Әдеби KZ Қытайдың көп әскері шабуыл жасамақ тәрізді. Үйсін Арқалық батырдың жіберген
шапқыншысының жеткізуі бойынша, шабуылға шықпақ Қытай әскері тым көп
көрінеді. Егер хан тағынан жәрдем келмесе, Қашқар, Қырғыз сыпайлары ұзақ
ұрысқа төтеп бере алмайды депті жиені, Қашқар ханы Сетәлі. Сондай-ақ Қара Ертіс
бойындағы Найман, Керейлерден де арғы жақтарындағы ойраттар қазақ жеріне
аттанбақ болып жатыр деген хабар жеткен. Ойраттар жеңіл жау емес, оның үстіне
қолтығына су бүркіп, оларды құтыртып отырған тағы да сол Қытай богдахандары.
Қытай Қытай болғалы, осыдан мың жарым жыл бұрын өткен Қошан патшалығы
кезінде де Орта Азияға, қала берді осы күнгі Моғолстан жеріне көз тігумен келген.
Бірақ осы күнгі Орта Азия, Ауғанстан, Күншығыс Дәшті Қыпшақ және Иранның
шығыс жағын жайлаған Жүзші, Үйсін, Сақ, Қыпшақ, Басмалы, Ұйғыр тәрізді
көшпелі елдердің бірігуінен, соңынан Үнді, Ауған, Иран халықтарының бас
қосуынан туған ұлы қауым қытайдың ықпалына түспек түгіл, өз ықпалын
жүргізген. Будда діні осы жердегі Қошан патшалығынан Қытай, Жапон, Кореяға
тараған. Бірақ құмырсқадай қаптап өскен Қытай халқы сол кездің өзінде-ақ өз
жеріне сыймай бара жатқан соң, богдахандары көне Қытай қабырғасынан шығып,
әлсін-әлсін жан-жақтағы елге ауыз сала берген. Әсіресе, олардың көздегені Көкше
теңізге дейін осы күнгі Жетісу болған. Жерін қорғаған Үйсін, Дулат, Жалайыр,
Басмалы
1
, Ұйғыр жұрты мен Қытай богдахандары арасында сан түрлі ұрыс, қан
төгіс айқастар өткен Қара Ертіс, Құлжа, Қашқар бойларында Қытай әскері талай
жеңілген... Демек, бұдан олар сабақ алмаған, қарапайым халқының өлімін шыбын
өлімі құрлы көрмейтін Қытай богдахандары кей кезде өз шекарасынан өтіп, Көкше
теңізге дейін жеткен. Бірақ айбынды, Сақ, Қыпшақ атты әскерлері оларды
өздерінің «Қытай қабырғасына» қайта қуып тыққан. Соған қарамай міне, тағы
Моғолстан жеріне шабуыл жасамақ. Әрине Қытай шабуылы үйреншікті ауру. Ол
басынан ұрылып, таяқ жеп, әбден әккі болған жылқы тәрізді, қанша көптігін мес
тұтып, қоқан-лоқы көрсеткенмен де, Жоңғар қақпасынан бері өтуге батылы
1
Б а с м а л ы — кейде Басым елі деп аталады.