Әдеби KZ қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарды. Өзі қарадан туа әсіресе Моғол
әмірлеріне жайсыз тиді. Қарадан наип еткен хан ісіне наразы Моғол әмірлері,
Темірдің қорлығы әбден асқан кезде, бір күні түнде жиналып кеп оның басын
шауып, бүкіл денесін кескілеп өлтірді. Өздері де енді хан қарамағынан шығып
жан-жаққа тарап кетті. Дулат руынан шыққан әмір Мір Кәрімберді Моғолстан мен
Ферғана, Андижан шекарасына бекініс салып, маңындағы Мауреннахр
диқандарын шабуға кірісті. Қоншы руынан шыққан Мір Хақберді бек Ыссықкөл
жағасындағы Қой Сойды деген аралға бекініс тұрғызып, жүздеген қарақшы
жігіттерімен Түркістан мен Сайрамды тонауға аттанды. Моғолдың Шорас пен
Барын руларының әмірлері түбі бір елден шыққандары есіне түсіп, Уайс хан мен
әкесі Исан-Тайшы сан айқасқан ойраттардың қонтайшысы Амансанджи жағына
ауып кетті. Қалушы, Бұлғашы руларының әмірлері Әбілқайыр қарамағына, Дәшті
Қыпшаққа көшті. Ал, моғолдардың ең негізгі көп руы Қоңшының бек, әмірлері еш
жаққа кетпегенмен де Моғолстанның кең даласында бүліншілік ұйымдастырумен
болды. Темір наиптың өлімінен шошып қалған Исан-Бұғының өзі де Алмалықтан
қашты. Бірақ бұны бір кезде Исан-Бұғының әкесі Уайс ханның күшімен Қашқарды
қолына алған Сейтәлі әмір Іле өзенінің жағасындағы Аққұйын деген жерден тауып
алып, Ақсу қаласына әкеп хан етті. Осы бүлінуден бастап Моғолстан бір ханға
бағынудан қалды. Толып жатқан әмірлер, бектер, хакімдер бір тайпы мемлекетті
быт-шыт қып бөліп алды. Тек ел шетіне жау келсе ғана бас қосатын күйге жетті.
Исан-Бұғы Ақсуда әбден орнығып алғаннан кейін, көп қол жинап хаджири
есебі бойынша сегіз жүз елу бесінші, жаңа есеппен бір мың төрт жүз елу бірінші
жылы Ташкент, Яссы, Сайрам шаһарларын шапты. Аямай тонап, қайтадан Ақсуға
қайтты. Алдыңғы жылы екінші рет Исан-Бұғы тағы Мауреннахр жеріне аттанды.
Бірақ бұ жолы жауды өз жерінде күтіп алған әбусейіт жеңістік бермеді. Исан-Бұғы
әскерін бетпе-бет келіп, ұрыста тойтарып, Талас өзенінің бойындағы Тараз-Жаңғы
қаласына дейін қуып салды. Исан-Бұғы дәл осы жолы астанасын қайтадан
Алмалыққа көшірді. Ондағысы Қытай мен Жоңғар қаупінен мединесі алыстау