ат дүбірі мен Гүлбаһрамның
даусын естіді.
— Бекер қолымды ұстап қалдың, — деді қызы әкесінің тұсынан өтіп бара
жатып. — Егер, біз қолына түссек, бірден басымызды алар еді.
Оған қоңырқай дауыс жауап берді.
— Өз әкесін өзі өлтірген әйелмен, қанша жақсы көрсем де, бір төсекте жата
алмас едім.
— Онда өзің өлтіруің керек еді.
— әкесін өлтірген адамды қандай әйел шын көңілімен ерім дейді?