Әдеби KZ шағында ол қан-жоса қырғыннан кейін екі аптаның ішінде Үргенішті алған-ды.
Шаһарға көк Орданың көкшіл жібек туын тіккен. Орда-Базардан хан Ордасын
мүлдем көшіруді ол кезде ойлаған жоқ еді. Сол күннен бастап Әбілқайыр тағы
шығыс патшаларының ең күштілерінің біріне айналды. Үргеніштің жазық
даласында алтын айлы, көк күмбезді мешіт салдырды. Стамбул, Пекин, Рум,
Мәскеуден шеберлер алдырып, ақ тастардан, күйдірген қызыл кірпіштерден хан
сарайларын тұрғызған. Әйтсе де жат жерді ұзақ қоныс ете алмаған. Ал қазір
Үргенішті қапелімде қолға түсіріп, мүлдем басып қалуға күші жетпеді. Енді, амал
жоқ, атының басын кейін бұруға тура келді. Бұ жолы Әбілқайырдың көздеген ескі
қонысы — Сығанақ болды...
Әбілқайырдың сырты бүтін, іші түтін еді. Бет келбеті де қара күреңденіп кеткен.
Жәнібек пен Керейдің және оларға ерген рулардың ішіне қан қатқанына, ашу,
араздықтың оңайшылықпен тарқай қоймайтынына анық көзі жеткенімен, олар
өзінен бүйтіп ат құйрығын кесісіп, мүлде бөлініп кетер деп ойламаған. Бөлінген
күнде де адымы кең болмас, қайта оралар деген. Бүйтіп атадан балаға мирас
қалар жаулыққа шыдамас, өйтуге батылдары бармас деп көңілін жұбатқан. Енді
міне... Олар біржолата оралмай келмеске кеткен екен...
Жорық кезінде аздап басылған ыза, Сығанаққа келгеннен кейін қайта өршіді.
Туын тігісімен Әбілқайыр шыдай алмады.
— Бас әскербасы қайда? — деді Әбілқайыр үй тола отырған батыр, сұлтандарға
сүзіле қарап.
Қол қусырып сырттан кірген жасауыл сол еңкейген бетте шегіншектеп шығып
кетті. Сыртта бір құлтекінің аузынан екінші құлтекінің аузына көшкен «әскербасы
Бахтияр сұлтанды алдияр тақсыр шақырып жатыр» деген дауыс бірте-бірте
әлсіреп, әлдеқайда көше қуалай ұзап барып мүлде өшті.
Көп ұзамай-ақ хан сарайына қыран қабақ, нар денелі, апай төс, орта жастан
асқан бас әскербасы Бахтияр сұлтан келіп кірді. Жақсылық хабармен
шақырылмағанын біліп еді, бірақ әміршісінің қанын ішіне тарта, сұрланып алған